Абдуллаев Сейден

Рейтинг:
 
Ұлы мұрат жолында
 
      Жағада тұрмын... Толқынды толқын қуалаған дарияның күйі. Өмір - арпалыс. Бірі келеді, бірі кетеді. Бейнебір өмірге келіп-кетіп жатқан адамдар тәрізді. Қолыма бір түйір тасты алып, бетіңе шұғылалы күннің шуағы шағылысып көзіңді еріксіз жұмдыратын секілді... Сонау орта шетіне бар екпінмен лақтырып жібердім. Түйіршік тас ғайып болды. Философиялық тұрғыда біз оны пендеге теңесек, дарияның беті – Жер әлем. Ал дарияның ішінен қанша бойласаң да, әлгі тасты тауып көр. Осы тәрізді әрбір пенде мына жалған дүниеде түйіршік тас тәрізді, бірақ әрбірінің салмағы әр түрлі. Кейінгіге ұмытылмастай, есімің жаңғырып қалардай тірлік қылғың келеді. Онда бір ғана жол: ізгілікті іс жасау, ел қамына еңбек ету. 
      Кейде мойныңа бір жауапкершілік артылса, «сол үдеден шыға алмаймын ба» деп қорқасоқтайтын кездер болады. Алайда, өмір өз ағынына өзі-ақ үйретіп алады. Бар болғаны – ере білсең болғаны. Бірақ күлдіріп тұрып жылатса да, жылатып тұрып күлдірсе де, көтеріп тұрып құлатса да, сенің оған кеиитін ретің жоқ. Өйткені, өмірдің өз заңдылығы бар.
      Арғы бетте мойнын керіктей созған крандар, айналасында құмырсқаша қыбырлаған адамдар: менің назарымды демде өзіне аударып жіберді. Олардың да мақсаты – соңына із қалдыру, ұрпағының қамы үшін тер төгу. Жарықтық, менің де осылай қалыптасуыма, азамат болып ер жетуіме барлық жағдайды жасап, аш-жалаңаш болмауым үшін қамданған да ата-анам. Олар да дәл осылай күндіз-түні бір тынбай тер төкті, тырбанды, еңбек етті. Бүгін маған жарық дүние сыйлап, оны жақсылап өткізуге үйреткен, әр минутымды, секундымды ізгі іске жұмсауға баулыған ата-анам жайлы толғанғанды жөн көріп отырмын. Тарих сахнасында атағы төрткүл дүниеге тараған ұлы тұлғалар болмаса да, менің жүрегімнің төріне орналасқан ағеден жандар: Сейден Абдуллаев пен Бибіайша Абдуллаева.
      Батыр майданда шынығады
      Әрбір жанның өмірінде ата-ананың рөлі орасан зор. Жарық дүниеге қадам басып келгеннен бұрын тоғыз ай, тоғыз күн ана құрсағында қалыптасады. Бұл фәни жалғанда не болып жатыр, бұ дүниенің кейпі қандай, мұнда не істеу керек: мұның барлығынан бейхабар шарана күйдесің. Бірақ ата-анаң сенің жолыңды тосып, көз алдарына болашағыңды елестетіп қояды. Сен әлі де болса, есімің қойылмаған, жынысың таңдалмаған: бірақ сенің олар үшін маңызың жоғары. Рас, солай. Өмірге келгенде де әрбір қуанышың олардың төбесін көкке жеткізіп тұрады. Сәл сүрінсең, арқасына қамшы тигендей, жүрегіне соққы жасалғандай, жаны ауырып тұрады. Бұл – Алла берген мейірімділік пен қамқорлықтың, сезімнің сәулесі. Ал жарық дүниеге келген әрбір сәбидің ата-анамен, әсіресе, анамен тілсіз байланысы, жүрек ұғынысы тым бөлек. Сол тәрізді менің әке-шешемнің жүріп өткен жолдары мен үшін баға жетпес даңғыл, ұлы жол. Бұл – ұлы мұрат жолындағы соқпақ.
      Тыныштықта мүлгіген қарт Қаратау бөктеріндегі Жаңақорған талай тектіні өмірге әкелген. Ұлт үшін күрескен қайраткерлер мен елі үшін еңбек еткен майталмандардың отаны. Арғы атам Сүйінбай, бергісі Жиенбай Жаңақорған халқына қалтқысыз қызмет еткен ерекше жандар. Талай нәубетті бастан өткерген қаймана қазақтың жанашырларының бірі. Әкемнің әкесі Әбілда да ел сүйсінер баталы қарт болған. Аталы елдің баталы ағасы атаныпты.
      «Тектіден текті туар» деген бар. Әкем Сейден (Сейдахмет) Абдуллаев та осал адам болмаған. 1921 жылдың наурызында Жаңақорған ауданына қарасты Төменарық елді мекенінде дүниеге келген. Ол жастайынан қиын-қыстау кездерді көзбен көріп өседі. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ашаршылықтың да ащы көз жасын көріп өскен жандардың бірі. Онан қалды бас көтерген қазақтың басын алған қызыл империя тұсындағы жазықсыз жазалауды қосыңыз. Ойын баласы болып доп теуіп, асық ата алмаған оның балалық шағын елді мекенде бірге туған бауырлары Мырзахмет пен Нұржамалдың жанында өтеді.
      Ол кезеңдерде білім алу қиынның қиыны болатын. Жоғары оқу орнына ілуде біреуі болмаса, көпшілігінің бағы жана бермейді. Тәртіп – қатал, талап – мол. Білте шамның жарығымен хат танып, әріп оқып есейіп, мектеп бітіреді. Ел басындағы бір-бірінің киімін алмастырып киіп, оқуға баратын сәттерді естісеңіз, міне, нақ осы шақ болатын. Қынадай қырылған қазақтың қалғаны, тарыдай шашыраған халықтың елде бары осылай күн кешеді. «Жыртық үйдің құдайы бар» деп, тұқымын тұздай құртамыз дегендердің ойға алғаны орындалмайды.
      Әкем орта мектепті тәмамдағаннан кейін Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығына қабылданады. Бойында – талап, ойында – білім алу. Алға қойған мақсатына адымдап, осылайша биіктерге бет алады.
      1940 жылы Сейден Әбілдаұлы Кеңес әскері қатарына алынады. 1942 жылы қан майданға аттанып, оқ пен оттың ортасында ел қорғау ісіне араласады. Жаумен бетпе-бет келіп, қарша бораған оққа «Отан үшін, ел үшін!» деген ұранмен кеудесін тосады. Иә, міне, біздің батыр бабалардың ерлігі бүгінгі бейбіт өмірді сыйлады. Осындайда, майдангер ақын Әбу Сәрсенбаевтың:
      «Сен, құрметте оны,
      Түсіндің бе, қарағым?!
      Ол ақшаға сатқан жоқ,
      Тізеден кесіп аяғын», – деген өлең жолдары ойға оралады. Майдан жайлы, қазақ батырларының жан алысып, жан беріскен қанды қырғын шайқасы жайлы білгіңіз келсе, батыр Баукеңнің жазғанын қараңыз. Атқыштар құрамында болған менің әкем Сейден Адуллаевтың ерен еңбегін сан мәрте өз аузынан естідім. Қанды қырғынды көзімен көріп, майданның бел ортасында жаумен шайқасқан оның елге деген махаббатын сезіндім. Отанға деген перзенттік парызын ұғындым. Әр қазақ осындай болсайшы!
      Елге Жеңіспен бірге оралған әкем 1948 жылы екі бірдей медальді омырауға тағады. Бірі – «Жапония түбіндегі Жеңіс үшін», жапон империалистеріне қарсы күресте ерлік көрсеткені үшін беріледі. Екіншісі, «Ұлы Отан соғысындағы Германия түбіндегі Жеңіс үшін», СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының шешімімен табысталады.
      Төрт жылғы бейнет, өмір үшін арпалыс, ел үшін соғыстың марапаты оны онан әрі биіктерге жетеледі.
      Тағдыр сыйы
      Жеңісті жақындатқандардың қатарында болған әкем Сейден елге келген соң 1948 жылдың шілдесінде анам Бибіайшамен шаңырақ көтереді. Отау тіккен екі жастың армандары – асқақ, мұраттары – биік болды.
      Анам Бибіайша Абдуллаева (Ақшалова) 1925 жылдың қыркүйегінде Тереңөзек (Сырдария) ауданы, Қаратөбе (Шаған) ауылында дүниеге келген. Әкесі Ақшал, анасы Үбіш елге сыйлы, абыройлы жандар болатын. Отбасында бауыры Жұмабек екеуі тете өседі.
      Орта мектепті анам алдымен Сталин колхозында бастаса, кейіннен КазРис совхозында сегізжылдық мектепті тәмамдайды. Мектеп бітіре сала дүниежүзілік соғыстың басталуына тап болады. Жоғары оқу орнына тапсырамын деген биік мақсаттың орнына ол еңбек жолын таңдайды. Өйткені, сол сәттерде ел жаппай «Бәрі де майдан үшін!» деген ұранмен, жауынгерлерге, олардың отбасына көмектесе бастаған еді. Әйелдер солдаттарға жылы киім тігіп жібереді. Еңбекке жарамды қарттар, балалар, әйелдерге дейін егіс басында егін екті. Азық-түлік жинап, майдан даласына жөнелтті. Анам бұл уақытта «Мемлекеттік қамтамасыз ету» мекемесіне қызметке орналасқан екен. Бұл мекеме қызметкерлері майдангерлердің отбасына көмектесу үшін тер төгіп жатады. Анам да бұл іске өзгелер тәрізді білек сыбана кіріседі. Кейін облыс орталығына қоныс аударып, облыстық тұтынушылар кооперативі тәрізді үлкен мекемелерде кассир болып жұмыс істейді. 
      Міне, сырғыған уақыт осылайша өз ағынымен жүріп, 1948 жыл келіп жетеді. Соғыс біткен. Елдегі әлсіреген хал-ахуал аздап қалпына келтіріле бастаған кез еді. Халықтың жағдайы соғыстан қайтқан солдаттай қажыған, аш-жалаңаш кез. Әйтсе де, өмір жалғасын таба береді, осы жылы менің әкем Сейденге тұрмысқа шығып, бір үйдің отанасына айналады.
      Өмірге ұрпақ әкеліп, отбасылық өмірдің шырағданын жағады. Отбасында төрт бала дүниеге келіп, оларды жеткізудің қамына кіріседі.
      Үйдің үлкені – Сәуле, 1949 жылы дүниеге келген. Онан кейінгісі Ләззат 1950 жылы жарық дүние есігін ашады. Үшіншісі – ұл, мен – Болат. Үйдің кенжесі – Роза, ол 1956 жылы өмірге келген.
      Тұрмысқа шыққаннан кейін анам Бибіайша бірнеше жерде қызмет етті. 1985 жылға дейін ақ-адал еңбек етіп, құрметті еңбек демалысына шықты.
      Иә, анам  аз еңбек еткен жоқ. Кейін ел басына бейбіт заман орнағаннан кейін «Ұлы Жеңістің 60 жылдығы», «Ұлы Жеңістің 65 жылдығы», «Ұлы Жеңістің 70 жылдығы» мерекелік медальдарын тыл ардагері ретінде иеленді.
      Әкем Сейден де бұл уақыт аралығында құқық қорғау саласында абыроймен қызмет атқарды. Кейіннен  құрылыс саласына кірісті. Ол: «Он екі мүшең сау болса, еңбек ет! Ешкімге алақан жайма!» деп, жиі айтатын. Сол сөзін біздің санамызға тәлімді тәрбие ретінде сіңірді. Ұлағатты ұстаным ретінде біз өмірлік мақсатымызға пайдаланып жүрміз.
      Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды
      Бұл күнде анам Бибіайша тоқсан жастың төріне шыққан қария. «Қартаюдың өзі – өнер» дейді ғой. Ақ  шашты әз анамыз арамызда ақылын айтып отыр бұл күнде. Кейінгі толқынды тағылымды тәрбиемен сусындатып жүрген оны дүйім ел қадірлеп, сыйлайды. Қызылорда қалалық  Ардагерлер кеңесімен тығыз қарым-қатынаста.
      Осыдан екі жыл бұрын тоқсанға толған мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Бәріміз бір кісідей атсалысып, балалық міндетімізді атқардық. Әлбетте, бұл ана алдындағы қарызымыздан құтылдық деген сөз емес, анамыздың еңбегі өлшеусіз.
      «Тоқсанның көрдім асқарын,
      Өтті өмір зулап қас-қағым.
      Той жасап жидым бәріңді,
      Қосылсын, халқым, бастарың.
      Есіме түссін достарым,
      Жарыммен өткен жас шағым.
      Ән салып, ойнап-күліңдер,
      Ғасырға жетсін жастарың!», – деп анамыз тойдың төрінде, елдің ортасында отырды. Жұрттың тілегін тыңдады, өзі де алғыс айтты. Міне, мұндай сәттерде анаңды алақанда аялап отырсаң, бағым деп бағалай білсең, тағым деп құрметтей жүрсең, анаңның көзіндегі қуаныш отын көріп, өзің де бір марқаясың.
      «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» деген. Кейде бала болып шалалық қылсақ, қабақ шытып, дауыс көтергенмен, оның арғы жағында, жүрегінің түкпірінде мол мейірімі менмұндалап тұрады. Онысы, әр баласын ешуақыт жатсынбайтын, маңдайынан сипауға тартынбайтын, анаға тән ерекше болмысы, табиғат берген мінезі мен Алланың берген сабыры, Жаратқанның әйелге ғана берген ерекшелігі.
      «Жұмақ ананың табанының астында» деген, қай уақытта да баласы үшін бір биік төбе, асқар тау. Ата-ананың арманы баланың биікке шығуы болса, әр баланың арманы –  ата-ананы көзі тірісінде лайықты бағасын беріп, қадірлеу, құрметтей алу. Бұл ретте, мен – бақытты жан екенмін. Әкенің салған сүрлеуімен жүріп, ананың ақылын көңілге тоқып, ойларын тайқымай оқып, анамның жанарына жас іркілтпей, көңіліне қаяу түсірмей келемін. Әрбір жан осылай армандаса ғой...
      Кейде қоғамдағы түрлі оқиғалар адам баласына сабақ болып жатады. Бірде қарт ана ұялы телефон жөндейтін жерге келіп: «Балам, мына телефонды қарап берші», – депті. Шебер қолына телефонды ұстап әрі қарайды, бері қарайды: «Апа, телефоныңыз жұмыс істеп тұр, еш ақауы жоқ», – десе керек. Сонда әлгі қария: «Онда неге балаларым маған хабарласпай жатыр?!» – деп, жылап жіберіпті.
      Иә, кейде біз күнделікті күйкі тірлікпен ата-анамызды естен шығарып жатамыз. Бірақ, күн сайын бір көңіл аударып, баласын есен-аман жүр ме екен деп алаңдайтын анаға, жұмысы жүріп жатыр ма екен деп қам жейтін қамқор әкеге хабарласып қойса, олардың да көңілі жай болар еді...
      «Несіне қуанасың, бала батыр?
      Қариялар азайып бара жатыр.
      Бірі мініп, келместің кемесіне,
      Енді бірі қол бұлғап жағада тұр!»,– деп еді ақиық ақын Мұқағали. Ортамызда орны бар, әрдайым көңілі біз деп алаңдайтын ата-аналарымызды ардақ тұтқанымыз жөн.
      Әке! Ана! Сіздер менің өмірімнің шұғыласысыздар! Бақыт әлеміне сапар шексем, жолбағдарсыздар! Қайда барсам, алдымнан арай төгіп тұратынын айтып, көңіліме медет, жүрегіме нұр болған жандарсыздар! Менің Сіздерді алақанда аяламауға хақым да жоқ. «Меккеге үш рет арқалап апарсам да қарызымнан құтыла алмаймын». Мұны мен емес, Алланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадистерінде айтып кеткен.
      Жүрек түкпірінде жатқан сөздер мөлдіреп айдынына шығып жатыр. Көзімнен аққан ыстық жасқа алақанымды тостым. Ып-ыстық, күйдіріп жіберердей. Бұл – менің ата-анама деген сезімім, кіршіксіз махаббатым. Ол сезім ешқашан сөнбек емес, өйткені, Сіздер мені Ұлы мұрат жолына жетеледіңіздер...
      Болат Сейденұлы Абдуллаев
 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

15 сентября 2025 19:43
Ардак
Абила бүгінде үлкен жанұяның акжаулықты анасы отау тіккеніне 40 толып ұрпақ рахатына бөленіп отырған бақытты жансың...
14 сентября 2025 21:51
Nursultan Naukenov
Менің Анам Алтын! Аллах Разы Болсын!...
14 сентября 2025 12:57
Рвйса
Сәлеметсізбе Абила апа бүгінгі күн ағатаймен шаңырақ құрғаныңызға 40 жыл толып жатыр екен алла сіздерге зор денсаулық...