Әділ сөздің иесі
Сан ғасырлық тарихымызда мақтан тұтар, бүгінгіміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар оқиғалар мен ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ азаматтары және Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалар аз болмаған.
![]()
Батылдық, Отансүйгіштік, еңбекқорлық – нағыз ер-азаматтың сапасы. Азамат болып ел ісіне араласып, қалыптасады десек артық айтпағандығымыз болар. Бүгінгі кейіпкеріміз де өз есімімен ел ісіне етене араласқан қызметімен ерекше. Кейіпкеріміз Малтабаров Серікбай
Шаймерденұлы 1942 жылдың қараша айының 15-де Қостанай облысы, Таран ауданы, Таран (қазіргі Бейімбет Майлин ауданы, Әйет ауылы) ауылында дүниеге келген. Отбасында әкесі – Малтабаров Шаймерден мырза 1906 жылы дүниеге келсе, анасы – Малтабарова Жәмилә 1906 жылдың тумасы. Кейіпкеріміздің ата-анасының екеуі де колхозшы. Отбасында 7 бала тәрбиелеп өсірген. Мектеп қабырғасын тәмамдаған жас жеткіншек алғаш еңбек жолын 1960 жылы «Знамя-Советов» кеңшарында шопан болып бастайды. Кейін сол кеңшарда 1969 жылдың 3 наурызына дейін көлік жүргізушісі болып жұмыс атқарады. Өзіне жүктелген жауапкершілікке бейжай қарамайтын жандардың бірі. Содан болар атқарған әрбір ісінен тиянақтылық байқалып, 01.03.1969 жылы өткен ауылдық кеңестің сессиясында Нелюбинский ауылдық кеңесінің төрағасы болып сайланады. Аталмыш ауылдық кеңестің төрағасы болып кейіпкеріміз 26.01.1979 жылға дейін жұмыс істейді. Өз кезегінде басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылады. Серікбай мырза дәл сол күні 26.01.1979 жылы ауылішілік партия жиналысында Таран ауданы «Знамя-Советов» совхозының партия комитетінің хатшысы болып бекітіледі. Бұл қызметті 11.10.1981 жылға дейін абыроймен атқарып, еңбек жолында басқа жұмысқа ауысуына байланысты хатшылық мансабын тәмамдайды.
![]()
Ер-азамат қашанда ерлерге тән қажыр-қайраттың, ерік-жігердің, ақыл-парасаттың иесі болғаны жөн. Осы сөздер легін еш уақытта естен шығармайтын кейіпкеріміз өзінің болашақ мамандығына таңдау жасап сол жолда аянбай күресе білді десек артық айтпағандық. Оған дәлел, Серікбай мырза Алматы шаһарында орналасқан С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін 1981 жылы 26 маусымда бітірген соң, 1981 жылдың 12 қазанда Таран округінің сайлаушыларының таңдауымен, Таран ауданының халық судьясы болып сайланды, ал 1984 жылы Таран аудандық сотының төрағасы болып тағайындалды. Серікбай мырзаның еңбек жолында өзгерістер орын алып, басқа жұмысқа ауысуына байланысты 01.05.1990 жылы қызметінен босатылып, Таран аудандық Кеңесінің сессиясында халық депутаттары Таран аудандық Кеңесі төрағасының орынбасары болып сайланды. Әр саланың өзінің қызығы мен қатар жүретін қиындығы болады. Осы бір жауапкершілік жүгін қатар атқарып алып жүрген қызмет барысында кейіпкеріміз 1992 жылы 2 наурызда Таран аудандық халық сотының төрағасы болып қайтадан сайлануына байланысты қызметінен босатылды.
Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары ауыс-түйіс шаралары біршама жұмыс орындарында орын алды. Өз кезегінде елімізде судьяларды ротациялау басталды және Президенттің Жарлығымен 15.11.1996 жылдан бастап Жетіғара аудандық сотының (қалалық және аудандық біріктірілген соттардың) судьясы болып кейіпкеріміз тағайындалады. 14.11.1998 жылы Серікбай мырзаның еңбек жолында тағы да өзгерістер орын алып, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Лисаков қалалық сотының судьясы, 28.09.2000 жылы Қарабалық аудандық сотының төрағасы болып тағайындалды.
Елімізде сан мың мамандықтың көшбасын бастап, ел экономикасының дамуына барынша өз ықпалын тигізіп жүрген ер-азаматтарымыз жетерлік. Серікбай Шаймерденұлының еңбек жолына қарап отырып, өз мамандығының майталманы екендігіне көз жеткізгендейміз. Осы ретте, кейіпкеріміз бейнетінің зейнетін көрмек жолда ҚР Президенттің Жарлығымен 2002 жылдың 5 наурызында Таран аудандық сотының төрағасы болып қайтадан тағайындалып, зейнеткерлік жасқа толуына байланысты 2007 жылдың 11 мамырда
![]()
зейнеткерлікке шығады. Зейнет жасында бола тұра, халықпен етене жақын болып қызмет атқара білген кейіпкеріміз еңбек жолын тоқтатқан емес-ті. Бүгінде кейіпкеріміз 1-санатты заңгер. 2008 жылдың тамыз айынан қазіргі уақытқа дейін Қостанай облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша азаматтарға заңгерлік көмек көрсетіп, адвокаттық қызметпен айналысатын білікті әрі тәжірибелі маман демекпіз. Кейіпкеріміздің қажырлы еңбегі еленіп,
✦ 1980 жылы «Халықтар достығы ордені»;
✦ 1971 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі;
✦ 1970 жылы В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай «Ерен еңбегі үшін» медалі;
✦ 1991 жылы «Еңбек ардагері» медалі;
✦ 2014 жылдың қараша айында «Сот жүйесiнiң ардагерлерi» медалі;
✦ 2007 жылы «Судьялар одағының Құрметті мүшесі» медалі;
✦ 2015 жылдың тамыз айында «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» медалі;
✦ 2016 жылы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» және «Таран ауданының 80 жылдығына» орай мерекелік медальдары сынды мәртебелі марапаттардың иегері атанды. Бұдан бөлек марапаттар легі жалғасын тауып 2017 жылы «Қостанай облысына 80 жыл» медалімен және 2018 жылдың 30 қарашасында аудандық мәслихаттың шешімімен «Таран ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Серікбай мырза Кәсіподақтар мен Бүкілодақтық ВЛКСМ Орталық Комитеті Таран ауданы Нелюбинский ауылдық кеңесінің елді мекендерін абаттандыруға қосқан үлесі үшін «1975 жылғы Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісімен «1977 жылғы Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісі КОКП Орталық Комитеті, КСРО Министрлер Кеңесі, Бүкілодақтық Орталық Кеңесімен марапатталған.
Бүгінгі күні туып-өскен өлкеге еңбегімен елеулі болған азаматтар мен азаматшалар аз емес. Олар туған жерге, туған елге қызмет етудің бірегей жолы – адал еңбек деп біледі. Міне, Серікбай Шаймерденұлы да осы кісілердің қатарында.
![]()
Кейіпкеріміз еңбек жолы барысында жетістікке жету үшін талай еңбек етсе, отбасында да, балаларын ел азаматы атандыру жолында да соншалықта еңбектене білді десек артық айтпағандығымыз болар.
Серікбай мырзаның өмірлік жары Малтабарова Ақшагүл Есмұратқызы 1947 жылдың тумасы. Мамандығы бойынша бухгалтер. Серікбай мырза мен Ақшагүл ханымның қыздары Малтабарова Гүлнара Серікбаевна 1967 жылы дүниеге келген. Білімі бойынша заңгер, әке жолын қуып, бүгінде адвокаттық қызметпен айналысады. Бүгінде Гүлнар ханымның екі баласы бар. Қызы Досмұхамедова Дана Оралқызы 10.04.1988 жылдың тумасы. Мансабы адвокат, адвокаттық қызметпен айналысады. Тұрмыс құрған. Жолдасы Оразбеков Сексен Қонысбекұлы, білімі жоғары, КММ «Тарановец» директоры болып жұмыс істейді. Үш балалары бар. Балалары: Қонысбеков Саян Сексенұлы, Қонысбекова Жансая Сексенқызы және Қонысбекова Томирис Сексенқызы. Гүлнар ханымның екінші баласы Досмұхамедов Серік Оралұлы 11.03.1992 жылдың тумасы. Мамандығы заңгер, бүгінде «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС жұмыс істейді. Нақтырақ айтсақ, МКҚК Қостанай филиалы станциясында, Тобыл пойыздарын құрастырушы. Үйленген, жұбайы Юлия Болатқызы Досмұхамедова.Білімі арнайы, бүгінде жеке кәсіпкер. Серік пен Юлия бүгінде Досмұхамедов Эмир Серікұлын тәрбиелеп отыр.
Құқық саласының қызметкерлері қашанда халыққа барынша сапалы, жоғары деңгейдегі қызмет көрсетуді мақсат ететіні анық.
Бұл салада Серікбай Шаймерденұлы, өз білімділігіңізбен, тәжірибеңізбен, адал еңбегіңізбен ерекшеленіп келесіз.
Сізге таза көңілімнен шыққан ізгі ниетімізді білдіре отырып, бақытты да баянды ғұмыр, жемісті де жеңісті күндер, қажымас қажыр-қайрат, талмас талапжігер тілейміз.
Әрқашанда деніңіз сау, көңіліңіз жайдары, отбасыңыз берекелі болсын!