Әділеттіліктің шамшырағы
Қазақстан Республикасында 2010 жылы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңның негізінде мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының қызметі бекітілді. Ата Заңымыздан кейін сот орындаушыларының заңы негізге алынады. Осы заң аясында Қазақстанда жеке сот орындаушылары тәжірибе алып, арнайы институт ретінде құрылған. Ал, 2011 жылдан бастап жеке сот орындаушылары жұмыс жасай бастады. Еліміздің әр облыстарында әр өңірінде республикалық жеке сот орындаушылары бар. Олар сот шешімін орындау барысында түрлі қиындықтарға тап болады. Себебі, өмірдің бұралаң белестерін дұрыс та, бұрыс та түсінетін әрқилы жандар бар. Кейбір борышкерлер өз еркімен сот шешімін орындап, шығарған үкімімен келісіп жатса, екіншілері керісінше, оны орындамай, көптеген қарсылықтарын білдіріп жатады. Сол сәтте бейбіт мәмілеге келіп, дұрыс шешім қабылдап, сот шешіміне қарсы шықпай, заң тармақтарын өз еркімен қабылдауға көндіріп жататын заң өкілдері – сот орындаушылары.
Бар білімі мен іскерлік қабілетін, күш-жігері мен ұстанымын ел мүддесіне, халықтың заңды құқығы мен ар-намысын қорғауға арнаған кейіпкеріміз көп жылдар бойы сот орындаушысы қызметін атқарып, қара қылды қақ жаратын, тура бидей әділдігімен танылған жан. Өз кәсібін 2012 жылы ашқан. Бүгінгі күнге дейін жұмыс жасаған кезінде көптеген көмекшілеріне білгенін-түйгенін үйреткен. Олар тәжірибе жинақтап, сот кеңсесін ашып, қазіргі таңда, жеке сот орындаушысы болып отыр. Сандуғаш Үсенқызы өзі де үздіксіз білімі мен іс-тәжірибесін шыңдау барысында көмектескен көмекшілері қазір Алматы қаласының жеке сот орындаушылары қатарында жұмыс жасап жатыр.
Нұрқалымова Сандуғаш Үсенқызы Алматы облысында туып-өскен. Мектептегі кезінен-ақ,жан-жағына байыппен қарайтын, қырағы көз, салмақты та әділ болды. Мектеп қабырғасында өзінің талапшылдығымен, жауапкершілігімен, ұйымдастыра білу қабілетімен түрлі іс-шараларда бой көрсетіп, ұстаздарының ең мақтаулы шәкірті болды. Ал сыныптастары арасында оқу-білімге деген ынтасымен көшбасшы болды. Үлгілі отбасында дүниеге келген бала Сандуғаштың тәрбиесі мен алғырлығы, ата-анасының берген өнегесі бойынан байқалып тұратын. Әкесі – Нұрқалымұлы Үсен мен анасы – Шамшахан Мансұрқызы ел ішінде сыйлы жандар болған.
- «Маған жақсы тәлім-тәрбие берген және осы күнге жеткенім ата-анамның арқасы. Әрқашанда адал қызмет жасауға, халқына еңбек етуге үйреткен. Әкеміз: «біреудің ала жібін аттама», - деген өмірлік ұстанымын бізге үнемі айтып отыратын. Осы уақытта жол түсіп ауылға барған кезімде ауыл адамдары ата-анамның жарқын жүзді, жылы шырайлы, жақсы адамдар болғанын айтып, анамның қолынан дәмді ас татқандарын, әкемнің көп көмегін көргендерін еске алды. Бұл кісілердің айтқан сөздерінен, естеліктерінен ата-анамды көргендей боламын. Кеудемізді зор мақтаныш сезімі кернеп, ерекше қуаныш ұялайды, керемет әсерге бөленеміз. Осы уақытқа дейін еңбек етіп, бала тәрбиелегенім ата-анамның арқасы. Оларға бас иемін, үлкен алғыс айтамын», - дейді кейіпкеріміз.
Мектепті ойдағыдай үздікке аяқтаған Сандуғаш Үсенқызы арман жетегімен Талдықорған қаласының заң техникумына оқуға түседі. Бұл мамандыққа әкесі 10-сыныпты бітірген кезінде қолынан жетектеп, Талдықорғанға апарып, осы мамандыққа оқуға түсірген. Әке көрсеткен ізбен өз жолын тапқан Сандуғаш студенттік шақтарында да қатарластарынан дараланып, жан-жақты ізденіп, күн мен түнді кітаппен алмастырып, 1992 жылы оқуын өте жақсыға бітіріп шықты. Білімі мен тәжірибесі бар ол 1995 жылдан 2012 жылға дейін Алматы қаласының мемлекеттік сот орындаушысы қызметін абыроймен атқарды. Ал 2012 жылдан қазіргі уақытқа дейін Алматы қаласының атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы қызметінде.
Бүгінде жас мемлекетіміз әлемдегі өркениетті елдермен иық тіресіп, халықаралық аренада үлкен беделге ие болды. Оған жұмылдырылған еңбек пен қажырлы қайраттың, сабырлылық пен төзімділіктің, бірлік пен ынтымақтың арқасында қол жеткізді. Бірлік пен ынтымақтың, бейбітшілік пен достықтың кепілі болған Ата Заңымыз қабылданып, керегеміз кеңейіп, уығымыз бекіп, әр ұлттың мәдени құндылығын бір арнаға тоғыстырған еңсесі биік шаңырақ көтердік. 1995 жылы қабылданған Ата Заңымыз жаңа мемлекетті және оның қоғамдық құрылымын айқындаған тарихи құқықтық акт болды. Сонымен қатар, адам құқықтары мен бостандықтары, олардың конституциялық міндеттері ерекше көрсетілген және ел көлемінде қолданылатын құқық нормалары адам құқықтары жөніндегі халықаралық үлгі -қалыпқа негізделген маңызды құжат болып табылды. Жылдар бойы еткен жемісті еңбегі бағаланып, спорттағы жеке сот орындаушыларының 1-ші республикалық спартакиадасына белсенді қатысқаны үшін «Алғыс хат», лауазымдық міндеттерін адал орындағаны, жұмыстағы жоғары көрсеткіштері үшін және ҚР Жоғары соты жанындағы сот әкімшілігі жөніндегі комитеттің 7 жылдығына байланысты марапатталды. Әділдік пен заңдылықты қамтамасыз ету жолында халық үшін жасаған қарымды еңбегі үшін «Алғыс хат» алды. «Алматы қалалық жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының 10 жылдығына» арналған және жеке сот орындаушылары институтының дамуына өз үлесін қосқаны үшін «Мадақтама грамотасына» ие болды. Лауазымдық міндеттерін адал орындағаны үшін және «ҚР Тәуелсіздік күніне 15 жыл» толуына байланысты «Марапаттау қағазын» алды. Әділдік пен заңдылықты қамтамасыз ету жолында халық үшін жасаған қарымды еңбегі үшін ҚР Әділет министрі Р.Түсіпбековтың «Алғыс хатын» алды. 2011 жылы ҚР Әділет министрлігінің әдептілік пен заңдылықты қамтамасыз ету жолында халық үшін жасаған қарымды еңбегі үшін «Алғыс хатымен» марапатталған. 2018 жылы «Үздік жеке сот орындаушысы» медалін омырауына жарқырата таққан.
Өнегелі өмір жолы жас ұрпаққа үлгі, ол үнемі еңбектеніп, көп ізденіп оқиды. Ең бастысы, туған халқының ұлттық ерекшеліктерін жақсы біледі. Оның дарындылығы, адамгершілігі, парасаттылығы мен әділдігі балаларының да бойында байқалып тұрады. Ұлы – Бекарыс 19 жаста, 10-сыныпты бітіріп, Түркия мемлекетінің Измир қаласында 1 жыл түрік тілін оқып, меңгерді. Қазіргі таңда, Алматы қаласындағы Тұран университетінде, ІТ саласы бойынша білім алып жатыр. Қызы Әнел – 12 жаста. Өз қатарластарының алды болып, білім жолындағы жетістіктерімен жақындарын қуантып отырады. Сандуғаш ханымның өмірге деген ұстанымы Ұлы Абай атамыз айткандай: «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол. Талап еңбек терең ой, қанағат, рақым ойлап қой – бес асыл іс көнсеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – бес дұшпанын білсеңіз», - деген қанатты сөздері. Өзі де осы сөздердің үддесінен шығып, ұл-қыздарына үлгі болып келе жатқан адал жан.
«Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға», - деп ұлы Абай айтқандай, Сандуғаш Үсенқызының болмыс-бітімі жас мамандарға дайын өнеге.