Абай Сәрсенбайұлы

Рейтинг:

Естелігі де ескірмейді
 
          «Жаратушы дүниеге келген әр пендесінің кеудесіне жан салып, бойына алуан қасиет дарытады. Адам баласы тіршілігінде осы аманатты асқан ыждаһаттылықпен пайдаланып, өзінің ғана емес, көптің қажетіне жаратуға тиіс. Өлшеп берген өмір тұйықталып, аманат иесіне қайтқанда, сондай жандардың тағылымды істері барша адамзаттың ортақ игілігіне айналады. Осылай өмір сүргендердің екі дүниеде жүзі жарқын болады».
Сұлтан Санжар
                                                                                                            (Орта  ғасырлық философ)
      Халқымызда жасы үлкен ақсақалдарды, кимешек киген аналарды  сыйлап  өту – қазағымыздың ата дәстүрі.  Тереңірек ойласақ, ата дәстүріміз жастарды тек инабаттылыққа, кішіпейілділікке үйреткен. Бақиға аттанған адамдарға деген құрмет ,тіпті, ерекше болмақ. Артында қалған ұрпақтары сағынышпен еске ала отырып, үлкенге деген құрмет, ізет ретінде шексіз алғысын білдіріп, дүниеден өткен кісілердің аруағына, рухына бағыштап құран оқып, жақсы істерін еске алып отырғанының өзі – көрегенділіктің бір белгісі емес пе?!
      Мен де осы қағиданы ұстанып, әкем жайлы толғанамын. Әкемнің көзін көрген жандардың естеліктері мен ойларын оқи отырып, соңына жақсы сөз, өнегелі ісін қалдырған әкем Абай Сәрсенбайұлының жарқын бейнесі – болашақ ұрпағы мен көзкөргендердің жүрегінде әрқашан жарқырап тұра беретініне кәміл сенемін. Осы орайда, Сіздердің назарларыңызға естеліктердің ішіндегі жан тебірентер, көңіл толқытар ойларды ұсынып отырмын. Алдымен, өзімді таныстырып кеткенім жөн болар. Мен, Дәулет Абайұлы – Сәрсенбай атамыздан тараған үлкен әулеттің кішкене бір тармағы, шаңырақтағы кенже ұлымын. Олай болса, «жақсы әкенің аты – балаға азық» дегендей, ұрпағына үлгі болған әкеміз туралы әңгімеге бетбұрсақ деймін. 
      Балалықтың  қызық дәурені
      Мына жалғанда адам рухының қайсарлығына тең келер ештеңе жоқ шығар! Алла тағаланың кемел туындысы – адам жаны керемет құбылыстардың қоймасы сияқты. Бірақ, Жаратқан ием махаббат, сұлулық, ерлік, қабілет атаулыны кез келген пендесіне қопарып төге салмағаны және ақиқат. Қалай дегенмен де, көк Тәңірі осы қасиетті сезімдерді өмір үшін күресе білетін, өз кәсібінің хас шебері, парасатты да сырбаз пенделеріне шым-шымдап дарытатын тәрізді. Мен сөз етіп отырған күрделі тағдыр иесі, еңбек ардагері, «темір тұлпардың тілін білген» Абай Сәрсенбайұлы –  осындай тұлғалардың санатынан еді. Затында барлық нәрсеге де уақыт – әмірші. Заманның ағымы қалай толқыса, адам соған тәуелді болмақ. Кешегі өткен күндерді араға біраз уақыт салып барып, ой елегінен өткізіп көрсеңіз, әр алуан қызығымен баурай тартады. Аса бір қимас дүниеңдей көрінеді де тұрады. Жақсылықтарын есіңе түсіре отырып, ләззат алып, рахатқа бөленесің. Қиын-қыстау кезеңдерін санаңда қайта жаңғыртып, «әттең-ай, өмір ,шіркін, солай екенсің-ау!?» – деп, салиқалы әрі сабырлы ой кешесің. Қоғам, әлеуметтік орта, жалпы жұрттың ықыласымен жүріп, дамығанымен, оның әр алуан қырлары адамның еркіне көне бермейді. 
      Қашанда адам – табиғаттың түлегі. «Шыр» етіп, дүние есігін ашқаннан бастап, бірте-бірте қоғамның  әлеуметтің тұлғасы боп, биіктей береді. Осы бір сапалық секірістің бастау сөресі – әманда атамекеннен бастау алады. Тән қаңқасынан талпынып шығып, рух қанатына ілесіп, самғау мен шарықтау сапарына аттандырар да осы аялы бесік – туған жер. Сондықтан да, ол ана көкірегіндей мейірімді, әке алақанындай ыстық, атаның ақ батасындай аяулы. Әсіресе, өткенде кеткен есесі мен ертеңнен күтер үміті жадында мықтап ұялаған біздің жұртымыз – өзінің кіндік қаны тамған  атамекенін ерекше қадірлеген.
       Әкем Сәрсенбаев Абай Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Ақарық елді мекенінде 1941 жылдың 1 мамырында дүниеге келген.  Қызылорда мен Жалағаш арасындағы жолдар – әкемнің талай шарлаған сүрлеулері. Осы шаңды топырақ пен қиыршық тасты  жолдарда әкемнің керзі етігінің ізі жатқандай. Тіпті жастығының қимас шақтарында да, осы атырапта қызмет атқарған кезеңдерінде де көк-жасыл дөңдеріне талай өрмелеп шығып, гүл-жазира еңістеріне талай аунап-қунаған шығар-ау!?
      Бірде тарылып, бірде жадырай жазылып  отыратын шалқар даланың ішіне бүгіп жатқан құпия сырлары көп-ақ... Соның төсінде құлан құрықтағандай ғұмыр кешкен әкем Абайдың  алтынға бергісіз аяулы сәттері көңіл түкпірінде беріштей қатып қалғаны анық. О, топырағы киелі баба дала, қайран туған жер! Айрандай ұйыған қасиетті ел. Саған жетер, саған тең келер мына жалпақ дүниеде құдірет бар ма? Ел сағынып, жер сағынып барған сапарларда, әр адамның кіндік қаны тамған топырақтан да бұрын барып көретін, аттап өте алмайтын ең ғазиз де  киелі орындары болады. Әкем үшін ол – ата-баба зираты. Одан қалды  алғаш рет жарық дүниенің құпия сырына  қанықтырған киелі орда –  Жалағаш ауданындағы  Ақарық ауылдық мектеп үйі. 
Тек бір ғана әкем емес, талай уақыт шетқақпай қалып келген туған өңір азаматтарының көкірек көзін ашып, сәуле шашқан,  рухани кәусар бұлағы – осы мектеп еді. Оның түлектері – ата-баба көксеп өткен көп мақсатты алғаш жүзеге асырушылар болды. Өздері ғана сауатты боп қоймай, күллі құба далаға білім ағашын отырғызды, білім нәрімен сусындатты. Әу бастан «биссмилләсін» қазақша ашқан осы мектепте қазақтың қара домалақ балалары  өз тілінде білім алып, өзіндік рухани самғауынан бастау алып, қанатын көкке жайды. 
Осы орайда, әкем өзінің балалық шағын, мектепке алғаш қалай барғанын, былайша әңгімелейтін еді: «Ұмытпасам, 1947 жыл болуы керек. Бір күні бірге ойнайтын балалар әлдеқайда жиналып жатты. Мен де әлгілерге алаңдап: «Қайда барасыңдар?» – деп сұрадым. Олар бір ауыздан: «Мектепке барамыз, егер барғың келсе, бізбен бірге жүр», – деді. Содан ешқандай дайындық жоқ, әлгілерге ілесіп жалаң аяқ, жалаң бас күйімше, мектепке келдім. Мен оныншы класқа дейін булығып өстім. Ал ол кезде бойым біртұтам еді. Әй-шәй жоқ, ауыл балаларымен бірге сапқа тұра қалдым. Мектепке қабылдайтын мұғалімдер тоқтының ішіндегі қозыдай, ап-аласа мені көріп: «Әй, сен неғып жүрсің мұнда? Бар, үйіңе бар. Енді екі жылдан соң, келесің мектепке», – деп, мені қақпайлай бастады. Бірақ, қайдан біткені белгісіз, алған бетімнен қайтпай «Менің жасым тоғызда», – деп, тұрып алдым. Оның үстіне бірге ойнайтын балалар да: «Мұның жасы тоғызда», – деп, сендіре сөйледі. Мұғалімдер менің түріме күмәнмен қарап тұрып, ақыры тізімдеріне қосты. Шындығында, мен бұл кезде жетіге де толған емес едім. Бір жақсысы, ол мезгілде ешкімнен құжат талап етпейтін. Соның арқасында мен де әупірімдеп, мектепке қабылдандым. Қатарымнан қалмай, тырысып жүріп, бірінші класты жақсы аяқтадым. Екінші класты бітіргенде де, жасымды сұраған мұғалімдерге «тоғыздамын», – дедім. Үшінші класта да сол жауабымнан танбай, «тоғыздамын», – деп, міз бақпадым. Мұғалімдер: «Бұл не қылған өспейтін, бір орнынан тапжылмайтын бала?» – деп, күдіктене бастады. Қайран аңғал балалық-ай десеңші...! Қазір ойлап қарасам, біздің бір бақытымыз – мейілінше талғампаз ұстаздардың алдын көргендігіміз. Мүмкін содан да шығар, өзімізге аса жоғары талап қойып өстік. Қиындықтан жасымауға, табыстан тасымауға тәрбиеленгенбіз. Иә, біз – осындай максималист мектептің түлектеріміз. Одан зардап шеккеніміз жоқ. Ауыр мен қиыншылықтан  тайсалмауға үйрендік. Біздер күні бүгінге дейін Ақарық орта мектебін бітіргенімізге тәубе айтып, мақтанамыз. Ұшқан ұямыздың өнегесі бізге өмірлік серік болды»,– деп толғанды.
      Иә, ұстаздардың шәкірттеріне аманаттап кеткен тағылымы қандай кемел десеңізші! Әрбір ұстаз кейінгі ұрпақты осылай тәрбиелеп, әлгі шәкірт оны иманшарттай сақтап кейінгіге берсе, мына аласапыран дүние зұлымдықтан арылып, пейішке айналып кетер еді - ау! Қарап отырсақ, алтын ұя мектептің, отбасының, әке мен ананың балаға берер ғибраты көп қой. Әкеміз осынау ұлан-ғайыр ғұмырында ар, ождан тазалығына қылау түсірген жоқ.  Ұрпағына да осы қағиданы берік ұстауды аманаттады. «Тыныш ұйықтағың келсе, таза ожданды төсеніш ет» – деген ғой даналар. Қашан да білімнің, ақиқаттың ауылын іздеп жолға шыққан албырт шәкірт бірте-бірте «әлеуметтік болмыс» деп аталатын ию-қию орманның ну жынысына сұғына ене береді. Сұғына енген сайын, іздеген сүрлеуінің бұралаңы жиілеп, бұлтара түседі... Тапқан жауабынан гөрі, жанын қинаған сауалы көбейе түседі. Шынында да, сананың сандалкөгін ақ тер, көк тер қылып, жауап іздейтін алуан сауалдар айналамызда  бек толы ғой. Соның біріне де селт етпей, тапқанды ішіп, табылғанды киіп, бұйырған несібені тауысып шығуға да болады. Ал, нағыз адам болу деген – ең алдымен, төңірегіңдегі кереметті көріп, таңқалу емес, келеңсіздіктерді көріп, қиналу. Одан арылар амал іздеп, аңтарылу болмақ.  «Ар»  деген нәрсенің өзі де сондай батпан сауалдарды өзгеге қоймай, өзіңе қою үшін берілген.
 
Әкемнің қазақи  қасиеттері
      Қазақ халқына тән қасиеттің бірі қан тазалығы – ұрпақтың өз ата тегін дәріптеуі, білуі, атамыздың «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген халық даналығын жадынан шығармауы. Өзінің бәйтерек боп тамыр жайған ата тегін жатқа білуі. Жеті атасын білудің өзінде тектілік жатыр. Ал халқымызда: «Жеті атасын білген ер – жеті жұрттың қамын жер» деген нақыл сөз бар емес пе!? Ендеше ол кісі жеті атасын біліп қана қоймай, ұрпақ жалғастығын, оның сапалылығын естен әсте шығармаса керек.   
Таратып айтатын болсам, біздің әулет Кіші Жүздің ішіндегі – Жетіру, Тама руынан. Таманың ішінде Құрақ, Жолымбет атамыздан таралады екенбіз. Түп атамыз тарихта ізі қалған қол бастаған атақты Көкіұлы Есет батыр болған екен. Жайық бойынан Сыр бойындағы   Ақарық аулына да батырдың өзі бастап әкеліп, қоныстандырса керек. Арғы атамыз Базарбайұлы Биболат 1959 жылы қазіргі Ақарық елді мекенінде дүниеге келіп, 1943 жылы көз жұмған. Биболат атамыз – «Бағбан болсаң, бақ өсір. Балама деп, тағы өсір» деген ұстанымдағы керемет бағбан кісі. Дәмі тіл үйірер сарыала қауындар мен көкала қарбыздарды көптеп өсірген екен. «Биболат бауы»  деп аталып кеткен үлкен бау-бақша күні кешеге дейін болғанға ұқсайды. Биболат атамыз бен Орынбетқызы Жанбибі әжеміз – 2 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірген.
Биболатұлы Сәрсенбай атамыз 1903 жылы Ақарық елді мекенінде (бұрын Аламесек ауылы, Көкпая ауылдық округы деп аталған) туылған. Алғаш колхоз ұйымдастырушы қарлығаштардың бірі болған. Бірінші колхоз председателі (төрағасы) болып қызмет атқарған. 1943 жылы қан майданға Отан қорғау үшін аттанып, 1944 жылы сонау алыстағы Белорусь жеріндегі Пружинище деген жерде өмір мен өлім үшін жанталасқан қиян-кескі сұрапыл ұрысқа түскен. Есет бабасындай фашистерге қасқайып қарсы тұрып, жаудың шебін бұзып өту кезінде, ерлікпен қаза табады. Сол маңайдағы Любань деревнясындағы «Бауырластар зиратына» жерленген. «Батыр атамыздың есімі мен даңқы өшпесін» деп, артында қалған ұрпақтары  атамызға туған жерінің «бір уыс топырағын» апарып, жерленген жерінен бір уыс топырақ әкелдік. Ақарық елді мекенінде Сәрсенбай атамызға арнап, ас беріп,  зиратының басына белгі орнаттық. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі» – деп халық айтса,   қалт айтпайды емес пе ? Атамыздың жанқияр ерлігі ұрпақтарының есінде мәңгі сақталатыны сөзсіз.
Сәрсенбай атамыздың зайыбы – әжеміз Қаражанқызы Сәнім 1910 жылы дүние есігін ашқан. Сәнім әжем –  отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы. Ағайын- абысындардың бірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы. Кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі. Алдымен әже тәрбиесін бойына сіңірген бала жақсы-жаманды ажыратып, үлкен-кішіні тани бастайды. Мінез-құлық, тіл тәрбиесі қалыптасып, бала үй шаруасына бейім, елгезек, тілалғыш, мейірімді болып өседі. Әженің алдын көрген балаға былайғы жұрт «тәрбиелі бала» деп баға береді. Әжеміз – 2 ұл, бір қыздың анасы ғана емес, бүкіл әулетіміздің анасы болған кісі.
Биболат атамыздың екінші ұлы Бисекен 1905 жылы өмірге келген. Жарықтық иман жүзді, тау қозғалса да қозғалмайтын сабырлы, бір сөзді кісі болса керек. Ұлы Отан соғысына қатысып, талайды жалмаған зұлмат соғыстың бел ортасында жүріп, жарақат алып елге оралады. Елге оралған соң, жарақатына қарамай, бірден еңбек майданына араласып кетеді. Ауылда күзетші болып жұмыс істейді. Кейін соғыс салған жарақаты сыр беріп, 1965 жылы дүние салады. Бисекеннің жары Айғанша екеуі 1 қыз, 2 ұл өсірген. Тұңғыш ұлы 1949 жылы туылған Шапай ағамыз «Бакалейторг» мекемесінде ұзақ жылдар қойма меңгерушісі болып қызмет атқарған. Ағамыз Шапай 55 жасында дүниеден өтіп, орнында Сарқыткүл жеңгеміз қалды. Сарқыткүл жеңгеміз – ағамыз отырған үлкен шаңырақтың отын өшірмей, түтінін түтетіп, балалары мен немерелерінің қызығын көріп отырған бақытты әжелердің бірі.
      Үлкен апамыз Сәрсенбайқызы Кенжегүл 1932 жылы өмір есігін Ақарық елді мекенінде ашқан. Жолдасы Қопабаев Ербатыр 1917 жылы туған. Ақтөбе өңірінің тумасы. Апамыз үй шаруасын дөңгелетіп отырған әрі бала тәрбиесімен айналысқан. Жездеміз екеуі – 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеген көп балалы отбасы. Апамыз Кенжегүл – ерекше   мінез иесі. Айналасына шуақ шашып тұратын жібек мінезді, өте мейірімді, кішіпейіл жан болған. Телегей теңіз ақылымен қоса, сабырлы мінезі апамыздың барлық жағдайдан жол тауып шығуына себепкер болады. Апамыздың ашуланған кезін ешқашан көрмеген балалар оған «Ұрмайтын апа» деп ат қояды. Оның үстіне үйінен құрт-майы мен айран-сүзбесі үзілмейтін апамыздың ошаққа сиырдың тезегін қалап пісіретін таба наны бала түгілі, үлкеннің де таңдай қақтыратын асы болған. Алайда, Кенжегүл апамыз 1996 жылы бұл дүниемен қоштасты.
      Үлкен әкеміз  Сәрсенбайұлы Нәмен 1935 жылы дүниеге келеді. Ұзақ жылдар бойы сауда саласында қойма меңгерушісі болып қызмет атқарған. Ісіне мығым, сөзіне берік, қызметінде тұрақты кісі болған. Әкеміз барлық нәрседе жүйелілік пен жинақылықты қалаған.  Тазалықты жаны сүйген. Үсті-басы мұнтаздай таза болып қана қоймай, жұмыс орны мен үйінде де барлық заттардың өз орнында болуын қадағалаған. Сауда саласынан зейнеткерлікке шығып, 2014 жылдың желтоқсан айында бақи дүниеге аттанады. Жұбайы 1940 жылы туылған Биболатова Жаңыл Сүйіншәліқызы екеуі – 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген мәуелі бәйтерек иесі. Нәмен әкеміз білімге аса құштар болыпты.  Ауылда тек жетіжылдық мектеп болған екен. Сегізінші сыныпты Қызылорда қаласындағы 1 Мамыр (бүгінде Қалтай Мұхамеджанов) атындағы мектепте  жалғастырады. 1957 жылы апамыз Жаңылмен бас қосып, шаңырақ көтереді. Алдына биік мақсаттар қояды. Сол арманына жету үшін, Қызылорда қаласына қоныс аударады. Межелі   мақсаттарына жетеді. Ұл-қыздарының  жоғары білім алып, қоғамның бір кірпіші болып қалануына жол ашады. Шамшат, Гүлшат, Нұрлан, Айдын қазіргі кезде өз алдарына шаңырақ көтеріп, өсіп-өнген әулетке айналып отыр. Жаңыл апамыз алғашқы еңбек жолын   ет комбинатында қарапайым жұмысшылықтан бастап, есепшілік қызметке дейін көтеріледі. Жасы жетіп, зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмыс істеген.
      Имандылығы: Тектілікті сақтап тұратын бірден-бір темірқазық – иман. Бабасы қаншалықты текті болса да, олардың ұрпағы иманмен сусындамаса, құнды  қасиеті сұйылып, ақыр соңында жоқ болып кетуі әбден мүмкін. Иманы бар адам ата-анасын ренжітпейді. Отбасына жайлы болады. Еліне еңбек етеді, өзгелерге пайдасын тигізеді. Ол күншілдік, қызғаншақтық қасиеттерден аулақ болады. Өзгелерге жомарттық танытады. Көргені көп қазақтың: «Жиғаным емес, иманым пайда берер», «Иманнан басқа нәрсені – Құдайдан көп сұрама» деуі сондықтан. Әкем Абай Сәрсенбайұлы да осы қағидат бойынша өмір сүрді десем, артық айтқандығым емес.  «Жетім  көрсең, жебей  жүр» деген  ұстанымды үнемі  орындауы – иманжүзділігі, қайырымдылығы, мейірімділігі, қамқорлығы. Өзінің айлық  жалақысынан үнемі  жетім-жесірлерге қаржылай көмек беріп отырған. Ол әдетінен жаңылмаған. Бұл - әкеміздің жаратылысы. Қара басының  қамын ойлағаннан  емес, осындай  қамкөңіл, жарымжан,  мейірімге зәру жетімдерді қолдауы, әкелік, ағалық, аталық қамқорлығы, көмегі. Бұл да  –  қазақилыққа тән асыл қасиет.
      Қонақжайлылығы: 1822-1915 жылдар аралығында өмір сүрген Бекасыл атты ақын: 
Тектіден текті туады
Тектілік тұқым қуады. 
Тектілердің тұяғы, 
Таңдайды құз-қияны. 
Шын тектілер халқы үшін
Өлімге басын қияды. 
Жақсы, жаман деместен, 
Жанына жұртын жияды... – депті.  Демек, текті дегеніміз – халқы үшін басын өлімге қиятын, жұрты үшін жайылып төсек, жиылып жастық бола алатын адам. Ал мұндай мінез адамға, біріншіден,   ата-анасынан, бабасынан жұқса, екінші жағынан, тәрбиемен келеді. Ата-баба туралы сөз қозғасақ, Биболат атам жайлы айтпай кете алмасым хақ. Атамыз революцияға дейін ауқатты тұрмыста күн кешкен. Ауылға егіншілікті, сауданы әкелген. Өте еңбекқор кісі болған. Ол кісі демалуды білмеген. Сонау Түркістаннан керекті тұқымдар мен дәндерді алып келіп, сол өңірдегі майда ауылдарды жуамен, картоппен, қауын-қарбызбен қамтамасыз етіп отырған. Атам бау-бақшамен айналысып, ағаш отырғызып, оларды күтіп-баптаған. «Биболаттың қос бәйтерегі»  Көкмая ауылында 1980 жылға дейін тұрыпты. Биболат атамыз жоқ-жітікке қарасып, жетім-жесірді панасына алыпты. Ауылдың мұқтаж адамдарына жәрдем беріп отырған. Ел алғысына бөленген   атам сұрапыл соғыстың қызған шағында дүниеден өтеді.
      Сәрсенбай атамыз Отан қорғауға аттанғанда, әкем мен ағасы кішкентай ойын балалары екен. Сәрсенбай ата алғаш колхоздастыру кезеңінде ауыл белсенділерінің бірі болыпты. Үкіметке адал қызмет етуді мақсат еткен атамыз: «Игілігін халық көрсін», – деп, Биболат атамыздан қалған байлықты ауыл тұрғындарына қылдай бөліп береді. Содан кейін үкіметке адал қызмет етіп, колхоздың ұжымдастыру барысына белсене кіріседі. Жаңадан құрылған колхозды алғаш басқарған Сәрсенбай атамыз ұрыс даласында ерлікпен қаза табады. Атамыздың жомарттығы, қолы ашықтығы әкемізге дарыған деп ойлаймын.
Өз-өзін тәрбиелеуі арқылы да адам өзгеге  жақсылық жасай алады. Ізгілікті тарата алады. «Әркім – өз амалының тұтқыны» десек, кішкентай жақсылықтары арқылы да өзгелерге көл-көсір пайда тигізіп, тектілік, көргенділік танытуға болады. Әкемнің үйіне  келген  қонақты   құдайындай  сыйлап, төрге  шығарып, құрметтеуі  – өз алдына бөлек әңгіме. Ол кісімен  замандас,   қатарлас,  қызметтес  болған адамдардың қай-қайсысының  қалдырған   естелігінен  байқағаным – ол  кісінің   қонақжай  екенін сөз  етеді. Үйіне   келген  қандай адам  болмасын,   ол  үйден дәм  татпай кетпейтін. Қарапайым  жұмысшыдан ел   тұтқасын  ұстаған  азаматтардың   естелігінде,  ол  үйдің   дәмін татып,  құрметіне, сыйына бөленбеген  жан жоқтың қасы. Қажетінше  сый-құрметін көрсетіп, қолындағы барын беріп, лайықты   сый-сияпатын жасап  жіберетін  болған.
  ***
Әкемнің  тәрбиесін көрген, қолдауына ие болған, ісінен өнеге алған, бұл кезде ел басқарып жүрген немесе кезінде ел басқарған азаматтар Сыр елінде аз емес. «Өткен өмірімде аз-кем қызмет атқарып, белгілі бір жетістіктерге қол жеткізсем, сөз жоқ, Әбекеңнен алған тәрбиенің, үлгі-өнегенің әсері. Сол үшін де  ризашылық білдіремін», –  деп жазады, ізін басып, үзеңгілес болған інілері мен ақ ниетті абзал ағалары. 
Енді сол естеліктерге кезек берсек:
Жаратылысы бөлек жан еді
Мусаев Сағат Әбдірұлы  – (әкемнің туыс ағасы)
«Адам баласы өзі қай жасқа келгенімен, дүниені үш нәрсемен өлшейді екен: Біріншісі, ағалардың үлгісі, екіншісі, замандастарының үлгісі, үшіншісі, жастардың үлгісі.  Адам баласы өзі үлгермеген істерді жастар жүзеге асырып жатса, соған көңілі толып, жанына қанағат тұтады.  
Абай інім – бәз - баяғы қалпы. Өңі, жүріс - тұрысы, сырты өзгергенімен, ішкі әлемі, жан - дүниесі мүлде өзгермеген. Бәз-баяғыша ішкі сарайы тап-таза, мөлдір, тұнық күйінде. Сол жас күнінен бері алдымен ар-ожданын ту қылып ұстаған иманды, кісілік қалпы. Ешкімге жалтағы жоқ, жалпаңы жоқ жақсы жаратылыс иесі. Жарқын жүз, келісті келбет, тек бұрынғыға қарағанда, оқығаны-тоқығаны, көргені, түйгені көбейген. Кекселік пайымы, кең пішімді парасаты тереңдей бастаған. Мұны бір жағынан, абыройлы биік, батагөйлік бітім десе жарасқандай...»
Абай – жаратылысы бөлек жан. Оның ерекше қасиеті – ешкімді бөліп-жармайтыны. Қаншалықты қиын жағдай болса да, жан-жағындағыларды бірлікте-теңдікте ұстай білді. Өмірден озса да, адам артында қалған байлығымен емес қоғамға,  елге жасаған еңбегімен есте қалатынын айқын көрсетті. Оның   кішілігі, қарапайымдылығы мен кісілігі де  бар еді. Ол кез келген адаммен мейлі ол қойшы, құрылысшы, ғалым  болсын, ортақ тіл тауып, жақын тартып,  жанаса сөйлесетін. 
                Ақарықта «Құлыпбай тасы» деген жер бар. Бұрын сиыр фермасы болған. Біздің үйлеріміз қатар тұратын. Сәрсенбай әкеміз колхоз председателі еді.   1941 жылы Сәрсенбай әкеміздің отбасын шаттыққа бөлеп, Абай дүние есігін ашты. Қырқынан шыққан-шықпағаны есімде жоқ, әйтеуір әлі шақалақ сәби екені ғана есте. Мәскеуден асылдандыру жұмысына байланысты екі бұқа әкелінген еді. Бұқадан қашқан тайыншалар тапырақтап  жүріп, сәби Абайдың бір жақ бетін басып кетпесі бар ма?! Бір айдай ем-дом алып, әйтеуір Жаратқанның жәрдемімен, бетіне таңба қалдырған ауыр жарақаттан да айығып, бір ажалдан аман қалды.
              Биболат атамды «Саудагер ата» дейтін, себебі ол кісі Ақарықтағы  майда дақыл егетін жалғыз адам болатын. Ал менің әкем –  «ағаштан түйін түйген» ісмер кісі. Шаш тарайтын тарақты мүйізден алғаш жасаған да әкем еді. Бүкіл ауыл болып, кәріс келіге күріш түйетін. Атамдар пияз екті. Ауылдың әйелдері мені атамнан  пияз сұрап әкелуге жұмсайды. Себебі атам мені жақсы көргендіктен, қолымнан қақпайтынын біледі. Пиязды қайта-қайта сұрата беретін.  Мен ол кезде бар болғаны 4 жасар баламын. Себебін кейін түсіндім ғой, сөйтсем, жеңгелерім пиязға жерік болып жүреді екен. 
               Есімде қалған тағы бір таңқаларлық жайт: Биболат әкеміз –  әмиянын ешқашан бос ұстамайтын кісі. Тіпті болмаса, аяғындағы кебісті сатып жіберіп, сол ақшаны әмиянына салып алатын. «Ертеңгі күнді құдай жеткерер...», –  деп, күліп қоятын ондайда.
              Біздің үйдің алдында қалың жыңғыл өседі. Нәмен, менің әпкем, Абай інім –төртеуіміз таңертеңнен қара кешке дейін, осы жыңғылдың ішінде ойнайтынбыз.  Шешем бізді артымыздан қуып іздеп келмейінше, қайтпайтынбыз. Ойынның қызығына тоймайтын балалық шақтың тамаша кезі болатын сол шақтардың естен кетпейтіні хақ. 
              Кейінгі жастарға үлгі болған алтынның сынығындай асыл азамат білімге, білуге құштар болатын. Техниканың тілін меңгеру үшін, ерінбей-жалықпай түрлі оқулықтарды ақтарады. Сұрағына жауап іздеген ол оқып-білгенін тезірек тәжірибе жүзінде пайдалануға асығатын. Ерінбей еңбектенетін, сол еңбегінен ләззат ала білетін. Қандай ауыр, қиын жұмыс болса да, шетке ығысып кетпей, алғашқы болып кірісіп кететін. Жүргізушілік куәлік алмай тұрып-ақ, машина жүргізуді үйреніп алған-ды. Темір тұлпарының ақауларын тауып, ақ қар, көк мұз жастанып, бәрін өзі жылдам жөндеп алатын. Бала күнінен бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей қоймайтын   жақсы әдеті үлкейген сайын қалыпты дағдысына айналды. «Жастарға көп оқу, көп білу, жан-жақты терең іздену жарасады» дегенді көп айтады. Ғылым жолында жүрген жастарға ерекше құрметпен қарайтын. Оларға қолдан келгенше, қолдау көрсетіп отырады.
Ол өзіне жүктелген қай істі болмасын, терең түсініп, алаңсыз белсене кірісіп кететін. Осы қарапайым адами қасиетінің жемісі –  бүгінгі күндері нәтижесін беріп тұр. Өзі игілігін көргей, жақсы інінің жақсы қасиеттері ұрпақтары арқылы жалғаса бергей!
Асығып айлар, жылжып жылдар өтіп келеді. «Өзіңнен кейінгіні көріп, қартаясың» демекші, салиқалы азамат боп жетілген, анау жылдарғы шынашақтай бала Абай бұл күндері ел-жұртына қадірменді көлеңкесі мол дараққа айналды. Ең бастысы, әке үлгісі, ана тәрбиесі өзінің тынымсыз адал еңбегі арқылы, онан қалды өзінің қабілет-қарымы, тынымсыз қарекеті арқылы жетіп отырғанына өз басым –  куә.
              1943 жылы іске татыр азаматтардың барлығы әскерге алынып, ауылда бірыңғай жас балалар мен әйелдер ғана қалады. Сол жылы біз елден көшіп кеттік. 1956 жылы Абай отбасымен бірге Қызылорда қаласына қоныс аударды. Абай  өзі жүрген, көрген, естіген нәрселердің бәрін зердесіне ұзақ сақтайтын. Абайдың зерделілігі өз алдына,  есте сақтау қабілеті ерекше болатын. Өзі араласқан оқиғалардың жылы, ай-күні ,тіпті, сағат, минутына дейін, адамдардың есімдерін ешқашан ұмытпайды. Адамгершілігі мол адамдар өмірге құштар келеді. Абай сол адамдардың қатарында болды. Ол сыпайы,тәрбиелі, жан-жақты, көпшіл. Үзеңгілес қатарластарының алды болды. 
"Сіз", "біз" деген - жылы сөз,
Жылытады жүректі.
Жақсылық билеп жанды тез,
Оятады игі тілекті.
Біреуге біреу жақсылық
Тілесе әркез жаны ашып,
Осы бір шырын - тәттілік
Тұрмай ма жанға жарасып?! – деп жырлаған Өтебай Тұрманжанов ағамыздың  керемет жырлары маған інім Абайға арналып жазылғандай болады да тұрады. Абайдың айтқан сөздері, істеген істері күні бүгінгідей көз алдымда. Заманның ағымын түсінетін, жаңалыққа, білімге, жалпы өмірге құштар жан болатын. 
Сұм ажал арамыздан осындай асыл азаматты ерте әкетеді деп кім ойлаған? Кәрілікке жетпесе де, ойы қазыналы қарт кісідей терең  еді. Кісіге жұғымы бар, оның үстіне кез келген жанға қол ұшын беруге дайын тұратын дарқан көңілін қайтерсіз..!?  Талай қызықты бірге бастан кешірдік.  Ойлап тұрсам, соның бәрі көрген түстей болып, жадымда сақталып қалыпты. Әрдайым Абай туралы ойласам, санамда жаңғырып, жүрегімді сыздатыны анық.
 
Ағамдай болып еді...
Оразов Нағи Шүйіншәліұлы   (Әкемнің құда баласы) 
Абай Сәрсенбайұлын танитын көп адамдар Абай ағаларын пір тұтады. Өнеге етеді. Оның адалдығына, ұстамдылығына, тәрбиелілігіне, имандылығына білімділігіне, мәдениеттілігіне, ұлтжандылығына сүйсініп, тәнті болады. Солардың бірі – мен.
Менің үлкен апам Жаңыл Абайдың туған ағасы Нәменге тұрмысқа шықты. Екеуі 1957  жылы шаңырақ көтеріп, 1958 жылы қалаға қоныс аударды. Абаймен таныстығымыз – сол кезде басталды. Таныстығымыз сыйластыққа, сыйластығымыз достыққа ұласты. Бір-бірімізбен жақсы араласып, ыстық-суықты бірге көрдік. Ол кезде мен №1 мектеп-интернатта оқимын. Күнара үйлеріне келіп тұрамын.  Әбекең еңбекке ерте араласты. Қандай болсын, жұмысты бар ынта-шынтасымен беріліп істейді. Жүргізушілікті оқып, куәлік алды. Қызу еңбекке бірден араласып кетті. Руы - Жетіру, оның Тама деген аталығынан. Оның ішінде – Құрақтар.  Абай мені барлық туыстарымен, ағайындарымен таныстырды. Олардың бәрімен ет жақын ағайындардай аралас-құралас болып кеттік. Кейінірек Абай техникум бітіріп, автобазада автомеханик болып қызмет ете бастады. Қызылордадағы барлық асфальт жолдарда Абайдың өзіндік қолтаңбасы бар. Өзі үнемі : «Жақсы кісі жол жөндеп, жол салуы керек», – дейтін еді. Кеңес үкіметі тарағанға дейін, сол жол құрылыс саласында қызмет етті. Сосын 3 жыл Отан алдындағы борышын өтеп қайтты. 
«1969 жылы ауылға келдім. Мақсатым – отбасын құру. Абай екеуміз бірге жүріп, қыз таңдадық. Таңдау – бір ауылдың қыздарына түсті. Мен Орынгүлді, ол Палмаш есімді қызды таңдады. Екеуміз де таңдаған қыздарымызды Нәмен ағамыз бен Жаңыл апамыздың шаңырағына келін етіп, түсірдік. Тойдан кейін мен келіншегімді алып, Ленинградтағы әскери округке жол тарттым.  Абай Қызылордада қалды.
Ол кісі – естігендері мен көргендерін өте шебер әрі бейнелі тілмен әңгімелейтін хас шешеннің өзі. Сөз арасында әдемі әзіл айтып, көпшілікті өзіне баурап алады. Бойында   ақындық қасиет бар. Жас кезінде өлең жазуға ниеттенген. Шешендігі Төле би мен Бөлтірік шешеннің «сөз киесін» елестетеді. Сірә, газет-журналдар мен кітаптарды көп оқығанынан болар. Ол кісі әңгіме айта бастаса, қасынан шыға алмай қалатының сөзсіз. «Адамның ең асылы - қиянатсыз, ақ пейіл адам» – деген екен ақын, жазушы, философ Шәкәрім Құдайбердіұлы. Әбекең –  құдайдан сұраған пейілі кең, жан дүниесі таза, адал адам еді. Адалдық жүрген жерде – адамдық жүреді. Сайып келгенде, адамгершіліктің өзі –  мінез, жүрек, мейірімділік пен таза ойдан бастау алады.  Ешкімге жамандық ойламайтын, бөтен ойы жоқ, ниеті ақ, пейілі кең, әр нәрсеге адалдықтың көзімен қарайтын, қиянатсыз адам деп Әбекеңді айта аламын.
Өмірлік жары Палмаш өмірден кеткен соң, сыңарынан айырылған аққудай боп, жалғызсырап қалғанын көзіміз көрді. Оның үстіне ұлы Дәулеттің де шақалағы шетінеп кеткен еді. Сірә, осы жайт та қабырғасына батқан болар, кім білсін...!? Ауруға берілгісі келмегені анық, себебі қанша ауырса да, төсек тартып жатып қалмады. Аурухана жағалап, дәрігерге қаралды. Дәрігерлердің «жазыласыз» деген бір ауыз сөзі үміт отын тұтатып, көңілін бір демдеген болатын. Әйтсе де, сұм ажалдың ұзын құрығы кімге жетпеген дейсіз? Ақыры ауру жеңіп, арда азаматты арамыздан жұлып әкетті. Ағасы Нәменнен кейін, араға жеті ай салып, келмеске кетті. Тірлікте жұбы жазылмай, тату-тәтті ғұмыр кешкен ағайынды жігіттер бақиға да осылайша бірге аттанды. Екеуі де – елге еңбегі сіңген, алғыс арқалаған абзал жандар еді. Кейінгі ұрпақтары да осы жолды ұстанса, нұр үстіне нұр болар еді!
«Бейнетің қатты болса, татқаның тәтті болар» – деген халық даналығын жақсы түсінетін Әбекең тынымсыз еңбек иесі болды.  Оның шарапаты ет жақындарынан басқа көп адамға тиді.  Саналы өмірі халық игілігі үшін, балаларына жақсы тәрбие беру үшін арналды десек, қателеспейміз. Әбекеңнің жарқын бейнесі кезінде көмегі тиген көптің көңілінде қалды. Соның бірі – мен. Қысқа өмірінде көрмеген қызығын балалары көрсін! Өзі Жаратқанның панасында болсын дейміз!
 
Тегіне тартқан тектім едің
Жақыпов Балтабай (туысқан інісі)
– Мен 1950 жылы Ақарық ауылында дүниеге келдім. Әбекеңнің  әкелелерінің отырған жері – Көкмая мекені. Арғы аталары Биболат бабамыз болғандығы маған аян. Менің шешем – сол кісілердің көзін көрген жан.  Биболат бабамызды «Саудагер атам» деп айтып отыратын. Ардақты Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз көптеген хадистерінде маңдай терімен еңбектеніп жүрген мұсылмандарды мақтап, адал несібе іздеуге шақырған.  «Сенімді әрі адал саудагер ақыретте шейіттермен, сыддықтармен, пайғамбарлармен бірге болады» (Ибн Омардан (р.а.) Кутуби ситта, 3/8); «Бала-шағасын адалынан асырауға тырысып жүрген жан Алла жолында күресушімен тең. Ар-ұятын сақтап, адал дүниені іздегендер шейіттермен деңгейлес».  Сондықтан мұсылман адам сауда жасағанда, адал ниетті болғандықтан,   Алла Тағала оның еңбегін жоғары бағалары анық.
         Әбекең шындықты сүйіп, жалғандыққа қарсы тұрды. Өтірік-өсек айтқандарды жек көрді. Жалған сөйлегендерді ұнатпады. Ол  жаны асқақ және ар-намысын аса ардақтайтын адам еді. Қай кезде де қарапайымдылығы мен кісілігін жоғалтқан жоқ. Бар болмыс-бітімімен әділдікті сүйді. Өктемдік пен озбырлыққа жол берген жоқ. Өте әділ болған кісі. Бүгінгі ғана емес, келер ұрпаққа да үлгі бола білді.
«Жомарттық – саған қарағанда, маған қажет болған затыңды беру емес, бәлкім, өзіңе керек болып тұрған затыңды маған беруің», – деген  болатын ХХ ғасырда өмір сүрген философ Халиль Джебран. Әбекең –  біреу қажет десе, шапанын шешіп беруге дайын қолы ашық жан. Балаға да, үлкенге де жаны қалмай көмектесетін. Білім алып жүрген шәкірттеріне ықыласы бөлек. Олардан қаражатын аямай, қолындағы барын соңғы тиынына дейін қалдырмай беретінінін өз көзімізбен көрдік.
Кеңес үкіметі ыдырап, кім қайда барарын, не істерін білмей абдырап қалған уақыт. Сол   қысылтаяң кезеңде  Абай ағамдар тез шешім қабылдап, өз кәсіптерін ашып жатты. «Абзал және К» серіктестігінің құрылуына да атсалысып, ақылшы болды. Үлкендік жолымен Нәмен мен Абай ағаларымыз жастарға жол сілтеді. Жақсы істерге жігерлендірді. Барлық істің басы-қасында жүріп, ыстығына күйіп, суығына тоңды. Ертеңгі күнге сеніммен қарап, болашаққа нық қадам басты. Осының өзі – Әбекеңнің көрегендігін, алысты болжайтын түйсігін көрсетпей ме?! Палмаш жеңгеміз де Әбекеңе сай ақылды, қонақжай жан болды. Қазақта:«Ерді ер ететін де –  әйел, жер ететін де  –әйел» немесе «Жақсы әйел жаман еркекті би етеді, жаман әйел жақсы еркекті қор етеді» – деген даналық ой  бар. Мұның бәрі – ер адамның өмірінде әйелдің алатын орны өте зор екенін айғақтайды.  Ер адам әйелге қаншалықты көңіл бөліп, мейірім-шапағатын төге білсе, ол да ерінің жақсылығына жақсылықпен жауап береді. Көркіне ақылы сай келген Палмаш жеңгеміз Әбекеңе лайықты жар бола білгенін көзіміз көрді. Хакім Абайдың жақсы әйел туралы өлең жолдарын оқысақ, Әбекеңнің жарына деген біздің құрметіміз арта түседі.
Толқынын жүрегіңнің хаттай таныр,
Бүлк еткізбес қалайша соқса тамыр!?
Жар көңіліне бір жанын пида қылып,
Білместігің бар болса, қылар сабыр.
       Несін айтасыз, ағамыз – жігіттің сұлтаны, жеңгеміз –әйелдің пірі еді. Тағдырдың маңдайға жазғаны болар, ағамыз өмірден ерте кетті. Дегенмен, «Орнында бар оңалар»– деген сөздің жаны бар ғой! Саналы да тәрбиелі ұрпағымен  екінші өмірі жалғасын табуда. Ардақты ағам мен асыл жеңгемнің рухына мың тағзым!
 
Жақсының жақсылығын айту керек
Баймырзаев Әбсұлтан  пен оның жары ------  (Көп жылғы көршісі)
                                                                                                                 
Қазақ халқы көрші ақысын жете түсінген. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» – деп, қоңсылықты ерекше қадірлеген. Жан-жағындағы қоңсы қонып жатқан  жандармен әрдайым тату тұрған.  Бауырды да, басқаны да жанына жақын тартып, көмек берген. Әбекеңмен көрші болғаныма қырық жылдан асты. Көшеміз бұрын Чкалов атында болса, қазір Шәкәрім Құдайберді атындағы көше. Осы көше өзіме ыстық, себебі бұл көшеде мен Әбекеңдей адал азаматпен көрші тұрдым. Бір қызығы,  Әбекеңде – 3 ұл, 1 қыз болса, менде – 5 ұл, 1 қыз. Біздің балаларымыз кішкентайынан бірге ойнап, бірге өсті. Бірге ер жетіп, бой түзеді.
Ел аузында: «Алыстағы туысыңнан қасыңдағы көршің артық» деген нақыл сақталған. Расымен де, басқа іс түскенде жырақтағы ағайыннан гөрі, жәрдем беруге жүгіретін, қайғы мен қуанышыңды алдымен бөлісетін де  осы жанашыр – көршілерің. Көршінің  орны ерекше. Халқымыз: «Көршіні ешкім таңдамайды, Құдай қосады» деп, қоңсыны Жаратушының өзі белгілейтіндігіне сенген. Сондықтан да жақын көршіні «құдайы көрші» деп атаған. Өзім Әбекеңнің отбасын «құдайы көрші» деп, ауыз толтырып айта аламын. Әбекең көршілердің бәрімен жақсы қарым-қатынаста болып,  етене жақын араласып тұрды. Ешкімнің бетіне жел болып тимейтін биязы мінез иесі еді. Той-томалақ болса, Палмаш жеңгеміз екеуі алдымен келіп, «құтты болсын» айтады. Бірден  екі білекті сыбанып,шаруаға кірісіп кететін. Көршілердің бәрі оны туысқанындай көрді, құрметтеп, қадір тұтты. Көршілер бас қоса қалған жерде, түрлі әзіл-қалжыңдар айтып, бәрімізді қыран-топан күлкіге қарық қылатын. Жеңгелерімен де әдемі әзілдері жарасып, қазақы қалжыңда жарастық тауып ойнайтын. Әбекең – сөздің майын тамызып, мақалдап сөйлейтін кісі. Қысылғанда, Әбекеңе жүгіретінбіз. Ол кісі асықпай, байыппен тыңдап, қолынан келгенше, қаражат жағынан  көмек қолын созып отыратын... 
Әбекеңнің соңында қалған ұрпағы да – өте тәрбиелі, көрегенді жандар. Қарашаңырақта қалған ұлы Дәулет әкесінің орнын басып, ошақтың отын өшірмей отыр. Біз қазір Әбекеңнің балаларымен араласып тұрамыз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Әбекең туралы сөз бола қалса, мен осы сөзбен бастап, осы сөзбен аяқтаймын.
– Сәрсенбаевтар отбасымен көп жыл көрші болып келеміз. Алғаш осы жерге көшіп келіп, қоныс тепкенде, жаңа шаңырақ құрған өрімдей жас отбасы болатын. «Қара жігіт пен сары келіншек көшіп келіпті»,– деп әзілдейтінбіз. Сөйтіп жүргенде,  өздеріне арнап әп-әдемі үй салып алды.  Жарасымды жанұяға сырттай қызыға қарайдық.. Кейінірек Абай мен Палмаш бізге туған ініміз бен сіңліміздей болып  кетті. Әлі күнге дейін осы үйдің қақпасына көз салсам, ерлі-зайыпты  абзал жандар, жарасымды жұп  есіме түседі. Палмаш өзімнің келінімдей болып, өмір бойы менің алдымда «апа» деп сызылып тұрса, Абай мені «Күлеке» деумен өмірден өтті. Көзі тірісінде екеуі де сыйластығымызға сызат түсірген емес. Қайта жыл өткен сайын, бір-бірімізді айтпай түсінетін дәрежеге де жеттік.  Әбекеңдер үйіне қонақ келсе, қонақасы берсе, жолдасым екеумізді қалдырмай, «бірге болсын» – деп шақыратын. Несін айтасыз, олар бізбен ғана емес, барлық көршілермен де тату-тәтті тұрды. 
Осы көшенің тұрғындарына Нәмен мен Абайдың көп септігі тиді. Көршілердің бірінде бір қиындық туса, әсіресе, алдымен Абай бірінші қолын созатын еді. Біздің көшеміз – жаңбыр жауса,   жер балшық болып, жүру мүлде қиындап кететін көшелердің бірі. Абай өзі бас болып, көшеге асфальт төсетті.  Есігіміздің алдына темірден мал кірмейтін  шарбақ жасатып берді. Бүгінде көршілер бас қосқанда: «Абайдың салып берген шарбағы», –  деп, оны ризашылықпен еске алып отырамыз. Көршілерге шарапаты көп тиіп еді. Енді өздеріне де, үрім-бұтағына да Алланың мол ықыласы мен шапағаты  тисін! 
Дана қазақ:«Келіні жақсы үйдің – керегесі алтын» дейді. Кереге – үйдің кеңдігі мен қаусырма-қорғанышының көрінісі.  Осы теңеу арқылы отбасының жылуы мен қонақжайлылығын келін бейнесімен білдіріп отыр емес пе? Палмаштың өнегесін көрген келіндері де тәрбиелі. Көшенің ана басында тұрса да, сәлемін салып,  алдымыздан кесе өтпей, сызылып тұрады. «Тәрбие көрген» деп осындайда айтады  емес пе? Абай мен Палмаштың балаларын өз балаларымыздан бір кем көрмейміз. Ендігі жерде артында қалған ұрпағы мен бауырлары бақытты болсын! – деп тілейміз.
 
Орны бөлек жан еді...
Биболатова Жаңыл (Нәмен ағамыздың жары, жеңгесі)
 
Жақсылық күн секілді, кейде, бұлт астына жоғалып, кейде сәулесін мол шашып, нұрын төгеді. Осындай жақсылық сәулесін шашып, мейірім-шуағын төгіп тұратын жақсы адамдардың қасына мен Абай қайынымды жатқызар едім.
Мен 1957 жылы Абайдың туған ағасы Нәменге тұрмысқа шығып, Сәрсенбаевтар әулетіне келін болып түстім. 17 жасымда өсіп-өнген, батыр бабамыздан таралған әулеттің келіні атандым.
        Арғы атамыз Биболат жайында мен көп естідім. Ол кісі «Атымтай жомарттығы» жайында  ел ішінде түрлі әңгімелер көп болатын еді.  Атамыз – өте жомарт, қолы ашық кісі болыпты. Бірде қонаққа барып отырған жерінде біреу атамыздың галошына қызығады. Мұны байқаған атам әлгі кісіге галошын шешіп беріп кетеді. Жүрген жерінде жұрттың көзіне түскен бұйымдарын: «Сізге ұнап тұрса, алыңыз»,– деп сұраған адамдарға үлестіріп береді екен. 
       Атамыз – мықты бағбаншы.  Еккен қауын-қарбыз, басқа  дақылдары піскен кезінде,  көпшілікке таратып жібереді екен. Елге сыйлы, аузы дуалы, ешкімнен жақсылығын аямайтын бекзат жан болған.  Өте ауқатты кісі болыпты. Ел ықыласына бөленген  атамыздың  кәсіпке бейімділігі, іскерлік қабілеті, есеп-қисапқа жақындығы, көрегендігі мен тапқырлығы өзінен кейінгі ұрпақтарын дарығаны сөзсіз. Мен келін болып түскен әулет көпшіл болды. Ешкімді жатырқамай,  бәрін бауырына басуға дайын  жақсы жандар тобынан тұратын. 
          Жолдасым Нәкең ол кезде, қаладағы сауда базасында жұмыс жасайды. Шаңырақ көтергенімізге бір жылдай болғанда, біз қалаға қоныс аудардық. Пәтер жалдап тұрдық. Даналық пен көрегендік дарыған біздің бабаларымыз ұстанған салт-дәстүрлер арасында отбасындағы сыйластықтың артуы үшін қолданатындары жеткілікті. Соның бірі – «ат тергеу» дәстүрі. Бір түйір қайыным ғой, мен де осы дәстүрге сай Абайдың атын атаған емеспін.  Қазір айтып отырмын. Алла өзі кешірсін... 
      Әжем (енем) маған келін болып түскеннен кейін: «Айналайын, балам, 17 жасыңда келін болып түссең де, сен осы үйдің шаруасын дөңгелентіп алып кете аласың деп сенемін. Мен көбіне қыздың үйінде боламын. (Ол кезде Кенжегүл апамның денсаулығы сыр бере бастаған кезі)   Осындағы шаруаның бәріне өзің бас-көз бол. Бәрін өзіңе тапсырдым», - деп, маған үлкен үйді табыстады. Енем екі үйдің арасында жүріп, келіп-кетіп, қадағалап отыратын. Кеңпейіл әжем сөйтіп жүріп-ақ: «мынау ұлдың баласы, мынау қыздың баласы»,– демей, бәрін де бірге тәрбиелеп өсірді. Алтын әжем бар болғаны 55 жасында өмірмен қош айтысты. 
              «Келін – қайын ененің топырағынан» деп бекер айтылмаса керек-ті. Келіннің жақсы болмағы – ең әуелі, өз анасына байланысты болса, одан кейін барған жерінде ақыл-кеңесін айтып, өмірлік тәжірибесін үйретіп, бағыт-бағдар нұсқап отыратын енеге де байланысты. Қазақтың дәстүрлі отбасында ене мен келін арасындағы қарым-қатынаста ешқандай қиындық болған емес. Ақылды да дана аналардың көрегендігі– отбасындағы ынтымақтың бірден-бір себепшісі. Ендеше, келіннің «келсап» болмай, жақсы келін, жақсы жар, жақсы ана болып қалыптасуы, ең алдымен, оның еріне деген сый-құрметіне, екіншіден, қайын ененің тәлім-тәрбиесіне байланысты екен. Ене – келіннің екінші анасы. Келіннің енеден үйренері, алар тәлімі көп. Өзім  ақылшым, қамқоршым болған енемнен көп нәрсені үйрендім. Өмірлік сабақ алдым.
Абай біздің қасымызда болып, бізбен бірге жүрді. Көптеген жұмыстар атқарды, бригадир де болды. Сөйтіп жүргенде,  Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Әскерде жүрген қайыныма: «Қызды болып жатырмыз», – деген жеделхат жолданды. Тверь облысындағы «Вышний Волочёк»   жеріндегі Цна өзенін бойлай жүріп бара жатқан Абай қайыным сәбиге «Айдын»  есімін таңдады.            Анасы бұл дүниемен қош айтысқанда, Абай әскер қатарында болды. Қайтып келгеннен кейін, ол «Сельхозснаб» мекемесінде қойма меңгерушісі болып істеді. Бұл кезде тәжірибе жинап ысылған білімді де білікті мамандардың қатарына енді. Түрлі қызметтер атқарып жүрді. 1969 жылы өзімнің туған інім Нағи үйленді. Келіннің қасындағы құрбысы Палмаш бәрімізге бір көргеннен-ақ ұнады. Бірден келін қып түсіргіміз келген, бірақ болашақ келініміз: «Маған бір апта мәулет беріңіздер», - деп қиыла сұрады. Содан уәдесінде тұрып, бір жетіден кейін Палмаш қолымызға келін боп түсті.
Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай,
 Көл-дария секілді пейілдері-ай!
«Абысын тату болса, ас көп» деген
Мақалдың айтылуы тегін бе еді?! – деп жырлаған Сәнімкүл Желдербаева апамыздың өлең жолдары Палмаш келініммен бірге тұрған жылдарды еске түсіреді. Екеуіміз бір шаңырақ астында 3 жылдай бірге тұрдық. 1970 жылы өмірге тұңғыш балалары Мұрат келді. Палмаш маған: «Мұрат – сіздің балаңыз»,–дейтін еді. Содан Мұратты өзіме меншіктеп алдым. Құдайға шүкір Мұратжан менің айтқанымнан шыққан емес. Ата-анасының орнында отырғасын, мені жеңгесі емес, анасындай көріп сыйлайды, құрметтейді. Осы баламның арқасында біраз жерлерді шарладым. Қайда барсам да, бәрін реттеп, ұйымдастырып, орайластырып отырады.  Кейінірек Сарқыт есімді қыз біздің әулетке келін болып келді. Құрқылтайдың ұясындай екі бөлмелі үйде әйелі қайтыс болған қайынағам мен оның 3 баласы, енем, балалар – бәріміз 7 жыл бойы бірге тұрыппыз. Оның үстіне қалаға оқуға келген балалар да біздің үйде жатып оқитын. «Көңіл сыйса, бәрі де сияды»  деп, бәріне төрімізден де, жүрегімізден де орын бердік. Ешқайсысының көңілін қалдырған жоқпыз. Осының бәрі – келген жерімнің, көрген тәрбиемнің дұрыстығынан болар деп ойлаймын.
        Неше түрлі қиындықтар мен кедергілер көп болды, бірақ ешқайсысы қиындықтан шығудың жеңіл жолдарын іздеген жоқ. Қайта қиындықпен күресіп шыңдалды. Тәжірибе жинақтады. Қиындықтар тұңғиыққа тартқан сәтте, олар жоғарыға ұмтылды.  Құласа, қайтадан аяғына нық тұру үшін, бәрін қайтадан басынан бастады. Жеңіл жолмен келетін табыс болмайды. Оны табан ет, маңдай теріңмен табасың. Шаршап-шалдығасың, бірақ кейін оның жемісін татасың. Еселі еңбектерінің арқасында,міне, қазіргі жеткен биігінде тұр. Бас-аяғы 25 жылдың ішінде, өңірге белгілі күріш өндіретін ірі кәсіпорынға айналды.  Қазір көп адам осы кәсіпорында еңбек етіп, нәпақасын айырып, бала-шағасын асырап отыр. «Жігіттің жұмсаған күшін сұрама, Бітірген ісін сұра» деген ғой  дана халқымыз. Көп жылғы еңбек пен төгілген ащы тердің тек кетпеді. Басталған істің нәтижелі болып, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқаны сүйсіндіреді. Алла ендігі жерде тек ұзағынан берсін!– деп тілеймін.
  • Бірге өмір сүрген кездегі бір байқағаным –  бір шаңырақтың астында тату-тәтті тұруымыз бірліктің арқасы. «Екі жақсы қосылса, қыл өтпейді арадан» дегендей, Абай ағасымен өте тату болды. Онымен сөзге келіп, жүз шайыстырғанын ешқашан көрген де, естіген де емеспін. Абай қайыным бетіңді қайтарып: «болмайды» деген сөзді айтпайтын. Палмаш келінім де өзіне сай, «жоқ» демейді. Екеуінің ұрысып, бет жыртысқан кезі болған емес. Бір-біріне деген ыстық сезімдері, өзара сыйластығы керемет болатын. Палмаш – ибалы, ізетті, сыпайы жан. Ешқашан әдептен аттаған емес. Атам қазақ «Қызым келіннен, ұлым елімнен ғибрат алып өседі» деп, көрегендікпен айтқан. Менің келіндерім Палмаш пен Сарқыт сияқты үлгілі келіндерді Аллам барлық шаңыраққа бұйыртсын! – деп тілеймін.
       Осы өмірінде тек ғана алғыс арқалап өткен  Абай мен Палмаштың тәрбиелеген ұл-қыздары – қазіргі кезде жақсы санатқа кірген жандар. Барлығы өсіп-жетіліп, білім алды. Отбасын құрып, өз кәсіптерін жасап жүр. Ең кенже, ерке тентек Дәулетіміздің өзі қазір салиқалы азамат болып, ағаларының жолын жалғап, әке мен ана рухына тағзым етуде. Алла ешқашан ауызбіршіліктен айырмай, ұрпақтарымыз бейбіт заманда бақытты да ұзақ ғұмыр кешсін!
 
Үлгі-өнегесімен есімде қалды
Сарқыткүл (келіні)
- Күні кеше ғана ортамызда ақжарқын қалпымен, байсалды мінезімен жайдарлана жүрген Абай ағаның орны біз үшін ерекше, бөлек еді. Асыл ағаның дүниеден озғанына біршама уақыт болып қалыпты. Оның енді жоқ екеніне, мәңгілік сапарға аттанғанына сенгің келмейді. Айналасын нұрландырып тұратын жақсы адамды, өзіңмен мұңдас сырлас жақыныңды қимайды екенсің. Бірақ, өмір бар жерде – өлім бар. Тағдырға не шара?!
Қым-қуыт қайшылықтарға толы мына өмірде қаншама жақсы-жайсаң, жампоздармен танысып, сырлас, дәмдес болдық. Асылдардың сөздерін тыңдап, құлаққа құйып, тәрбие алдық. Солардың қатарында қазақтың қарапайым  азаматы  – Абай аға да бар.
        Ағаның жақсылығын айтып тауыса алмаймын. Ол кісінің кісіге деген ілтипаты, бала-шағаға қамқорлығы, үлкенге көрсеткен құрметі, ағайындармен араласуы – өзгелер үшін өнеге-дастан. Бәріміз бір атаның балалары болғандықтан, әулеттің ауызбіршілігінен маңызды ештеңе жоқ. Ал береке-бірліктің болуы әулеттің негізі болып табылатын ер-азаматтарымызға тікелей байланысты. Абай ағамыз –  жақсы істердің ұйтқысы, жаңалықтың жаршысы. Әулеттің ынтымағын бірінші орынға қояды. Үнемі өзінен бұрын, басқалардың қамы үшін жүгіріп жүретін жан. Ағайынның той-томалағы, өлім-жітімі, қуанышы мен қайғысында алдымен келіп, бәрін өзі басқарып, ұйымдастырып отыратын.  Адамға тек жақсылық ойлап, қиын жерден амалын тауып шығатын қасиеті бар. Қиналғанда, қасыңнан табылып, жылағанда, жұбататын адам іздегендердің бәрі – осы ағамызды жағалайтын еді. Мұның барлығын ағамыз риясыз, шын көңілімен істейтін. Жақсылығын жария қылмай, елеусіз қалдыратын.
Қазақтың әйгілі ақыны, поэзия падишасы  Фариза Оңғарсынова: 
Пенделер бар күні үшін көлгірсіген,
Ондайлардың достығы тиынға тең.
... Бұл өмірде жанашыр жақсыларсыз
      Жақсы болу адамға қиын да екен,  – деп жырлаған ғой. Ақын жырына Абай ағам сияқты ақкөкірек, жаны жайсаң азаматтар арқау болса керек-ті. 
          Мен жастайымнан осы әулетке келін болдым. Жаңыл апамның қолына келін боп түстім.  Менен бұрын Абай ағамның жары Палмаш та апамның қолына  келген екен.  Жаңыл апамды мен «енем» деймін, себебі осы кісінің тәрбиесін  көріп, қолында болдым. Апам да мінезге бай, кішіпейіл, мейірімді жан болды. Жаңыл енем, Палмаш апам және мен қол ұстасып, қаздай тізіліп, қатар жүретінбіз. Елдің бәрі бізге қызыға қарап: «Абысын тату болса, ас көп» дегенді сендерге қарап айтуға болады. Татулықтарыңа қызығамыз, – деп тамсана айтатын. 
Жолдасым Шапай өмірден ертерек кетті.  Кейде есіме алып, жылап та аламын. Көңілім құлазығанда, қасымнан табылатын  осы кісілер болды. Маған сүйеу болып, қысылғанда қол ұшын беріп, қолдан келгенше жалғызсыратпауға тырысатын. Кішіпейіл, ақкөңіл ағамыз өзі хабарласып: «Маған не тапсырма бар?» – деп сұрайтын. Бұл да –  ол кісінің бауырмалдылығын, мәдениеттілігін, имандылығын көрсетететін жайт. Кісілігіне іштей қайран қалып, парасаттылығына басымды иемін. Өзім – ол кісінің келінімін, қайынағама қалайша тапсырма беріп, орында деймін. (күлді) Жай ғана жоқ екенін айтамын, басқа не дейін?
       Қазақта «Еркек – үйдің егесі, Әйел – үйдің шегесі» деген керемет тәмсіл бар. Жар таңдап, отбасын құруда  Абай ағам – жаңсақ баспаған, жаңылыс қадам жасамаған нағыз бақытты жан. Осы шаңыраққа Палмаш апам  құт болып келіп, бақ болып дарыды. Берекесі мол әулеттің дәулетін тасытты. Адал жар, асыл келін болды. Әулеттің ырысын молайтып, бақытын көбейтіп, абыройын асырды. Палмаш апаның жақсы келін, еріне серік, еліне көрік болғанын бәрі біледі. «Жары жақсының – бәрі жақсы» дегенде, дана қазақ осыны айтса керек. Палмаш апаның тәлімі мол өткен-кеткен тарихты, жыр-дастандарды, шежіре-әңгімелерді бойына терең сіңіргендігі, ақылды әрекеті, сөзге шешендігі, бәрі-бәрінің сыры осында жатса керек. Өмірін сапалы білім, саналы тәрбиеге арнаған Палмаш апам – үлгілі ұстаз, тәлімді тәрбиеші, ел анасы атанған жан. Ибалы мінезі мен иманды жүзі адамды өзіне тартып, мейірімін төгіп тұратын. Абай аға мен Палмаш апаның ерлі-зайыпты өмірі, сыйластығы, жұртқа қамқорлығы елге аңыз болғаны ақиқат.
      Амал нешік, Палмаш апам өмірден ерте кетті.  Апамды сағынамыз, жиі-жиі еске алып тұрамыз. Абай ағам қимас жанның кісі қызығарлық ізгі істерін, ел-жұртқа қайырымдылығын, шаңырағына шамшырақ болғанын  тебірене айтып жүретін. Сөйтіп жүргенде, баршамызды қамқор пейілімен аялап жүрген асыл ағамнан да көз жазып қалдық емес пе?! 
Алланың нұры – көктемгі ақ жауындай көпке шарапаты көп тиген аға еді. Бұл пәниде темір өзекті пенде жоқ, Өлмес адам елде жоқ. Өлімнен өтер өткел де жоқ. Бірақ төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей болған, жақын мен алысты бірдей тең көрген, ағайынның жігері,  туысқанның тірегі бола білген Абайдай асыл ағаны өлімге қию, енді арамызда жоқ дегенге сену қиынның қиыны.
 
Тамыры терең бәйтерек
Шамшат інісі( Туған ағасы Нәменнің үлкен ұлы)
Уақыт ырқына бағынбайтын жұмырбасты пенде жоқ.Өмір-өзен тоқтамайды. Өмір заңы біздің әулетті айналып өтпей, шайқалтып, бір күңірентіп өтті. 2014 жылдың желтоқсан айында әкемізден айырылсақ, араға жеті ай салып ағамыз Абай «бауырынсыз» өмір сүргісі келмеді ме, ағасының артынан мәңгілік сапарға аттанып кете барды. Бас-аяғы 1-2 айдың ішінде облыстық ауруханаға өз аяғымен барған ағамыз, о дүниеге бұл пәнимен қоштасып кете барды. «Тұз-дәмі алланың қалауымен таусылар шағымен тұспа-тұс келген шығар», –деп, шулап қала бердік. 
Мен үшін ағам асқар тау еді. Өмірде біраз жерде сол кісіге еліктейтінмін. Қазір де: «Абай ағам болғанда, қандай шешім қабылдаған болар еді?», – деп ойлаймын. “Әкем өлгенде, ақыл берер, ағам бар”, – деп өзімді жұбататын едім. Соңғы ақылшымнан айырылдым ,–дедім. Тірі адам тіршілігін істейді. Ендігі біздің бар мақсат-арманымыз – сол кісілердің салып кеткен дара, сара жолын абыроймен жалғастыру. Аллаға мың да бір шүкір! 
Ауызбіршілігі жарасқан әулетіміз әділдіктің туын биік ұстап, адымдап алға жылжып келеді. Біздің, артында қалған ұрпағының міндеті – ардақтыларымызды ардақтап еске алу, құран оқыту, әулет атына кір келтірмей еңбек ету.
 Абай ағам – ақынжанды, әзілді жаны жақсы көретін, ақжарқын әділ кісі. Туған-туыс, құда-жекжат, көрші-көлем, дос-жаран арасында беделі де жоғары болды. Жеңгеміз Палмаш екеуі тату-тәтті өмір сүріп, құдай берген 3 ұл, 1 қызын “тұмсықтыға шоқтармай, қанаттыға қақтармай” жақсы тәрбие берген. Оқытып, өмір жолында өз орындарын тауып беріп, әрқайсысын жеке отау етіп, немере қызығын көріп кетті. Оған да жаратқанға шүкіршілік етеміз. 
Ағамыздың адам сыйлауы ерекше еді. Аптал азаматтың  жақсылығын, шапағатын көрген жанның бірі балдызы, (қайынысы) жеңгеміз Палмаштың ағасы Әубәкір марқұмның баласы – Мереке (Мейрамбек). Көзінің тірісінде: «Болашақта Дәулеттің көршілері жақсы болсын», – деп, Мерекені көрші етті. Бұрынғы өз қолымен салған үйге көшіріп әкеліп, кейін ескі үйді бұзып, балалардың Мерекеге жаңа үй салып беруіне мұрындық болды. Мерекені барған жерінен тастамай, ертіп жүреді. Бірде Абай ағамыздың үлкен ұлы Мұрат ініміздің үйінде құран оқытылды. Мен, Абай ағам Мерекемен қатар отырып қалдық. Артынша үлкен ас – ет келді. «Жасы кіші ғой» деп, пышақты Мерекеге беріп: «Етті сен тура», – дегенім сол еді, Абай ағам бірден пышаққа жармасып:
«Одан да өзім турайын», – дегенде, қатты ыңғайсыз жағдайға қалғаным бар. Бұл жайт – былайғы өміріме сабақ болды. Оның жасы кіші болса да, жолының үлкен екенін осындай тұспал әрекеті арқылы  түсіндірген. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа, жаның жәннәттің төрінде болғай, Жан Аға!
Сағынып жүрмін...
Сәрсенбаева Жанар (жалғыз қызы)
 
Ана! Ана! Ана! «Ана» дегенде, толқымайтын жүрек, толғанбайтын, сағынбайтын жан жоқ. Ана – әрбір адам баласы үшін, ең ыстық, жанға жақын, мағыналы да қастерлі сөз. Міржақып Дулатов ағамыз айтқандай, «бізді сүйетұғын, күйетұғын», әрқашан қамымызды ойлап жүретұғын абзал жанды адам, бұл – ана. 
«Анаңды Меккеге үш арқалап барсаң да, қарызын өтей алмайсың» дегенді қазақ халқы бекер айтпаса керек-ті. Шынында да, осыншама қиналып, көз жасын төге жүріп, бізді өсірген анаңа қолыңнан келгеніңнің бәрін істесең де, оның бәрі анаңның түн ұйқысын төрт бөлген бір күніндей ғана. Өз парызыңды өтеу, бұл – ана алдындағы парызыңды өтеу. Қаншама байлық иесі болсаң да, әлемге әйгілі адам болсаң да, анаңды, оның саған жасаған жақсылығын ұмытпау – сенің өмір бойғы  борышың. Әркімнің өз анасына деген махаббаты шексіз. Мен де маған әлемнің жарығын сыйлағаны үшін, анама алғысымды айта отырып, өз ойымды аз да болса жеткізгім келеді.
              Ана... Қандай қасиетті сөз! Жүрегіме ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Ана – үйдің берекесі, қыз баланың өнегесі, шаруаның несібесі. Ананың көзінен нұр төгіліп, жан-жағына шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл ананың құшағында бақытты өмір кешесің, бірақ оның мәңгілік екенін сезбейсің, ананың ыстық құшағы сездірмейді.
Қара түнде жамылып-ап көрпені, еске алумен, жылауменен, сені сағынумен өткізген күндерім қаншама... Ішім толы мұң болса да, ешкімге білдірмеуге тырыстым. Мейірімге толы жанарың мен көзіңді, «айналайын, ботам» деген сөзіңді әрқашан сағынып еске алумен болдым. Әрқашан сағынып, еске алумен жүреміз өзіңді!
        Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың хадистерінде де, ең алдымен, ананы құрметтеу парыз екені айтылады. “Әуелі анаңа, тағы да анаңа, содан соң, әкеңе жақсылық жаса,”–дейді. «Егер атаң мен анаң бір мезгілде үн қатып қалса, әуелі анаңа жауап бер», – деген ұлағатты сөз бар. Пайғамбарымыздың тағы бір хадисінде: “Кімде-кім ата-анасының ризалығын алған болса, бала соның өмірін ұзартады”, – делінген.
Ұят пен инабатты берік ұстанған, текті әулеттен шыққан анам Палмаш әкемнің  шаңырағына шаттық ала келген көрінеді. Анам– пейілі кең, қанағат пен шүкірінен танбаған жан. Жаратушының жарылқағаны болар, «келіннің аяғынан» дегендей, екеуі бірге ғұмыр кешкен ширек ғасыр уақыт ішінде бір қыз, үш ұлды дүниеге әкелді. Сәрсенбаевтар әулеті  баланың шаттыққа толы күлкісіне бөленіп жатты. Қаламызда ертеректе салынған жолдардың талайында әкем Абайдың қолының табы, жүрегінің лүпілі бар десем, артық айтқандық болмайды. Жақсы маман қашанда жауапкершілік жүгін бірінші болып арқалайды. Жұмыстан шаршап, кеш қайтқанда, үйінде күліп қарсы алатын жары, құшақтап мауқын басатын балалары жүгіріп шыққанда, күні бойына созылған ауыр бейнеттен түк қалмайтындай еді. 
Шын бақыттың ғұмыры қысқа болып жатады. Алла тағаланың хикметінде шек жоқ. Пендесінің «неге олай, неге бұлай?» деуі– күпірлік болар еді.
Қатал тағдырмен бетпе-бет келген кезде, сабырлылық таныта білетін, адал махаббатынан, жақын адамдарынан айнымайтын анам туралы, оның үнемі айналасына өнеге болып, шуақ шашып тұратынын айтудың өзі қандай ғанибет десеңізші!
        Анамның жүзінен үнемі бақыттың лебі есіп тұратын. Тағдырға мойымаған кескін-келбеті кездескен, сөйлескен кез келген жанды өзіне оп-оңай баурап алады. Оның аурумен арпалысқан алғашқы жылдары өте қиын болды. Өмірдің біраз өткелдерінен өтіп, қиыншылықтарды еңсеріп, еңсені тіктеген сәтте, тұтқиылдан кесел келіп жабысты. «Жазылып кетемін-ау!» – деген үмітпен бармаған емхана, көрінбеген емші қалған жоқ. Он шақты жылға жалғасқан еш нәтижесіз сабылыстан күдерім әбден үзіліп, рухым да сынды. Сонда ылғи да қасымнан табылатын жолдасым – сүйеніш, демеу  болып, ауру азабы мен шарасыздық салған жараны жан жылуымен жазды.  Тіршілік, бала-шағаның қамы тағы бар. Осындай қат-қабат қиындықтардың бәрін жеңіп, мені, балаларымды бүгінгі күнге жеткізді. Бұл айтуға ғана оңай... Оның алдында мәңгі қарыздармын. «Ол – ерекше жан!» –  деген бір ауыз сөз анам Палмаштың бойындағы тектілікті, қазақ аналарына тән адалдық пен қайсарлықты көрсетіп тұрғандай.
        18 жыл бойы анам өзі шалдыққан дертпен арпалысумен болды. Мен  қуанышынан гөрі қайғысы көп, бота көздеріне  мұң қонақтап алған анамның көзіне тура қараудан жасқанатынмын. Осы көздер жаныма маза таптырмайтын. Ауру меңдеген, үзілген үмітінің жібін жалғай алмай қажыған, өмір жолында ауыр азаптармен бетпе-бет келіп жүрген анамның көңілін қасаң кірден тазартып, жарымжан көңілді тағдыр мұңынан құтқарғым келетін. Қарша борап, жанды күйзелтетін сол мұңнан арашалап қалу үшін, аз да болса жанға ләззат сыйлайтын бір нәрсе жасағым келетін. Тағдыр салған жазылуы қиын жараны жылы сөзіммен емдеуге тырысатынмын. 
     Ардақты  анам сырқаттанып жүрген уақытта, әкем мен ағаларым кәсіпкерлік саласына бет алды. Заман талабына сай өз кәсіптерін ашуға талаптанды. Әкем үйге келіп, анаммен ойласып, ылғи жұмысы жайында пікірлесіп отыратын. Анам бәрін байыппен тыңдайды. Істің жөн-жосығын үйде жатып-ақ жобалайды. «Қандай істе де бәрін жан-жақты ойланып алу керек. Әрдайым сабырлы болыңдар», – деп айтып отыратын. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің: «Ақыл - адам көрігі, ақылдың сабыр – серігі», – деген қанатты сөзін өзінің өмірлік ұстанымы етіп алған анамның ауырып жатып та бізге дем беріп, жігерлендіріп отырған күндерін ойласам, анамның бойындағы ерік-жігеріне қайран қаламын. 
 Мейірімді жүзінен күн нұры төгіліп тұрған  анамның пайымдауынша, дерт, науқас – Тәңірдің әмірі. Жетімдік те солай. Ешкім оны не тілеп, не сұрап алмайды. Ауруға қарсы тұру үшін, бірінші кезекте адамға сабыр керек. Сабыр − адамзатты кемелдік шыңына жетелейтін ең асыл қасиеттердің бірі. Асылында, бұл қасиет адам баласына әуелден Жаратушы тарапынан берілген. Сабыр – жетістікке қол жеткізудің сырлы кілті. Сабыр − тосыннан қандай да бір қиын жағдайға тап болғанда, әл-дәрменің таусылып, салың суға кеткен сәтте бойыңдағы бар күш-қуатыңды жинап қайраттану, басқа түскен ауыртпалыққа төтеп беру үшін, белді бекем буу. Сабыр сақтау – тағдырға ризашылықтың, шүкірліктің белгісі. Тағдырға налып, іштей риза болмаған адам өмірде ештеңеден байыз таппай өтеді. Басын тау мен тасқа соқса да, бәрібір қайғы-мұңнан арыла алмай, май ішкендей мазасызданып, өмірден түңілумен күн кешеді. Өмірде қуаныш пен қайғының егіз екенін ұмытуға болмайды. Қайғыра алмаған адам қуана да алмайды. Сондықтан өмірде қиындыққа мойымай, оны жеңе білу үшін адамға ең қажетті мінез – сабыр.
      Анамызды келін боп түскен жері қатты қадірлейтін, үнемі өзгелерге үлгі етіп айтып отыратын. Олар анамды «Құрсағы алтын келін» деп атап кеткен. «Палмаштан туған балалар қандай әдепті, тәрбиелі. Берген тәрбиесіне тәнті боламыз», – деген сөздерді  талай адамның аузынан еститінбіз.  Асыл анашымның  әулетке сіңірген қызметі туралы тек мақтау сөздер айтылатын. Үлкен ағам Мұрат: «Анаммен сөйлессем, көңілім көтеріліп, жадырап сала беремін. Анамның әрбір айтқан сөзі, берген ақылы қандай қонымды. Құлаққа жағымды даусын тыңдай бергім келеді. Анамның бары, онымен пікірлесу неткен ғажайып!» – деп үнемі айтып жүретін. 
      Парасаты мен пайымы өн бойында қатар тоғысқан  анамыз бөгде адамдар туралы ешқашан жаман сөз айтпайтын. Бізге де айтқызбайтын. Кейде біз әлдебіреулер жайлы сын-пікірлер айта бастасақ, бізді тыйып тастайтын. «Адамды сүй, Алланың хикметін сез. Не қызық бар өмірде одан басқа?» – деген ғұлама Абайдың сөзін айтып: «Алланың жаратқан пендесінің жаманы болмайды, ешкімге тіл тигізбеңдер, кемсітпеңдер», – деп, бізді тәубеге келтіріп отыратын.
       Ата-анамның бір-бірімен керісіп немесе келіспей қалған кездерін байқаған емеспін. Екеуінің ойы бір жерден шығып, үнемі бір бағытпен жүретін. Бірін-бірі көзбен ұғысып, ыммен түсінісетін. Шынымды айтсам, анамнан кезінде: «Отбасындағы келеңсіз мәселелерді қалай ұрыс-жанжалсыз шештіңіздер?» – деп сұрап та үлгірмеппін ғой. Сірә, анамнан  мәңгілікке көз жазып қаламын-ау?» –  деп, ойламағандығымнан болар. Жалпы өзім «папамның қызы» болып өстім, дегенмен анаммен сырлас дос болдым. Өзімді мазалаған көптеген сұрақтарды қойып, онымен жиі сырласатынмын. Үлкен ағаларым Марат пен Мұрат анама өте жақын болды, ал мен және Дәулет інім әкемізге жақындау болдық. Кенжесі болғандықтан шығар, әкем Дәулетті ерекше жақсы көретін еді.
      Ата-анаға, балаға, сүйген жарға деген сүйіспеншілікті   қастер тұту, қолда бар алтынның қадірін бағалай білу, кездескен қиындықтарға табандылық танытып, ең жақын адамдарының сенімінен айырылмау, міне, бұл – біз үнемі айтатын бақыттың бастаулары. Мұны менің қарапайым анам өзінің өмірімен дәлелдеп берді.
Өмір – өзен, адам – өткел,
Тағдыр – нөсер, боз боран.
Боз боранда бір дыбыс бар,
Бозтайлақтай боздаған.
Көңіл деген бір нәзік гүл,
Шуақ сыйлап күндей күл.
Тән дауасы табылады-ау,
Жан жарасын емдей біл!
       Анашым, сен ауыр дертпен алыстың, күрестің, оны жеңген кезің де болды. Сен жеңілген жоқсың, өйткені сен қалай өмірді сүю керек екенін көрсеттің. Өмірдің әр минутын бағалап, текке өмір сүрмеу керек екенін ұғындырдың. Мен сені  сағынамын. Үй-үйдің, көше-көшенің қалтарысынан сен алдымнан шыға келетіндей елеңдеп жүремін. Табаныңның ізі тиген барлық  жерден Сені  іздеймін... 
Асыл анашым қиындыққа   қайыспадың, иіліп жасымадың, себебі   сен өр едің. Осы қалпыңда менің жүрегімде мәңгі сақталып қаласың. Сенің  салған іздеріңнің өшпейтініне сенемін, өйткені сені сүйген асыл халқың барда, төрт перзентің – ұлың, қыздарың, немерелерің  – сенің өзің сүріп кеткен  өнегелі өміріңнің жалғасы боларына сенемін. Адал ойлап, ақ сөйлеген, тағдыр тауқыметін тарта білген анамның жаны жұмақта болсын деп тілеймін!
                                           
  Қадірі мол қасиеттілерім
 
Уақыт, шіркін, бір орнында тұрған ба? «Тұрлаусыз уақыт» дейтініміз де сондықтан ғой. Ал енді, осы тұрлаусыз уақыттың бақыты неде сонда? Оның бар баяны мәнді өмір сүріп, соңында сол ізді жалғайтын ұрпақ қалдыру болар. Өмірден ертерек озғаны болмаса, менің ата-анам –  бұл тұрғыдан алғанда, өмірдегі бақытты жандар қатарында .
Неге өткен шақта айтып отырмын? Ата-анам Алланың бұйрығымен фәни жалғаннан бақилық өмірге көш түзеген.  Сырт көзге құр аттай шауып жүргендей көрінгенімен, бар бейнетті бір басынан өткерген әкемнің  жүрегі анамның қазасынан кейін-ақ сыр берді. Оның үстіне немересінен айырылу – қосымша соққы болғаны анық. Соңғы қайғы әкеміздің  бауырын езіп, жан дүниесін астаң-кестең етіп, тым ауыр тиді. «Балаларымның алдында кетейін» деп тілек  еткен болар... Өзін емес, үнемі өзгені көбірек ойлайтын дарқан көңіл әкем менің!
      Әкем мен анам өмір бойы өздерінің қолдарына бақыттың қандай қиыншылықпен келгенін еш ұмытқан емес. Күні бойы қызметте шаршап жүрсе де, немқұрайдылыққа салынбай кешкілік: "Сабақтарың қалай, үй тапсырмасын орындадыңдар ма?" – деп, үнемі бақылап отыратын. Мектептегі ата-аналар жиналысына үзбей қатысып, қажет болған жағдайда көмектерін аямайтын. Әрине, «бала тәрбиесі тек сабақ орындаумен шектеледі» десек, қателескеніміз.   Әкемнің арнайы педагогикалық білімі болмаса да, балаларының рухани байлығын, танымын дамытуға, жан-дүниесін оятуға себеп болған бойындағы туа біткен қасиеттері еді. Анам ылғи әкемді қолдап, бізге оның әрбір ісін үлгі-өнеге қылып айтып отыратын.
       Әкем мен анам қайда жүрсе де, бізге оқу құралдары мен неше түрлі ойыншықтардың сан түрін әкеліп, қуантудан жалықпайтын. Дегенмен, «Біз ерке, шолжаң болып өстік»,– деп айта алмаймын. Әкем бізге уақытты тиімді пайдаланудың үлгісіндей болатын. Анам екеуі: «Болашақ ұрпақ жан- жақты қабілетті болып өсуі үшін,  ой еңбегі мен дене еңбегін қатар алып жүрсе ғана жан – жақты жетіледі», – деп есептейтін. «Еңбек тәрбиесінде  ешбір ұсақ-түйек нәрсе жоқ, еш нәрсені де ұсақ-түйек деуге және ұмытуға хақымыз жоқ»,– деп санайтын. Ұсақ- түйектер үздіксіз, күнбе - күн, сағат сайын кездесіп отырады. Өмірдің өзі де сол ұсақ-түйектерден құралады. «Өмірдің бұл жағына басшылық көрсету және оны ұйымдастыру, осы ұсақ-түйектердің бәрін үйрету – ең жауапты міндетіміз», – деп ұғынып, әке-шешеміз бізге барлық нәрсені орнымен және уақытылы істеуге үйретті. Еңбектену нәтижесінде, бізде  еңбекке деген дұрыс көзқарас,  тәртіптілік, табандылық, жігерлілік, ұстамдылық, ұжымшылдық қалыптаса бастады. Негізі төрт ағайындымыз: Мұрат пен Марат – ағаларым, әпкем Жанар және мен. Ол кезде қазіргідей «ұялы телефон» деген атымен жоқ, теледидар да жоқ. Күнделікті істейтін жұмыстарымыз – отын жару, су тасу, аула сыпыру. Тіпті, демалыс күндері де әкеміз бізді бос отырғызбай, әйтеуір бір жұмыс тауып беретін. 
      Өзім білетін қызық жайтты Сіздерге баяндап берейін. Ауланың төр жағындағы үймен жапсарлас жерде бірталай кірпіш жиналып тұратын еді. Шамасы 4-5 мыңдай. Бір күні әкем: «Осы кірпіштерді дарбазаның қасына жақын жерге жинап қойыңдар. Бір кісі  алып кететін болды»,  – деді. Біз ,әрине, әкеміздің тапсырмасын бұлжытпай орындап, кірпіштерді көрсетілген орынға тасып, жинап қойдық. Жалпы біздің отбасымызда қалыптасқан дәстүр бойынша, біз  ата-анамыздың айтқанына ешқашан қарсы шықпайтынбыз.Олардың әрбір айтқан сөздері – біз үшін бұлжымайтын заң, бұйрық іспетті еді. Бұл жолы да солай болған-ды. Келесі жексенбіде әкеміз әлгі адамның кірпіштерді алмайтынын айтты. Біз кірпіштерді қайтадан бұрынғы орнына тасып, жинап қойдық. Ойланып қарасам, әкем осындай «қулықтарымен» біздерді уақытты бос өткізіп, елтең-селтең етіп жүрмесін деп, еңбекқорлыққа тәрбиелегені екен ғой...       
     Әкем мейірімді жан болды, бірақ бізге қатал талап қоя білетін. Балаларына айқайлап ұрыспайтын. Көзқарасымен, қас-қабағымен көп нәрсені ұқтыратын. Айтпақ ойын астарлап, тұспалдап жеткізе білетін. Кітапты көп оқиды. Содан ба сөзге шешен болды. Мақал-мәтелдерді 
сөз арасында ұтымды пайдалана білетін. Арасында жеңіл-желпі қалжыңға қарық қылып, күлдіріп те алатын қасиеті  бар еді. Мінезге бай әкем ән-жырға да бір табан жақын болды. Аздап домбыра шертетін қасиеті бар. Қоңыр домбыраның күмбір үні естілгенде, бәріміз жадырап сала беретінбіз. Қисса-дастандарды, батырлар жырын сүйіп оқитын. Кішкентай кезімізде пештің қасына отырып алып, бізге қоңыр даусымен өте әсерлі етіп оқып беретін. Осының бәрі бізді сөз құдіретін түсінуге, сұлулықты сезінуге, жан дүниеңді байытуға, ізгілікке үндеу үшін жасалады екен-ау!? Мен әкемді осындай ерек қасиеттері үшін, қадірлеп-қастерлеймін.
       Әкем бізді   тыңдай білетін. Ашылып әңгіме айтып,   өзімнің ішкі жан дүниемде не болып жатқанын ақтарып салатынмын. Әр нәрсені дұрыс түсінуге бала ақылы жете бермейді. Десе де, әр бала ақылды. Олар балалықпен ғана қате жасайды. Ал, үлкендер болса, олардан есейген жанның ісін күтеді. Қателікке бой алдырса, дереу таяқтап, ұрсып, жазғыра жөнеледі. Содан кейін де жасөспірімдер: «Үлкендер маған жамандық жасады. Ата-анам мені жақсы көрмейді» – деген ойда қалуы мүмкін. Сондықтан баланың ішкі дүниесімен сырласпастан, оның ойын білместен, жасаған ісінің дұрыс еместігін түсіндірместен, оған ұрысу, жазалау, қол жұмсау – дұрыс емес. Ол –  ата-ананың  үлкен қателік болып саналады. Әкем ешқашан осындай қателіктерге жол берген емес. Мен де өз кезегімде балаларымды сенім мен түсіністік арқылы тәрбиелесем деген ойдамын. 
        Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде: «Әке баласына жақсы тәрбиеден артық мирас қалдыра алмайды»,– деген. Қазіргі таңда діни сауаттылық еліміз үшін, киелі міндеттердің бірі болып саналады. Әкем қандай жағдайда да, діннен дәріс алып, шынайы имандылыққа  баулуға айрықша көңіл бөлген еді. Қандай жағдайда да,  өз болмысын сақтай білген ата-анам – иманды жолдас еткен қайырымды, көпшіл, жомарт жандар еді.. Ендігі жерде біз де осы ізбен жүріп, ұлағатты ұрпақ болу үшін, қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек.
        Әкем бізге: «Жас  адамның болашаққа құлаш сермеп өсуіне бірден-бір кедергі – өз адалдығына нұқсанды заттарға кешіріммен қарау болып табылады. «Өсем» деген жас мұндай қасиеттерге қайырымсыз, кешірімсіз болуы қажет. Кәсіби қызмет адалдықпен қатар қайсарлықты, қажырлылықты тілейді.  Кәсіпте   болжаған мақсатыңа жету жолында шытырман бұлтарыстар, сәтсіз адымдар көп болады. Межелі  мақсатына осының бәріне шыдаған қайсар, қажырлы адам ғана жетпек. Болашағымыз  – негізінен ғылым мен техниканың дамуына байланысты. Сондықтан оқудан, ізденуден еш жалықпаңдар, әсіресе, техниканың тілін меңгеріңдер»,  – дегенді жиі айтатын. Әкемнің қолы жетпеген жоғары білім алу туралы арманына біздер, балалары, жетіп, барлығымыз жоғары білім алдық. Бүгінгі күні өз мамандығымыз бойынша қызмет етіп, өзіміздің сүйікті  ісімізді  мақтан тұтамыз.
       Анам Палмаштың бойындағы асыл қасиеттерді замандастары, көрші-қолаңдары, аралас-құралас болғандар тамсана әңгімелейді. 18 жыл аурудың азабын арқалаған, үмітті ту еткен, күдікті санасына еш сіңірмей тұл еткен анам! Аурудың азабын тартса да, жүректің жүдегенін сезінсе де, мұңнан көз ашпай жүрсе де, өзін-өзі тастап жібермеген жан. Өмір сынақтардан құралған жолда  шаршамай,  ешқашан өр еңсеңді түсірмей, жүрегін таза сақтап, жақсылықтан ешқашан күдерін үзбеді. Мейірім мен махаббатқа толы жүрегі балалары мен жары үшін соққан аяулы анасы өмірден ерте кетсе де, көңілден кеткен жоқ.
 «Өмір - жанған шырақ, аққан бұлақ» дейді ғой халық даналығы. Шынында да, осынау өмірге келген адамның теріп алатын несібесі, хал-қадірінше ден қойып атқаратын ісі, артында қалдыратын ізі болады. Абыроймен атқарған ісің өнегелі болса – ғибрат, ізіңді жалғастырар лайықты ұрпағың болса – ұлағат. 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 июля 2026 13:54
Кульжами Есимхановна
Прочитала с большим уважением к человеку чье имя внесено в летопись золотой книги Казахстана, своему шефу, Кенжекыз...
12 июня 2026 14:28
Жаркын
Какая молодец, девушка из казахских степей Галина! Ее яркий творческий и целеустремленный, в то же время позитивный...
19 мая 2026 21:11
зангар
Азиз , мы кстати родственники, я внук Мыханова Санибека Акмырзаева, ты наверно его знаешь да?...