Сәуле Әбдіқасымқызы

Рейтинг:

Сәулелі ару 

      Әйел заты әуелден өмірдің сан түрлі сынағы мен мың түрлі жұмбағына көнбіс, түйткілі көп тіршілікке бейім жаратылыс екені рас. Жаны мен тәні нәзік болып жаратылса да, көтерер жүгі жеңіл емес. Оның төркіні әу бастан жауапкершілікті жанымен сезінуінде жатса керек. 
      Әйелдік әсем ғұмырын әдемі сәттерге толтырып, өмірлік арман-мұратқа қол жеткізіп, кең дүниеден өз орнын тапқан жан – Сәуле Әбдіқасымқызы. Өмірде күллі жұрт танымаса да, болмысы ерекше, өз ортасының жарқын бейнесі болып жүретін сәулелі адамдар болады емес пе? Біздің кейіпкер де осындай жан. Ол 1977 жылы 10 қазанда Алматы қаласында дүниеге келді. Жас жанұя, қос студенттің құрған шаңырағында тұңғыш гүлі болып өмірге келген Сәуле ханым апасының сүйікті немересі болып бойжетті. Ата-анасы алаңсыз оқуын аяқтасын деген оймен Анар апасы Сәулені бауырына басып, Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Алғабас ауылындағы қара шаңыраққа әкеліп, бағып-қағып өсірді. 
      Мейірімді апаның бауырында бұлжымас салтпен тәрбиеленген қыз өнегелі мектептің нәрін бойына сіңіріп өсті. Баласының сот болғанын армандаған жан, уақыт өте келе немере қызына да осы арманын бойына сіңіреді. Сот саласында қызмет етіп көріп, өз қалауымен нотариатқа бет бұрған Сәуле осылайша кім көрінгенге бұйыра бермейтін бақыт – «кемпірдің қызы» деген мәртебеге ие болып, сол аттың үдесінен шыға білді де. 
      Сәуле апайдың әкесі – Сыздықов Әбдіқасым Зәинұлы оқуын бітірген соң Шымкент қаласындағы қорғасын зауытына жұмысқа орналасты. 1980 жылы Шымкентке отбасымен қоныс аударды. Сәуле апай да 1984 жылы шаһардағы №24 мектептің табалдырығын аттап, 1994 жылы бітіріп шықты. Мектепті бітірген мақсатшыл, өжет қыз ата-анасының кеңесімен Шымкент қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің психология факультетіне оқуға түсті. Анасы Бектенгалиева Сания Хайруллақызы мұғалім және психолог болғандықтан, үйдегі кітапхана толы психологиялық жинақтарды оқып тауысқан қыз өз бетімен-ақ біршама білім жинап қалған еді. Университетте тағы соларды қайталап оқудан жалыққан Сәуле апай оқуын ауыстыруға шешім қабылдап, 1996 жылы Алматы қаласындағы Н.Шайкенов атындағы КазГЮУ оқу орнына түсіп, тәмамдап шықты. Содан соң тұрмысқа шығып, туып өскен шаһары Шымкентке келді. 1997 жылдан бастап еңбек жолын бастады. Өмірде биік мақсаттар қоюдан қорықпайтын, соған жетпей тынбайтын Сәуле Әбдіқасымқызы әрқашан өзіндегі қайсар мінез бен қабілетіне сенетін. Сондықтан да кез келген еңбекке араласып, кез келген ортада өзін еркін ұстап, жұмысты дөңгелетіп әкететін қасиетімен көптеген мекемелерде еңбек етіп, марапаттарға да ие болды. 
      Сәуле Әбдіқасымқызының еңбекке арналған жылдары түрлі қызметтік ортада өтті. Ең алғашқы қызметі Шымкент қаласында «Лизарт» фирмасында іс жүргізуші-хатшы болып басталды. Одан кейін «Жаңа мектеп» ЖШС, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында хатшы, «Қазбілімжабдық» ЖШС құқықтық қамтамасыз ету және кадр бөлімінде заңгер болып қызмет атқарды. Астана қаласында 8-9 жылдай нотариус болып еңбек етіп, 2018 жылы жанұясының жанында болу үшін Шымкент қаласына қайта көшіп келіп, өз саласында еңбек жолын жалғастырады. Астана қаласының нотариаттық палатасының мүшесі болды. Басқа да мекемелерде еңбек етіп, түрлі құрмет грамоталарымен марапатталды. Атап айтсақ, «ҚР Жоғарғы соты жанындағы сот әкімшілігі жөніндегі Комитеттің дамуына қосқан үлесі мен мінсіз мемлекеттік қызметі үшін» құрмет грамотасымен, «Астана қаласының нотариаттық палатасының қызметіне белсенді қатысқаны үшін», «Үлгілі қызметтік міндеті мен шығармашылық белсенділігі үшін» грамоталармен марапатталды.
      Сәуле апайдың өзінен кейінгі інісі Айбек Әбдіқасымұлы да заңгерлік қызмет атқарады. Кіші сіңілісі Диана жеке кәсіпкерлікпен айналысып отыр. 
      Еңбектің шырайын шығарып, қолға алған ісін гүлдендіріп жіберетін Сәуле Әбдіқасымқызы отбасының да берекесі болып отыр. Көзінің ағы мен қарасындай болған екі ұлы Нұржан мен Сейітжанға тағылымды тәрбие беріп, ер жеткізді. 
      Міне, қарапайым ғана қазақтың бір қызы Сәуле Әбдіқасымқызының өмір жолы осындай. Біреуден ілгері, біреуден кейінгі өмірінде адамгершілік туын асқақ ұстап, еңбекке адал болып, елінің игілігіне қызмет жасаған сіз секілді жандар әрқашан құрметті. Еңбектің жемісін көріңіз, Сәуле апай! 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

15 сентября 2025 19:43
Ардак
Абила бүгінде үлкен жанұяның акжаулықты анасы отау тіккеніне 40 толып ұрпақ рахатына бөленіп отырған бақытты жансың...
14 сентября 2025 21:51
Nursultan Naukenov
Менің Анам Алтын! Аллах Разы Болсын!...
14 сентября 2025 12:57
Рвйса
Сәлеметсізбе Абила апа бүгінгі күн ағатаймен шаңырақ құрғаныңызға 40 жыл толып жатыр екен алла сіздерге зор денсаулық...