Сембеков Жанатай

Рейтинг:

Елге қызмет – ерге міндет

      Әділдік – ар-намыстың өлшемі. Өткеннің еншісінде қалған қай дәуірді алып қарасаңыз, жерін жауға таптатқызбаған батыры, қос ішекті домбырасымен ел мұңын айтқан ақыны, тұрмыс туындатқан түйінді мәселелердің тінін тарқатып, елді бірлікке шақырған билер болған. Тарихын тасқа таңбалап кеткен Тоныкөк бабамыздың көсем тілін көмейге келтірсек: «Қағаны батыр, ақылгөйі кемеңгер елдің бағы жанады». Қарына қалқанын іліп үлгермегеннің қабырғасын қақыратып жіберген жаугершілік заманда да, отты ауызы орып түсірген би-қазылардың сөзі найзаның ұшында, қылыштың жүзінде, шоқпардың дүмінде жүрді. Тезге салар тентегінен, тау көтерген Толағайына дейін қазы төрелігіне жон арқасын бермей, айыбын атшапанмен өтеген. Қағаз бетіне түспесе де, ауыздан-ауызға көшіп отырған дала заңы көшпелі елдің көкірегінде сақталып қалған.
      «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деп, ел ішіндегі дауды сыртқа шығармай, ауыл ақсақалдарының билік етуімен шешкен аталарымыз бұра тартқан тентегін тезге салып, жер дауы, жесір дауымен қатар, тұрмыста кездесетін өзге де дауларды кемелдіктің бесігіне тербелтіп, әділдігін айтып отырған. Алдаспанның жүзіндей лыпылдаған заманда да, туғанына бұра тартпай туралық еткен дәуірде «Жеті жарғының» күші тау қопарып, әділ жазасын беріп отырған. Арада ай мен күн алмасып, жыл өтсе де ел тыныштығы мен бірлігін, қауіпсіздігін ойлаған құқық қорғау және заң саласының қызметкерлерінің атауы өзгерсе де қызметі өзгерген жоқ. Тек атқаратын салаларына байланысты адвокат, прокурор, судья, тергеуші тағы басқалай болып меншікті қызметтерін бөліп алысты.
      Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де ел тыныштығын күзетуде жарғақ құлағы жастыққа тимей қызмет етіп, қатардағы тергеушіден, Қарағанды облыстық полиция департаментінің басқарма басшылығына дейін көтерілген білікті де білімді азамат Сембеков Жанатай Әбікенұлы туралы айтып өтпекшіміз. Тұма бұлақтар мен тау мұздықтарынан бастау алып, бірнеше тармаққа бөлініп кететін тау өзеніндей, құқық қорғау саласы деп аталатын үлкен саланың ішінде елге қызмет етіп, көптің алғысына бөленген, зейнеткерлікке шықса да ел бірлігі жолында қолын төмен түсірмеген, ел сыйлаған, жастарға айтары бар аптал азаматтарымыздың бірі Жанатай Әбікенұлы 1968 жылдың 14 қазанында Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Атасу поселкесінде (қазіргі Жаңаарқа ауданының орталығы) дүниеге келді.
       «Ұл туса, ел қорғаны» деп қуанған ел емеспіз бе, көпбалалы жанұяда, яғни 4 қыз, 6 ұлдың кенжесі болып дүниеге келген Жанатай парасатты тұлғалардың құшағында өсіп, қабілет пен дарындылыққа ие болмауы мүмкін емес еді. Жанынан өткен жолаушыға жапырағы сая, діңі желден қорған болған алып бәйтеректің тамыры тереңінде жатқаны секілді, бала Жанатайдың да шыққан тегі жай адамдардың сапынан емес еді. Тамырында адалдық пен әділеттік, парасаттылық пен ұлылық қан болып айналған аталарының жалғасы, асылдың сынығы еді.
      Ұл баланың тәлімі мен адал еңбек етуі әкенің тәрбиесінде болатыны секілді, сол заманның көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарының бірі болған, ауыл шаруашылығында қызмет еткен, «Құрметті еңбек ардагері» асқар тау әкесі Сембеков Әбікен ақсақал теледидар қарап, газет оқып, балаларын да жастайынан оқу-біліммен қатар көптеген тағылымы мен танымдылығы мол кітаптарды оқытуға бейімдеді. Ал жаулығында аналық мейірімі жібектей суырылып түсіп, мейірімі күн нұрынан да жылы болған анасы Сембекова Бибінұр шаңырақтың ішін береке мен ырысқа толтырған, ауыл шаруашылығында жұмыс жасаған абзал ана болды. Ұл-қыздарын да «басқа біреудің ала жібін аттамау, өзгенің ар-намысын таптамау» деген тәлімді сөздермен тәрбиелей білді. Міне, осындай тәрбие алу «әділдігі – қыл арқанды қақ бөлген би» болуға ұмтылу, тағдыр жолын таңдауға басты себептердің бірі болған Жанатай Әбікенұлы үшін жалған сөйлеу, сөзден таю, кереғар қылық жасау жат еді.
      Төңкеріліп түскен тарих тасында тектілердің жүріп өткен жолы қашап жазылған қасиетті топырақтың бала бетінен сипалай сүйетін желімен жарысып өскен Жанатай білім ордасының табалдырығын 1975 жылы қыркүйек айында Атасу поселкесіндегі В.И.Ленин атындағы №1 орта мектепте аттады. Балғын да бақытты балалығын ата-анасының қасында өткізіп, көргені мен түйгені мол жандардың өнегесін үлгі тұтып өскен ол – мектеп табалдырығын аттаған кезде де алғырлығымен, таным тереңдігімен, ақылдылығымен, зеректігімен ұстаздарының көзіне түсіп, сыныптың қоғамдық өміріне белсене араласқан үлгілі оқушылардың бірі болып өсті. Табаны тиген ауыл топырағында 8 сыныпқа дейін жүрген ол 1983 жылдың қыркүйек айында аудан орталығында орналасқан №12 кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түседі. 
      Кәсіптік техникалық училищені «кең профильді тракторшы» мамандығы бойынша бітірген Жанатай Әбікенұлы 1986 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласының индустриалды педагогикалық техникумына оқуға түседі. Оқу оқып жүріп, 1986-1988 жылдары КСРО Қарулы Күштері қатарына шақырылып, Забайкалье әскери округінің 21334 әскери бөлімінде автомобиль бөлімінің командирі қызметін атқарды. Елге оралған соң Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласындағы индустриалды педагогикалық техникумда оқуын жалғастырады. 
      Оқу орнын 1991 жылдың шілде айында автослесарь, өндірістік оқыту шебері мамандығы бойынша бітірген Жанатай Әбікенұлы 1991 жылдың шілде айынан бастап 1994 жылдың тамыз айына дейін «өндірістік оқыту шебері» ретінде сол кездегі Жезқазған облысы, Жаңаарқа ауданы, Атасу поселкесінде №12 кәсіптік-техникалық лицейде қызмет етеді. 1995 жылдың ақпанынан 2017 жылдың қарашасына дейін Қарағанды облысының Ішкі істер органдарында қызмет етіп, кейін Қарағанды қаласының Заң академиясында сырттай жоғары заң білімін алды. Осылайша, Жанатай Әбікенұлының бүгінгі тұғырға көтере білген еңбегінің алғашқы жолы Қарағанды облысының Шахтинск қалалық тергеу бөлімінің тергеушісі қызметінен басталды.
      Одан кейін Қарағанды облысы Ішкі істер департаментінің аға тергеушісі, аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, бөлім бастығының орынбасары, басқарма бастығы, кіші лейтенанттан полиция полковнигі дәрежесіне дейін көтеріліп, саналы ғұмырын Құқық қорғау органдары саласына арнайды. 
      Адамдық келбет дегеніміз оның қоршаған ортамен жақсы қарым-қатынасы, жан-жағындағы болып жатқан жағдайлармен бетпе-бет келіп, соған өзінің үлесін қоса білуі. Кез келген қоғамдық ортада адамдардың таным-түсінігі, ойлау, талдау жүйесі, ес, ақыл, рухани жан дүниесі және тәлім-тәрбие алу деңгейіне қарай адамдарды екі топқа бөледі. Біріншісі – рухани таным-түйсігі мықты жандар болса, екіншісі – бұл айтылғанға кереғар адамдар. Қазақы ортада түсінік бойынша, рухани жан-дүниесі бүтін, ақылды адамдар жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты, арам мен адалды, обал мен сауапты айқын айыра алатын, соған сай қарекет етіп, сын-сағатта дұрыс шешім қабылдай алатын адамдар. Бұлар кең пейілді, кешірімді, жанашыр, мейірімді, адал, ақкөңіл, әділетті, турашыл болып келеді. Атақ пен даңқ, шен мен шекпенге буланбай өмірге ойлы көзімен қарайтындар. Адам баласын жатқызбайтын, уәдеге берік, ата-ананы, үлкендер мен білім иелерін құрметтейтін, ел қамын өз қамындай ойлайтын, ләззаттана да, кектене де, кешіре де білетін, ауырғанын, сөйлегенін, ашыққаны мен тойынғанын, істегенін айқын айыра алатын адам қоғамда көптеп кездессе, нұр үстіне нұр. Сондай азаматтың бірі һәм бірегейі – Жанатай Әбікенұлы. Қарапайым қазақы отбасында тәрбиеленіп өскен ол – қолынан іс келетін «сегіз қырлы, бір сырлы» әрі «жігіттің сұлтаны» дерлік нағыз мәрт те жомарт, парасатты, өзіндік айтар ойы бар азамат.
      Жанатай Әбікенұлы ұжымда жас мамандарға жәрдемші, бағыт-бағдар берер кеңесші, қамқор иесі бола білді. Өз саласының мықты маманы ретінде көптеген сауалдардың ішінен ең маңыздысын айқындап, бүгінгі күннің талаптарын анықтай алады. Оның жеңістері мен нақтылы істері жөнінде көптеп айтуға да, жазуға да, мысалдар келтіруге де мүмкіндік мол. Осының барлығы ынталы маманның сенімді бағыт алған ұжымдық қызметінің нәтижесі екенін аңғаруға болады. Ол өзінің мамандығына шын берілген азамат. Оның басқа әріптестері кәсіби шеберлігі мен шыншылдық, әділеттілік, тік мінезділік, өз жанындағы адамдарға деген мейірімділік сынды жеке қасиеттері үшін сыйлап, құрметтейді. Оларға әрқайсысына жіті көңіл бөліп, қамқорлық көрсетуден аянып қалмаған ардақты тұлға. «Адамгершілік қасиетің болмаса, әділетті болуың мүмкін емес» деген ұстанымды ту етіп алған парасат иесі. 
      2017 жылдың қараша айында зейнеткерлікке шыққан Жанатай Әбікенұлы ел қауіпсіздігі саласында атқарған істері мен еңбектері үшін түрлі марапаттарға ие болды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, мерейін өсірген, адал еңбегінің бағасы болған жетістіктеріне назар аударсақ:
      «Құқықтық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі;
      «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі;
      «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің үздігі» төсбелгісі. 
      Сонымен қатар көптеген медальдардың иесі Жанатай Әбікенұлы бүгінгі таңда Қарағанды облыстық адвокаттар алқасының мүшесі. 
      Жанатай Әбікенұлы қоғамның дамуы мен заман ауқымына сай өзінің идеясы мен көзқарасын әрдайым толықтырып жүретін, адамдық қасиеті мен өз идеясынан таймайтын азаматтардың қатарынан. Ол өмірді өзінше терең түсінеді, кімге болмасын жақсылық жасауға асығып тұрады. Қазаққа тән қасиеттердің бәріне бай. Қолы қалт етіп, дамылдаған уақытында міндетті түрде қазақтың ән-жырларынан ләззат алады. Үнемі киімді таза, ретті киетін ердің ері. Өзінің ертеңін, ұрпағының болашағын, ел-жұрттың тағдырын ойлайтын, әсемдік пен сұлулыққа жаны құштар, ар-намысты бәрінен жоғары қоятын азамат.
      Жанатай Әбікенұлы үнемі жинақы жүретін, ұқыпты, сырт бейнесі бірден өзіне көңіл аудартады. Дегенмен сол тартымдылығының астарында үлкен еңбек, барлық күш-жігерін, жан-жылуын, ұйымдастырушылық қабілетін сарп еткен өз ісіне деген адалдықтың жатқаны анық. Бүгінде зейнеткерлікке шығып, немерелерінің тәтті қылықтарына тоймай отырған ұлағат иесі отбасында да арқа сүйер азамат, ардақты әке. Жан жары – Сембекова (Садирова) Бибігүл Зайтунқызы екеуі ұл-қыз тәрбиелеп өсірген, бақытты ата-ана. 
      1990 жылы дүниеге келген ұлы Сембеков Нұрболат Жанатайұлы Қарағанды облысы, Абай ауданы полиция басқармасының тергеу бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры қызметінде болса, жары Сембекова Балжан Серікқазықызы екеуі Аңсаған, Айша, Жанәли есімді перзенттер тәрбиелеп отыр. Екінші ұлы Сембеков Жанболат Жанатайұлы – Қарағанды облысы бойынша Экономикалық қылмыстарды тергеу департаментінің аға жедел уәкілі, капитан. Жұбайы Дилара Ерсайынқызы екеуі Хадиша, Хадия есімді балалары бар. Үшінші ұлы Жанатай Жәңгір Жанатайұлы – Қарағанды қаласындағы «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 8-сынып оқушысы.
      Атын естігенімен атқарылған істері мен қоғам тыныштығын сақтауда тас бүркеніп жатқан қылмыстың бетін ашу жолында өз өмірлерін қауіпке тіге отырып еңбек етіп, ел тыныштығын, қауіпсіздігін сақтау жолында еңбек еткен Жанатай Әбікенұлының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
29 июля 2023 20:25
Турехан

Сембеков Жанатвй Әбікенұлына дауыс беремін
15 июля 2023 14:35
Назира

СЕМБЕКОВ ЖАНАТАЙ ӘБКЕНҰЛЫНА  дауыс беремін

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...