Өтегенов Дүйсенбай

Рейтинг:

Биіктеп барасыз...
 
      "Жаманға жалынба, адамға табынба, өмір жолындағы 
өз жүгіңді өзің көтеріп жүр,біреуге салмақ салма, өз биігіңе өзің ұшып шық."
Немат Келімбетов
 
      Таң  торғайы шырылдағанда,  ұлы төсегімнен көтеріліп, жарық  дүниенің нұрына жүзімді шайып: «Иә,  Жаратқан Ием, әр пендеңе ынсап, қанағат бере гөр! Бауырын бүтін, басын аман ете гөр! Ел мен ерімізді жақсылыққа жолықтыр!Ақ  сөйлеген адалдың «Бұ дүниеде жиғаны  бұйырғай, о дүниеде иманы бұйырғай!» – деп тілек ететінім бар. «Тірліктің басы –  сайран, түбі – ойран» деп ғұлама Абай тегіннен-тегін айтты дейсің бе? Жақсы өткіздік пе, әттеген-айы көп болды ма, әйтеуір, ескен желдей, көшкен сеңдей боп, бір дәурен біздің де бастан өтіп барады. Адам –алдымен Алланың, сосын қоғамның перзенті ғой. Аллам, «Адамға ғұмыр бердім, көретін жарық, тататын дәм, таусылмас арман бердім, бірақ ниетін өзіне қалдырдым», – депті. Біздің  ұрпақ қай қоғамда өмір сүрсе де, сол саясат, нанымға имандай сенді. Ниетінде алалық, көкірек-көңілінде құлалық болмады. Кейіннен қоғам алмасып, заман  ауғанда, «елім үшін» деп төккен тер, кешкен қанның өтеуін кейінгі ұрпағы қалай бағаларын, қай биіктен көрерін өлшеп-пішіп жатты дейсіз бе?! Осының бәрін оймен өлшеп, санамен салмақтаймын. Көп нәрсе жайлы ойланамын, әсіресе, парыз бен қарыз туралы...
      Кейде, өз-өзіме сауал қоямын: «Сен осы қарыз алып, оны мерзімінде қайтара білесің бе?».  Жо-жоқ, қарыз жалғыз ғана ақша  емес. Ең үлкен қарыз – уәде мен сенім деп білемін. Біреуге  уәде – қарыз, оны уақытында орындамасаң, сенімнен айырыласың, қадірің  қашады. Қадірің қашса, азаматтық бейнеңе нұқсан түседі. Көп ортасында бетіңе шіркеу жамылады. Сен әке-шешеңнен өзіңе деген  ғұмырды,  тәлім-тәрбиені, бойыңа дарыған қуат пен парасатты, пайымды, мінезді, жақсылықты, дарқандықты қарызға алдың.  Ендеше, осы ізгі қасиеттерді шашау шығармай бауырыңнан  өрбіген ұрпағыңа беруге тиістісің. Бұл қарыздың – парызы, өтеуі. Егер оған әлің жетпесе, азаматтығың тартпаса, обал-сауабы мойныңда қалады. Осы қарызымды аз да болса өтеу үшін, ата-анам жайлы естелік жазуға бел будым. Ойым – келер ұрпағыма ой салу, ата-бабасын есте сақтап, ұлағаты мол тәлімін санасына сіңірсін деген адал ниеттен туған асыл арманым.
      Бұл  жалғанда  бала дегенде, дал  күші  мен  омырау   сүтін  сарыққан  ата-анадан артық  кім  бар   дейсің?! Әлқиссаны мені дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген ата-анамнан  бастасам... 
      Шаранадан шыр етіп дүние есігін ашқан тіршілік иесі балалықтан даналыққа дейін тағдырдың тар жолында «Құдайдың  жазғанын» көріп, «арман» деген елестің соңынан еріп, қиялының қанатымен көкке өрлеп, ақыры жерге түседі. Пенделіктен кісілікке, кісіліктен адамдыққа жеткенше өмір өксіп, көңіл күпсиді...
      Әкем жарықтықты  араласқан ел-жұрт   көрер  жарығы  таусылғанға  дейін, «Дүйсеке» деп құрметтеумен өтті.  Сол  Дүйсекең – Өтегенов Дүйсенбай 1909 жылы  бұрынғы Ақмешіттің  Қазалы ауданы, №17 ауылдық жерінде  дүниеге  келген. Әкем өзінің алғашқы еңбек жолын 1930 жылдары Қазалы паравоз депосында қарапайым жұмысшы ретінде бастаған. 1933 жылдан бастап вагон депосында вагон жөндеуші, вагон қараушы, аға вагон қараушы, 1948 жылдан Арал вагон депосында инспектор, 1949-1951 жылдары осы депода аға мастер, соңғы жылдары Қазалы вагон депосында мастер міндетін атқарып, 1969 жылы зейнетке шықты. 
      Еліміздің өткен өміріндегі бел-белестеріне ойша көз жіберсек, Ұлы Отан соғысының отты жылдары еске түседі. Иә, бұл – бір халықтың басына туған қиын-қыстау, сұрапыл кезең еді. Майдандағы жауынгерлер, тылдағы еңбеккерлер де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бүкіл халқымыз «Жеңіс үшін!» деп, қажеттінің бәрін істеді. Майдан мен тылдың біртұтас қимыл-әрекеті – сол ұлы Жеңісті әкелді де.
      Қазақ халқының Ұлы Отан соғысындағы жеңіске қосқан үлесі зор. Соғыстың ауыртпалығын көтеріп, бостандықты қорғаған қазақстандық батырлардың есімі әрқашан ел есінде сақталады. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап, «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деген ұранмен соғысқа аттанған ерлердің орнын әйелдер, қариялар мен балалар алмастырды. Тыл еңбеккерлерінің де жауды жеңудегі рөлі жоғары болды. Олар соғыс күндерінің барлық ауыртпалықтарын қажырлылықпен көтеріп, патриотизм үлгісін танытты.
      1941-1945 жылдар аралығында №12 әскери жабдықтау бөлімшесінде аға вагон қараушы Дүйсенбай Өтегенов қарамағында отызға тарта адаммен майданның алғы шебіне баратын вагондардың ақауын тексеріп, межелі жерге жеткенше, жауап берген. Бұл жұмысты әкем асқан ыждаһаттылықпен атқарған. Әрине, бұл тапсырманы орындау оңай болған жоқ. Бұл жайында әкемнің естелігіне кезек берсем: «1943 жылдың жазы болатын. Сұрапыл соғыстың нағыз қызған шағы еді. Жаудың оғы жаңбырша жауып тұр, бір толастар емес. Жер мен көктің арасында қиян-кескі ұрыс жүріп жатырған кез. Жерде дамылсыз гүрсілдеген зеңбірек үні бір дамыл таппаса, аспан әлемін торыған жаудың қарақшы самолеттері де түйдек-түйдек бомбаларын тастап өткенде, жер мен көктің арасы өртке оранғандай болады. Осыған қарамастан тапсырманы орындау қажет, алдыңғы шептегілер азық-түлік пен қару-жарақты күтіп отыр. Жауапкершілік жүгін арқалаған адам кейін шегінбек емес. «Тәуекел етіп, тас жұтып» жолға шықтым. Қарша бораған оқ пен оттың арасынан  өтіп, алға жылжып келеміз. Жолда түрлі кедергілер мен қиындықтарға кездестік: темір жолдың  бос болмауы,   бұзылған составтардың тізбектеліп тұрып қалуы, бұзылған жерлерін жөндеу, эшелонды фашистердің дембіл-дембіл атқылауы, оққа ұшқан темір жол қызметкерлері т.б. Вагондарды жөндеу, олардың бөлшек-саймандарын жону ісінде қолымның ептілігі, ұсталығым мұнда да көп көмегін тигізді. «Еңбек ерлікке жеткізер, Ерлік елдікке жеткізер» дегенді атам қазақ осындайда айтқан шығар. Кездескен қиындықтарға қарамастан, тапсырманы дер кезінде орындадық. Әскери жабдықтау бөлімінің теміржолшылар құрамында мен соғыстың бастапқы кезі  1942 жылдың ақпан айынан бастап, фашистерді тізе бүктірген 1945 жылдың тамыз айына дейін болып, Чехославакия мемлекетінің Прага қаласына дейін барып қайттым. Еңбектерім партия мен үкіметіміз тарапынан бағаланып, «Ұлы Отан соғысының Германиядағы жеңісі үшін»,  «СССР Қарулы Күшіне 50 жыл» төсбелгілерімен және «Ленин» орденімен наградталдым». 
      «Біз соғысты көрген жоқпыз, 
      Естідік, 
      Соғыстан соң туғандармыз, 
      Етек жауып, ес біліп. Соғыс үні жетім болып, жесір боп, 
      Тұратындай әлі бізге естіліп».
      Соғысты көзбен көрмесек те, жүрекпен сезіне білу – біздің борышымыз деп білемін! Ер азаматты оқ қинаған, бала-шағаны жоқ қинаған заман еді. «Бәрі де майдан үшін, Жеңіс үшін!» деген ұран кәрі мен жастың жүрегін баурап, ой-санасын тербеп тұрған қиын кезеңде әкем ел ісіне атсалысудан аянып қалған жоқ. Ойын баласына ойын-күлкіні, ұйқы мен түсті ұмыттырған, қара суға, быламыққа қарын тойдырған аты өшкір соғыстың ылаңы, ауыр сынағы ұмытылар ма, сірә?! Әкем Дүйсенбай осыны айтқысы келеді, осыны жастар жүрегіне жеткізгісі келеді. Балаларына да еңбекке енжар, самарқау қарамауды үйретеді. Бұл–  үлкен тағылым. Қала берді, кісіліктің, қарапайымдылықтың шынайы көрінісі емес пе?! Әкемнің  әңгімесінен мен осыны ұқтым.
      Әкем Кеңестік дәуірде ержетіп, білімі мен білігін тиянақтап, өзінің таным-түйсігімен жастайынан атқа мініп, Кеңес үкіметін құру ісіне араласқан азамат болатын. Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы және жеңуі жолындағы күрес Ресейдегі біртұтас революциялық процестің ажыратылмас құрамдас бір бөлігі болып табылады. Петроградтағы оқиғалар туралы, Ленин басқарған Кеңес үкіметінің құрылғаны туралы және Ресей халықтарының ғасырлар бойы арманын білдірген оның алғашқы декреттері туралы хабар, Қазақстанның қалалары мен селоларына лезде тарады. Олар өлкеде бұрын-соңды болып көрмеген жаңа күш-қуат пен революциялық жігер туғызды. Өлкенің еңбекшілері революция жасаған жұмысшылар мен шаруалардың органы болған, Кеңес өкіметін орнату жолындағы күреске көтерілді. Қазалыда орнаған Кеңес өкіметінің өркендеп дамуына белсене атсалысқан азаматтардың бірі, менің ардақты әкем –Өтегенов Дүйсенбай болатын. Жалынды жас кезінен «көкірегі ояу, көзі ашық»  әкем аш-жалаңаш кедейлерге теңдік әперген жас Қазақ Республикасының белсенді бір мүшесіне айналып, оның жеңісін тап жауларынан қорғауға, Қазалы ауданының экономикасы мен мәдениетін арттыруға білек сыбана кіріскендердің алдыңғы қатарында болады. Бұның дәлелі ретінде Қазақстан Компартиясы Қазалы аудандық комитеті мен Еңбекшілер депуттаттары аудандық Советінің атқару комитетінің Қазақ ССР-і мен Қазақстан Компартиясының 50 жылдығына арналған, №12-ші әскери пайдалану бөлімшесінің бастығы подполковник Чернышев, саяси бөлім басшысы майор Поммер қол қойған «Құттықтау хатын» келтіруге болады.Жалпы әкемнің сол кездегі идеологияның жақтаушысы, партияның белсенді бір мүшесі екендігін, өмір бойы Коммунистік партия ұстанымдарына адал болып өткенін дәлелдейтін тағы бір оқиғаны айтып өткім келеді.
     Бірде әкем қатты ауырды. Анау-мынау ауруға берілмейтін қарт коммунист төсек тартып жатып қалды. Кейбір кездері «Әкем 10-15 күннен әріге бармайды-ау!?» – деген ой да қылаң беріп, жанымды мазалайтын. Күнде үйге түске асқа келгенде, әкемнің хал-жағдайын сұраймын.
      –Әке, қалайсыз, тәуірсіз бе?
      –Шүкір, кешегіден жақсымын ғой, тек бір нәрсенің мазамды алып тұрғаны болмаса...
      –Сізді не мазалап жүр, қолымнан келсе...
      –Қарағым, менің екі айлық партиялық взносым төленбей қалды, осы жайт қой мені мазалайтын.
      –Қазір барып төлеп келемін, оған бола алаңдамаңыз, әке.
      Түстен кейін жұмысқа бара жатып, тиісті мекемеге соғып, әкемнің взносын төледім. Әкемнің пенсиясы – бір айға 91 сом 67 тиын. Ал, екі айға төлейтін взносы – 1 сом 84 тиын.
      Кешке үйге келген соң, әкеме жарнапұлдың төленгенін айтып едім, қатты қуанып, риза болып қалды. Ойымда бөтен ештеңе жоқ, штамп бастыру үшін партбилетін сұрадым.
      Балам, мен партбилетімді тек партия ұйымының хатшысына ғана бере аламын. Саған бере алмаймын,–демесі бар ма?! Бәріміз сол жерде қыран-топан күлкіге қарық боп қалдық. Сол партиялық взносын төлегеннен кейін, араға екі күн салып, әкем бұл дүниемен қош айтысты.Қайран менің әкешім, арды ойлаған...
      «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген ұстаныммен өткен намысты, абыройлы жан еді.       Әкемнің  намысшылдығы жан дүниесі мен Отанының, отбасының, ұлтының, қоршаған орта мен қоғамының мәнін сезінуімен оянып, соның амандығы мен бүтіндігі үшін, күресінен көрініс табатын. Өзін-өзі танудан бастау алған адамның рухани ізденісі – оның қоршаған ортасын, адамдық келбетін айқындайтын асыл қасиеті. Әкем өз бойындағы ең асыл құндылық иман, ар-ождан қазынасы екенін танып білгеннен кейін, оны қорғау, ұлғайту қамымен  ізденіп еңбектеніп,  шын мәніндегі намысты тапқаны күмәнсіз.
      «Ар-ұятың тұрса бойда жаңғырып,
      Бұл парасат – әдептiге тән қылық.
      Болу керек қасиеттi ұстаным...
      Ар мен ұят әр жүректе мәңгiлiк...» – деген жолдарды мен намысын қолдан бермеген әкеме арнағым келеді. Осындай адамның ұлы болғаныма мақтанамын!
      Өмір – өткен күндерің ғана емес, асылы есте қалған күндерің болса керек. Уақыт өткен сайын жылдар да жоғыңды іздетеді. Жасың ұлғайса да жоғалтқаныңды сағынбай тұра алмайсың. Қамшының сабындай қысқа ғана өмірдің баянсыз екенін бала да біледі. Бірақ өтіп кетсе, жалғанның баста дәурен тұрмайтынын білген – қиынның қиыны. Дегенмен, адамның көңілі дәл баяғыдай. Үнемі іздеуменен келеді. Ал, әр адамның жанында ашылмай жатқан кені бар. Әр асылдың бір ауыз сөзін жадымызға сақтайық!
       Әкем туралы ойымды әрі қарай жалғасам... Сұрапыл соғыстан кейін, еңбекке қайта оралған әкем өзі қызмет жасаған теміржол саласына қайта келіп, вагон депосында жұмыс істеуді жалғастырады. Теміржол саласын   оның ыстығы мен суығына төзе білетін, қажырлы еңбектің адамдары ғана дөңгелентіп әкете алады. Ал бұл саланы өмірінің айырылмас кәсібіне айналдырып, оның қыры мен сырын бүге-шігесіне дейін танып-білген азаматтардың бірі – менің әкем болатын.
      Әкем тек вагон қарауды ғана білмеген, құлағын түрік ұстап, ел жайына елеңдеп отырған. Көкірек көзі ояу жан жалпының жұмысына, қоғам ісіне де белсене қатысты. Тіпті,зейнеткерлікке шықса да, байыз тауып, қол қусырып отыра алмайтын. Бүкіл өмірі еңбекпен өрілген, өзгелерге өнеге боларлықтай көп іс тындырды.  Бар ғұмырын кәсібіне арнаған оның шау тартса да, шаруаға қарай бүйрегі бұрыла беретін еді. 
      Әкеміз Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін, екі жылдан соң елге оралады. 1927 жылы туылған Фатима есімді өзінен 18 жас кіші аруды өзіне жар етеді. Байқауымша, ол кезде мұндай жас айырмашылығы қалыпты жағдай болғанға ұқсайды. Ел соғыстан кейін еңсесін тіктеп, енді ғана ес жия бастаған шақта жаңа өмірге қадам басады.
      Анам Фатима өмірге 4 қыз және 1 ұл әкеліп, әкеміздің шаңырағы сәбидің уілдеген үні мен шат күлкісіне толады. Үлкен әпкем Фатихадан кейін шаңырақтың иесі болып отырған мен, Серік Дүйсенбайұлы, өмір есігін ашыппын. Менен кейін Маржан, Райхан, Жанат есімді менің қарындастарым туылған.
      «Тәрбие» деген тек айтудан ғана емес, тәрбие – көрсетуден. Ақылы бар, санасы бар, тегі бар адам көргенін істейді. Біздің үйдің тәрбиесі – ұлағатты әкеміз бен көргені көп анамыздың тәлімді тәрбиесінен бастау алады.
      Ер баланың тәрбиесі әкеге жүктелетіні баршаға аян. Сондықтан да дана халқымыз "Әке көрген оқ жонар", "Ұлың өссе, ұлы жақсымен ауылдас бол" деп дәріптеп, тәрбие беру ісіне көп көңіл бөлуге шақырады. Жастайынан әкенің қатал қабағынан қаймыққан, әке тағылымына бас иген, үлкеннің айтқанын тыңдап, көңілге түйе білген, әке үйреткен өнегені, ақыл-өсиетті көңіл құтысына құя білген перзент еш уақытта әке назарын төмен салдырмайды. Өмірдегі азды-көпті жетістігім – әкемнің қатал тәртібі мен анамның махаббаты арқылы берілген тәрбиеден бастау алғандығы хақ.
      Әкем менің тәрбиеммен өзі айналысты. «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» – деген қазақ халқының мақтанышы, қаһарман бабамыз Баукеңнің қанатты сөзі менің әкемнің жүрегінен орын алып, жанына қанат болып байланғаны анық. Әкем ешқашан бүгін істелінетін шаруаны ертеңге қалдырмайтын, менен де соны талап ететін. Жалпы «тәртіптің адамы» болып табылатын әкем адамдарды сөзіне қарап емес, ісіне қарап бағалайтын.
      Балалығым болар, әкемнің қатал тезі мен талабына шыдамай, ол кісіге ренжіген кездерім де аз болған жоқ.  Ақыл тоқтата келе, бұның барлығы менің  игілігім үшін жасалынған, айтылған екен деген тоқтамға келдім.  Әкем маған: «Қазір қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жақсы заман ғой. Ал біздің қатарымыз қиыншылықты көп көрді. Аш-жалаңаш болдық, бір үзім нанға зар болған кездеріміз де көп болды. Төрт жылға созылған қанды қырғын соғыста талай боздақ опат болды. Апыр-ай, небір күндер бастан өтті, бәрі де күні кеше сияқты жадымда жаңғырып тұр. Елу бір, елу екінші жылдары ақмылтық асынған қиямет қыс болды.  Қол күрекпен үйме қардың қаншасын қопардым мен сонда. «Жолды босат» деп әзірейілдей азынаған паравоздың үнін үйінді қармен арпалысқан шақта әзер естисің. Ақ түтектен ат үстіндегі адамның ізі әзер көрінеді. Сөйткен қар да ериді бір күні, өйткені көктем келеді. Адам өмірі де соған ұқсас, бейнеттің зейнеті, таршылықтың кеңшілігі  болады   Бәрін шын ниетіңмен істеп, адал еңбек қылсаң, сонда ғана рахат өмір сүресің. Ұлттық  тәрбие,  тыйым,   салт-дәстүрге,  үлгі-өнегеге  тамырын   терең  байламаған  ұрпақтың   болашағы бұлдыр болмақ. Мұның бәрі ертең сенің өміріңде қажет болады. Өмірлік сабақ деп қабылда! Менің айтқандарымды тыңдап, ақылыммен жүрсең, жаман болмайсың. Әлі-ақ мұның дұрыстығына көзің жетеді», – деп жиі айтатын. Ақылы дария әкемнің осы сөздерінің дұрыстығына кейінірек талай рет көз жеткіздім.                                                                              
      Мен қасиетті қазыналы  Қазалы жерінде 1956 жылдың 30 желтоқсанында дүниеге келгенмін. Осы жердегі №421 орта мектепте білім алдым. Мектеп қабырғасында біліммен сусындап жүрген кезімде, Өскемен қаласының жол-құрылыс институтының өкілдері келіп, жоғары класс оқушыларына үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Содан мен Өскемен қаласындағы жол-құрылыс институтының «Автомобиль жолдары» факультетіне оқуға түстім. Айтайын дегенім – студент кезімізде ауылға келеміз. Келген сайын ақша, азық-түлік «тиеп» алып кетеміз. Ол кезде менің әкем зейнетке шыққан. Айына 91 сом зейнетақы алады. Мен сол кезде 45 сом шәкіртақы аламын, әкем айына 50 сом салып жібереді. Маған 95 сомның жетпей қалатын кезі көп. Әкем мен анам маған ақылда отырып, ақша жібереді. Сосын бір-бірінен тығып тағы ақша салады. Анам  әкемнен жасырып маған ақша бергенде: «Сен енді жігіт болдың, балам. Жүріп-тұруыңа, қыздармен қыдыруыңа қажет болады»,– деуші еді. «Өздері қаражатты қайдан тауып жатыр, қалай жеткізіп отыр екен?» – деген сұрақ мені сол кезде мазаламаған екен. Албырт жастығым кінәлі болар бұған, кім білсін!?.. Әйтеуір, мен дегенде, екеуінің шығарда жаны ғана бөлек болатын. Қазір  мен үшін күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмейтін мейірімді жандардың аппақ ниеттері мен риясыз көңілдерін сағынамын. Ойлай бастасам, тамағыма ащы өксік келіп тіреледі...
      Ниет дегеннен шығады. Адам баласына қылдай қиянат ойламайтын әкемнің ойы таза, көңілі ақ болатын. Өмірден көрген-түйгені көп, әріден ойлайтын сұңғыла жан бірде маған былай деді: «Жаратқанға арыз айтар, жамағайынға өкпе артар ретім жоқ. Тәңір маған тиісті ырыздық-несібе, абырой-бедел, ерлік пен өнерге бергісіз еңбегін аманаттапты. Соның ешбіріне қиянат қылмадым. Байлығым болса, жұртпен бөлістім. Абыройымды ел үшін бұлдадым. Еңбегім мен ерлігімді де қажет жерінде аяған жоқпын».
      Мұндағы негізгі айтайын дегенім мынау – «Біз өзіміздің сыртқы әрекетімізге ғана жауаптымыз» деп ойлаймыз. Біреуді зәбірлесек, бір затын ұрлап алсақ, ол үшін жауап береміз. Ал ішкі ойымызға жауап бермейміз деп ойлаймыз. Негізі олай емес. Өйткені, бәрі ойдан басталады. Жаман әрекет көктен түспейді. Жаман әрекет жаман ойдан бастау алады. Жаман ойласаң, ол ой ешқайда кетпейді. Ішіңде жүреді, қалыптасады, кейбіреулерде тіпті тал бойына бекіп, қалыптасып кетеді. Сенің жаман ойыңнан кейінгі ұрпағың зардап шегеді. Мен жұртты қате әрекеттен ғана емес, жаман ойдан да сақтандырғым келеді. Ішіміз таза болсын дегенді айтқым келеді. 
      Қазір ойласам, жоғары білім алмаса да, менің әкем сол оқығандардан да артық білімді, білікті, зерделі болған екен ғой. Дана қазақ: «Ата-бабаң ардақты, Жамандыққа бармапты» деп бекер айтпаса керек. Жаны жайсаң, жүрегі жомарт жандардың әрбір ісі кейінгі ұрпаққа берген үлгі-өнегесі екен ғой. Адамның өмірінің мәні мен  сұлулығы, адамның келешегіне сенімділігі – баланың ата-анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік қарызын бір сәтке де есінен шығармауында. 
Осы жерде анам туралы да бір ауыз жақсы лебіз білдіргім келеді. Анам Фатима – менің ғана емес, бүкіл ауылдың да ардақ тұтқан анасы бола білді десем, артық айтқандығым емес. Анам – бір кезде айдыны шалқыған Арал өңірінің қызы, нағашыларым Аралдан. Анам 7 құрсақ көтерген. Тұңғыш сәбилері егіз ұл екен, тағдырдың жазуымен олар кішкентай кездерінде шетінеп кетеді. Үлкен әпкем Фатихадан кейін, арада  біраз  жылдар салып 1956 жылы мен туылыппын. Кейін бірінен кейін бірі үш қарындасым дүниеге келген. 
Қазақта: «Ананың тілегі алты молданың дұғасынан да күшті» деген тәмсіл  бар. Расында да, сәбиі үшін отқа да, суға да түсуге даяр ата-ана мейірімі шексіз. Бұл –  мейірімнің құдіреті, бұл  жылулықтың күші –  талай қауіптен аман алып қалып, талай қиындықтан қорғайды деп ойлаймын.  Ата-ана мейірімі ыстыққа да, суыққа да төтеп бере алады. Тек қана ананың балаға деген шексіз мейірімі мен махаббаты, бала үшін ең жақын адам болуға ұмтылуы – балаға қорғаныш, қауіпсіздік сезімін сыйлайтындығын, адамдарға, әлемге, өзіне сену қабілетін беретіндігін, әулеттің, ұлттық бір бөлшегі екендігін ұғыну мүмкіндігін беріп, жауапкершілік сезімін қалыптастыратындығын ерекше атап өткім келеді.
        Мейірімі мол анамның жақынына деген жанашырлығының өзін үлкен ұлағатқа балар едім. Анам! Әкемнің құдай қосқан қосағы, әрдайым осынау қастерлі отбасының отанасы, немере-шөберелердің әз-әжесі, сыйластықтың жібек жібі болып, айналасын жайдары көңілінің, мөлдіреген таза жүрегінің күн шуағымен аялаудан тынбай өткен жан. Тіршілік түйткілдерінің бәрін орын- орнына келтіріп, қабақ шыту мен кірбіңге ешқашан ешбір саңылау қалдырмай, жұрттың барлығын бауырластырып, азаматтарды бауырға тартып, әкемнің жолдастарын бірге туғаннан артық сыйлап, ағайын мен туыстың арасында сыйластықтың дәрежесін арттырып, дәнекері болып, біреудің қуанышын, енді біреудің ренішін бөлісіп, тілекші әзиз ана болып жүретін де – менің асыл, аяулы анам  Өтегенова Фатима. Содан да болар,  әкем екеуінің осы берекелі пейіл, ақ ниет, кең мінездеріне құдайдың бергені де рас. «Осы ырыс-бақ енді кейінгі ұрпағына, біздерге,  жұғысты болсын!» – деймін. 
      Анам мемлекет қызметінде болған жоқ, бірақ зейіні мен есте сақтау қабілеті ерекше болатын. Орыс тілін жетік біліп, таза сөйлейтін-ді. Негізі, біз теміржолдың бойында тұрдық. әрлі-бері өтетін жолаушылар көп болды.  Оның үстіне менің анам қонақжай, көпшіл жан еді. Сірә, көп адамдармен араласуы да орыс тілін жақсы меңгеруіне себеп болған шығар. Адаммен қарым-қатынасы, араласуы керемет жоғары. Қарапайым әрі өте балажан анамның балаға деген махаббаты шексіз, бойындағы бар асылын бізге беруге тырысатын.
      Кейінірек мен отбасылы болып, қайын жұртыма барғанда, менің жарымның жеңгесі: «Пәлі, біз құдағайды үйде отырған көп кемпірлердің бірі ғой десек, орысшаға жетік, сөйлер сөзге ұста, мәдениетті қазақ әйелі осындай болсын дегендей-ақ екен!» – деп, анама сүйсінгендері есімде. Сонда анамның мәртебесі биік болғанына төбем көкке жеткендей қуанғанмын. Қайран анашым, ойлап қарасам, бұл жалғанда мен үшін өзіңе тең келер жан жоқ екен-ау!?..
      Біздің жанұямыздағы қыздардың барлығы әке жолын қуып, теміржол саласын таңдады десем болады.  Мен автомобиль жолдары саласын таңдадым. Ата-анамыз бәріміздің жоғары білім алып, саналы азамат болып өсіп, халқымызға пайдасы тигенін қалаған еді. Сол армандары жүзеге асты. Барлығымыз жоғары білім алдық. Үлкен әпкем Фатиха  теміржол саласын азық-түлікпен қамтамасыз ететін мекемеде қызмет атқарды. Райхан есімді қарындасым әкеміз қызмет еткен мекемеде кадр бөлімін басқарды. Маржан балабақшада қызмет істейді, келер жылы зейнетке шығады. Кенже қарындасым Жанат Қызылорда қаласындағы «Қамқор-Сервис» мекемесі басшысының орынбасары болып қызмет атқарады. Бүгінде ата-анамыздың үкілеген үміті ақталып, бәріміз өмірден өз орындарымызды таптық.
      Әкемнің қай қызмет жүктелсе де, қабілет-қарымын жоғары деңгейде танытып, сол саланы жетістікке жетелеп кететін жігерлі жұмыстары көптің көзіне түсті. Еңбексүйгіш әкем өз ортасында қадірлі болды, жұмысын тиянақты атқарып, түрлі марапаттарға ұсынылды. Әкемнің қатал тәрбиесінің арқасында менің бос селкілдеп жүруге уақытым болмайтын. Себебі бос уақытымның бәрін спортпен шұғылдануға арнайтынмын. Біздің кезімізде күрес спорты ерекше мәртебеге ие еді, сондықтан болар мен де осы спорттың түрімен айналыстым. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Бәкенов Қуандық деген жаттықтырушы ағайымыз болды. Ағайымыз біздің ерік-жігерімізді ұштап, шын мәніндегі ер-азамат болып қалыптасуымызға үлкен әсерін тигізді. Оның үстіне әкем де менің спортпен айналысқаныма қуанып, үнемі қолдау көрсетіп отырды.
      Студенттік қызық шақтарды бастан кешіп жүріп үйлендім. Ауылдан біреу боп аттанып: «айды аспанға бір-ақ шығарып», әке-шешемді қуантып, екеу болып оралдым. 1979 жылы оқуымды бітіріп, Зәуреш Қызырбекқызы есімді көңілім құлай сүйген жарымды ертіп, ауылға келдім. Ұлан-асыр тойдан кейін, Зәуреш соңғы курсын аяқтау үшін, оқуға қайта кетті. Өскемен қаласындағы педагогикалық институтты аяқтап, дипломын алған соң, Зәуреш мен оқыған №421 Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепке жұмысқа орналасып, ұстаздық жолын бастап та кетті. 
      Ата-анам  аса  қонақжай   адамдар  еді. Алғаш Зәуреш  келін   боп  түскен  жылдары: «Сендер  жоқта жаман   үйімізге  кісі  кіріп   шығатын  ба еді?!  «Кемпір-шалдың   дастарқанға  қояр  несі   бар  дейсің?» –  дегендей,   көктей  өтетін.  Қонақ   таңдап  қонады,  өз   ырысымен  келеді.  Бүгінде   сол  таңдаулы  үйдің   бірі болып отырсыңдар.  Осы  қалыптарыңнан   жазбаңдар!» – деп,  келген  қонақ   риза  болып  аттанған   сайын бір жасап қалатын. Зәурештің әрбір істеген ісіне риза болып, батасын беріп отырушы еді. Отбасылық бақытымды өмірге келген ұл-қыздарым еселей түсті. Әкем сияқты мен де 5 баланың әкесі атандым. 
      Менің қайынжұртым Шығыс Қазақстан облысының  оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Тарбағатай өңірінде тұрады. Қайын атам Жомартов Қызырбек – ұзақ жылдар бойы басшылық қызметте болған өте білімді, көреген, ақылды кісі еді. Бізге әкелік қамқорлығын көрсетіп, жол сілтеп отыратын. Әкеміздей болған жан 59 жасында дүниеден өтті. Қайын енем Күлзи апаның да мен үшін орны ерекше болды. Анамдай сыйлап, құрметімді аяған жоқпын. Ол кісі де – көргені мен түйгені мол, мейірімді әрі мінезге бай жан. Көзі тірісінде бізден бар жақсылығын аямады. Қайынағам, балдыздарыммен әлі күнге дейін қатысып тұрамын. Олар Өскемен, Семей жақта тұрады. Арақашықтық біршама болғанымен, арадағы сыйластық сезімдеріміз ешқашан суыған емес. Бір-бірімізді сағынып көрісеміз.
      Зәуреш үй шаруашылығына епті болғанымен қатар, ұлағаты мол ұстаз да бола білді.Өзінің игілікті ісімен танылған жарым Жомарт Зәуреш жастарды тәрбиелеудегі өзінің ұстаздық борышын абыроймен өтеді. Әрдайым өзінің кішіпейіл, ақжарқын мінезімен қызметтес құрбы-құрдастарының, шәкірттерінің құрметіне бөленді. Ол жастарды тәрбиелеуге, еліміздің болашақ жеткіншектеріне білім беруге, мектептің жақсы жетістіктерге жетуіне көп еңбек сіңірді. Еңбегі нәтижелі болып, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атанды. 
      Ибалы келін, асыл ана, сүйікті жар болған өмірлік серігім Зәуреш зейнет жасына 4-5 ай қалғанда, кеселге шалдықты. Дертіне шипа іздеп, қолдан келгеннің бәрін жасап, бірталай жерлерге де бардық. Бірақ,Жаратқанның жазуы солай болған шығар, жан жарым 2017 жылдың 20 ақпанында бізді мәңгілікке тастап кете барды. Орны толмас өкініш арқалап артында қала бердім, амалым қайсы...
      Қазір қыздарыма қарап, олардың бойынан аналарына ұқсастық іздеймін. 5 баламыздың алдыңғы екеуі қыз. Үлкен қызым Жанар Қызылорда қаласындағы жоғары оқу орнында ұстаздық қызметте. Жанұялы, жолдасы екеуі – үш баланың ата-анасы. ЖолдасыТалғат теміржол саласында қызмет атқарады. Екінші қызым Айнұр да анасының жолын қуып ұстаздық жолды таңдады. Қызылорда қаласының «Тасбөгет» шағын ауданында тұрады. Жолдасы Ержігіт мұнай саласында қызмет атқарады.
      Үлкен ұлым Нұрлан –  мамандығы - заңгер, құрылысшы. Менің орынбасарым болып қызмет жасайды. Келінім Айғаным да – мұғалім. Одан кейінгі қызым Нұргүл Қазалы ауданындағы теміржол колледжінде химия-биология пәнінен сабақ береді. Жолдасы Жасұлан да – теміржолшы.
      Кенже ұлым Ерлан – ата-бабамыздың дәстүріне сай қара  шаңырақ иесі. Мамандығы – жоғары білімді мұнайшы. Қолымдағы келінім Гүлбану –  информатика пәнінің мұғалімі. Ерлан жеке кәсіппен айналысады. Әзірге аяқ алысы жаман емес сияқты. 
      Өзім  еңбек жолымды 1979 жылы №372 жол  құрылыс салу бөлімшесінде алдымен жол шебері,   кейінірек аға шебер, бас инженер қызметтерін атқарып, 1986 жылы «Қазалы райавтодор» бастығы болып тағайындалдым. 1988 жылы Қызылорда өндірістік жол бірлестігінің Қазалы ауданындағы №8 Жол құрылыс басқармасының бас инженері, 1993 жылдан бастап мекеме басшысы болдым. 1996 жылдан бастап «Қызылорда жолдары» АҚ-ның Қазалы ауданындағы бөлімше бастығы, 2001 жылдан «Қазалы-Жолшы» ЖШС-нің директоры  болып тағайындалдым.
      Қызметім мен еңбегім еленбей қалған жоқ, көптеген мақтаулар мен марапаттарға ие болдым. «ҚР Тәуелсіздігіне – 10, 20 жыл», «Қазақстан Республикасы Конституциясының 10, 20 жыл толуына» арналған медальдарының және Қазақстан Республикасы Автомобиль жолдары комитеті төрағасының «Құрмет грамотасы», Қазақстанның «Құрметті құрылысшысы» төсбелгісінің иегері атандым. Ұлыбритания мемлекетінің Оксфорд қаласында өткен Еуропалық бизнес Ассамблеясынан «Қазалы-Жолшы» ЖШС-і – «Ең үздік мекеме» номинациясының дипломы беріліп, өзім «Ең үздік басқарушы» медалімен марапатталдым. Қазалы ауданы әкімінің алғыс хатын бірнеше рет алдым, сондай-ақ «Қазақстан даңқы» және «Экономика мақтанышы» ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және Даму министрлігінің «Алғыс хатымен» марапатталғанмын. Жақында Қазақстан Республикасының «Қоғамдық марапат және атақтар комитеті» бекіткен «Қазақстанның Құрметті азаматы» орденімен марапатталдым.
      Жекешелендіру кезеңі біздің салаға да көптеген өзгерістер әкелді. Бұл кезде «Қазалы-Жолшы» ЖШС-і құрылған болатын. 2015 жылы мекемені нарықтық бағамен сатып алып, өзімнің иелігіме өтті. Қазір қарамағымда 70-80-ге жуық адам жұмыс жасайды. Әрине, басында оңай болмады, түрлі экономикалық қиындықтарға төтеп беруімізге тура келді. Қаражат жағы да біздің бас қатыратын мәселелеріміздің бастысы болып тұр. Бізде қазір барлығын қосқанда 50-60 шақты техникамыз және асфальт зауытымыз бар. Бүгінгі күні Қазалы ауданындағы үй салуға енді берілетін жерлерге жолдардың құрылысын  салудамыз. Бұл жұмысты біз келесі жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Қармақшы ауданында да жол салу құрылысын бастап кеттік. Басықара ауылының жолын жасап беріп, тапсырдық. Дегенмен, бұдан да ауқымды жұмыстар жасауға тырысудамыз.
      Жалпы байлық менің өмірдегі мұратым емес, өмірде адал еңбегіммен қолым жеткен дүниені қадірлеймін. «Көп  адам   дүниеге  бой алдырған,Бой  алдырып   аяғын  көп  шалдырған» –деп  данышпан   Абай  уайым  айтқан.   Дүние-мүлік  жинау  бар   да,  дүниеқоңыздық  бар.   Екеуінің  аражігін  айыра   білген  абзал.  Қазіргідей   барын  базарлап  жатқан   заманда  дәулетті  тұруға   кімнің  қарсылығы  бар.   Өмір  сүруге  қажетті   жиһаз, мінер  жеңіл  көлік,   киім-кешек – бұл  күнделікті  тұрмыстық қажеттілік деп түсінемін.  Ырыс-несібеңді  керегіңе   жұмсамай,  ұры  түскен   үйдей  боп  отыру   ерлі-зайыптыға  сын. Ал,  ашкөздік   жасап,  алатын  жерде қос-қостан асап,  бес-бестен   жинап,  жұрт  көзінен   тыққыштап,  айналаңа,  ағайын-тумаға   қара  бақыр  қайырың   болмай  жатса – мұның  аты   дүниеқоңыздық. Алдымен  сол  дүниесі   түскірді  не  үшін   жинап  жатқаныңды  білу   керек.
      Әкем  жарықтық  айтып   отырушы  еді: «Жігіттің  жинаған   дүниесі  өз  құнынан   асып  бара  жатқанын   біліп  отырамын.  Алдымен   мінез-құлқы,  жүріс-тұрысы,  сәлемі   мен  сөзі  өзгере   бастайды.  Асқына  келе   ақылын  жоғалтып  алады.   Күндердің  күнінде  дәулетінен   айырыла  қалса,  жоғалтқан   ақылын  кері  таба   алмай,  есалаң  болып   кетеді.  Ең  қауіптісі –  осы»,   –  деп.  Жастықпен бұл сөзге мән  бермеппіз.   Енді  ойлап  отырсам,   неткен  көрегендік  еді! Қасқыр   айтады  дейді:  «Құрсын,   бір  қойға  тоюын   тоям  ғой,  қырып   кетті  деген  атағын   айтсаңшы».  Азаматқа  бір   ғұмырда  қанағатты  тірлік   те  аздық  етпес. Дүниеқоңыз  деген   жаманатын  айтсаңшы! Иә,  дүниеқоңыздықтың    түп     төркінінде  өзіңе  деген   ынсапсыздық  пен  өзгеге   деген  көлеңкесіне  ит   жатпайтын  сараңдық  тұрған   жоқ  па?! Сондықтан, байлық жөнінде әкемнің айтқандарын ешқашан естен шығарған емеспін, шығармаймын да.
      Өмір тез өзгереді, кеше қызу думан ордасындай көрінетін ажарлы жастығың келмеске кетіп, орнын салиқалы салқын ойлар, өтіп кеткен күндер мен адамдарға деген сарытап сағыныш басады. Бұл – өмірдің заңдылығы. Өмірден өтіп кеткен мен үшін қымбат жандар – ата-анам жайлы шым-шымдап шыңыраудан су тартқандай сыр шертуге тырыстым. Мына бір қырыс қабақ құба сұр күн өмірдің аңғал, өлімнің аяр екеніне көзімді тағы да жеткізіп, жүрекке жара, көңілге нала салып тұр.
      Қиямет-қайым кезінде де қияға ұмсынған қыран көңілдің аңсарлы биігіне енді самғап шыққан сәтінде қанатынан қайырылып, топшысынан майырылғаны қабырғаны қайыстырып барады.  Бұл ғасырда,  бұл далада бір кісі мағыналы өмір сүрсе, ол өзіңізсіз, Әке! «Артымда азат ел қалды»  деп аттанып бара жатқан азғантай қазақтың бірі  – Өзіңізсіз. Атақ пен даңқ та, абырой мен лауазым да таңсық емес. Сізге тағдырдың тартқан ең үлкен сыйы да осы болды.  Сіздің өзіңіздің, сөзіңіздің де орны бөлек еді. Оның қадірін бұрын да білетінбіз. Ойсырап тұрған орныңызды сипап өкінерміз. Бірақ, кескекті жерде кескілескен нұр келбетіңіз тұрар көз алдымызда.  Өзіңіз жайлы ойласам, өр тұлғаңыз көз алдыма елестеп, жүректегі бейнеңіз көңіл көкжиегінде асқар шыңдардай мәңгі аласармай, биіктеп барасыз...
 
Өтегенов Серік Дүйсенбайұлы
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....
30 марта 2025 19:53
Людмила.
Наши самые дорогие, родные!!! БАХЫТЖАН Рахимжановичь здоровья вам и вашей большой семье! Горжусь, что с вами работала,...
25 марта 2025 23:30
Гульнар
Бүгінгі күні Серікбек пен Гульмира білімділігі мен біліктілігінің арқасында көптеген адамдардың алғысына бөлініп...