Бисенов Алдаберген

Рейтинг:
Әке жолы
 
      «Тау – алыстаған сайын биіктей түседі». Бұл – ғасырдан ғасырға жалғасып, ұрпақтан ұрпаққа жеткен ата-бабаларымыздың мыңдаған жылдық өмірлік тәжірибесі, парасатты ой-пайымы. Есейдік. Ел ағасы болдық. Ұрпақ тәрбиелеп – әке, немере сүйіп – ата атандық. Ата-анаға деген перзенттік құрмет, сағыныш күн өткен сайын ұлғая түскендей. Әкенің ұлағатты жолын жалғастырып өз ұрпағымызға бере алдық па, ата-ана алдындағы перзенттік парызымызды өтей алдық па деген ойлардың жиі мазалайтыны да рас.
      Әкеміз таза еңбек адамы еді. Бүкіл саналы ғұмырын елге еңбек етуге арнады. Адалдық пен әділдік әкеміздің  өмірлік қағида-ұстанымы болды. Еңбек адамын өзі де барынша құрметтеді. Қолдады. Қамқорлық көрсетті. Осы қасиеттерінің арқасында елдің құрметіне бөленді, Кеңестік кезеңдегі еңбек адамына берілетін ең жоғарғы наградалар мен атақтарды иеленді. Ойлап отырсам, осының барлығы ата-анасынан алған тағылымды тәрбиесінің, өнегелі отбасылық дәстүрдің арқасы екен ғой.
      Ата-бабаларымыз текті кісілер болған. Бір ғасырға жуық өмір сүрген Малай би атамыз кейінгі ұрпаққа ізгілікті ізін қалдыра білген жан. Атақты Малай бидің ұлы Ес, онан туған үш баланың бірі – атамыз Бисен.
      Әкем Алдаберген осы күнгі Жалағаш ауданына қарасты Аққұм ауылында 1926 жылы дүниеге келген. Балалық шағы ашаршылық жылдарында өтсе, жастық шағын Ұлы Отан соғысына қатысып, елін жаудан қорғауға арнаған. Жеңіс күнін Германияның атақты Эльба өзені бойындағы Магдебург қаласында қарсы алған. Жауынгерлік ерліктері үшін I және II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған. Елге 1951 жылы оралған.
      1951-1952 жылдары яғни, әскерден келгеннен кейін Тереңөзек аудандық байланыс жүйесінде қызмет атқарған. 1952-1955 жылдары Қызылорда ауылшаруашылық техникумында оқып, техник-механик біліктілігін алған. 1955-1958 жылдары Жалағаш ауданына қарасты «Еңбек» ұжымшарында бас инженер-механик, «Қара төбе» МТС-де бас инженер қызметтерін атқарған. Егіс даласында еңбек етіп, шаруаның жай-күйіне қаныққаннан кейін, өнертапқыштыққа қарай ойысады. Шөп жинау және жер жырту техникаларын жетілдіру бойынша ұсыныстары өндіріске енгізіліп, жаңашылдық ретінде облыста кеңінен тарап, сан мың диқанның жұмысын жеңілдетіп, елдің кәдесіне жарады.
      Білікті маман, іскер ұйымдастырушы, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын басшы ретінде еңбегі елеусіз қалған жоқ. 1960-1962 жылдары Жалағаш ауданы «Жаңаталап» ұжымшарының басқарма төрағасы болып тағайындалады. Өндірістен қол үзбей жүріп, кеңшар директорлары курсын, Қазақ ауылшаруашылық институтының агрономия факультетін бітіріп, білімін шыңдаған. 
      Өзі басқаратын шаруашылықтың өсіп-өркендеуі үшін еңбек ете жүріп, кеңшардағы 1300 га күріш егістігінің көлемін 2800 гектарға, түсімін гектарына 50 центнерге жеткізді. Мұндай ауқымды жетістікке жеткен «Жаңаталап» кеңшарының даңқы аудан асып, облыс, республика көлеміне тарады. Шебер ұйымдастырушы ретінде ауылдың әлеуметтік ахуалының жақсаруы, экономикасы мен мәдениетінің өркендеуі жолында аянбай еңбек етті. Соның нәтижесінде, тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып, қосымша еңбекақы есебінен жеке жеңіл автокөлік пен мотоцикл иеленушілер саны арта түсті. Ауылда еңбек тәртібін сақтау ісі қатаң бақылауға алынып, тәртіп бұзушыларға қарсы күрестің басында кеңшар директорының өзі жүрді. Осындай ерен еңбектің нәтижесінде сегізінші бесжылдық қорытындысы бойынша 1971 жылғы 8 сәуірде КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының Жарлығымен әкем Алдаберген Бисеновке «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді. 
      1972 жылдан бастап Тереңөзек ауданына қарасты Қазақ КСР-ның 50 жылдығы атындағы (қазіргі Н.Ілиясов атындағы ауыл) кеңшарда директорлық қызмет атқарған тұста да тың бастамалар көтеріп, ғылым мен техника жаңалықтарын өндіріске батыл енгізіп, шаруашылықтың экономикалық дағдарыстан шығуына тікелей басшылық жасаған. Тауарлы сүт кешенін ұйымдастырып, асыл тұқымды сиыр басын 4000-ға жеткізіп, олардың әрқайсысынан жылына 3800 литрден сүт өндіруді қамтамасыз етті. Күріш өнімін гектарына 55 центнерге жеткізді. Ауыл халқының әлеуметтік жағдайының көтерілуіне де көп күш жұмсады. Кеңшар орталығынан жаңа үлгідегі тұрғын үйлер, мәдениет үйі, қонақүй, сауда орталығы, әкімшілік және халыққа қызмет көрсету орталығы сияқты нысандарды қалалық сәулет үлгісімен салдырды.       Еңбек адамы қашанда құрметке лайық. Жалағаш, Тереңөзек аудандарында бірнеше шаруашылықты басқара жүріп оларды тек облысымыздағы ғана емес, республикамыздағы үлгілі шаруашылыққа айналдырғаны үшін есімі «Қазақстанның Алтын кітабына» жазылды. Қазақстан Компартиясының XIV съезіне делегат болып сайланды. Мемлекеттік «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталды.   
      Әкемнің елге жасаған қалтқысыз еңбегі ұмыт қалған жоқ. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылға 3 қазандағы №1021 қаулысымен Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Аққұм ауылындағы № 38 орта мектепке есімі берілді. Бүгінде осы мектепте ел ардақтысының өмірі мен қызметіне арналған мұражай бар. Қызылорда облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен 2016 жылы 3-5 қарашада әкеміз Алдаберген Бисеновтің 90 жылдығына орай Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентіндегі бір көшеге оның есімі берілсе, туған ауылы Аққұмда ескерткіш-мүсіні орнатылды.
      Өнегелі өмір жолы мен тағылымды тағдыры туралы «Нартұлға» «Рухқа тағзым», «Аққұм-атақоныс», «Батырлар басқарған ауыл», «Қалдырған ізің мәңгілік» атты естелік кітаптар жарық көріп, бірнеше деректі фильмдер түсірілді. Бұл дүниелердің келешек ұрпақты еңбексүйгіштікке, адалдық пен әділдікке тәрбиелеудегі орны ерекше деп ойлаймын. Ең бастысы, елге қызмет етудің, азаматтық борышты сезінудің үлгісін көрсететін ғибратты кітаптар.
      Кез келген мемлекет үшін адам факторы бірінші орында тұр, еңбек адамының рөлі де ерекше.Талмай еңбектенген адам ғана шынайы бақытқа кенеледі. Біз әкемізді шынайы бақытқа кенелген адам деп білеміз. Ол өмірінің соңына дейін ауыл шаруашылығында еңбек ете жүріп, еңбек өнімділігін арттырудың жаңа тәсілін, тың жолын іздеді. Соның нәтижесінде артта қалған бірнеше шаруашылық аз ғана уақыттың ішінде жоғары көрсеткішке жетті. Еңбегінің мерейін көрді.
      Туған топырағы, ата-баба қонысы – Аққұмын ерекше жақсы көрді. Сол кезде қызмет бабымен басқа ауылдар мен аудандарда қызмет атқарғанымен, көкейіндегі аңсары қашанда өз ауылында жатты.
      Әкемнің замандастары, ізбасар-шәкірттері, әріптестері мен іні-қарындастары Қ.Табынбаев, С.Далдабаев, Б.Көштаев, А.Божанова, Е.Оспанов, т.б. әкемнің әділдігі мен адалдығы, іскерлігі мен ұйымдастырушық қабілеті, адамгершілік болмысының басқа да қырлары туралы естеліктерін айтып та, жазып та келеді. Ел, халық үшін еңбек еткен сол кездерін сағынышпен еске алады. Әсіресе, әкемнің шаруашылықтарды басқарған кезіндегі еңбек адамына жасаған құрметін, ауыл тұрғындарының ол кісіден көрген қамқорлығын әрдайым еске алып отырады. 
      Бізге – ұрпақтарына деген ағалық ықыластарын, жылы лебіздерін  білдіріп, баталарын беріп жатады. Осының барлығы ата-анама деген құрмет, тағзым. Жақсының атының өшпеуі, мың жылдық ғұмыр дегеніміз осы шығар деп ойлаймын, шүкіршілік жасаймын.
      Анам Зүбәйра да текті әулеттің қызы. Нағашы атам Сейіл Балқожаұлы (1881-1954 жылдары өмір сүрген) Қазалы уезінің Жаңақала ауылының тумасы,1930 жылғы Қызылқұм ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан ұлтжанды азамат. Көтеріліс жеңіліс тауып, соның салдарынан Өзбек КСР Кашкадария облысы, Карши ауданының Нишан кеңшарына қоныс аударуға мәжбүр болған. Анам 1933 жылы сол жақта дүниеге келген. Нағашы әжем Мамық Амантайқызы (1888-1968 жылдары өмір сүрген) – ел тарихында айтулы орны бар әулие Марал ишан Құрманұлының әулетінен шыққан. 
      Ел іші тынышталған соң нағашы атам отбасымен Өзбекстаннан 1948 жылы Тереңөзек кентіне көшіп келеді. Анам Зүбәйра 1950 жылы осындағы М.И.Калинин атындағы орта мектепті бітіріп, аудандық банкке қызметке тұрады. Бұл уақытта әкем соғыстан келіп, аудандық пошта бөлімшесінде жұмыс істейді екен. Оларды тағдыр осылай табыстырады. Әкем екеуі 51 жыл бірге өмір сүрді, ұрпақ тәрбиеледі.
      Бүгінде ойлап отырсам, әкемнің әрбір жеткен жетістігінде анамның да орны ерекше екен. Ер адам, оның ішінде ел басқарған адам үшін отбасының берекесі – ең бірінші демеу, арқа сүйер көмекшісі. Анам – осындай берекелі отбасының ұйытқысы болды. Ол кісінің қолынан қазақтың талай белгілі тұлғалары дәм татты. Біз үшін ерекше есте қалар тағлымды естеліктің бірі – 1976 жылы облысымыздағы үлгілі шаруашылықты көруге келген Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың үйімізде болып, анамның дастарханынан дәм татуы, ақ батасын беруі. 
      Ақыл-парасатымен, қонақжайлығымен, берекелі дастарханымен көпке үлгі бола білген анам тек әулеттің ғана емес, тұтас ауылдың сыйлы, құрмет тұтатын анасына айналды. Ұрпақ тәрбиесінде өзінен кейінгі жастарға тәлімді жол көрсетіп, үлгілі ісін қалдырған ақылшы-ұстазы болды.
      Отбасы құндылығының, ата-анадан алған тәлім-тәрбиенің кім үшін де орны ерекше. Шүкір, өмірдің айтулы белестерін бағындырып келеміз. Білім саласы мен ғылым саласында айтарлықтай еңбек етіп келемін. Осы уақытқа дейін жеткен жетістігім болса, ол әуелі Алла Тағаланың, сосын ата-анадан алған өнегемнің жемісі деп білемін.
      Зайыбым Гүлсім Зікірияқызы екеуміз ұл-қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отырмыз. Ата-анамыздың отбасылық дәстүрін берік ұстану, оны ұрпақтарымызға аманат ету біздің ең бірінші мақсатымыз. Жарым Гүлсім Зікірияқызы да ұстаз-ғалым. 
      Қызымыз Меруерт Бисенова, ғалым-ұстаз, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры міндетін атқарушы. Екінші қызымыз Маржан Бисенова «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институтының кафедра меңгерушісі. Ұлымыз Мұрат Бисенов, ғылым магистрі, екінші ұлымыз Мағжан Бисенов, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау (КИМЭП) университетінің студенті. Әрбірінің болашағынан зор үміт күтеміз.
      Қазақ бала тәрбиесіне баса мән берген халық қой. Ұлтымыздың рухани тамырынан нәр алған, өз елі мен туған топырағын, ұлт құндылықтары мен ата баба дәстүрін қадір тұтып, құрметтей алатын ұрпақ тәрбиелеу біздің ең басты мақсатымыз.
Қылышбай БИСЕНОВ
 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...