Спорт саласының ардагері, «Ұлт мақтанышы» медалінің иегері
Еңбегімен ел құрметіне бөленген азамат
Таңмен таласа тұрып, кеш қарая үйіне берекемен оралатын, жасаған ісінен әділдік, сөзінен тағылым, өмірінен өнеге көрініп тұратын еңбек адамдарының өмірі қашан да үлгі. Олар адал еңбек ету арқылы отбасына береке кіргізіп қана қоймай, шаруашылықтың өркендеуіне де өз үлесін қосып, халықпен бірге иық тірестіре еңбек етіп, есімі ауыл тарихында алтын әріптермен жазылып қалған. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Бижанов Айқынберді Ергешұлы да шаруашылықтың өркендеуімен қатар, салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортты ел тіршілігіне енгізу жолында еңбек етіп жүрген қоғам белсендісі.
«Елім» деген ердің «ерім» дейтін елі болады демекші, саналы ғұмырын еліне арнаған, қазіргі таңда ауылдың айбынды азаматтарының қатарын бастап тұрған, ақ баталы ақсақал – өмірін еңбекпен өрнектеп, ел игілігіне қызмет еткен Айқынберді Ергешұлы 1959 жылдың 6 ақпанында Түркістан облысы, Қазығұрт ауданына қарасты Қызылқия елді мекеніндегі Айнатас ауылында дүниеге келген.
Қазіргі таңда елдің құрметіне бөленіп отырған ақсақалдың ата-тегі де жай адамдар емес – олар да халықпен бірге еңбек етіп, ел мүддесін көздеген, елге қызмет еткен тұлғалар. Әжесі Дәуренова Теңге Дәуренқызы – ел құрметіне бөленген қайраткер жан. 1940-1953 жылдар аралығында колхоз фермасын басқарып, қажырлы еңбегімен танылған, екі мәрте облыстық депутат болып сайланған ел ардақтысы.
Әкесі Бижанов Ергеш Бижанұлы да еңбекпен шыңдалған, өмір жолы өнегеге толы азамат. 1948 жылдан бастап колхоздың есепшісі болып қызмет атқарып, кейіннен 1953-1975 жылдар аралығында ферма меңгерушісі ретінде ел шаруасына белсене араласқан. 1975-1979 жылдары қойма меңгерушісі қызметінде еңбек еткен. Анасы Бижанова Анар Жүнісқызы – алтын құрсақты асыл ана.
Айқынберді Ергешұлы осындай еңбекқор, қадірлі әулетте, көпбалалы отбасында дүниеге келген. Жеті ұл мен төрт қыз өсіп-өнген шаңырақтың төртінші перзенті. Бауырлары – Бижанова Фатима Ергешқызы, Бижанов Бақтияр Ергешұлы, Бижанов Бектияр Ергешұлы, Бижанов Асан Ергешұлы, Бижанова Батпа Ергешқызы, Бижанова Сағира Ергешқызы, Бижанова Нағима Ергешқызы, Бижанова Жұлдызай Ергешқызы, Бижанова Құндызай Ергешқызы, Бижанова Нұрсұлу Ергешқызы – өмірден өз орындарын тапқан, елге қызмет етіп келе жатқан әр сала мамандары, әрқайсысы бір-бір отбасының отағасы мен отанасы.
Күллі әлемге адамзатты құтқарған кемесімен танылған қасиетті өлкеде балалығын өткізіп, жарқын болашаққа бастар білім ордасының табалдырығын 1966 жылы Комсомол сегіз жылдық мектебінде аттады.
Бала болса да, жастайынан әке-анасының қолқанаты бола білген, еңбексүйгіш, айтқан сөзді қағып алатын есті, бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей тынбайтын табанды да талапты жас еді. Мектеп қабырғасында жүріп те, алғырлығы, зеректігі, сабақтағы белсенділігінің арқасында ұстаздарының мақтауына ие болып, болашағынан үлкен үміт күттіретін шәкірт болды. Айқынберді Ергешұлы білімін одан әрі Комсомол орта мектебінде жалғастырып, 1976 жылы тәмамдады.
Ауыл шаруашылығындағы мамандықтардың беделі Алатаудан да биік болып тұрған жылдары Айқынберді Ергешұлының да таңдағаны осы сала болды. 1976-1977 жылдары Шымкент қаласындағы ГПТУ-да (кәсіптік-техникалық училище) оқуын тәмамдап, кәсіптік білім алды. Жанарынан от ұшқындап тұрған қайсар жас одан әрі 1977-1979 жылдары аралығында Кеңес Әскері қатарында Беларусь Республикасы, Витебск облысы, Полоцк ауданында Отан алдындағы әскери борышын абыроймен орындап келді. Алғашқы еңбек жолын Сарыағаш керамзит зауытына қарасты Араншы карьерінде бастады.
Еңбек ете білгеннің ғана еңсесі тік болатын мына өмірді адалдық пен әділдікті ту етіп ұстанған Айқынберді Ергешұлы одан әрі де колхоздың өміріне белсене араласып, қайнаған тіршіліктің қазанына еніп кете барады. 1985-1988 жылдары Ленин ауданының Энгельс атындағы колхозында даярлаушы-инспектор, 1988-1992 жылдары «Ваш сад» фирмасында қойма меңгерушісі болып еңбек етті. Нарықтық жүйенің талабы қатал болған жылдары «Теңге» шаруа қожалығында еңбек етті. 2022 жылы өзі жеке шаруашылық ашып, кәсіпкерлікпен айналысты да, құрметті зейнет демалысына шықты.
Қандай қызметті атқарса да адалдық пен қарапайымдылықтың шекпенін үстінен тастамаған, ұжым ортасында сыйлы, сөзін тыңдата алатын айбынды азамат бола білген Айқынберді Ергешұлы ауылдың қоғамдық өміріне де белсене араласты. Әсіресе, бұқаралық спортты дамытуға күш салды. Салауатты өмір салтын алдымен өзі ұстанып, одан кейін жастарға және ауыл азаматтарын ұйымдастырып, шақыра білді. Ел ағасы 1980 жылдан бастап ауыл балаларына футболдың қыр-сырын үйретуге кірісіп, 120-дан астам шаңырақ мекендеген ауылда «Қайсар» атты футбол командасын құрып, оны аудан деңгейіндегі бірнеше мәрте чемпионаттың жеңімпазы етті. Тіпті, 1988 жылы облыс чемпионы атанып, командасын облысаралық жарыстарға шығаруы тек ауылдың ғана емес, аудан мен бүкіл облыстың мерейі еді.
Жалғыз мақсаты – елдің саулығы мен ауылдағы жастарды спорт әлеміне тартып, шымыр болуына ықпал ету еді. Адал ниеті абырой биігіне көтеріп, өз нәтижесін де берді. Бәйге түріп келген жастар Айқынберді Ергешұлының қарамағында жүріп, спортқа алғашқы қадамдарын жасап, жарқын жетістіктерге қол жеткізді. Кейіпкеріміздің жетекшілігімен спорттың биік белестерін бағындырды.
Атап айтқанда, кикбоксингтен әлемнің төрт дүркін чемпионы, Еуропаның екі мәрте чемпионы, интерконтинентальдық белбеудің екі дүркін иегері Жанболат Амантаевтың алғашқы бапкері болғаны – үлкен мақтаныш. Сондай-ақ, шәкірті Бижанов Бекболат мектеп пен колледждер арасындағы Қазақстан біріншілігінде чемпион атанды. Қазығұрт ауданы атынан шыққан Бижанов Қайсар мен Серікбаев Нұрсұлтан есімді шәкірттері Көкшетау облысы Зеренді ауданында Т. Сегізбаевтың құрметіне өткен халықаралық турнирде және Алматы қаласында С.П. Квочкиннің құрметіне арналған республикалық жарыста I орынды жеңіп алды.
Айқынберді Ергешұлы елеулі еңбегі үшін түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Солардың ішінде 2022 жылы қоғамдық саладағы белсенділігі мен елге сіңірген еңбегі үшін «Ұлт мақтанышы» медалі бар. Сонымен қатар, ауылдық округі, аудан, облыс әкімдері мен білім беру ұйымдарының, сондай-ақ көптеген жарыстарға шәкірттерін дайындап, жеңіске жетуге көмектескені үшін Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталды.
Есімі мен еңбегі ел аузында алғыс пен құрметпен аталған Айқынберді Ергешұлы – отбасында асқар тау әке, асыл жар. Жары – отбасының тірегі, мейірімі мен парасаты қатар үйлескен асыл жан. 1983-2009 жылдар аралығында кәсіподақ ұйымында бухгалтер болып қызмет атқарған, бүгінде зейнеткерлік жасында немерелерінің қызығын көріп, отбасына жылу мен шаттық сыйлап, құрметке бөленіп отырған Бижанова Зауре Наушақызы екеуі төрт перзент тәрбиелеп өсірді. Балалары мектепті үздік бітіріп, еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алды.
Үлкен ұлы Бижанов Қайсар Айқынбердіұлы – Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің түлегі. Қайсар мен келіні Тасболатова Айжан Ерғалиқызының перзенттері Айым мен Аяла – ата-әжесінің көз қуанышы, отбасының мейірімге толы шуағы.
Қызы Бижанова Ғазиза Айқынбердіқызы – Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің түлегі. Күйеу баласы Асанов Ерболат Нұржанұлы мен қызы Бижанова Ғазизаның перзенттері Алуа, Алинұр және Аруна – ата тәрбиесі мен әже мейірімін қатар сіңіріп келе жатқан ибалы да ізетті немерелер.
Ұлы Бижанов Мадияр Айқынбердіұлы – Алматы қаласындағы Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің түлегі.
Кенже қызы Бижанова Маржан Айқынбердіқызы – Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітіріп, осы университеттің магистратура бөлімінде білімін жалғастырып жатыр. Ол волейбол спорт түрімен кәсіби түрде шұғылданып, аудандық және облыстық деңгейдегі жарыстарда бірнеше рет І орынды иеленді. Солтүстік Қазақстан облысының құрамасы қатарында өнер көрсетіп, 2001–2002 жылы туған жасөспірім қыздар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында жеңімпаз атанып, ел чемпионы болды.
Бұл бүлдіршіндер – әке мұрасының жалғасы, ата шаңырағының алтын діңгегі. Олар – текті әулеттің тәлімін бойына сіңіріп, ел мерейін асқақтататын, болашаққа сеніммен қарауға жол ашатын өрелі өрендер.
Соңғы он жылдан астам уақыт бойы ауыл биі болып сайланып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, туған ауылдың тіршілігіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан Айқынберді Ергешұлының деніне саулық, отбасына амандық, кәсібіне табыс тілейміз!