Өз ісінің тәжірибелі маманы
Әр заманның өз тіршілігіне сай қоғам талап еткен мамандықтары болады. Бірақ, уақыт өте келе олардың да қолданыстан шығып, оның орнын жаңа бір мамандықтар толықтырып отырады немесе түрленіп басқа мамандықпен бірігеді. Бұл – өмірдің бұлжымайтын заңдылығы. Бүгінгі біздің сөз қозғағалы отырған кейіпкеріміздің мамандығы, тамыры тереңде жатқан, тентегін тезге салып, батырын қайсар еткен аталарымыздан бастау алған, қара қылды қақ жара отырып, әділдігін айтып, үлкендердің куәлігімен шегесін берік еткен дала заңының дәстүрін, бүгінгі конституциялы, зайырлы да құқықты ел уақытында мәртебе алған – нотариус қызметі. Ай етегіне жыл еріп, ғасыр аунап түсіп, ғылым дамыған сайын заман талабына сай түрлі мамандықтар пайда болып, кейбіреулерінің маңыздылығы жоғарылап, алдыға шығатыны рас. Міне осындай, нарықтық қоғам талап еткен, демократиялық, зайырлы елді жарқын болашаққа жетелейтін, қоғамның бір мүшесі саналған әр адамның өз құқықтарын білуге міндеттейтін, тұрмыс барысында кездесетін құжаттық рәсімдерді заң жүзінде бекітіп, жүргізетін қызметтердің бірі ол – нотариус.
![]()
Әр мамандықтың өмірде қызығы мен ауырлығы болады. Сондықтан өз ісінің маманы атану көп еңбектеніп, ізденуді қажет етеді. Өмірінің қырық жылға жуығын заң саласына арнаған және оны абыроймен атқарып келе жатқан жан туралы мақала жазарда әуелі ол кісінің саналы ғұмырындағы қызығы мен шыжығы мол «өмір кітабын» бір емес, бірнеше қайыра «парақтап» шығуың керек болады. Біздің бүгінгі әңгіме еткелі отырған кейіпкеріміз заң саласында, атап айтқанда нотариаттық қызмет көрсетуші нотариус – Жалғасбаева Шолпан Шарипханқызы.
Біз бүгінгі сөзіміздің ауанын саналы адамдық, азаматтық ғұмырын жас мемлекетіміздің ертеңі болған тиісті өскелең буынды саф, таза білім нәрімен сусындатуға орасан зор күш жұмсаған, бүгінгі таңда нотариалдық салада елге қызмет етіп келе жатқан тамаша жанның үлгі алуға тұрарлықтай өміріне қарай бұрғанды жөн көрдік. Сөзінің турасын ақсақал сөзімен мірлеп, әділдік пен адалдықты серік еткен аталарымыздың дала заңының ізін жалғап келе жатқан Шолпан Шарипханқызы 1965 жылдың 20 қазанында Жамбыл облысы, Луговой ауданы, Алғабас ауылдық кеңесі, Жарлысу елді мекенінде дүниеге келді. Әкесі – Кадиркулов Шарипхан Қазақ педагогикалық институтын тарихшы мамандығы бойынша бітірген, жоғары білімді педагог. Саналы ғұмырын жастарға білім беру ісіне арнап, ағарту ісінің үздігі болып, бірнеше мәрте орта мектеп директоры қызметін атқарып, абыроймен зейнеткерлікке шыққан ұлағатты ұстаз. Ал, нұрлы жүзінде мейірімділік пен махаббаттың, имандылық пен инабаттылықтың табы сезілетін анасы – Қасымбекова Саруерхан да Қазақ қыздар педагогикалық институтын «Тіл әдебиеті» мамандығы бойынша бітіріп, өмір бойы ұстаздық қызмет атқарған ұлы ұстаз.
![]()
Таным-түйсігіңнің көкірек көзін ашып жеберіп қарасаң табиғаттың қайталанбас сұлулығын бойына жасырып, төсіне жайылған малдың тұяғына береке қондырған құтты мекенде балалығын өткізген Шолпан 1972 жылы Луговой ауданы, Жамбыл ұжымшарындағы орта мектептің табалдырығын аттайды. Педагогтар отбасынан шығып, ұстаздардың перзенті болу қандай бақыт десеңші, жарқын болашаққа жөн сілтер ұстаздар маңын қоршаған жас мектептегі үздік оқушылардың бірі болды. Зеректігі ерте ашылып, зейінділігі мол болған шәкірт мектепке үлкен дайындықпен барып, ұстаздарын жақсы баға алумен қатар, сыныптың көшін сүйрей білген белсенді шәкірттердің бірі болды. Ұстаз тапсырмасын орындауда тапқырлық танытып, тиянақты ісінде артық сөз қалдырмай, тәлімі мол ұстаздарының арқасында, ұмтылу қабілетін серік етіп мектепті үздік сапында тәмамдайды.
Түн қараңғылығында білтесі тұтанған шамға кім жүзін бұрса, соның жүзі жылынып, жарық болатыны секілді, білімге деген құштарлығы басым болған шәкірттің армандары көп еді. Солардың бірі, ата-ананың үмітін ақтап заңгер мамандығын игеріп, құқықтық салада қызмет ету. Шабытты ақынға бүкіл әлем ән салып тұрғандай көрінетіні секілді, білім айдынына құлаш ұрған Шолпан үшін жоғарғы оқу орнына түсуге бет алу – үлкен өмірдің есігін ашып бергендей болды. 1982 жылы мектепті бітірген соң, Қарағанды мемлекеттік университетінің «Заң» факультетіне оқуға түсіп, 1987 жылы «Заңгер» мамандығын игеріп шығады.
![]()
Тиімді қолдана білсең құдіреті мол мамандықты игеріп шыққан Шолпан Шарипханқызының заң саласындағы алғашқы қызметі 1985 жылы Қазалы ауданында ауылшаруашылығы саласында заңгер болумен басталды. Заңгерлік халық қалаулыларымен бекітілген заң шеңберінде жұмыс жүргізіп, кәсіпорын жұмысын заңды режимде жүргізу. Теориялық білім алғашында тек санада ғана болғанымен, уақыт өте келе тәжірибе жинақтаған жас маман Жаңақорған ауданына, ауыл шаруашылығы саласына ауысады. Одан әрі қызметінде сатылай өсіп, 1990-1992 жылдары Құмкөл мұнай компаниясының өндірістік жабдықтау басқармасында, СПМК-27 мекемесінде заң кеңесшісі болып жұмыс жасап, 1993-1996 жылдары «Агропромбанк», «БанкТуранАлем» филиалында заңгер болып қызмет атқарған Шолпан Шарипханқызы 1999-2003 жылдары Қазалы ауданында жеке кәсіпкерлікпен айналысты.
Заңгерлік жұмыс – өте күрделі және ауқымды қызмет. Оның мазмұны бір жағынан Конституциямен бекітілген азаматтардың құқығын қорғауды, ал екінші жағынан әр азаматтың құқықтық нормаларды қалтқысыз сақтауын қамтамасыз етуді, кез келген қоғамға қарсы және заңға қайшы әрекеттермен, қылмыспен күресуді қамтиды. Мазмұнына қарай заңгерлік қызметтің мынадай түрлері бар: төрелік ету, прокурорлық қадағалау, азаматтар мен ұйымдарға құқықтық көмек көрсету (адвокаттық қызмет), нотариалды әрекеттер жасау, мемлекеттік органдардағы, кәсіпорындардағы және ұйымдардағы құқықтық жұмыс. Құқықтық қызметтің аталған түрлеріне құқықтық мамандықтар да сәйкес келеді: тергеуші, прокурор, сот, адвокат, нотариус, құқықтық кеңесші. Міне, біздің бүгінгі кейіпкеріміздің таңдағаны осы мамандықтардың ішіндегі – нотариус қызметі.
![]()
Құқықтық сауаты басым, заңгерлік саланы жақсы білетін Шолпан Шарипханқызы 2003 жылы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің нотариаттық қызмет жасауға лицензиясын алып, 2004 жылы Байқоңыр қаласында жеке нотариус болып жасаса, 2005 жылдан бастап Қызылорда қаласында жеке нотариус ретінде тұрғындарға құқықтық-заңдық көмек көрсетіп, қызмет етіп келеді.
Міндеті өзіне өтініш жасаған жеке және заңды тұлғалардың мүдделеріне орай Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген нотариалдық қызметті атқару, мәмілелердің, арыздардың және өзге де құжаттардың жобаларын жасау, құжаттардың көшірмелері мен олардан үзінділер әзірлеу, нотариалдық қызмет көрсету мәселелері бойынша кеңестер беру, жеке және заңды тұлғалардан нотариалдық қызмет көрсетуіне қажетті құжаттар мен мәліметтерді талап ету болып табылатын, сондай-ақ, оқытушылық және шығармашылық қызметпен айналысуға, соның ішінде жалдану шарты бойынша және техникалық сипаттағы өзге де ақылы қызметтер көрсетуге құқығы бар нотариустық қызметтің ішіне еніп кете барды.
Әділдік пен адалдық – адам бойында шебер үйлесімділікпен астаса білген ең құнды асыл қасиет. Адам болып өмірге келген соң, өзіңнің адами қасиетіңді сақтап, өн бойыңды, жүрегіңді таза, адал ниетпен толтырып, өзгеге қайырымды ісіңді насихаттап, арттағы ұрпағыңа өнегелі тәрбиеңді көрсетіп, із қалдырғанға не жетсін?! Одан асқан қандай бақыт, қандай сый бар десеңші?! Иә, мұндай асыл қасиет – біздің дара халқымыздың бойында, қанында бар қасиет. Тіпті, қазақ халқының адалдығы, тура жолды хақ айырған әділдігі мен шешендігі туралы шетелдік зерттеушілер өздерінің қол жазбаларында тамсана жазған деседі. Шынымен де, ықылым замандарда өзінің туралығымен, шешендігімен, тапқырлыққа толы тәрбиелік сөзімен түрлі даулардың шешімін кесіп айтып, тоқтата білген билер аз болмаған.
Сондай әділдік пен адалдықты ту еткен қазыналы билеріміздің ізін жалғап, заман ағымы мен көшіне сай өзгерген күрделі қызметтің қызығы мен қиындығына төзіп, ел алдындағы міндетін абыроймен атқарып, адалдық пен әділдік үшін күресіп, халықтың зор ілтипатына бөлене білген Шолпан Шарипханқызы елдің ыстық ықыласын ала білген маман. Өз ісінің білікті маманы болып, адал атқарған әр адам еңбегінің зейнетін көруге лайықты. Алдына заң жөнінде көмек сұрап келген тұрғындардың өтінішін қанағаттандырып, олардың мәселелерін заң жүзінде атқарып құжаттық түрде реттеп отырған кейіпкеріміз түрлі марапаттарға ие болды.
- «Отбасымда жұбайым және үш балам бар. Арқа сүйер азаматым Жалғасбаев Ертілеу Шынтасұлы да, өзім секілді Қарағанды мемлекеттік «Заң» факультетін аяқтаған. 1985-2017 жылдар аралығында прокуратура органдарында қызмет етіп, Арал, Қазалы аудандарының, Байқоңыр қаласының прокуроры, Қызылорда облысы прокурорының орынбасары, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу Комитетінің Қызылорда және Жамбыл облыстары бойынша басқарма бастығы лауазымдарында қызмет етіп, 2017 жылы қызмет өткерудің шекті жасына байланысты құрметпен отставкаға шықты.
2017 жылы Қызылорда облысы әкімдігіне қарасты облыстық еңбек саласында бақылау басқармасының басшысы лауазымына тағайындалып, 2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің басшысы қызметін атқарып келеді.
Ұлым Шынтас Ерлан Ертілеуұлы жәке кәсіпкер, екінші перзентім Жалғасбай Ерсұңқар Ертілеуұлы Қызылорда қаласының жеке нотариусы, кенже ұл Жалғасбаев Ерқыран Ертілеуұлы Қызылорда облысы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы қыметін атқарады. Үшеуі де жанұялы, немерелеріміз бар», - деп отбасы туралы айтып өткен Шолпан Шарипханқызы адамгершілігі мол, мәдениетті, жан-жағындағы адамдармен қарым-қатынасы мықты, берген уәдесіне берік жан. Сөзін нақтылап айтатын әділ. Кім-кімді болмасын өзіндей көріп, жаны ашып тұрады. Иә, қазақта «Жақсыны көріп жан семіреді» деген әдемі тәмсіл бар. Жақсы адам жанашыр бола алады. Ал сондай жанның жанында жүріп еңбек ету тіпті ғанибет. Ондай жаннан үйренерің де көп болады.
Табиғатынан көркем мінезді адам өз ортасында жұлдыз іспетті жарқырап тұрады. Ол адамның әдемі аурасы да көпті еріксіз елітіп әкетеді. Ондай адамды жақсы деп атай салу құр бос сөз болған болар еді. Себебі, жақсы жанның бойындағы асыл қасиеттердің тізбегінде шек болмайды. Жақсылық дегеніміз күн іспетті, кейде бұлт астына жоғалып, кейде сәулесін мол шашып, нұрын төгіп тұрады. Сондай жақсылық сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп тұратын жақсы адамдар біздің жан-жағымызда жүр. Ол біздің әкеміз, анамыз, бауырларымыз, балаларымыз, достарымыз. Тізе берсек әрине көп. Сол сияқты жақсы адам үнемі жан-жағын нұрландырып тұрады. Олар әрдайым жақсылық жасауға ұмтылып, қиын кезде көмектесіп, өмірдің мәнді де сәнді болуына өз септігін тигізеді. Өзінің бойындағы адамгершілік асыл қасиеттерімен көптің ілтипатына бөленіп жүрген сондай жандардың бірі Шолпан Шарипханқызы деуге болады. Қашан көрсең де жүзі бал-бұл жайнап, ашық-жарқын сәлемдесіп алып, алыс-жақындардың халін сұрап бәйек болып тұрады. Алдымен денсаулықтың мықты болуын тілейді.
Расында күнделікті өмірде адам кімнің кім екенін біле бермейді ғой. Қарбаласқан тіршілікте оны ойлап ескеруге де, елеуге де дес бермейді, көңіл бөлінбейді. Міне сондай биязы мінезді, көпшіл жан Шолпан Шарипханқызы жайлы айтарымыз да мәресіне жетті. Кейіпкеріміздің отбасына амандық, кәсібіне береке тілейміз!