Қайсар рухты қыз
Өмір – адамға бір-ақ рет берілетін баға жетпес Тәңірдің сыйы. Әлем жаратылғалы қыбырлаған тіршілік иелеріне толы мына ғаламда ең жоғары саналы адамзат баласы болып жаратылу – Алланың шексіз нығметі емес пе?! Терең ой жүгіртіп қарасаң, жоқтан бар еткен Алла өмір сыйлап, сол өмірімізді барынша әсем етіп, еркімізге қоя бергендей. Ащысы мен тұщысын, қайғысы мен қуанышын, бағы мен сорын, бары мен жоғын, ақ пен қарасын қатар етіп қойса да, өмірге адам боп келудің өзі зор бақыт. Тіпті оның құндылығын сөзбен жеткізіп те тауыса алмайсың.
![]()
Әр адам өмірге қонақ. Осы сынаққа толы өмірін қалай өткізу адам баласына берілген шексіз мүмкіндік. Уақыты келгенде қайтатын сәт те туады. Сол сәтте уысымызда қандай игілік болатыны бір Аллаға аян.
Өмір жолы – әрдайым кедергісіз даңғыл емес. Түрлі соқпақтардан өтуге тура келеді. Рухы мықты жандар өз өмірін ғажайыпқа толтырса, әлсіздер өз өмірін лайға батырып, өзгені не тағдырына кінәлап, уақыттың өткенін де білмей қалады. Өмір сүру үшін керемет ақылды болудың да, атақты, алып болудың да қажеті жоқ. Тек кеудедегі бір кесек ет-жүректі кірлетпей, таза ұстай алсақ, өмір бізді өкіндірмесі анық.
Біз әңгімелегелі отырған Шадиева Анаркуль Амидуллаевна қазақтың қарапайым қызы. Бүкіл әлемге танымал тұлға не ерекше қасиеті бар тылсым өнер иесі де емес. Өз өмірін әдемі өрнектермен әсемдей білген, өмірлік дорбасын жақсылық пен ізгілікке толтырған бақытты жан. Әдемі өмірдің иесі болу үшін күллі әлемге даңқың жайылуы мақсат емес.
![]()
Мың сынақ көрсе де, иіліп сынбайтын,
Байлыққа мастанып, ұясын бұзбайтын,
Жақсылық жасаса, жар салып айтпайтын,
Адамдар болады….
Ұятын сатпайтын.
Қайғырып тұрса да, қуаныш сыйлайтын,
Өсектеп жатқанда сабырмен шыдайтын,
Елеусіз жүрсе де ерлікке баратын,
Адамдар болады….
Жүректе қалатын! - деп ақын Фатима Забурақызы жырлаған өлең Анаркуль ханымға арналғандай.
Ол Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Жамбыл совхозында (қазіргі Қоғалыкөл ауылы) 1972 жылы 2 наурызда дүниеге келді. Отбасында жеті ағайынды. Ата - анасы 1975 жылы Қызылорда қаласына қоныс аударып, содан бері осында тұрып келеді. Осы қаладағы №10 мектепте орта білім алып, кейіннен Қорқыт Ата атындағы университетінде «Заңгер» мамандығы бойынша бітіріп шықты.
Әкесі – Шадиев Амидулла 1944 жылы дүниеге келеді. Оның әкесі – Шады Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Майдангерден қалған тұяқ, жалғыз ұлды жанындай сақтап өсірген анасы Мария бертін келе өмірден өтті. Немерелерін көріп, оларды тәрбиелеп, бауырына басты. Анаркуль әжесінің тәрбиесіне қанып өскен қыздың тұңғышы болды. Анасы – Шадиева Зулфия 1950 жылы Өзбекстанда дүниеге келген. 1968 жылы Амидулла ақсақалға тұрмысқа шығады. Екеуі де трансагенттікте өмір бойы қызмет етіп, зейнетке шыққан. Зулфия анамыз ене баққан, балаларын мейіріммен өсірген қазақтың қарапайым, қонақжай, ізетті әйелі.
Әженің өнегелі мектебін жанына сіңірген балауса қыз жастайынан бауырларына қамқор, анасына сенімді қолғанат болып бойжетті. Өжет мінез сол кезде қалыптасса керек. Қыз баланың тағдыры әуел бастан қилы болып жаратылған емес пе? Мектеп бітірген соң көп өтпей кейіпкеріміз тұрмысқа шықты. Кеудедегі оқысам деген арман да сол тұрмыс күйбеңінен аспай, шоқтың қоламтасындай сөне бастады. Бірақ Анаркуль алға ұмтылудан, арман үшін күресуден шаршамады.
![]()
Сынағы мен шуағы қатар жүретін өмірдің соқпақтарын енді ұл-қызымен бөлек кешуге тура келді. Тағдыр ғой. Анаркуль 1998 жылы нотариус көмекшісі болып жұмысқа орналасады. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі ел ішіндегі ауыс-түйіс болып, заманның енді орнығып жатқан тұсында жан бағу оңай болмағаны белгілі. Баланы үйге қалдырып, кейде көршіге тастап, тек жұмыс жасап, бауырларын алға сүйреуді мақсат етіп, күні-түні өзін еңбекке арнады. Қайтып тұрмысқа шығуды ойына да алмады. Ер жеткен інілерін, сіңілсін оқытып, өзі жоғарғы оқуды тәмамдап, жастық шақтың жігерін тек отбасына жұмсады. Талай қазақ басынан кешкен пәтер жағалап жүрудің, пәтерақы төлеудің азабын да бір кісідей басынан өткерді.
«Алғаш 25 жасымда «Нотариус» деп тұрған мекемеге жұмыс сұрап кіргенімде, нотариус деген не екенін де түсінбеппін. Кейіннен дөңгелетіп әкеттік қой»,- деп күле еске алады өзі. Тынбай іздену мен талмай еңбектенудің арқасында 2008 жылдан бері Қызылорда қаласында жеке нотариус қызметімен айналысады.
Қазақ отбасында әуелден бауырға қамқорлық пен ата-анаға қызмет қанға сіңіп кеткен бе дерсің. Анаркуль бауырларына болысуды борышым деп біледі. Тіпті олардың балаларын да оқытып, қамқор құшағына басудан қуат алады. Қазіргі таңда қарт әке-шешесін қолына алып, балаша мәпелеп отыр. Қызы тұрмысқа шығып, үш балалы болды. Ұлы мектепте оқушы. Анаркуль жұмыстан келіп емес, жұмысқа барып демалатын жанкешті қызметкерге айналғалы қашан! Жастық кезден бері жоқшылық сәттерде өзін жұмысқа жеккен жігері айнымас әдетке айналып кеткен.
![]()
«Жақында елуге толдым, жан-жағыма қарап, өткенге көз жүгіртсем, еңбексіз бір күнім өтпепті. Тек алға ұмтылумен осы күнге жеттік қой. Қарапайым отбасынан шығып, кейде таршылық көрсек те жасыған емеспіз. Тек ауызбіршілікті ту етіп, бауырларыммен бір-бірімізге демеу болдық. Қазіргі жастарға бәрі қолжетімді. Не ішемін, не жеймін деген заман жоқ. Кезінде біздің бала-шағамызда дастарханда нан мен қант қана тұратын еді ғой. Өзімнің өмір жолыма қарасам, армансыз бір күнім де өтпепті. Сол мақсатқа ұмтылудың арқасында үйлі де болдым, бауырларыма да үйлі болуына көмек қолымды создым. Алға өзімді сүйреп, адам деген атқа лайық болып, адал өмір сүруді ғана көздедім», - деп тебіренеді Анаркуль.
Қазіргі заманда сіз бен біз ақшаға сатып алып үйреніп жүрген қаптаған мотивация беретін тренинг дегендерің Анаркульдің жігерлі сөздерінен аса алмай қалады. Бүгінде нотариустық, заңгерлік қызметтің жілігін шағып, майын ішкен маман қаншама сенделген қазаққа бағыт-бағдар беріп, сенімді жолды сілтеді. Талай алданған жанның көз жасын сүртіп, жанына демеу болды. Кезінде өзі көрген қиындықты жастардың көргенін қаламайтын қамқор жан оларға жұмыс барысын үйретуден де жалықпайды. Халықтың бір игілігіне жарап, ұлтына қызмет етуден ләззат алатын қарапайым қайсар қызға барлық жақсылықты тілейміз! Еңбектің тәтті жемісін жеп, ұл - қызыңызбен мәуелі бәйтеректей жайқала беріңіз, аяулы жан!
![]()
![]()
![]()