![]()
Құтты мекен
Кейде кейінге көз тастап, өткен өміріме, асық ойнап, доп қуған балалығыма ой жүгіртсем, кеудемді бір мақтаныш сезімі кернейді. Қадірі асқан атамекен, тұғыры биік туған жер, қазыналы Қазалым... Бақытты екенмін ғой... Тоғыз жолдың торабында, ұлан- ғайыр атыраптың алқабында көсілген далам жатыр. Босағадан жақұты арылмаған, төрінен бақыты кетпеген абат мекенім менің... Маңдайымның бес елі бағы бар осындай қасиет тұнған, баласы аталы, атасы баталы елдің перзенті болғаным үшін бақыттымын. Адам баласы ақыл тоқтатып, айналаға қараған сәтте, үйдің емес, елдің мәселесін шешуге атсалыса бастаған кезде, бойындағы ұлтжандылық сезімі күшейе түседі екен. Әсіресе, туған жерге, туған елге деген перзенттік парыз бойыңда бір алапат сезім тудырады. Таңғажайып емес пе?! Өз басым осы тылсымның сырына бойлай алмай келемін. Талайлар таңға дейін жырлаған қасиетті топырағыма табаным тиіп жүргені үшін де бақытты екенімді сезінемін. Иә, рас... Бұл – ерекше ұлық сезім болар.
Майлыбас – әкем өскен жер
Батыр-баһадүрлердің табаны тиіп, ақ найзасы қадалған жер, талай жүректі ерлеріміз жаудың кеудесінен жан алған жер... Тарихи орын. Талай зұлматты, қуаныштың көз жасын да ішіне бүгіп үнсіз жатыр. Әгәрәки, тіл біте қалса, тіршіліктің тінінің қайдан пайда болғанын айтар еді-ау, шіркін?! Табиғаттың әлімсақтан тілі жоқ, сондықтан меңіреу дала үнсіз жатыр. Майлыбас – осал жер емес, шаруаға қолайлы, түтіні түзу ұшқан мекен. Қазалы кентінен шығысқа қарай 35 шақырым қашықтықта жатқан ауыл – әкем Самұрат Жұманұлы Имандосов дүниеге келген туған жері. Қариясының кеудесі шежіреге толы ауылда балалығын өткізіп, дариясынан ескен самалға бетін сүйдіріп өсті. ![]()
1948 жылдың жазы табалдырыққа аяқ салған маусымның жиырмасыншы жұлдызында дүниеге келді. Үлкендердің сөзіне құлақ түрсек, әкем жастайынан алдына қойған мақсатқа жетпей тынбайтын, қандай қиындық көрсе де, сынбайтын жан болыпты. 1963 жылы Майлыбастағы сегізжылдық орта мектепті бітіріп, Қызылорда гидромелиоративтік техникумына қабылданады. Мамандыққа машықтана жүріп, болашаққа стратегиялық жоспарды жүрегінің түбіне сақтай жүріпті. 1967 жылы аталған оқу орнын «техник-механик» мамандығы бойынша тәмамдап, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге әскерге аттанады.
Елге оралған соң, өзінің орта білімін одан әрі жетілдіріп, жоғары оқу орнына түсуді көздейді. Мақсатқа жетпей қояр ма, арманы алдамаған жас 1971-1977 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтында оқып, «инженер-гидротехник» мамандығын алып шығады.
Әкемнің еңбек жолы 1969 жылдың шілдесінде «Қазалы суландыру жүйесі» басқармасында басталған. Аталған мекемеде инженер-экономистен бастап, инженер-гидротехник, құрылыс жөндеу бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. Жанарынан от ұшқындап, қайраты тасыған жас жұмыс талғаған ба, еңбек майданына енді де кетті. Күн астында соқасын тұралатпаған диқандай тынымсыз тірлік қылып, маңдай терін төгіп жүруі, еңбекке адалдығы жұртшылықты тамсандырады. 1972 жылдың маусымында №64 жылжымалы механикаландырылған колоннаға ауысып, аға прораб, бас инженер, колонна бастығы қызметтеріне дейін көтеріліп, жауапкершілігі мол жұмыстарды абыроймен атқарып, биік шыңдардан көріне білді. Еңбегі еленіп, асқар шыңдарға бет бұрған кезеңдер еді. 1980 жылы қызмет баспалдағында №86 жылжымалы механикаландырылған колонна бастығы, 1993 жылы «Казалинскводстрой» тресінің басқарушысы қызметтерін атқарды.
Басшы болу – тек қана адам жұмсап, орындықта жайғасып отыру емес.Сол қызметкерлердің барлығының жай-күйін бағамдау, мойынға артылған жауапкершілік жүгін абыроймен артып жүру деп білемін. Мұндай ұғымды мен әкемнің жүріп өткен жолдарынан, оның әркез айтатын ақылынан айқын аңғарамын. Бойыма күш сыйлап, алдағы айқын мақсаттарға ынта-жігерімді арттырады. Иә, әкем Самұрат Жұманұлы тек мекемелерде ғана басшы болып шектелген жоқ, тұтас ауданға басшылық жасап, ел дамуына үлес қосты. Бұл 1994-1995 жылдар болатын. Қазалы ауданының әкімі болып тағайындалды.
Бала болып, жас болып: «Бастықтың баласымын», – деп, кеуде кергің келетіні жасырын емес қой, көп адамның басында болған да шығар?! Бірақ әкеміз бізге барлық еңбекті ел игілігі үшін істеуді, қарапайымдылық адамды биікке көтеретінін үйретті. Еңбекке баулыды. Әкімдік қызметтен кейін, ол 1996 жылы «Жер-Су» акционерлік қоғамының вице-президенті, 1997 жылы президенті болды. 2000 жылдан бері «РЗА» акционерлік қоғамының президенті қызметін абыроймен атқарып келеді. «Қарты бар үй – қазыналы үй» деген. Кәсіпте де, отбасында да әкеміздің басшылығымен талай шыңды бағындырып келеміз. Адастыруға бейім өмір бұралаңдарында дұрыс жолды таба білген әкем «қолғанаттарым» деп бізге сенім артады.![]()
Кейде тіпті әкемнің осы күнге дейін жеткен жетістіктеріне қарап отырып, мұнша еңбек етуге қалай үлгерді деп таңданатыным рас. Ондайда әкенің артқан сенімін ақтап: «мен де осындай биіктерге қанат қағамын» – деп, іштегі арман-мақсатымды бір арнаға тоғыстырып қоямын. Әкем Самұрат Жұманұлының алғашқы марапаттарының бірі – «Құрмет белгісі» ордені. Мұнан кейін ол «Астана» медалін, «Құрмет» орденін омырауға тақты. «ҚР Парламентіне – 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медальдарын иеленді. «Парасат» орденімен марапатталды. «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы», «Қазалы ауданының Құрметті азаматы», «Қызылорда облысының Құрметті азаматы», «ҚР Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» атанды. «Жақсы әке балаға қырық жыл азық» деп, әлі күнге «Самұраттың баласымын» деп мақтанышпен айтып жүремін. Өзім де әке болып отырсам да, мен оның алдында қашанда баламын.
Бұл марапаттар өз алдына, әкем халықаралық «Звезда Содружества» орденін, халықаралық «Сократ атындағы сыйлығын», халықаралық Еуропа Бизнес Ассамблеясының «Топ менеджер года» орденін маңдай тері еңбегімен алды. Заңғар биіктерге қол жеткізді.
«Әке – балаға сыншы» емес пе? Сәл бұрыс кеткен жерлеріміз болса түзеп, даналар сөзі ешқашан артықтық етпейді деп, әрдайым ақылын әлі күнге айтып отырады. Қай уақытта да: «Балам, бір атаның емес, тұтас адамның баласы бол! Елдің ұлы бол!» – дейді. Жастайымыздан құлағымызға сіңісті болып қалған бұл сөз әлі күнге санамда жаңғырып тұрады. Бізді қарапайым болуға тәрбиеледі. Елдің мәселесін, ұлттық құндылықтар жайын сөз етіп жүріп, өз бойындағы тағылымды тәрбиені үйретті. Өзі де ел мұңын мінберге жеткізіп, Республиканың ХІІ шақырылған Жоғары Кеңесіне, Қызылорда облыстық мәслихатының ІІ,ІІІ,ІҮ,Ү шақырылымдарына депутат болып сайланып,ел көңілін алаңдатқан түйінді мәселелердің тінін тарқатып, өзіне үміт артқан халықтың сенімін ақтай білді. Ақсақалы сөйлеген елдің ынтымағы мен бірлігі берік болған. 2016 жылдан бастап, Қызылорда облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы қызметін атқарып келеді. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол» деген сөз дәл менің әкеме қарап айтылғандай.
Жылулықтың табы қайтып, нарықтың ызғары ескен бүгінде перзент жүрек ананың ыстық алақанына зәру-ақ! Күнтізбенің беті парақталған сайын шоқтығы биіктеп, қадірі артып, мейірімге толы құба жүзі сұлулана түскен Аналардың еңбегі өлшеусіз. Анам Қауышқан Омарқызы Шегірова да әкеме лайық қосылған жар еді... Азаматы үнемі ат үстінде жүреді, кейде атүсті шайлайды. Әкем сондай адам, «алдымен жұмыс бітсін... сосын» – деп тұрады. Осындайда өз жұмысын ысырып тастап, әкемнің бабын жасайтын таңғажайып жан болатын. Өзі іргелес жатқан қасиетті Қармақшының Диірментөбе стансасында 1946 жылы дүниеге келген.
Аяулы анам – Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетін тәмамдаған ұстаз. Оқушы жүрегіне білімнің сәулесін түсіріп, сарыауыз балапандардың қанатын қомдады. Үлкендер оның ізденімпаз мұғалім екенін жиі айтады. Анасын мақтаған балада ес қала ма, оны естіген сайын төбем көкке жеткендей боламын. Еңбек жолын Лахалы елді мекеніндегі №93 орта мектепте бастап, сол білім ошағында сатылап өсіп, мектеп директоры қызметіне дейін көтерілді. Талай тұлпарды тағалап, талай сұңқарды қанаттандырды. Тәрбиелеген шәкірттерінің көпшілігі – ел назарында жүрген азаматтар. 1971-1979 жылдары Қарашеңгелдегі №182 орта мектепте ұстаздық етсе, 1979-1988 жылдары аудан орталығындағы Ж.Жабаев атындағы №234 білім ошағында математика пәнінің мұғалімі болып еңбек етті.
Ол – өмірінің соңына дейін «ұстаздық» дейтін ұлы қызметке дақ түсірмей, абыроймен атқарған жан. Біздерге ақыл-парасаты мен білім биігі, кейінгіге қалдырған сара жолы – мұра. Әкем үнемі «Анаң осындай еді, анаң мынандай еді...» деп, оның бойындағы жақсы қасиеттерін де бізге жиі айтып отырады.![]()
Түстік өміріміз болса, күндік ас жиған пенде емеспіз бе? Қым-қуыт тіршіліктің тарам-тарам жолдарында жүріп өмірдің жалған екендігін, көз жұмғанда барып есімізге аламыз. Айтып келмейтін ажал асыл анамызды 1988 жылы арамыздан алып кетті. Бұл уақытта мен он жастың иығына қол артқан бала едім. Тағдырдың жазуына амал бар ма?!.. Асыл анамның нұрлы жүзі көз алдымда мәңгілік сақталады.
Әрбір бала үшін, анасы ең жақыны болады екен. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Үш мәрте анаңды сыйла, сонан соң әкеңді» – деп айтады емес пе?! Мен үшін анам Қауышқан Омарқызының орны бөлек. Кейде оңашада қалғанда, анаммен ағыл-тегіл сырласып, сағынышымды басып алатыным бар. Әттең... Ол күндер оралмайды ғой. Бақытты балалығымда еркелеп, аяғына басымды қойып, мауқымды басатыным тәрізді, қазір де мейлінше бір еркелер едім. Жаның жәннатта болсын, анашым!
Мәуелі ағаш – майысқақ
«Адам баласы ұрпағымен мың жасайды» деген бар. Әлгінде өзім айтқандай, «Самұраттың баласымын» деп, біз қаншалықты мақтан етіп айтсақ, әкем де бізбен солай мақтанады деп ойлаймын. Бала күнімізден анамыз екеуі: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» – деп, білімді қаншалықты алсақ, тәрбиені екі есе бойымызға сіңіріп жүрді. Содан болса керек, өзімізді қай уақытта болса да, үздіктер қатарынан көрсетіп, көш басында жүруді әдетке айналдырғанбыз.
Аллаға шүкір, бауырларым да – тура жолдан тайқымай, адалдықтың ақ туын көтерген азаматтар. Ата-ана үміті ақталып, өмірлерінің жалғасы адалдықтың арнасына айналып жатса, біз де өз міндетімізді, перзенттік парызымызды орындап келе жатқанымыз.
Алдымыздағы ағамыз, ата-анамның тұла бойы тұңғышы Мұрат 1972 жылы дүниеге келген. Жалғызіліктіні жел де ұшырып түсірген нарықта бір салаға үңілу – теңіз айдынында жалғыз ескен ескекті қайықшыдай. Ағамның «қос қанаты» тәрізді екі бірдей мамандығы бар. Біріншісі, Қарағанды мемлекеттік университетінен алған экономист мамандығы болса, екіншісі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен машықтанған
заңгер мамандығы. Екеуі де бүгінгі қоғамда құнын жоймай келе жатқан сала. Оның үстіне, Экономика ғылымдарының кандидаты. 1994 жылы Қазалы ауданы бойынша салық инспекциясының маманы болып еңбек жолын бастап, салық органдарында басшылық қызметтер атқарды. 2006-2008 жылдары ҚР Индустрия және Сауда министрлігі Бәсекелестікті қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша монополияға қарсы басқарма бастығы, 2008-2010 жылдары ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы инспекцияларына басшылық етті. 2011-2013 жылдары Қызылорда облысы Қазалы ауданының әкімі, содан кейін Қармақшы аудандарының әкімі, 2013-2016 жылдары облыстық Индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы болды. Бүгінде ҚР Президенті әкімшілігінде мемлекеттік инспектор болып қызмет етеді.
Өмірлік жары Гүлсім Мүйкенқызы Жылқайдарова 1968 жылы Қазалы ауданы, Жаңақазалы қыстағында дүниеге келген. 1986 жылы Қызылорда қаласындағы медициналық училищенің мейірбике мамандығын бітірген соң, алғашқы еңбек жолы Қазалы аудандық СЭС-те дезинструктор болып басталды. 1994 жылы Қарағанды медициналық институтынан «Эпидемиолог дәрігер» мамандығын алып шыққан соң, Қазалы аудандық СЭС-те балалар және жасөспірімдер бөлімінің дәрігері, Шиелі аудандық СЭС-те дәрігерлік қызметтер атқарған. бірнеше ауданда санитарлық эпидемиологиялық орталықта қызмет атқарды.
Үлкен қызы Бақнұр – Алматы қаласындағы КИМЭП-ті қаржыгер мамандығы бойынша тәмамдаса, Еркежаны – биыл орта мектепті үздік аттестатпен аяқтап отыр. Ұлдары Тұрсын, Аман және Есен – балабақшадағы тәртіпті балғындардың қатарында.
Сыр өңіріне күн болып, арайын шашқан текті әулеттің екінші перзенті Бақыткүл – 1974 жылы Қазалы ауданы, Қарашеңгел ауылында дүниеге келді. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті филология факультетінің «Қазақ мектептерінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығын үздік дипломмен бітірген. Жамбыл университетінің аспиранты, педагогика ғылымдарының
кандидаты. Еңбек жолын М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің оқытушысы болып бастаған Бақыткүл апамыз қазіргі таңда Тараз қаласындағы «Парасат» колледжінің директоры. Жан-тәнімен беріле еңбек еткен жан – ел қошеметіне бөленері хақ. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, 2010 жылдың мамырында жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісінде елеулі еңбегі үшін мұғалімге берілер ең жоғарғы сыйлық «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған ұлағатты ұстаз. Жолдасы Қошқаров Жомарт Қасымханұлы – Жаңақорған ауданының тумасы. Білім саласындағы отыз жылдық тәжірибесімен Әулие-Ата университетінің және Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінің ректоры қызметтерін атқарған. Бүгінде «Нұрлы жол» коорпорациясының вице-президенті.
Жиеніміз Аружан орта мектепті «Алтын белгіге» тәмамдап, Қазақ-Британ техникалық университетінің халықаралық «экономика мектебі» факультетіне грантқа түсіп, 2016 жылдан бастап, Ұлыбританияның Манчестер қаласындағы «MANCHESTER» университетінің «Менеджмент және аудит» мамандығы бойынша білім алуда. Ал Мағжаны – дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицейінің 8-сынып оқушысы.
Кенже қарындасымыз Фаризат – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қаржыгер мамандығын тәмамдады. Бұл күнде бала күтіміне байланысты демалыста отыр. Жолдасы Жасұлан Ибайдуллаұлы Тілепов екеуі бір оқу орнында білім алды. Жасұланның мамандығы – экономист. Алматы қаласы, Медеу ауданы әкімшілігі аппаратының коммуналдық шаруашылық бөлімінде бас маман болып жұмыс істейді. Шаңырағында екі жиеніміз: Саят пен Аян есімді балалар тәрбиеленуде.
«Өзге емес, өзім айтам өз жайымды...»![]()
Уақыт керуені бел астында нарын шөктірген бе? Өмір зымырап, өз ағынымен өте береді. Оған: «Тоқтай тұршы, бітпей қалған ісім бар еді» – деп айта алмайсыз. Осылайша біз де кешегі күні ата-анамыз жетектеп жүріп, мектепке апарған бала – ер жетіп, отбасылы болдық. Алдымдағы ағам мен апамнан кейінгі – үшінші перзентпін.
Сонау 1994 жылы аудан орталығындағы №216 Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепті бітірген соң, арман қуып, шежірелі өлке Тараз қаласына аттандым. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне қабылданып, 1998 жылы экономист мамандығын алған соң, елге оралдым.
Қазақта «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген даналық сөз бар. Еңбек жолым әке қолының табы қалған «Жер-Су» акционерлік қоғамында есепші болудан басталды. Әлемге жоғарыдан қарап, бойымызда тау қопаратындай қайратымыз бар. Тәжірибеміз аздау демесең, бітірген ісімізден мін таба алмайды. 1999 жылы «Рза» шаруа қожалығы директорының қаржылай және материалдық жабдықтармен қамтамасыз ету жөніндегі орынбасарлығына көтеріліп, араға жыл салып қаржы саласындағы тете-президенті болып сайланып, 2012 жылдың желтоқсан айынан бастап «Рза-Агро» ЖШС директоры қызметін абыроймен атқарып келемін. Бүгінгі нарық заманында сауатты болмасаң, қолыңдағыдан айрылып қаласың. Еңбектен қол үзбей жүріп, Тараздағы «Әулие Ата» университетінен заңгер мамандығын алдым.
«Шешендіктен не пайда, Артында сөзі қалмаса. Батырлықтан не пайда, Халқына қайран қылмаса!?» деп аталарымыз айтпақшы, дімкәстің көңілін аулап, мұқтажға қол ұшын созып, елге көмегіміз тимесе, жер басып жүргенімізден не пайда? 2016 жылдан бастап Қазалы аудандық мәслихатының депутаты болып сайланып, елдің айтарын қауқарымның жеткенінше мінберге жеткізіп келемін. Еңбегімізді ел елеусіз қалдырмағаны да, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталдым.
«Өмірдің тойы, көңілдің тойы – үйлену» деген, ата-ананың басты арманы– ұл-қызын аяқтандыру ғой. Мен бұл мәселеге асығыстық танытпай, әке-шешемді күттіріп қойдым. Ондағы мақсат – шаңырағымды шаттыққа бөлеп, менің ата-анама, бауырларыма құрметпен қарайтын қазақтың биязы қызын іздеп табу еді. «Жалғыздық Жаратқанға ғана жарасқан» деген, тағдырым іздегеніммен табыстырды. Есімі – Жадыра Әділханқызы Өксікбаева. Қазалы аудандық білім бөлімінде әдіскер болып жұмыс істейді.
Отбасымыздың берекесін кіргізіп, шаттыққа бөлеп, сәби күлкісімен көмкерген ұлым Сұлтан, қыздарым Ақерке және Айерке есімді балаларымыз бар. Сұлтан Әйтеке би кентіндегі №266 орта мектеп т
абалдырығын аттаса, Ақеркеміз – №11 «Балапан» балабақшасының тәрбиеленушісі. Ал, кенже қызым Айерке 2017 жылы дүниеге келді. Кейде өзіме-өзім: «Ата-анамның сенімін ақтай алдым ба?» – деген сұрақ қоямын. Өткен жылы аудандық мәслихат депутаттығына өткенімде, кәдімгідей бір серпіліп қалдым. Ел сенімі, айнала қоршаған жақындарымның, бауырларымның артқан үміті қамшылағандай болды. Халық алдына шығып, бағдарламамды айтып, жұртшылыққа қандай игі істер істейтінімді айттым. Соңында сол үдеден шығу үшін, тер төгіп жатырмын. Иә, алдымен абырой керек. Әкем айтпақшы, жалған сөйлеуден алшақ болып, ақиқаттың бетіне тіке қараймын. Орындай алмайтын ісіме уәде бермеймін.
Азамат – елдің баласы
Біздің үйде «Бір отбасының ғана емес, тұтас Отанның қамын жеу керек» деген тәрбие бала күнімізден бар-тын. Әкем әркез осы сөзді құлағыма құйып өсірді. Оның үстіне, әулетіміздің отбасылық кәсібі қазір өркен жайып келеді. Бәзбіреулер тәрізді қара бастың қамы емес, елдің игілігі үшін жұмыс істейтін уақыт келген тәрізді...
Күрмеуі көп, шешімін таппайтын бүгінгі таңда мыңға жуық азаматты жұмыспен қамтып отыру – оңай іс емес. Содан болса керек, әкем қай уақытта болсын тыным таппайды, жанында біз жүреміз. Ата кәсіптің қай-қайсысымен де айналысып, тірлігімізді жүргізудеміз. Бүгінде Сыр елінің маңдайалды кәсіпорнына айналған алып империя «Рза» АҚ-ы, жұрт нарықтың тілін жете түсіне алмай жатқан 2000 жылдары құрылды. Сол кездері қаржылық қиыншылықтарға қарамастан, жұмысын жүргізе білген компания бертін келе ауданымыздың көркейіп кеңеюіне, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге көп көңіл бөліп, өз үлесін қосты. Бүгінде облыста тұрақты жұмыс жасап келе жатқан, қуатты техникалық және өндірістік базасы, жоғары дәрежелі инженерлік-техникалық қызметкерлері, бай материалдық ресурс
тары бар ең ірі мекемелердің бірі. «Рза» акционерлік қоғамына алты жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кіреді. «Рза-Агро» ЖШС-нің негізгі қызмет түрі – дәнді дақылдар мен мал азығының дақылдарын егу және өткізу. Барлығы 35 мың га жуық жер учаскесін иемденетін серіктестік жылына 1 млрд тенге көлемінде өнім өндіреді.
Серіктестік ауылшаруашылық дақылдарын өндіруде қуаттылығы жоғары. Бір уақытта барлық техникалық қызметтерді жоғары әрі сапалы деңгейде жасайтын шетелдік Германиядан шығарылатын әйгілі «Джон Дир» фирмасының ауыл шаруашылығы техникаларын пайдаланады.
Күріш өндірудің кластерлік жүйесін енгізу мақсатында Оңтүстік Кореядан «Korea Industrial CO LTD» компаниясынан сағатына 5,0 тн күріш ақтайтын жаңа технологиялық линия алынып, 2006 жылы күріш өңдеу зауыты іске қосылған болатын. Қазіргі таңда 5 мың тонна ақталған жоғары сапалы күріш – Ресей, Украина, Белоруссия, Тәжікстан, Түркіменстан мемлекеттеріне экспортқа жіберіледі.
«Рза-Асыл түлік» ЖШС-і Қазақстанның индустриалдық даму картасының белсенді қатысушысы болып табылады. Аталмыш бағдарлама шегінде кәсіпорын 2010 жылы ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырды: экспортқа бағытталған сүт және ет өнімдерін өндіру бойынша типтік жобадағы тауарлы сүт фермасы және ауысымына 30 тонна сүт өңдейтін сүт зауыты салынды. Серіктестіктің негізгі қызмет түрі – асыл тұқымды мал шаруашылығы, ет және сүт өндіру және өткізу. Серіктестік бесінші жыл химиялық қоспасыз, табиғи таза өнімдерді шығарумен айналысып келеді. 2010 жылы Венгриядан 660 бас голштинофриз асыл тұқымды қашарлары әкелінген болатын. Қазіргі таңда олардың саны 1616 басқа жетті. Әрбір сауын сиырдан жылына 8000 литр сүт сауылып, жылына 6 100 тонна сүт өндіріледі.
Кешенге қажетті құрал жабдықтар Голландия, Ирландия, Германия мемлекеттерінен алынған.
«Рза-Сүт» ЖШС-нің негізгі қызметі - сүт өнімдерін өңдеу және сату. Тәулігіне 30 тонна сүт өңдейтін сүт зауыты Еуропаның озық технологиялық құрал жабдықтарымен жабдықталған. Зауытта пастерленген және ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары май, құрт өнімдері шығарылады. Сүт өнімдері Қызылорда облысының аумағымен бірге Алматы, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында сатылуда.
Зауыт өнімдері 2011
жылы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме- конкурсының «Үздік азық - түлік тауарлары» номинациясы бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. 2014 жылы ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша лауреаты атанды.
Қызылорда қаласында 2012 жылдан бастап «Рза-Сүт» ЖШС-нің филиалы тұрақты жұмыс жасап келеді.
«Рза-Нан» ЖШС-нің өндірістік цехы еуропалық стандартқа сай құрылғылармен жабдықталған, нан өнімдерін өндіру қуаттылығы 3200 кг. астам. Мұнда нан және кондитерлік өнімдердің 40-қа жуық түрлері дайындалады.
Толықтай еуропалық құрал-жабдықтармен жабдықталған Шұжық цехының ет өнімдерін өндіру қуаттылығы тәулігіне 2 тонна. Цехта сарделькилар, сосискалар, түшпара, тартылған ет, котлеттер және де қақталған, жартылай қақталған шұжық түрлері дайындалады.
«Рза-Транс» ЖШС-нің негізгі қызмет түрі – акционерлік қоғамның барлық бөлімшелерінің өндірістік мақсатқа пайдалануларына қажетті техникалармен қамтамасыз ету. Онда қуаттылығы жоғары ауылшаруашылығы және құрылыс саласына қажетті қазіргі заман талабына сай техникалар жұмылдырылған. Яғни: жер қазуға және жүк көтеруге арналған машиналар, сонымен қатар әртүрлі мақсатқа пайдаланылатын механизмдер.
«Рза-Транс» ЖШС-ніңжанында механикалық жөндеу шеберханасы жұмыс жасайды.Онда түрлі техникаларды жөндеу жұмыстары және басқа да қажетті қызметтер көрсетіледі. Шеберхана аумағында қосалқы бөлшектерді сақтайтын қойма, техникаларға арналған жабық гараж, түрлі бейнедегі токарь станоктары, темір ұстасының шеберханасы бар.
РЗА-МұнайГазҚұрылыс» ЖШС-де Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарын жанар-жағар маймен қамтамасыз ететін сыйымдылығы 4855 м.куб. ( бензин, дизельдік отын, нигрол, дизельдік май, т.б. сақтайтын) мұнай резервуарлары бар. Сонымен қатар, жаңа типтік жобамен салынған 5 май тарату бекеті өз қызметтерін көрсетуде.
«Рза» акционерлік қоғамы – көп салалы кәсіпорын. Негізгі қызмет түрі – құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу, оның ішінде мелиоративтік құрылыс, тұрғын үй құрылысы, магистралдық су құбырларын жүргізу. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге байланысты I категориялы мемлекеттік лицензияның иегері. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша 2003 жылдан бері, Қызылорда облысының Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарында құрылыс жұмыстарын атқарып келеді.
Мұның барлығы аядай ғана шаңырақтан шыққан тәрбиенің жемісі және нәтижесі. Заманауи жаңа технологияларға қол жеткіздік. Тек Қызылорда емес, Қазақстанның ірі қалаларын да қатарымызға қостық. Мұның барлығы еңбекпен келетін дүние. Әкемнің бізді еңбекке баулып, жанында ұстағаны – елімізге адал қызмет ете жүріп абырой биігінен көрінуіміз деп білемін.
Мен үшін ең үлкен міндет – елдің баласы болу. Қай жерде, мейлі қай елде жүрсем де: «әр қазақ – менің жалғызым»,– деймін. Өйткені, қазақты қазақ қана көтере алады. Мен – өз елімнің патриотымын, өйткені менің отбасым – тұтас Қазақстан! Ал, мұның барлығы ата-ананың тағылымды тәрбиесінен шығады! Имандосов Нұрлан Самұратұлы