Бекбаева Құралай

Рейтинг:

Өз саласының білгірі

      Адамның бүкіл ғұмыр жолы оның еткен еңбегімен бағаланып жатады емес пе?! Иә, жақсы қызмет қашанда адамды шабыттандырып, алға жетелейді. Сол еңбегінің арқасында өзінің арманына қол жеткізіп, сол жолда көп ізденеді. Ал ізденісінің арқасында өзі ойлағаннан да керемет жетістікке қол жеткізеді. Қай мамандықты таңдау адамның өз жүрек қалауына байланысты. Біз әңгімеге қосқалы отырған Құралай Таласбайқызы өз ісіне тиянақты, жауапкершілігі зор, ұжымына сыйлы да беделді мықты маман.
      Бекбаева Құралай Таласбайқызы Қарақалпақстан автономиялық Республикасы, Тахияташ қаласында 1980 жылы 10 қарашада дүниеге келген. Әкесі – Бекбаев Таласбай 1940 жылы дүниеге келген. Ол өзі тіршілік еткен уақытында қарапайым еңбек адамы болып, ортасына сыйлы, бірсөзді, адал азамат болған. Қолында барын бөліп беруге әзір тұратын азамат жомарттығымен де көпке белгілі еді. Алысты жақындатып, жақынын жоғарыға шығаратын, азаматтың төресі болған. Отбасында ардақты әке, адал жар бола білді. Ол 2021 жылы дүниеден озды. Анасы – Каримова Жұмагүл 1950 жылы дүниеге келген. Отағасымен бірге 5 бала, 4 қыз бен ұлды тәрбиелеп өсірді. Балаларының білімді, абыройлы азамат болып қалыптасуына көп еңбек етті. Қазіргі таңда, балаларының арасында, немерелердің қызығына тоймай, ақ жаулықты ана шаңырақ шаттығын келтіріп отыр.
      Құралай Таласбайқызы қазіргі уақытта Түркістан облысы, Түлкібас ауданындА тұрады. Мектепті жақсыға аяқтаған ол Шымкент әлеуметтік педагогикалық университетінің «Құқықтану» бөлімін оқып бітірген. Еңбек жолын Кентау қалалық әскери комиссариатында инспектор іс жүргізушісі болып бастады. Орнықты сөйлеп, жауапкершілікті жақсы білетін маман ретінде ұжымының беделін көтеріп, алғысқа ие болды. Аз уақыттан кейін Түлкібас аудандық мемлекеттік сот орындаушылар бөлімінде инспектор іс жүргізуші болса, 2016 жылдан Оңтүстік Қазақстан облысы жеке сот орындаушылар өңірлік палатасында жеке сот орындаушысы, Түркістан облысы, Түлкібас аудандық жеке сот орындаушысы қызметін абыроймен атқарып келеді.
      - «Адамдық борыш деген болады ғой. Адам өзіне ғана емес, өзгелерге де қызмет көрсете білуі керек. Елге қызмет етсең, білімің артып, кісілігің де молаяды. Қарапайым тірлікте адам өзінің жеке басынан аса алмай, күйбең тіршіліктен шыға алмай, өз бойындағы қуат-күшін шығара алмайды. Халыққа қызмет ету адамның кемелденуіне, өрісінің кеңеюіне үлкен әсер етеді. Шәкәрім Құдайбердіұлы адамдық борышы турасында тамаша ой тұжырымдаған емес пе?! «Ақ жолдан айнымай, Ар сақта, оны біл», - дейді. Сонда адам таза ісімен, адал еңбегімен және іс-әрекетімен көрінеді. Мен қызмет етіп отырған сот жүйесі бүгінгі таңда жетілдіру мен жаңғыру жолында үлкен жұмыстар атқарып келеді. Оның бір дәлелі Елбасы дәстүрлі Жолдауында сот жүйесіне баса назар аударып, «Сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу қажет. Судьялардың жұмысына заңнан тыс кез келген ықпалды жою маңызды», - екендігін атап айтты. Тәуелсіздік алғалы бері мемлекет тарапынан сот саласына барынша қолдау мен қамқорлық жасалып келеді. Жүргізіліп жатқан өзгерістер мен жаңғырулар қаншама. Ата Заңымызда айтылғандай, биліктің бір тармағы саналатын сот жүйесі елімізде адам құқығы мен бостандығы сақталуының, қоғамдағы тұрақтылық пен дамудың қамтамасыз етілуінің бірден-бір кепілі. Сондай кепілдік пен әділдік болғанда ғана қоғам дамып, өркендей бермек. Әділдік пен ардың тазалығы бұл қызметте маңыз-ды рөл атқарады. Мен де көптің ойынан шығып, орынды іс тындыруға тырысамын. Қандай да бір істің оңтайлы әділ шешілуіне барымды салып еңбектенемін», - дейді Құралай Таласбайқызы.
      Қызмет бабында білікті маманның алған марапаттары да бар. Атап айтқанда, Түркістан облысы жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Сонымен қатар, Түркістан облысы Әділет департаментінің «Алғыс хатын», аудан әкімінің «Алғыс хаттарын» иеленген. 
      Өз саласының мықты маманы атану оның еткен қызметіне алған лайықты бағасы болмақ. Ал әділ бағасын беретін халық пен уақыт. Одан асқан сыншы да жоқ. Ел-жұрт кімнің-кім екенін жақсы таниды емес пе?! «Халық айтса, қалт айтпайды», - дейтіні де содан болар. Өзінің мойнына жүктелген міндетті абыройлы атқарып, ісіне адалдығымен, көпке жасаған жақсылығымен танылып, уақыт сынынан сүрінбей өтіп келе жатқан нәзік жанға өзгелер шын мәнінде сүйсіне қарайды. Оның адами қасиеті өмірінің темірқазығындай берік. Ол адал қызмет етуді халық мүддесімен ұштастыра білетін нағыз маман.
      Иә, Құралай Таласбайқызы ақылға бай, сезімге берік. Аса сабырлы әрі ұстамды. Әділдіктің, ақиқаттың шеңберінен шықпай, ұжымында беделді жан. Әріптестеріне қамқор. Жанына тек жақсыларды жинай білген, досқа бай адам. Алдына көмек не кеңес сұрай келгендердің меселін қайтармаған, басқаның ұсыныс, пікірлерімен санаса білетін жан. Сондай-ақ, өзінің жанындағылардың сағын сындырып, көңіліне дақ түсірген де емес. Қылдай қиянат жасаған да емес. Біреуді кінәлауға, шеттетуге жол бермейтін, ренжітуге жоқ адам. Өзі жаңашылдыққа, жаңалыққа бейім.
      Расында, адамды абыройға жеткізетін оның атқарған ісі ғой. Кімде-кім қызметін шын ниетімен атқарса, сол адам халық құрметіне бөленетіні сөзсіз. Құралай Таласбайқызы қарым-қатынас мәдениетіне ерекше назар аударатын жан. Кісі көңілін қалдырмау жағын көбірек ойлап, өзіне жүгіне келгендерді ренжітпей, мүмкіндігіне қарай, қолдан келгенше шаруасын шешудің жолдарын қарастырып, жәрдемдескісі келіп тұратын ерекше қасиеті бар. Тіпті, мәселеңді түбегейлі шешіп бермесе де жылы сөзін айтып, шығарып салатын байыпты да байсалды қалпына, адами болмысына әркім-ақ ризашылық білдіреді әрі сүйсінеді. Міне, болмысы осындай ғажайып жан отбасында Бекзат, Бекарыс есімді 
      2 ұл тәрбиелеп, өсіріп отырған аяулы ана. 
      «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді», - деген емес пе?! Қиындығы бір төбе қызметте жүріп, отбасына да, бала тәрбиесіне де үлгеріп жүретін нәзік жанға деніне саулық, отбасына амандық тілеп, қызметте абырой биігінен көріне беріңіз демекпіз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...