Жұмағұлова Хатиша

Рейтинг:

ӘДІЛДІК ЖОЛЫНДА
 
 
   Әділ адамның адамгершілік қасиеттері 
заңды жоқтатпайды.
(Менандр)
 
      Елбасының асқақ беделінің арқасында еліміз әлемге танылып, халықаралық қауымдастықтың төрінен орын алды. Сол төрден әлемге төрелік айтудың бір көрінісі ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету және оның он бір жылдан кейінгі Астана Саммитін ойдағыдай өткізу болды. Мұндай жағдайда әр адам құқының талапқа сай қорғалуы мен бостандығының сақталуы осы жарқын істеріміздің жасампаздығы үшін өте қажет. Ал бұл тұрғыдан алғанда, азаматтардың өтініштерін қарау, сондай-ақ Конституцияда бекітілген құқықтарын қорғау прокуратура органдары қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. «Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге ант етемін» деп қызметке келген құқық қорғау саласы мамандарының жұмысы өзіндік ерекшелікке толы.
      «Тіршілікте адам екі нәрседен қателеспеу керек: бірі – жар таңдауда, екіншісі – мамандық таңдағанда» деп жатамыз. Құқық қорғау қызметіне кездейсоқ адамдар бармайды. Сондай таңдау жасауда қателеспегендердің бірі, құқық қорғау жүйесінің алдыңғы қатарлы институттарының біріне айналған – прокуратура саласында еңбек етіп жүрген Жұмағұлова Хатиша Сағатқызы.
      «Мамандықтың оңайы жоқ. Жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүруді іздеген адам мақсат-мұратына жете алмайды. Әр мамандықтың қызығы мен шыжығы болады. Тек соны жүрек қалауымен таңдап, болашақтағы өміріңе айнымас серік ете білсең, сенен асқан бақытты жан жоқ» - деген пікірде екендігін жеткізген, бүгінде Шиелі ауданының прокуроры қызметін атқарып жүрген Хатиша Жұмағұлова.
       Саналы ғұмырын заң қызметіне арнауға кез келген адамның бүйрегі бұра бермейді. Әсіресе,табиғатынан әсемдік пен нәзіктікке бөленген әйелдерді темірдей тәртіпке бағындырып, жоғары жауапкершілік жүктейтін қызметке келе бермейтіні белгілі. Алайда, антқа адалдық танытып, Отанға қызмет етуді мақсат еткен Хатиша Сағатқызы құқық қорғау саласында қызмет етуге бала күннен қызығып өскенін айтады.
      Жұмағұлова Хатиша Сағатқызы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қамбаш ауылында 1965 жылдың 5 ақпанында дүниеге келеді. 1982 жылы Қызылорда қаласындағы №233 орта мектепті ойдағыдай тәмамдады. Соңғы сыныптарда түлектердің әрбірін «Мен кім боламын?» деген сұрақ мазалайтыны анық. Ал, Хатиша болса бұл сұрақтың жауабын бала кезден-ақ   анықтап алған болатын. Ол көп ойланбастан Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің (қазіргі ҚазҰУ) заң факультетіне құжаттарын тапсырады. Ешбір қиналмастан университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, 1988 жылы аталған оқуды «Құқықтану саласы» мамандығы бойынша ойдағыдай бітіріп шығады. Оқуды бітіре сала бірден Хатиша Сағатқызын Қызылорда қалалық сотының стажер-судья етіп қызметке жібереді. 1989 жылы 11 қыркүйектен бастап прокуратура органына қызметке қабылданып, содан бері осы саланың қыр-сырын меңгеріп, үздіксіз қызмет етіп келеді. Осы саланы  таңдағанда қиындығы көп мамандық екенін жақсы түсінді, дегенмен, қай салада болмасын, жетістікке жету үшін көп еңбектенуге, тер төгуге тура келетінін де білді. Қызмет орнындағы аға буын өкілдерінің берген ақылы мен көрсеткен көмегі, өзінің жауапкершілігі мен табандылығы, ізденімпаздығы арқасында  бүгінгі күні көп нәрсеге қол жеткізді.
      Хатиша Жұмағұлова 1990-1992 жылдар аралығында Қызылорда қаласының прокурорының көмекшісі, 1992 жылдан бастап Қызылорда облыстық прокуратурасының бөлім прокуроры қызметін бес жылдай атқарды.
      Кез-келген істі бастау – оңай емес. Әрбір прокурордың зайырлығы қаншалықты жоғары болып, қосар үлесі көп болса, прокуратура жүйесінің нәтижесі де соншалықты болады.
      1997-1998 жылдары Х.Жұмағұлова Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау бөлімінің прокуроры, бір жылдан кейін осы бөлімнің аға прокуроры, 2001 жылдың 2 тамызына дейін әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау бөлімінің бастығы, 2001-2003 жылдары Қызылорда қаласының әлеуметтік саладағы заңдылықты қадағалау жөніндегі аға прокуроры, ал 2003 жылдың 18 тамызынан бастап Қызылорда облысының әлеуметтік саладағы заңдылықты қадағалау жөніндегі аға прокуроры қызметтерін атқарып, осы сала бойынша өзінің жүйелі қызмет жасай алатынын байқатты.
      Қылмыстың ең көп кездесетін түрлері – меншікке қатысты ұрлық пен алаяқтық қылмыстар. Мүліктік сипаттағы қылмыстар болғандықтан тыйылуы мүмкін емес қылмыстар, дегенмен оларды тоқтату мақсатында прокуратура қызметкерлері түрлі шаралар атқарған болатын. Қылмыстың алдын алу бірінші кезекте жергілікті полиция мен әкімшілік полицияның міндетінде, дегенмен қылмыспен күрес ортақ жұмыс болғандықтан, прокуратураның осы органдармен бірлесіп қызмет жасауында Хатиша Жұмағұлованың  қосқан үлесі зор.
      -  «Жас мамандарға айтар кеңесім, ең бірінші өз арыңның алдында таза болу, антқа адалдық таныту, білімді, сауатты болу. Сонымен қатар, психолог бола білу, алдыңдағы қылмыскердің жан-дүниесін түсініп, әр іс-әрекетін, ым-ишарасын бағамдай алу. Әр уақытта аянбай еңбек ету, себебі маңдай термен келген нан ғана тәтті болатынын ұғыну қажет. Сондықтан, қаншама адам саған сеніп отырғанын жан дүниеңмен ұғынып, әр атқарған ісіңді жауапкершілікпен соңына дейін жеткізіп, тәртіпке бағынған жағдайда ғана жақсы жетістіктерге жететіндіктеріне күмәнім жоқ. Алайда, ең бастысы адамгершілік принциптерін ұмытпау қажет деп ойлаймын», - дейді.
      Мемлекеттік қызметтің кәсібилігі мен оң имиджін қалыптастыру тұрғысында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында, сондай-ақ, үлкен жиындар мен форумдарда мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін көтеру, мемлекеттік қызметшілердің біліліктілігін арттыру сияқты өзекті мәселелерді көтеріп, осы бағытта жұмысты жандандыруды үнемі қадағалап, тапсырмалар береді. Мәселен, Тұңғыш Президентіміз «Нұр Отан» партиясының Республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумында сөз сөйлеп, мемлекеттік қызметшінің 8 этикалық ережені басшылыққа алуы міндетті екендігін айтып өткен болатын. Елбасы 8 ережені айта келе, мемлекеттік басқару органдарының қызметкерлеріне арналған рухани талаптардың бұл тек бір бөлігі  болып табылатындығын тілге тиек етті.  
       Жұмағұлова Хатиша Сағатқызы осы ережелерді ешқашан естен шығарған емес. Ол рухани жауапкершілікті терең сезініп, кәсіптік білімін іс-тәжірибеде терең қолдана біледі, адалдықты ту етіп, белсенді өмір позициясын ұстанады. Барлық жағынан өзінің іскерлік қызметін дәлелдеген Хатиша Сағатқызы 2004-2008 жылдар аралығында Кәмелетке толмағандар туралы заңдарды қолдануды қадағалау туралы Қызылорда облысының прокурорының көмекшісі, кейінірек прокурордың бас көмекшісі, 2010-2012 жылдары Қызылорда облысының соттарында  мемлекет мүддесін қорғау жөніндегі прокуратураның бөлім бастығы қызметтерін атқарды. Х.Жұмағұлова 2012 жылдың 15 қазанында Жалағаш ауданының прокуроры қызметіне тағайындалып, бұл қызметті 2016 жылдың 13 сәуіріне дейін абыроймен еңбек етті. Ал, 2016 жылдың 13 сәуірінен бастап жаңа қызметке, яғни, Шиелі ауданының прокуроры қызметіне тағайындалды. 
       Бүгінде тәжірибе жинақтап ысылған Хатиша Сағатқызы құқық қорғау қызметкері болып  кез келген орында, кез келген қызметте, қандай да жағдай болмасын өз елінің халқы мен азаматтарының сенімін жоғалтпай, жұмыс істеу алатынын; қазақстандық мемлекеттік қызметші ретінде әділеттіліктің, сыпайылылықтың өнегесі болып жүрген, адамдар арасында өзін ұстай білетін, ұжымды басқармай тұрып, өзі тәртіпке бағына білетін, өзінің қызметкерлерінен талап ететінін, өзі орындай алатын; егер мемлекеттің мүддесіне зиян тигелі немесе сыбайлас жемқорлық іс-әрекет дайындалып жатқанын байқаған жағдайда, дереу іске араласып, шара қолдану қажет жағдайда шұғыл шешім қабылдай білетін білікті басшы екендігін сөзімен де, ісімен де дәлелдеуде.
       - «Арманым орындалды деген осы шығар, жұмысым жаныма жақын. Әр ісімді сүйіспеншілікпен атқарамын. Ұжымымыз аз ғана қызметкерлерден құралған. Алайда атқарып жатқан жұмыстары ауқымды. Жалпы айтқанда, Конституциямызбен басқа да заңдарымыздың сақталуын қадағалау, азаматтардың құқықтарын қорғау – бүгінгі прокуратураның басты міндеті. Сондықтан болар, әртүрлі әділетсіздікке ұшырап, тағдыры талқыға түскен жандар алдымен осынау мемлекеттік органға бас тірейді. Олардың көтерген мәселелері бойынша қабылданған шаралар да аз емес», - дейді өз өмірі, өзі таңдап атқарып жатқан сүйікті жұмысын мақтанышпен әңгіме еткен аға Әділет кеңесшісі Хатиша Сағатқызы Жұмағұлова.
      Кез келген дамыған мемлекеттердегі сияқты, Қазақстандағы мемлекеттік қызмет те адамгершілікпен, этикамен тығыз байланысты, сондықтан, мемлекеттік қызметшілер біздің азаматтарымыздың өміріне зор ықпал етеді. Көптеген жағдайларда осындай тұлғалар адамдардың күнделікті өмірі үшін маңызы зор шешімдерді, сонымен бірге, олардың құқықтарын және бостандықтарын іске асыру барысында азаматтардың өтініштерін мақұлдауды, қабылдамауды немесе өзгертуді қабылдай алады.
      Демократиялық қоғам мемлекеттік қызметшілердің әрекеттері мен тәртіптері мінсіз болуы үшін қалтқысыз қарекет жасауға тиіс.  Әрине, халыққа қызмет ету басты борышы екендігін әрдайым терең сезіне жүріп мемлекеттік қызмет атқару – әсіресе басшыға үлкен жауапкершілік жүктейтіндігі Хатиша Сағатқызының  жадынан шыққан емес. 
      - «Өмірде қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Солардың көбісі өз қателерін дер кезінде түзетіп, мағыналы істерімен өмірінің кедір-бұдыр тұстарын жуып-шайып жібереді. Бұған керісінше, бір рет қылмыс жасап, өмір бойы төменшіктеп өтетіндер де бар. Оларға айналасындағылар да сондай көзбен қарайды. Бұл дұрыс емес. Менің ойымша, қателескеннен гөрі, сол қатесінен сабақ алмаған адамдар қоғамға көбірек қауіпті. Өз басым құқық қорғау органдарының атағына кір келтірмеуге тырысамын. Болашақта да өз Отаныма, халқыма адал еңбек етіп, қызығы мен шыжығы мол қызметке үлкен үлесімді қосқым келеді», - дейді Хатиша Сағатқызы келешектегі өз қызметі туралы ойымен бөлісе келе.
       Жұмағұлова Хатиша жетістікке жету дегеннің өзі - тынымсыз еңбек ету деп біледі. Ол айналасындағы адамдардан «жақсы тәрбие көргенсің» деген сөзді жиі естиді. Тәртіп – ол құқық қорғау органдарындағы басты міндет болып келеді, ал тәртіпті сақтау – ол прокуратура қызметкерінің басты борыштарының бірі. Прокуратура саласында қызмет ету, оның ішінде осы саланы басқару,  соның ішінде ерлермен бірдей қызмет етудің ауыр екенін кез-келген қарапайым жан түсіне бермейді. Біреу сүйсінсе, екінші біреу аяқтан шалуға тырысады. Десе де осындай жауапты жұмысты атқаруда Хатиша Жұмағұлова қателікке бой алдырып, абыройына дақ түсірген емес.
       - «2014 жылғы 5 желтоқсанда маған «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі табыс етілді.Төбем көкке жеткендей қуанып, бойымды ерекше қуаныш әрі мақтаныш сезімі кернеді. Жетістігім мені жақсы істерге жігерлендірді, еліме, Отаныма бұдан былай да қалтқысыз қызмет етуіме шабыт сыйлады, қанаттандырды», - дейді Хатиша Сағатқызы ерекше тебіреніспен. Бұл Хатиша Жұмағұлованың бір ғана табысы емес. Құқық қорғау саласында қызмет атқарған отыз  жылдан астам уақытта  өз ісінің кәсіби шебері болған жан талай рет түрлі марапаттарға ие болып, еңбегінің жемісін татып келе жатыр.
       Прокуратураның құқық қорғау міндеті «Прокуратура туралы» заңның 7-бабында көрсетілген. Оған сәйкес прокуратура органдары заңдарда белгіленген тәртіп пен заң бұзушылық жөніндегі арыздарды қарап, адамның және азаматтың, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуын жойып, құқықты қалпына келтіру шараларын қолданады. Мемлекеттік билік органдарының жүйесінде прокуратураның орны әрдайым ерекше. Жоғары қадағалау жасауға конституциялық өкілдігі бар бұл салаға Отанымыздың игілігі үшін қызмет ету, заңдылықты сақтау, мемлекет пен қоғам мүддесін қорғау міндеттелген.
       Ел Президенті бекіткен «Құқықтық саясат тұжырымдамасында» прокуратура органдары құқық қорғау жүйесінің түп­қазығы деп айқындалған. Хатиша Сағатқызы арыздарын арқалаған азаматтарды үнемі жеке қабылдауға баса мән береді. Өйткені, әділдікке қол жеткізе алмай жүрген көптеген жанның жанайқайы осы жеке қабылдауда ашық сөз болады. Әрбір адамның шағымы бойынша прокурор Х.Жұмағұлова прокуратураның жауапты қызметкерлеріне арызданушылардың дәйектерін мұқият зерделеуді, заңдылықтың сақталмағаны анықталған жағдайда бұзылған құқықтарды қалпына келтіру бойынша түбегейлі шаралар қабылдауды, кінәлі адамдарды заңмен белгіленген жауапкершілікке тартуды тапсырады. Ол әрбір азаматтың құқық қорғау органдарына сенім артуы үшін де осы жұмыстың қаншалықты маңызды екендігін басқалардан тереңірек сезінеді. Прокурордың белсенді ұстанымы, өмірге деген құлшынысы ортасына да әсер етпей қоймайды. 
      - «Заң білмеу ғаріп, басыңа қауіп. Егер өз құқығыңды білсең, бүгінгі заң барынша халықтың өмір сүруіне қолайлы етіп жасалған. Тұрғындар да көп жағдайда өзінің құқығын білмейді. Әдетте адвокаттарға адам әбден тығырыққа тірелгенде келеді. Құқық­бұзушылық орын алса, көршісінен, туысынан, жолдасынан сұрап, өз бетінше әрекет жасап, істі шиеленістіріп, күрделенгенде бізге жол салады. Ең алғашқы жағдайда келсе істі шешу де жеңілдер еді. Жалпы, өзінің құқығын қорғау үйдегі тәрбиеден, мектептегі тәртіптен басталуы керек. Баланың санасына әу бастан сіңіру қажет. Балаға әрбір әрекетін саналы түрде істеуді үйреткеніміз абзал. Содан өзіне деген құрметті үйренеді. Келеңсіз жағдайлардың орын алуы көпшіліктің заңға деген немқұрайлылығынан», - дейді ол.
      Адам баласының арманы көп болады ғой. Арман адамды алға жетелеп, көптеген ерліктерге, адал, батыл әрекеттерге итермелейді. Армандары көп нәзік жандылардың бірі – Шиелі ауданының прокуроры Жұмағұлова Хатиша Сағатқызы. Оның басты арманы - жер бетіндегі адамдардың бәрі мейірімді болса, жер бетінде тыныштық пен бірлік орнап, адамдардың бәрі бақытты ғұмыр кешсе дейді. Қазақстандық қоғамда қазіргі кезде сана сергектігі, рухани жаңғыру, рухани түлеу мәселесі өткір тұрғаны мәлім. Демек, туған еліңнің, туған өлкеңнің табиғатына жанашыр болу әрі перзенттік парыз, әрі Отанның ортақ шаруасына оң иығыңды тосу деген сөз. 
      Хатиша Сағатқызы – отбасында бауырларының ақылшысы, тірегі, балаларының сүйеніші. Білімді, ұстамды, парасатты, көркіне ақылы сай басшыны ұжымдастары да жақсы көреді, сыйлайды. Отанына қызмет етіп, сондай-ақ халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін күндіз-түні қызмет жасау – Жұмағұлова Хатиша Сағатқызы үшін үлкен мәртебе.Ал, ол болса:«Қызметте – темірдей тәртіп болғанымен, үйде келін, жар, ана екенімді ұмытпаймын» дейді. Хатиша апай өмірлік жолдасы Азходжаев Дауржан екеуі 29 жылдан бері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Дауржан аға мен Хатиша апай бір университеттің түлегі. Бүгінде Дауржан аға облыстық әкімдікте қызмет атқарады. Шаттыққа толы шаңырақта үш перзент өмірге келді. Тұңғыштары Айжан мемлекеттік күзет қызметінде жұмыс жасаса, ұлдары Айдан прокуратурада білікті қызметкер. Үйдің кенжесі Арлан – мектеп оқушысы. Болашағына балаған балаларынан Дауржан аға мен Хатиша апай үлкен үміт күтеді. Иә, жанұясымен қатар, қайраттылықты қажет ететін қызметін бірге алып жүретін нәзікжандылар қашанда құрметке лайық.   
       Ерлік пен батылдықтың үлгісін және жұмысқа деген адалдық пен қайраттылықтарын көрсетіп, ер азаматтардан қалыспай жауапты қызметті қызметті атқарып жүрген көңілі көркем, жүрегі нәзік, досқа адал, сертіне берік, кәсіби қызметінде талапшыл басшы, білікті ұйымдастырушы, көпшіліктің алдында мәлімдемелер жасауға, жалпақ жұрттың мүддесін қорғау бағытында батыл шешімдер қабылдауға әбден төселіп алған өз ісінің нағыз кәсіби маманы, сүйікті жар, бақытты ана, әділеттің, кісілік, ақыл-парасаттың ақ жолымен келе жатқан Хатиша Сағатқызы Жұмағұловаға келешекте биік белестерді бағындырып, жетістікке жете беріңіз, ең бастысы барша армандарыңыз орындалсын деген жүрекжарды тілегімізді жеткізгіміз келеді.
 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...