Білте шамның жарығы
Алтай мен Атырау арасындағы алып дала ұшы-қиырсыз ұшан-теңіз кеңістікті алып жатыр. Бір кездері көшіп-қонып, арқаланып алып даланың әр жерін бір мекендеп қоныс еткен, несібесін маңдай термен теріп жеп, «арпа-бидай ас екенді» айтқан қазекемнің көңілі де шіркін осы даладай емес пе?! Тарих неткен терең?! Бойлай да алмайсың. Киіз үйді тігіп, шаңыраққа қарап жатқан әр баланың арманы жоқ та шығар... Қазақтың қазақы болмысын, ұлттық үй кескінін ақын Ұлықбек Есдәулет келтірген мына өлең ойыма орала кетпесі бар ма?! Тентегін бұрышқа тұрғызып қоятын бүгінгі
![]()
заманауи төрт бұрышты үйдің орнына «Бұрышсыз үй тұрғызам» деп, жүректегі жанайқайын жеткізіп еді-ау!?..
«...Сол тентекке жанымның хошы келген,
Еркелігін мен болсам кешірер ме ем?
Шіркін, оның бабасы бақытты ғой,
Бұрышы жоқ үйлерде өсіп-өнген».
Иә, біздің бала күніміз бүгінгіге қарағанда жайбарақат екен. Еш алаңсыз ата-анамыздың алдында, құлын-тайдай шапқылап, кеңшіліктің төсінде тулап өсіппіз ғой...
Бүгінгі күн ертеңгі тарихқа айналады. Дәл кешегі бүгінгі тарих екені тәрізді. Өйткені, сол тарихты құрайтын біз, яғни, адамдар.
Біз – Асан руынанбыз. Асаннан Нұрбай туады. Нұрбай бабамыз елге сыйлы, ауқатты, абыройлы кісі болған. Билігі тағы бар. Ол уақытта «би болу» дегеніңіз – анадан озық, әкеден асыл болып тумасаң, көлденең келген көк атты қолына билік ұстай алмайды. Тәңір сыйлаған талант пен бақтың арқасында ғана осынша биікті бағындыруға әбден болады. Әйтпегенде, қолдағы бар мал-мүлікпен атақ-даңққа қол жеткізуіңіз – жай әншейін гәп қана. Нұрбай биден тараған ұрпақ та әулетті жерге қаратпайтын белгілі тұлғалар болып өседі. Алдымыздағы көнекөздер айтқанда, біз де құймақұлақ балалығымызбен даналықты түйсініп, көңіл сарайына тоқи береміз. Олардан естігеніміз – көкейде қалған болу керек. Сонан соң, қазақтың қасиеттілігі тағы бар. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деп, арғы ата текті тап-тұйнақтай жаттатып қояды. Міне, осының арқасында біз де ол дәстүрді жақсы меңгердік.
Нұрбай биден Амалдық тараса, Амалдықтан Бекарыстан атты тау тұлғалы қақпақ жауырынды, апайтөс палуан жарық дүниенің есігін ашқан екен. Әрі би, әрі жүрек жұтқан батырлығы бар, тіпті ірі, алып денелі болған екен. Батырдан Тойбазар, Салыбай, Сабырбай, Жолай би тарайды. Жолай биден тараған ұрпақ – Түменбай мен Мінсізбай. Ер мінезді қос тұлғаның Мінсізбайынан ұрпақ тарамады. Жаугершілік заманда отызында өмірі қапияда қиылып кете барған. Ал Түменбай – біздің арғы атамыз. Ол кісіден жарық дүниеге Есімбет атамыз келеді екен. Менің әкем Сұлтанбек,өзінің бес бауырымен бірге Есімбеттен тарайды. Яғни, Жаржан, Ержан, Бідән, Жақып атты ағалары мен Жұман есімді қарындасы бар.
Сұлтанбек әкемнен үлкен ағамыз Төлеген бастаған екі ұл, бір қыз тараймыз. Екінші ұлы мен – Данияр. Ал апамыз – Меруерт.
Анамыз Айшагүл – батыр ұрпағы. Қарақыпшақ руынан. Қобыландыны қазақтың маңдайына сыйлаған елдің қызы.
Бекарыстанның ерлігі ел есінде Еділ мен Ертістің, Алтай мен Атыраудың арасы – созылып жатқан кең дала. Тұтқиылдан тап беруге аңдыған дұшпан көзі жан-жақтан жылтырайды. Жер үшін, ел үшін талас, тіпті азық-түліктен де айырып, күшің жетпей қолға түссең, қызыңды – күң, ұлыңды – құл қылып, өзіңнің жаныңды жаһаннамға жөнелтер жау қылышын қайрап тұр. Ол кезең өмір үшін арпалыс еді-ау! Сен оны өлтірмесең, өзіңді жер жастандырады. Міне, осындай жаугершілік заман қазақ халқын шыңдады. Кеудесінде «қазақпын» деп соққан әр азамат елі үшін, қаптаған жаудың жебесіне қарсы кеудесін тосты.
![]()
Осындай сұрқия күндердің бірінде осал тұсты аңдып жүрген түрікпендер жүйрік аттарын мініп келіп, қамсыз отырған қазақты шауып, малын айдап, қызын өңгеріп әкете беріпті. Осы күнгі Арал мен Қазалы өңірі түрікпендердің түртпегінен қажиды. Сәт сайын даярлануға мүмкіндік бермейді, әрине, бұл қандастарымыздың ашу-ызасын буырқантып қайнатады. Содан Қазалының бергі жағындағы Ұзынтам биік бекетін салып қойған. Бекет біздің бала күнімізде екіге айырылып тұратын. Біздің елдің шолғыншы жасақтары бекеттің үстіне шығып, жаудың әрекетін бақылап тұратын болған.
Түрікпеннің осал жау емес екенін түсінген біздікілер барынша әккі амалдар қарастырып, олардың алдын алуға тырысады. Оған қарап жау жағы: «Қазақтар алдымызды орап кетті, ылғи көктем-жазда шабамыз. Енді қыста келейік», – деп келіседі. 50-60 атты әскер мұз үстінде қазақ жеріне таяп келіп, ішіндегі ірісі: «Осы бұрынғы Бекарыстан батыр қайда екен?»– деп сұрайды. Жауап әр қилы келеді. Бірі әлдеқашан өліп қалдыға жорыса, бірі қартайғанын айтады. Бұл уақытта Бекарыстан бабамыз қартайып, елден жырақ оңаша, Қаратереңнің Қарашоқатында жатса керек-ті. Ал әлгі жау тура сол жақты беттеп, мұз үстімен ылдилап жүріп барады екен. Біздің елдің барлаушы жасағы дереу Бекарыстан батырға келіп, мән-жайды айтады. Себебі, қапелімде қол жинай қою – үлкен күш. Тіпті, түрікпен батырларының мықтылығы сонша – күйіс қайтарып тұрған түйенің басын алғанда жарықтық, жануар қиналмастан өледі екен. Тіпті жаңылмастан 5-6 күйісін қайтарып барып аттанады деседі.
Қартайып, бойынан нәр тайған батыр екі сарбазды жанына алып: «Қазір мен садақ атқанда, екі иығыма тіреуіш болыңдар! Ал, сен олар 60-70 метр жақындағанда маған белгі бер!» – деп тағы біріне тапсырыпты. Оның садағының үлкендігі зор күшті қажет ететіні соншалық – соқталдай екі азамат батырдың екі иығына тіреу болып тұрады екен.
«Ата, сіз айтқандай, 60-70 қадам жақындап қалды», – деп хабар береді бірі. Батыр бабамыз: «Уа, әруақ, қолдай гөр!» – деп, жебені керіп тұрып жіберіп қалғанда, түрікпендердің дәл алдына иегінің астынан барып, мұзға қадала қалады. Көктен түскен жебенің қайдан келгеніне таңырқай қарап түрікпендер тұр. Ал Бекарыстан баба оны Қарашоқаттың үстінен атқан еді... Бірі «Мынадай жебе тек Бекарыстан батырда ғана бар», – дейді мұздан әрең жұлқылап жебені алып жатып. Екіншісі: «Қап, Бекарыстан батыр ті
![]()
рі екен. Мен бармын дегендей белгі беріп жатыр. Көктен түскен жебе – соның дәлелі. Қайтайық!» –деп әскерін кері бастап қайтқан екен.
Ел арасында «Елу атты әскерді бір оқпен қайтарған Бекарыстан батыр» деген сөз осы оқиғадан соң қалып, біздей ұрпағына жарқырап жақсы естеліктер болып қалды. Сәт сайын баба рухына дұға жасап, зиярат етіп қайтамыз. Батыр бабаның рухы бізге әрдайым демеу боп жүреді. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген бар ғой. Жақында, Бекарыстан ауылында Бекарыстан бабамызға үлкен ас бердік. Белгі қойып, құран бағыштадық. Ал бұған дейін де бұл жерді талай ел біліп те, көріп те жүрген ауыл. Ауылымыз оның есімімен аталып, батыр рухын асқақтатып тұр.
Есімбеттің үш уыс пішені Біздің атамыз Есімбет те Бекарыстан бабамызға тартқан қақпақ жауырын, апайтөс болыпты. Жігіт кезінде таңертең ертемен пішен оруға барады. Анасы кетіп бара жатқанда, бір мес ашыған көжені, бір қазан жаппа нанды, үлкен ағаш тостағанды арқасына салып, таңып беретін көрінеді. Атамыз қолына үш орақ алып аттанады екен. Алғашқы қарқынмен пішенді жау қопарғандай қарқынмен жапырып, бау-бауымен десте салады. Бір демалғанда арқасында шайқатылып жүрген местің аузын шешіп, көжені ағаш тостағанға құяды екен де, бір қазан жаппа нанның бір бөлігін жеп, ары қарай ісіне кірісіп кете баратын көрінеді.
Қолының қуаттылығы сондай – орағы қызып кетіп, жазылып, ауық-ауық суға салып алмастырып сала береді екен. Ал ол пішеннен келген сәтте әжеміз бір тоқтының етін түгелімен алдына қояды. Атамыз солайымен қылғытып жұта беретін болған. Демек, оның мұнша жұмыс істеп, осынша ас-ауқат жейтіні, батырдың болмысы емей немене?! Ертеңіне күндегі тірлігі ары қарай жалғаса береді.
Есен деген үлкен кісіміз айтып отыратын: «Бір үлкен дау-жанжал шықты». Ол уақытта бұл кісі Есімбет атамыздың шөбін дестелеп, шөмеле етіп жинайды екен. Сол маңнан тағы бір кісі пішен орады. Сөйтіп, қыстыңгүні шөмелені әкетер кезде, әлгі кісі бір-екі мың бауды «менікі» деп даулайды. Атамыз: «Жоқ, менікі!», – деп келіспейді. Маңдай тер еңбегін бәзбіреуге, даукеске кім бере салғысы келер дейсің?..
![]()
Содан елдегі үлкендер араласып, басу айтады. Ал Есімбет атамыз: «Мен мына баулықты шешіп, шөпті желге қарсы лақтырамын. Үшке бөлініп шашылса – менікі, олай болмаса – сенікі», – дейді. Даукес келісе кетеді. Айтқанындай-ақ, шөп үшке бөлініп, шашылады екен. Сөйтсе, олай болатыны – Есімбет бабамыздың үш уысы нығыздалып, сол күйі тұрады екен. Бабасы Бекарыстан болса, ол түрікпеннің 50 сарбазын бір оқпен қайтарса, Есімбеттен басқа не күту керек еді... Ол да төртбақ денелі, аса ірі тұлға болған деседі. Тау биік тұлғаның болмысы әлі күнге ел аузында.
Қайран да қайран, дүние... Сұлтанбек әкеміз – аса әңгімешіл жан еді... Шежіреден хабары бар. Өткен күндер тарихын тамылжытып айтып бергенде, көз алдыңа сол сәттің нұрлы бейнесі көлбеңдеп тұра қалады. Суреттеп айтқанда, аузыңның суы құрып, ұйып тыңдайтындай бар. Ауылда кеш түсе салысымен, елдегі адамдар жиналып алып: «Ал енді Сұлтанбектің әңгімесін тыңдайық», – деп шоғырланып қалады. Оның білетіні көп еді... Пайғамбарлар дәуірінен бастап, хисса-дастандарды жатқа айтатын. Оқымаған адам бола тұра, хат таниды. Молдалығы да бар.
Күні кешегідей көз алдымда... Сол кез есімнен кетпейді. Төлеген ағама мектепте «Қыз Жібек»-тің қиссасынан тапсырма берген. Үйге келіп, шекесін қасып ойланып отырып, әкеме жеткізгенде, қайран әкем: «Ой, балам, оның несіне қиналасың?! Саған мен-ақ, айтып беремін ғой», – деген. Кешкілік ел жатар орынға орнықты. Кешкі асты ішіп алып, 10-11-лер шамасында май шамның жарығын өшіріп, жантая кеп айтып бермесі бар ма?! Әкем мұнан бөлек, Исатай мен Махамбеттің, Шернияздың өлең-жырларын айтып отыратын. Ауыз әдебиетін әңгімелеудің ерен үлгісі болатын.
Әкем – өз ортасында сыйлы, абыройлы жан еді... Қатал тағдырдың тырнағына ілініп кете барды...
Сол күні күн бұрқасын дауылды болыпты. Мен үш жастамын. Ағам Төлеген ес біліп қалған, жасы тоғызда. Таңертең үйден шыққан әкеміз кешке дейін оралмайды. Анам болса бәйек қағып: «Ойпырмай, бір бәлеге ұрынбаса болар еді...» деп шыр-пыр болады. Өйткені, анамның жүрегі бір жамандықты сезгендей еді. Келетін уақытына дейін әбден жаттап алған анамның жан дүниесі сол сәтте алай-дүлей болыпты. Тағат таппаған ол ауылда үй-үйді аралап, бригадирлерге, жерлестерге барыпты. Екі өкпесін қолына алып, көмек сұраған анамның жанайқайынан ауыл адамдары теңіз жағалай жүгіріп кеткен екен. Бірақ одан еш нәтиже шықпайды. Аласапыран ақ түтектің арасынан біреуді іздеп табу дегеніңіз – қараңғыда шамсыз жүргенмен тең. Уайымдайтындай бар, өйткені, мұздың беті жылтырап тұр, шыныдай жұқа.
«Дегбіріміз қашып, түнді өткіздік. Асқар тау әкемізден еш хабар жоқ. Ашық теңіз мүлдем қатпаған. Таң атқанда елдегілер барып қараса, қалың қамыстың өзі теңізге жатып қатқан екен. Ондай екпіннен кейін әсте денең түршігеді. Іздеген жоғыңды табу дегеніңіз – енді ақылға сыймайды екен расымен. Тосын мінез танытқан табиғат ана сабырға келгенде, ел болып іздеп жүріп, әрең дегенде Қаратереңнің кемелер теңізден жүзіп келетін «Қара Айдын» деген терең өзегінен тауып алды. Бұл 1951 жылдың 5 желтоқсаны еді... Біз осылай жетім қалдық. Асқар тауымыз сөгілді, қанатымыз қайырылды»,– деп сол қаралы күнді еске алып отырады Төлеген ағам. Бала болсам да, еміс-еміс білемін. Әкемнің бейнесі көмескі тартып көрінеді. Өйткені, ол кезде мен бала едім. Әлі мектеп қабырғасын аттауыма да бірнеше жыл бар. Осылайша біз әкесіз қалдық. Тағдыр сынағы біздің басымызға осылай түсті.
Әкеміз өмірден өткен соң, әулеттің барлық ауыртпалығы мен қиындығы Айшагүл анамыздың мойнына артылды. Апамыз Меруерт бұл уақытта тұрмысқа шығып кеткен. Жыртығын жамай алмай қу тірлікпен күн кешкен біздің үйге «жығылғанға жұдырық болып» қаладан келген уәкіл «Малға салығыңды төле» деп зығырданды қайнататын. Ол салықтың өзі мәселен бір сиырға 50 келі ет, күйдірілген сары май және 30 жұмыртқа болатын. Бір күні уәкіл келіп, тықыр таятып тұрып алды. Анамыз «кейін берейін» десе, оған көнбей тұрып алып: «Егер ертең төлемесең, айдатам», – деп тепсініп кеткен. Сонда анамыз қиналған жоқ. Ел ішінде болған соң, көмек пен қолдау да болады. Туған-туыс жабылып жүріп, қажетті салығын жинап берді. Ал анам ағамды ертіп алып, таң ата уәкіл жатқан үйге кіріп барды. Үй иесі әрі-бері: «Ұйықтап жатыр», – деген еді. Анам көнбей барып, қолындағы иінағашымен уәкілді нұқып-нұқып оятты. Әлгі уәкіл шошып оянып, бақшиып қарап тұр. Шешем салығын бетіне лақтырып жіберді де, қағазын жаздырып алып шығып кеттік.
Шешем – Қобыланды батырдың ұрпағы, қарақыпшақ. Бойында өжеттік пен қайсарлық бар. Оның үстіне 37 жасында жесір қалып, тағдырдың сан сынағынан өтті. Бізді асырап бағып, жеткізді. Қанаттыға қақтырмады, тұмсықтыға шоқтырмады. Келін түсіріп, әже атанды. Бізге ақыл айтушы ақылшымыз болатын. 85 жасында Алланың берген қыз
![]()
ығын көріп, өмірден өтті. Ол ғибратты ғұмыр иесі болатын...
Балалық шақтың елесі... Қаратереңде дүние есігін аштық... Кейін «Шевченко» колхозы атанды. Біздің қонысты «Иван Қайыр» деп атайтын. Сол жер құдды бір құстың ұясындай еді. Ағалы-інілі екеуміз – сол жерде ойын баласы болдық, есейдік. Бұл жердің тарихы әріден бастау алады. Ертеректе Құттыбай Түбек деген бай өмір сүрген екен. Әкем «шаруаның оң жамбасына келеді, шаруашылыққа қолайлы» деп, мал асырауға тиімді болған соң, жақсы жағдай жасап, үлкен үй салған. Біз сол үйде тұрдық.
Әкем өмірден өткен соң, қабырғамыз қайысып, біразға дейін ес жия алмай жүрдік. Жоғарыда айтып өткендей уәкілдің де талай құқайын көрдік. Анамның жігерлілігі ғой, қайтпас қайсар мінезімен бізді жетімсіреткен жоқ. Аралдағы Меруерт апайымыз көмектесіп тұрды. Қыз бала басқаларға қарағанда бауырмал келеді ғой. Көпке дейін қол ұшын берді. Анамыздай мейірбан, пейілі кең кісі болды. Негізгі ата кәсібіміз – балық шаруашылығы. Әкем де осы саланың маманы болатын. Біз де сол соқпақпен, ата-бабадан қалған сүрлеу жолмен еңбек етуді бастадық. Біздің ауылдағы өзім құралпы жастардың барлығы өткен деңгеймен жүрдік. Әуелі Төлеген ағам он төрт-он бесінде Бәйтеннің Омары деген жайын аулайтын балықшыға ескекші болды. Ағам жайын аулаудың қыр-сырын меңгерді. Сол саланың майталман маманы болды. Ұлы теңізге шығып, Қазақдариядан асып, Қарақалпақстанға дейін барып балық аулайтын. Бір ай арғы жақта, бір ай бергі жақта. Солай «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деп талай жыл тер төкті. Қасқақұлан, Көзжетпес, Ақбасты, Сандал, Ақбеткей, Ұялы елді мекендерін жағалап, жаз бойы балық аулайтын. Әрине, бұл кезеңнен мен де өттім. Мектеп бітіре сала, балық қабылдайтын пунктте жұмыс істедім. Өйткені, әкеден қалған қос тұяқ – екеуіміздің де ел кезіп кеткеніміз қолайсыз еді. Анамызға қарайлап, үйдің шаруашылығына да қолғабыс болу керек.
Бір қызық жайт есімде қалды. Ағам Төлеген әскерге кеткен. Ол кеткенде, шамалас едік. Келген сәтте маған таңырқай қарап қалыпты. Бойым сойдиып ұзарып кеткен. Ағамның төбесінен қарап тұрмын. Ол тәнті болды. Ағам келген соң, әскерге мен кеттім. Ал менің орныма ағам қалды. Жұмысымыз – жағалаудағы кемеден балықты пунктке тасу. Арасында жүз метрдей қашықтық. Сонда ағамның айтатыны ғой: «Әрі жүремін, бері жүремін. Әрбірінің өз арбасы бар. Байқасам, жалғыз босы –бір дәу қара арба. Оған ешкім жуымайды. Жігіттерге: «Мына тәшкімен неге балық тасымайсыңдар?» – десем, олар бетіме бақшиып қарап қалыпты. «Ой, бұған сенің ініңнен басқа ешкімнің әлі келмейді»,– дейді ғой. Қарасам, жанында «Сұлтанбеков Данияр» деген жазу бар екен. Данияр әкеміз секілді ірі сүйекті, қара күштің иесі. Менің бойым одан қалыңқы, сүйегім майдалау, анамызға тартқанмын», – дейді.
Арғы атамыз Бекарыстан, бергі атамыз Есімбет болса, бойымыздың ұзын болуы, қайратты болып өсуіміз заңдылық деуге келетін шығар?! Мен әскери борышымды Шымкент қаласында өтедім. Әскерден келгенде, үйдегілер Қызылордаға көшіп келіпті. Бұл 1968 жыл болатын. Орталықтағы политехникумға оқуға қабылданып, 1973 жылы құрылысшы мамандығын жақсы бітіріп шықтым. Сәл кейінірек білім ордасына қайта бас сұғып, Халық шаруашылығы институтының экономист-ұйымдастырушы ретінде тәмамдап шыққанмын. Мұнан соң кәсіби шеберліктерін арттыру курстарынан өттік. Қазақ ССР Министрлер Кеңесіндегі басқарушы қызметкерлердің кәсіби шеберлігін көтеру институтын оқып шықтым. Мұның барлығы – қызмет жолымда жүріп өткен жолдарымның аралығы.
Оқу бітіргеннен кейін, үлкен қалаға баруға мүмкіндік болмады. Жоғары оқу орындарына барып білім ала алмадым. Өз өңірімізде қалдым. Иә, бірақ қай уақытта да ата-анамды жерге қаратпай, биік белестерге шығып, әкемнің атын шығару – кеудемде мақсат болып тұратын. Әрдайым ойымдағы негізгі нәрсе осы еді...
Мамандығыма деген махаббатым, талпынысым мен ынтам – мені студент кезімнен саланың ыстық-суығына күюіме, пісуіме, «тіршіліктің қайнаған қазанына» өз еркіммен барып түсуіме сеп болды. Оқып жүріп студенттер құрылыс отрядтарына қатысып, бір жыл комиссар, бір жыл облыстық штабқа бас инженер болдым. Қандай бір мемлекет болмасын, оның экономикасының даму деңгейін құрылыс саласына қарап байқауға болады. Экономика дамымай, құрылыс дамымайды. Мен елімнің игілігіне тиер салада тер төгіп жүргенім үшін қуанамын. Осы сезім маған бақыт сыйлайды. Жұмысыма жан-тәніммен кірісуіме де еңбегімнің ел экономикасына тарту екені құлшындырады. Құлшыныс жұмысты сапалы етеді, сапалы жұмыс адамның биігін еселейді.
Мінезім айдынды Аралға тартқан ұлмын. Әкем Сұлтанбек теңіз түбінде көз жұмса да, сол теңізге менің кіндігім байланған. Алапат толқындарымен талай биік тұғырға көтерілер ме едім, Арал анам құрдымға кетіп сарқылмағанда... Теңіз табаны алыстап, тартылмағанда... Бәлкім, мен туған жердің төсінде елін өрге сүйреген өр ұл болып, несібемді теңізден терер ме едім... Толқынға қарсы желкенімді керіп, құлаш ұрар ма едім. Кім білсін?!
Орнында бар оңалар... «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі». Даналықтың жарқын үлгісіне айналған ата-бабаларымыздан қалған дана сөз әлі күнге өз құнын жойған жоқ. Бойымызда тектіліктің қаны тулап, «асылдың сынығымын» деп асқақтамаймын. Бекарыстан мен Есімбеттің ұрпағы, Сұлтанбектің ұлы екенімді ойласам, кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Бұл дегеніңіз – ұрпақтың мақтанышы, құрметі емес пе?! Қазір сол бір қыз, екі ұлдан тараған ұрпақ әулетімізді бақыт бесігіне, шаттық ұясына айналдырып отыр.
Ағам Төлеген маған қарағанда, есейген шағында әкемді көріп қалды. Көп жағдайда ағамның естеліктеріне сүйенетінім содан. Апамыз ерте тұрмыс құрып, аяғынан нық тұрып, бізге сан мәрте жәрдемдесті. Қазір оның алты қызы, екі ер баласы бар. Жиендер келіп, сәлем беріп кеткенде, мәре-сәре болып қаламыз. Ал Төлеген ағамыз екеуміз облыс орталығына табан тіредік. Осындамыз. Ұрпағымызды жайып, балаларымызды қанаттандырып, немерелеріміз көзіміздің қуанышымызға айналып отыр.
Бүгінде Төлеген ағам да үлгілі жанұяның негізін қалап, аузы дуалы үлкеніміз болып жүр. Анамыз бізді аяқтандырған соң, өмірден өтті. Келін жұмсап, немерелерін сүйді. Алланың берген бақытын көрді. Ендігі үлкеніміз, ағамыз, ақылшымыз да – Төлеген.
Төлеген ағамыздан үш ұл, бір қыз тарады. Жеңгеміз Ажар – жарқын жүзді жан. Өмірден өткеніне он жыл болды. «Пейіште нұрың шалқысын!» деп, құран бағыштағаннан басқа не амал бар?! Жақсы, жайсаң жан еді... Жаратқанға да жақсы адамдар керек дейді ғой.
Өзіме келсек, құрылыс саласында басшылық қызметтемін. Өмірлік серігім, сүйген жарым ----------- «Талғат» ЖШС-і директоры, қызметі мен отбасын қатар алып жүрген бақытты ана, аяулы ене және немерелерінің сүйікті әжесі.
Үлкен ұлым Жақсылық көп жылдар Ішкі Істер департаментінде, кейін Қаржы полициясында жауапты қызметтер атқарды. Қазір өзінің жеке фирмасы бар, сонда директорлық етіп жүр. Келінім Нұргүл Серікбайқызы Сейдуллаева – мекемеде бөлім басшысы.
Екінші ұлым Аңсат Қызылорда Қалалық мамандандырылған ауданаралық сотында қызмет атқарады. Бұл үйдегі келінім Гүлмира Қаршығақызы Егіншібаева – мекемеде есепші қызметінде.
Кенже ұлым Талғат – Құмкөлде мұнай саласында білікті инженер. Оның өмірлік жары – Салтанат Қабылқызы Қыстаубаева – біздің мекемеде инженер.
Осы үш ұлымнан Алланың берген он бір немерем бар. Үлкен немерем Таңшолпан – Астанада жоғары оқу орнында, одан кейінгісі – Аружан, Назарбаев зияткерлік мектебінің10-сыныбында оқиды. Асылжан, Әдемі, Бексұлтан, Бейбарыс, Гүлім, Медине – мектеп оқушылары. Бекарыс, Ақарыс, Жанарыс – балабақша тәрбиеленушілері.
Үйге келгенімде немерелерім алдымнан жүгіріп шығады. Таңертең үш келінім иіліп сәлем салады. Мұнан асқан не бақыт керек?! Қаратереңдегі балалық шағым ойыма оралып, бүгінгі немерелерімнің жағдайына қарап, «шүкір» деймін қолымды кеудеме қойып. Сірә, мұнан асқан бақыт та, шаттық та жоқ шығар... Теңіз тіршілігі қайта жанданып келеді, оған да қуанамыз. Бала кезімізде түтіні түзу ұшқан ауылымның жағдайы жайнаса екен, жасарса екен деймін ғой баяғы...
Түрлі деңгейдегі марапаттарға қол жеткізіп, салада үздіктердің қатарына шықтым. «Қызылорда облысына 80 жыл», «Қызылорда қаласына 190 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне– 10,20 жыл» тәрізді көптеген медальдарды омырауға тақтық. Осының әрбіріне қол жеткізген сайын, алдымен Жаратқанға, ата-бабамның рухына бас иіп алғыс айтамын. Балаларымның да әрдайым биікке жетуіне талпыныс беріп, тәрбиелеп келемін. Олар да «Арбаның алды қайда жүрсе, арты да сонда баратынын» көрсетіп, сүрлеуден жаңылмай жүріп келеді. Балаларым немерелерімді де үлгілі, тәрбиелі етті. Солай баулып жүргеніне қуанамын. Мұның бәрі – ата-анаға қуаныш қой.
Бала-шағамның несібесі болар, бұл күнде талай асудан астық, белестерді бағындырдық. Ешқашан тоқтамайтын, толастамайтын тіршіліктің бағытымен келеміз. Бағытымыз – айқын, арманымыз – асқақ. Көңілге түйген, көрген-білгенімізді ұрпақ санасына сіңірумен де айналысып келеміз. Адам үлкейгенде оның жұмысы азаймайды, керісінше көбейеді. Өйткені, ұрпақ алдындағы жауапкершілік жүгі ауырлайды.
Туған жер. Асыл әке. Аяулы ана. Мен осылай атамекен Қаратереңімді жүрегімнің төріне сақтадым. Аралым әрдайым көңіл сарайында. Ал, анам мен әкем – мына менің бүгінгі күніме жетуіме тер төккен мен үшін ең қымбат жандар. Бұл жазғанымды анам мен әкемнің рухына арнасам деймін. Көгімізде қарап тұрып, біз жеткен әр белеске сүйсініп тұрған болар. Апа, көке, ұрпағың бақытты! Өйткені, олар сендердей асыл жандардан тарайды. Әрбір жасаған ісімді перзенттік парызымның бір бөлігі деп ұғамын. Мен сіздерге басым жерге тигенше қарыздармын!.. Данияр Сұлтанбекұлы