Амантай Әпетұлы

Рейтинг:

Шежірем сыр шертеді
 
      Қарт Қаратау бөктеріндегі ой
      Қазыналы, қойнауы тарихқа толы Қаратау талай сырды ішіне бүгіп жатыр. Баурайына барсаң, белуардан ата-баба ізі самсап тұр. Үңілесің де, бойлай бересің, кешегі батыр бабалар жүрген ізгі жолды ойлай бересің. Жатқа бермес жан сырың осы таудың етегінде жасырулы. Иә, тауы жоқ демеңіз, Қызылорданың шығысындағы беткейде Қаратау көзін көлегейлеп алысқа көз тастайды. Етегінде ата-бабамыздың жайлауы, болашаққа бет алған арманы жатыр. Барған сайын терең тарихтың тұңғиығына батып, өткен шақтың жарқын бейнелеріне саяхаттап келемін. Иә, бойымды бабалар жүріп өткен жолдар мен арман еткен болашағына деген мақтаныш, сағыныш сезімдері кернейді, бақыттың лебі еседі. Бұл өңірдің жусанының әрбір түбі мен тауындағы әрбір қойнауы мен үшін ыстық. Талай тұлпарлар дүбірлеп өткен, ғашықтар бір-бірін өпкен, шежіресі сан ғасырға жеткен, әр күні жаз бен көктем, тамырсыз тасында тарих тұнып тұрған неткен ғажап мекен. Бұл – менің туған жерім. Санамда самсаған сан ойлар маза бермегенде бар тірлікті ысырып тастап, ен даладағы ата кәсібімді түлеткен аталар мен аналардың қонысына барып, қазақы үйдің төрінде шынтақтап жатып алып, уайым-қайғысыз күнді кешіргің келеді. Алдыңда құрт-майың, айраның мен қатығың, алаңсыз балалығың... Облыста білдей бір басқарманы басқарып, басшы болып отырсам да, кейде елге барып бала болғың келеді. Өткен шаққа көз жүгіртіп, алыстағы арман шағым туралы толғанып отырғаным сол...
      Әкенің жақсылығы балаға қырық жыл азық
      Әкем – Амантай, атам – Әпет, тегін адамдар емес. Анам Ұлданай қажы Әбдікерімқызы, тұтас Жаңақорған ауданына сыйлы, абыройлы жан. Әкем өмірден ертерек өтіп кеткен. Бұл күнде қажы анам бар. Жасы сексеннің сеңгіріне шыққан, көнекөз қария. Кейде «тірі тарих» деп жатады жергілікті жұртшылық. Көненің көзін көрген кісілердің айтар ойлары мен ұсыныстары тым ерек. Кейде өзіміз де отбасылы болып жатсақ та, бойлай алмай қалатынымыз жасырын емес.
      Арғы атамыз Әбубәкір Сыдықтан тараймыз. Иман-киесі мен қадір-қасиеті ерекше тұлға болыпты. Анам әлі күнге «Балалар ата-бабасы жайлы көп білсін! Өздеріңнің болашақ ұрпағыңа керек», – деп әулеттің терең тарихын айтып отырады. Онысы әкемнің ең үлкен әпкесі, Әпеттің тұңғышы Мәрзия апамыздан естіп-білгендері. Соның барлығы күні кешегідей көңілінде сайрап тұр. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деп жатады. Жастайымыздан жеті атамызды жаттап өстік, балаларға да айтып отырамыз. Әйткенмен, бұл күнде әжесі ортамызда, немере-шөберелеріне қарап, өнегесін айтып отыр ғой, ол кісіден асып қайда барамыз?! Мырза қожадан тараған Сейітжан қожа. Одан Шермұхамед (шүңгіл) қожа, онан Тәжіқожа, бері қарай Әбдіраман қожа, кейінгісі менің атам Әбілпатта болса (кейін Әпет болып кеткен), менің әкем – Амантай қожа.  Бойларына қасиет қонған осындай киелі әулетте туғаныма әрине, мақтанып, әр кез төбем көкке жетіп отырады. Әпеттен тараған төрт бала қазақтың мақтанына айналмаса да, төрткүл дүниенің төрт бұрышын ұстамаса да, ел арасында абыройлы, сыйлы жандар.
      Отбасылық тарихты анам Мәрзия апамнан естиді, сосын бізге айтып береді. Қазақтың әр баласы табиғатынан құймақұлақ қой, әйтпесе халық ауыз әдебиеті қалай дамыды дерсіз?!
      Мәрзия апам – әкемнің ең үлкен әпкесі. 1926 жылы дүниеге келген. Онан кейінгісі Әсия апа, ол 1928 жылғы. Үйдің үшіншісі – менің әкем Амантай. Үйдің кенжесі – Камалтай көкем. Әкеммен есімін ұйқас етіп, жанына серік болсын деген екен. Осы төрт ағайынды шаңырақта өсіп-өнген. Әлбетте, ағайынның ауызбіршілігін сақтап, ел-жұртты бірлікке үндеп жүрген үлкендер жағының бұл тұрғыда маңызы жоғары.
      Сәл кейінге шегініс жасасақ, үлкен атам Әбдіраман Тәжіқожаұлы өз заманында білімді молда, әрі әділетті би болған. Ел болған соң, заң бұзарлар ағайынның арасында да табылады. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген дана халқымыздың нақылы осы ретте Әбдіраман атам тәрізді турасын айтатын иманды азаматтарға қаратып айтылса керек-ті. Жаңақорған ауданының Өзгент кеңшарында туып, сонда өскен екен. Самарқандағы «Көкілташ» медресесінде оқып, діни сауатын ашқан. Он жылдан астам уақыт ілім алып, «инемен құдық қазғандай» деседі. Құран тәпсірлеуден қари атаныпты. «Ақмешіт» медресесінде бас тәлімгер болып, кейінгі жасты имандылық жолында тәрбиелеген ұстаз, ғұлама қари еді... Біршама жылдардан соң Қызылорда өңірінде балалардың діни сауатын ашып, имандылық жолына баулуда медресе ашыпты. Атеисттік идеологияның жетегінде сан мәрте қуғын-сүргінге ұшырады. Ел басындағы «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген қолдан жасалған ашаршылықты да бастан кешірді. Жеті баланы өмірге әкеліп, 1934 жылы өмірден өтеді.
      Әбілпатта атам ел арасында Әпет атанып, құжатта да солай жазылып кеткен. Әбдіраманның бойдағы жақсы қасиеттерін өзіне сіңіре білген жеті баланың ішіндегі зерегі еді. Бұл – менің әкемнің әкесі. Екі иығына екі кісі мінгендей, қақпақ жауырын, апайтөс, батыр тұлғалы болыпты. Еңбекқор екен. Бастаған ісін орта жолдан тастамай, аяғына дейін жеткізіп, жауапкершілік танытатын көрінеді. Қай шаруаға болмасын қолы тисе жапыратын, аяғына дейін апаратын, жойқын күш иесі болған соң, жеңгелері «Әпет» атап кетіпті. Арнаулы мектеп-медреседе білім алған жоқ, сонда да болса өте алғыр, зерек болыпты. Қазақстанда әртүрлі аумалы-төкпелі замандар өтті. Әпет атам колхоздастыру кезінде белсенді еңбек еткен азамат. Ең алғашқы ұжымдастыруды ұйымдастырды. Сол кезеңдерде бастау алған кооператив ісінде әлі күнге біздің аудан көш бастап келеді. Не нәрсенің болмасын, іргетасы мықты қаланса, қабырғасы ешуақытта өздігінен сөгілмесі анық.
      Айтып айтпай не керек, өз қолымен ұйымдастырып, бір жерге топтастырған колхозды басқаруды жұртшылық Әпет атама жүктеген екен. Бұл жай ғана атқарып, орындықта отыратын іс емес. Істің басы-қасында жүріп, мәселенің мән-жайын зерттейтін, қажет кезде малды ауылда өзі қона жатып жұмыс істейтін дәурен еді. Еңбек адамдарының еңсесі биік болып тұратын сәт. Елді еңбекке баулыды. Ауылдағы ағеден жұртшылық қолда бар азын-аулақ малын бағып, бірі ірі қараны, енді бірі уақ малды жинап,  мал шаруашылығын нығайта бастады.
      Ел басқару, оларды ұйымдастыру кез келген жанның қолынан келе бермейтіні мәлім. Әпет атам демде ойға алған ісін орындап, жоспардың озық үлгісін көрсетті. Жұртшылық тез арада үлкен әрі ұйымшыл колхозға айналды. Халыққа қызмет қашан да қасиетті іс. Бұл үдеден шыға білген оны жұртшылық дереу партия қатарына ұсынады. Мұнда да ол көш басында жүріпті. Тіпті басшы болса болды, мекемедегіні үйіне таситын жандар көп, ал атам керісінше үйіндегіні сыртқа тасиды екен. Өз отбасы аш отырса да, елге болсын деп жүреді. Қара бастың қамынан гөрі, қаймана қазаққа болғанын көбірек тілеп тұрады екен. Өйткені, бұл қызмет халықтың барлық жүгін арқалаудан тұрады, елмен бірге барлық қиындықты өткеруімен ерекше болады. Арғы атасы әділдік пен ардың туын жықпай, биікте көтеріп жүрген соң, «Ұяда көргенін істейтіні анық қой».
      Өнегелі өмір сүріп, соңына сара жол тастап, ізгі ізін қалдыра білген Әпет атамыз 1948 жылы дүние салыпты. Әжеміз Зөре де атамыздың қас-қабағын бағып, әрдайым жағдайын жасап отырған үлгілі отанасы болды. Ол да жай жұрттың қызы емес, тұтас қазақ еліне танымал, елді өзіне қаратқан диуана қожа Айқожа ишанның шөбересі, текті жердің қызы. Атамыз бақилық болған соң, қабырғасы қайысқан әжеміз бір жылдан соң науқастанып көз жұмды. Бұл уақытта олардың төрт перзенті өз қолдары өз ауыздарына жетпеген. Өмірдің мәнін енді ғана түсініп келе жатқан жас еді... Тағдырдың сынағына олардың ешбірі сынған жоқ, қайта шыныға түсті. Атам мен әжем негізін қалаған шаңырақтың жалғасы ары қарай өмір ағымымен өз бағытынан таймай арнасына жылғалай берді...
      Перзенттік парызым
      Адам баласы үшін ата-анасына жетер жан болмас. Себебі, осы жарық дүниеге келгеніңнен бастап, былдырлап сөйлегенің, тәй-тәйлап қадам басқаның, азамат болып ер жеткенің: бәрі де олардың көз алдында, солардың қамқорлығымен жүзеге асады. Сірә, пенденің пешенесіне жазылғаны сол. Әкем Амантай өз жұрты да нағашы жұрты да осал болмай, тіршілігі тектілікпен өрілген жан болатын. Кәмелетке енді толдым дегенде, екі бірдей жақын жаны әкесі мен анасынан айырылды. Бірақ ер баланың үлкені болған соң, өзінің мойнына артылған жауапкершілік жүгін ұғына білді. Алдында екі апасы, артында ізінен ерген інісі бар. Не істеу керек?! Менің әкемді өмір есейтті.
      Ол кездері мал дәрігерлік техникумы бірнеше аудандарда ғана бар. Яғни, маңыздылығына қарай. Сөйтіп, әкем Қазалы ауданындағы мал дәрігерлік техникумында білім алып жүреді. Әйтсе де, көп ұзамай Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін әскер қатарына шақыртылып, үш жыл елден жырақта азаматтық борышын өтеп келеді. Келген соң Алматы қаласындағы Зооветеринарлық институтқа қабылданады. Сөйтіп бес жыл білім алып, елге оралған ол 1957 жылы анам Ұлданай қажы Әбдікерімқызымен шаңырақ көтереді.
      Әкемнің текті елдің ұлы екенін әлгінде ғана жоғарыда айтып өттім. Менің де маңдайымның бағы бар екен. Нағашыларым да, өз жұртым да осалдық танытпаған, қай уақытта да ізгілікті із қалдыра білген жандар.  Анам 1939 жылы тамызда Жаңақорған ауданы, Қожакент (бұрынғы Жаңажол) ауылында дүниеге келген. Әкесі Әбдікерім атақты Жүсіп бидің ұрпағы, ал нағашылары ХХ ғасырда өмір сүрген әйгілі Асқар болыс-сунақ (шамамен 1878-1879 жылдары өмір сүрген).
      Анам әркез: «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» деген қазақтың тәмсілі бар. Балаларым, әкелерің елдің қамы үшін еңбек еткен жан болды. Аталарың да солай. Менің ендігі міндетім –сол кісілер қалдырған өнегелі тәлім-тәрбиені сендердің бойларыңа сіңіру», – деп отырады. Сонысымен де бізге әркез ақылын айтып, біздің ақылшымызға айналған. 2012, 2014, 2016 жылдары мұсылмандық парызын өтеп, қажылық сапарға барып келген. Бүгінде қажы атанған анам менің ғана емес, елдің анасы болып отыр. 
      Екеуі шаңырақ көтергеннен кейін ата-анам Октябрь колхозында қоныс тебеді. Әкем сол колхоздың зоотехник маманы болып жұмысқа орналасады. Оның өмірден көрген қиындығы құрыштай мықты болуға баулып, кесе көлденең келген мәселелерді оңай шешетін деңгейге жеткен екен. Атам колхоз басқарған еді, әкем оның жүрген соқпағына түсіп, колхоздың сауын фермасына басшылық етеді. Еңбек адамының маңдай тері еленетін тұста ол ауданның, облыстың сан мәрте Құрмет грамоталарына қол жеткізген екен. Сөйтіп жүріп, жауапкершілігі мен тиянақтылығына көз жеткізген басшылық, әкемді Сауса елді мекеніндегі ферма басшылығына тағайындайды. Анам бұл уақытты сағына еске алып отырады. Әлбетте, қиындығы мен қызықшылығы қатар жүрген сол бір сәттер анам үшін қазір тәтті естеліктер ғана...
      «Саусада тұрғанымызда Амантай үй бетін көрмей, үнемі жұмыс қамымен жүретін. Малды қыстауға, одан жайлауға көшіріп, шөбі шүйгін жерлерді таңдап, малға жайлы жағдай жасайтын. Әрбір 100 қойдан 170-180 қозы алып, алдыңғы қатарда болдық. Малшылар мол сыйақыға кенелді. Елдің жағдайы жақсарды», – деп еске алады анам.
      Мал басын аман сақтап қалып, көбейткені үшін әкем сол жылдары «Қызыл жұлдыз» медалін, Құрмет грамотасын иеленді. Мал шаруашылығында орасан зор еңбегі еленіп, «Лениннің туғанына 100 жыл» құрметті төсбелгісін де тағынған екен.
      Еңбекке берілгені соншалық, кей кісілер тәрізді сұраншақтықты да, басқаны да бойына жуытпай, маңдай терімен малдың соңынан жүрді. Сол уақыттағы совхоз директоры Әсет Шоманов әкемнің қолына екі адамдық жолдама ұстатып тұрып, зорлықпен: «Жеңгем екеуіңіз қыдырып қайтыңыздар» деп міндеттеп, Қырымға жіберген екен.
      Бүгінде әкемнің көзін көргендер оның ізгілікті ісін айтып жүреді. Құйқам шымырлап, бойымды мақтаныш сезімі кернейді. Амал нешік, зейнетке шыққан 1992 жылы, бойын дендеген сырқат әкемді 1995 жылы арамыздан мәңгілікке алып кетті. Әйтсе де, ол өмірден өткенімен аты өшкен жоқ, оның есімін айтып жүрер артында қаймана қазақ бар... Ал, арамызда ақылын айтатын әзиз анамыз қамқоршымыз, тілекшіміз болып ортамызда отырғанына тәубе дейміз.
      Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі...
      Әкем мені аузынан тастамайтын. «Осы бала үмітімді ақтайды» деп маған сенім артып, әркез арқамнан қағатын. Осы күнгі менің биікке жетуіме қолдау көрсетіп, күш беретін әкемнің сол үміті болар... Үйленгенімді асыға күтті, шаңырақ көтердім. Немересін де тағатсыздана тосты. Менің ұлым Ербол өмірге келгеннен кейін, жиырма күннен соң көз жұмды. Күрсінесің, сағынасың, қимайсың... Бірақ, жазмыштан озмыш жоқ.
      Отбасында он екі ағайындымыз. Анам он екі баланы өмірге әкелген алтын құрсақты ана. Оның онының көзі тірі. Үйдің үлкені – Аякөз есімді әпкеміз. Көп жылдар сауда саласында еңбек еткен ол бұл күнде «Қызылорда газ» мекемесінің маманы. Жары Райымбек екеуінен екі немере бар. Сағындық облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасымен тығыз жұмыс істейтін қоғамдық ұйымның басшысы, ал Айнұр Қызылорда қаласы әкімдігінде жетекші маман.
      Онан кейінгі әпкем – Клара. Жолдасы Мекембай екеуі Еркебұлан есімді шекесі торсықтай ұлдың ата-анасы. Ол бұл күнде Алматыда заңгер болып еңбек етуде.
      Оразкүл әпкем әке жолымен мал дәрігері мамандығын алған. Берік екеуі төрт бала өсіріп отыр. Бақытжан – әскери қызметкер, аға лейтенант шенінде. Келін Мейірім екеуі Медина атты жиеншар тәрбиелеп отыр. Ақбота – дәрігер, Бексұлтан – қаржы басқармасының маманы.
      Ата-анамның төртінші перзенті Жаңыл – журналист. Алматы қаласында «Азаматтарға арналаған үкімет» коорпорациясында қоғаммен байланыс менеджері, оған қоса еларалық «Шалқар» газетінің бас редакторы. Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының президенті. Алған марапаттарымен ел алғысына бөленіп жүр. Жаңыл мен Алтайдың Інжу атты қызы бар. Ол – Австрияның Зальцбург университетінің студенті.
      Бесінші қыз Бақыткүлдің мамандығы дәрігер. Оразқожа екеуі Ботакөз, Бекболат, Ерқанат, Ақерке атты төрт бала тәрбиелеуде.
      Құралай мұғалім мамандығын таңдаған. Биіктерді бағындырған жоғары санатты оқытушы. Кентау қаласындағы қазақ-түрік инновациялық лицейінде істейтін ол біршама жетістіктерге жеткен. ҚР Білім беру саласының үздігі. Құралай мен Елдостан Рамазан, Дінмұхаммед, Әмина атты анамның балдай тәтті жиендері бар.
      Онан кейінгісі – өзім. Өмірден өз орнымды тапқан жанмын.
      Менен кейінгі қарындасым Фариза денсаулығына байланысты үй шаруасында болса, тоғызыншы қыз Эльмира жұбайы Хайрулла екеуі Аружан, Мұхамеджан, Нұрислам атты жиендермен немерелер санын арттырған. Бақыттың базарындағы, елдің назарындағы отбасы.
      Ата-анамның сүт кенжесі, біздің ерке қарындасымыз Жазира – Жаңыл әпкемнің ізін қуған журналист. ҚР Журналистер Одағының мүшесі. Қазақ радиосының журналисі. Шет елдегі қандас бауырларымызға арналған «Алыстағы ағайын» жобасының авторы. Біраз биіктерді бағындырып, Халықаралық және республикалық деңгейдегі түрлі марапаттарға қол жеткізіп, мерейімізді асырып жүр.
      Аллаға шүкір, бауырларымен мақтанатын жанның бірімін. Қаумалап, келіп, ара-тұра бірігіп, бас қосқанда бір ауыл болып қаламыз. Сондайда әке рухымен тілдесіп: «Міне, әке, бүгінгі ұрпағыңның көрінісі – осы. Олар бақытты!», – деймін жайдары жүзбен. Оңаша қалғанымда әкемнің жанарындағы жақұтты, дидарындағы бақытты сезгендеймін. Сағыныш оты жүректі кернегенде туған жердің төсінде бір аралап, жан дүниемді толтырғандай болатын сәттерім бар...
      Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің...
      Кейінгіге көз тастасақ, кешегі ойын баласы, бүгінде ізімізден ергендерге ақыл айтатын кезеңге таяп қалыппыз. Өзіміз бала болып жүріп, бала тәрбиелейміз. Әсте, уақыт керуені бір орында тұрып қалмай, болашаққа қадам бастырады.
      Өзім әке жолын жалғастырып, мал дәрігері болдым. Еңбек жолымды Қожакентте мал шаруашылығының маманы болып бастадым. Бір кездері әкем білім алған Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтының қабырғасында мамандығыма машықтандым. Кейін аграрлық университетте білімімді шыңдадым. Осылайша жүріп, жеке шаруашылықта, аудандық әкімдікте әр түрлі қызметте болдым. Әлбетте, мамандығыма орай инспектор,  мал шаруашылығының маманы жұмыстарын атқардым. Бұл күнде облыстың бас ветеринары деген атым бар, яғни, облыстық ветеринария басқармасының басшысымын. Ата кәсіпті жолға қойып, еңбек етіп жатқан жандар көп. Сондықтан, жұмысты бір ағынға тоғыстырып, саладағы «әттеген-айларды» шешу үшін аймақ басшысының бастамасымен арнайы басқарма болып құрылған болатын. Сонда басшы болып 2015 жылдан бері қызмет етіп  келемін. Еңбегімнің еленгені ғой, бірқатар марапаттарды еншіледім. «Ветеринария ісінің үздігі» төсбелгісін тақтым.
      Иә, шаңырағымның төрінде үнемі бақыт жантайып жатып, босағамда бақыт құсы ән салып тұрғандай көрінеді. Осыған қарап, ой жүгіртіп тұрып, қолымды кеудеме қойып, «Аллаға шүкір!» деймін. Өмірлік жарым Айгүл екеуіміз бес баланың ата-анасы болып отырмыз. Ерболым әкем өмірден өткен жылы дүниеге келді. Жарықтық, әкем немересін сүюді аңсады, армандады. Сол күнді қарсы алып, жиырма күннен кейін дүние салды. Өзі қолына алып тұрып, есімін қойып еді... Ерболдан кейінгі Гүлмарал, Нұрбол, Ақниет, Әділет атты балаларым әжесінің көзінің ағы мен қарасындай. Қарап отырып, «Балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» деген көнекөздердің сөзін еске түсіремін. Расымен, «Бала балдан тәтті, немере жаннан тәтті» деп анам да жиі айтып отырады. Бұл – өмірдің заңдылығы.
      Ұлым Ербол Анар есімді келін түсірді. Қазір қарашаңырақтың иесі атанды. Атасының шаңырағында бізге бас-көз болып отырғандай. Гүлмарал қызым Олжас есімді жігітпен отау құрды. Ұлдарымыздың қасына бір ұл қосты.
      Балалардың қамы үшін жүгіріп жүріп, ата-анамның халін сезінген тәріздімін. Әрдайым бізді ойлап, «осылардың қарны тоқ болсын, киімі бүтін болсын» деп еңбектенгені, біздің ой-өрісіміздің, ақыл кеңістігіміздің кең болуымен, деңгейіміздің мықтылармен тең болуына барын салған екен ғой. Кейде бала болып, шалалық қыласың, ақылмен айтып түсіндіреді, ұру деген нәрсе мүлдем біздің түсінігімізде болған емес.
      Асыл анамның жүзіне қарап тұрып, әжімнен жүріп өткен жолдарын еске саламын. Ағарған шашына қарап тұрып, әзиз анамның әр тал ақ шашындағы өз тентектігімнің көрінісін көремін. Кейде, теледидар қарап отырған анамның аяғына басымды қойып, еркелегім келеді. Құшақтап, бала болып, сағынышымды басқым келеді. Бірақ, өзіңнің де балаң бар, әке атанып отырған соң, ес жиып, айналаға қарайсың. «Есейіп кетсем де мен саған сәбимін» деген еді ғой, өлеңде, білетін шығарсыз?! Сол тәрізді, әлі күнге ауылға барғанымда «Балам» деп еміреніп тұрады. Құшақ жая қарсы алып жатады. Анамның шексіз махаббаты-ай...
      Даңғыл жолдың бойында жүйткіген көлікпен ауылға қарай тартып келемін... Қызылордадан шыға бере үйге асықтым. Анам бәйек болып «Балам келе жатыр» деп, аулаға ауық-ауық қарап жүрген шығар. Ол мені, сағынады іздейді. Менің де анам дегенде шығарда жаным бөлек. Ал әкем әрдайым менімен бірге, жүрегімде... Күйбең тіршілік, осылай уақыт та зырлап өте береді екен... Терезеден басымды шығарып, «е-еһе-һей» деп, айқай салғым келді... Өйткені, мен балалық шағыма сапар шегіп келемін. Бірақ, өзгелер менің риясыз сезімімді қайдан ұқсын?!
      Ерсұлтан Амантайұлы Әпетов  
      
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...