Досбердинов Дүйсенбі

Рейтинг:

Ұлт үшін құрбан болған алаш азаматы

      Тарих беттеріне үңлісек небір тарихи оқиғалардың куәсі боламыз. Атап айтсақ, еліміздің қаншама тұрғындарын жалмап әкеткен ашаршылық кезеңі, ұлт зиялылары мен ел үшін еңбек еткен ер азаматтарымыздың қуғын-сүргінге ұшырауы, зұлмат соғыс жылдары бәрі-бәрі қазақ халқының басына нәубет болып төнді. Соның ішінде өткен ғасырдың 30-жылдары қазақ халқы үшін оңай болған жоқ. Ұлт зиялыларының жаппай Сталиндік қуғын-сүргінге ұшырауы – елдегі 22 мың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың өмірін жалмап әкетіп, абақтыға қамалған қанша жанның денсаулығынан айырылып, өмірлерімен ерте қоштасуына себеп болды. Дәл осы жылдары Катон-Қарағай ауданы, қазіргі Қызыл-Жұлдыз ауылына Сарғалдақтардың басын біріктіріп, Қызыл Қайың деген атпен ауыл құрып, елді тұрақтандыруға үлкен үлесін қосқан азамат Досбердинов Дүйсенбі үкіметтің "қарғысына" ұшырап, Новосібірдің түрмесіне қамауға алынады. 
      Досбердинов Дүйсенбі Шығыс Қазақстан облысы, Катон-Қарағай ауданында 1900 жылы дүниеге келген. Найман руынан тараған, Көкжарлы Каратай батырдың ұрпағы. Сүйегі – Сарғалдақ. Таңатар – тек атадан Сайболат, Сайболат бабадан тараған Досбердінің жалғыз ұлы.
      Дүйсенбі ақсақал жастайынан ел игілігі үшін еңбек еткен ардақты азаматтардың бірі болды. Ол – арабша, латынша, қазақша сауатты, тілінде кәлимәсі бар, құран-кәрімді аударып, ел басқарған асыл ерлердің қатарынан орын алған азаматтардың бірі болғандығы да жасырын емес-ті. Ол өз кезегінде «Халық жауы» атанып тоғыз рет абақтыға тоғытылғаны – тарихтың еншісіндегі дүние. Түрмеге бір түсіп, бір шығып жүрген кезде Қызыл Жұлдыз, Жаңа Үлгі ауылдарындағы қой, жылқы фермаларын басқарып, өз еңбегімен дараланып, еңбегі алдыңғы қатарлардан көрініп отырған. Ерен еңбегі үшін 1947 жылы «Ленин» орденімен марапатталады. Дүйсенбі Досбердіұлы елін сүйген патриот болып қалыптасуына ұлы дала тәлімгері, ұлтжанды – Әбдікерім болыстың ықпалы болғандығы шежіре беттерінде жазылады. Баласы Табарактың айтуы бойынша Дүйсенбі ақсақал Әбдікерім болыстың атқосшысы болған екен. Ол кісі болыс болып, ел басқарып қана қоймай, көзі ашық, көкірегі ояу қазақ зиялылары Әлихан Бөкейханов, Абайдың немере інісі Шәкәрім, баласы Тұрағұлмен жақын болғандығы да – өзінше бір тарих іспеттес. (Шежіре І бөлім. Бошай Кітапбаев 51 б. Кайнар баспасы 1994 жыл).
      Дүйсенбі атамыздың өмірлік серігі, құдай қосқан жары Тамаш анамыз 1901 жылы Жайлаубай байдың отбасында дүниеге келеді. Найман руының ішіндегі – Керей. Сүйегі – Қарақас. Шешесі Сыңқа – жанарының мүкістігіне қарамай қолынан ұршығын түсірмеген ісмер адам болғандығы әулет шежіресінде әңгіме болады. «Тамаш апамыз – біздің алғашқы ұстазымыз еді»,- дейді үлкен немересі Күлзайып. Күлзайып ханым өз естелігінде Тамаш апамызды – бойшаң, арықша келген, кимешек шылауышы аппақ қардай таза, мұнтаздай жинақы, латын тілін жетік меңгерген, сауатты, шындықты қасқайып тұрып бетке айтатын турашыл адам болғандығын да мақтанышпен сөз етеді. Қазіргі кириллицадағы қазақ тілін газеттен оқып үйреніп, білімін өз бетінше жетілдіріп, немерелеріне тәлім-тәрбие берген Тамаш анамыздың әрбір ісі – келер ұрпаққа үлгі-өнеге болары хақ. Ораза ұстап, намаз оқып, ұрпағына Алланы танытқан дана адамның жас кезінде Шыңғыстай ауылындағы Әбдікерім болыс салдырған мектепте Сұлтанмахмұт Торайғыровпен бірге бала оқытқан ұстаздығы да бар. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші Тамаш апа немерелерін еңбекке ғана баулып қойған жоқ, ізгілікке, көркем мінезділік пен адамгершілікке үйрететін ертегі-дастан, қисса, жырларды айтып, «Ешкімнің ала жібін аттамаңдар!» деп тәрбие бергендігімен әрдайым ерекше.
      «Бағилаға ғашық болған мұғалім» туралы махаббат дастанын, «Қамар сұлу» поэмасын мектепте оқымас бұрын апамның аузынан естіп өскенбіз,- деп еске алады немерелерінің үлкендері Күлзайып пен Бақытжан Табарак қыздары. Дүйсенбі ақсақалдың анасы Разия –ұлы басқа ауылдарда колхоздың басқарма басшысы болып халқына қызмет атқарып жүргенде үлкен немересі Мүбаракты бағып, қара шаңырақта отырады екен. Құдай қосқан қосағы Тамаш Жайлаубайқызы екеуі Мүбарак, Табарак, Қазез атты үш ұл сүйіп, тәрбиелеген.
      Дүйсенбі ақсақалдың басына қара бұлт төніп 1937 жылы Новосібірдің түрмесінде отырғанда түннің ішінде камераға бір топ адам жабылады. Арасында Әбдікерім болыстың ұлы Шабдан да болады. Елде үлкен бір жиын болады, сол жиынға қатысып, сөз сөйлеуің керек деп құзырлы органның адамдары Қытайдан алып шығып, абақтыға бір-ақ жапқан екен. Ол адамдардың содан кейінгі тағдыры белгісіз. Бұл жайлы алғы сөзін Оралхан Бөкеев жазған Бошай Кітапбаевтың Шежіре кітабының І бөлім 66 бетінде жазылғандығы – сөзіміздің айқын дәлелі. 
      Кеңестің қызыл саясаты – қазақтың көзі ашық зиялы қауымын құрту жолында өз ұлтынан «саяси элита» жасағаны тарихқа мәлім. Шығыс Қазақстан облысының Коммунизм туы газетіне Шыңғыстай ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Сейтқазы Тұрбаевтың «Жан жарасы жазылмайды» деген мақаласын жарыққа шығарған болатын. Мақала барысында «Халық жауы» ретінде тар жол тайғақ кешкені, кімдер ұсталып, кімдер жабылғаны жайлы жазады. Мақаладан үзінді: «Елде жазықсыз адамдарды ұстау, қамау әлі тоқталмапты. 14 июньде біздің ауылдың азаматтары Кәмәли Әбдіқалықовты, Сқақ Шалғынбаевты, Сәмәтай Сайлаубаевты, Мәлік Батекеновты, Құсмания Мұқанбаевты, Нұрлан Жарылғасыновты, Дүйсенбі Досбердиновты ұстап әкетті. Іздеп жатыр деген хабар жеткен соң үйге келгенімнің ертеңінде ауылдық Советтің хатшысы Берікбол Қашқынбаев келіп, Сіләмбаев Сағди екеуімізді комендатураға шақырып жатқанын айтты. Бардық. Келе сап жапты».
      Қазақтың көзі ашық азаматтарын “халық жауы” деп жаппай қамауға алған 1937 жылдың зобалаңында 116 мың 685 коммунист атылып кеткен екен. Ал ұзақ жылдарға бас бостандығынан айырылып, Сібірге жер айдалып кеткендердің көбінің сүйегі жат жерде қалғаны белгілі. Абақтының азабынан аман оралғандар некен-саяқ. Солардың бірі – Дүйсенбі ақсақал. Соңғы рет айдауда болғанда Чита қаласындағы темір жол вокзалын салысады. Үлгілі тәртібі мен ерен еңбегі ескеріліп мерзімінен бұрын босатылып, елге оралады. «Әрістке адамның адамы, не адамның жаманы ғана шыдайды», - деген екен есіл ер. Денсаулығынан айырылған, өмірінің жақсы жылдарын қапаста өткізген Алаштың аяулы азаматы Досбердинов Дүйсенбі небәрі 52 жасында 1952 жылдың Желтоқсан айында жарық дүниемен қош айтысады. 
      «Халық жауының» жары, отбасы да «жау» деп қабылданған қоғамда өмір сүру оңай болмады. Бригадирдің сары ала қамшысы жон терісін сылған кездер аз болмаған. Жан жарасы мен тән жарасының ауыр-жеңілдігін – басынан өткізген адам ғана бағалай алады. Күн демей, түн демей жаңбыр мен қардың астында, аптап ыстық пен Алтайдың алты ай қысында колхоздың ең ауыр жұмысын атқарып, адамгершілігі мен зиялылығынан айырылмаған Тамаш Жайлаубайқызы да бұл дүниеде аз ғана уақыт ғұмыр кешті десек, артық айтпағандығымыз. 1965 жылдың қаңтар айында Тамаш әжей 64 жасында дүниеден озады. Ғұмырдерегінде Дүйсенбі Досбердіұлы екеуі Мүбарак, Табарак, Қазез атты үш ұл сүйіп, тәрбиелеп, ел азаматтары болуы жолында аянып қалған емес-ті. Кейіпкерлеріміздің үлкен ұлдары – Мүбарак ертеректе қайтыс болған. Мүбарак мырзаның артында Зиназайып деген қызынан тараған жиендері Махаббат, Қасиет; Қасиеттен Рустам, Жантемір; Жансая деген жиеншарлары бар. Дүйсенбі Досбердіұлының ұрпақтары –Табарак пен Қазезден тараған.
      Дүйсенбі Досбердіұлының ұрпақтары бүгінде дәрігерлер, тіс техниктері, мейірбике, экономист, бухгалтер, заңгер, эколог, педагог, психолог, мемлекеттік және жергілікті басқару қызметкері, жеке кәсіпкер, музыкант, спорт бапкері, IT маманы, әскери қызметкерлер, көлік жүргізушілері болып елімізге сүбелі еңбек етуде.
      Дүйсенбі Досбердіұлы мен Тамаш Жайлаубайқызының ұл-келіндерінің еңбектері еленбей қалған жоқ. Қазіргі таңда Қызыл-Жұлдыз ауылының тыл еңбеккерлеріне Ұлы Отан Соғысы жылдарындағы жанқиярлық және қажырлы еңбектері үшін жапырағын жайған ұрпақтарынан ескерткіш тақта қойылған. 
      Тарих беттеріне сүйенсек «Халық жауы» деп не үшін айыпталғаны, қай жылдары қай жерде қамауда болғаны жайлы Шығыс Қазақстан облысының мұрағаттарында ақпараттардың сақталмағаны өкінішті.
      Ел жадында аз-кем сақталып қалған тарихтың ақтаңдақтары әлі де ел арасында айтылып келеді. Басына түскен ауыр зұлматқа көндігіп, жүні жығылған халық бұл жылдары қайта тұрмастай мертіккен...
      Ел игілігі үшін еңбек еткен ер азаматтың артында қалған ұрпағы әсілінде, жаман болмауы шарт.
      Дүйсенбідей ақсақалдан Тамаш әжемізден тараған ұрпақ тамырын кеңге жайып, мәуелі бәйтеректей жайқала беруін тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
1 марта 2025 21:57
Гульмира

    Аташым, қолымнан келгені осы, Күлкөңнің есінде қалғанын мақала қылып жарияладық Жаныңыз жәннәттің төрінде шалқысын! Сізді көрмеген немерелеріңіздің перзенттік парызы осы болды! 
    Әкем Табарак өл өлгенше айтып кетіп еді, Дүйсенбі аталарыңды халық жауы деп көрсеткен адам - Берікбол деп. Бог ему судья! 
    Әжем Тамаш екеуіңіздің алдында басымды иемін! 
     Ұрпағыңызды кешіре көріңіз! 

Последние комментарии

2 марта 2025 13:57
Гульнар
мы члены большой семьи Нуржановых ценим в людях чувство ответственности,человеколюбия и  профессионализма..так...
1 марта 2025 22:00
Елубаева Айдана
Человек с большим сердцем и профессионал своего дела ! ...
1 марта 2025 21:57
Гульмира
    Аташым, қолымнан келгені осы, Күлкөңнің есінде қалғанын мақала қылып жарияладық Жаныңыз жәннәттің төрінде шалқысын!...