Айжарикова Айгуль

Рейтинг:
Білікті заңгер биігі

      Адам өткенге қарап өседі, бүгінгіге қарап бой түзейді, болашақты болжап күн кешеді. Алдыңғы алғыр толқын сиреп бара жатқан тұста осындай көшбасшыларымызды, елеулі тұлғаларды естен шығармай қастерлеп отыру – міндетіміз. Олар қашанда өзінің қарапайымдылығымен, сыпайылығымен, кішіпейілділігімен ерекшеленіп тұрады... Әңгімеміздің арқауына айналған кейіпкеріміз – жүрегі жомарт, жаны жайсаң, нәзік жанды әйел болса да, азаматтық өресі биік, жан - тәнімен беріле істейтін адал қызметінің арқасында көптеген адамдардың алғысын арқалаған, талай-талай жүректерде сәулелі сезім қалдырған абзал жандардың бірі, халқына бүкіл жаратылысымен аянбай еңбек етіп, ақыл-ой парасатымен, асқаралы қасиетімен танылған Айжарикова Айгуль Омурбековна. Ару анамыздың тұлғасы уақыт өткен сайын биіктей беретіні сөзсіз.
       Өткен жылдардың естеліктеріне көз жүгіртсек, тағлымы мол тарихтың куәсі боламыз. Өйткені, тұлға бойындағы қайталанбас ерекше талант алдымен әке мен ана қаны арқылы кейіпкерімізге берілген. 
       1973 жылы көршілес, туыстас мемлекет Ташкент қаласында дүниеге есігін ашқан тұңғыш сәбидің балалық шағының жарқын сәттері әкесі мен анасының қасында өтті. Асқар таудай әкесі Сагымбаев Омурбек ағамыз бұл кезеңде политехникалық институтта білімін жетілдіріп жатқан студент болатын. Ал, анасы Избасарова 
       Алтынай – Халық шаруашылығы институтының студенті екен. Қырғыз бен қазақтың шынайы махаббатының куәсі іспеттес Айгуль әке мен ананың жанұя шаттығын шалқытуға негіз болды.
       Жоғары оқу орнын бітірген жас жұбайлар жолдамамен сол кездегі Түркмен Кеңестік Социалистік Республикасының Красноводск ауданына қарасты Бекдаш поселкесіндегі «Карабогазсульфат» өндірістік бірлестігінде жұмысқа орналасады. 
       Әкенің бойындағы даналық пен ананың бойындағы тазалықтан тәлім-тәрбие ала білген зейінді қыз, кішкентайынан зерек, алғыр болып өсіп, мектеп табалдырығын ерте аттайды. Ең алғаш Бекдаш поселкесіндегі қазыналы білім ордасының бірі В.Рылов атындағы орта мектебіне 1-сыныпқа қабылданып, партаға отырған күннен мойнына артылған шәкірт жауапкершілігін сезініп, өзіне берілген әрбір тапсырманы тиянақты орындауға тырысады. 
       Сонымен қатар, Айгуль мектеп қабырғасындағы мәдени, қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, түрлі жүлделі орындарға қол жеткізді. Оқып жүріп, аталмыш елді мекендегі музыкалық мектепте «фортепиано» класы бойынша музыкалық білімін жетілдірді. 1989 жылы музыка мектебін үздік бағамен тәмамдап, өнер шыңының бір белесін бағындырды. Білімге, білуге ынтасы тым жоғары шәкірт бейне қанатты құстай зуылдай өте шыққан балалық шақтың әрбір минутын игілікті іске жұмсап, таудай білімді санасына сыйдыра білді. 1990 жылы түлек атанып, аталмыш білім ордасын ойдағыдай аяқтайды.
       Жаңа өмір белесіне жорытқан жас қыздың арманы асқақ еді. Ол 1990 жылы Талдықорған қаласындағы заң техникумына оқуға қабылданып, мұнда «құқықтық және әлеуметтік қамсыздандыру» мамандығы бойынша өз білімін жетілдіріп, 1993 жылы техникумды абыроймен аяқтап, ауылдағы ата-анасына олжалы оралды. Қарапайым, ізденімпаз қыздың еңбек жолы осынау ауылдағы «Карабогазсульфат» өндірістік бірлестігінен басталды. Атағы дардай кәсіпорынға заңгер болып жұмысқа қабылданған маман, ешкімді жатсынбай кез - келген іске білек сыбана кірісті. Оның біліктілігі және ұйымдастырушылық қабілеті ескеріліп, көп ұзамай-ақ заң бөлімі бастығының орынбасары қызметіне лайық деп танылды. Жас маман болса да, Айгульдің әрбір ісі өзгелерге үлгі еді. Тіпті, ұжымдастары да оған қызыға қарайтын. Қашан да, оқ бойы озып, өз ұстанымынан әсте танбады. Өзіне тән қайтпас қайсарлығы мен батылдығының арқасында одан әрі лауазымы жоғарылап, аталмыш мекеменің бас директорының құқық мәселелері жөніндегі көмекшісі қызметіне тағайындалады. Лауазымды мандаттың жүгін көтере жүріп, бұл қызметті де абыроймен атқарды.
       Әрине, еңбексүйгіштік, еңбек ету – адам баласына тән қасиет. Бірақ, адамзаттың басты міндеті – отбасын құрып, үлгілі ұрпақ тәрбиелеп, артында із қалдыру. Оның үстіне уақыт та бір орында тұрмайды. Ертеңгі күні маңдайыңа не жазылғанын бағамдай да алмайсың. Бағы жанған кейіпкеріміз Айгульдің өмірінде де түрлі өзгерістер орын алды. Ол еңбек ете жүріп, отбасылы болды. Және сол отбасылық жағдайына байланысты 2003 жылы Маңғаз дала Маңғыстау өлкесінің төсінде орналасқан әсем қала Ақтау қаласына қоныс аударады. 
       Қазақстан Айгульдің жаңа қызметтік карьера бастауына үлкен септігін тигізді. Айталық, кейіпкеріміз елге келгеннен кейін Ақтау қаласындағы №6 орта мектепке «мемлекет және құқық негіздері» пәні бойынша мұғалім болып жұмысқа орналасады. Білімді шәкірт тәрбиелеп, білікті ұстазға айналады. Шәкірттері түрлі білім олимпиадаларынан жүлделі орындар алып, көп көзіне түсіп, ұлағатты ұстазымыздың мерейін асқақтатып, абыройын одан әрі арттыра түседі. «Өмірде адам баласы жар таңдаудан және мамандық таңдаудан қателеспеу керек», - деген аталы сөз, мағыналы ұғым бар. Егер осы тағлымның астарына үңіліп қарасақ, көп дүниенің мәнін ұғына түсінеміз. Өйткені, әрбір жанның көкейінде өзінің сүйікті мамандығына ұдайы құлшынысы артып тұрады. Сол секілді Айгуль де көп ұзамай өзінің заңгер мамандығына қайта оралды. 2006 жылы Маңғыстау облыстық әділет департаментіне қызметке қабылданып, 2007 жылы Ақтау қаласында жаңадан ашылған халыққа қызмет көрсету орталығына нұсқаушылыққа ауыстырылады. Араға бір жыл салып аға-нұсқау-шы қызметін ауысады. Ал, 2009 жылы Ақтау қалалық әділет басқармасына заңгер-маман қызметіне тағайындалады. 
Бойынан әрқашан азаматтықтың, әдеміліктің, ұлтжандылықтың жарқын нышаны көрінетін жаны жомарт кейіпкеріміз адамды лауазымына, ұлтына, руына бөліп алаламайтын, кімнің болса да жақсылығының жанында жүріп, қайғысына ортақтасуға тырысып бағатын. Оның үстіне қызметте көптеген қоғамдық ұйымдарға, жиындар мен кездесулерге жиі қатысып, өз ойын ортаға салатын. Мұндай жиындар оған тәжірибе жинақтауға үлкен септігін тигізді. Уақыт өте келе өз мамандығының кәсіби білгірі болған заңгер ару мемлекеттік мекеменің қара дүрсін, бірсыдырғы, бірқалыпты, іш пыстырарлық жұмысына қарағанда, нақты заңгерлік жұмыспен күнделікті айналысып, халыққа тікелей заңгерлік қызмет көрсетуді мақсат тұтады. 
       «Арманың адастырмас, мақсатың айқын болса», - деген ұстанымды жанына желеу еткен Айгуль ақыры бір шешімге келіп, өз жоспарын іске асыруға бел буады. Сөйтіп, 2010 жылы Ақтау қаласындағы көпке танымал, беделді заң мекемелерінің бірі саналатын «LAWYER» фирмасына заңгер маманы қызметіне тағайындалады. Фирманың жұмысына қызу кіріскен заңгер жұмыс барысындағы заңдылықтарға өзгерістер енгізіп, өзінің білікті маман екендігін тағы бір мәрте дәлелдейді. Таразының екі басын тең ұстаған кәсіпорында бақандай 4 жыл адал қызмет атқарып, толағай табыстарға бастар жоспарларды іске асырды. Мұнда да, көптің алғысын алып, сыйына бөленеді. Заңды түсіне білу және оны күнделікті өмірде қолдану қағидаттарын ол осында жүріп үйренді және талай тәжірибелі заңгерлердің тәлім-тәрбиесін алды.
       Тағы бір айта кететін жайт, ізденуден еш жалықпаған, білімін дәйім ұштастырып отыруға бейімделген Айгуль 2012 жылы Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің «Құқық және экономика» факультетін бітіріп, бакалавр санатты заңгер мамандығына ие болды. 2014 жылы жеке кәсіпті қолға алып, кәсіпкер - заңгер ретінде жаңа жұмысын бастайды. Бұл кәсіп еңбексүйгіш кейіпкерімізге қиынға соқпады. Жылдар өте ол өз ісін дөңгелетіп алып кете алды. Қандай биікке шықса да: «Болдым, толдым...» деп тасымады, керісінше, қала тұрғындарына көмектесуді адамдық борышына санады. Ал, 2019 жылы белгіленген тәртіппен сынақ тапсырып, адвокат лицензиясына ие болды. Жалпы, кез - келген кәсіп иесінің немесе көшбасшы адамдардың өзгелерден озық, өмірлік ұстанымы болады. Берік ұстанымның негізгі қағидаттарын жүзеге асырған жандар өзге жандардың санасына білім арқылы сәуле себеді. Ойы ұтымды көшбасшылар әр салада кездеседі. Заңгерлік сала бойынша үздік жұлдыз деп Айгуль Омурбековнаны айтуымызға болады. Батыл аруымыздың әр қадамы салмақты, өзіндік зілі бар тегеурінді. Өмірдегі ұстанатын негізгі қағидаттары – біреудің ала жібін аттамау, өз ісіне адал болу, ешкімнен де қолдан келген көмекті аямау. Осы қағидаттарды өзінің темірқазығы деп білетін ол – халық арасында әділ, қарапайым, білікті заңгер ретінде ерекше бағаланады. 
       Сан түрлі жағдайда таразының екі басын тең ұстап, ондаған, жүздеген адамдардың тағдырына араша түсіп жүріп байқағаны қолданыстағы кейбір заң талаптары әрдайым жеке тұлғаның құқықтарын толықтай қорғай бермегендігі. Бұл ретте ол талай рет әріптес-терімен бірлесе отырып, өз ұсыныстарын тиісті уәкілеттік органдарға жеткізіп те келеді. 
       Жаны жомарт анамыз қайырымдылық шараларына да белсене араласады. Маңғыстау облысының әкімдігі, қалалық сот және облыстық заңгерлер палатасының бірлескен меморандумының аясында әкімдіктің қоғамдық қабылдау бөліміне келген мүжәлсіз адамдарға тегін заңгерлік көмек көрсетіп келеді.
       Ол – өнерден де құралақан емес. Қолы қалт еткенде қаладағы фитнес және спорттық билер студиясына жиірек баруға тырысады. Негізінен, шығыс билерімен әуестенеді. Ақтау, Астана қалаларында өткізілген жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы. 2020 жылы Алматы қаласында шығыс билері бойынша өткізілген халықаралық чемпионатта бірінші және екінші орынды жеңіп алды. 
       Тірлік әр адамға тағдырдың ащысы мен тұщысын, суығы мен ыстығын тарттырып, оны өмірге шыңдайды. Қуаныш болған жерде кейде қайғы да қатар жүреді. Айгульдің жанына батқан ең ауыр қаза жолдасы Айжариков Жомарт ағамыздың кенеттен келген қазасы еді. 2016 жылы қаралы хабардың куәсі болған ақ жаулықты ананың етегі жасқа толып, өмірлік жарын қимастықпен мәңгілік сапарға аттандырған болатын. Жалғыз ғана сүйенерің сүйген жарыңнан айрылу – жардан құлап, қанаты сынған құстың халін кешкен уақытпен пара - пар дүние. Дегенмен, өмір болғасын, тірі адам қашан да тіршілігін жасауы тиіс. Осы күннен бастап, әкенің де, ананың да орнын басқан асыл анамыз Айгуль – Мадина, Гульдана, Айдана есімді сүйкімді қыздарына әкелерінің орнын жоқтатпай, оларға дәйім демеу бола білді. Қыздарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай аялап өсірді. 
       Ананың асыл тәрбиесін көрген зерек қыздары да осал емес. «Тектіден текті туады» демекші, бәрі де жоғарғы оқу орындарын бітіріп, өз мамандықтары бойынша еңбек етіп, нәпақасын тауып жүрген еңбекқор жандар. Мінекей, қарап отырсақ, өмірі өнегеге толы кейіпкеріміздің тағдырына, қайсарлығына, мейірімділігіне таңқалмасыңа амалың жоқ!
       Халқына бүкіл жаратылысымен аянбай еңбек етіп, ақыл-ой парасатымен, асқаралы қасие-
тімен танылған Айгуль Омурбековна сынды дара кейіпкерлеріміздің тұлғасы уақыт өткен сайын биіктей беретіні сөзсіз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

1 ноября 2025 08:58
Назым
Гульбану Жоламановна творит чудеса.  Она знает ключ к счастливой жизни — и щедро делится им с другими. Классная женщина...
16 октября 2025 07:21
Людмила
[hide] [/hide Евгений! Вопрос: в далёком детстве Вашем Вы были в Монголии?? 1975-1980гг. Я из Москвы, ищу своих... если...
4 октября 2025 14:45
ERLAN
Барака Аллаху фикум пусть Аллах сделает болгим в обеих мирах твой труд и старание для людей ради Аллаха...