Шәкет Шыңғысов

Рейтинг:


Ұлағат ұясы
 
      «Табалдырықтан биік тау жоқ» деген қазақ даналығындағы осы бір сөз менің әркез жадымда жаңғырып тұрады. Иә, «табалдырық», «босаға» ұғымы – халқымызда сонау бір кезеңдерден бері аса зор маңызға ие. Бұл ретте ерлері атқа қонған, әйелдері өмірге ұрпақ әкеліп, тәрбие ісімен айналысқан, азаматы жауға шапса, дұға тілеп, аңға шықса, жолының болғанын сұрап үйде отырған сонау текті халықтың бүгінгі ұрпағы да сол сара жолдан алыс кеткен жоқ, кетпейді де. Көсегесі көгерген тәуелсіз мемлекетпіз, бүгінімізге шүкір айтып, ертеңімізге еңбек етіп, өткенімізге қарап, тарихын түгендейтін рухы бай елміз. Мені рухани жаңғырған қазақтың осы тірлігі қатты қуантады.
      Әкем адалдықтың ақ туын көтеріп, өмір бойы әділдік жолында тер төкті. Ел мүддесін өз мүддесінен биік қойып, халқына адал қызмет еткен жан болатын. Асқар тау әкем Жеңіс күнін қатты құрметтейтін. Атаулы күнге орай үй-ішімізбен жақсылап дайындалып күтетінбіз. Бұл – біздің үйде той тәрізді өтетін. Қолыма қалам алып, кішкене өткенге көз жүгіртемін деп бала күнім ойыма оралып кеткені... Көңілің босап, толқып кетеді екенсің... Сірә, бал шағымның тәтті күндері санамда сайрап жүргенмен, бір уақыт сол шаққа саяхаттаудың орны бөлек екенін енді түсінгендеймін...
      Тағдырдан келген көз жасы          
      Әкем Шәкет Шыңғысов 1923 жылы киелі Қармақшы топырағында дүниеге келген. Бойына қасиет қонып, өнер дарыған Кете руынан боламыз. Қатал тағдыр адамды аясын ба?! Жұмыр басты пенденің маңдайына не жазылса, соны көреді де. Әкесі мен анасы өмірден ертерек кетіп, әкем өзінен үлкендігі бар екі апасымен жәутеңдеп қала береді. Ол уақытта әкем Шәкет төрт-бес жаста болады. Екі апасы жастайынан тұрмысқа шығып кетеді де, әкем жападан-жалғыз қалып қояды. Ол уақыттарда өз күнін әрең көрген ел емес пе?! Тапқан табысы жыртығына жамау бола алмаған елдегілер әкемді «Тамағы тоқ болып жүреді ғой...» деп, балалар үйіне өткізіп жібереді. Қазақтың ұлан-ғайыр атырабында емін-еркін жүріп, бойында тулаған қаны бар әкеміз төрт қабырғаға телміріп жата беруге біразға дейін үйренісе алмайды. Халқымызда қарттар үйі, балалар үйі деген нәрсе бұрын болмаған, бертін келе ене бастаған. Қазақ елі бұл уақытта әлі де болса, үйреніспеген болатын. «Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған» деген жомарт жүректі, пейілі дарқан халықпыз ғой.
      Облыс орталығындағы Макаренко атындағы балалар үйіне қабылданған әкем әр күні вокзалдан, шойын жолдың бойынан тәлімгерлердің қайта әкелуімен оралып жатады. Өйткені, «Бауырым – бауыр етім» деп, бірге туған екі әпкесін іздегісі келіп тұрады екен. Макаренкодан туралап вокзалға тартып, ұсталып қалып қайтып отырады. Бірнеше мәрте осылай болып, ақыры көндігеді. Амал нешік?! Тағдырдың басқа салғаны да...
      Байқап қарасаңыз, талай мықтылар тағдырдан таяқ жеген жандардың арасынан шығып жатады. Өйткені, олар биік мақсаттарға талпына біледі. Арманға адымдай алады. Сол арман-мақсатқа жетпей, тынбайды. Менің әкем де солай болды. Жетім өссе де, «жетіммін» деген емес. Қаймана қазақ тұрғанда, «жетіммін» деп айтпайтын. Балалар үйіндегі жылдар жылжып, уақыт өз ағынымен жүре береді. Мерзімі келгенде, әкем оқуын бітіріп, елге «Қармақшым, қайдасың?» – деп, тартып отырады. Ол жақта алдында жауапты қызмет күтіп тұрған еді... Мектепте мұғалім болып, бір жылдай уақыт шәкірт тәрбиеледі, ұстаздық етті. Алайда, оның өмірлік қызметі бұл емес екен. Бір-ақ күнде буынып-түйініп, Ташкенттегі пехотный училищеге жолға шығады. Әлбетте, алған білімі, өздігінен үйренген мол тәжірибесінің арқасында оқуға қабылданады.
      Тілі де, мәдениеті де ұқсас ел ғой. Онан бөлек, төсекте басы, төскейде малы қосылған. Көршілес жатқанымен бір жағынан өзге мемлекет деген аты бар. Әкем ол жаққа тез сіңісіп, училищеде білім ала бастайды. Жеті ай өткенде әлем көзін қадаған екінші дүниежүзілік соғыс басталды да кетті. Қас қағым сәтте алапат дауыл тұрды. Кеңес Одағы мен фашистік Германия арасындағы қан майдан басталғанда, әкем небәрі он алты-он жеті жастағы бозбала екен. Ел қорғауда қасық қаны қалғанша шайқасып, жеңісті қолдан бермейтін батыр бабалардың, баһадүрлердің ұрпағы емеспіз бе, әкем дорбасын асынып алып, қоян-қолтық шайқастан бір-ақ шықты.
      Сол зұлматты жылдарды күні кеше болғандай барлығын баяндап отыратын. Майдан жайлы әңгіме қозғалса, алдымен терең бір күрсініп алады да әрбір шайқасты көз алдыңа келтіріп отырып, әңгімелеп береді. Сонан соң: «Алладан тілейтінім – енді мұндай соғысты ұрпағымыз ешқашан көрмесе екен», –  дейді. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман осы, балам!» – деп отыратын. Ұрпағын қашан да бейбіт күннің қадірін ұғынуға шақыратын. Иә, ол күндер де келмеске кетті...
      Майдангердің қызымын!
      Майдангер қазақ ақыны Әбу Сәрсенбаев  «Сен, құрметте оны, қарағым!» атты даңқты өлеңінде:
      «Сен, құрметте, оны,
      Түсіндің бе, қарағым!
      Ол ақшаға сатқан жоқ,
      Тізеден кесіп аяғын»,– деп, қанға боялған майдан шебінде оқ пен оттың ортасында қарша бораған жау оғына кеудесін тосқан батырларды құрметтеу керегін айтпап па еді.!?.. Әкем ел үшін отқа түскен сәттерін әрдайым үлкен тебіреніспен еске алады. Майдан даласында талай ұлы ерліктер болды. Әкемнің сол ұлы істерге, ел қорғау ісінде қомақты үлесі бар екенін ойласам, төбем көкке жеткендей қуанамын. Мен – майдангердің қызымын! Мен бұл сөзді мақтанышпен айтамын. 
      Әкемнің жиі айтатын ұрыстарының бірі – Мәскеу түбіндегі шайқас. Мәскеуді жаудан азат етіп, оны жауға бермеу үшін, қарсыласқан қақтығыста әкем жан алып, жан беріскен шайқастың ерен үлгісін көрсете білген. Өмірдің кермек дәмін көп татқан жігерлі жас еш нәрседен жасқанбайды. Қадам артқа шегінбестен жауға қарсы тұра ұмтылды. Өйтпегенде ше, кеудедегі бейбіт елдің берекесін алған фашистерге деген бұлқынған кек пен ыза бұғып, бұқпантайлауға ерік бермейді. Қатарластарына қарағанда хат танитын, сауатты Шыңғыс майдандастарын әркез рухтандырып, жеңіске жетелеп отырады. Ата  жұртта қалған қара қазан, сары бала қамы үшін намыстарын қайрайды. 
      Калинин, I, III Украина майдандарында алдыңғы шепте жүріп шайқасқан әкем қағілездігімен, қайсарлығымен көзге түсіп, бірнеше рет шені жоғарылайды. Аспаннан бұршақша төпелеген бомба мен снарядқа әбден еті үйренген әкем байланысшы қызметін қатар алып жүреді. Соғыстың соңғы жылдары шыңдалып бөлім командирі, взвод командирі болды. Отан соғысындағы соңғы шабуылын Одерден өтіп, Бреслау қаласын алу барысында жасайды. Берілген тапсырманы дер кезінде мүлтіксіз орындап, «Ерлігі үшін», 1941-1945 жылдары «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталып, «Үздік байланысшы» төсбелгісін тағынады.
      Әлбетте, бұл марапат соғыс үшін емес, берілген алғыс, көрсетілген құрмет – тек еңбектің еленгені ғана. Менің әкем қасіретті жылдарда ел үшін төккен терін «елге тиген үлесім» деп білетін.
      Мәскеуден бөлек талай шайқастарда болды. Жаумен бетпе-бет соғысты. Онан бөлек Мәскеу түбіндегі Луговой станциясында қалың жаумен шайқасты. Ерен ерлігі елеусіз қалған да емес. Тіпті қажет десеңіз, елге басып кірген жауды Германияға дейін қуып барған. Майдан даласында қару дегеніңіз қат болады ғой. Қолға ілінген қарумен қанға боялған даланың қақ ортасында ерлік көрсеткен. Ұрпағының болашағы үшін, елдің кемел келешегі үшін басын қатерге тіккен қаһармандардың қатарында болды. Білесіз бе, тұтас Одақ иіліп тағзым қылған майдангердің қызы екендігім кеудемде мақтаныш сезімін ұялатады әлі күнге.
      Бірде Луговойға барды. Ондағы білім ошағында Ұлы Отан соғысы ардагерлерін тізіп, жазып қойған екен. Өмірдерегі, сол жерді азат етуге қатысқан майдангерлердің аты-жөндері анық жазылыпты. Тіпті көзі тірі майдандастарымен бірге суретке түсіп қайтты. Әкем тірі тарих тәрізді еді. Барлығын айтып, біздің санамызға ұлы ерлікті сіңіріп отыратын. Қолы қалт етсе, ұлағатты әңгімелерді айтып, бойымызға ғибратты мирас етті. Мәскеу түбіндегі шайқас – оның ең басты есінде қалған ұрыс еді...
       «Өнер-білім бар жұрттар
      Тастан сарай салдырған...»
       Әкем қай уақытта болмасын, білімге құмар жан еді... Ағартушылықты алдыңғы қатарға қоятын. Бізге «Білім алыңдар, биікке ұмтылыңдар!» – деп үнемі өсиет айтады. Онысы біздің құлағымызға сіңісті болып, болашағымыз оқу-біліммен сабақтасты. Бұл жайында сәл кейінірек айтамын...
      Майданнан қайтқан жауынгерлермен бірге әкем де елге деген сағынышын «менмұндалатып», туған жерге табан тигізеді. Ол уақытта туған жердің кескін-келбеті де жаралы жауынгердің көрінісіндей еді... Елге келген соң, бірі қызметке орнықты, бірі елге бас-көз болды. Ал әкем жақын-жуықтың үйінде аз-кем кідіріп, туған жермен қоштасып, «Оқуға барамын» ,– дейді де Мәскеуге аттанады. Әскери саланы жан-тәнімен қалап, сол саланың ыстық-суығына тонып үйренген соң болу керек, майданнан кейін Мәскеудегі Жоғары милиция мектебіне қабылданды. Бұл 1947 жыл болатын. Оқуда әрдайым үздік болып дағдыланған ол аталмыш оқу орнында да жақсы көрсеткіштер көрсетіп, жоғары білім алды. Саланы меңгеруге бар ынта-ықыласымен кірісті. Майдан – үлкен өмір сынағы екені даусыз. Сол сынақтан мүдірмей өтіп, сан мәрте әскери мадақтың иесі болған оған Жоғары милиция мектебінен тәлім алып, мамандық игеріп шығу аса қиынға соққан жоқ.
      Қолында оқу бітіргені туралы қағазын құшақтап, елге оралған оның алдында даңғыл жол күтіп тұрған-ды. Білек сыбана іске кірісті. Базбіреулер тәрізді бірден «дайын асқа тік қасық» болып, басшылық қызметке орныға қалған жоқ. Ең төменгі сатыдан бастады. Әрбір істі тыңғылықты бітіріп, барынша тер төкті. Адал еңбек етті. Сірә, мұнысымен ешкімнен кем болған емес.
      Кейіннен тергеуші болды, басшылық қызметтің сан қырын атқарды. Облыс орталығында қалалық ішкі істер бөлімін басқарды. Аудандарда, Оңтүстік Қазақстанда болдық. Біздің бала күнімізде тұрғылықты мекен-жайымыз әкемнің қызметіне байланысты өзгеріп отыратын. Ол басшылық қай қызметке тағайындаса да, «Қандай лауазым?» деп емес, «Қашан бару керек?» – деп тұратын. Біз де көшуге сақадай-сай отыратын едік. Осылай түрлі аудан, облыстарда басшылық қызмет атқарып жүрді. ҚР Ішкі Істер органдарының полковнигі шенімен зейнетке шықты.
      Үнемі қызмет атқарып, үйреніп қалған әкем зейнетке шыққанымен, үйде отырған жоқ. Адвокат болып, өмірінің соңына дейін еңбек етті. 
      Менің есімде әрдайым: «Балам, әділ болыңдар! Адамның тағдырымен ойнауға болмайды», – деп айтып отыратыны қалды. Ол кісі қашанда тура жолдан таймады. Биіктерге тек ізгі жолмен ғана жетуге болатынын жеткізді. Біздің санамызда осындай ізгі сөздерімен, өнегелі жолымен қалды.
      Бас екеу болмай, мал екеу болмас...
      Әкем ағайын інісі Жұмат туралы жиі айтып отыратын. Өйткені, анаммен қосылып, отау құратын уақытта сол кісінің үйінде тұрыпты. Майданнан келген жылы жақын ағайынның үйінде біраз уақыт өмір сүреді. Сол үйдегі жеңгесі Қызылорда қаласының қызы екен. Тағдыр дегенді қойсаңшы, қай кезде, қай уақытта, кімге жолықтыратынын тап басып айта да алмайсың ғой.
      Жұмат ағамыздың келіншегін сонау облыс орталығынан Қармақшыға жақын құрбысы іздеп келген көрінеді. Сол уақытта әкеммен танысады. Әңгімесі жарасады. Таныстығы достыққа, достығы махаббатқа ұласып, арман-мақсаттарын ұштастырады. Міне, сол кісі менің анам – Бибімария Шыңғысова болатын...
      Ол уақыттағы сеніммен үйлесім тапқан сезімнің беріктігі, адамдардың ешқашан бір-біріне деген сыйластығы үзілмейтіндігі, бірсөзділігі керемет қой. Үйленген соң, әкем Мәскеуге оқуға аттанады. Ал анам оны екі жарым ай елде үмітіне үкі байлап күткен екен. Сол сезім мен сенімнің нәтижесінде екі ұл, бес қызды өмірге әкелді.
      Ең үлкені – мен, Ғалия Шәкетқызы Шыңғысова. Талай жыл судья болып еңбек еттім. Әкемнің «Әділ бол!» деген сөзі бір сәтте жадымнан шыққан емес. Өйткені, алдыңа әртүрлі жағдаймен жұртшылық келеді. Бірі шынымен қылмыс жасаса, енді бірі нақақтан-нақақ кетіп жатады. Ондайда әділ шешім шығаруың үшін еңбектенесің, барынша тер төгесің, зерттейсің, ізденесің. Өйткені, сенің қолыңда адам тағдыры тұр. Сол себепті мен әкемнің айтқан ұлағатты сөздерін алдыма ұстаным етіп алдым. Судьялықтан отставкаға шықсам да, құқық қорғау саласынан қол үзгенім жоқ.
      Менен кейінгі қыздың есімі – Әлия. Медицина саласында қызмет атқарды. Әттең, өмірі қысқа болып, 1984 жылы қапияда қаза болды. Қабырғамызды қайыстырды. Біздің үйдегі балалардың әрбірі қоғамда аса маңызы зор салаларды таңдады. Ол да әкемнің айтқан ақылының, берген тәрбиесінің жемісі деп санаймын. 
      Үшінші қыз – Рәзия Шәкетқызы әлеуметтік сала қызметкері. Жалағаш аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары болып сан жылдар бойына тер төкті. Халықтың ортасында жүріп еңбек етті. Қазір құрметті еңбек демалысында. Сіңлім Рәзия анам мен әкем жайында  өз естелігінде былай дейді: 
      «Әкем Шәкет пен анам Бибімария – қашанда қарапайым қалпын, адами қасиеттерін, бойларындағы кісілік пен кішілікті төмендетпей, өз заманында өнегелі өмір сүріп, халқына ардақты тұлға болған кісілер. Әкем замандастарының арасында сыйлы болған, биік адамгершілігімен, бекзаттылығымен аз сөйлесе де нақты, орынды сөз айтып, көпшілікті өзіне тартатын қасиетімен ерекшеленетін. Ал, анамыздың  отбасында, көпшіліктің ортасында айтарлықтай өз орны бар. Анам – отбасын шаттыққа бөлеп, үйіміздің жылуын сақтап, дастарқаны жиылмайтын, ағайын-туыстардың арасында ынтымақ-бірлікті ұстаған, ұрпақтарына жақсы тәрбие берген, әкемізге қызмет жағдайында абыройының өсуіне жағдайын жасаған асыл жан. Әсіресе, анамыз үнемі біздің жанымызда болып, үйдің  берекесін кіргізіп, арқа-жарқа болып шай ішкеніміз – біз үшін үлкен мереке болатын. Ата-анамыз жайлы қанша айтсақ та таусылмайтын, шуақты сәттеріміз өте көп»,–деп сағынышпен еске алады.  
      Шаңырақта ұлдың үлкені – Бахтияр Шәкетұлы Шыңғысов. Үйде кәсіпкерлік саласына бейім болып, өзінің жеке ісімен, жеке инициативасымен жұмыс істеуді қолға алған жан – осы бауырым. Қай уақытта да үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуден тайынбаған. Реті келсе, мұқтажға жәрдем беріп, сүрінгенге сүйеніш, құлағанға қолдау болуды ұмытқан емес.
      Екінші ұл – Әнуар Шәкетұлы Шыңғысов. Біз Әлия мен Әнуардан ерте айырылып қалдық. Әнуар «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» АҚ компаниясында беделді қызмет атқарған еді. Аузын ашса, жүрегі көрінетін ағеден  азамат болатын. 2008 жылы ақтық сапарға шығарып салдық. Жүрегіңді жұлып, қара жерге көмгендей болады екенсің. Бауырың бақилық болғанда, жан дүниеңде бұрқасын дауыл болып, тулайды. Біз осылай екінші бауырымыздан айырылдық.
      Шаңырақтағы тағы бір мемлекеттік қызметкер – Раушан Шәкетқызы. Сіңлім – құрылыс саласында, Қызылорда облысының сәулет-құрылыс бақылау басқармасының инспекторы. Осы күні қарқынды құрылыс алаңына айналған Алаштың алғашқы астанасы –Ақмешіттегі салынып жатқан жаңа нысандарда оның да қомақты үлесі бар.
      Үйдің кенжесі Гүлнар Шәкетқызы Шыңғысова – педагогикалық саланы таңдады. Шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық қызмет атқаруды алдына мақсат етіп, биіктерге қанат қаққан ол Қызылорда қаласындағы №6 орта мектепте мұғалім. Білім саласының білікті қызметкері. 
      Ата-анамнан өрген ұрпақ қазіргі таңда Алтай мен Атыраудың, Ертіс пен Еділдің аралығындағы ұлан-ғайыр атырапта өмір сүріп келеді. Алланың берген жиырма екі немере, қырық бес шөбересі бар. Атасының көзін көргендері әлі күнге естеліктерін өзара айтып жүреді. Кейінгілері, ата-бабасының қандай екенін санасына сіңіреді. 
      Ол болашағынан зор үміт күттіретін немере де тәрбиеледі. Әкем берген тәрбие әрбірімізді жоғарыға, биікке қанаттандырады. Бойымызға теңдессіз күш сыйлайды, рухани жігер береді. 
      Тәрбие басы – табалдырық
      Біздің бала күнімізде әкем құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін. Жұмысы ауыр, бос уақыты бола бермейді. Алайда, біздің үйде әрбір мереке сайын үлкен дастарқан жайылып, тойға бергісіз етіп атап өтетін дәстүр бар. Осы жазылмаған заңдылықта әкем қым-қуыт тірліктен, мейрам сайын қызатын тіршіліктен уақыт тауып, мерекелік дастарқанда бәріміздің басымыз қосылатын. Менің есімде әкемнің әскери киімсіз жүрген кезі қалмапты. Үнемі әскери киіммен жүретін сұңғақ бойлы, келбетті, ірі денелі жан еді. Мен әкеме қарап бой түзедім. Сегізінші наурыз, жаңа жыл, жетінші қараша, бірінші мамыр... Бұл мерекеден бөлек, тоғызыншы мамыр  – Жеңіс күнінің орны ерекше. Әкем осы күні парадтық киімін киіп алып, немерелерін, ұл-қыздарын ертіп, Мәңгілік алауға гүл шоғын қояды. Үнсіздікпен майдандастарын еске алып қайтатын.
      Бұл күнде сонау Астраханьмен шекаралас Атырау облысының Мақат аудандық сотында судья болып қызмет атқаратын немересі, дүниеден озған інім Әнуардың баласы Ғалым Әнуарұлы Шыңғысов атасының көзін көріп, ақылын алды және есінде жақсы сақталыпты. Үнемі атасының тізесіне отырып алып, ақылын тыңдайтын. Қызықтырған сауалдарын жолдап, тәтті тілімен көңілін аулайтын.«Ата, немістерді көрдіңіз бе? Автоматпен оларды қырдыңыз ба?» – деген балалық сұрақтарын көп қоюшы еді. Сонда атасы соғыстың жаман нәрсе екенін, оның ендігәрі болмағанын тілейтінін айтатын. Сол немересі бұл күнде атасының жолын қуған. Ғалым атасы Шәкет жайлы мынадай естелігімен бөлісті: «1980 жылдары атам Қызылорда облыстық адвокаттар алқасында қорғаушы адвокат болып жұмыс істейтін. Ол уақытта балабақшаға емес, атаммен бірге оның жұмысына баруға асығатынмын. Оның үстіне «Мен өскенде, Сіз сияқты боламын», – деп қоямын. Атам оған күледі де, басымнан сипайды. Менің заңгер мамандығын таңдауыма атам сияқты қызметкер болуды армандағаным себеп болған шығар... Мектеп қабырғасында жүріп-ақ, мен өзімнің болашақ мамандығымды таңдап үлгергенмін. Қай жерде қызмет істесем де, алдымнан: «Сен Шәкет ағайдың баласы емессің бе? Атаң жақсы адам еді...» дейтін кісілер көп кездесті. Сан мәрте үлкен кісілер осылай батасын беріп те жататын. Атамның кейінгіге қалдырған ізі мәңгілік. Ол салған сүрлеуде біз де келе жатырмыз және оның ұлағаты қашанда бізге сабақ болып келеді. Мен атамның осындай ұлағатты жан екендігімен қай уақытта болмасын мақтанып жүремін. Мен Атырау облысының сот жүйесінде судья болып қызмет атқарамын. Жұмысқа кірісер әрбір сәтте атамның өсиеттері санамда сайрап тұрады. Мені өрге сүйрейтін, атамның, әке-шешемнің, Ғалия тәтемнің берген тәлім-тәрбиесі екені даусыз.
      Атамның соғыс кезінде көрсеткен ерліктері мен Жеңіске жеткен соң алған марапаттарының арасында орден-медальдары көп болатын. Мен бала болған соң оны қызықтап, ұзақ қарайтынмын. Ал 9-мамыр келгенде, сол орден-медальдарын тағып алып, бізді ертіп, қолына бір шоқ гүл алып, Мәңгілік алау алаңына бет алатынбыз. Әлі күнге көз алдымда. Атам мен әжем және барша ұрпақтары тізіліп алып, Мәңгілік алауға, шара біткен соң үйге жиналамыз. Ол кезде майдандас достары да арамызда болатын. Бұл – біз үшін үлкен мереке еді-ау... Бүгінде арамызда атам жоқ болса да, біз жеңіс күні алаңға барамыз. Отбасылық дәстүрімізден ажырамаймыз. Атамның қалдырған өнегесі – мәңгілік. Біздің жүрегімізде сақталады. Ешқашан жойылмайды. Әсіресе, балалық шақтың тәтті кезі Бибімәрия әжемнің жанында өткен күндерімді ерекше еске аламын. Әжем таңертеңнен кешке дейін асыр салып ойнап келген немерелерін еркелетіп, дәмді тағамдарын дайындап қоятын. Кішкентай кезімде әжемнің пісірген тағамдарын сүйсіне жейтінмін. Өйткені, әжем дәмді тағамдарды әзірлеуге шебер болатын. Әжемнің қай уақытта бұл тағамдарды пісіріп қоятынын білмейміз, демде дастарқанымыз жайнап кететін. Атамның дос-жарандары мен қызметтестерін және туған-туысты әрдайым қонақжай көңілмен қарсы алатын. Отбасымызда үнемі қонақ арылмай, әркез дастарқан жайылып тұратын. Нағыз тәрбиешіміз және ақылшымыз әжеміз Бибімәрия еді. Өйткені, ол – үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу, кішіпейілділік, бауырмал болу сияқты игі қасиеттерді үйретті. Мен әжемді өнегелі тәрбиенің үлгісі ретінде құрметтеймін. Бұл өмірдегі әр нәрсенің шынайы болмысын айқындап берген абыройы асқақ атам мен аяулы әжеме деген перзенттік алғысым шексіз!» –деп,  Ғалым әжесі жайында да сыр шертті.
      «Тәрбие – тал бесіктен басталады» деген бар. Біздің тал бесікте алған тәрбиеміз адалдықтан бастау алатын. Сол «адалдық», «әділет» деген ұғым есейгенде де алдымыздан шығып, әкеміз қаз-қалпында жол көрсетіп тұрғандай болады... Оны танитын ел-жұрт, көзкөргендер жақсылығын айтып, мерейімізді өсіріп жүреді.
      Отыз жылдан астам судья, сот төрағасының орынбасары қызметтерін атқардым. Сонда әкемнің: «Балам, таза жұмыс істе, елге әділ бол. Елді жылатпа!»  – деген сөздері қиналған сәттерімде күш беретін. Істі қалай шешерімді, не істерімді білмей қалған сәттерде бағдаршам болды. 
      Тағы бір айта кетерлігі – әкем мерекелік дастарқан басында біздің көңілімізді көтеріп, соғыс кезінде айтқан әндерін шырқайды. Біз оған мәз болып, қол соғамыз. Үстеліміз жиналмай, әрдайым біздің үйден кісі аяғы арылмайтын. Қонақ көп келеді, анам жүгіріп жүріп дастарқан жаяды. Бір қабақ шытқан кезі жоқ. Қонақ күтуден қажыған емес. Басшының отбасы болған соң, келуші де көп болады. Анам Бибімария да сондай ибалы, инабатты болды. Әкем екеуінің жүз шайысқан сәтін көрмеппін. Біз үшін олардың қарапайым жүріс-тұрысының өзі – үлгі-өнеге болатын.
      Әкем ер балалардың тәрбиесіне қатал еді... Қыз балалар да оның қаталдығынан тыс қалған жоқ. Қажет кезде қабағын түйді, керек кезде мейірімін төкті. Барлығымызды болмашыға қызықпауға, айналаға көмектесуге баулыды. Қармақшыдан қысылып келген ағайынға барынша қолдау көрсетіп, көмектесуге құмар-тын. Соның арқасында өзінің адамдығымен, адалдығымен елге үлгі бола білді.
      Балалар үйіне қабылданған сәтте жоғалтып алған екі апасын әкем жылдар  өткен соң тауып алды. Олар Өзбекстанның Канимех деген жерінде тұрады екен. Балалары оралман болып, тарихи Отанына оралды. Бұл күнде Қарағанды, Теміртау қаласында тұрады. Отбасымызбен араласып, қатысып тұрамыз. Туысқандығымыз өз алдына бір төбе.
      Түркиядағы туысқан
      Ұлым Ормағамбетов Руслан Түркияға оқуға түсіп, сол жаққа жолым түсті. Түбіміз бір түркі халықтарының ортасына барып, өзімді жақсы сезініп келдім. Ол жақта қандастарымыз көп тұрады екен. Бірінен соң бірі қонақ қылып күтті. Бауырмалдығы өз алдына. Көне шаһар талай тарихты бүгіп жатыр. Тіл бітсе, дереу ағынан жарылайын деп тұрған сыңайлы. Халқы да ұнамды. Сөйтіп, күн сайын қонаққа барамыз, әр үй шама-шарқынша күтіп алып жатыр. Біз Кете руынан болған соң, ол жақтағы туысқандарымыз тауып алып аралатып жатыр. Оларда сондай бір керемет дәстүр бар екен.
      Бір қызығы, үш күн қатарынан мені іздеп бір әжей келіп жүрді. Үшінші күні әрең дегенде жүздестік. Салған жерден «Жүр, айналайын, үйде үлкен кісі күтіп отыр», –  деді де алып кетті. Уақытқа қарамастан, кете бергенбіз ғой, сөйтіп, түн баласында әлгі кісінің үйіне жеттік. Үлкен ақсақал күтіп отыр екен. Өзі жүре алмайтын көрінеді. Біздің ауылдан екен. Ертеректе ел басына күн туғанда бас сауғалап, шекара асып кетіпті. Оның үстіне, Кетенің ішіндегі Кәнісбегі, яғни, біз бір аталықтан болып шықтық. Сондағы қуанғанын көрсеңіз... Балаша мәз болды әлгі кісі. Сонау ашаршылық жылдарында қаншама қазақ осылай Отанын тастап, жан-жаққа тарыдай шашырап кетті емес пе?!
      Ақсақал мені көре сала еңкілдеп жылай бастады. Содан біраз отырды. Мен танитын, ол танитын көп кісілерді айтып тастадық. Менің атам Шыңғыс туралы айтты. Әдетте ел аузынан атам туралы көп еститінбіз. Аузы дуалы кісі деп айтатын. Ел арасында беделі биік азамат болған екен. «Қызым, текті жердің қызы екенсің. Сенің атаң ел арасында сыйлы азамат болды. Ол уақытта мен небәрі он екі жаста едім. Дау-дамайға төрелік қылатын»,–деген сәтте ақсақал маған онан бетер ыстық болып кетті. Әлден уақыттан соң: «Туған жерден алыстап кетіп едік... Бір аяғым төрде, бір аяғым көрде. Туған жерден топырақ бұйырса екен»,– деп кеудеде біткен ақ арманын айтты. Көзіне ыстық жас алды. Мен оның жанарына қараған сайын, ыршып түскен ыстық жас өн бойымды күйдіріп жіберердей еді...
      Атам Шыңғыстың көзін көрген, әлде бір аталықтан болған соң ба, ол кісі маған ыстық көрінді. Атамның дау шешіп, төрелік қылғаны бізге де дарып, ұрпақтары судья, адвокат болып еңбек етті. Мен мұның бәрін ой елегінен өткізіп отырып, көп ойландым. Біраз әңгімелестік. Туған жерден жырақ кеткен қария жүректегі шерін тарқатты, сезімімен бөлісті. Біздегі жаңалықтарды үзбей қарап отырады екен. Қандай керемет сезім десеңші!
      Арада біраз уақыт өтті. Үйде бейқам отырып, теледидардан «Түркиядағы қандастарымыз Отанына оралды» деп жаңалықтан айтып жатыр екен. Әлгі ақсақалды көзім шалып қалды. Қапелімде есімін де ұмытып қалыппын. Ұшақтан түсе салысымен, қара жерді сүйіп жатыр екен. Құйқам шымырлап кетті. Туған жерге тағзым деген осы болар, бәлкім?! 
      Біз қоштасарда ақсақал: «Туған жерден бір уыс топырақ бұйырса екен», – деп, қалғаны көпке дейін көз алдымнан кетпеп еді. Оның үстіне, мен кетіп бара жатып арқасынан қағып: «Әлі-ақ туған жерге өз аяғыңызбен барасыз. Үмітіңізді үзбеңіз, сеніңіз», – деп айтқан едім. Осы тілегім қабыл болды деп қуандым. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деуші еді халық даналығында. Ойыма орала берді осы сөз... Көзімнен тамшы тамғанын да байқамай қалыппын...
      Түйін
      Атам Шыңғыс өз дәуірінде беделді би-шешендердің қатарында болып, дауларды шешсе, әкем Шәкет құқық қорғау саласында, кейіннен адвокат болып еңбек етті. Немерелері мен шөберелеріне де осы сала мирас болып қалғандай. Мен осындай ұлағатты жандардың ұрпағы екенімді мақтан етемін. Атам қазақ: «Арбаның алдыңғы доңғалағы қайда жүрсе, соңғысы да сонда бағытталмақ» деп бекер айтпаған шығар?! Әсте, менің әулетім – менің қамалым тәрізді. Менің қорғаным сияқты. Өйткені, мені әрдайым қорғап жүреді, тірегім де, тілегім де, кеудемде соққан жүрегім де – осы шаңырағым, әулетім. Менің мақтанышым да – отбасым. 
 
Ғалия Шәкетқызы Шыңғысова
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....
30 марта 2025 19:53
Людмила.
Наши самые дорогие, родные!!! БАХЫТЖАН Рахимжановичь здоровья вам и вашей большой семье! Горжусь, что с вами работала,...
25 марта 2025 23:30
Гульнар
Бүгінгі күні Серікбек пен Гульмира білімділігі мен біліктілігінің арқасында көптеген адамдардың алғысына бөлініп...