![]()
Кеден саласының үздігі
Жұмыр басты пенде қай жерден дәм бұйырса, сол жерден ризық-несібесін теріп жейді. Еңбек жолын қайдан бастаса, сол арқылы білек сыбанып, нәпақасын табады.Тек адалдықтың жолынан таймай, сөзіне берік, адамзатқа пайдалы іс қылса болғаны. Адамның адамшылығы жаксы ісімен, айналасына жасаған игілігімен өлшенеді. Тірі тұрғанда тірлік бітпейді. Сондықтан, кай істі бастарда алдымен ниетті дұрыстап, киындыққа мойымау керек.
![]()
Бүгінде дәл осылай жастарға үлгі болып жүрген ел ағасы Қырықбаев Нығметолла Жұмашайұлы еңбегінің жемісін көріп келеді. «Еңбек еткеннің - ертеңі жарқын»,- деп есептейтін Нығметолла Жұмашайұлы 1964 жылы 5 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданына қарасты Қаратөбе ауылдық округінде дүниеге келген. Ауылдың топырағына аунап, жалаңаяқ құм кешіп, көршінің балаларымен бірге асық ойнап өскен ол кішкентайынан еңбекке араласты. Мектепте оқи жүріп, отбасының ірілі-ұсақты шаруаларын бітірді. 1981 жылы Калдығайты орта мектебін аяқтап, үлкен өмірге қадам басты. Сол кездегі бойында жастық жалыны бар бозбала Нығметолла мектеп бітірген жылы Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтқа оқуға түсті. Жоғары оқу орнын 1986 жылы математика-физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдады.
Мамандығына машықтанып, алған білімін тәжірибе жүзінде қолдануға кірісті. Еңбек жолын 1986 жылы Тасқала ауданындағы Қисықсай сегізжылдық мектебінде бастады. Мектепте оқушыларға физика-математика пәндерінен сабақ беріп, бар білгенін үйретті. 1989-1994 жылдар аралығында Ақтау орта мектебінде жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, саналы тәрбие беруде қажырлы еңбек етті.
КСРО ыдырап Қазақстан егемендігін алғаннан кейін еліміздің экономикалық мүддесін қорғауға байланысты кеден саласы құрылды. Кеден саласында психологиялық, әлеуметтік, физиологиялық және басқа да критерийлерді ескере отырып, таңдап алынған жоғары білікті мамандар еңбек етуі қажет болды. Соған байланысты кеден саласына қызметке ауысты. «Талаптанған тек тұрмас» дегендей, қажеттілікке байланысты Орал Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын құқықтану мамандығы бойынша бітіріп, қолына екінші дипломын алды. 1995-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Кеден органында қызмет етті.
БҚО бойынша кеден департаментіне қарасты Тасқала, Аксай,
![]()
Орал әуежайы кеден бекеттерінде инспектор, аға инспектор, бас инспектор лауазымдарында қызметте болды. Ел үшін маңызды салада маңдай терін төккен Нығметолла Жұмашайұлының айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы кеден бекеттері Кедендік Одақтың құрылуына байланысты алынып тасталды, сол себепті 2014-2018 жылдар аралығында Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік Кірістер Департаментіне қарасты «Темір- Баба» бекетіне (қазақ-түркімен шекарасы) бас маман болып қызмет атқарды. Қазіргі таңда, ол Орал қаласында нотариус болып жұмыс істеп жүр. Кеден саласында үздіксіз 22 жыл адал жұмыс істегендігінің арқасында талай рет марапатқа ие болды. Кеден қызметінің майоры, бірнеше рет «Құрмет Грамоталарымен» және «Алғыс Хаттармен» марапатталды. Еңбегінің жемісін көру деген осы емес пе? Нығметолла Жұмашайұлы II-III Дәрежелі «Кеден органдарындағы үздік қызметі үшін» төсбелгілерін тақты. Қызметте абройлы, ағайындарына сыйлы Нығметолла Жұмашайұлының мұндай биікке көтерілуіне әкесі мен анасынан алған тәрбиенің нәтижесі десек, жөн болар. Әкесі Қырықбаев Жұмашай 1937-1990 жылдары мәнді өмір сүрген, ал анасы Қырықбаева Агистің көзі тірі, зейнеткер. Картайған шағында ұрпағының құрметіне бөленіп, келіннің қолынан шәй ішіп, немере-шөберелерінің балдай тәтті дауыстарына риза болып отырған абзал әже.
![]()
Ақылына көркі сай жары Меңдібаева Нурзиля Мүтиғоллақызы да педагог, жоғары білімді.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде сабақ береді. Екеуі үш перзент тәрбиелеп өсірді. «Ұяда не көрсен, ұшқанда соны ілерсің»,- дегендей ұл-қыздары білімді, тәрбиелі өмірден өз орындарын тапқан, салиқалы ұрпақ. Қызы Асылзат – заңгер, үлкен ұлы Аслан – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет істесе, кіші ұлы Мирлан – Тенгизшевройл компаниясында жұмыс жасайды. Ұл-қызынан немере-жиен сүйіп отырған бақытты ата-әже. Жауапкершілігі мол жұмысынан қолы қалт етсе, Ерасыл, Аянат, Шыңғысхан, Айым, Азиз немере-жиендеріне салт-дәстүрді, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуді насихаттайды. Бұл оның даналығы мен парасаттылығын білдірсе керек!