![]()
Зайырлы елдің заңгері
Танымымызды бір сілкіп тарихқа көз салсақ, ел ішіндегі түйінді мәселені, тұрмыста туындаған даулардың түйінін тарқатып, елдестіріп, бітістіріп, тентегін тезге салып отырған аузы дуалы қарияларымыз бен отыз тістен шыққан сөзін отыз рулы елге таратқан от ауызды билері болған. Қаншама жаугершілік заманда да ел тыныштығы мен бірлігін бірінші орынға қойып, баба үніне құлақ түріп, ата сөзіне бағынып, дала заңын ұстанған. Міне, осындай ел қамын ойлаған айбыны мол билеушілер мен әділ билердің арқасында Кұлтөбенің басында күнде жиынын өткізіп, «Жеті жарғы» дүниеге келді. Таң шапағымен күле кіріп, қызыл іңірде аунап түскен күн айды жалғап, жылды жетегіне ертіп талай заман өтсе де, аталар салып кеткен заңның қағидалары мен талаптары заманға сай өзгерсе де, оның астарындағы адамгершілік, адам өмірінің құндылығы, қорғалуы бүгінгі Конституциямыздың алғашқы жолдарында бас әріппен жазылған. Кешегі би бүгінгі – судья, кешегі қазы мен төре бүгінгі – прокурор. Аттары бөлек болғанымен барлығының да илегені бір терінің пұшпағы, қорғағаны –Ата заң, көксегені– әділеттілік. Осындай құқық қорғау органдарынан енші алып кете алмайтын саланың заң саласында қызмет етіп, заң талаптарының орындалуын қадағалап, тұрғындарға құқықтық көмек көрсетіп келе жатқан жеке заң мекемелерінің бірі Әбжетов Айболат басшылық ететін «Юринфорум» жеке шаруашылық серіктестігі.
![]()
Заман өзгерген сайын заң да, оны қолдану аясы да, қорғау да өзгереді. Осындай сәтте билік пен халықтың арасындағы байланысты нығайтып, құқықтық міндеттемелер мен өзгерістерді қарапайым халыққа түсіндіріп, тығыз қарым-қатынас жасайтын, құқықтық көмек көрсететін арнайы орталықтар сұранып тұрған заман талабы. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Әбжетов Айболат осы сұраныстың орнын толтырып, елге заңгерлік көмек көрсетіп келе жатқан Ақтау қаласындағы бірден бір заңгерлік мекеме. Оқырманға түсінікті болу үшін кейіпкеріміз туралы таратып айтсақ.
Құқық қорғау саласында еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан Әбжетов Айболат 1969 жылы 9 қыркүйегінде Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шетпе ауылында дүниеге келді. Тарих тамырында талай дүлдүлдер мен бір тума таланттардың бүлкілі ойнап жатқан киелі топырақта кіндігінің қаны тамған Айболат 1976 жылы ауыл төріндегі №2 орта мектептің табалдырығын аттап, 1986 жылы бітіріп шықты. Ауыл шаруашылығына дем салып, негізгі тіршілік көзі ұжымдасқан колхоздар мен совхоздар болып жатқан сол кездері мектеп бітірген баланы ешкім келе ғой деп, қол бұлғап шақыра қоймады. Бірақ, бала кезінен еңбекке пісіп өскен еті тірі Айболат болмайды деп, тауы шағылып қалмады. Отбасы жағдайына байланысты оқуға түсе алмай қалса да, талабын мұқалтпай, аудандық ЖЭУ мекемесіне слесарь болып жұмысқа орналасты. Бастаған әр ісіне алдымен көз жеткізіп, ой бесігінде тербелтіп барып қолына алатын Айболат өзіне тапсырылған істі жауапкершілікпен атқара білді.
Ер азамат үшін отан алдындағы азаматтық борышын өтеу, ешқашан екінші орынға ысырылған емес. Бұл жүрегінің дүрсілі Отан деп соққан, патриоттық сезімнің алауы сөнбеген, әр азаматтың міндеті. 1987 - 1989 жылдары Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтеп келген соң, шөбін тартсаң түбінен мұнайы көрінетін берекелі өңірдегі Қаражанбас кен орнына вахталық жұмысқа орналасты. Қолына алған істің шырайын шығарып, күрделілігіне қарамай жандандырып жіберетін ісмер Айболат талаптың тұлпарын қайта тақымға қысып, 1992 - 1995 жылдар аралығында Есенов Шахмардан атындағы университетке түсіп «тау - кен инженері» мамандығын игеріп шықты. Одан арғы қызмет жолдарын саралап өтсек, 1990 -1995 жылдар аралығында «Қаражанбастермнефть» басқармасына қарасты №2 мұнай өндіру цехындағы II Дәрежелі желілік құбыр жүргізуші, 1995 -1998 жылдары Ақтау қалалық Ішкі істер басқармасында тергеуші, 1998 - 2002 жылдары ҚР Батыс Ішкі істер басқармасының көліктер бойынша тергеушісі, 2002 - 2003 Маңғыстау облыстық прокуратурасында бас маман, 2003 - 2006 жылдары Ақтау қалалық прокурорының көмекшісі, аға көмекшісі, Маңғыстау облысы прокуратурасының жедел-тергеу қызметінің заңдылығын қадағалау департаментінің прокуроры, 2006 - 2007 жылдары Маңғыстау облысы прокуратурасының ішкі істер органдарында алдын ала тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау департаментінің прокуроры, 2007 - 2009 жылдары аға прокуроры, 2009 - 2010 жылдары Маңғыстау облысы прокуратурасының жедел-тергеу қызметінің заңдылығын қадағалау департаментінің прокуроры, 2010 - 2013 жылдары Маңғыстау облысы прокуратурасының қылмыстық іс жүргізу заңдылығын қадағалау департаментінің прокуроры, Маңғыстау облысы прокуратурасының қылмыстық процестің заңдылығын қадағалау жөніндегі прокуроры, Маңғыстау облысы бойынша сот актілерінің заңдылығын және қылмыстық істер бойынша мемлекет мүдделерін білдіруді қадағалау дирекциясының прокуроры, 2013 - 2017 жылдары Маңғыстау облысы прокурорының жедел іздестіру іс-шаралар тәртібінің сақталуы (СОРМ) жөніндегі көмекшісі, 2017 - 2018 жылдары Маңғыстау облысы прокурорының жедел-іздестіру қызметі мен қылмыстық қудалау департаментінің жасырын тергеу әрекеттерін қадағалау жөніндегі тобының көмекшісі, облыс прокурорының көмекшісі, аға көмекшісі болып еңбек етіп, 2019 жылдан бастап басқарма бастығы болып, абыройлы қызмет етіп, 2021 жылы зейнеткерлікке шықты.
![]()
Жұмыссыздықтың желі үйіре соғып, ел есеңгіреген тоқырау жылдардағыдай емес, көзі ашық сауатты жандардың өз жолын тауып жатқан жылдары жоғарғы заңгерлік білімі бар Айболат Әбжетов өзіне жүктелген міндеттерді орындап, сенім үдесінен шыға білді. Одан арғы қызметінде аға кеңесшісі, жедел құпия бөлім басшысы қызметтеріне жоғарылап халыққа адал қызмет ете білді. Жедел іздестіру қызметін, анықтаудың, тергеудің және сот шешімдерінің заңдылығын қадағалауды, сондай-ақ қылмыстық процестің барлық сатыларында қылмыстық ізге түсуді өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын лауазымды тұлғаның жанында жүріп, өзі де мол тәжірибе жинақтаған Айболат Әбжетов қазіргі таңда заң кеңесшісі, жеке адвокат канторасын ашып, «Юринфорум» ЖШС заң мекемесінің жұмысын жүргізіп келеді.
Мамандықтың жеңілі немесе жаманы жоқ. Маңдай теріңмен еңбек ете білсең, абырой шырағыңның жанғаны. Бүгінгі таңда тұрғындарға заңдық көмек көрсетіп, көмек сұрап келгендердің алғысына бөленіп отырған Айболат Әбжетов қызметте ғана білікті, сауатты басшы емес, отбасында да аяулы жар, асқар тау әке. Жеке кәсіппен айналысатын өмірлік жолдасы Аманғалиева Айжамал Жаңбырбекқызы екеуі өмірге 5 перзент әкеліп, оларды өсіріп, жетілдіріп, әрқайсысы бір-бір мамандықты тізгіндеуге көмектесті. Үлкен қызы Зәмзәгүл Айболатқызы – Алматы қаласында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетің 6 курс студенті болса, әулеттің ізін жалғар ұлы Әбжетов Нұржан Айболатұлы – Нархоз университетін бітіріп, әке жолын қуып, Маңғыстау облысы, Ақтау қаласының прокуратурасында еңбек жолын жалғастыруда. Қыздары Әбжетова Жаншуақ – Ақтау қаласындағы Н.Назарбаев атындағы зияткерлік мектептің 7 сынып оқушысы, Айболатқызы Кәусар – “Зере” жеке меншік мектебінде 1 сынып оқушысы, кенже қызы Айназы – балабақшада.
Нарықтың тілін ерте түсініп, әрдайым қоғамда болып жатқан өзгерістерден хабардар болып отыратын, зайырлы елдің тұрғындарына заңгерлік көмек көрсетіп келе жатқан Айболат Әбжетов сынды айбынды азаматтарымыздың қатары көп болғай!