![]()
ПАРЫЗ
Қаламымызды сия толы сауытқа қанша малсақ та өмір келбетінің бояуын қанық ете алмайтын пенде емеспіз бе?! Ғылым қабілетіне ұмтылып ұлы армандарға қол созғанымызбен, тау басындағы алтын тостақтың көл бетіне түскен алдамшы сәулесіне сеніп, тұңғиығына қойып кетіп, тереңіне бойламай тұншықсақ та жалған дүние қызықтыруын қояр емес. Бұрын таңның атқанын сездіріп әтеш шақыратын болса, тіршілік деп ерте оянатынымыз сонша– бүгінде әтешті біз оятатын халге жеттік. Тұрмысымыздың белі бүгілмес үшін, қара нанымыздың да қиқымын қараторғайға тастамай, қолымызда кетпенімізді қарманып әлекпіз. Жұмыс, үй, бала-шаға... Жалғандықтың шын сырын ұға алмайтын пенде емеспіз бе? Жетпейтұғын нәрсеге қол созып, әліміз келмесе де алып жығуға тырысамыз. Айыр өркешті заман көшіне, тартпа бауы құр мен қайыстан тігілген тұрмыстың қара қоржынын артып жіберіп, біреудің артында, біреудің алдында тоқтаусыз жүріп келеміз.
«Әке...». Санамыздағы естелігімізді уақыт желі өшірмек болған сайын, өрши түсіп, тағдыр аязы тоңдырғанда, күн болып сәуле шашып жылытып, түн қараңғылығы тұмшалағанда, жолымызды жарық етіп жөн-бағыт сілтеп келеді. Үйге кіргенде, ырысты ерте келетін, перзент үшін алып тұлға жайлы қаншалықты айта аламыз?! Қабағымен-ақ тәрбиелеген әкеміз қанша тентектік жасасақ та шет қағып көрген емес. Қайта еркелігімізге тігісімен жатқызып ақылын айтады. Әр адамның жүрек түкпірінде сыртқа шығармайтын, тіпті, ешкіммен бөліспейтін, бір сезімге толы сыры болады. Менің де перзенттік жүрегімді тербете өмірге құлшынысымды арттырып, өмір әділетсіздігінің тобылғы шоқпары тобықтан ұрып құлатқанда, сағымның сынбауына сеп болған тасқа басылған таңбадай болып санамда қалған әке сөзінің жігерлендіруі еді. Алтынмен аптап, күміспен күптесек те әке парызын өтей алмасымыз анық. Шегі түйіскен алақанымызбен бағышталған құранымыз ғана шапағатшы. Есімі ел есінде желдей ескен әкемнің өнегелі іске толы өмірін кейінгі ұрпақ білсін деген ниетпен қағаз бетіне түсіріп отырмын.
Әкем Қалжан 1902 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданында дүниеге келген. Білектен тараған саусақтай Сырдарияның төменгі ағысынан сағаланып тартылған арналар арқылы ойпаңға жиналған шағын көлдер бар болатын. Әкем сол балығымен өзегін жалғаған Көкжиде, Бірқазан станцияларының маңында өмір сүрген. Орта жүздің қарақыпшақ руынан. Тұғырдағы бүркітін көп қызылсыратпай, томағасын жиі сыпырған бабаларымыз ауқатты болған. Күбісінде піспегі тұрып қалмай, сабасында қымызы ашулы болған. Марқасын қырқып жүнін сабап, ыстық суға пісіріп киіз еткен түндігінен ай сығаламаған. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» деп ауыз толтыра айтарлықтай заман болатын.
Жиырмасыншы ғасырдың есігі сықырлап ашылғанда, бас жібін Мәскеуге берген елдер табалдырықтан жүрексіне аттады. Қанша жұтынса да, араны қайтпаған патшалықтың да жағдайы кетіп, түтіні бұрқ ете қалған жерге жандайшаптарын жібергенімен, жүрексініп тұрған кез еді. Бірақ, ашса алақанында тірлік еткен халықты жұмса жұдырығында ұстай алмады. Ақ патшаның тағына жармасқан уақытша үкімет жұмысшы бұқараның сойылын соққанымен, сұр шинелінің астында қылышы қынсыз жатқан болатын. Тігісі бақай есеппен тігілген саясат тонының ішін-сыртын айналдырып билік басына келген коммунизм де алғашында езуімізге күлкі үйіргенімен, басымыздан сипай қоймады. Бай-манапты «ақ патшаның тамыры», «халық малын тонаушы» деп, кәмпескелеудің қара тізімін жасады. Бәлкім, бұл да – халық қазынасы ортайған мемлекеттің бүйірін шығаратын бір қулық түрі болған шығар. Бірақ, «кәмпескелеудің қара өрті» бүкіл қазақ даласын шарпып өтіп, елді аша тұяқсыз қалдырды.
Ақ патшаға «дат тақсырлаған» атқамінерлер де кейпін өзгертіп, тіпті, қаракөл тоны барды «бай» деп айдатып жіберіп отырған. Кәмпескелеудің ұзын құрығынан атам да құтылмаған. Дүбірін алыстан естіп, бар малын халыққа таратып берген. Қудалау қатты болғандығы сонша – әкем көбіне әкесінің бай болғанын айтпауға тырысатын. Қорасында маңыраған қойының даусын естімей, ұйқысы қанбаған аталарымыздың ұрпағы болсақ та, кәмпескелеуден жүрегі шайлығып қалған ба әйтеуір, бізде артық тұяқ болмайтын. Оның үстіне ата-анадан ерте айрылған әкемді тағдыр маңдайынан сипаған жоқ. Жоқтың бір, бірдің екі болғанын қалайтын ел емеспіз бе, әкемнің есімін Қалжан деп, әкесі Тілеубергеннің інісі Әлжанның атымен ұқсастырып қойған екен. Қуғындау, кәмпескелеу, түрлі реформа, қазаны оттан түспеген үлкен әулеттен осы екі бауыр ғана қалады. Атасының атын шығарған дәулет те, байлық та жоқ. Өлместің қамын жасап, өз күндерін өздері көреді.
Әкем – заман ағымына ілесе біліп, ел басқаруға ертеден араласқан жан. Сайдың ығын, бұтаның түбін қалқалап, тарыдай шашылған халықты ұжымдастыру мақсатында жүргізілген науқанға атсалысқан адам. Сыналап енгізген бұл реформа ашаршылықтан алқымы құрғап, саптама етігінің өкшесі желінген сол жылдары жанары суалған елдің қарашығына нұр кіргізіп, қалжыраған елдің басын сүйеген еді. Ашаршылық жалғыз келген бе, қуаңшылықтан тепкі көрген ел алғашында ұжымдастыруға да тазы көрген түлкідей үрке қарады. Осындай қысылтаяң сәттері сөзі өтімді, ұйымдастыру қабілеті бар әкем бастауыш білімімен-ақ, колхоздастырудың бел ортасында жүріп, колхоз төрағасының орынбасары болды. Бір ерекшелігі – есепке жүйрік болатын. Оқушы кезімізде бәріміз: «Көке, есепке көмектесіңізші», – деп барған кезімізде, ешқайсымыздың да көңілін қалдырмай оқытып, үйретіп, сосын жаздыратын. Күрделілігі қиын есепті де шемішкедей шағып тастайтын.
«Жаңатұрмыс» колхозын алғаш ұйымдастырушылардың бірі болды, сол ұжымға еңбегі сіңді. Егін бригадасының бригадирі, кейіннен канал қазушылардың бригадасында еңбек етті. Шаңырағы енді көтерілген отауда жиһаз болған ба? «Артель» деп атауын қойғанмен, қорасында бір тұяқ жоқ. Халық барлық малын салғанда, әкем де мініс атын қосып, ер-тұрманын жаяу арқалап қайтқан. Жұтаңдық тартқан сол жылдары елдің басын біріктіріп, тұрмыс жағдайын түзетуге атсалысқан. Ашаршылық жылдары бидай қоймасының меңгерушісі болған әкем өзегі талған талай жанға қол ұшын берген. Осы ісі үшін басы кететінін біліп тұрса да: «Мен өлсем, сотталсам, ештеңе етпес, мына балалар аштан өлмесін», – деп, қаһары күшті тәртіптің зәрінен сескенбей, бір пұт бидайды қоймадан алып шығып, Сұлутөбедегі Нұргүл замандасына апарып берген. «Қалжан болмаса балаларым да, мен де аштан қырылар едік. Бір пұт бидаймен аман қалдық», – деп үнемі айтып отыратын. Аштық кімге не істетпеді? Тышқан аулап жан сақтағандар да болған. Әкемнің замандасы болған Айтжан деген ақсақал бар еді, сол кісі әкемнің жақсылықтарын айтқанда, ет жүрегім езіліп кететін. Осындай әкенің қызы болғанымды мақтан етемін.
Әкем ел қамын күйттеп жүріп, 1941 жылы Отан соғысына аттанған. Басынан бақайшағына дейін мұздай қаруланған неміс әскері алдындағы қорғаныстарды бұзып өтіп, стратегиялық маңызы бар нысандарға жақын келіп, қосынын тікті. Сталинград қаласының жаны мұрнының ұшына келгенде, барлық жауынгерді қорғанысқа қойды. Арам пиғылдары санасында сумаңдаған немістер қызыл көрген тұйғындай шүйіле түсіп, қалай да қаланы алып, әрі өтіп: «7 қарашада қызыл алаңда парад өткіземін», – деп тырнағын батырған кез еді. Әкем алғаш рет соғысқа Сталинград түбінде 376 атқыштар дивизиясының 14/28 қосымша құрамына қатысты. Үстінен таптап өтеміз деген күші басым немістер саны аз Кеңес әскерінің рухы өр екенін білмеген еді. «Бекіренің басы тасқа тимей қайтпайды» деген, мұқалмас қылышы тасқа тиіп, танкісінің ұңғысы жер сүзе құлағандықтан , аяғын кері тартуға мәжбүр болды. Соғыстың аты – соғыс. Елді қорғау үшін барған жерде өлім де болады. Кезекті бір шабуылда «Қалжан Тілеубергенов 1942 жылы қаза тауып, Ленинград облысы Липка деревнясы маңында, орман арасында жерленген» деп жазылған қара қағаз келеді. Жаулығының ұшында сағынышы желбіреп жүрген анам ауыр қайғы арқалап келген қара қағазды ешкімге көрсетпей тығып қояды. Екі аяғымен аттанып кеткен жарын кім өлімге қисын, қағазда жазылған қара сөздер көкірегін қарс айырса да, үміт шіркіннің жібін үзбеген. Жаратқаннан аман-есен оралуын тілеп, көңілін мұз еткен хатқа сенім жүгін артпаған. Жан жарының тірі екенін, жүрек дүрсілі соғып тұрғанын қайран анамның жүрегі сезген шығар. Талай жанның сағынышын күл-талқан еткен «қара қағаз» анамның сағын сындырмады.
«Бастырмалата шабуылдағанымен нәтижесіз болған соң, бар күшін жинап әуеден де, жерден де ұрыс бастады. Жаудың саны көп, күші басым. Немістерде автомат болса, бізде бір білтелі винтовка. Шегінерге жер жоқ, артымызда Сталинград. Бір қарыс жер үшін кескілескен ұрыс жүрді. Бір кезде жақындау жерге миномет түсті де... дүние төңкеріліп сала берді. Бір есімді жисам, біздің әскерлер «тірілері бар ма?» деп, соларды жинап жүр екен. Өзіме не болғанын білмеймін, ұйыған қан. Сау қолымды жоғары көтеріп, белгі бердім де, есімнен танып қалыппын»,– деп, әкем сол бір сұрапыл сәттерін есіне алып отыратын. Соғыс жүріп жатқан аймақта қашан да адам жетіспеген. Емдеу госпиталынан шыққаннан кейін, әкемді қайтадан майданға жібереді. Осы екі аралықта тағы да анама «қара қағаз» келеді. Жетінші түйсік жүректегі сәулені өшірген жоқ, қайта одан әрі жарқырата түсті. Асыл анашымның «тірі келеді» деген сенімі күшті болған ғой. «Сталинградтағы шайқаста ерлікпен қаза тапты» десе де, көңіл шіркін өлімге қимаған.
Әкем өзінің бір естелігінде: «Оқ жерден барып, төбеден ұлыған кездер еді. Түсі суық сұр бұлт аспанды қаптап, жерден жаудың оқтары ызың қаққан күндер болатын.Табиғат та қалысып жатқан жоқ, өңменінен өтер өткір суығын кезеп болуда. Сыйынатынымыз –Жаратқан, қалқа етеріміз – окоп. Алдыңғы шепте болғасын, бізге оқ-дәрімен азық-түлік жеткізу де қиын. Жаудың бірінші көздейтіні – тылдан келетін машиналар, соларды бірінші жойып жібереді. Бұл да – ережеге жазылмаған, қағаз бетіне түспеген, соғыстың бір айласы.
Немістер алға бір қадам жылжыған сайын, тынысымыз тарылып, түтін де қоюланып, зеңбіректің даусы қатты шығып, ызы-шу басталады. Бірде тоғыз тәулік бойы кескілескен ұрыс болды. Шабуыл да – шабуыл. Тойтару да – тойтару. Тамақ та берілмеді. Тоғыз күн бойы ас-сусыз, тоғыз күн, тоғыз түн соғысу деген... Адамның ит жанды екенін көрсетеді. Отанға берілген антымыз бар. Бізге сенген халқымыз бар. Біз жауды өткізіп қойсақ, олар біздің бала-шағамызды қырып салатын еді. Біз ол кезде соғыстың Отанымыз үшін, еліміз үшін, артымызда күтіп-елеңдеп қалған ағайын-туыс бауырларымыз үшін де біздің өлуге хақымыз жоқ болатын. Біз жауды өлтіруіміз керек, бірақ өзіміз өлмеуіміз керек. Біз өлсек, артымыздағы елді кім қорғайды?! Тоғыз күн аш жүргенде, біздің еңсемізді түсірмей азық болған әрі қайраттандыра түскен осы ішкі қайрау еді. Қолымызға қару алдырған – Отанға берілген өр рухымыз болатын.
Сәл саябыр тартқан бір мезетте көзім ілініп кетіпті, түсімде бір орыс келіп қолыма бір ұрғашы, бір еркек күшік ұстатып кетті. Отбасыма деген сағыныш жүрегімді кернеп жүргенде, мына бір түс мені одан әрі қанаттандырып жіберді. Өзімде бір серпіліп қалдым. «Еліме аман-есен қайтады екенмін. Бір ұлым, бір қызым болады екен», – деп, өзімше жорып қоямын. Тәтті үміт кімді жетегіне ертпеген?! Төбеңнен қанша оқ борап жатса да, көз алдыңнан ағайын-туыс, бауырларымыз кетпейді екен.
Сол түсінде көргендей елге жараланып келгеннен соң, 1944 жылы Бимәрия есімді қызды, 1946 жылы Жүсіпназар есімді ұлды болғаннан кейін, есіне соғыс жылдарындағы көрген түсін жиі еске алып отыратын. «Жығылғаныңда қолтығыңнан демеп, сүрінгеніңде орныңнан тұрғызатын туған жерге деген сағыныш құдіретті сезім ғой, шіркін! Оны сөзбен айтып жеткізу, мүмкін емес!...» – деп әңгімелеп отыратын. Кезекті бір ұрыста бірнеше жерден, басынан және оң қолынан жарақат алған әкем үшінші топтағы мүгедек болып елге оралады. Жігіт болып кетіп, жарымжан болып келсе де, үйде қарап отырған жоқ. Еркек кіндігі соғысқа кетіп, тірлігі тұралап қалған ауылдың жұмысын қолына алды. Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін 1941-1945 жылдардағы «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін», 1965 жылы «Жеңістің 20 жылдығы», 1941-1945 жылдардағы «Германияны жеңгені үшін» және тағы басқа да орден-медальдармен марапатталды.
Соғыстан келгеннен кейін, өзі іргетасын қаласқан «Жаңатұрмыс» колхозында пунктші, бригадир болып еңбек етті. Бертін келе соғыс кезіндегі майдандасы ма, әлде басқа біреу ма, сонау Мәскеуден әкеме іздеу салады. Біз жас болдық, баратын мүмкіншілігімізде болмады. Қазір сол кезде іздеуіміз керек еді деп ойлаймын... Қайтейін, ол күндер де өтіп кетті.
Менің өмірімнің бастауы «Жаңатұрмыс» колхозын құрушылардың бірі, Еңбек және соғыс ардагері, ел-халықтың құрметіне бөленген әкем Қалжан Тілеубергенов соғыс салған жарақаты асқынып, 1967 жылы 63 жасында дүниеден озды.
Бұл күнде есімін елде қалдыру мақсатында, сол кездегі Сырдария ауданының орталығы болған Тасбөгет кентінен Тілеубергенов Қалжан атына көше берілді. Біз әкемізді мақтан тұтамыз. Таулардың алыстаған сайын биіктей беретіні секілді, әкеміздің тұлғасы ұрпақтары үшін асқар тау болып қала береді. Ел арасындағы әрбір игі істерін, шапағатын көргендер еске алып әңгімелегенде, төбеміз көкке бір елі жетпей қалады. Әкем қайтқанда, жаназасына жиналған елдің қарасы қалың болды. Кезінде көмек көрсеткен, жәрдем еткен кісілер келіп, көңіл айтушылар ұзын-сонар болатын. Ошаман әкем деп атап кеткен әкемнің туысы: «Құдай-ау, осы елге мұндай жақсы кісі енді қашан келеді?» – деп тебірене, кемсеңдей отырып айтқан сөзі әлі есімде. Әкем өзіне қараған жанды жүрек жылуымен елжіретіп жіберетін мейірімді, атылған жеріне атқан оғы мүлт кетпеген мергендей, сөзі мірдей, әрі айтылған жеріне дөп тиетін. Өзіне жарасымды сақал-мұрты болатын. Жүзіндегі жұмсақтық, жанарындағы мейірімділік иман толы жүрегінен шығып жататын. Бес уақыт намазын қаза етпеген жан. Нәубет жылдарды басынан өткерсе де, ата-бабалары да тақуа кісілер болған. Арабша жазылған «Құран» кітабы төрімізде ілулі тұрады. Ол кітап әлі күнге дейін бар. Өтеген ағамның төрінде орын алып тұр. Бізді еңбекқорлыққа, адалдыққа үйретті. Ешкімнің ала жібін аттамай өмір сүру –ата-анамыздың бізге қойған нөмірі бірінші талабы болды.
Әкемнің негізгі іздеушісі – анам еді. Әкем қайтқан соң, оның барлық құжаттарын, әскери билеті бәрі-бәрі анамда сақтаулы тұратын. Анам кеткен соң, барлығы да қалды ғой әр жерде...
Анам Ұмытқан Пірімжанқызы 1914 жылы дүниеге келді. Әкесі де ауқатты болып, кәмпескенің шибөрісі тісін ақситқанда, байлығын елге таратып берген. Кіндігінен тараған перзенттің үшеуі де – қыз. Ер баласы болмаған соң, менің анамды 16 жасқа келгенше, ұл қылып тәрбиелеп, атқа мінгізіп, қолына қамшы ұстатқан. Қазіргідей қада қағылып, сым тартылмаған. Шекара деген атымен жоқ. Өзбек ағайындармен қойы қоралас болған ғой. Екі үлкен қызы Өзбекстанға тұрмысқа шыққан. Бір күні анамның үстіне алғаш рет қыздың көйлегін кигізіп, «әжеңе барасың» деп, (неге олай айтқанын түсінбеген күйі анам өмірден өтті) әкемнің ағасы Әлжанға әкеліп табыстаған. Кетерінде: «Осы жерден қозғалсаң, көрде тек жатпаймын. Мен сапарға кетіп бара жатырмын», – деп қадап айтып кеткен екен. Он бес, он алты жастағы анам неге олай айтқанын аңғармаған. Сол бір түбі жұмбақтау сөздер өле-өлгенше анамның аузында болды. Әйтеуір, «Ташкенттегі қызыма барамын» – деп, жолға шыққаннан нағашы атам оралмаған. «Ауқатты», «бай-манап» деп, жаралы қасқырды көрсе тура бата алмай, ізіне түскен бұралқы қорқаулардай аңдыған биліктің қолшоқпарларына жем болды ма екен?!.. Оның үстіне жалғыз жортқан жолаушыны жағадан алып, түйе жетектегеннің бұйдасын қолына ұстатып жіберген биліктің қылышынан сескенген байсымақтар тау ішінде қарақшы болып жүрген кез еді. Сай ішінде жыраға тығылып, бұта түбінде бұқпантайлаған ұры-қарылар ,тіпті, түз тағысы қасқырдың өзін нәпақадан қаққан тұс болатын. Ташкентке табаны тигенде, қала сыртын аңдыған жергілікті баскесерлер атамның қалтасындағы бар ақшасын сыпырып алып қоя береді. Үлкен қызының үйіне қалай жеткенін білмейді. Жездесі Төлеген аға айтатын: «Үйге келгенде аунай берді, аунай берді. Немен ауырғанын түсінбедік. Өз қолыммен жерледім». Қазір сүйегі Ташкентте жатыр.
![]()
Үлкен әжем мен нағашы атам – алыстан туысатын ағайындар екен. «Қызым кісінің есігінде кетпесін» деген ниетпен өзі Әлжан әкеміздің қолына әкеліп табыстаған. Жастары толып ер жеткен соң, әкем мен анамды ақ некелерін қиып қосады. Нақты қай жылдары үйленгендігін білмеймін. Сол 31-ші жылдары болу керек, өйткені үлкен апам Үржан 1932 жылы дүниеге келген.
Содан анам қайда келгенін, не үшін келгенін де білмейді. Үш жетім бір-біріне тірек болып өмір сүреді. Нағашы атам кетерінде: «Үшеуіңнің сыбағаларыңды Пәленше деген кісіге беріп кеттім. Содан алыңдар. Мен кетіп барамын», – деген екен. Ата-анадан ерте айрылған үш жетімнің біреуден енші алуға шамалары да болмай, сыбағалары алынбай қалған. Қазақ атамыз «У ішсең, руыңмен» деп бекер айтпаған. Ол кездері кімнің ұртына ақ май түскен. Табаны жұқа, киімі жамау болса да, елмен бірге түтін түтетіп, ғұмыр кешкен. Қос жетімнің арқа сүйері болып, қанатының астына алған Әлжан әкеміз 1974 жылға дейін өмір сүрді. Әкемізді «көкем», анамды «қалқам» деп атайтын.
Ағайынды қос бауырдың бірін аға, бірін жар еткен анам аралары бір жарым жылдан он үш құрсақ көтерген. Осы әулеттен өрбіген ұрпақ – бүгінде үлкен әулетпіз.
Тұңғыш қызы Үржан бойжеткен соң, XXI ғасырдың басында қайраткерлігімен көзге түсіп, қазақ халқын езгіге салған патша саясатына қарсы күрескен Мұстафа Шоқайдың ағасы Нұртазаның баласы Мадиярмен тұрмыс құрады. «Тақсыр» мен «құлдық»-тан басқа сөзді естімеген патша өзіне қарсы шыққанның басын қылыш еншісіне беріп, ағайын-тумаларын қудалап, тыныш өмір бермеген. «Шынжыр балақ, шұбар төске қыз бердің» деп, Қалжан әкемді сұп-сұр өңді, түсі суық әлдебіреулер қанша рет сұрақтың астына алған. Қылыштың жүзі алқымына тіреліп тұрса да, ділін сатқан жоқ, аманатқа қиянат жасамады. Патша найзасының ұшы өндіршегін көздесе де, қаймықпады. Жаланың құрбаны болып құдасы Нұртаза атылып кеткен соң да, оның қызы Нәмиланы қолына алып бақты. Ол кездері Мұстафа Шоқай былай тұрсын, ол «өлләхи, булләхи, бошай емеспін» деп өз руынан безініп кеткендер қаншама?!..
Еркек кіндіктің бәрі соғысқа кеткенде, ауылда қалған әйел, бала-шағалармен бірге анам да каналды кетпенмен қазып, жерді өгізбен жыртып, егінді қолорақпен орды. Сұрапыл кездер жас босанған әйелді де жұмысқа шығарады екен. Еңбектің елге керек кезі шығар... Күзек деген Н.Гоголь атындағы институтта мұғалім болды. Сол кісінің әкесі Назхан деген кісіні біз де «әке» деп атаймыз. Канал қазып жатқан ауыл адамдары арасынан, сол жерде тырбаңдап жүрген жас босанған менің анамды көреді. Бригадир деген аты бар. Әкеме айтуға бата алмайды, олай істесе үкіметке қарсы шықтың деп үстінен іс қозғайтыны тағы бар. Келінін аяған қайынағасы: «Ұмытқан, анау бұтаның түбіне демала тұршы. Сенің үлесіңді мен-ақ қазып берейін. Сені шығармай-ақ, бірер күн күтсе болады ғой, бәтшағарлар!» – деп, қазып береді екен. Қара жұмыс өз зиянын тигізбей тұрсын ба? Осындай қиындықтан дүние жарыққа келген төрт перзент бірінен соң бірі шетінеп кете берген. Сол кездегі аналардың жүрегі де, белі де беріштен шығар. Түске дейін бір баласын, түстен кейін бір баласын жерлеп келіп, шарт түйініп жұмысқа кете берген.
Алтыншы перзент Бимарияның да аман қалатынына ата-анам күмәнмен қараған. Бимария апам өсіп-жетіліп қолына кетпен алып, жерге дән еккенде, ата-анам: «Біздің үйге азамат келді, біздің үйге азамат келді», – деп қуанып, екеуі қосыла жылаған екен. Сыр өңіріне белгілі есім, партия, кеңес қызметінде абыройлы еңбек еткен Әкімбай Әбубәкірұлымен тұрмыс құрған Бимария бүгінде Алматы қаласында тұрады. Мұсылмандық парызын өтеп, екі рет қажылық сапарға барып қайтқан Биапа әулетінің ақылшы анасы атанып отыр. 2007 жылы ұлы Асқар Қызылжармадан зәулім мешіт тұрғызды. Оны өз аталарының атымен емес, халықтың ұлы бола біліп, дін мұсылманға белгілі тұлға Алдажар жәме есімімен атады. Тұңғыш ұлы дүниеге келерде, баланың кіндігін кесетін адам болмапты. Сонда, абысын-ажындары: «Бұл байдың қызы болса да, үйінде жырық кесемен, жырық қасықпен ас ішкен ғой. Бұл қыздан басқа не туады?» – деп баланың кіндігін кесуден бәрі қашыпты. Бірақ, «ұл екен, ұл екен» деп, қайта таласқанда, Нақыш деген әжеміз кіндік шешесі болған екен. Ағамның атын атақты батырдың құрметіне орай Жүсіпназар деп қойған. Жетінші перзент Жүсіпназар Қалжанұлы артына таңбасы өшпес ұрпақ қалдырды. Өкініштісі, өмірден ерте қайтты. Одан кейінгі Өтеген ағам – ел бірлігінің ұйытқысы, ата дінімізді кейінгі жастардың жүрегіне құйып отырған «Алдажар жәме» мешітінің қызметкері.
Жүсіпназардан кейін Жұбаназар сәби дүниеге келген. Бірақ, ол да шетінеп кеткен. Келесісі – өзім.1959 жылы алты жасымда мектеп табалдырығын аттағанда, бойымның кішкентайлығын көрген ұстазым мектепке қабылдаудан бас тартты. Аға-әпкелерім түн жамылып білтелі шамның жарығымен сабақ оқуға кіріскенде, мен солармен жағаласып, қолыма қалам ұстайтынмын. Әліппені жаттап алып, аты-жөнімді жазуды үйренген соң, қыркүйекте мектепке барған мені сыныпқа кіргізбеді. Дәлізде қалған мен бар даусыммен айқайлап жылап жіберген екенмін.(күліп)... Мені көрген мектеп директоры Жанғабылов Нұртаза сыныптың есігін ашып: «Әй, Сертай, мына балақайды жылатып неге сыртта қалдырғансыз? Сыныпқа кіргіз! Қазір қарны ашып, ұйқысы келгенде өзі-ақ кетеді. Балаларды алаңдатып, сабақ оқытпайды», – деп сыныпқа кіргізіп жіберген. Осылайша №147 Алтынсарин атындағы орта мектептің табалдырығын аттаған мен, 1969 жылы мектеп бітіріп, Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтының «жаратылыстану» факультетіне түстім.
![]()
Алғашқы еңбек жолым Сырдария ауданындағы қамсыздандыру мекемесінде есепші болып басталып, зейнетақы есептеу бөлімінің инспекторы болдым. 1972 жылы аудандық комсомол комитетінің ұйымына шақыртылып, ВЛКСМ мүшелерінің есебі және қаржы бөлімінің меңгерушісі, аудандық комсомол комитетінің хатшылығы, аудандық тұтынушылар одағының кадр жөніндегі төраға орынбасары, бастауыш партия ұйымының хатшысы, аудандық білім бөлімінде химия-биология пәнінің әдіскері әрі аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы секілді жауапкершілігі бар жұмыстарды атқардым. 1984 жылдан бастап Сырдария аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрайымы болып сайланып, аудан тараған 1997 жылға дейін осы қызметте болдым. 1997-2008 жылдар аралығында Қызылорда облыстық Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінде хал-қадірімше абыройлы қызметтер атқардым.
2008 жылы «ҚазГерМұнай» компаниясының шақыртуымен әлеуметтік даму және бұқарамен байланыс бөлімінде басшылық қызмет еттім. Ел үмітін арқалап депутат, «ҚазГерМұнай» компаниясының директоры Кәрім Медет Сәпиұлы құрған «Ардагер мұнайшы» қоғамдық қорының төрайымы болдым.
Менен кейінгі інім Маханбет – Бесарықта қара шаңырақта. Маханбет – Бесарық ауылындағы «Абзал и К» компаниясында күріш егушілердің бригадирі. Одан кейін Қалдыгүл атты сіңілім болды, ол да шетінеп кетті. Анам 49 жасында он үшінші құрсағын көтеріп, Ақерке есімді кенже қызды дүниеге әкелді. Ақерке де – есеп қызметкері. Қалжан әкемізден тараған біздер – бүгінде өскен, өркендеген бір-бір отбасымыз.
Әрбір адамның өзінің өсіп-жетілу кезеңінде ата-ананың қанымен, тәрбиесімен берілген асыл қасиеттерімен қоса, үлгі тұтатын адамдары болады. Менің алдымдағы аға-апаларым маған үлгі-өнеге бола білді. Әсіресе, қыз бала үшін анамнан кейінгі үлкен екі апам – Үржан мен Бимария апаларымның ізгі қасиеттерін өзіме үлгі тұтамын. Үржан апам – он баланың анасы, батыр Ана. Бимария апам өмір бойы бас бухгалтер болып еңбек еткен. Соларға қарап бой түзеп, соларға қарап отбасылы болу, ерін сыйлау, бала-шаға өсіру, қоғаммен байланысты заман талабына сай болуды үйрендім. Мен де хал-қадірімнің жеткенінше, ұрпағым мен өзімнен кейінгі сіңлілерім мен інілеріме үлгі болып келемін деп айта аламын.
Әр ауылдың қамқоры мен ақылманына айналған адамы болады. Жұрт сол адамсыз іс бастамайды. Жоғы болса қолына қарайды, қисығы болса сол адамның тезіне салып түзейді. Берекелі де бақытты күннің тас тұғырын иығымен арқалап жүріп қалаған Қалжан әкелеріміз еді. «Тұмар» баспасынан жарық көрген «Берекелі, мерекелі Бесарық» деген кітапта әкеміз туралы тұшымды дерек берілген. Бұл да болса әке жақсылығының ұмытылмай, келер ұрпаққа өнеге болатыны анық. Күллі ауылдың қадірлісіне айналған Қалжан әкеміз секілді кісілерге арнап бір-бір ескерткіш шығарма жарық көрсе де артық емес.
2016 жылы әкемізге арнап өзінен тараған ұрпақтарына естелік ретінде шығарылған «--------------» естелік кітапта жазылғандай бүгінгі күні 200-ден аса отбасынан немере, шөбере, шөпшектері өсіп-өніп келеді. Біз өткенді ұмытпасақ, ертеңнің егелері де бүгінгі бізді құрмет тұтады. Әрбіріміздің бойымыздағы асыл қасиеттер әкеміз Қалжан мен анамыз Ұмытханның қанымен, тәрбиесімен өрілген деп мақтанышпен айта аламын! Разия Қалжанқызы