![]()
Атадан қалған аманат
Сөз басы
Ә дегеннен сөз басы тарихтан тарайды. Қазақ халқы – «Өткенсіз бүгін, бүгінсіз болашақ болмайды» деп, өткенін тарих беттерінде алтын әріптермен қалдыра білген ел. Ұлысын ұлықтай білетін, шежіресін жасақтай білген ел. Арғы атам Асаннан басталады, бергісі өз атам – Өтеден тараймыз. Бұл аралықта да том-том тарих жатыр деуге болады. Біздің міндет - тарих қатпарынан шежіремізді жиып-теріп, өскелең ұрпақтың бойына сіңіру, оларды ата-баба аманатынан хабардар ету. Асылы, сарқырап аққан Сырдариядай өн бойында аққан тектілік тулап жатқан қазақпыз. Өте сүрген өмір Атам Өте Қазалының Қосиіріміндегі Сармағанбет қыстауында дүниеге келген. Бұл – 1889 жыл. Жастайынан зерек, алғыр болып өскен баласын арғы атам Бәли барын салып оқытады. Хакім Абай «Баламды медресеге біл деп бердім» демей ме?! Қолын мезгілінен кеш сермеген үлкендеріміз өзі оқымаса да, балаларының білім алғанын, көзі ашық азамат болғанын қалайды. Осы орайда Бәли атам өзі қолынан жетектеп жүріп, атам Өтені Аманбай ахун, Тілеулес ахун мешіттерінде арабша хат танытқан екен. Әкелеріміздің сөзінен ұққанымыз, әйтпесе, өзіміз ол дәуренді көргеніміз жоқ, сол кезеңнің балалары он-он бір жасынан үлкендерше тірлікке араласады екен. «Он үште отау иесі» деп ежелден айтып кеткен емес пе?!
Білім алып, тірлікке араласқан Өте Бәлиұлы көп уақыт өтпей-ақ, елді аузына қарататын шешендік, ұйымдастырушылық қасиетін байқата бастайды. Оның ақылы толысып, жан-жақты дамыған тұсы Кеңес Үкіметі орнағанға дейін-ақ қалыптасқан. Халықты жұмылдырып, біріктіруге, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жүк көтеріп, арық қазуға үндейді. Өзі де басы-қасында болып, елмен бірге еңбек етеді.
Кеңес үкіметі орнаған тұста Өте атам отыздар шамасындағы жігіт екен. Елде ашаршылық болып, кенезесі кепкен халықтың жүрек жалғауына ас-ауқат тасып, жолдағы теріс пиғылды тонаушыларға жем қылмай, елге әкеліп, әр отбасыға бөліп беретін көрінеді. Шәудіркөл, Қараарықтағы елді біріктіріп, су жүргізуге жұмысқа жарамды жанның барлығын жұмылдырып, жастайынан ел ішінде еңбегімен танылды. Бұл, сірә, оның ерек қабілетінен болса керек-ті. Қараарықтан суды Қостамға жеткізіп, бос жатқан даланы егіс алқабына айналдырды. Елді еңбекке шақырды, әрбір жан өз отбасының несібесін Жер-Анадан алуына мүмкіндік жасады.
1934 жылы Қараарықтың маңайындағы ұсақ артельдер біріктіріліп, іріленген «Октябрь» колхозы құрылды. Енді білікті төраға қажет. Ел ойланбастан, осыған дейін жас та болса, көп еңбек сіңірген Өтені тұңғыш Төраға етіп сайлайды.
Басшылық жасаған тұста, Қарарықтың ауқымын ұлғайтып, Ақүрмеге жеткізеді. Елдің қамы үшін жасалған жұмысқа «қазақ дамып кетеді-ау» деп, араға іріткі салғандардың әсерінен әлгі майлы қасықтай шылпылдап, жұмыртқадан жүн қырыққан пысықайлар жоғарыға жағамын деп, Өтенің тіршілігіне кедергісін келтіреді. Шолақ белсенділер халықтың несібесіне бұйырған жерді тартып алып, иемденуге беттейді. Ал, Өте өз бағытынан таймай, халықтың жағында болады. Елге араша түседі. Бірақ мұндай елжанды азаматтар үкіметке ұнай қойсын ба?! «Бай, би болғысы келеді. Үкімет адамына қарсы шығады. Өтенің бұл ісі – халықты коммунистік партияға, өкіметке қарсы қою. Бұл істің аяғы жақсыға апармайды» деген жаламен «Халық жауы» атандырады. Қазақты қазақ сыртынан сұқ саусағымен көрсеткен дәурен еді, Өтені 1937 жылдың 17 тамызында «Үштіктің» шешімімен қырық сегіз жасында Қазалы абақтысына қамайды. Он жылға бас бостандығынан айырып, Бурятияға жібереді. 1943 жылы Улан-Уде абақтысынан мерзімінен бұрын босату үшін, елден мінездеме сұралады. Көрмейсіз бе, осы кезде «іштен шыққан жауларымыз» «Өтені бостандыққа шығаруға болмайды. Совет үкіметіне аса қауіпті элемент» деген жауап келіпті. Ақырында белгісіз себептермен өмірі түрмеде қиылған екен. «Қазақты қазаққа жау қылған заман-ай!» деп, артында қара жамылып отбасы қалды.
Жалғыз жанған шырақ Жібек анамыз өмірлік жарынан айырылып, қатыгездіктің тырнағына ілінген, жазықсыз жазаланған атамыз Өтенің шаңырағын шайқалтпай, түтінін өшірмей ұстайды. Алайда, тағдыр «бір айналдырғанды шыр айналдырады» деген емес пе?! Он бір перзент шетінен шетінеп, шаңырақта жалғыз ұл Сыражадин ғана қалады. Жібек әжеміздің қайғыдан қан жылаған жүрегіне нұр сеуіп, болашағына үміт сыйлаған да осы ұлы болатын.
«Халық жауының отбасы» деп күн көрсетпей, қылышынан қан тамған қызыл империя Өтеден қалған алты қанат ақ орда ақ боз үйін өздері алып, бұларды қуып шығарады. Бірақ, «Тірі адам тіршілігін жасайды». Болашаққа деген үмітпен, жұмыстың ауырына жегілсе де, келешекке сенім артты. Анасына қамқор болып жүрген Айнадин Өтеұлы Ұлы Отан соғысына аттанып, майдан даласында жан тапсырады. Қасында қалғаны – Сыражадин. Ол да он-он бестегі бала. Ауылдан қалаға өгіз арбамен астық өткізуде күндіз-түні қара жұмысқа жегіледі. Кейіннен өгіз соқамен жер айдау ісіне араласып, басын қатерге тігеді. Олай дейтінім – сол жылдары өгіз үстінде ұйықтап кетіп, соқаның астына түсіп, өліп кетіп жатқандар көп екен.
Әкем Сыражадин өте еңбекқор болатын. Өгіз арбаның маңайында жүріп те, соқаның үстінде отырып та білімге ынта-ықыласын төмендеткен емес. Өтенің інісі Сахи атамыз ғұлама молда атанған жан екен. Сол кісінің тәлімін алып, орайы келсе, ілім үйренуге бейім жүріпті. Мұсылманша білімге осылай қол жеткізген. Иә, «Талаптыға нұр жауар» деген сөз тегіннен-тегін айтылған емес. Бүгінгідей бар мүмкіндікті алдына жайып тастаған кез емес, оқудың өзі «инемен құдық қазғандай» қиын кезі. Ол осынша қиындықтармен күресе жүріп, орта мектепті үздік бітіреді. Мұғалімдер институтына қабылданған сәттерде де сол дәуреннің қара талқанымен жүрек жалғай жүріп: «Тірі жүрсем, еңбегіңді ақтармын, апа! Өзгелерден кем болмайсың», – деп, өз-өзіне берген серті үнемі жолдас болыпты. Қатал тағдырдың сынақтарынан сүрінбей өтіп, «Халық жауының ұлы» деген жалған жазаға да төзіп, алыстағы арманына отты көзбен қарайды. Жалыны бойында тасып, еш нәрседен тайсалмайтын жан болған екен. Өтенің жоғын жоқтаушы Сыражадин үнемі үздіксіз ізденіспен жүріп, 1995 жылдың 24 қарашасында Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының өкімімен әкесін ақтап алады. Міне, перзенттік парызды ақтау деп – осыны айтыңыз.
Әкем Сыражадин өзі туған ауылда ұстаздық қызметін бастайды. Қызылқұм ауылының Ажар бөлімшесіндегі сегізжылдық орта мектептің директоры, аудандық білім бөлімінің әдіскері, №95 орта мектеп директорының орынбасары қызметтерін атқарған. Қырық жыл ұстаздық етті. Омырауына «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісін, «Еңбек ардагері» медалін жарқыратып тағып жүреді. Зейнетке шығып, оның кеудесіндегі еңбегімен келген марапаты күн сәулесімен шағылысып тұрады. Иә, әкемнің ерен еңбегі менің кеудемде мақтаныш сезімін ұялатады.
Тау тұлғалы асқар тау әкем өте еңбекқор адам болатын. Бүгілген белге қарамастан, қолынан кетпенін тастамайды. Зейнетке шыққаннан кейін де, әкесінің ізін жалғап, нарық кезеңінде жеке шаруашылық құрды. Ұрпақтарының тәуелсіздікті енді алған тоқырау жылдарында да қысылмай, қиналмай өтуіне сеп болды. Өзінің көрген қиындығын балаларына көрсетпес үшін, әкем неге бармады дейсіз?!
Анам екеуі әрдайым бір-біріне серік болып, қай уақытта да ажыраған жоқ. Шешем Құрымбайдың Қосағынан тараған Сағымбайдың Қалымбеті, есімі – Нәзира. Жібек әжем ақ босағадан келінінің қадамы енген сәтте: «Енді өлсем, арманым жоқ», – деген екен. Аллаға шүкір, немерелерін көрді. Нағашы атам Қалымбет анамның үш жасында өмірден өтіп, нағашы әжем Күлсіннің тәрбиесінде өскен екен. Бұл күнде бас қосқандарына – 57 жыл. Өмірге әкелген 4 ұл, 2 қыздан 25 немере, 22 шөбере көріп отыр.
Әкем – «Ұлы Жеңіске – 60, 65, 70 жыл» мерекелік медальдары мен «Еңбек ардагері», «Тыл ардагері» медальдарының иегері. Ал анам Нәзира Қалымбетқызы да әкем тәрізді білім саласынан зейнетке шыққан. «Күміс Алқаны» омырауына таққан ақ жаулықты ана.
Мен өмірге келгенде, Жібек әжем алдымен қолына ұстап, анама емізуге беріпті. Қатты қуанған екен. Мені жақсы көріп өбектеп тұратын, үп еткен желден қорғайтын. Қолы қимылдағанның аузы қимылдайтынын санамызға сіңіріп, еңбекке баулыды. Кетпен шауып, бақша ектік. Қол орақпен шөп ордық. Соның бәрінде әжем жанымда жүретін. Еңбекқорлықпен елге танылсақ, ол – әжемнің өнегесі, әкемнің тәрбиесі деп білемін. Ұрпақтары әлі енші алыспай, бірге тіршілік қылып жүр. Отбасының ауызбіршілігі, берекесі мен ынтымағы үлкендердің тәрбиесіне байланысты. Бізді үлкендер қай жолға салса, сол жолмен жүріп келеміз. Адам баласы шыбық тәрізді ғой, жасында қалай исең, солай қарай өседі. Өнегесін ұрпағының бойына дарытып, тәлімді тәрбиесімен сусындатқан Жібек әжем жетпістен асып, дүние салды. Ол өмірден өткенімен, өнегесі бойымызда қалды.
Баталы ер арымас «Ер азаматтың мойнында үш міндет бар»,– дейді үлкендер. Біріншісі, баспаналы болу, онан соң – жар сүю, үшіншісі – ұрпақ өрбіту. Әкем Сыражадин тар жол тайғақ кешуден өтті. Қазақ басындағы нәубетті
![]()
жылдарды бастан өткерді. Анам Нәзира екеуі бас қосып, шаңырақ көтергеннен Жібек әжемнің қолын жылы суға малып, перзенттік парызын көрсеткені де мәлім. Мұның барлығын болмаса да, шет-жағасын көзбен көрдік, көңілге түйдік. Әкем аулада күн шуақта отырып: «Шүкір!» – деп күбірлейді кейде. Онысы – кешегі күнді бүгінгі ұрпақтың басына бермесін дегені де.
Отбасындағы төрт ұл, екі қыздың үлкені – өзім. Жібек әжемнің ерні маңдайыма тиіп, ақ жаулықты әжемнің тәрбиесін алдық. Ол үшін төбем көкке жеткендей болады.
Менен кейінгі қарындасым Гүлжәмила ата-анамның жолын қуған. Ұстаздық салада еңбек етіп жүрген жан. Қазір зейнеткер. Жолдасы теміржол саласының қызметкері Жетес Қалияшев екеуіне Жаратқанның берген 4 баласы бар. Бұл күнде 9 немере көріп отырған ата мен әже.
Ал інім Мұхитдин жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Келініміз Гүлжаһан – зейнеткер. Олар бес бала тәрбиелеп, немере өсіріп отыр.
Інім Пахрадин – «Атамекен» шаруа қожалығының төрағасы. Істің адамы. Қай уақытта болмасын, алдыңғы орынға жұмысты қояды. Келініміз Клара да жеке кәсіпкерлікпен шұғылданады. Үш бала, төрт немересі бар.
Інім Кемаладдин – облыстық Ішкі Істер департаментінде басқарма бастығы, полиция подполковнигі. Келініміз Айгүл – кәсіпкер әрі төрт баланың аяулы анасы.
Үйдің кенжесі, қарындасымыз Гүлжанат – ақ халатты абзал жан. Медицина саласында еңбек етіп жүрген белді қызметкер. Ал күйеу баламыз Мәлік құқық қорғау органдарынан отставкаға шыққан. Қазір жеке кәсіпкер. Төрт баланың бақытты ата-анасы.
Біз еншімізді алып, бөлек кеткеніміз жоқ. Әрдайым біргеміз. Ата-анамыздың, ата-бабамыздың аманаты – қиындықта, қуанышта да бірге болу.
Еңбектің наны тәтті Әжем үнемі айтушы еді: «Балам, алдымен қолың қимылдасын, сосын аузың да қимылдайды». Рас, еңбек еткеннің өзегі талмайды. Қай уақытта болмасын, жастармен жүздескенде інілеріме, балаларыма осыны айтып отырамын. Өйткені, мұның өзі – үлкен өнеге, даңғыл жолға бастайтын ақыл.
Өзім 1957 жылы Бекарыстан би ауылында дүниеге келдім. Бұл бұрынғы Майдакөл ауылдық кеңесі. Ү.Түктібаев атындағы №24 орта мектепте, кейіннен аудан орталығындағы №216 Қ.Сәтбаев атындағы білім ошағында оқыдым. Ол уақыттарда жоғары оқу орнына бармас бұрын еңбекпен шыңдалуың керек. Бұл – қатып қалған «догма майы» тәрізді қағида болатын. Бірақ жастарды еңбекке баулудың тәсілі. Мен еңбек жолымды Жаңақазалы поселкелік коммуналдық шаруашылық мекемесінде слесарь болып бастадым. 1975-1979 жылдары Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі инстиутынан бухгалтер-экономист мамандығы бойынша білім алдым. Оқыған, көзі ашық адамның қандай болатынын әкем әлдеқашан санама сіңіріп қойған. Сондықтан менің де білімге, мамандық алуға деген құлшынысым өзгелерден кем түскен жоқ.
Қазалы аудандық «Транссельхозтехника» автобазасында аға экономист, бас экономист, бас есепші қызметтерін атқардым. Кейіннен КОКП ХХІІ съезі, Карл Маркс, Қазақстанның 40 жылдығы шаруашылықтарында қызмет атқардым. Қазалы аудандық салық инспекциясында бөлім басшысы, Қазақстан Ұлттық банкінің Ленинск қаласындағы бөлімшесінің аға экономисі, бас есепшісі болдым. Жүріп өткен жолдарымның барлығы бүгінгі мол тәжірибеге жеткізді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шаруашылықтар шатқаяқтап қалған. Оларды көтеріп, жұмысын жүйеге қояр істің адамдары қажет болды. Бір жағынан қаражат салу керек еді. Осы ретте тыңнан түрең салып, инвестор болып, әрі тұңғыш кәсіпкер ретінде «Наурыз» ЖШС-і мекемесін құрдым. Бүгінгі жетістіктің басы осылай басталған.
Осы күні егіс көлеміміз төрт мың гектардан асып жығылады. Алғашында отыз бес жұмыс қолымен басталған «Сыр маржаны» ЖШС-і директоры қызметін абыроймен атқарып келемін. Бұл күнде Ресейдің Краснодарь өлкесімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудеміз. Күріштің «Янтарь», «Лидер», «Новатор» сорттарын егеміз. Мекемеде жергілікті халықтан 144 адам тұрақты қызмет етсе, маусымдық кезеңдерде 250-ге дейін жетеді. Жаңа заманауи құрылғылармен қамтылып, техниканың да жаңа түрлерін өндіріске енгіздік.
Егіннен бөлек мал шаруашылығымен де айналысамыз. Жылына 220 тонна ет өңдейтін мүйізді ірі қараны бордақылау алаңымыз бар. Бұл «Ірі қара малы етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасының шеңберінде қолға алынды. Мұндай жұмыстар болашақта қарқын ала түседі. Алдымызға нық мақсаттар қойдық. Оған жету жолында көп тер төгіп келеміз. Ауылдағы негізгі жұмыс көзі – шаруашылық. Елді мекендердің дамуы да, құлдырауы да осындай шаруашылықтардың жай-күйіне байланысты. Елді жұмыспен қамти отырып, олардың әлеуметтік ахуалдарына да назар саламыз. Өйткені, әр қызметкер – мен үшін қымбат.
Елді мекендегі қоғамдық жұмыстарына, қайырымдылық шараларына қолұшымды беруге тырысамын. Өйткені, бұл – менің ел алдындағы азаматтық парызым деп білемін.
Өмірлік жарым Әбенова Айгүл Мүбәракқызы – бұл күнде жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Негізгі мамандығы – биология пәнінің мұғалімі. Ұлым Жамаладин – ҚР Бас көлік прокуратурасының аға прокуроры. Отбасылы, төрт немере сыйлап отыр.
Ұлым Руслан – Алматы қаласындағы Абылайхан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетінің студенті. Ал Аслан – Алматы Техника-экономикалық қатынасжолдары колледжінде оқиды. Қызым Асылзат – Тараз қаласында тұрғыны, отбасылы. Ал Перизатым – Әйтеке би кентінде балабақша әдіскері, отбасылы, екі баласы бар.
Елге еткен азды-көпті еңбегімнің еленгені болса керек, Қазалы ауданының «Құрметті азаматы» атандым. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталдым. «Сыр Маржаны» ЖШС-і директорлығымен қатар, облыстық мәслихат депутатымын. Бұл – халық артқан сенімнің нәтижесі.
Бұл – біздің әжеміздің тәлімі, әкеміздің өнегесі мен анамыздың тәрбиесі. Мен – осы жолда үлкендердің салған соқпағымен келе жатқан жанмын. Өз кәсібімді дамыта жүріп, елдің қамына қарай жұмыс істейміз. «Өтенің ұрпағы» деген атты тек жақсы жағынан танытуымыз керек. Мен мұны атадан қалған аманат ретінде түсінемін.
Мінәжадин Сыражадинұлы Өтеев