Еспанов Ұзақ

Рейтинг:

КІСІЛІК КЕЛБЕТІНЕ ДАҚ ТҮСПЕГЕН
 
      «...Неткен ыстық дәрігер құшақтарың,
      Айнымайсың аққуға ұқсап бәрің,
      Ажал иттің аузынан алып қалдың,
      Сауықтырдың ішінде үш аптаның.
 
      Аппақ таза дәрігер жүректерің
      Ақындардың қалаймын жыр еткенін.
      Мезгіл-мезгіл сан түрлі айдап дәрі,
      Әйтеуір, рахмет, жүдетпедің.
 
      ....Таяқ ұстатқан кәрілік торына қамаса да, күліп кірген ентікпемен алысып, қағаз қаламын қолынан тастамай жиі толғанатынды шығарды. Заман сүрлеуіне ілесіп, тақымдағы торы төбелін жиі сауырлатып, белге шығып, қырдан асты. Дихан соқасының жүзін жалтылдатып, кетпенінің сабын саптап, мұқалған қайласын қайта қайрап, тауы шағылғанды жігерлендіріп, ел мұңын мінберге жеткізе білді. Зейнеткерліктің көк бестісі бел астында байлауда тұрғанда аспанға шаншыла шапқан асауларға бас идіріп, жанталаса жүріп кетпен сабынан қолын босатпады. Сәуір туа тәуірленіп, шілде туа шідерленіп, күз аяғын табалдырыққа сала бұлттанып, күңіренетін тағдырдың қысы қаракөл тонды құрсауланғанмен, тәнің мен жаныңды тоңдыратын «әдеті».
      Иірленіп түскен бұғалық бағындырмай қоймайды екен. Күн төбеден ауғанда, өткені көз алдына жиі оралып, жас кезіндегідей қауқары келмей, ақ халаттылардың тамшы дәрілеріне үміт артып жатқаны мынау.
      Асқынған ауру облыстық аурухананың төсегіне әкеліп таңды. Денеге түскен дерт балалаған шырмауықтай тез өседі емес пе?!  Ауруханаға біраз уақыт бұрын алдыңғы бір жатқанында дәрігерлер түп тамырымен жұлып тастамаса да, тұманын сейілткендей болған. Дегенмен, жанына батқан ауру көп ұзамай емхана төсегіне қайта жатқызды. 
      Ел ағасы, ақсақал атанғаннан бері, өз өмірінен түйгендерін, ойына оралғандарын нақылға айналдырып, заманның тұзы қанша ащы болса, дәмін кетіре алмас өлең жолдары етіп қағаз бетіне түсіріп келеді. Қанық бояудың түсі оңып жатқан кезде, бір қауым елдің жігерін қамшылап, рухын асқақтатар, қажығанды қайрай түсетін, бақыттың кілті еңбекте екенін өсиет ететін, өшпес мұра қалдырғысы келіп қолына қаламын алды.
      «Дүниенің рахатын надан көреді, азабы – ердің сыбағасы» дегендей, ақ күріштен асқар тау тұрғызып, аудан ғана емес, облыс егінді алқабының өркен жаюына, саналы ғұмырын ел мүддесіне арнаған әкем Ұзақ Еспановтың өмірінің соңғы жылдары осылай өтті. Уақыт – қауырсынынан суыл ескен ұшқан құс, ілесе алсаң – ұтқаның, сәл кешіксең –кешірімі жоқ  өкініш. 
      Білемін, туған өледі, әйтсе де, ғұмырын туған еліне арнап, тірлігі көмескі тартып, салы суға кеткендерге еңсесін тіктеуге, мыңның жүрегінде есімін өшпестей қалдыра білген жанның еңбегін құмға сіңген судай ету, елеусіз қалдыру, үлкен қиянат емес пе?! Қарбалас тіршіліктің ығына жығылып, өткеннің қараңғылығына сәуле шашқан, тұғырға лайықты тұлғаны әспеттей алмау – ұрпағына сын. «Адам өлген күні өлмейді, ұмытылған күні өледі». Айтулы тұлға, тағылымды тағдыр кешкен кісінің ұмытылуы мүмкін емес.
      Тасқа тиген тұяғынан от шашыраған, тұнық судың кешіп жүріп тұнығынан ішкен тұлпар тектес, аузынан Алласы түспеген төрт құбыласы тең, кең байтақ қазақ даласындай кең пішілген бекзаттығы, сақалдыға сөзін тыңдата білген күлімдеген келбеті қашан көрсең де жылу шашып тұрады. Жүрегі дархан, міні кем, сөйлесе шырайлы жанарына сыр бүкпей, ақыл айтса шын пейілмен айтатын еді. Сөйлесе – шешені, қол бастаса – көсемі, алмас берендей жарқыраған, халықтың мерейін өсіріп, ел мүддесін қорғаған әкем, бағаналы бәйтерегімді таныстыруды, тереңге жіберген тамырларынан бастасақ.
      Тамырсыз терек жайқалып, түбірсіз жусан көктеген бе?! Ер үстінде көз іліп, қылышы қынға енбеген жаугершілік заманда түп аталарымыз қолынан найзасы түспеген батыр болған. Күле кіріп, қанжарын жең ұшына жасырып келген жаудың бір айлалы шабуылында, қоршауда қалған Сарғасқа руынан тараған Тойқожа батыр бабамыз: «Атасы бөлек аттан түс, емшектесім атқа мін», – деп өз баласын тастап, інісін жау қоршауынан алып шыққан. Хиуа мен Қоқан хандықтары тұтқиылдан басып кіріп елді тоз-тоз еткенде алдаспанға қанжармен қарсы тұру оңай болмаса да, жүздік пен талай мыңдықтарға төтеп беріп, алтын құрсақты аналарының бекер қалжа жемегенін дәлелдеген. Әсіресе, Қоқан ханы Омар Сырдария өзенінің оң жағасындағы керуен жолдарына қорған салып, отарлау мақсатында Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандарының жеріндегі қазақтарға оқтын-оқтын басқыншылық жасаттырған. Міне, осындай ұрыстарда жерін сақтап қалған батырлар халық аузында жыр болып сақталып, есімдері аңызға айналып кеткен екен.
      Сол Тайқожаның бел баласы – Бәймембет, оның ұлы – Бәйтік, Бәйтікұлы – Тоғанас көк сүңгісі қолынан түспеген батырлар болған. Жекпе-жекте Бәйтік батырдың назарынан тіксінген Хиуа ханы, бірде оны үйіне қонаққа шақырады. Елге ылаң салуды көздеген хан, айыр құйрық шаяндай жиырыла қозғалып, реті келсе, көңіліне жақпай жатса, өлтіріп жіберуге тоқтам жасайды. Жау алдында тізе бүгуді білмейтін Бәйтік есікті теуіп ордаға кіріп келгенде, өзінің селкілдеп кеткенін жасырғысы келген хан, «Бәйтік батыр амансың ба?», – нөкерлері аң-таң болып сұрайды. Асқа шақырғанымен, арқасына найза кезеніп тұрғандардан қорықпай, көздерінен от шаша келген Бәйтік шаруасын айта бастағанда, хан тек бас шұлғи беріпті. Тақты иемденген хан бола отырып, қара қазаққа қарсы келе алмағанның мәнісін сұрайды.
      – Сізге не болды, жалғыз қазақтың айтқанын мақұлдап келісі бергеніңіз қалай?! Сонда хан:
      Сендер не білесіңдер? Мен келісемін деп келісті дейсіңдер ме?! Сарайға өзінен бұрын екі жолбарыс келіп, екі иығыма аяғын салып тұрып алды. Содан үнім шықпай, еріксіз мақұлдай бердім, – деген екен уәзірлері алдында ақталып. Тектілік деген міне, осы!
      Елдің жоғын түгендеп, қарындастың намысын найза ұшына ілген батыр бабаларымыз Бәйтік сексен жеті жасында қайтыс болса, әруақты арнадан сағаланып тараған кіндік баласы Тоғанас батыр 1813 – 1868 жылдары өмір сүріп, кенже інісі Бодаш батыр 1910 жылы дүние салған.
      Аруақты жандардың табаны тиген, жамбасы жатқан жерлерді есімімен атайтын қазақы жақсы дәстүр бар. Батыр бейіті «Бәйтік жолы» деген атпен Қазалы, Қармақшы маңындағыларға белгілі. «Тоғанас батырдың бейіті «Қараң бойында» жатыр. Бәйтіктің қайырылмас қанаты болған Бодаш батырдың баласы Өскінбай 1963 жылы Жаңаталап совхозында дүниеден өткен екен. «Екі иығына екі кісі мінгендей алып, бойы екі метрге жуық қарасұр кісі еді. Қуантып келмейтін қарттықтың кемесіне мінгенімен, сексендегі қария замандастарының қолын ойнап қысқанда темір қысқаштай болатын еді. Бірақ, «батыр аңқау, ер көдек» дегендей өте аңқау, сері кісі болатын» дейді көзін көргендер. 
      Бәйтік бабамыздың ұрысқа ұстап шыққан туы – ұрпағы Ә.Жарылқаповтың үйінде сақтаулы тұр. Белсенділер бел алған отызыншы жылдары жандайшаптар баба қолының табы қалған қылышы мен найзасын жоғалтып жіберген. Құм кезген дала қарақшыларымен алысып, ел берекесін бұздыртпаған Тоғанас батыр дүниеден өткен соң, жерге бір қар қондырып, бір жылдан кейін Әлім Шөмекейдің игі жақсылары жиылып, батырдың туған інісі Бодаш бас болып, төрт Әлдеберлі, алты Өтебай бірігіп ат шаптырып, үлкен ас берген екен. 
      Ел аузында Тоғанастың аты, әкесі Бәйтіктен бұрын «Тоғанас Бәйтік» деп аталып жүреді. Тойқожа құбақалмақпен, қалмақтармен жиі найзаласып, тұлпармен келгенді тұяқсыз, қылышымен келгендерді бассыз қайтарған. Қалмақтың қалқаны сынып, Хиуа хандығы беткей астынан бұқпантайлап келгенде қабырғасын қақыратып жіберген. Бодаш батырдың да, жамбасы жерге тигенше тізесі бүгілмей өткен. Батырлар әулетінен нәр алып, бір-бірінен ерлік үрдісін мұра етіп алған, тектінің тұяғы, менің әкем Ұзақтың, «Социалистік Еңбек Ері»  атанбауына қақысы жоқ еді.
      Арғы атам Сәтпай да табанын тұрмыстың тасы тессе де, беліне мыңның шоқпарын байлаған ер кісі болған. Дала заңы мен шариғат заңын тіршілігіне тірек еткен Сәтпай атамыз тентегін тезге салып, бұйда жібін үзе бұлқылдап, бұра шапқандардың тілін «калимаға» келтіріп, шашылған тарыдай болған елдің басын біріктіріп, ұйымдастырушы болған адам. Аузы жарылғалы тұрған сыздауықтай бұрқ ете қалатын елішілік дау-дамайларда әділдігін айтып, төрелік жасаса, жиын-тойларда отыз тістен шыққан ұлағатты сөздері, отыз рулы елге тарап, ат тұяғы жеткен жерлерге дейін есімі мәшһүр болған. 
      Дана халқымыз, елімізге титімдей болса да көмегін тигізіп, желден ық, жебеден қалқан болған ұлдарының басқан ізін уақыт желі суырып көміп тастамас үшін, өзі өмір сүрген жерлерді ардақты ұлдарының атымен атап отырған. Аудан көлемінде «Сәтпай салған сара жол», «Сәтпай жолы», «Сәтпай төбесі», «Сәтпай бұрылысы» деген жер атаулары баршылық.
      Сәтпай Қалабайұлы кіндігінен тараған Мырзабек тоғыз жыл, Ержан он екі жыл болыс болса, Саршаны жиырма төрт жыл үздіксіз ауылнай болып, ел берекесін қашырмай, бір тізгінде ұстаған. Қоқан езгісінен зәбір көрген ел Мәскеумен білек теңестіргенде, «ірімшік іліп тышқанды қақпанға түсірмек болған» ойын «шапка» астына жасырып келген орыстарға ел намысын жығып бермеген. Бүгінде түйесі көпірден өткен соң, тасада тұрып тас атқан білгішсымақтар сол қиын кездегі жергілікті ел басқарушыларына күйе жағып әлек. Бірақ, сол кезде қос аждаһаның алқымына жұтылып кетпеуімізге сеп болған, осы ата бабаларымыздың біліктілігі еді. Қолы жеткен жерді қарпып қалуды көздеген қос алыптың арасында арбаны сындырмай, өгізді өлтірмей аман алып қалу, құмнан арқан ескендей қиын іс болатын. Кенже баласы Еспан атамыз, сауырына қамшы салдырмай өтетін сәйгүлікті дөң астында дем алысынан танып, аламанға қосқаны олжасыз қайтпаған. Үш жүзге аты мәлім атсейіс кісі болған.
      Батыр, бидің ат шалдыруынан бөлек, қойнына шоқпарын жасырып келгенді күлге аунап, күлімсі иісі шыққан дала кезген қарақшыны табалдырықта күттіріп қоймай, төрге оздырып сыбағасын берген атамыз Сәтпай қазаны аттан түспеген қонақжай кісі болған екен. «Ел анасы» атанған әжеміз Ақбала өте мейірбанды, келбетті кісі болған деседі көзін көріп, қолынан қымыз ішкендер. Балалықтың бәтеңке бауын байлап, еркелікпен артық қимыл жасаған кекілді мен тұлымдыларына айтар сөгісі: «Ой, тұқымың жайылғыр» «өй көбейгір» екен. Осы тілегін Алла қабыл қылса керек, Сәтпай атамыз бен Ақбала атамыздан тараған ұрпақ бұл күнде бір тайпа ел.
      Қызыл саясаттың кезінде азуын айға білеген елдермен терезесін тең ұстаған, аумалы-төкпелі замана қамшысы арқасына үйіріле соқса да ел бірлігі жолында жан аямаған Сәтпай атамыздың кесенесі Жаңадария өзені бойындағы Сулыкөл мекенінде Шымбай жолының бойында, Жалағаш кентінен тоқсан шақырымдай жерде орналасқан.
      Кесене құрылысы 1883 жылы салынған. Кесенені көзі тірі кезінде өзі бастап салдырып, қырғыз елінен келген Мәмбетәлі деген кісінің жобалауы бойынша, құрылыс жұмыстарына Аман есімді ұста тікелей басшылық жасаған. Көнеден қалған қыш құю әдісі бойынша кесене тұрған жерге арнайы қыш зауыты салынып, балшыққа жылқының жал-құйрығы, ешкінің қылы араластырылып иленген.
      Құрылыс жұмыстарына Сарғасқаның алты Өтебай аталығынан адамдар қатысқан. Кесене салынып біткеннен кейін Сәтпай Келмембет ұрпақтарының игі жақсыларын шақырып, үлкен той жасаған ұлыларды ардақтау шарасына Бөгенбай, Сарғасқа Кеншім би, Өтебайдан Қалдан батыр, Құтымбай сейіс, Жүргеннің қарасы, Киікші кете Дәуімшар би, Сарыбай Жабағы, Боқай сияқты сол өңірдің байлары мен билері қатысып, баталарын берген. Сәтпай атамыздың өзі кесене салынып болғаннан кейін, жиырма бір жылдан кейін, 1906 жылы дүниеден өткен екен.
      Кесене Сыр бойы қазақтарының «Үй-там» үлгісі бойынша салынып, ортағасырлық күйдірілген қыштан тұрғызылған. Іргетасы мен табаны «цоколь» да сол кірпіштен өріліп, есігі батыс жаққа қараған сәулет өнерінің бір үлгісі өзге ортағасырлық кесене құрылыстарынан «пештак» салу арқылы ерекшеленеді. Кесененің сыртқы көлемі – 8,20*8, жалпы биіктігі – 5,70, порталдың биіктігі – 4,50 метр. Төрт бұрышына әрқайсысының биіктігі 3 жарым метрден асатын төрт мұнара тұрғызылған. Төбесі күмбез болып келетін, 6,10*6 бір бөлмелі кесененің төр жағына Сәтпай атамыз және үш немересі жерленген. 
      Ішкі жағы сыланған кесененің уақыт мерзіміне төтеп бере алмай сылақтары түскенімен, сілемдері сақталған. Архитектурамен тығыз байланысты «сгроффито» қабырғаға салынған және сызылған суреттер хикаясы пайдаланыла отырып, кесене ішін киіз үйдің жабдықталуына ұқсатып безендірген. Қабырғаларға сол кездегі қазақтардың көшін бейнелейтін суреттердің фрагменттері понарама үлгісіндегі майлы бояумен салынған. Кесене ішінің безендірілуі тұрмыс өмірінен ажырамаған. Суреттерде қой, жылқы айдатып, жүн артылған түйелер, сол сияқты сәйгүлік ат жетектеген атсейістер мен шабандоздар, қыз-келіншектер мен жігіттер бейнеленген. Табиғат көріністері де қылқаламнан шет қалмай, түз тағылары киік, қасқыр сынды жабайы жыртқыш аңдардың суреттері тұтас композицияда понарамаға енген. Әттеген-айы, суреттердің көп бөлігі өшіріліп, түсіп қалғаны. Қабырғалардың кейбір жерлерінде қызыл және көк түстермен салынған ою-өрнектердің кескіндері ұшырасады. Мұның өзі қазақтардың озық мәдениеті болғанын көрсетеді.
      Сонымен қатар, арғы атамыз Сәтпай дүйім жұртқа әйгілі атбегі болған. «Сәтпай көк» деген тұлпары шашасына шаң жұқпаған, аймақтағы бәйгенің алдын бермеген. Ұлы кісінің ұрпағы болған өз атам Еспанның да баптаған аты, ақ шаңдақты аламанда алдына тұяқ түсірмеген, атсейіс, бапкер кісі болған. 
      Еспан атамыздың тай, құнан күнінен бастап, он тоғыз жасқа толғанша аяқ жетер өлкелерде өткен ас-тойларда бәйгеден қара үзіп келіп отырған, ерекше күтіп баптаған Бурыл аты болыпты. Кенесарының текті үрдісін жалғастырған Еспан атамыз «Бурыл атын» қыстыкүні қой түнеген ескі көңнің астынан көктеп шыққан қарақұйрықты және Қызылқұмда өсетін қияқ шөптің тамырын қаздырып береді екен. Солайша жаратылған жүйрік, бір жылдық ас-тойлардағы бәйгелерде 70-тей ірілі-ұсақты қара малды жүлдеге алған. Ер басына бөктерген олжасын, ауылдағы жетім-жесірлерге, кедей-кепшіктерге үлестіріп беріп отырған.
      1929 жылы Абақан Кете Шегебайдың асындағы бәйгеде «Бурыл ат» шауып келе жатып, жолындағы кездескен арықтан қарғығанда, үстіне жүген ұстап отырған бала аттан сыпырылып түсіп қалады. Үстінде шабандоздары бар бәсекелестер жарыстастар адамсыз атты адастырып кету үшін неше түрлі айла-әрекеттерге барады. Әлденеше рет қилы-қилы жолдарға бұрылып шабады. Хас жүйрік арбауға түспей, әлсін-әлсін артына бұрылып қарап, олар қай жолға түссе, солардың алдына шығып отырған. Шылбыр жүген ығысып, аяғына басылуға жақындағанда оны басымен, мойнымен сілкіп, өз орнына келтіре, топтың алдында жүріп отырған сәйгүлік, шабандозсыз-ақ, көз таныс қарақшыдан бірінші болып өтіп, бас бәйгені жеңіп алған екен. 
      Алты ай қыста қатқан тоңды жібітіп келетін көктем шуағындай, дарияның самалы ескен өңірдің абыройын еселеп, бар ғұмырын еңбекке сарп еткен әкем Ұзақ Еспанов 1928 жылы қазіргі Жалағаш ауданы, Мақпалкөл ауылында дүниеге келді. Құмның қызып, жаңбырдың жанары суалып, көк шалғыннан нәр, жұп тұяқтыдан әл кеткен кезеңде балалығы өтіп, ауыл төріндегі орта мектепте білім алды. Есіктен енген жұттың жалғыз келмейтіні тағы бар. Балағына сүрінген тіршілік адымын аштырмай, жастай 1944 жылы еңбек жолын колхозшылықтан бастады. Соғыстың соңғы жылдары, ақпандағы шығар қыстың соңғы ышқынғанындай ызғарлы ел тұрмысы таяқ ұстаған қариядай қалт-құлт етіп тұр еді. Қырық бесінші жылдар кімнің аузынан ақ майды ағызған?! Жұртпен бірге тірлік етіп, 1947 жылы орта мектепті бітірісімен, Қызылорда педагогикалық институтының «Қазақ тілі және әдебиеті» факультетіне оқуға түсіп, араға екі жыл салып 1951 жылы бітіреді. Бала көңілінде қалықтаған құс қанат арман – жыраулық өнердің жібін жалғау еді. Бірақ, әке сөзінен аса алмаған Ұзақ әкем педагог болуға шешім қабылдады. Екі жылдай мектепте мұғалім, одан әрі директорлық қызмет атқарып, жанарындағы отты жалындата білген ол, 1953 жылдан бастап, 10 жыл аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Бесіктен белі босаған баладан, кәрі-құртаңына дейін еңбекке кетіп, қара құлып есігін күзеткен соғыс жылдары білім саласы оқ тиген тұлпардай аяғын сылтып басқаннан, жүрісін түзей алмай келе жатыр еді. Әкем сол білім көшінің алға жылжуы үшін бар күш-жігерін жұмсады.
      Басшылық жасаған он жылда ауданның білім саласын мұғалім-педагог кадрлармен нығайтты. Ауыл басшыларының көмегімен асарлатып салынған мектептердің ондаған ғимараттарының пайдалануға берілуіне, оқу-материалдық базаларының, бірнеше бастауыш мектептердің жетіжылдыққа айналып, онжылдық орта мектептердің саны көбеюіне ықпал етті.
      Трактордың түтіні бұрқ етіп, өкпелі жандай тоңтеріс жатқан дала төсіне соқаның тісі тиген тың игерудің бесжылдығында, үстелін соқаға, қаламын кетпенге айырбастап, 1963 жылы сол кездегі басшы Н.С. Хрущевтің реформасымен Қармақшы ауданының қармағында Қазақстанның ХХ жылдығы атындағы (қазіргі Мырзабай ахун ауылы) колхозға төраға болып келді.
      Осылайша, ауылшаруашылығы өндірісін басқарудағы өмір жолы басталды. 1966 жылы көрші Жамбыл колхозына (қазіргі Мәдениет ауылы) төраға болып ауысты. 1969 жылдың наурызында Сырдария өзенінің сол жақ алқабында жаңа жерлер игеріліп, күріш өсіруді интенсивтендіру жобасының қолға алынуына байланысты Қазақстанның ХХ жылдығы колхозы мен Жамбыл атындағы колхоздар бірігіп, «Мәдениет»  совхозы ретінде қайта құрылды. Шағын шаруашылықтардың басын біріктірген ірі ұжымды 13 жыл басқарған әкемнің бақ жұлдызы төбеде жарқыраған кез еді. Тәңірдің өзі таңдап беретін табиғи талантының, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында тұсауы жаңа кесілген шаруашылықты облыс емес, республикаға танымал күріш фабрикасына айналдырды. Шаруашылықтағы жанұялар санын 557-ге жеткізіп, жер көлемін 40 000 гектарға ұлғайтты.
      Төгілген тер, жұмсалған еңбек зая кеткен жоқ. Мемлекетке 100 000 центнерден астам астық беріп, республика бойынша алғашқы «Жүз мыңыншылар» қозғалысының бастамашысы болды.
      Жыртығы бүтінделмеген шаруашылықты осындай табысқа жетелегені үшін еңбегі лайықты бағаланып, 1973 жылы 45 жасында кеңестік дәуірдің ең жоғарғы наградасы «Социалистік Еңбек Ері»  атағы берілді.
      Қолынан кетпені түспеген байырғы кеншілерді айтпағанда, жастар бригадасының, қарттар тобының, жанұялық күрішшілердің ұйымшылдық көрсетуінің арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткізген. Күріш  күллі ұжымның мақтанышына айналып, еңбеккерлер күрішті – ырыс көзі, байлық бұлағы  деп білген.
      Бесжылдықтың қорытындысында мәдениеттіктер мемлекетке 121369 центнер астық тапсырып үздік табысқа жетсе, шешуші жылы совхоз еңбекшілері Отан қоймасына 138000 центнер Сыр маржанын құйып, астық сату жөніндегі бесжылдық тапсырмасын асыра орындап, гектарына 64,5 центнерден өнім жиналды.
      Совхозда күрішші, сушы, механизатор деген ұғымның арасында айырма қалмай, қай жұмысшыны алсаң да өз ісінің майталманы, шетінен бесаспап болған. Осындай үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, қыруар міндетті атқарған ұжымның табысы. Механизаторлардың жалақысы ғылым докторларымен таласатындай дәрежеде болған. 
      Үсті аптапта, асты батпақта тұратын ақ күрішті кәсіп еткен алып шаруашылықтың төрт құбыласы, төрт тағаны іспеттес, гектарына 100 центнерден жоғары өнім алған төрт күрішшінің еңбегі елге жайылған. Сырласа қалсаңыз, мол өнімнің көзі жайында сүйсіне әңгімелейтін Ұлмекен Төлегенова, Жақсылық Шайманов, Молдабек Ырыстанов, Нұрлыбек Досановтар сол кезде дүние есігін ашқан сәбилердің Ақкүріш, Күрішбек болып аталуына ықпал етті. Байырғы дихандар Социалистік Еңбек Ері Несіпбай Әлірезов, Сәрсен Балқыбаева, Рсалды Сүлейменова, Әжібек Тоқабаев, П. Садақбаев, Өмірзақ Қуантаевтармен бірлесе отырып істің ыңғайын тапты.
      1979 жылы Қазақстанның Ленин комсомолы атындағы (қазіргі Еңбек ауылы) совхозға директор болып ауысып, 17 жылдай нәтижелі еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Қырық жылғы белсенді еңбек жолында аудан басқарған басшылар Байбол Санбеков, Болтай Тасыбаев, Исатай Әбдікәрімов, Сұлтан Аманов, Қонысбек Қазантаев сынды ел ағаларымен етене араласты.
      Еңбекпен қатар, ел үніне құлақ асып, 1953 жылдан бастап аудандық Кеңеске бес рет, облыстық кеңеске ХІ сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланды. Көшеден келіп көсем бола алмайтын заманда ерекше қабілетінің арқасында қырық жыл бойы, аудандық облыстық партия комитетінің мүшесі, Қазақстан Компартиясының ХІV съезінің делегаты болды. 1953, 1960, 1978 жылдары үш мәрте мұғалімдердің Республикалық съезіне делегат болып қатысса, адамгершілігі мен азаматтығы абыройын биіктетіп, қаламын жыр тербеген талантының арқасында Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі болды.
      1973 жылы 10 қазанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының Жарлығымен ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде үздік көрсеткіштерге жеткені үшін Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, «Ленин ордені» мен «Алтын жұлдызды» кеудесіне тақты. Бүкілодақтық көрмеге алты рет қатысып, үш рет алтын, үш рет күміс медальға ие болды. 1974 жылы Жалағаш поселкесінің, 1998 жылдан Жалағаш ауданының «Құрметті азаматы» атағын иеленді.
      Қалғыған алқапты селт еткізіп, сілкініс жасаған Ұзақ әкеме бірде, бір журналист:
      – Сіз партия саясатымен өміріңізде экономиканың қилы кезеңдерін бастан кешірдіңіз. Ал, толағай табысыңыздың тоқырау дәуірімен тұтас келуін қалай түсіндіресіз? – деп сұрақ қойыпты.
      – Тоқырау дейсіз, ә?! Заманның құрығынан ешкім де қашып құтыла алмайды. Менің білетінім, жанымды салып жұмыс істедім. Дәуіріммен салғыласып «өгей» болуды, не соның айтқанынан шықпай «сүйкімді» ұлы болуды мақсат тұтпадым. Мен, сірә уақыттың өзекке тепсе де кетпейтін өз баласы болсам керек, – деп жауап берген екен.
      Зейнеткерлікке шыққаннан кейін отбасында отырып қалмай, сексеннен асқанша аудандық Ардагерлер кеңесіне төраға болып, ауданның соғыс, еңбек және тыл ардагерлеріне басшылық жасады. Қоғамдық ұйымның атқарар қызметінің ауқымы кең. Қамқорлыққа зәру қарттардың мұң-мұқтаждарын тыңдап, талап-тілектерін тиісті орындарға жеткізіп, оның аяқсыз қалмай жүзеге асуын міндеті санады. Өмір тәжірибелерін кейінгі ұрпаққа насихаттау, ұрпақ сабақтастығы мен ұлттың салт-дәстүрлерді ұштастырып, елдің бірлігін сақтау сияқты ауқымды жұмыстардың ұйытқысы бола білді.
      – «1949 жыл. Студент кезім. Қызылордаға Кеңестер Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев келді деп естідім. Көмекбаев Тәйімбеттің аты дүрілдеп, майдандағы ерлігі жайлы әртүрлі аңызға бергісіз әңгімелер гуілдеп тұрған кез. Арнайы сәлем беруге бардым. Сәлемдескеннен кейін Тәкең: «Кімнің баласысың?», – деп сұрады, «Сұлтанның баласымын», – деп жауап бердім. Сонда, Тәкең «Ой бар болғыр! Бар бол!» деп жағымнан тартып жіберді. Батырдың қолы қарулы екен, алақанымен тартқаны бетімді дуылдатып жіберді. Еңбегім еленіп жатқан шығар. Тәйімбет батырдың шапалақпен тартуы еңбекте бағымның жануына, Еңбек Ері атануыма, оған қоса талай биік мінберлерден дүйім жұрттың ду қол шапалақтаған қошеметіне бөленуім – Батыр ағаның «Бар бол!» деген батасының игілігі болар. Батыр аға Тәйімбеттің прокурор ұлы Бағланның шапағатын көп көрдім», – деп жиі айтып отыратын әкем. Міне, жақсыдан шарапат дегеннің дәлелі. 
      Әкем тумысынан ақынжанды адам. 
      «Жастайымнан дастандар мен қиссаларды жаттап өстім. Домбыраға, жырға құмар болдым. «Ата балаға – сыншы» деген ғой. «Киелі өнерді алып жүру үшін ұстамдылық, бармақтай бақты басып тұрар батпандай салмақ керек. Мінезің жеңіл, жыраулық саған қол емес, тоқтат!» деген әкемнің үзілді-кесілді талабы өмірімнің өзгеруіне себеп болды», – деп қаламын қолына алғанда жиі айтатын. Сапырылысқан тірлікте күндіз-түні егістік басында өткізсе де, аз ғана уақыт бөліп жан-дүниесінде тербелген өлең жолдарын қағаз бетіне түсіретін. Жастайынан өлең жазуға деген құлшыныс, институт қабырғасында жүріп от алып, қаламы қолынан түспеген. «Алғашқы өлеңдеріммен танысып, ақ жол тілеп, жыр әлемімдегі тұсауымды кескен, белгілі ақын Әбдікәрім Оңалбаев еді» деп отыратын.
      «Үстінде бұйрат құмды қырат қырдың,
      Өткен күн еске түсіп ұзақ тұрдым.
      Байқалмай жүрген екем осы жерде
      Отыздан асқанымды бір-ақ білдім», – деп қысқа қайырған өлең жолдарынан-ақ, отызында өмірге үлкен көзқараспен қарап, ерекше толғанған. Ана сүтімен енген ақындық қасиетіне дақ түсірмей жазылған «Сыр күріші – ел ырысы», «Өрелі өзгерістер», «Көңіл көктемі», «Шуақты күн» атты кітаптарын оқырмандар жылы қабылдады.
      «Қамшылап көрсем байқап шабытымды,
      Көмейден өлең-жыр кеп ағытылды.
      Қанекей, алып жүрсем ауытқымай
      Алдыма қойған мақсат, бағытымды», – деп жыр шабыттың тамшысы мөлдіреп тұрған жыр шумақтарына, Тұманбай ақын: «Ұзекең, өлеңге таласы бар, өлеңнен аласы бар азамат», – деп баға берген екен. 
      Нарықтың қыса түсер сыңайы бар,
      Кез келер тапшылықтан шын айығар
      Бел будым нар тәуекел етіп еңбек,
      Әлеумет шыда десең, шыдайтын «ол», демекші, әкем Ұзақ ел жағдайын жадынан ешқашан шығармаған. Ақжарқын мінезі, кісі жатырқамайтын, кіршіксіз таза пейілі бар ардақты асқар тауымның жырларында елге, ағайынға деген сағыныш, ақынның өзіне ғана тән ерекше түйсікпен жазылған философиялық ойлар басым.
      Әкемнің қаламынан туындаған өлеңдерін әншілер әнге қосып, арнау толғауларын жергілікті жыраулар айтқанда құлақ құрышың қанып қалады. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін, атақты Асқар Тоқмағамбетовтың өзі туралы туындысын, Тұманбай Молдағалиевтің арнайы хатын, Байжігіт Әбдіразақовтың очеркін, Қомшабайдың арнауын, тағы басқа ақын-жазушы інілерінің өзіне арнап жазылған жырларын сағынған сәттерде жиі парақтап отыратын.
      «Ұзекең келді сексенге,
       Екі Ұзекең тумайды,
      Мақпалкөлге енсең де», – деп Кенен ақын ой толғаған асқар тауымыз анам Дәмеш екеуі алтын асықтай ұл-қызды өмірге әкеліп, өсіріп, жетілдірді. Бүгінде, бәрі белді қызмет пен кәсіптің иесі. Баян – дәрігер, Зәуреш пен Бақыт ата-ана жолын қуып ұстаздықты қалады. Ал, Мейрамбек пен Камалбек ауыл шаруашылығы мамандығын игерсе, мен «Мөрәлі Шәменов» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне басшылық етіп келемін. Жанарбек биология ғылымының кандидаты болса, Айдос үлкен кәсіп иесі атанып отыр.
      2002 жылдың қараша айында ресми сапармен Жалағаш элеваторына келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Жақсы келді дегенше....», – деген мақалмен әңгімесін бастап, арнауын оқып беріп, Елбасының алғысын алған әкемнің соңғы демі өлеңмен бірге үзілді десе болғандай.
      «Көңіл шіркін жастықты аңсайды-ау?!
      Жазы жайлы, жұпар иіс көктемді.
      Азаматтық арды таза ұстай біл,
      Алла берген абыройды төкпе енді», – деп жырлап өткендей, Алла берген абыройын төкпей-шашпай өмірден өтті.
      Әкеміз кемел кісілік келбетімен, ақжарқын ашық бала мінезімен тек қана біздің есімізде емес, бүкіл Жалағаштық дүйім жұрттың есінде ұлы тұлға болып қалып, күріш шаруашылығына өзіндік сүрлеуін өшпестей етіп қалдырып кетті. 
 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...