Дүзімбетов Оспан

Рейтинг:
САҒЫНЫШ
 
      Пендеміз ғой... Жүректі тербеп, жаныңды баурайтын ыстық сезім барда өткен күнге сағыныштың сары түсті лентасы жанардан ыстық жасты ыршытып отырады. Алақаныңды тосасың. Күйдіріп тастайтындай от. Айдалада, жапан түзде жалғыз өзің отырып алып іштегі сағынышыңды шығарғың келеді. Көк аспан. Ұш-қиырсыз ен дала. Шіркін, іштегі мұңыңды айтқызбай ұғатын осынау кең дала бір сәт тіл қатсашы... Ата-анама деген сағынышым жүрегімді жарып жіберердей, атша тулаған алапат күш тәрізді. 
      Адам баласы өмірге келіп, есік ашқан күннен бастап айналаны тануға талпынады. Абай айтпақшы, «біреу ішсем, жесем дейді, енді біреу көрсем, білсем» дейді. Бала күннен бері мені қоршаған орта бейне бір өзіне шақырған тылсым дала тәрізді еді. Кішкентай бір нүкте болса да, болмысын тануға талпынатынмын. Бойымды ерекше бір сезім билеп, сол нүктенің болмысынан алып тарих байқайтынмын. Рас, солай. Сол кездегі күш мені осы күнге, осы деңгейге жеткізді. Тіпті, аласапыран қоғамның айналадағы шуын да елемей өз әлеміме ерте кетті, бойымды балқытып еліте кетті, қазақтың алып атырабы маңдайымнан сүйіп, еркелетті. Көргенім де, көксегенім де басқаша тәрізді. Абайдың сөзімен айтқанда, «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла!».
      Біздің бала күніміз ағаш атқа мініп, ойыншық тапаншамен атыспақ ойнап, жас шыбықтан садақ жасап Робин Гудқа еліктеп өскен дәурен еді... Асыққа таласып, мұрын қанатып, көз көгерткен кездер-ай десеңші!.. Ол кезде, қазіргідей ұялы телефонға әлемді алақанға сыйдырып, үйде отырып түзді басқарған жоқпыз. Біздің ойынымыз үйдің сыртында, ләңгі тебу, доп қуу болатын. Иә, ата-анамыз ойға оралғанда балалық шақтың бал бейнесі көз алдымызға қоса келетіні бар ғой. Толқынды толқын қуып, толқыннан толқын туып, әрбір толқын өзінің пешенесіне жазғанын көреді. Біздің өміріміз де солай болды. Өмір сүрудің көңілге үйлесім тауып, жарықтық жасыл әлемнің жаныңды баурайтын сәттері шығар... Ата-анамызда балалық шақ болмады. Олар жастайынан еңбек майданына араласты. Бұғанасы қатпай жатып, мойынға тағдырдың салған қамытын ілді. Сөйтіп ер жетіп, бой жетіп есейді, өмірге ұрпақ әкелді. Біздің дәуірдің шындығы сол: ағаш ат пен асық ату, ләңгі тебу болатын. Оның әрбірі өмірге деген көзқарасыңды нықтап, тұлғалық тұғырыңды қалыптастыратын. Бүгінгінің талабы мүлдем басқаша. Жаңа технологиялар дәуірінде ақпараттық ахуалды меңгеріп, қолыңдағы құйтақандай аппаратпен барлық мүмкіндікті сараптай білуің керек. Бұл – технологиялар дәуірінің өзіне тән ерекшелігі болар.
      Балалық күнімізбен, бал дәуренімізге куә – сұлу Сырдария. Талай ғасырдың, талай жылдың құпиясын бойына сақтап, үнсіз ағып жатырған ұлы өзен. Қойнауы құпияға толы бұл өзен – менің балалық шағыммен, яғни осы өлкенің тағдырымен ұштасып жатады.
      Менің ата-анам жайлы тебіренердегі түйсіктен шыққан осы дара ойым, әлбетте, жүректен шыққан сағыныш лебім және арман айдынында атқа қонып, бала күнге сапар шеккен сәттегі бір сәттік сезімдерімнің айнасы.
      Асқар таулы нұр бейне
      Біз жас күнімізден әкеміздің мойнына мініп алған жоқпыз, керісінше қолғанаты болып, әркез жанынан табылдық. Ол бізді өмір сүруге баулыды, үйретті. Әйгілі Македонский: «Мен ұстазым Аристотельді әкемнен кем көрмеймін. Ата-анам маған өмір сыйласа, ол сол өмірді қалай сүру керегін үйретті» деген екен. Ал, маған өмір сыйлаған да, сол өмірді қалай сүру керегін үйретіп, баулыған өмірлік ұстазым – ата-анам. Соның ішінде, әкем. Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі емес пе?! Ұяда ұлағаттылықты үйретті, оқытты, тоқытты. Адам баласы ұрпағымен құнды әрі мәңгі екенін әкем ә дегеннен түсініп, әлімсақтан бері келе жатқан қазақы дәстүрді жалғады. Бақыт дегеніңіз де осы емес пе?!
      Әкем Оспан Дүзімбетов 1926 жылы Аралдың қасиетті топырағында, талай Алаштың арыстарын, өнер қайраткерлері мен қоғам қайраткерлерін, ұлттың маңдайына біткен таланттарын өмірге әкелген Шөмішкөл елді мекенінде жарық дүниеге қадам басқан. «Ұлылар ауылда туып, қалада өледі» деген бар емес пе?! Өмір өзені арнасымен ағып, оны білім алар шағында Арал қаласына әкеледі. Жастайынан ол өзінің ұстанымында тұрып, адамдық болмысының қалыптасуына қадам жасаған жан. Сұрапыл соғыс жүріп жатқанда 1944 жылы әскер қатарына алынып, Қиыр Шығысқа (Дальневосточный военный округ) аттанды. Өзі де қиын-қыстау жылдарында өмірге келіп, елдің аузы аққа тиген мамыражай тіршілікті аз көрді. Қысылтаяң шақта тағдырдың тезіне әбден ысылып, сабақ алып, биіктерге шығуды мақсат еткен зор мұратты қайраткер болатын.
      Өзгелер тәрізді ол да елдің басына түскен тауқыметті жұртшылықпен бірге тартты. Елден жырақ жүріп, сол елдің  болашағы үшін күресті. 1944 жылы әскерге кеткеннен, 1951 жылы бір-ақ оралады. Ол кездің адамдары шіркін, қайратты еді. Бүгінгілер бір жылдық әскерге барудан жалтарып жүргенде олар өмірінің бес-алты жылын ен далада, қаруын құшақтап, талай түнді ұйқысыз өткізді емес пе?! Оқ пен оттың ортасында, жанын шүберекке түйіп, «Тәңірім, жар бола гөр!» деп шайқастың бел ортасына енгені анық. Саясаттың ықпалымен діннен айырылғанымызбен, олардың жүрегі имани нұрға тұнып тұратын еді. Олардың соншалықты қайраткерлігі мен күрескерлігі мені әркез таңдандырады.
      Әскерден елге оралған әкем Оспан Арал қаласында әр түрлі салаларда еңбек етеді. 1951 жылы жұмыс бабымен Тереңөзек ауданына (қазіргі Сырдария ауданы, Тереңөзек кенті) қоныс аударады. 1957 жылға дейін ауданның мемлекеттік қауіпсіздендіру басқармасында жұмыс істеді. Араға алты жыл салып, 1957 жылы аудандық атқару комитетінің аппаратында жауапты қызмет атқарып, өзінің жауапкершілігі мол жан екенін көрсете білді. Ол кезде шаруаны мойынға қамыт қылып іліп алып, «шу» дегенде шауып кететіндей әмбебап болуың керек. Міне, сондай сындарлы шақтардан сүрінбей өтіп, биіктерге қадам басты.
      1957-1964 жылдары өндірістік Промартель «Жизнь Казахстана» мекемесін басқарды. Сол жылдары күзде Қараөзек өзені тасып, станцияны су алды. Тұрғындарды, мал-мүліктерін құтқару жұмыстарын ұйымдастыра жүріп, өзі де кеудесіне дейін мұздай су кешті. Кейін сол жанкештіліктің зардабын көрді. Артельден кейін, аудандық коммуналдық шаруашылық басшысы болды. Коммуналдық саланың мәселесі ешуақытта біткен емес. Өйткені, қарапайым қалың бұқараның күнделікті тұтынатыны да, күнделікті пайдаланатыны да, қажетіне жарататыны да, бар тірлігін қарататыны да – осы сала. Қайтпек керек?! Әкем үнемі елдің ортасында, жұртшылықпен бірге күн кеше жүріп, барлық мәселелердің шешілуіне ықпал жасайды.
      Қайсыбір мекемеде болмасын экономика саласы, қаржыгерлік жауапты жұмыс болды. Барлық тиын-тебенді есептеп, болашақтағы табысын жоспарлауда асқан көрегендік керек. Өйткені, экономист – тұтастай мекеменің кірісін-шығысын, болашақтағы табыс көзін, оның жолдарын шешуге барлық күш-жігер, қажыр-қайратын салады. Әкемнің жауапкершілігі мен ықтияттылығы, мұқияттылығы мен ұқыптылығы шығар, 1969 жылы жаңадан ашылған жылжымалы механикаландырылған колоннаның бас экономисі болып қабылданады. Ол уақытта, мемлекет мойынға зор жауапкершілікті артады. «Қолыңнан келе ме?» деп сұрамайды. Бой көрсетіп, оза шауып жүрсең «Барасың» деп мойныңа іледі де жібереді. Бас тарту мүмкін емес. 
      Аталған мекемеде 1986 жылға дейін маңдай терін сылып алып, еңбек етіп тер төкті, кейін зейнетке шықты. Тағдырдың жазуы болар, зейнеттің төрт жылын көрді де, мәңгілік мекенге 1990 жылы аттанып кете барды. Әрине, қимайсың, қиналасың, мойынсұнасың.
      Әкемнің ерен еңбегі еленбей қалған жоқ. Ұлты ұлықтаған, елі құрметтеген тұлға болды. Соңғы демі қалғанша қалың қазақтың қамы үшін тер төкті. Маңдай терін сылып алып еңбектенді. КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумының шешімімен «СССР Қарулы күштеріне – 60 жыл», «СССР Қарулы күштеріне – 70 жыл», мерекелік медальдарымен марапатталды. Ардагерін ардақтаған елдің ақсақалы, 1979 жылдан бері майдангерлік беделімен мемлекеттік деңгейде көптеген жеңілдіктер көрді. Арнайы куәлік табысталып, соның нәтижесінде дүйім ел құрмет тұтатын.
      Мұнан өзге «Германия түбіндегі Жеңіс үшін» медалі, «Кеңес әскері мен флотына – 30 жыл» мерекелік медалінің иегері болды. «Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін» төсбелгісін де омырауда жарқыратып жүрді. 
      СССР Жоғарғы кеңесі Президиумының шешіміне сәйкес «Ұлы Отан соғысына – 20 жыл», «Ұлы Отан соғысына – 30 жыл» мерекелік медальдары табысталды. Ұлы Отан соғысына – 40 жыл, II – дәрежелі Отан соғысының орденін иеленді. Уақыт өте, ақыл тоқтата келе, мұның бәрін ой елегінен өткізіп жатырмыз. Иә, расында «Майдангердің ұлымын» деген мақтаныш кеудемді бақытқа бөлейді. 
      Алайда, Қазақ елінің азат ел болып, тәуелсіздік тізгінін қолына алғанын көре алмай кетті. Ұрпағына аманаттағаны болар, егемендік алардан бір жыл бұрын көз жұмды. Иә, ол – менің көзқарасымда осы елдің болашағы үшін аянбай еңбек еткен тұлға.
      Әкем құр мақтанға жоқ еді. Салмақты қалпынан танбады. Мен ұядағы ұлағатты ілдім, санаға салиқалы мұрағатты білдім. Мақтануға тұрарлық еді...
      Жүрегінен төгілген мейірімі
      Анам Бағымкүл Қазығұлова табанынан су кетсе де, жұртының жүрегінен жыр кетпеген, әрбір тұрғынының көкейінде нұр көктеген, мақсаты бір, мүддесі бір көксеген айдынды Аралдың тумасы. 1926 жылы Арал қаласында дүниеге келген. 
      Ел арасында да, шаңырақта да бір қалыпты, салмақты мінезімен, салиқалы ойларымен танылған жан. Оның томаға тұйықтығы аралас-құраласқа жоқтығы емес, бос нәрсеге алданбай, құр мақтанға салынбай, бес күн өмірдің мәнін түсініп, кейінгі ұрпақты жеткізіп, жауапкершілікті түйсіне білген табиғи болмысынан деп ойлаймын. Ашылып айта бермесе де, адамзатқа, бала-шағасына деген ықыласы көз жанарынан-ақ көрініп тұратын. Асқар таудың жағасында сарқырап аққан бұлағым, анашым – перзенттеріне әрдайым ыстық ілтипаты мен зор махаббатын жан жүрегіне, кеудесіне сыйдыра білген асыл жан.
      Жұмақтың кілтін табанының астына жасырған асыл жанның ақжарқын бейнесі ақ жаулықты аналардың символындай мен үшін. Әлбетте, бұл – менің ғана емес, анамды танитын әрбір қазақ баласының ойымен астасып жатады ғой. Бала болып қателесіп, шалыс басып жатсақ, ұрысып, жекімей қателігімізді ақырын ұғындыра білетін. Маңдайымыздан сүйіп тұрып, еркелетіп, сол балалығымызды түзетуге баулитын. Нағыз тәлімді тәрбиенің ұшқыны сол емес пе?!
      Қазақ даласында ана болмысы мен даналығы жайлы сан мыңдаған аңыз, тың деректер бар. Оның барлығында ана ұлылығын, шексіз парасаттылық деңгейін сипаттайды.
      Міне, мен үшін әрбір қазақ анасы – алтын. Дана. Олардың өмірі – тарих. Атам қазақ ертеде жауға шауып түзде жүреді, бертін келе ер-азаматтар отбасын асырау қамымен жұмысбасты болды. Сондайда бала тәрбиесі, ұрпақ келешегінің бағыты аналардың мойнына артылады. Ал, менің анам да, ұлт болашағы үшін жасалған ұлы істерде өзінің сүбелі үлесін қоса білген жан.
      Анам мектеп бітірген соң, мұғалімдер даярлайтын курсты тәмамдайды. Бірнеше жыл елде мұғалімдік қызмет жасады. Алайда, оның болашағы бұл саламен емес, сауда саласымен тығыз байланысып, зейнетке шыққанша сол салада жұмыс істеді. Бірақ, бала тәрбиесі ол үшін басты орында болатын. Ерін сыйлаған қазақ әйелі әкемнің қас-қабағына қарап, сол арқылы айтқызбай ұғатын. Тіршілік нәрінде тәрбиенің тәлімін ұрпақ бойына сіңіріп, кейінге із қалдыруда алдына мақсат етті, біздің кеудемізге тәрбиенің шамын жақты, көрегенділік танытты. Ұрпағына сыйлы бола білді.
      Анаңның алдындағы қарызыңды Меккеге үш рет арқалап барып келсең де, өтей алмайсың деген тәмсіл бар. Тоғыз ай, тоғыз күн әке баланы мойнына салып жүре алмайды, ал ана сол уақыт бойына құрсағында көтеріп жүреді. Анаға өмір бойы жақсылық жасап келген адам, анасының толғағының бір сәтін ғана өтейді екен. Содан-ақ, ана алдындағы қарызымызды, һәм парызымызды өтеу жайлы ойланып көріңіз...
      Мен үшін анам – әлемдегі теңдесі жоқ әйел заты. Ұлағатты жолды мұрағатына қалдыра білген асыл тұлға.
      «Әлемнің сұлулығы татымайды-ау,
      Анамның күліп тұрған бейнесіне...».
      Аналарды күлдіріп жүрейік, қателік жасап бүлдіріп емес. Олардың жүзіне жылы жымиыс пен күлкі үйірілте білейік, өйткені, олар аз қиындық көрген жоқ. Мен анамды мақтан етемін.
      Әке өнегесі
      Әкемнің қаталдығына қарап, әріптестері «Сталин» деп ат қойыпты. Мен талайдың кеудесінен жанын жұлып, жазықсыздарды қынадай қырған, репрессияшыл Сталин емес, қатал тәртіпті ту етіп, бала тәрбиесінде, қызметте бірбеткей тәртіп талап еткен қарапайым қазақ баласының ұлымын. «Әкенің сөзі – оқ» дегенді менің әкем туралы айтқан тәрізді болып тұрады үнемі. Бұл күнде «бала үйдегі бір адамнан қорқып, тайсалатын болу керек» деп жатады ғой. Біз әкенің сөзін екі етпей орындайтынбыз. Рас, кейде бала болып, шалыс басатын сәттер болады. Сондайда әкем:
      – Ақыл тоқтататын жасқа келдіңдер. Мен он төрт жасымда отбасымды асырағанмын. Ата-анам еңбекке жарамай қалып, тұтастай бір отбасына бас болдым. Теңізден балық аулап, алған олжамды түйеге артып, Аралға әкеліп, балықты азық-түлікке ауыстыратынмын. Есіл еңбектің жемісі маңдай термен келеді. Бидайды балыққа айырбастап алатын едім. Тынымсыз еңбегімнің арқасында отбасымды қиын кезеңнен алып шықтым, – деп отыратын.
      Бір отбасының жүгін арқалап, тағдырдың ауыр сынағына қарсы желкенін керген әкем сол ауыртпалықты күндерден алып шыққан. Өмірі өнегемен өріліп, бізге тағылым болды. Әрбір ақылды айтқан сәтінде мысалмен ұғындырып түсіндіретін, асықпай санамызға сіңіре білді. Бізді солай тәрбиеледі.
      Мен жетіншіде, інім бесіншіде оқиды. Әкем аяқ астынан 1968 жылы науқастанып қалды. Сол уақыттарда інім екеумізді жұмысқа жіберді. Бақша, егін егуге араластық, үйдегі малға қарадық. Қыран балапандарын белгілі бір уақыт келгенде құз басынан төмен лақтырады екен. Сонда қанаты өз уақытында қатайып, биікке талпына алатын рухы күштілері ғана аман қалып, әлсіздері төмен құлдилап, тасқа соғылып, өліп кетеді екен. Демек, қыран балапандарының мықтылары ғана өмір сүреді. Әкеміз бізді осылайша қызу еңбектің ортасына салып жіберіп тәрбиеледі. Шыңдады. Қанатымызды қатайтты. Өйткені, қай ұрпақ болса да, өмір бойы әке-шешесінің қасында қала алмайды. Бұл – қазақы тәрбиенің ұшқыны. 
      Бізді әкеміздің қаталдығы қанатымызды қатайтты, еңбекке баулыды. Маңдай терімен тапқан нанның тәтті болатынын дәлелдеді. Әкеме еріп, шөп шаптық, егін ектік. Осылайша адам болып қалыптастық. Абай айтпақшы, «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп, осы жамандықтан ада болу үшін біз барынша тырысып бағу арқылы үдеден шыға білдік деп ойлаймын.
      Әкелері бақилық боларда балаларын шақырып алып: «Мына үйдің айналасына үлкен қазына тығып қойдым. Үшеуің қазып, тауып алыңдар» деген екен. Әлгі қарт бақилық болған соң, үш баласы трактор жалдап, үйдің айналасын қопарып тастайды. Әрі қарайды, бері қарайды, бірақ ешбір қазынаның ұшы шықпайды. Сонда кіші ұлы тұрып:
      – Ағалар, бұл жерде ешбір қазына жоқ. Қазына – әкеміз бізге еңбекті тастап кеткені. Осы жерді қопарып, қопсытып, бақша қылсын дегені. Солай Жер-Анадан несібесін терсін дегені. Мен осылай ойлаймын, – дейді.
      Бұл ойға екі ағасы келісіп, үшеуі үлкен бақты қалыптастырған екен. Осылайша зор табысқа кенеліп, әкенің өсиетін орындапты.
      Әкем Оспан Дүзімбетов бізге осындай зор мұра қалдырды. Өнегелі ісімен еңбек деп аталатын елеулі орыннан бізге орын алып берді. Біз сол орында қажымай тер төгіп келеміз. Бұл күнде әке атын шығарып, биіктерге шығып жүрміз. Қияға қанат қақтық, өзіміз әке болып, балаларға сондай мұраны қалдыруға нәсіп етсе деп жүрміз. 
      Жарықтық, біздің көбіміз қолда барда алтынның қадіріне бойламаймыз. Абай айтқандай, қолымызды мезгілінен кеш сермейміз. Бірақ, ешуақытта қателікті түзетуге кеш болмайды. Бастысы, ата-ананың қадірін балалы болғанда емес, оған дейін түсіне білген абзал.
      ТҮЙІН
      Ата-ана мен бала өзара байланысы ешуақытта ажырамас ұғым. Сондықтан әрбір бала перзенттік парыздың бір түкпірінде ата-анасына құрметті жоғары қоюы керек. Әкенің қатаңдығы, ананың аялы алақаны және екеуіне ортақ перзентке ұлы сезім барда, біздің қазақы тәрбиенің жарық сәулесі ешуақытта өшпек емес.
 Марат ДҮЗІМБЕТОВ 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...