![]()
Дара жол
Өткеннің еншісінде қалған қай дәуірді алып қарасаңыз, жерін жауға таптатқызбаған батыры, қос ішекті домбырасымен ел мұңын айтқан ақыны, тұрмыс туындатқан түйінді мәселелердің тінін тарқатып, елді бірлікке шақырған билері болған. Тарихын тасқа таңбалап кеткен Тоныкөк бабамыздың көсем тілін көмейге келтірсек, «Қағаны батыр, ақылгөйі кемеңгер елдің бағы жанады». Қарына қалқанын іліп үлгермегеннің қабырғасын қақыратып жіберген жаугершілік заманда да, отты ауызы орып түсірген би-қазылардың сөзі найзаның ұшында, қылыштың жүзінде, шоқпардың дүмінде жүрді. Тезге салар тентегінен, тау көтерген Толағайына дейін қазы төрелігіне жон арқасын бермей, айыбын ат-шапанмен өтеген. Қағаз бетіне түспесе де, ауыздан-ауызға көшіп отырған дала заңы көшпелі елдің көкірегінде сақталып қалған.
Әділдік – ар-намыстың өлшемі. Бақтағы алмасын сұраусыз үзбеген дана қазақ «Малым –жанымның, жаным – арымның садақасы» деген сөзді әрдайым адалдықтың, тіршілігінің тірегі етті. Түн жамылып барымталап, қадақ бидайдан уыс қалтаға басып, ай үңіліп тұрса да, абажасының артын тескен қиямпұрыс қимылдағандар да болмай қалған жоқ. Түсінбестіктің алып құйыны адамдықтың ақ шыбышын үйіре аспанға көтеріп, абыройдың түйесін жел шайқағанда, төрелігін айтқан қазылар туғандарына бұра тартпаған. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген сөзді біздің санамызға жел айдап әкелмеді. Жер дауы, жесір дауында қара қылды қақ жарған әділ қазылардың рухы асқақ, тілі бекем болған. Ташкентті билеген Төле би иек артып қазылығын сұрағандарды риза етсе, төбе биден тәмсілі кем түспеген Қазыбек пен Әйтеке де әділдік ақ қошқарының алқымына әділетсіздік пышағын тақамаған. Жалғанның жұқа көрпесі жамбасын тессе де, құлқынның құс жастықты төсенішіне аунап түскен жоқ. Сонысымен ұлы, туралығымен заңғар тұлғалар. Заман өзгерсе де, Қазыбектің қаз даусымен айтқан әділ сөзі көштен қалмады. Алдаспанның жүзіндей лыпылдаған бүгінгі күнде кешегінің әділ қазылары – судья мен прокурорлар адамдық пен заң шеңберінде елге қызмет етіп келеді. Солардың бірі –шарасы таусылған жанның үміт шырағын қайта жағып, ұрының қолында кеткеннің жоғын қайтарып, ел алғысын арқалаған менің әкем Отарбаев Сырмағанбет. Әділдіктің ақ туы қадалған бағаналы орданың тоқсандағы төбе биі Төле бидің:![]()
«Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол!
Бір елдің атасы болма,
Бар елдің данасы бол!
Бір тонның жағасы болма,
Көп көлдің сағасы бол!
Ақты «ақ» деп бағала.
Қараны «қара» деп қарала!
Өзіңе-өзің кәміл бол.
Халқыңа әділ бол,
Жауыңа катал бол!
Досыңа адал бол!» –деп, Жетес биге берген батасы бейне бір әкеме арналғандай. Заң саласында қызмет ете жүріп, әділетсіздіктің қылышы қолын кессе де ауырсынбай, ұлы билердің ұлағатымен өрілген әділдік қамшысын қолынан тастамады.
Саналы ғұмырын заң саласына арнаған әкем 1909 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында дүниеге келді. Сол ауданда орта білім алды. Әлі күнге де айдарынан жел есіп тұрған Алматы қаласы сол кезде үлкен білім ордасы болатын. Жүрегіне ұлы арманның ақ көгершінін қонақтатып, алдына үлкен мақсат қойған жастардың арасында әкем де болып, ақ сәлделі Алатаудың етегін баса орналасқан қалада заңгерлік білім алып, жолдамамен 1937 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы аудандық прокуратурасында халық тергеуші (сол кезде осылай аталатын) болып еңбек жолын бастады. Бойында қайраты тасыған жігіт шағы, оның үстіне жұмысқа деген құлшыныс, алғашқы пәт... бұлшық еті бұлтыл қаққан әкемді қайнаудан шыныққан болаттай ширата түсті. Алдына келген мұқабасы қатты іс қағаздарын үстел үстінде көп жатқызбай тұманды істі сейілтіп, сағызша созылған көн жазбаның соңына нүкте қойды. Осы жерде жүріп анамды кездестіріп, шаңырақ көтерді.
Өз жұмысын жауапкершілікпен орындап, ісін тиянақты атқарған әкемнің жұмысын бағалаған басшылар 1938 жылы Тереңөзек ауданының прокурорлығына алып келді. Заң саласына енді қадам басқан адам үшін, бұл үлкен қызмет еді. Бірақ, өз ісіне сенімді әкем лауазымды істі орындауда аянып қалған жоқ. Отызыншы жылдардың аяғы ел әлеуметі анау айтқандай жақсы емес болатын. Жұтаңдық құрты ащы өзегіне түскен елде өзгенің қалтасына қол салу, егесіз тұрғанды иемденіп кету, сайға құлаған саяқтың тек табан ізі қалған сол жылдары шетені ашық қалғанның бір ешкісі кем шығып, қораға түнемеген қой не түздің, не адамның қасқырына жем болатын. Күштік құрылым тұзағын қанша құрғанымен, аяғын аңдап басқан ұры-қарылар көзі ілінгеннің тұмсық астындағысын тартып алып, көз қадағанын көп жүргізбеген. Алайда, әкем түлкі бұлаңға алданып қалған жоқ. Қой терісін жамылып келген қасқырлардың тірсегін қиды.
«Зұлматты жылдар» деп шекесіне қызыл мата байлаған сол кездері де осы Тереңөзек ауданында еңбек еткен, 1949 жылы Жалағаш ауданының суы құрғамай, балшық ызасы кеппеген күрішті өңірдің прокуратура саласында әкемнің өшпес ізі қалды. Қазақ ағайынымен ел емес пе?! Жалағаш кентінде атам Отарбай мен әжем Қойсұлу және де әкемнің бауырлары Әмәнай және Қожахметпен қоңсы тұрып, одан басқа да аудан тұрғындарымен туыстық қарым-қатынас орнап, қазіргі кезде облысқа, республикаға танымал Жалағаш ауданындағы тумаларымен қатысуға тағдыр жазды.
Ұшса, қыранның қанаты талатын, батысында Еділ мен Жайық, шығысында Алатауға дейінгі аралықта тіршілік еткен ата-бабаларымыздың бойында ерекше қасиет болған. Бүгін біздің танымымызға томпақтау келетін, өзге түгілі өз баламызға түсіндіре алмас ертегі болған бір шындық, киелі қазақ топырағында адам сенгісіз мұғжизалар жасаған ұлы адамдар болған. Қанында тектінің тамшысы бар, тек қазаққа тән қасиет «қазақылықты», кейін оны атеистік көзқарас тонын теріс айналдырып түсіндіріп, санамызға сіңірді.
Медицина саласының қарыс қадамы қазақ топырағын баспай тұрған заманда, тамырын басып ауруын тапқан «тамыршы» деген болған. Бес уақыт намазын қаза қылмаған бабаларымыздың сынығына куә болған кездері де болды.
Таң намазында қараша үйінің шырағы жанып, түндігі түрілмеген аталарымыздың сынығы діни ұстанымымен, халықты емдеумен аты шыққан Беркімбай қалпе әулие кісі – әкемнің досы, құрдасы болатын. Бұл кісінің халықты таң қалдырған ерекше қасиеттері көп болған. Солардың бірі – таң намазын Түркістан қаласына барып оқуы еді, яғни, қазіргі тілмен айтқанда телепортация жасайтын. Оған дәлел – сол кездері Жалағаш ауданында нан пісіретін пеш жоқ кезде, бірақ Беркімбай қалпе тандыр нанды ыстық күйде Түркістаннан алып келетін болған. Біздің сенуіміз әрине қиын, бірақ, адам айтса, сенгісіз оқиғалар болған.
Жалағаш кентінде әкем аудан прокуроры қызметін атқаратын еді. Беделді адамдардың шарапатына ие болды. Бірақ, найзағайдай жарқ ете қалатын тағдыр сыйы ескертіп келмейтіні бесенеден белгілі. Пір атанған Сүлеймен ишанға қол берген әжем Қойсұлу 1950 жылы дүние салды. Оның мәйітін түйе салған арбаға салып, Тереңөзек маңындағы қорымға апарып жерлеген еді. Анасының жаназасынан кейін, әкем кент тұрғындарына, сауып отырған жалғыз сиырын сойып беріп, ас берген болатын. Міне, осы жерден әкемнің басына қара бұлт үйіріле бастады. ![]()
«Қазақ» десе, таяқтың бір ұшы өзімізге тиеді, дастарқаныңнан дәм татып, қуанышыңды бөліскен ағайынның ішінде асын ішіп, аяғын тепкендер де болды. Құлагерге сілтеген Батыраштың балтасы әкеме де бағытталып, қызғаныштың қызыл иті ішін тырналап жатқандар тасада тұрып тас атты. Оның үстіне жұдырығы түюлі биліктің талабы қазақы дәстүріміздің қолын байлап қойды. Мәуелі ағашқа тас та көп тиеді. «Бармақ басты, көз қыстымен» көлеңкелі ісі әшкере болғандардың тісін қайрап жүргені тағы бар. Белді лауазымды көздегені бар... Әйтеуір, әкемнің үстінен домалақ арыз түскен. Жем іздеген құзғындай жылт еткенді қызылсыраған комиссия күн ұзартпай жетіп келіп, әкемді лауазымынан босатып, партия қатарынан шығарды. Бар кінәсі – жалғыз тұяғын сойып, анасын жерлегендігі. Домалақ арызды сылтау етіп, Алматыдан Жалағашқа келген комиссия сан жылдар бойы әкемнің қасықтап жинаған абыройын шелектеп төге салды.
Әкем бірақ ақ болды. Қызметін асыра пайдаланып, жұрттың түйесін тауып беру үшін, бие алған жоқ. Бірақ, соқыр қоғам, көз алдын тұмшалаған комиссия, бәлкім, жоғарғы жақтың бұйрығы солай шығар, заң аясында қимылдап хақ жолды іздеген әкемнің еңсесін осылай басып тастады. Жағылған күйе «бел кетсе де, белбеу кетпесін» деп, намысы мұқалмаған азамат үшін ауыр болды. Аңдыған жау алмай қойсын ба, ақыры дегендеріне жетті.
Прокурорлықтан босаған әкемді, сол кездегі Жалағаш ауданының басшылығы сүт, май зауытының директоры етіп сайлады. Әкем ауылшаруашылығы өндірісімен айналысуға кірісіп кетті. Бірақ, табаға шыжғырылғандай болып, ішінде қыж-қыж қайнаған ар-намыс бар ықыласын жұмысқа салса да, көңілі заң саласына ауып тұрды. Әділдік үшін де күресе білу керек. Түн ұйқысын төрт бөлген ардың жүгі, ақыры әкемнің белін тәуекелдік белбеуімен байлап, ақ жолға шығарып салды. «Шешінген судан тайынбас» деген, Кеңес Одағының астанасы болған Мәскеу қаласындағы Бас прокуратураға шағымданады. Мәскеу әкемді қайта шақырып, уәжін тыңдап кінәсіз екенін білген соң, Алматыдағы басшылыққа әкемді прокурор қызметіне тағайындау жөнінде тапсырма береді. Адалдығының ақ туы қайта көтерілген әкемді республикалық прокуратура басшылығы Гурьев (қазіргі Атырау облысы) облыстық прокуратурасына прокурор қызметіне жіберді.![]()
Отарбаев Сырмағанбеттің қызы Ұлболғанның естелігі
Әкем Алматыдан прокурорлыққа тағайындалып, Жалағашқа келген соң, 1953 жылы отбасымызбен Гурьев облысына келдік. Негізгі баратын жеріміз – аудандық прокуратура. Ол жерге Гурьевтен форт арқылы төрт каюталық кемемен Каспийді кесіп өтіп, әкем прокурорлық етер ауданға жеттік. Сайын даланың құба желі қыратындағы жусанын тербеген Маңғышлақ кенті де анау айтқандай жағдайы мәз емес еді. Алыс жерден ат арылтып келгенде, баспана табылмай, әкемнің шапқылап бармаған жері қалмады. Әділдік ақ терегін отырғызу үшін, жерді көрсеткенмен, қолына күрек бермеген басшылық, тек нәтижелі жұмысты ғана талап ететін. Оның үстіне ашаршылық, соғыс қалтыратқан елде әл жоқ. Әкеме жұмыс істеу керек. Тобықтан қанша қақсақ да, тізесі бүгілмеген текті қазақ, өз баласы түгілі, өзгенің жәутеңкөзін шет қақпаған бауырмал, кеңпейілді қонақжай халық емес пе?! Бізді Маңғышлақ кентінен төрт шақырым жердегі Ойлы ауылындағы малдәрігерлік пункттің екі бөлмесінде орналастырды. Әкем – жұмыста, біз – үйде.Тіршілік арбасының дөңгелегі айналып жүріп жатты. ![]()
Жүзімізге күлімсіреп қарағанымен, жасырын шоқпарын оңтайлы ұстаған адамдар ол кезде болған. Көлеңкелі ісінің күні батуға шақ қалғанын сезген жергілікті ұрысымақтар қараңғылық тұмшалаған ауылға әділет жарығын алып келген әкемді жолдан тайдыруды көздеген. Адал қызмет етуге Отан алдында ант берген әкем жең ұшында бір саусағы бүгулі келген әділетсіздіктің қара жұдырығынан қаймыққан жоқ. Түлкіден бір айласы кем ұрылар, майлы қойды тісіне басып қалғандар, төзімі таусылған тұрғындардың уәжін тыңдап, сөзін сөйлеген әкемді талай рет қастандықтың қарашығына ілді. Бірде аудан орталығындағы банкке ұрлыққа түскен екі жігітті дәлелдің аздығынан қамауға алмай, олардың кінәсін дәлелдеу жолында тергеу жүргізген болатын. Ай жарықта да айласын асырып, жалғанды жалпағынан басқан олар талай рет аяқтан шалмақшы болған. Бірақ «Аққа Құдай жақ» деген, жат пиғылдың жетегінде кеткендердің торына түскен жоқ. Бастаған ісінің де салмағы ауыр екенін сезген әкем біз тұратын малдәрігерлік пунктің қарауылына өтініш айтып, әсіресе, қараңғылық қоюланған түн мезгілінде ол жұмыстан
оралғанға дейін, кент пен ауыл арасындағы жолға көз салып қоюды сұраған. Бұл жағдайды қарауыл анама айтып, біз күнде әкеміздің оралғанын күтіп, терезеден анам екеуміз жолға қарап отыратынбыз. Бір күні кешқұрым атылған мылтықтың дыбысынан жүгіріп далаға шықсақ, әкемді аңдыған екі жігітті көрген қарауыл аспанға мылтық атқан екен. Осы оқиғадан кейін 2-3 күн өткен соң, әкемнің әлгі банкке ұрлыққа түскен екі жігітті қамағанын ауыл тұрғындарынан естідік. Әділдік жолы – қиын жол. Көтергені – ауыр жүк, жегені – жантақ. Қара нардай заң қызметкерлерінің өмірі оқ пен оттың ортасында өтеді. Қалтарысы көп қылмыстың ішінен сары майдан қыл суырғандай етіп, әділдік жасап, ақты ақтап, қараны қаралау оңай жұмыс емес. Бірақ, әкем басына қауіп төніп тұрса да, әділдік бешпентін үстінен тастаған жоқ. Басбұзарларға қарсы тұрып, қан-жыны араласқан істің ақ-қарасын айыра білді.Тұмсығы тасқа тиіп, тауы шағылғанның үміт отын қайта жағып, көмек қолын соза білді.
Кімнің қолынан іс келеді, соны буы бұрқыраған қызыл нүктеге ауыстыратын күштік құрылымдардың қағазға жазылмаған ішкі бақай есебі болатын, «бұйрық талқыланбайды, тек қана орындалады» демекші, әкем де қара басын күйттемеген адам, басшылық қайда жіберді, сол жерге жүгін арқалап кете берді. Біз де әкеммен бірге көшіп-қонып жүрдік. Кейіннен форт Шевченко қаласының прокуроры лауазымды қызметіне тағайындалып, қаладағы типография конторының екі бөлмесінде тұрдық. Барған жерімізде, «міне!» – деп қолымызға ештеңені ұстата салмайтын. Жоғымызды түгендеу үшін әкеме жүгіруге тура келеді. Маңғыстау жерінде өзге де ұлттың адамдарымен таныстық. Інім Адайбек құрөзекпен (дифтерия) ауырған кезде, оны емдеу үшін, әкем Астрахань қаласынан дәрігер алдыртты. Екі қызы бар украин дәрігер келіншек келіп, бір апта көлемінде емдеп шықты.
1958 жылы Жалағашта қалған Отарбай атамның денсаулығының сыр беруіне байланысты әкем Қызылорда облысына сұранып, Жаңақорған аудандық прокуратурасына ауысып, кейіннен Тереңөзекке прокурор болып тағайындалды. Ағайын арасына қайтып келді. Қой шаруашылығын көтеру науқаны басталғанда, әкем де сол науқанға қосылды. Тереңөзек прокуратурасында жүрсе де, аудан басшылығына жазған өтініші қабылданып, Қаракөл ауылына ферма меңгерушісі болып барды. Ауылда жүріп, Ауылдық кеңестің төрағасы болып, сол қызметтен зейнетке шықты.
Жүйріктей жүйткіген уақыт бірімізді ел ағасы атанарлық жасқа жеткізсе, бірімізді бір отаудың тірегіне айналдырды. Асқар тау әке мен асыл анамыз – біз үшін қымбат қазына. «Тау алыстаған сайын биіктейді». анамызды қайтпас сапарға шығарып салғанымызға да 8-9 жылдың жүзі болды. Күнде жанымызда жүргендей, нұрлы жүзі көз алдымызға келіп, сағынышымыз ұлғаймаса, кеміген жоқ. Әлі де ақ жаулығын тартынып алдымыздан шығып, еркелетіп, құшақтап мейірлене иіскеп, қуана қарсы алатындай... Сынаптай сырғыған уақыттың қадіріне кім жеткен?! Байлауға көнбейтін бұл күштің бір құдіретке бағынышты екенін сеземіз. Тағдырды жасайтын Жаратқан Иеміз. Тәңірдің бізге берілген парақтарында алтынмен жазылған ардақты есім – анамыздікі. Егер де дәл бүгінгі халіміз үшін Алладан соң біреуге алғыс айтар болсақ, ол – анамыз. Жарық дүниенің есігін аша сала анамыздың етегіне оралып, бір-бірімізді жетектеп ер жеттік.
Отарбаев Сырмағанбеттің кенже қызы Ританың естелігі
«Анамыз Ақтоты – Кете елінің қызы. Әкесі Шөмекей – өз заманында мал-мүлкі мол ауқатты, әлді болумен қатар, өте қатаң, талапшыл кісі болған. Сол кісінің тәрбиесін, темірдей тәртібін бойына жинап өскен анамыз байсалды, сабырлы, бәрін ақылмен шешетін жан еді. Біреудің жағымсыз сөздерін естісе де қабақ шытып олармен бет жыртысып ұрыспайтын. Іші алай-дүлей болып жатса да, бәрін күліп жеңсе, әрі ішкі қиналысын сырт көзге білдірмейтін. Кішкентай кезімізде бұл әрекетіне намыстансақ та, қазір отбасындағы бірлікті, тыныштықты сақтап қалуды мақсат еткенін ұғынып жатырмыз.
1919 жылы дүние есігін ашқан анам кітапханашы болып еңбек етті. Ежелден әйелдің орны – асхана, әйелдің құттыханасы үйі емес пе?! Әкеміз құқық қорғау саласында жоғарғы лауазымдарда қызмет еткен соң, келімді-кетімді адам көп. Үйіміз қонақтан арылмайтын. Танымаса да алыстағы жақын туысы келгендей қуанып,барын дастарқанға қойып күтетін. Ақ көңілін кір шалмаған анамның қабағын түйгенін көрген емеспін. Ал, кетерінде қонақтардың киімдерін жуып, үтіктеп беретін. Міне, бұл – анамыздың тектілігі, көрегендігі мен қонақжайлығының айғағы болатын.
Анамыз қазақы салт-дәстүрді қатаң ұстанып, тағылымы мол әдеп-ибаны санамызға сіңіріп өсірді. Қазақы ғұрыптың үлгісін қисайтпай, жылдар бойы қалыптасып қалған дағдының шеңберінен әрі асып көрген емес. Үлкенге құрметі, кішіге ізеті бөлек ерекше жан болатын. Жетпісбайын «екі отыз бес қайнаға» деп атаған ата салтының қаймағын бұзбай, қайынағалар былай тұрсын, тіпті, қайныларының атын атамайтын, жүздеріне тіке қарамайтын. Қыздарының тәрбиесіне қатты көңіл бөліп, «Қыздың ары – ананың тәрбиесінде» деп, қырық үйден тыйым жасайтын. Қыздың өз үйінде ұзақ төркіндеп жатуын жат қылық көріп: «Келсеңдер, күйеулеріңмен келіңдер!» – деп талап қоятын. «Әйелдің бағы – ер азаматының сөзінде әрі сенімінде», – деп анамыз өмір бойы ерінің айтқанынан шықпаған момын кісі еді. «Азаматын өзінен жоғары қою – әйелдің пайымы мен парасаттылығында»,–дейтін. Әкемізді өте қатты қадірлейтін, дүниеге әкеміздің көзімен қарап өтті. Оның дұрыс дегенін дұрыс, бұрыс дегенін бұрыс санайтын. Әкеміз құқық қорғау саласында еңбек еткеннен кейін бе, мінезді, талапшыл болды. Жұмыстан шаршап келген сәттерінде анамыз барлық дәмдісін, киетін киімін, төсек-орнын дайындап қояды. Біздің де шулап, мазасын алмауымызды қадағалап отырады.
Анамыз қайтқанда, көңіл айтып келген жандардың қарасы қалың болды. Көбісі бізді емес, анамызды сыйлағаннан келгендей болып көрінді. Бұл да болса, анамыздың жасаған жақсылығын ұмытпағандығы шығар. Бір ерекше құбылыс болды. Ақ жауып, арулаған анамыздың табытын шығарар сәтте аспан күңіреніп кетті. Қайдан келгені белгісіз кептерлер табытты айнала ұшып жүрді. Құран оқылып, денесін көлікке салып, қозғалғанда да, кептерлер артынан ілесе кетті. Барлық ерік-жігерімізді жинап, өзімізді сабырға шақырып тұрған біздер мына құбылысты көргеннен кейін, өзімізді қанша ұстасақ та, жанарымыздан жас домалап түсе берді. Сол кезде анамыздың көңілінің тазалығына, жүрегінің ақ парақтай ақтығына тағы да бір көз жеткіздік.![]()
Қайран анам, батыр еді ғой!?.. Біз үшін батыр ана! Иә, қолына қару алып, соғысқа қатыспаса да, ерлік жасамаса да Батыр адам. «Тағдыр» деген әлегі көп тарам-тарам жолда сүрінбей, бізді «қанаттыға қақтырмай», «тұмсықтыға шоқыттырмай» осы күнге жеткізгенінің өзі – нағыз ерлік. Анама арнап ақын Асқар Тоқмағамбетов өлең жазып, өзінің «Қарлығаш» атты жинағына қосқан болатын.
Менің ғазиз анам – он баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты жан. Тұңғышы Мұратбек үш айлығында шетінеп кетті. Үлкен әпкеміз Ақсис а– 1953 жылы Гуревьке барғанда, сол қалаға оқуға түсіп, тұрақтап қалды. 1949 жылғы Светлана – нағашы жұртының бауырында болды. 1951 жылы дүниеге келген Кәдірбек әлсіз болатын. Баланың жағдайын көрген Беркімбай қалпе әкеме: «Сен бұл баладан да айрылып қаласың, таудан, судан аса көш!» –деп кеңес берген. Сол тұста әкемнің де ақталған уақыты еді. Тағайындалуы бар, Беркімбай қалпенің айтқаны бар, екі ойды бір өріп, көшкен едік. Кәдірбек Ресейдегі ұшқыштар даярлайтын оқу орнын тәмамдады. Киелі Маңғыстау жерінде 1955 жылы Адайбек, 1957 жылы Нәдірбек дүниеге келді. Адайбек Қарағанды қаласындағы Жоғарғы милиция мектебін бітіріп, заң саласында еңбек етсе, Нәдірбек Алматы қаласындағы Көлік институтын тәмамдап, транспорт саласында қызмет етіп келеді. Кенже ұл Бауыржан 1963 жылы Қараөзекте дүниеге келіп, Қызылорда қаласындағы инженерлер институтында оқыды. Ал мен Тереңөзек ауданында 1961 жылы дүниеге келдім»,– деп сөзін қорытты.
Мен, 1959 жылы Жаңақорған қыстағында дүниеге келдім. 1960 жылы әкемнің қызметіне байланысты Қызылорда облысы Тереңөзек қыстығына көшіп келдік те, қыстақтағы №39 орта мектебінің табалдырығын аттап, Қызылорда қаласындағы №235 орта мектебін бітіріп шықтым. Осы жылы Қызылорда қаласындағы РСУ «Облбытуправление» мекемесіне жұмысшы болып қабылдандым. Менің еңбек жолым, міне, осылай басталды. Он сегіздегі жігіт болсақ та, «әліміз келмейді, күшіміз жетпейді» деген жоқпыз, өзімізге тапсырылған жұмысты ерекше құлшыныспен орындайтын едік. Жігіт болған соң, әскерге бару керек. Ол – ер азамат үшін үлкен өмір мектебі. 1977 жылдың күзі мен 1979 жылдар аралығында Кеңес әскері қатарында Поляк халық республикасында әскери борышымды өтедім. Әскерден келген зіңгіттей жігітке қолын қалтасына салып жүру жараса ма? 1979 жылдың қараша айында бұрынғы өзім жұмыс жасаған «Облбытуправление» мекемесіне ағаш ұстасы болып қайта келдім. Қиюы кеткен істің тігісін жатқызып, орайын таба қимылдаған мен осы мекеменің комсомол ұйымының жолдамасымен Қызылорда қалалық ішкі істер бөліміне патрульдік милиция ротасының милиционері болып қабылдандым.
Міндетті жұмысыңды тиянақты атқару үшін оқу керек. 1981-1985 жылға дейін Рязань қаласындағы Кеңестер Социалистік Республикалар Одағының Ішкі Істер министрлігінің жоғарғы мектебінде оқыдым. Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейінгі құқық қорғау саласындағы алғашқы қызметім – Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасының 3К 169/2 мекемесінде саяси тәрбие жұмысының нұсқаушысы еді. Одан әрі 1986 жылы Қызылорда қалалық ішкі істер бөлімінде эксперт-криминалист, 1987 жылы ҚІІБ-тергеуші, 1988-1990 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы тергеу бөлімінің тергеушісі, Қызылорда ОІІБ-тергеушісі, аға тергеушісі, 1991 жылдан бастап Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары қызметтерін атқардым.
«Генерал болуды армандамаған солдат – солдат емес» деген, қызметтегі өсу менің ұйымдастырушылық қабілетімді арттырып, мені басшы болуға ұмтылдырды. Қолыңнан келіп тұрса, ісіңді жүргізе алсаң, неге жетекшілік етпеске?! Алдыма үлкен мақсат қоя отырып, 1999-2001 жылдар аралығында ҚРІІМ Академиясының №1 Басшы құрамды даярлайтын факультетін бітірген соң, 2001 жылы Қызылорда облыстық Ішкі Істер Департаментінің тергеу басқармасының бастығы болып тағайындалып, білек сыбана қызметке кірісіп кеттім. Лауазымды қызметім жалғасып, 2006 жылы Қызылорда облыстық Ішкі Істер Департаменті бастығының тәрбие және кадр жұмыстары жөніндегі орынбасары, облыстық Ішкі Істер Департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары болып халық алдындағы борышымызды өз әлімізше өтеп келеміз. 2013 жылдың сәуір айынан бері Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментінің бастығы лауазымын атқарып келемін.![]()
Қазіргі заң басқа, заман басқа. Ғылымның түрленуіне орай, қылмыстың да түрі көп. Есігін ағашпен тіреп немесе сыммен бұрап байлап, темір қиятын қысқашын тұтқаға іліп кететін заман қол бұлғап келмеске кеткен. Қымтанып жүрмесең, қалтаңды тесік ететін қоғамда әділдіктің құны арзандап,тіпті, жаныңдағы адамға жауырыныңды беруге қорқасың. Ғылым мен техниканың дамыған заманында, адамзат жетістігі жоғары деңгейде. Ендеше, адамзаттың қолынан бәрі де келеді. Аллаға шүкір, Қазақстанның ішкі істер саласы өзіне деңгейлес мемлекеттерден озық әрі алда. Отбасыма келер болсам, жолдасым Отарбаева (Айтпенова) Роза Шәдіқызы 1964 жылы дүниеге келген. 1924 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген әкесі Шәді Өтегенұлы – соғыс және еңбек ардагері. Саналы ғұмырын шойын жолда, бертін келе «Қазақстан Теміржолы» АҚ қызмет етуге арнаған жан.Ол кісі өте салмақты, сабырлы, еңбексүйгіш, көкірегі шежіреге толы қазыналы қарт болатын.
«Анасына қарап қызын ал» демеуші ме еді қазақ даналығы?! Зайыбымның анасы Айтпенова Мария Қалабайқызы 1930 жылы дүниеге келіп, еңбек жолын Қызылорда қаласындағы макарон цехында бастап, цех бастығына дейін көтерілген. 1975-1977 жылдар аралығында ОКПС мәслихаттығына сайлауға түсіп, Қызылорда қалалық Атқару комитетінің депутаты болып сайланып, еліне қызмет етті. Анамыздың суреті Қызылорда облысының «Құрмет тақтасында» жарқырап тұр. Өмірінің соңғы күніне дейін, Коммунистік партия мүшесінің партбилетін жанынан тастамайтын. Ақылына сай мейірімді мінезі талай жанға шуағын төкті. Алла берген алты қызы Несібелі, Жұмагүл, Дәмегүл, Сәрсенгүл, Роза және Боранкүлді құтты орнына қондырды. «Жақсы күйеу ұлыңдай» деп, Балтабай, Амангелді, Әбдіғаппар, Али, Рүстем және мені, барлық күйеу балаларын жақсы көретін. Қазіргі таңда 22 немересі мен 43 шөбересі бар қара шаңырағын шаттыққа толтырған үлкен әулет.
Жолдасым Роза Шәдіқызы – бүгінде Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының аяжаны. Төрт бала өсіріп, олардан төрт немере сүйіп отырған жайымыз бар. Тұңғышым Риза 1987 жылы дүниеге келген. Астана қаласында дәрігер болып қызмет атқарады. Күйеу балам Ринат екеуі Риана есімді бір қыз тәрбиелеп отыр. Астанада ІІД-нің аға тергеушісі, полиция капитаны болып қызмет ететін қызым Лаура, күйеу балам Ерлан екеуі – Даяна есімді бір қызды тәрбиелеп отыр. 1993 жылы үшінші перзентім Есет – Қызылорда ішкі істер басқармасында жедел уәкіл, полиция аға лейтенанты. «Ана мен бала» орталығында аяжан болып қызмет ететін келінім Ақмарал екеуі – Дария, Даниал есімді екі баланың ата-анасы. Шаңырақтың еркесі кенже қызым Жұлдызай – 2017 Қызылорда қаласындағы №1 мектеп-лицейін «Алтын белгімен» аяқтап, қазіргі кезде Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінің 1-курс студенті.
Қай саланы тізгіндеп, қай қазанның отын жақсақ та әр кеуденің мақсаты – артынан ұрпақ өрбіту, үлгі боларлық өнегелі істер қалдыру, өткен мен келер ұрпақтың алтын көпірін жалғастыру. Осынау өткінші өмірде әке мен ананың орны ерекше. Бүгінде біз де әкеміз. Қайтып бір келмейтін бұл жалғанда ата-ананың қадірін балалы болғанда түсінеді екенсің! Самайына ақ кіріп, басын бұлт шалса да аласармас асқар тау әкеміз бен алақанынан мейірімділіктің оты шарпыған анамызды ардақтау– перзенттік парызымыз! Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық - атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет полковнигі ҚР ІІМ еңбек сіңірген қызметкері Заң ғылымдарының кандидаты
Отарбаев Ғанибек Сырмағанбетұлы