Шаулиев Матжан

Рейтинг:
Айбарлы азамат

      Ер қадірін назардан тасалаудан,
      Қай ел опа тауыпты?
      Иә ерлікті жасамаудан,
      Бағаламау әлдеқайда қауіпті.

      «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі» дегендей, бабаларымыздың әрбір жүріп өткен жолы біз үшін үлгі, шежіре, тағдыр, тарих. Тамырында намыс пен ардың бүлкілі қағып, тірсегін қиса да тізе бүкпеген, бейбітшілікті, татулықты, біртұтастықты жақтайтын, қолдайтын, ажал ұңғысынан атқылаған әр оқтың астымен, қан майданның ортасынан аман оралған, қайсарлығы мен қайратынан айрылмаған жолбарыс жүректі ер-азаматтарға көрсетілер құрмет қашан да жоғары болмақ. Ел шетіне жау тигенде батырын бассыз, тұлпарын тұяқсыз қайтарған, бүкіл қазақ даласы сыйып кететін кең жүрегі мен шыбын жанын бейбітшілік жолында сарп еткен арда азаматтарымыз әлі күнге ортамызда бар. Тарихта қарашоңғал болып таңбасы қалған бейбіт заманның зұлмат оқиғасы – Ауған соғысы. «Бұл күн – көңілде сызы, жүректе ізі қалған ауыр да азапты жылдар мен өткелдегі мол өткенді естелік қылып және оны көңілге кесте қылып тоқу ғана емес, сол кездегі ана сүті аузынан кеппеген түбіт иек бауырларымызды еске алар күн! Әрине, бәзбіреулер үшін бұл күн қатардағы күннің бірі ғана шығар, ал, біз үшін – тарихи күн! Тағдырлы күн!
      Бұл күн – сол кездегі елге ағылған темір табыттардың тоқтаған күні! Бұл күн – жанары жасқа толы жесірлер мен жетімдердің, қара жамылған аяулы аналарымыздың жалғыз ұлын жоқтаған күні! Бұл күн – бақи болған қаһарман бауырларымызды қатардан іздеген күн! «Интернационализм...» деген саяси науқанның құрбандығына айналып, оған имандай сеніп, бүгінгі күні күл-талқан болған тағдырының өтеуі мен бодауын кімнен сұрарын білмей кемсеңдеумен еріндерін тістелеп, өзегіне өкінішін жасырған күн!
      Бұл күн біздер үшін қайғы болып қатталып, қасірет болып жатталып қалса да, Тәуелсіз 
      Қазақстанның әрбір күні бейбіт өмірдің бесігінде тербеліп, әрбір үйдің түтінінің түзу шыққанын тілейтін біздер үшін, санамызда қанмен және термен жазылған күн болып қала бермек. Себебі, бұл күн, 15 ақпан – Ауған соғысының аяқталған күні», - деп Ауған соғысының ардагері 
      Бақытбек Смағұл айтпақшы, мәміле үшін майданда қан төккен азаматтарымыз баршылық. Осындай Қазақ елінің қасиетін өз бойына дарыта алған, туған ұлтын шексіз сүйіп, терең қадір тұтқан халқымыздың қаһармандарымыздың бірі, Ақтау қаласы «Боевое братство» Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы – Шаулиев Матжан Рамазанұлы.
      Қабырғасына қарудың дүмі батса да, намысын қолдан бермеген Матжан Рамазанұлы 1960 жылдың 13 мамырында ТССР (Түркменстан) Красноводск қаласында дүниеге келді. 1964 жылы Маңғыстау облысына қоныс аударды. 1966 жылы Жетібай поселкесінің № 12 мектебінде сауат ашып, 8 жылдык мектепті 1974 жылы бітіріп, Таушық поселкесінде Матжан СПТУ-82 училищесіне түсіп, 3 - разрядты автослесарь, 3- класты тракторист, 3-класты жүргізуші мамандығын 1976 жылы иеленіп, Жетібай АТП-3- те 3-разрядты автослесарь мамандығымен еңбек жолын бастады.
      Бала кезден еңбексүйгіш, ата-ананың айтқанын екі айтқызбай орындайтын тілалғыш болып өскен Матжан арнаулы білім алып, механика - инженер саласында еңбек еткен жылдары өз ұжымының ортасында қолынан іс келетін, бастағанын аяқсыз қалдырмайтын, жауапкершілігі мол, қиын да күрделі іс болса да қорықпай бастап, табандылық таныта отырып аяғына дейін жеткізетін таңдаулы азаматтардың бірі болып өсті. Ер жігіт үшін Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу – басты парыз. Адалдық пен әділеттілік, намыс пен ар әке тәлімімен, кішіпейілділік пен кісілік, имандылық пен әдептілік ана сүтімен бойына енген, білек тамыры білеуленіп, жалындап тұрған Матжан үшін шақырту келген әскерден басын бұғып қалу – өліммен тең еді. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген ұранмен тәлім алған Матжан 1979 жылдың 15 сәуірінде КСРО Әскери күштерінің құрамына Венгриядағы Оңтүстік жасақ тобының құрамына шақырылып, Кешкинмаеш қаласында 5 - ші 2 «Қызыл тулы» Гвардиялық мотоатқыштар полкінде Танкіге қарсы взводында азаматтық борышын өтей бастады. Әскери-жаттығулармен тактикалық-жаттығулар противогазбен толық қаруланып жүгіру күніге 7 км «марш бросок» циганской поледе жүгіртететін. Осылайша дайындықпен жүргенде 1979 жылдың 25 желтоқсанында «Ауғанстанға кеңес әскерін кіргізіп бастады» деген суық хабар жетіп, біздің полкты Ауғанстанға жіберуі мүмкін «дайын болыңдар», ешқандай хат-хабар жауға болмайды деп команда берілді. Сонымен хабар расталып, 1980 жылдың 13 қаңтарында 3 күнде ұшақпен тасқа салса да қайтпайтын алдаспандай шыңдалып, білегіне қайрат, жүрегіне батылдық жинаған 2 200 офицерлер мен жауынгерді Венгрия әскерінің оңтүстік тобынан Дебрецен халықаралық аэродромынан ұшып шығып, Тәжікстанның астанасы Душанбе қаласына әкеліп тастады. Өлім қаупі төніп тұрған қаһарлы таудың етегіндегі қаладан поезбен Өзбекстанның Тирмиз қаласынан 40 шақырым жердегі әскери-полегоннан жаңа соғыс техникаларын қабылдады. Осылардың ең ішіндегі ерекшелеп айтып өтетіні БТР - 70 бронотранспортердің бірінші болып осы таулы аймақта жауынгерлік қолданысқа енгізілуі еді. БТР-70 ұрыс машинасы – танкілердің артынан, траншеялардан және су кедергілерінен өтуге қабілетті, суда жүзбелі, дөңгелек сауытты, сегіз доңғалақты көлік құралы. Тирмизиден жаңа әскери техникаларды қабылдап алып, БТР-70 пен поддоный мост құрылғысынан көпір жасап, осы жасанды көпір арқылы Амударияны кешіп өтті. Сол күннен бастап Ауғанстандағы таудағы барлау десант взводының құрамына ауыстырылып, Газни провинциясындағы 191-ші мотоатқыштар полкінде интернационалды борышын өтеуді бастады. Меңіреу құз, мұзды шың, тұман сейіле көз салсаң айнала шық алаңдары бар, сұрлы да сұсты болып көрінетін өлкеде әскери борышын өтеген Матжан өзінің шымырлығы, ширақтығы мен қиын сәтте тез әрі дұрыс шешім қабылдай білетін қабілетінің арқасында 2 - мотоатқыштар батальонінің алғашқы жасақталған таулы-десантты взводының АГС-17 бөлімшесінің командирі болып тағайындалды.
      Полк әскери операцияларды жүргізу үшін батальонның және полктің барлаушы взводымен бірге «Ұлттық қауіпсіздік комитетінен» (Бұл ҰҚК батальонның құрамында 7 тілді меңгерген қазақ офицерлеріде болды. Солардың ішінде Ақтау қаласынан жерлесіміз майор Биарстанов 
      Марат ағамызда болды) бөлінген бір батальонмен тығыз байланыс жасап, от пен оқтың астында жүріп, Пакистаннан қару тасыған «каравандарды» жою және де дұшпандардың полевой командирі генерал-майор Сайд Джағыран мен соғыс жұмыстары жүргізілді. (Сайд Джағыран осы төңкеріліске дейін Мәскеуде Фрунзе атындағы әскери академиясын бітірген және орыс әскери тактикасын меңгерген ). Қалам ұшына түскенде оңай болғанымен, бұл – үмітпен аттанып, шығынмен оралатын қауіпті тапсырмалар болатын. Тапсырмаларда талай қыршын қиылып жатқанда, АГС -17 бөлімшесі қолға түскен дұшпандарға ауыр қару - жарақтарды арқалата отырып, өткел бермес асулардан асып, тәкаппарланған таулардан өтіп, жауынгерлік тапсырманы орындаумен қатар, шығынсыз оралып жүрді. Бұл да бөлімше командирінің батылдығы, жүрер жол, щабуыл жасар қалтарыс, тосқауылдарды таңдап, ұрымтал тұстан ұра білер біліктілігі мен ойлау қабілетінің ұшқырлығы еді. 
      Тасына дейін тапжылмай, төңкеріс жатқан суық таулы аймақта қызмет өтеген бөлімше командирі Матжан Рамазанұлы ДРА (Демократическая Республика Афганистан) территориясындағы тапсырманы орындау барысында жауапты автоколонналарды да алып жүріп, Хост, Якуб, Ургун, Пешевар, Вардак, Панчердегі дұшмандар мен бандалардың көзін жою әскери операцияларына қатысты. 1980 жылдың 27 шілдесі күні Ауғанстандағы интернационалды борышын өтеп жүрген кезде «Қызыл жұлдыз» орденіне және 1980 жылдың 24 қарашасында «Ерлігі үшін» медаліне ұсынылды. Бірақ, взвод командирі Иван Калинскийдің 1980 жылдың 8 тамызында қаза табуына байланысты наградамен айналысатын адам болмай, наградаға ұсынылған барлық жауынгерге награда келмеді. Қанды қырғын соғыста осы взводтан: командир-взвод және алты сарбаз қаза тапты. Олардың ішінде үшеуі қазақ жігіттері еді. Олар: Айсауытов Нұрлан, Үкібаев Жүніс, Берішбаев Қалмұрза. 1981 жылы 18 мамыр күні Ауғанстаннан демобилизацияланды.
      Елге келген соң, Матжан Рамазанұлы 1981-1983 жылдары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ құрамындағы БУТТ мекемесінде жүк тасымалдау КАМАЗ 5511 автокөлік жүргізушісі болып, 1984-1999 жылдар аралығында «Миннефтегазстрой» мекемесінде еңбек етті. Қолына қару ұстаған қайратты да қайсар сарбазын запаста ұстайтын қорғаныс миниситрлігінің ішкі есебі болатыны бар емес пе? Осындай жұмылдыру жұмыстарына қатысқан ол 1989 жылдың қаңтарында Армениядағы жер сілкінісін ликвидациялау операцияларында құтқару және апатты-қалыпқа келтіру отрядтарының құрамында Қазақстан атынан интернационалдық көмек көрсетті.
      Ел іші – бейбітішіліктің, татулықтың, бостандықтың ортасы. Отан алдындағы әскери борышын адал атқарып, одан кейін де жұмылдыру жұмыстарына белсене қатысқан Матжан Рамазанұлы 1986-1992 жылы Алматыдағы В.И.Ленин атындағы Қаз ПТИ, «Мұнай және газ өндірісіндегі машиналар және құрылғылар» факультетін тәмамдап, инженер-механик мамандығын игеріп шығып, 1999 және 2009 жылдар аралығында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ құрамындағы «Oil Service Company» компаниясында инженер-технолог мамандығы бойынша еңбек етті.
      Ардың жүгін арқалап, азаматтық ұстанымынан айрылмай, қара нардың да белін қайыстырар аманатты, жауапкершілікті мойнына артып келе жатқан Матжан Рамазанұлы 2003 жылдан бері Маңғыстау облысындағы Ақтау қалалық «Боевое братство» Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы қызметін атқарып келеді. Бұл бірлестік деструктивті діни ағымдарды жою күресте белсенді позицияны ұстанады және экстремизм мен терроризмге қарсы күрес бойынша ақпараттық-насихаттық жұмыстарын жүргізеді. Маңғыстау облысындағы колледждер мен мектептердегі жастарды деструктивті теріс діни ағымдардан қорғау жұмысымен және әскери-патриоттық тәрбиелеу мақсатында қоғамдық жұмыстарды белсенді атқарып, Қазақстан Республикасын, Отанын және оның көпұлтты халқының патриоты болуға тәрбиелейді. Заманның бас ауруына айналып, Тәуелсіздігіміз бен бейбітшілігімізге сына болып қағылған астыртын ұйымдармен күресіп, өзге ағымның жетегінде кеткендерді түзу жолға түсіру бағытында жұмыс жасап келе жатқан Матжан Рамазанұлы төрағалық ететін бірлестік дәстүрлі емес діни ағымдардағы тұлғалар мен теологтардың жеке кездесуін ұйымдастыру арқылы облыс бойынша 30 адамды теріс діни бағыттан оңалтты.      Сонымен қатар, қарулас достарын бір сәт есінен шығармаған Матжан Рамазанұлы олардың есімін ардақтап, ерліктерін ұлықтау мақсатында жұмыстар жүргізіп отыруды ешқашан екінші орынға ығыстырған емес. Ауған соғысында қаза болған маңғыстаулық жауынгерлерге ескерткіш орнату мәселесі жөнінде 2004 жылы мемлекеттік хатшы Ермұханбет Ертісбаевтың кездесуінде болып, қолдау тауып, М.Шаулиевтің авторлығымен 2005 жылы Ақтау қаласында, 2010 жылы Түпқараған ауданы Баутино ауылында Ауған соғысында көз алдымызда «қарулас досы бөлімше командирін А.Фадеевті қорғап қалу үшін кеудесін оққа тосқан Беришбаев Қалмұрзаға» арнап ескерткіш орнатылды. Сонымен қатар, емеурінінен ездік емес, ерлік, атақ емес абырой сезіліп тұратын, қаруластары туралы «Ауғанстан – 191 жеке мотоатқыштар полкы туралы» (1980-1981ж.ж.) 2016 жылы түсірілген документальды фильмнің авторы болып табылады. 
      Тұтығып қалған темір тұлпарды, техниканы қолы тисе тірілтіп, жандандырып жіберетін, «Инженер - механик машины и оборудование нефтьяных и газовые промышленность – бакалавр» ғылыми атағы бар Матжан Рамазанұлы 18 жылдан бері «Боевое братство» Ақтау қаласының Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып келеді. Бірлестікте қызмет ету барысында өзін мақсатқа жете білетін, инициатива таныта алатын маман ретінде көрсете білді. Жеке және кәсіби қабілетінің арқасында жұмысты өте жақсы ұйымдастырып, маңызды мақсаттарды анықтап және көзделген мақсаттарға жете біледі. Үнемі өзін жетілдіріп, саяси-моральді, интеллектуалды деңгейін көтеруде көп жұмыс атқарды. Соғыста қаза болған жауынгерлердің отбасы мен жауынгер-интернационалистер, мүгедек жандардың әлеуметтік-тұрмыстық, материалдық жағдайларын жақсартуға арналған қайырымдылық және жұмысқа орналастыру шараларын жиі ұйымдастырды.      Ерлік пен татулықтың, адамдық пен тәрбиенің үлгісі бола білген азамат Матжан Рамазанұлы қоғамдық және мемлекеттік наградалармен марапатталған. 
       ✦ 1983 жылы «Благодарность от Афганского народа» Алғысы;
       ✦ 1985 жылы «Войн-интерноциалист»;
       ✦ 1987 жылы «Кеңес әскерінің құрылғанына 70 жыл»;
       ✦ 2007 жылы Қайырмдылығы үшін «Сауап» медалі;
       ✦ 2008 жылы «10 жыл Астана» медалі;
       ✦ 2010 жылы Бауыржан Момышұлының «Құрмет белгісі»;    
       ✦ 2011 жылы ҚР «Әуе қорғаныс күштерінің №51508 әскери бөлімі командирі бұйрығымен «60 жылдық» медалі;
       ✦ 2012 жылы «ҚР Қарулы күштеріне 20 жыл» мерекелік медалі;
       ✦ 2013 жылы «Ақтау қаласына 50 жыл» мерекелік медалі;
       ✦ 2014 жылы Сабыр Рақымовтың «Батыр даңқы мәңгілік» ордені;
       ✦ 2015 жылы «Маңғыстау облысына 50 жыл» мерекелік медалі;
       ✦ 2016 жылы ҚР Президентінің Жарлығы бойынша «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалі;
       ✦ Азаматтық қоғамды дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстанның Азаматтық альянсының «Алғыс Грамотасы»;
       ✦ Ер есімін – ел есінде мәңгі сақтауға қосқан үлесі үшін Қазақтың 28 батырының бірі «Мусабек Сенгірбаевтың» медалі;
       ✦ 2017 жылы Бауыржан Момышұлының «Намыс» төсбелгісі;
       ✦ 2017 жылы ҚР Қорғаныс Министрлігінің РМҚК Әскери-техникалық мектебінің «За достигнутые успехи» медалі;
       ✦ «Мұнайлы ауданына10 жыл» төсбелгісі;
       ✦ Маңғыстау облысы әкімі А.Айдарбаевтың «Құрмет Грамотасы»;
       ✦ «Маңғыстау аулына 50 жыл» төсбелгісі;
       ✦ 2018 жылы «ҚР ҰҚК шекара қызметі жағалау күзеті өңірлік басқармасына 10 жыл» мерекелік медалі;
       ✦ «Шекара әскерлеріне 10 жыл» мерекелік медалі;
       ✦ «Ақтау қаласына 55 жыл» естелік медалі;
       ✦ 2020 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденінің иегері;
       ✦ 2021 жылы ҚР қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтын «Құрмет Грамотасы»;Маңғыстау облысы әкімі Е.Тоғжановтың Бұйрығымен Маңғыстау облысындағы белсенді және беделді үкіметтік емес ұйымы ретінде «Көшбасшы ҮЕҰ - 2018» атағына ие болған Матжан Рамазанұлы төрағалық ететін «Боевое братство» қоғамдық бірлестігі – еліміздің батыс өңіріндегі алдыңғы қатарлы, айтулы бірлестіктердің бірі.
       Туады ерлер ел үшін,
       Өлмейді ісі мәңгілік.
       Өшпейді абзал есімдер,
       Ұрпаққа жетіп мәңгілік
, – деп ақ жалын ақын Жұбан Молдағалиев жырлағандай, ерім дейтін елі бар ерлердің ісі бітер ме?! Жер үшін аттан түспеген аталарымыздың қайраты мен намысын, айбары мен абыройын бойына сіңіріп, ел мүддесін көздеген, бейбітшілік пен татулықтың ту ұстаушы азаматы бола білген Матжан Рамазанұлы – еліміздің тек батыс өңіріне ғана емес, мәңгілік ел болуға ұмтылған дүйім қазақ елінің болашағына бей-жай қарай алмайтын қазақ баласы, ұлт ұрпағы. Алқымына алдаспан тақалып тұрған кезде де жәдігерлігі мен жігіттігінен айрылмаған азаматтың өмірі – кейінгі ұрпаққа үлгі, қолына алған келелі істері – бүгінгі қоғам үшін атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстар. Оның нақты айғағы – (аудан) Баутин ауылының тұрғыны, қарулас досы, Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан Берішбаев Қалмұрзаға орнатқан ескерткіші. Сонымен қатар, Ауған даласында ерлікпен қаза тапқан және қан майданнан елге аман - есен оралған жауынгерлерге арнап Ауған соғысының аяқталғанына 30 жыл толуына орай 2019 жылы «Ауғанда жүрдік» өлеңін жазды. Бұл өлеңге Болат Дүйсенов ән жазды.        
       «Ауғанда жүрдік» 
       Тайсалмай шыдап, көтеріп жүріп қаруды,
       Сезесің барын тасада бұққан жауыңды.
       Жүректе арман, алдырмай өту асудан,
       Дұшпанға төтеп, араны арсыз ашылған.

       Ауғанстан, Ауғанстан,
       Өмір мен өлім алысқан!
       Ауғанстан, Ауғанстан,
       Ала алмас бізді жау – дұшпан.

       Құздарда биік жартасты жолда, тауларда,
       Қасқайып қарсы тасада тосқан жауларға.
       Жарқылдап жанып, дұшпанға төніп жететін,
       Сенімге берік айнымас достар Ауғанда.

       Есімде әлі соғыстың соңғы көктемі,
       Сұрапыл жылдар қиындықпен өткені.
       Әуеден төнген ажалға жанып қанатын,
       Есімде менің құлаған ұшақ көктегі.

       Түнеріп батып қатулы Ауған кешінде,
       Алыста қалған тұманды таулар төсінде.
       Аянбай сонда алысқан дұшман жаулармен,
       Қарулас достар мәңгілік менің есімде.

       Батыры ұстаған қамшысын алпыс атанға айырбастамаған ұлы ұлттың ұрпағы болып ел үшін еңбек етіп келе жатқан Матжан Рамазанұлының есімі тарих беттерінде өшпестей болып жазылып қалатыны анық. Айбарынан арыстан қамығып, жігері құмды тасқа айналдырып жіберетін, осындай ел ағалары, айбынды азаматтар көп болғай! 
       Сөз соңын Қазақстанның Халық Қаһарманы, жазушы Қасым Қайсеновтің сөзімен қорытындылағанды жөн көрдік: «Сендерді біреулер «оккупант» деп келтіреді, мен оған қарсымын. Саясат солай болды. Жақсы болсын, қате болсын, Совет үкіметі не істесе, ол біздің өткен тарихымыз. «Өткенге күл шашсаң, болашақ сені таспен атады»,- деген сөз бар. Ауған соғысы не, Ұлы Отан не бәрі бір соғыс. Сендер де солай соғыстыңдар. Ұлы Отан соғысына қатысқандармен бірге статус берілуі тиіс».



Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

31 марта 2024 13:36
Sholpan Kuanish
Вся эта история очень прекрасна. Гаухар Сартаевна очень сильная женщина, хорошая начальница и прекрасная мать. ...
31 марта 2024 13:24
Асема
Гаухар Сартаевна мен Алла тагалама сансыз ризамын сиздей жанмен тынысып омир атты жолымда сиздей керемет жанның...
29 марта 2024 23:39
Гульжан
Нурлыбек Торебекович - врач от бога! Вылечил зуб, который в Астане вырвать хотели! 25 лет только у него лечусь! Мой...