![]()
Бойтұмар
Бала күнімізде «Аяз би» ертегісін оқып едік. Сонда қанша қиындықтан өтіп, кейін би болған Аяз өзінің әдепкі кездері киген шапанын төріне іліп қойып, «Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деп айтады екен. Ол өмірге кім болып келсең де, өткеніңді ұмытпа, ол – тарих дегенді білдіреді. Кейде мына аласапыран қоғамда қым-қуыт тірлікпен талай жанды жолықтырасың, талай мықтымен жұмыстас боласың. Бірақ, көпшіліктің арасында аспаннан дәл осылай салбырап түскендей сезінетіндер де баршылық. Адам баласы кейінгі өмірінде жетістіктерге, биік шыңдарға жетсе де, өткенін, шыққан тегін, бабалары жүріп өткен жолын ұмытпауы және қастерлеуі тиіс! Өткен күніміз талай сындарлы сынақ сыйлады, мүдірмей өттік деп санаймын. ![]()
Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің даналығымен, ер жүрек батырлығымен кейінгі ұрпағына үлгілі бола білгені анық. Өйткені, біз – батыр халықтың ұрпағымыз. Жауға салса қылыштан өткір, дауға салса алмастай туған тіліміз бен ұлы руханиятымызды қолдаған тарихы тереңнен бастау алған қайсар қазақпыз. Ал мен өзімнің бойтұмарымдай қастерлі, қасиетті әулетімнің тарихын түгендеп, ұл-қызымның, немере-шөберенің санасына сіңіретін жан болғым келеді. Өйткені, жаудан да қорықпаған қазақтың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлы атамыз: «Менің үш қорқынышым бар. Біріншісі – бесік жырын айта алмайтын келіндердің көбеюінен, екіншісі – немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбеюінен, үшіншіден – салт-дәстүрін сыйламайтын ұрпақтың көбеюінен қорқамын» деген еді. Міне, қаншама жаугершілікті бастан өткерсе де, тағдырдың тәлкегіне сынбаған, керісінше сол сынақтардан бұғанасы қатып, күші артқан елдің баласымын.
Менің ата-бабам – алып қорғаным. Бауырларым – алынбас қамалым. Отбасым – менің алтын діңгегім. Қорғансыз, қамалсыз діңгек те айдалада, жапан түзде қалған жалғыз ағаш тәрізді. Ал діңгексіз мен – әлсіз желге де шыдас бере алмас қауқарсыз болар едім... Адам баласының өмірдегі негізгі миссиясы да сол қорғанды қалап, өзін нық етіп қалыптастыру.
... Осынау алып даланы, ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның аяғы талатын, көкжиектен күн батып, күн шығып жатқанда арайы ғаламат болып төгіліп, нұр-шуағына бөленетін, махаббатына кенелетін осынау сұлу табиғаттың, Жер-Ананың қуаты шығар, мен туған жеріме деген махаббатымды ерекше бағалаймын. «Мен оның тауын сүйем, тасын сүйем...» деп жырлаған ақындардай, ішкі сезімімді үнсіз ғана білдіремін. Осы далада бабам жаумен соғысқан, атамның қаны тамған қасиетті мекен, анамның жасы тамып, әкеме деген сағынышын менмұндалатқан киелі жер. Менің балалық бал шағым өтіп, алаңсыз күндерім өткен ғажайып өңір. Мен осы даланы да, өзімнен туған баланы да, риясыз сезіммен құшқан жарды да, ата менен ананы да бойтұмарымдай көремін. Өйткені, оның қадір-қасиеті шексіз.
Ұлытауды Жаратушы жаратты, бөлуін Шегір бөлген...
Адам баласы қалай қалыптасты? Біз осы күнге қалай жеттік? Сонау тобырлық мәдениеттен мына бүгінгі шамдары жарқыраған жаһандануға қалай алмастық?! Санада самсаған сауал тұр. Жауап та жауапкершілікті жүктейді. Мұның арғы жағында ғаламат ғасырлар мен жарқын жылдардың көрінісі көлбеңдейді. Біз қанша ғасыр өтсе де арғы бабаларымыздың қасиетін ұлықтап, бойымызға сіңірумен келеміз. Өйткені, өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертеңгі болашақ жоқ. Тарихтың тамырын тартып, талай іске куә болдық және ол бүгінімізге сабақ болып отыр.
Ұлытау төріндегі Бағаналы елінің ХІХ ғасырдың орта тұсынан бергісін санамызға сілкініс салып алдыңғы буын үнемі естелікпен еске түсіріп отырушы еді... Біз Шағыр аталығынанбыз. Ал Шағыр бір деректерде Бағаналының бесінші ұрпағы, тағы бірінде жетінші, келесісінде сегізінші ұрпағы. Әсте, ол уақыттардағы жазбаға мән берілмеуі салдарынан бұрмаланып, сынаптай сырғып тұр. Әңгіменің әлқиссасына тарихтан дерек келтірген соң айта өтелік. 1850 жылдардан кейін Бағаналының төрт босағасы Ұлытау төрінде бас қосады. Бұл әулеттің әрісі мен берісін қысқаша тарихи жинағына қосқан туысымыз Тұрарбек Әлменұлының мәліметінен білетініміз.
«Төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп бас қосқан ағайынның ішінде Шегір: «Қара Кеңгір мен Сары Кеңгір өзенінің бойын Сары-Сарғалдақ пен Жырық алсын, үлкен Жезді мен бала Жездіні Бабыр елі, яғни, Ибеске мен Жұртшы қоныстансын. Ал Байқоңыр мен Ырғайлы өзендерін Ақтазға беріңдер», – деген екен. Мұнтағы Ақтаздың ішінде Шегірдің өзі бар. Сонда Қадір би тұрып: «Оу, Бозжорға-ау, мұның не?!»,– десе керек. Шегір ойланбастан: «Қалағаныңды өзің ал, тастағаныңды ініңе бер», – деп жауап қатқан екен. Ел ішінде мұнан соң «Ұлытауды жаратуын Құдай жаратты, бөлуін Шегір бөлді...» деген сөз қалған.![]()
Кейін бірқатар жағдайларға байланысты қалың ел Сарысу өзенін бойлай көшеді. Бабыр мен Шегір «Бытырамайық!» деп елді бірлікке шақырады. Алайда, кейіннен Сары-Сарғалдақтан Есенгелді, Есенбек батырлар шығып, Ұлытаудың бойына қайта көшіп, ел емін-еркін қоныстана бастайды. Шөбі шүйгін, жері құт мекенге осылай қайта орныққан екен.
Елдің бір бөлігі Сарысуға қарай көшкенде өзен бойынан басқа тау-тасы жоқ, адыры да, жырасы да жоқ жазық далаға тап болатын көрінеді. Қыста тіпті, ықтасыны жоқ мекен болған соң, Шудың бойына бет бұрған. Шағырдың ұрпағы, мына біздер, патша өкіметіне шағымданып, Шу бойынан Жуантөбе, Тасты совхоздарын қыстаққа бекіттіріп алған екенбіз. Ал жазда Атбасар мен Есіл өңірі жайлауымыз болған деседі. Негізгі шаруашылық төрт түлік мал болған соң, көшіп-қонып күн кешкенбіз. Елдің сол дәстүрге әбден қалыптасқандығы сондай, бір кеште тігулі тұрған үй, құрулы тұрған жиһаздың өзі түйеге артылып, таң ата даяр тұрады екен. Сонда, бірде-бір үй көше алмай жұртта қалмайды екен. Өйткені, әрбір үйдің тігерге тұяғы, жүк артар малы болған. Қыстауда Шу бойында болып, қар еріп, жылғалардан су аққанда-ақ, Есілге қарай бет бұрады. Өйткені, мал жайылымы тиімді алқап халыққа қолай туғызған. Бертін келе қыстау да, жайлау да өзгереді. Қыстың қытымыр аязында Жетіқоңыр құмын пана қылады. Ал Жазда Ащыкөл, Телкөл маңайында жүріп, Ақмешіттің (бүгінгі Қызылорда), Түркістанның базарларында сауда істеген. Күздің күндері Қырқада, Теректі мен Қаройда және Сарысу жағасында қар жауғанша күн кешеді.
Ол уақыттағы халықтың бауырмалдығы мен бір-біріне ыстық ықыласы өте жоғары. Көш қозғала бастағанда жігіттер жағы кетпен-күрек, қазан-ошақ, соғым еттерді қоржынға салып, қонатын межелі жерге ерте барып орныға береді. Жолдан баялыш пен тобылғыны жинап, отын етіп, дайындап, қосты бір жөн қылып, қазанды бұрқыратып қайната бастайды. Ел келемін дегенше алдарына дайын ас қылып, сақадай сай болып отырады екен.
Шу бойына жеткенше осы әдіспен барып, әр шаңырақ өз қыстауларына қарай ығыса береді. Мұндай әдіс тек қазақта ғана болған шығар?! Өйткені, досына ұлпадай мамық, қонаққа аса жайлы елміз ғой. Елдің сыртқы саясатын Бұзау болыс, Қаражігіт би және атқосшылары Махат, Томарбай, бала би Әбіш тәрізді әкелеріміз бірлікпен тірлік қыла білсе, ел ішіндегі берекені, ырыс-ынтымақты, көші-қон жайын Байтөбет қажы, Түсіп қажы, Еділбай сопы, Сүйінбай балалары Әбілда мен Бименде, Құлыбек баласы Нұрша, Өмен баласы Мұхамеджандар басқарып отырған. Ал қалған ағайындар арадан шыққан би-шешен, болыстардың сөзін бір ауыздан тыңдап, жұмыла жүк көтере білген. Әлбетте, ақсақалдар алқасы да жоғары деңгейде жұмыс істейді. Осылайша Кеңес үкіметі тұсында «ұжымдастыру» кезеңдерінде де еліміз бір-бірін ысырмай, жоқ-жұтаңның кеудесінен итермей, көшкен елдің жұртында ешкімді қалдырмай, қысылғанның қолтығынан демеп, сүрінгенге сүйеніш болып келді. Олардың үлгі-өнегесі әлі күнге ел аузында. Шындығында, тіпті сол кезеңдегі құрылған колхоздың малын өздері толтырып, бағып-қағып, өсіріп-баққан төрт түлігін колхоздың иелігіне өткізіп те жіберген. Өйткені, олар өздерін елден бөліп қараған емес. Мемлекет құруда Алаш арыстары жанкешті күрес жүргізіп жатқанда, бұл кісілер де шама-шарқынша ел ішінде қызмет қыла білді. Ол уақыттың кереметтілігі сонда болатын. Ағайыншылдық, бауырмалдық, жанашырлық дегеніңіз қашаннан қатып қалған, қалыптасқан қағида болатын. Үлкендері жастарын өмірге баулып, биікке қанат қақтырады. Болыс болуға құмартпайды, олардың барлық армандаған биігі – адам болу. Өйткені, мамандықты емес, адамдықты жоғары бағалайтын дәурен. Әлі күнге бабадан қонған қасиет біздің де жанымызда қылаң береді. Өйткені, біздің ата-анамызды да арғы бабаларымыз тек ізгілікке, адами қасиеттерге баулыған.
Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі...![]()
Менің әкем Мұхамеди Ақтанұлы Байболатов 1923 жылы дүниеге келген. Бай-қуатты, ел басқарған жандардың ұрпағымыз. Атам Ақтан да ауқатты, елге сыйлы, абырой-беделі жоғары азамат болды. Ал арғы атам Байболат дін ұстап, шариғат шеңберінде Алланың хақ жолында, имандылыққа елді шақыра білген, өзі таза жүрген кісі болыпты. Қажылыққа барып келген ол кісінің «қажы» атағы бар. Тарих беттерінде де оның аты «Байболат қажы» деп айтылады. Байболаттың інісі Бұзау жоғарыда айтып өткенімдей ел басқарған болыс болды. Хакім Абай айтпақшы, «Болыс болдым мінеки, бар малымды шығындап» деп емес, адал жолмен, халықтың қолдауымен ел басқару ісіне келеді. «Он үште отау иесі» деген қазақпыз, Бұзау атамыз он үш жасында болыстыққа келіпті.
Тарихтан білетініміздей, өзімен-өзі жай жатқан, ешкімге соқтықпай мал баққан ел едік. Қай жерде жайлы сол жерге көшіп, тірлігімізді жалғастырып жүрген, тіршіліктің арнасында өзгеден қорықпай, батырлықпен танылған халық едік, алайда Кеңес Үкіметіне қарсы тұрар қауқар болмады. Бытырап бет-бетіне кеткен қазақтың малын да, жанын да қоймады. Әлбетте, Тәуелсіздік алып, өз алдымызға мемлекет болған соң талай шындықтың беті ашылып, тарихымыз түгелдене бастады. Бұрын үйін қараңғылап, жұрттан тығылып оқитын намазды талай аталарымыз, ол дәурен де кетті. Ал сол уақыттағы қудалау дегеніңіз жан түршігерлік еді...
«Байсың ба?» десе, тәубешіл қазақ қолын кеудесіне қойып «Шүкір» дегені үшін де атылып кетпеп пе еді?! Зұлматты жылдары «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген Абайдың сөзі айтылған жерінде қалды. Өз жанын аман сақтап қалу үшін өзгені өз қолымен жау қолына тапсырғандар да болды. Қылышынан қан тамған Қызыл империяның қаһары біздің үйді де айналып өтпеген екен. Әкем о дүниеге аттанар шағында: «Біз КГБ-ның қара тізімінде тұрғанбыз», – деп айтып кетті. Жарықтық, жаны жәннатта болсын, әкем күні бүгінге дейін тіс жарып ештеңе айтпады. Айналасына зияным тиіп кетер деп ойлады ма, кім білсін?! Өмір сүрудің қиын болғаны соншалық, атам Ақтан Ауғанстанға өтіп бара жатып, Қорғантөбе облысы, Көктас ауданында жарақаттанып, дүниден озады. Содан Мұхамедия мен әкем Мұхамеди балалар үйіне өткізіледі. 1929 жылы Тәжікстанда Кеңес үкіметі орнап, шекара жабылады да, ағалы-інілі қос бауыр Қорғантөбеде қалып қояды. Көңілдегі сағыныш, кірбіңмен үйлесіп, жүректері ауырып, ағайынды екеу балалар үйінде көздері жәудіреп қала береді... Сол зұлматты жылдары Мұхамедия мен Мұхамедидің анасы Үрқия әжеміз, өзегін жарып шыққан қос құлынын жетімдер үйінің сыртынан бақылап жүрген екен... Амал қанша соқыр саясат кімнің қолын матап, көзін байламаған! Тағдырдың жазуына көнбеуден басқа амал бар ма?!
Ал әкелеріне туған жерден бір уыс топырақ бұйырмай қалғаны тіпті жандарына батып, екеуі күйзелген үстіне күйзеліп, ата-ананың мейірімі мен махаббатынсыз күн кешіп, бірі он екі, бірі он сегіз жасқа толғанда «Қазақстан, қайдасың?» деп, туған жерге тартып отырады.
Әкем өлер шағында: «Байұзақ, балам! Сендердің замандарың тыныш. Біздің кезең тәрізді емес. Менің әкеме арнап ас бер! Әруағы бір аунап түссін!», – деп, аманатын қалдырып кетті. Жүрегінің түкпірінде бір өкініш, бір үміт оны өмір бойы жеп келген еді ғой... Әке аманатын орындап, ата-баба рухына арнап құран бағыштадық.
Арғы ата-бабамыз би-болыс болған деп жоғарыда айтып өткенімдей, әжеміз де осал жердің қызы емес. Жезқазғанда танымал Өтеулі қажы есімді ауқатты кісінің қызы. Ұрхия әжеміз де көргенді жердің, тәрбиелі, инабатты қызы болып, елде ұрпақ тәрбиелеу ісіне атсалысқан. Өтеулі қажының баласы Қайып – би болған азамат. Жалпы арғы ата тегінен бері абырой-беделі зор әулет болған. Атам мен әжемнің шаңырақ көтеруі де ескіліктің белгілі дәстүрі шеңберінде, қазақтың қазақылығының нағыз көрінісіндей орын алған екен. Арғы атам Байболат үшінші мәрте қажылық сапарына бара жатқанда Өтеулі қажының үйіне түседі. Үйде қонақ бола жатып бесіктегі балаға көзі түседі. Атамыз: «Бұл қандай бала?», – деп сұрайды. Сонда Өтеулі қажы: «Бұл нашар бала», – деп жауап қатыпты. Байболат атам дереу: «Менің Ақтан деген балам бар. Осы балаңа құда түсейін», – деп жүз ділда, жүз жылқы және сәйгүлік беріп, құда түсіп кеткен екен.
Арада сырғыған жылдар өтеді... Он үш жыл өткенде Өтеулі қажы елге хабар жіберіпті. Онда: «Байболаттың біздің елде «жесірі» бар еді. Соны ала ма, алмай ма?!» деген екен. Ол уақытта құда түсіп, алмай кеткен қызды «жесір» атаған көрінеді.
Әлгінде айтқандай, Ұрхия әжемнің інісі Қайып би болыс болған. Ал ағасы Әбсадық пен әжем жастайынан дінді берік ұстанған. Әбсадық жиырма алты жыл діни білім алған тақуа кісі. Шиеліде тұрған, сонда өмірден өтті.
Әкем үнемі ақылын айтып отырады. Сондай бір сәттерде көп айтатыны: «Балам, біз текті тұқымынанбыз. Қазір бір үзім нанға жарымай отырсақ, ертең бақ пен байлық демде-ақ қонады. Қам жеме, асықпай сабырмен күт! «Елу жылда - ел жаңа». Жарқырайтын сәтің әлі алда», – деп отыратын. Айтқаны дәл келді.
Ата-анам қиын кезеңдерді бастан өткерген. Тағдыр тауқыметін тартқан жандар. Әкем Мұхамеди трактор жүргізушісінің оқуын оқыған. Өмір бойы маңдай терін сылып алып жұмыс істеді. Өте еңбекқор жан болатын. Ақылы өз алдына, жүріс-тұрысының өзі бізді өнегелі ұрпақ болып өсуге шақырып тұратын. «Әкемдей азамат болсам» деп армандайтынмын. Оның ең жоғарғы қызметі – он адамды басқарған бригадир болды. Бірақ еңбектен қашқан сәті болған емес. «Еңбек етсең, ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген Абайдың сөзін санамызға сіңірді. Аспанға аузын ашып, «Алма піс, аузыма түс» деп тәрбиелеген емес. Бүгінде осы деңгейге жеткенім – әкемнің берген үлгі-өнегесінің арқасы шығар... Өмір мектебінен үйренгенін маған сабақ болсын дей ме, әйтеуір үнемі маған ақыл айтып отыратын.Сол өнегемен ер жеттік. Есейдік.
Тектілік тулап қанымда...![]()
Осындай текті жерден шықтық. Жаратқанға сыйынып, сәл жетістікке жетіп, қолымызды кеудемізге қойып, «шүкір» дейтін тәубешілміз. Асып-таспайтын, әлсізді белден баспайтын, тек жақсылыққа бастайтын, ізгілікті қоштайтын ұрпақ болып қалыптастық. Өзім жалғыз ұлмын. Алты қарындасым бар. Мен 1953 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, Қаракөл совхозында дүниеге келдім.
Әкемнің сөзі әлі күнге құлағымда. «Жарқырайтын сәттерің әлі алда...» Осы сөз жаныма медет болып, сәт сайын тыраштанумен болдық. Еңбек нәтижесіз болмады... Алайда ата-бабадан басталған қудалау бізді де тұқыртумен болды. 1981 жылға дейін «бай-манаптың баласы» деп сұқ саусағын кезеп келді. Қазір шүкір. Тәңірдің сыйы төл Тәуелсіздігіміздің арқасы ғой, ешкімге жаутаңдатпай, өзіміздің елімізде, қонақ келсе төр ұсынып, саусақ шошайтқан жауға қабақ түйіп, тектілігімізді танытып отырған елміз. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалы жеткен өледі» деген емес пе?». Ел басынан қанша ауыр кезеңдер өтті, қанша қиындықтар, зұлматты жылдар өтті. Бірақ қазақ қазақ болып қалды, өзгенің қатарына еніп, ұлттығымызды жоғалтып, барымыздан айырылып отырғанымыз жоқ. Жаугершілік заманда қазақпен қақтығысқан жоңғардың өзі жоғалды емес пе?! Әйтеуір, халқымыз қиналғанмен ұлтымызды аман сақтап қалдық. Осыған шүкіршілік етемін.
Әкем әркез бар тапқанын «Байұзақжанға керек болады» деп жинай беретін. Ал мен болсам, отбасымның қажеттіліктері үшін жанымды салып еңбектенем. Өйткені, ер баладан жалғыз болған соң, менің мойнымда алты қарындасымның болашағы тұрды. Ата-анамның мойнына салмақ салмай, оларды өзім аяқтандырғым келді. Қаншалықты қиын болса да алдыма үлкен мақсаттар қойдым. «Соған жетпей тынбаймын» деп өзіме серт те бердім. Алланың назары түскен болу керек, еңбегім жанды.
Әкем: «Саған алғысым шексіз, балам! Алты бірдей қарындасыңды ешкімнен кем қылмадың. Оқыттың, тоқыттың. Құтты қоныстарына қондырдың», – деп менімен мақтанып отыратын. Ал мен бұл істі жеткен жетістігім деп емес, мойнымдағы міндетім деп ұғамын. Өйткені, алдыңғы буынның міндеті – кейінгіге қарайласу. Мен тек өз міндетімді атқардым.
1980 жылдар еді... Қаладан пәтер алу дегеніңіз өте ауыр болатын. Айлығы шайлығына жетпейтін дәурен болғанымен, қолда барың санаулы кез. Мен сол қиындықтарға қарамастан, облыс орталығынан пәтерге қол жеткіздім. Сол сәттегі әкемнің қуанышын көрсеңіз... Балаша қуанды.
Әкемнің алғысын алуыма сеп болған қарындастарымның барлығы жоғары білімді, өз істерінің маманы. Бір-бір үйге бақыт әкелген өз оттарының анасы. Үлкен қарындасым Тұрсын – кондитер, онан кейінгісі Гүлсім де өз ісінің маманы. Света – ақ халатты абзал жан, тіс дәрігері. Онан кейінгісі Зәуре – ұрпақ тәрбиесінде зор еңбек сіңіріп жүрген ұлағатты ұстаз. Роза да білім саласының дамуына өлшеусіз үлесін қосып жүрген педагог. Кенже қарындасым Гүлмира – отбасының нәпақасын сауда саласынан тауып отырған жан. Олардың әрбірі – менің мақтанышым. Бұл күнде тіпті немере сүйіп, әже болып отыр. Әкем еліміздің егемендік алған сәтін көре алмады. 1990 жылы дүниеден озды. Ал анам араға бір жыл салып дүние салды. Шешем Бибі Рабиға ақсүйектер тұқымынан. Сейіт қожаның ұрпағы. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың Саид атты күйеу баласынан тарайды. Қожаның қай аталығы болсын Сейіт қожаның ұрпағын қадір тұтады, құрметтейді. Осындай текті елден шыққан анамның сөзі өткір, ісі мығым болатын. Дау-дамай болғанда анамның бір ауыз сөзімен қос тарап та жақсы тарқасып, мәселені шешіліп жататын. Шоқтығы әркез биік тұратын анамның осындай керемет қасиеті болатын. Анам әкемді пір тұтып, өте қатты құрметтейтін! Жақсылар бір-бірін іздеп тапқандай еді... Әкем де әркез әділетті көксейтін. Жақсылыққа жолдас болатын. Әкемнің ұқыптылығы сондай, бұтарланған отынның өзін түскі отын, кешкі отын деп бөліп жинап қоятын. Қазан-ошаққа араласқан жан емес. Мені де солай қалыптастырды, тәрбиеледі. Анамды әркез сыйлап, сол қасиетін бойыма сіңіре білді.![]()
Алдымен «Адал бол!» дейтін, әсіресе, «Ішкен асыңа адал бол» деп жиі айтады. Біз қанша қиын кезеңдерде өссек те, қиындықтан шығар жол деп жеңіл пайдаға, оңай олжаға алданып, біреудің ала жібін аттап көрмеппіз. Ол да шаңырақтағы тәлімді тәрбиенің арқасы деп білемін.
Ұрхия әжем текті жердің қызы ғой. Көзі тірісінде айтып кеткен төрт нәрсесі келді. Өте көреген, биязы кісі болған екен. Анамның айтуы бойынша көп деректерді есте сақтап қалдық. Әйтпегенде біздің ойда не қалсын, тіпті мен өмірге келмей жатып та біраз жайттар орын алған. Әкем анамды аларда әжем: «Бибі Рабиға – Қожаның қызы. Тілің тимейтін, қолың тимейтін болса ғана ал!», – деп айтыпты. Анам әжем жайлы көп айтатын. Бірде ол: «Алғаш аяғым ауыр болған сәтте, әжең мені елу метр жерге дейін арқалап баратын. Кейде «Түсші, белім ауырды» деп жалынады. Балалықпен, жастықпен шығар, енеме сан мәрте қарсы сөйлеппін. Ондай ене қазір ешкімде жоқ. Керемет көреген кісі еді... Бетіме келіп, қатты сөйлеген емес, сондай құрметтейтін» деп еске алып отыратын.
Кішкентай кезімде мен қатты жылайды екенмін. Сонда әжем тұрып: «Мына Байұзақ алдынан екі бала, артынан екі бала жұтады» деп айтыпты. Бұл сөзге кейіген анам: «Сені жұтады», – деп айтып қалса керек. Әжем түк ренжіместен: «Әй, Бибі Рабиға, мен асарымды асап, жасарымды жасаған адаммын. Менің айтқаным келер», – деп айтқан екен. Негізі менің алдымда Жанұзақ деген ағам және бір әпкем болған. Сол екеуі шетінеп, кейін екі қарындасым да ізін ала өмірден өтеді. Әжем хал үстінде жатып: «Жанұзақты өзіммен бірге алып кетемін» деп, ақыры ағам өмірден өтті ғой. Әжемнің айтқандары келді.
Жанұзақ ағам өте алғыр, тілалғыш болыпты. Пысықтығы талайдың аузында жүреді екен. Анамызға төрт-бес жасының өзінде әжептәуір қолғабыс болған. Қолғанат болып жүрген ағам сөйтіп, кенеттен өмірден өтеді. Осы күні менің кішкентай немерем бар. Жанұзақ ағамнан аумайды. Көрген сайын ағамды көргендей боламын.
Есімімді әжем қойған екен. «Байболат атасының байлығының төрттен бірі осы Байұзаққа қонады» деп, әрі Жанұзаққа ұқсастырып қойыпты есімімді. Әжемнің бұл айтқаны да келді. Аллаға шүкір! Несібемен келген дүниеге ұл-қызымды жеткізіп, айналама қолдау білдіруіме жетіп жатыр. Маңдай тер, табан ақым балаларым мен немерелерімнің болашағын жарқын етуге жұмсалады. Ол үшін жанымды салып жұмыс істеп келемін. Бұл, әлбетте, менің мойнымдағы жүк. Адам баласы жауапкершілігін сезіне алса, оның мойнында ауыр салмақ бар. Алдыңғысы, ер жеткен соң ата-анасы мен бауырларына қарасу. Өзі балалы болған соң, балалары мен немерелеріне жағдай жасау. Біздің қазақтың өмірі осы жауапкершіліктерді орындаудан тұрады. Әрине, сезіне білген жанға бұл жауапкершіліктің өзі – үлкен бақыт.
Менің басыма қонған бақ та, қолыма біткен дәулет те осы екі текті елдің арасынан шыққан ұл болғандықтан, маңдайыма Жаратқан жазған нәсіп шығар. Бірақ қанша деңгейге жетіп, жетістіктерді бағындырсам да әке-шешемнің ақылы, ата-әжемнің көрегендігі ойға оралады. Әулетіміздің көрген қаншалықты қиындықтарын сезіне отырып, бүгінгі ұрпағым олай қиналмасыншы деп тілек тілеймін.
Әкем: «Балам, басыңа дәулет бітіп, бақ қонды екен деп мұрныңды көкке шүйірме! Ешқашан адамдық жолдан тайма, тура жолдан тайқыма! Қолымда дүние бар екен деп, көкірегіңді көтерме!» – деп жиі айтатын. Ол қашан да адамдық турасындағы ғибраты мол әңгімелерімен менің санама сілкініс жасап, көкірек көзімді оятар тәлімді нәрселерді жиі мысал ететін. Өйткені, өмірде зор биіктікке жету үшін адал болу қажет. Барлық істе де адалдық керек, сонан соң өз ісіңнің маманы болсаң жетіп жатыр. Әкемнің батасымен бастаған ісімде бұл күнде алға өрлеп келемін.
Кәсіпкерлік саласына тәй-тәйлап қадам басқалы бері қасымда ақылдың кеніндей болып, қолдау білдіріп жүретін Құдайберген есімді ағам бар. Арадағы қыл өтпес сыйластықтың оты әлі күнге лаулап тұр. Айман жеңгем екеуі енді ғана іс бастаған сәтімізде қасымыздан табыла білді. Адамдар бауыр болуы үшін, бірге туу міндетті емес. Бастысы, адамдық пен адалдықты қатар табыстыра білсе болды. Бұл күнде «ПСК Б.А.М.» ЖШС-і директоры болып еңбек етіп келемін. Жаратқанға шүкіршілік айтамын! Ал бірақ қай уақытта да жұмыстан бұрын отбасыңды ойлау – заңдылық. Таңертең жұмысқа, кешке үйге асығатын адам – бақытты адам. Өмірлік жарым Ұлбосын менімен бірге кәсіпте қатар жүрген жан. 1981 жылдың қыркүйегінде бас қосып, шаңырақ құрдық. Аллаға шүкір, екі ұл, бір қызымыз бар, олардан немере өрбіп жатыр. Балаларымның барлығы жоғары білімді, биіктен көрініп жүр. Түйін.
Адам баласы өмірге келген соң, оның басты мақсаты – соңына із тастау. Бұл ізді әрбір жан әрқалай түсінуі мүмкін. Ал менің ойымша, ол із – ұрпақ және сол ұрпақты тәрбиелеу арқылы қалдырған сара жолың. Ұл-қызыңның санасына адамдықтың дәнін сеуіп, адалдықпен күн кешуді үйреткенің. Міне, осы – қалдырған ізің. Өмір – адамға Алланың берген аманаты болса, сол өмірді мәнді де мағыналы етіп сүру – маған ата-анамның берген аманаты еді... Еш пенде өзіне-өзі баға бермесі анық. Алайда, менің ойымдағы жалғыз сұрақ: «Мен әкемнің аманатын орындай алдым ба?!». Менің басты байлығым – отбасым болса, отбасым – менің бойтұмарым. Анығы – осы.
Ақтан Байұзақ Мұхамедиұлы