Турабаев Дәулетбек

Рейтинг:

Әділдікті ту еткен

      Тәртіп бұзылмас үшін қоғамда тыныштық болуы керек. «Тәртіпке бас иген адам құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды», - деп Б.Момышұлы айтқандай, еңбек тәртібін сақтап, заңды құрметтеп, тыныш жүрсе, одан ешкім де ұтылмайды.
      Әрбір адамға жақсы маман болып қалыптасуы үшін білім, тынымсыз еңбек, өзіне деген сенімділік, мақсатына жетуге деген ерік-жігер, тиянақтылық сияқты қасиеттер қажет. Ал, жақсы маман болып қалыптасу үшін жоғарыда көрсетілген қасиеттермен қатар әрбір істі шығармашылықпен, адамгершілікпен шешуді қажет ететін интуиция, дәлдік, тапқырлық, мейірімділік сияқты қасиеттер болуы қажет. Әрбір адам өзінше психолог. Ал өзгелердің жан-дүниесін терең түсінетін немесе түсінуге ұмтылатын жан өз ісінің мықты маманы бола алады. «Билігі мықты елдің – тірлігі құтты» дейді. Сот, заң, құқық, тәртіп... Бұл жұмыстың ауқымы кең, алайда алғысы сирек. Тәртіп саласына жүйкенің мықтылығы, сабыр, ұстамдылық демеу болады. Егер ондай мінезі болмаса, бұл салада жұмыс жасау әркімнің қолынан келмесі анық.
      Өркендеген, өркениет биігіне көтерілген қай саланы алып қарасаңыздар да, осы саланың дамуына өз үлесін қосқан, саналы ғұмырындағы сансыз еңбегі жатқан арда азаматтарымыз бен парасат биігіне көтерілген, әділдікті ту еткен абзал ағаларымыздың есімдерін құлағымыз шалады. Олар өз ісінің кәсіби білікті мамандары бола білді. Әділеттіліктің ақ туын тік ұстап, дүдәмал тұстары көп істің пердесін түріп, адалдық жолында аянбай еңбек етті. Құқық қорғау жолында жар құлағы жастыққа тимей, өзіне артылған жауапкершілік жүгін, азаматтық сеніммен, қайсарлықпен көтере білді. Өзінің мүддесінен әділдіктің жауапкершілігін жоғары қойып, азаматтық арына дақ түсірмей, елдің, азаматтардың құқығын қорай білді. Осындай ерен еңбектері мен адами құндылықтарды жоғары қоюымен атақ-абыройы асқақтай түскен арда азаматтарымыздың бірі – Турабаев Дәулетбек Қалдарбекұлы.
      Қоғамның тыныштығы, берекелі тірлік, бейбітшілік үшін ел күзетінде жүрген Дәулетбек Қалдарбекұлы 1984 жылдың 11 мамырында Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келді. Сырдың бойында, құтты мекенде бақытты балалығын өткізіп, ата-анасының махаббат пен мейірімге толы ыстық құшағында тербеліп өсті. Жарқын болашаққа бастайтын білім ордасының табалдырығын қазақ орта мектебінде аттап, өмірден өз орныңды тауып, адам болып қалыптасуына сеп болатын, асыл қасиеттерді бойына сіңіре білді. Кішкентайынан ширақ қимылды, ұстаздарының тапсырмасын екі етпей орындайтын, алғыр, қағілез жас мектептің қоғамдық өмірімен белсене араласып қана қоймай, пән сабақтарын жақсы оқуда да ұстазының мақтауына ие болды. Бұл асқар тау әкесі мен аяулы анасының Дәулетбектің бойына сіңірген тәрбиесі болса керек-ті. Әкесі – Айдарұлы Қалдарбек бірнеше жыл өрт сөндіруші болып қызмет атқарған, қазіргі таңда құрметті зейнеткер. Анасы Раматуллақызы Айымкүл, жеке кәсіпкер. 
      1997 жылы Қызылорда қаласындағы Батыржан Шалғынбаев атындағы №217 қазақ орта мектебіне ауысқан Дәулетбек 2001 жылы Жаңақорған кентіндегі №163 қазақ орта мектебінде жалғастырып, 11-ші сыныбын осы жерде тәмамдады.
      Мектеп қабырғасында жүргенде әрбір шәкірттің жүрегінде бір-бір арман болады. Осы бір арманға қол жеткізіп, ойындағы мақсатын жүзеге асыру жолында ұмтылып ізденеді, еңбектенеді. Әке бойындағы әділдік, адалдық, кісілік болмысты тәрбие арқылы бойына сіңіріп, ана жүрегіндегі мейірімділік пен имандылық шырағына жүзін бұрған Дәулетбектің де өз арманы бар еді. Ол – заң саласында қызмет ететін білікті маман болу. Осы мүддені көздеген ол Семей қаласына оқуға аттанып, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Семей заң колледжіне түседі. Жалынды жасқа, қандай ортаның да есігі айқара ашық. Білім ордасында жүргенде де, жанындағыларды бір іске үйіріп алып кететін ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында, қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, тиянақтылықты, ыждағаттылықты, зерделілік пен зейін қоя тәлім алуды талап ететін «Заңгер» мамандығын игеріп, 2004 жылы бітіріп шығады.
      Заңгер мамандығы расында қыры мен сыры мол мамандық. Еліміздің заңдарын білу, әрбір жеке тұлғаның адам ретінде құқығын шектемеу, өзіңді және өзгені де сыйлай білу, қоғамдағы мәселелерге араласып, елдің қамын жеу бұл адами тұрғыда да заңгер ретінде ең керекті қасиет.
      Өз мамандығын сүйіп, алдына қойған мақсатына жету жолында аянбай еңбектенетін жан болады. Ондай адамдар қатарына еңбекқор, тиянақты, ұйымдастырушылық қабілеті мол, ойлағанын орындауға талпынатын шыдамдылар ғана жатады. Еліміз тәуелсіздік алып, азаматтық қоғамның қалыптасуы құқықтың маңызын арттыра түсті. Қазіргі таңда заңгердің көмегіне жүгінбейтін әлеуметтік саланы табу мүмкін емес. Олар заң шығару, орындаушы және сот билігінде, прокуратура мен адвокатурада қызмет етеді. Кәсіпорындарда, әлеуметтік-мәдени, ғылыми-зерттеу, білім беру мекемелерінде, коммерциялық құрылымдарда, қоғамдық бірлестіктерде құқықтық бөлімдер, бюролар ашылған, заңгер қызметіне арнайы штат бөлінген. Заңгерлер заңнамалық және заң шығару органдарының басқа да комитеттерін басқарады. Олардың барлығы да қызмет барысында қарым-қатынасқа түседі. Заңгерлердің кәсіби қатысымы басқа сала мамандары қатысымынан өзгеше, қызмет сипатына қарай өзіндік ерекшеліктерге ие.
      Колледжді бітірген талабы таудай Дәулетбек Қалдарбекұлы заң саласындағы өзінің алғашқы еңбек жолын 2004 жылы Қызылорда ОІІД-нің Жаңақорған АІІб-нің учаскелік полиция инспекторы лауазымына тағайындалумен бастайды. «Әділдік бар жерде - заңсыздық байқап жүретін, әділетсіздік бар жерде - заңсыздық шайқап жүретін» заманда, қара қылды қақ жарған әділ де, турашыл заңгер болу екінің бірінің қолынан келе бермейтін сала. Осы салада қызмет ете жүріп алғыр жігіт алтын уақытын жан-жақты білім алуға жұмсап, білімін одан әрі жетілдіру мақсатында 2005 жылы Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орнына сырттай 3 курсқа қабылданып, 2008 жылы «Заңтану» мамандығы бойынша жоғары білім оқуын бітіріп шығады. Өз ісіне сенімді, дұрыс таңдаған адам ғана жетістікке жетеді. Адам еңбегінен қуанышын таба білсе, бойына жаңа күш қосылып еңбекке деген шабыты арта түседі. Зор ықылас, шабытпен істелген іс биігіне жеткізетін қанат. Дәулетбек Қалдарбекұлы да өз ісіне адал, әділдік жолында қызмет ете білді. Әділдіктің ақ жолынан таймай, заң саласында құқықтық сауатын жетілдіріп, күрделі қиын, игілікті істердің ұйытқысы бола жүріп, қызмет сатысында да өрлей түсті.
      2007 жылы Қызылорда ОІІД-нің, Жаңақорған АІІБ-нің тергеу бөлімінің тергеуші болып қызмет тағайындалып, 2 жыл тергеу қызметінде жұмыс жасаса, 2009 жылы Жаңақорған АІІБ-нің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімше бастығы болып қызметке тағайындалды. Қолынан іс келетін маман қандай орта, қандай қызметте де алғырлығы мен қабілеттілігін, біліктілігін көрсете біледі. Кейіпкеріміз де қызмет ету барысында аянып қалған жоқ, лауазымдық міндеттемелерді уақытылы орындап, қоғамдық қауіпсіздік сақтауда еңбек ете біліп, 2009 жылы Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің 1-ші бетіне өз ісінің үздігі деп, облыс бойынша полиция қызметкерлерінің ішінен іріктеу болып, ең жұмыс көрсеткіші бойынша үздік деп танылып, суреті мен еңбегі журналистің тілімен көркемделіп, газет бетінде жарияланды. Бұл мақсаты мен мүддесі ел қызметіне арнаған маманның еңбегіне берілген әділ баға еді. 
    Өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған. Ол үшін ең алдымен мамандығыңызға деген махаббат керек. Махаббатпен істелген жұмыс қана нәтиже бермек. Екінші сөзбен айтқанда, мамандығыңыз сіздің сүйікті ісіңізге айналуы қажет. Бұл жағдайда адам қызметіне ерекше құлшыныспен кірісіп, жұмысынан ләззат алады. Қолына алған істі аяғына дейін жеткізетін, әрбір іске, жеке тұлғаның өтінішіне аса жауапкершілікпен қарап, зер салып мұқият қарайтын Дәулетбек Қалдарбекұлы 2012 жылдың 27 қыркүйегінде ҚР-сы Президент жарлығымен ІІМ-не кезектен тыс аттестация өткізіліп, барлық келген тест сұраққа 100 пайыз дұрыс жауап беріп, жоғары қызметке жолдама алды. Бұл жас маманның алдынан ашылған үлкен бір есік болды. Содан 2012 жылы Жаңақорған АІІБ-нің бастығының қызметтік жұмыстар жөніңдегі екінші орынбасары, 2013 жылы Қызылорда ОІІД-нің, Жаңақорған АІІБ-нің бастығының жедел жұмыстар жөніндегі бірінші орынбасары қызметтерін атқарған Дәулетбек Турабаев осы аталған құзырлы орган саласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, қылмыстың алдын алу, жолын кесу бағытында елге аянбай қызмет жасады. Полиция қызметіне жаңадан келген жас кадр мамандарға тәлімгер болып бекітіліп, қылмыстың алдын алу және жолын кесу болған қылмыстарды ізін суытпай қалай ашу бағытында нұсқау беріліп, жас кадр маман қызметкерлердің шыңдалуына көп септігі тиді. Сол тәлім алған жас полиция қызметкерлері қазіргі таңда өз жұмыстарын жақсы атқарып, аға офицер сенімін ақтап отыр.
      Содан қызмет бабымен басқа қызмет саласына ауысып, 2016 жылы «НұрКүзет» күзет фирмасының жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заңгері болып жұмыс атқарған Дәулетбек Қалдарбекұлы 2017 жылдан бастап, «Нұр-Әділ» заң фирамсын ашып, заңгерлік қызмет көрсету орталығының басшысы болып, 2019 жылдан бастап, Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының адвокаты қызметін абыроймен атқарып келеді. Сотта құзырлы орган мекемесінде қаншама адамдардың құқығын қорғап, әділ шешім шығуына, заңды түрде көмек беріп, 2020 жылдың қорытындысымен «Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының үздік адвокаты» атағына ие болған Дәулетбек Қалдарбекұлы қызмет етіп келе жатқаннан бері мінсіз еңбегі үшін түрлі марапаттарға ие болды. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дегендей кейіпкеріміздің жеткен жетістіктері мен еңбегінің бағасы болған марапаттарына көз жүгіртсек:
      ✦ 2009 жылы Ішкі Істер Министрлігінің «Үздік қызметі үшін» төсбелгісі;
      ✦ 2014 жылы «ҚАЖІІБ бастықтарының жедел жұмыс жөніндегі орынбасарлары» тақырыбында біліктілікті арттыру курстарынан өткені жөнінде Сертификат;
      ✦ Қызылорда облысы көлемінде өткізілген «Жомарт жүрек – 2019» жылдың байқауы бойынша 82 ұйымның ішінен «Жылдың үздік ұйымы» деген номинациясын жеңіп алған «Жаңарған Жаңақорған Жастары» алғыс хатпен марапатталды;
      ✦ 2020 жылы Дәулетбек мырза Қызылорда облыстық адвокаттар алқасынан «Үздік авдвокат» марапатын алған;
      ✦ 2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қайырымдылық бағытында ұйымдастырылған «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық акциясы бойынша «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қоры құрамында «Ең қайырымды ұйым» аталымы бойынша Қызылорда облысы әкімі Г.Әбдіхалықовадан Дипломмен марапатталған. 
      Дәулетбек Қалдарбекұлы бос кездерінде аудан жастарына ағалық жол көрсетіп, елге қызмет жасап, игі істермен айналысып келеді. Атап айтсақ, 2019 жылы «Жаңарған Жаңақорған Жастары» қоғамдық қорының құрылуына заңды тұрғыда көмегін беріп келеді. Ресми түрде құжатын алып берген осы қорда 100-ден аса ерікті жастар аудан көлемінде игі істермен айналысып отыр. Аталған қоғамдық қор 4 бағытта жұмыс атқарады. Атап айтқанда: білім бағыты, қайырымдылық бағыты, спорт, мәдениет және өнер бағыты мен руханият бағытты.
      Осы аталған 4 бағыт бойынша біршама жұмыстар атқарылып келеді. Білім бағыты бойынша аудан жастарының тренинг семинарлар жұмыстарын жүргізіп, қайырымдылық бағыты бойынша төмен отбасыларды тұрғын үймен және азық-түлік киім кешектермен қамтып келеді. 2019 жылдан бері «Жаңарған Жаңақорған Жастары» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен аудан көлемінде төмен отбасыларға арнап 7 баспана беріліп отыр.
      Міне, осындай көптеген ұйымдар мен жекелеген адамдарға құқықтық көмек көрсетіп келе жатқан Дәулетбек Қалдарбекұлы отбасында үш қыз, үш ұл тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана.
      Дәулетбек Қалдарбекұлы жүріп өткен жолындағы қалдырған ізіне ел-жұрты марқая да мақтана қарайтын, шәкірттері мен ізбасарлары сүйсіне де сүйіне қарайтын елінің бел баласы. Ол уақыт пен күн тәртібіне қойылған қоғамның маңызды да өзекті саласының «майын ішіп, жілігін шаққан» тәжірибелі азамат. Нәтижелі еңбегінің арқасында бүгінде жеткен жетістіктері бір төбе. Адал еңбегіне қарай мемлекет тарапынан көрсетілген жоғары шен-шекпенділерден мақтау мен марапаттары осының айғағы. Адами тұрғыдан таразылар болсақ қалың бұқараның, елінің, жұртының ықыласы мен құрметіне бөленуден артық қандай атақ-даңқ болуы мүмкін.
      Жеткен барлық жетістіктері мен алған асуларының, бел-белестерінің, бағындырған шыңдарының арқасы ата-анасының берген тәлім-тәрбиесі деп білетін Дәулетбектің ата-анасына айтар алғысы шексіз.
      Елдікті сақтау мен елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету Отан қорғаушылардың еншісі екені баршамызға мәлім. Сондықтан да халық – отаны мен елі үшін күрескен батырлары мен қаһармандарын қадір тұтады. Зайырлы мемлекетте жүгі ауыр саланың тізгінін ұстап, әділеттілік жолында қызмет етіп келе жатқан Дәулетбек Қалдарбекұлы секілді, ақ жолдан таймаған, әділдіктің туын тік ұстай білген азаматтарымыздың қатары көп болғай! 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...