![]()
ҚАСИЕТ
Балағымызға шалынып, балалық дәуреніміздің добын риясыз тепсек те, жігіттіктің жалынына шарпылып, ордалы отыз бен қырқалы қырық қыр асып қалғанда, өткеніңе қолыңды көлегейлеп жиі қарайды екенсің. Сағым уақыттың бұлтылдап ұстатпайтыны тағы бар. Батқан күннің бел асқан керуеніне ілесіп кеткен өміріңнің белгілі бір тұсында жүріп өткен жолдарың жүзіңді бұрғызбасыңа қоймайды екен. Қарсы келген қиындықты тіліп түскен өткір арман, мерейлі жетістіктер – менің өмірімнің өткелдері.
Уақыт жүйрігіне жылдар жабу салып, күзеуде қалған шідерлі аттай ай-күндер артта қалса да, алдымдағы қос бәйтерегім, көңілімнің шамшырағы, көзімнің қарашығы – ата-анама айтар алғысым шексіз! Бір қызметке қолымызды жеткізсек, бірі істі нәтижелі бітірсек, көздеген мақсатымыз орындалып жатса, біз өз күшімізбен жеттік, өз еңбегімізбен жеттік деп ойлаймыз. Төбеге көтерілген жанның көңілі өспей тұра ма?! Қанша пәлек жайғанымен, күн нұрын төкпесе қияр түйнек салған ба?! Батпақта тамыр өрбіткенімен, аптапсыз күріш піскен бе?! Бұлт болмаса жауын жаумайтыны секілді, ата-ананың мейірімінсіз, ықыласынсыз бақыттың есігі ашылмас, ештеңе де өнбес. Үзеңгіге аяқ салып, атқа қонғанда, амандығымызды тілеп, тақым қысқан ата-ана! Осы күнге жеткен жетістіктерімнің сыры – жолға шыққанда қоржын шетіне ірімшік-құртын тыққылаған анам мен баласының белін бекемдікпен буып, іштей тілеуімді тілеген әкемнің үйде отырып тілеген дұға-тілектерінде жатыр. Ата-анам – менің тұсбағдарым!
Әкем Рахматулин Жүсіп Қасенұлы Шығыс Қазақстан облысы, Семей өңірінде орналасқан Мұқыр (бұрынғы Түрксіб) ауылында 1952 жылы 14 қыркүйекте дүниеге келді. Топалаң келген қойдай болған ел тіршілігі ауыр еді. Алғашында Кремльден найзағайдай жарқ еткен «Қайта қалпына келтіру» науқаны, таяққа сүйенген кәрі кемпірдей болған ауыл өмірін анау айтқандай жақсарта алмады. Бидай көзден бұлбұл ұшып, тас диірменде бадынақ жүгері айналып жататын кез еді. Ата Қасен – елге ылаң сала келген қанды қырғын Ұлы Отан соғысына қатысқан кісі. Оқ-дәрі қолқаны қапқан майдан даласына жанының жарты бөлшегін қалдырып, жаралы күйінде елге оралады.
Оқ пен оттың айызы қана ысқырып, өлім мен өмір жиі итжығыс түскен қанқұйлы соғыста, қаруласы сүрінгеннен тұра алмай жатқанда, кім жанына сауға сұраған?! Атам Қасен де қан майданнан аман-есен келгенімен, зұлмат жылдар салған жара асқынып, бірнеше жыл төсек тартып жатады. Ақыры меңдеген аурудан бақиға аттанды. Мен атамды көргенім жоқ, бірақ әкемнің айтуы арқылы санама сіңіріп өстім.
Әкем Жүсіптің балалық шағы соғыстан кейінгі жадау тіршілік пен құбатөбел өмірмен жалғасты. Фашизмнің сояу тырнағы батқанда, «Отан үшін!» деп талғажау еткенін түйіп берген өңірге, үкімет емірене омырауын иіп бермесе де, сүйегі сықырлаған кәрі-құртаң мен уызға жарымаған баланы еңбек етіп, нан табуға итермеледі. Әкеден ерте айрылып, анасы Бәтжан мен әпкесі Күлбанудың қамқорлығында қалып, буыны бекіп, бұғанасы қатпаған әкем Жүсіп те ашамайын салып, балалық тайына міне бергенде, қара жұмыс шылбырына жармасты. Бірақ, бір әулеттің қамшысын сілтеп, бір шаңырақтың адалбақанын көтерер ер-азамат болғасын қаймыққан жоқ, қайраттана түседі. Тасқа салса да жүзі мұқалмайтын болат қылыштың қайнаудан шынығатыны секілді, әкем де қара жұмыспен шыңдалып өсті.
Жүрегіңде от лапылдатып, көтеріп тұрып құлата білген өмірдің, есіңнен тандыра соға білген алақаны жұбата біліп, шашыңнан сипайтыны тағы бар. «Тыр-тыр» ете түтіні будақтаған техниканы танып-білуге әуестігі кекіл қайырған бозбала әкемді көлік рөліне отыруға алып келді.
Бұлттан кейін күн шығып, тың игерудің таңы арайланып атқан сол кездері колхоз жиналысы кезінде озат еңбекшілердің есімі жиі айтылып жатқанда, әкем Жүсіп те ауыздан түспеген. Бейбітшілік кәлимадан түспей тұрған сол жылдары әскерге алынып, сонау Ресейдің көк алабы Мурманск, Солтүстік теңіз флотында Отан алдындағы борышын өтеп, үш жылдан соң елге оралады. Елге келген соң, матрос киімін үстінен шешеді. Әскерге кеткенге дейін, бұтағында бүр жарған, техникаға қызығушылығына от үрлеп, жүргізушілік мамандығын игереді. Жүргізушілік – ер-азаматтардың қолы тапшылық етіп жатқан сол кездері, көңілінің хошы соққанда оқи салатын ісі емес еді. Бірақ, әкем жігерін жиі қамшылап, тепкішегі биік болса да, сол тұғырға ілінді.
Міне, әкемнің осы кәсібі менің болашағымның іргетасын қалады. Мен басқан баспалдақтың шегесі болып қағылды. Мен мінген тұлпардың үзеңгісі болып аяғыма киілді. Балалық арманымның самұрығы қияда қалықтағанда да қанатына қондырған әкем. Әлі де соқпағы көп өмірдің сүрлеу жолында жөн сілтеп келеді.
«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деген сөз рас екен. Ылғи түзде жүрсе де, ойлайтыны – біз. Осы бір құдіретті, ешқандай өлшемге сыймайтын жанға күніне бір рет қоңырау шалуға уақыт таппай жатамыз ғой. Мейірімін жұртқа көрсете шашып төкпесе де, мейірлене бір иіскеп, шашыңнан бір сипағанда, кейде бұл өмірде бар екенімізді ұмытып кетеміз. Махаббатын сөзбен емес, іспен жеткізетін әке рақымы қашан да бізге нұрлы жол нұсқап жүреді. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер-білім і– ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса: «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді. Көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой», – деп мақтайды. «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» дегендей, отбасында ұлдар әкелері немесе аталарының бойындағы қасиет пен өнерін үйренген.
Әкем үшін спорттың алатын орны ерекше. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, шыдамды, шымыр болады деп санап, мені бокс үйірмесіне бергенін былай түсіндіретін: «Салауатты өмір сүру дегеніміз – тазалық сақтап, дене тәрбиесі және спортпен шұғылдану. Сол үшін сені спорт секциясына бердім». Әкем балаларының ақыл-ойының, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына ерекше көңіл бөліп отыратын. Менің жігерлі, табанды, ұстамды болғанымды қалап, өз қолынан жетектеп әкеліп, бокс үйірмесіне берді. Үйірмеге қатысып жүрген кезімде, әкем қандай жетістіктерге жеткенімді сұрап, мені қолдап, қадағалап отыратын.
Бокс үйірмесіне қатысып жүрген кезім, кейде бет-аузым көгеріп келемін. Мұндайда әкем: «Көгерген көз бен әрбір жарақат саған сабақ болмақ. Егер өзің бір нәрсені бүлдірсең, жағымсыз жағдайға тап болсаң, бұдан не сабақ алатыныңды ойла», – дейтін. Осы тақырыпта менімен ұзақ сөйлесетін. Әр адам өз қателігі арқылы өсетінін түсіндіріп отырды. Әр жағдайдан сабақ алып отыруды үйретті. Өмір бойы жүргізуші болса да, әкем бокстың қыр-сырын жақсы білді.
Әкем үйде болған кездерінде бізге арнайы көңіл бөліп, сабағымызды қадағалап, күнделіктерімізді тексеретін. «Балаға үміт арту – әкенің қарызы, ақтау – баланың парызы» дейді қазақ халқы. Әкем біздің болашағымыздан үлкен үміт күтетінін жасырмайтын. Әкемнің маған ылғи айтатыны: «Адамның өмірде бақытты және бақытсыз болуы, табысты және табыссыз болуы – өз қолында. Армандай біл, ұлым! Армансыз адам — қанатсыз құспен тең. Арманға жетудің ең қысқа жолы – алдыңа мақсат қою. Жалқау болсаң, мақсатыңа жетіп, ата-ананың үмітін ақтай алмайсың. Сабағыңды жақсы оқы, білім алуға ұмтыл. Жақсы болсаң, менің мақтанышыма айналасың», – дейтін. Үлкен ұлы болғасын ба, әкемнің маған қаталдық танытқан кездері көп болды. Әкем қыз бала болғасын ба, Жұлдыз әпкеме қатты сөйлеп, кейімейтін. Ал інім – үйдің кенжесі, оны бәрі еркелетіп бетінен қақпайтын еді. Қазір ойлап отырсам, әкем маған арқа сүйер азаматым болып өссін, оның үстіне інісіне үлгі көрсетіп, келешекте оған демеу болсын деген ниетпен қаталдық танытқанын түсіндім.
«Нағыз әке – ақылгөй де асқар жан,
Барлық ұрпақ әкелерден басталған» – деп ақындар жырлағандай, ер бала әкесімен сырлас, жолдас, дос. Мен әрқашан бір әрекет жасау үшін, әуелі әкеммен ақылдасамын. Ер бала ретінде өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуымда, қоғамдағы өз орнымды дұрыс табуымда әкемнің атқарған еңбегі ерекше. Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағат көзі – әкем.
Ал, анама келер болсақ, Күнжарықова Шолпан Сламғалиқызы Риддер қаласында әкеммен бірге бір жыл, бір күнде 1952 жылдың 14 қыркүйегінде жарық дүниенің есігін ашты. Танымымызды тереңге зерделесек те, тұңғиығына үңіле алмайтын бұл құдірет – осы ұқсастық, олардың бір-бірін жар етуіне себепші болған шығар деп ойлаймын. Шиден тысқары деп ұзатып салған өрісінің, барған жерінде тастай батып, судай сіңгенін қалайтын ел емеспіз бе? Барған келіннің сүйегі асыл әулеттің тегіне өтетін қазақы дәстүріміз тағы бар, кейінірек анам тегін Рахматулина болып өзгертіп алған.
Көп балалы отбасында дүниеге келген анамның әкесі Сламғали (нағашы атам) бұғанасы бекімей он жастан қайласын қолына алып, еңбекке ерте араласты. Түн бүркеніп ұшқан үкінің көзіндей бағыты болжаусыз соғыс жылдарында шахтада жұмыс жасаған. Тылдағы жұмыс та алдыңғы шептен бір кем емес болатын. Еңбек майданының бел ортасында жүрген анасы Нәзипа алты баланың тәрбиесімен қатар, орамалын беліне түйген отағасымен бірге қолына күрек алып, үй салуға жәрдемдескен. «Мынау – ер, мынау – әйел» деп талғамайтын қара жұмыстың қатқыл заңына сағын сындыртпаған. Үйдің үлкені болғандықтан, анам мұржалы үйдің тірлігін істеп, анасына қолғанат, бауырларына қамқор бола білді. Кішкентайынан үй шаруасын анасымен бірдей атқарып үйренген анам жастайынан еңбек қазанында қайнап, құрыштай шымыр болып өсті.
Ел тіршілігі солғын тартқан сол жылдары анам таң атса, колхоз жұмысына көсілетін жұртпен бірге жөнелген анасына демеу болды. Қашанда жүк ауырын нар көтерген емес пе? Құрақ көрпедей жамаулы тіршілік жұмыстан басқаға мойын бұруға жар бермей, өзінен кейінгі бауырларына сүйеу бола білді. Ғұмыр бойы жеңіл өнеркәсіп саласында еңбек етіп, оймағын киіп, тебенін сабақтап, тігін цехында тігінші болып жұмыс жасады. Көңіліңді көктем етіп тұрып, ызғарлы қыстай жүрегіңді қарып кететін тағдырдың тосын сыйларынан сүрінбей өтіп, қалған бауырларын анасы екеуі қанаттандыра білді. Үйдің үлкеніне артылар жүк жеңіл емес екенін жастайынан түсініп, қарды жарып шыққан наурызгүлдей ерте есейді.
Ана – мұқабасын шаң баспас Құраннан кейінгі қасиетті кітап! Ана – шұғыласы әлемді нұрландырған алтын ұя! Ана – тарғыл тағдыр тірсектен ұрып, өмір ызғарынан бүрсең қаққанда жылытатын ыстық ұя! Жел тербеген қаламымызды сия сауытқа батырып алып, қағаз бетіне қанша жүгіртсек те, бейнесін толық аша алмайтын алып тұлға!
Келін болып түскен әулеттің береке бірлігін жанына жалау етіп, өн
![]()
егелі өмірдің ізгі жолын сала білді. Даланың дарқан кеңдігін кеудесіне сыйдырған анам – Алтын адам! Жалғанның жүйрігін жалынан тартып мінсем де, ақ сүтіңді ақтай алмаспын. Көңілі гүл көктем, мейірімді жансың! Түн ұйқыңды төрт бөліп, бесік тербеткен анаңды сүйсең, менше сүй! Аузындағысын жырып беріп, алақанына мейірім ұялаған асыл ана – бір күлімсіреуің үшін, Алладан амандығыңды тілеп, қолымнан келгеннің барлығын жасаймын. «Ана» деген сөзді құлағы шалса: «Мені қай балам шақырып жатыр?» – екен деп, алаңдайтын кіршіксіз ана жүрегі алтын десе алтын ғой! Отының алауын сөндірмей, отбасының ұйытқысын жоғары қоя білген баға жетпес құндылығым, жанымның жалауы – жан анашым!
Халық арасында «Алла Тағала нәрестенің туған сәтінен бастап, әр қазақтың жан-дүниесіне күйдің бір бөлшегін дарытады» деген сөз бар. «Халық айтса, қалт айтпайды». Мұның біздің отбасымызға да тікелей қатысы бар. Анам табиғатынан берілген шығармашылық қабілетімен де ерекше еді. Алайда, жең түре кіріскен еңбек мойын бұрғызбай, жарқ еткен сәулені жалындатпады. Жетінші түйсік жүрегінде толқыған анамның бойындағы «поэзия әлеміне» деген іңкәрлік қанатынан айрылған қырандай жыр әлемінде қалықтай алмай, тек менімен поэзия айдынында жиі жүзіп, ғажайып сырдың есігін қағып, өлең жаттаумен шектелді.
Міне, осылай, алма ағашы бүр атқанда, жауқазын қауыз жармады. «Сырлы аяқтың сыры кеткенімен, сыны кетпейді» деген емес пе?! Найзағайдай жарқ еткенімен, құйрықты жұлдыздай ағып өте шыққан тамырындағы өзгеше бір дүрсіліне қайта құлақ қойып, балаларына, немерелеріне деген махаббат-мейірімін қалам ұшымен төгетін сәттері де жоқ емес.
Әкем қаталдау болғанымен, анамның жаны – нәзік, мейірбан әрі сезімтал жан. Қоңырауды асыға күтіп, мектеп партасын жатсынған ойын баласы кезімде, күнделігімді анама көрсеткенімде, кейде қулыққа басып, өтірік айтқан кездерім болды. Мұны өтірік дегеннен гөрі, анаға деген баланың еркелігі іспеттес десе болатын. Әрине, ішінде анамды қуантатын баға болмағасын да, осылай бұра тартатынмын. Әкеме бұлай жасай алмаймын! Менің «бұрыс» қылығымды бірден сезіп қоятын. Анам өзгеше.... ондайда мені көп қинамайтын. Сөзіме сенетін. Қулығымды іштей сезіп, біліп тұрса да менің көңілім үшін, білмегендей кейіп танытатын. Осылай, асыл анашым толып жатқан кемшіліктеріме кешіріммен қарайтын жалғыз адам болды.
Жан-дүниемнің бағбаны, көңілімнің жайнаған көктемі, көзімнің жасын-нұры анамның ақыл-кеңесін бір сәт те жадымнан шығарған емеспін. Көз ұшында қол бұлғап қалған жастық шағымда ол маған: «Бағың жанып, қанша биікке көтерілсең де – жер басып жүргеніңді ұмытпа! Өмірде адам бойына енуге құмар жамандықтардың түрі көп. Соның бірі – тәкаппарлық. Сабыр, қанағат, рахым, ар-ұят достарың болсын! Көзіңді төмен, жүзіңді алшақ ұста! Мәуелі ағаштың басы төмен болады», – деп әркез айтып отырады.
Анам мені барлық жағынан қолдайтын. Ол үнемі: «Ешқашан берілмеу керек. Мүмкін қазір сен дұрыс істеп жатпаған боларсың. Ондай болса, тоқтап, өз әрекетінің дұрыс-бұрыстығын байқау керек. Бұрыс болса, жаңа шешім қабылдаған жөн. Егер тырысқаныңа қарай ештеңе өзгермесе, саған мақсатыңа жету үшін, басқа жолды қарастыру қажет. Жаңа жолды, жаңа амалды тауып, сол арқылы қалағаныңа жете аласың. Көбірек оқып, көбірек білуге тырыс, сонда кейін өзіңе жұмыста да жеңіл болады. Мақсатқа қол жеткізудің бірден-бір жолы – төзімділік. Төзімділік пен бірбеткейлік, талпыныс аса маңызды. Олар жетістікке жетуден де маңызды», – деп ақылын айтатын.
Анашым әрдайым жағдайымды ойлап жүреді, ылғи мен үшін уайымдайды. Күн суи бастаса: «Балам жылы киініп жүрсің бе, жылы бәтеңкең бар ма?» – деп, күніне он рет хабарласады. Әр сенбі сайын амандығымды, немерелерін сұрап қоңырау соғады. Менің уақытылы тамақтанып, уақытылы демалғанымды, ауырып қалмауымды тілейді. Тіпті «қажеті жоқ» дегеніңе қарамастан, қаражат жағынан жәрдем көрсетуге ұмтылады... Қайран Ана жүрегі!..
Ата-анам алдымызда ауырмай ұзақ жүрсе екен деп тілейсің, әкем 65 келсе де үйде болатын кезі сирек. Қашан сөйлессең де, ұзақ жолға бара жатады немесе келе жатады дегендей. Әйтеуір ұзақты күнге бір тыным таппайтыны хақ. Бірде алыстағы Қытай мемлекеті, бірде Ресей Федерациясы... Кейде әкемді түсінемін, ол үйде отырса, бірден қартайып кететін сияқты. Себебі, үнемі жұмыс жасап қалған адамға үйде отырып қалу қиын. Дегенмен, әкемнің анамның қасында көбірек болғанын қалаған болар едім.
Біздің үйдің тұңғышы – әпкем Жұлдыз 1975 жылдың 30 қаңтарында дүниеге келді. Ежелгі Грекияның философы Клеобула: «Қыздарды жасы бойынша қыз деңгейінде, ақыл-ойы бойынша әйел деңгейінде тұрмысқа беру керек», – деген екен. Осы ойларды бетке ұстап, ата-анам қыздары Жұлдызды ошақ отын маздататын, оны тұтатып қана қоймай, сөндіріп алмау үшін, қолдан келгеннің бәрін жасайтын әйелге тән құрмет негізінде және біздің ұлттық дәстүр арнасында тәрбиеледі. Қай кезеңде болмасын тәрбие төңірегінде ой толғағанда, алдымен ауызға оралатын адамгершілік тәрбиесінің бірінші орынға қойылып келгендігі бесенеден белгілі жайт. Анамыздың тәлімді тәрбиесін алған әпкем Жұлдыз Жүсіпқызы Рахматулина – (тұрмыста болғаннан кейін Құдайбергенова) қазір бір шаңырақтың отанасы, Асанәлі есімді баланың анасы. Жұлдыз қоғамдық тамақтану саласында, «Семнан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде сатушы болып жұмыс жасайды.
1978 жылдың 2 қыркүйегінде дүниеге келген маған әкем «Қасен» деген есім бергенде, мені батыр бабасының жолын жалғастырар ұл болсын деген шығар. Менің балалық балдәурен кезім өзімнің миллиондаған құрдастарым сияқты қарапайым еліктеу мен ынта-ықылас жағдайында өтті, өйткені қазіргі заманның өзі ұсынып отырғанындай заманауи техникалық құрал-жабдықтар мен ғаламтор жүйесі болған жоқ. Біз зияткерлік, рухани, дене тәрбиені ата-анамыз және ұстаздарымыз арқылы алдық. Рухани байлық – ең алдымен әр халықтың ұлттық әдет-салты, мәдениеті, өнері және шыққан түп тамырында жататыны белгілі. Сол ұлттық құндылықтарды бүкіл адамзаттың өз ұрпағын тәрбиелеудегі білім берудегі ұстанымдарымен байланыстыра отырып, әр баланың қабілетін, талантын ашып, өз-өзіне сенімін нығайтып, сан қилы өмірде аяғынан тік тұрып кететіндей жағдай жасаған жандар – ұстаздар қауымы болды.
Мектепте жақсы оқып, маңдайалды оқушылардың бірі болдым. Үйде сабағымды ата-анам үнемі қадағалап отыратындықтан, мен үй тапсырмасын тыңғылықты орындайтынмын. Тіпті, өтілмеген тақырыптарды да алдын-ала оқып қоятынмын. Әдебиетті, музыка пәнін жақсы көрдім, бірақ дәлдікті, шапшаң ойлауды қажет ететін математика пәніне, есеп шығаруға жүйрік болдым. Кейін жақсы оқығанымның пайдасы көп тиді.
Әкем маған: «Ұлым бір автобазаның бастығы болады», – деп, Автомеханикалық техникумға баруыма кеңес берді. Қиналмастан оқуға түстім, оқуды өте жақсы оқыдым. Сол кездері «балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендей, түрлі өзгеріске толы кез болатын. Көп ойланып барып әкем маған: «Балам, заманның өзгергенін көріп отырсың. Ендігі жерде басқа мамандықты игергенің жөн болар», – деп заң саласына баруға ұсыныс жасады. Шынымды айтсам, өзім де соны жөн көрдім. Әділдік туын тік ұстап жүретін заң саласының қызметкері болу – менің бала күнгі арманым еді.
18 жасымда сол кездегі Қазақстанның астанасы – әсем қала Алматыға жол тартып, әуелі сырттай оқуға, кейін күндізгі бөлімге құжаттарымды тапсырдым. Сөйтіп, Экономика және құқық институтына оқуға түсіп, студент атандым. Алматыда менің әкемнің туған апасы Кулбану тұратын. Әкем сияқты өте талапшыл, қатаң тәртіптің адамы. Көп жыл бойы жеңіл өнеркәсіп саласында еңбек етті. Кейінірек мейрамхана меңгерушісі болып қызмет атқарды. Мен оны «мама» деп атап кеттім, себебі оқу бітіргенімше, оның қамқорлығында, тәрбиесінде болдым. Әлі күнге дейін хабарласып, кездесіп тұрамыз. Өзін жақсы күтеді, апамыз – 80 жасқа келсе де, қарттыққа мойынсұнбаған жан. Киімді де соңғы үлгімен өте сәнді, жарасымды етіп киінеді. Бар білгенін маған үйретіп, келешек өмір сынына төтеп беруге дайындаған апамызға өмір бақи қарыздармын.
Оқуымды ойдағыдай аяқтап, мен алғашқы еңбек жолымды 2004 жылы Бас әскери прокуратурасының Орал гарнизонында әскери прокурордың көмекшісі қызметінің міндетін уақытша атқарушы болып бастадым. Одан кейін, Бас әскери прокуратураның Өскемен гарнизонында әскери прокурордың көмекшісі, прокурордың аға көмекшісі, Бас әскери прокуратураның Ақтау гарнизонында әскери прокурордың аға көмекшісі, әскери прокурордың орынбасары, Бас әскери прокуратураның Талдықорғандағы гарнизонында әскери прокурордың орынбасары қызметтерін атқардым.
Әскери өмірдің бұлтартпайтын күндері, қатаң да болса әділетті талап, жолдастық сезім мен өзара жауапкершілік, темірдей тәртіп – көп жағдайларда менің жеке басымның қалыптасуына ықпалын тигізгені анық. Қаһарман халық ұлы Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды, Тәртіпке бағынған құл болмайды» – деп айтқандай, қол астындағылардың сенің бұйрығыңды бұлжытпай орындауына қол жеткізуі үшін, өзің де бағына білуге тиістісің.
Жуырда Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың кітаптары мен мақалаларын қайта оқып отырғанда: «Халықтың сенімін ақтаудан басқа зор мәртебе болмайды, болуы да мүмкін емес», – деген сөздері көзіме оттай басылды. Бізге, әскери прокуратураның қызметкерлері үшін, заңдылықты, азаматтар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бұл сөз – жай айтыла салған сөз емес. Біз үшін оның маңызы ерекше десем, артық айтқандығым емес.
Әскери прокуратура саласы – арнайы білім мен тәжірибені, талдай білу сезімін ғана емес, сонымен бірге табиғатынан бойында бар дарынды талап ететін жауапты да қызықты жедел жұмыс. Бұл сезімдерді бойына сіңірмеген маманның кәсіби жедел қызметкер болуы мүмкін емес. Әрине, қазіргі жедел жұмыста жаңа технологиялар кеңінен қолданылады. Адам өмірі еңбек күндерінен ғана тұрмайды. Ол өзі бетпе-бет келетін айналасындағы орта оның өмірін көркем, қызықты да әсерлі етеді.
«Ана үшін аянба – ант ұрады.
Бала үшін аянба – бетің күйеді.
Ел үшін аянба – ерлігіңе сын,
Жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын». Бұл нақыл сөздерді бүкіл қазақ халқы үшін қаһармандықтың символына айналған батыр Баукең айтқан болатын. Бауыржан Момышұлының әрбір сөзі мен ісі – мен үшін үлгі-өнеге екені анық.
«Генерал болуды армандамаған солдат, солдат емес» деген. Қай салада болмасын қызмет сатысымен көтерілу оңай емес, талай қиыншылықтардан өтуге тура келеді. Мамандығың өз көңіліңнен шығып тұруы қызмет барысында өте қажет, яғни жақсы көретін ісің саған бір қанағаттанарлық сезім беріп тұруы керек. Егер басқа кәсіпті таңдаған болсаң, өмір бойы рухани азық әкелмейтін іспен айналысқан болып есептеледі. Жақсы көретін жұмысың – қанаттанып жұмыс жасап, шаршамайтын, оған жұмсаған уақытың да білінбейтін нәрсе деп ойлаймын.
Өзімнің кәсіби еңбек жолымды айтсам, қызмет баспалдақтарының түрлі сатыларынан өттім. Мұны мен 13 жылдан астам әскери прокуратура органдарында істеген еңбек өтіліме ештеңе жетпейді. Бір кездері таңдаған прокурор жұмысын еш нәрсемен ауыстырмайтынымды көрсетті деп ойлаймын. Осы ретте Жоғары басшылықтың ұсынысы бойынша 2017 жылдың 4 қаңтарынан бастап, Бас әскери прокуратураның Қызылордадағы гарнизонына Әскери прокурор болып тағайындалдым.
Жоғары басшылықтың ұсынысы бойынша Әскери және қызметтік міндетін үлгілі орындағаным, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы үлесім үшін «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл, «ҚР-ның Прокуратурасына 20 жыл», «ҚР-ның Қарулы Күштеріне 20 жыл» және «Мінсіз қызметі үшін» ІІІ дәрежелі медалімен марапатталдым.
Өзімнің болашақ жарыммен Орал әскери гарнизонында жұмыс істеп жүрген жылдары таныстым. Семей өңірінің тумасы Нысанова (кейінірек Рахматулина) Әсел Узкенқызы – 1980 жылдың 8 қазанында дүниеге келген ару, біздің шаңыраққа 2008 жылдың 3 шілдесінде келін боп түсті. Міне, содан бері екеуміз өмірдің сан тарау соқпақтарынан бірге жүріп келеміз.
Әйелдің басты парызы – ана атанып, адамзат ұрпағын көбейтуге үлес қосу. Әйел – үйдің сәні, «отбасы» деген шағын мемлекеттің билеушісі. Үйдің көркі, береке-бірлігі, жақсы-жамандығы, бақ-ырысы әйелге байланысты. Әйел – ерлердің сенімді серігі, жөн сілтер ақылшысы. «Ерді ер қылатын да, жер қылатын да – әйел» дейді халқымыз. Қазақ халқы ерлердің елі үшін, еселі еңбек сіңіріп, ер аталуы, еңсесі түсіп ез болуы да, ең алдымен, әйелдің жақсы-жамандығымен байланыстырады. Осы жағынан қарағанда, өзіме Әсел секілді жақсы жар бұйырғанына шүкіршілік етемін. Әсел сот орындаушысы– қызметінде, бүгінде бала күтімі бойынша демалыста.
«Баланың у-шуына жетер дүниеде не бар? Одан өткен сазды әуенді табу мүмкін бе?» – деп жазады Б.Момышұлы. Балалы-шағалы үйге барсаңыз, бірі сабақ оқып, бірі теледидар көріп, енді бірі асыр салып өз алдына ойнап жүреді. Ата-ана үшін бұдан артық бақыт бар ма? Сондықтан жарым екеуміз – бақыты бірде бар, бірде жоқ, баянсыз тірлікте «бала – баяндылық, өмір гүлі, тірлік тірегі» дегендердің қатарындамыз.
Мен біздің әулетте өз өмірін әскери қызмет саласымен байланыстырған бірінші адаммын. Ал өзімнен кейін 1982 жылдың 3 шілдесінде өмірге келген інім Жасұлан Жүсіпұлы әке жолымен жүріп келеді. Ол қазіргі кезде Семей қаласындағы автоорталықтардың бірінде экспедитор-жүргізуші болып қызмет жасайды. Жасұлан – отбасылы, отбасында екі бала тәрбиелеп отыр.
Өмірінде ер-азамат үш міндетті орындауы керек дейді: олар ағаш егу, үй тұрғызу және лайықты мұрагер – ұл өсіру. Ата-анамның атына кір келтірмеуге және ата-бабаларымның дәстүрін ардақтап қастерлеуге, олардың алдындағы парызымды кішкентай болса да өтеуге барымды салып келемін.
Мен әрдайым өз үйіме, Семей өңіріне оралған сайын, кереметтей толқу және қуаныш сезіміне бөленемін. Бұл тегінде, адамның өзінің туған жерімен, шыр етіп жерге түскен сәтінен бастап, әлдебір нәзік байланыста болатындығымен, ал туған жердің киелі қасиетінің біржолата адамның жан дүниесінен орын алатындығынан болса керек.
Бауырларым өмірде өздерінің лайықты орындарын тапты және жұбайларымен үлкен де тату отбасының иелеріне айналды. Адамның беделі оның өзінің жеке басының толыққандылығына, өз еңбегімен, қажыр-қайратымен оның бойында ата-бабалары дарытқан рухты қаншалықты іске асыра алғандығында жатыр. Ал түп тамыры – бұл оның күш-жігерінің, тәжірибесінің, ақыл-ойының және шабытының қайнар көзі. Осы тұрғыдан алғанда, мен Отан алдындағы борышымды өтеп, Қазақ елінің гүлденуі үшін барлық күш-жігерімді жұмсап жүрмін, әлі де солай жасай беретініме сендіргім келеді.
Бірде, Жапонияның тәжірибесін зерделеген кезде, онша мәнді емес болып көрінетін, бірақ та мағынасы терең фактіге тап болдым. Кез келген жапондық өзінің туған күнінде сыйлық сатып алады екен де, ең бірінші кезекте, ата-аналарын құттықтауға және өзінің жарық дүниеге келгені үшін оларға алғыс айтуға барады екен. Қазақтың ділінде де уақыт өшіре алмаған рухани құндылықтар аз емес. Соның бірі – ата-анаға қатысты көзқарас. Біздің халқымызда адамның жеке басына баға бергенде, осы өлшемге үлкен мән беріледі.
Ата-анам – бүгінде 8 немереге ата-әже болып отырған бақытты жандар. Олар: Асанәлі, Күнсана, Арлан, Аңсар, Жәңгір, Алмагүл, Мариям, Әмірхан. Мен – бес баланың әкесімін. Тұңғышым Аңсар Қасенұлы 2008 жылдың 23 желтоқсанында өмірге келді. 2010 жылы 18 наурызда екінші ұлым Жәңгір дүние есігін ашты. Қызымның үлкені Алмагүл 2011 жылдың 11 қазанында туылса, екінші қызым Мариям 2014 жылдың 7 қыркүйегінде өмір есігін ашты. Отбасының кенжесі, ұлым Әмірхан 2015 жылдың 24 қазанында дүниеге келіп, біздің отбасын тағы да қуанышқа бөледі.
Осы ұлым туралы айта кетсем деймін, себебі ұлым «атасының аузынан түскендей» айнымай қалған. Баламды көрген жұрттың бәрі: «Айнымай қалған кішкентай Жүсіп қой мынау», – деп таңқалысын білдіріп жатады. Бір нәрсені бүлдірсе немесе қолынан түсіп кетсе, бірден басын ұстайды. Осы қылығына дейін әкемнен аумай қалғанына бір жағы таң қалып, бір жағы қуанамын. Әлі үшке де толмаған ұлым атасын бір-екі рет қана көрді, онда да сәби кезінде ғой. Телефоннан атасының дауысын естіген сәтте-ақ «аталап» жүгіріп келеді. Сірә, қазақтың «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген сөзі осындайда айтылса керек. Әрине, атасы үшін өзінен аумай қалған немересі болғаны үлкен бақыт қой. Лайым осындай қуаныш көп болса екен!
Дүниенің ең тамаша туындысы – тамаша тәрбие алып шыққан адам болып табылады. Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде болады. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының тигізетін әсері мол.
Адамгершілік саналылығы – биік ата-ананың, отбасы мүшелерінің өзіндік сыйласуы, көмегі, татулығы мен ынтымағы, бір-біріне талап қоя білуі. Әқашан әділ болуымен, өзара қамқорлығы астасқан отбасынан қашанда көргенді, білікті, іскер, азаматтар өсіп шығады. Міне, осындай өнегелі отбасында туып өскен, оқып, білім алып, қоғамдық еңбектің бір тұтқасына ие болып жүрген азаматтардың қай-қайсысынан да: «Өмірдегі арманыңа адастырмай қанат қақтырған ең қымбат адамың кім?» – деп сұрай қалсаңыз, ең әуелі өз ата-аналарын айтады. Ата-анасының ауызбен айтып жеткізгісіз аяулы еңбегін, баға жетпес үлгі-өнегесі мен тәлім-тәрбиесін жыр қып шертеді. Мен де – солардың бірімін. Ата-анама «Мың алғыс!» дегім келеді. Рахматулин Қасен Жүсіпұлы