Жәнібекова Ләйлә

Рейтинг:

Кәсібіне адал жан     

      Әлімсақтан өмірге адамның бәрі бірдей болып келеді деген тәмсіл бар ғой. Алайда, әр адам «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» демекші, отбасында ата-анадан алған тәлім-тәрбиесіне, өскен ортасына, алған біліміне, таңдаған кәсіп-мамандығына қарай әрқалай азамат болып қалыптасатыны сөзсіз. Сонымен қатар, елге сіңірген еңбегіне, жасаған қызметіне қарай абыройға иеленіп, сый-құрметке бөленеді. Әйгілі қаз дауысты Қазыбек би: «Ерден ердің несі артық – ептестірген ісі артық» деген қанатты сөзі осындайдан қалса керек-ті. Адамзат тарихындағы кішісінен үлкеніне дейін ұлы тұлғалардың бәрі сондай үлгілі-өнегелі істерімен көзге түсіп, айрықша бағаланып, халықтың жадында қалған. Тіпті, данышпан Абайдың: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрселермен оздым ғой деудің бәрі де – ақымақшылық» деуінде терең ойды меңзейді. Карл Маркстің: «Адамның мәні қоғамдық қатынас арқылы айқындалады» дегені және бар. Әңгімеге арқау болып отырған Ләйлә Нұрмаханқызы қазақтың қарапайым отбасында дүниеге келген. Ата-анасының тәлімді тәрбиесін алып бойжеткен ол бала кезінен өте шыншыл, достыққа адал, әрбір ісіне жауапкершілігі зор болатын. Мектеп кезінен-ақ, ұстаздары оның ұстамдылығын, әдептілігін, қайсыбір шаруаға болмасын барлық ынтасымен араласып кететін ұйымшыл, көпшіл екенін айтып мақтап отыратын.
      Жәнібекова Ләйлә Нұрмаханқызы 1956 жылы 10 маусымда Ресей Федерациясының Челябинск облысы, Еманжелинск қаласында дүниеге келді. 1963 жылы Шымкент облысы, Шардара қаласында М.Горький атындағы орта мектептің 1-сыныбына барды. Білімге құштар қыз орта мектепті 1973 жылы бітіріп шықты. 1975 жылы Ресейдің Свердловск қаласындағы заң институтының кешкі бөліміне оқуға түсіп, 1980 жылы заңгер мамандығын алып шықты. Құқықтықсауатты жас өзінің еңбек жолын кешкі бөлімде оқып жүріп бастаған болатын. Яғни, 4-сауда трестінде комсомол ұйымының хатшысы болып, институттағы оқуын тәмамдаған соң, 5-сауда трестінде заңгер болып жұмыс атқарды. Жас маман ретінде де өте байқампаз, ісіне мығым болатын. Бас мамандардың айтқанына ден қойып, өзінің күш-жігерін салып, ынтасымен жұмыс жасай жүріп, тәжірибелі мамандардың ақыл-кеңесіне ден қоя білді. Олардан үйренгендері көп болды. Ешуақытта жұмысқа кешікпейтін Ләйлә Нұрмаханқызы ұжым арасында, әріптестері ортасында беделді болып, лайықты марапат та алды. 
      Ләйлә Нұрмаханқызы 1985 жылы елге, Жетісай қаласына қоныс аударады. Сол жылы Жетісай аудандық тұтынушылар одағы төрағасының кадр бөлімі бойынша орынбасары лауазымына тағайындалып, 1986 жылы 1987 жылға дейін сонда абыройлы қызмет етті. 1986 жылы 16 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан Облыстық адвокаттар алқасының президиумынан адвокаттыққа өтіп, 1987 жылдың 1-ші қаңтар айынан бастап, Оңтүстік Қазақстан облысы адвокаттар алқасының адвокаты болып қызметке кірісті. Қызметтің талай қызығы мен қиындығын қатар көре жүріп, саласы бойынша ысылып, мықты маман болып қалыптасқан Ләйлә Нұрмаханқызы 2011 жылдан бастап жеке дара адвокат болып қызмет атқарып келеді. 2013 жылы 9 тамызда «Лэйла и К» жеке адвокаттық кеңсесін ашып, қарамағында екі адвокатпен бірлесіп жұмыс жасады.
      Білімді де білікті маман Оңтүстік Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының адвокаты болып қызмет атқарған кезінде, 2016 жылы атестаттау комиссиясының төрағасы болып сайланды. 2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Елеулі еңбегі» үшін медалімен, 2019 жылы «Кәсібіне берілгені» үшін медалімен және бірнеше мақтау грамоталарымен марапатталды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Мақтау Грамота» және Түркістан Облыстық адвокаттар алқасынан «Алғыс хат» алған.
      - «Тәрбие басы тал бесік деп ата-бабаларымыз айтқандай, адамзат бірінші тәрбиені отбасынан алады ғой. Адам өз-өзін де тәрбиелеп отыруы керек, үнемі өсіп даму үшін көп оқу керек.
      Қосымша әдеби шығармалар мен тарихи кітаптарды оқу арқылы адамның ой-өрісі өсіп дамиды. Тіл байлығы мен қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау, сөйлесу мәнерін жетілдіреді. Заңгер мамандығына тән жантану мен әдепті мектеп табалдырығынан бастап оқи бастадым. Бала кезімнен бергі қасиетім жаңалыққа жақындығым десем болады. Күнделікті жаңалықтар тыңдау арқылы да қоғамдағы жалпы әлемде болып жатқан жаңалықтармен танысып отыру арқылы әлеммен, қоғаммен үнемі байланыста боламын. Өйткені, адамзат үнемі рухани жаңғырып, өсіп отыруы керек. Сол сияқты заңгер мамандығы да үнемі жаңаруды, көп білуді талап етеді. Өз мамандығымның білгір маманы болу үшін, осы салада жұмыс жасайтын әріптестерімнен білмегенімді сұрап білуден шаршаған емеспін. Сонымен қатар, өз біліктілігімді арттырып отыруды да ұмытпаймын. Қоғамдағы адамдардың өз еріктерінен тыс немесе мәжбүрлеу арқылы жасалған қылмыстарынан қорғап алатын адвокат немесе прокурор болу әрбір оқушының, талапкердің арманы екені рас. Сол арман соңында жүрген жастарға да үнемі бағыт-бағдар беріп, оларды толғандырған кез келген сұрақтарға жауап беріп отырамын. Бұл менің болашақ жастарға деген қамқорлығым деп білемін. Дұрыс мамандық таңдау адам өміріндегі ең маңызды мәселе дейтін болсақ, басқаларға, әсіресе, кеңес сұрай келгендерге үнемі ақыл кеңес беріп отырамын. Қыр-сыры көп осынау заңгер мамандығын таңдап, шатыспай, сол салада білгір маман болып шығатын, еліміздің болашағына жас талапкер мамандығын қоса алсам, бұл да менің еліме аз да болса өз үлесімді қоса алғаным дер едім. Ұлы Абай: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан!» деген сөзін мен өзімнің өмірлік ұстанымым десем де болады. Елімізде біздің ізімізді жалғастырушы қаншама жастар бар. Заңгер мамандығын таңдап қана қоймай, оны бар жан-тәніңмен қызығып ізденіп, жұмыс жасауы керек. Қорыта келгенде, мемлекет алдында заң алдында жауапкершілікті сезінуі керек. Осы мамандықты таңдау адамның бойындағы жауапкершілікті сезінуіне мүмкіндік ашады. Заңгер мамандығының ыстығы мен суығына күйіп, осы салада жұмыс жасауға дайын болуы керек. Мен өзімнің мамандығымды мақтан етемін», - дейді кейіпкеріміз.
      Ләйлә Нұрмаханқызы 1980 жылы заң институтын бітірген соң, Байтелиев Мұратбек Әмірбекұлына тұрмысқа шықты. 1985 жылы жолдасы Свердловскдегі Орал политехникалық институтын бітірген Мұратбек Әмірбекұлы облысқа ғана емес, республикаға еңбегі сіңген белгілі құрылысшы. Аудандағы мектеп, аурухана тағы да басқа құрылыс нысандарына салып, үздіксіз атқарған қызметі үшін «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» атағының иегері атанды. Жолдасы – Мұратбек Әмірбекұлы «Нүрі-Л-Жетісай» жеке шаруа серіктестігінің директоры, инженер-құрылысшы болып қазмет атқарады. Отбасы 1985 жылы елге оралды. Өнегелі жанұяда Мәди, Рүстем, Дастан есімді ұлдарын тәрбиелеп, өсірді. Үлкен ұлы Мади 1980 жылы дүниеге келген. Бүгінде Кентау қаласы прокурорының орынбасары қызметін абыроймен атқарып отыр. Ортаншы ұлы Рүстем 1983 жылы дүниеге келген, жеке кәсіпкер. Үшінші ұлы Дастан 1989 жылы дүниеге келген, инженер құрылысшы.
      Үш ұлынан тоғыз немере көріп отырған бақытты шаңыраққа мықты денсаулық тілеп, еңбектерінің жемісін жей берсін дейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...