Шалбарбаев Амра Мұхатайұлы

Рейтинг:

Педагогика ғылымдарының магистрі, Спорт шеберіне кандидат, Алматы қаласындағы Нархоз университетінің аға оқытушысы, Қазақстан ардагерлері волейбол федерациясының белсенді мүшесі, Алматы қаласындағы «Ардагерлер волейбол федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының директоры

Жас ұрпаққа жол сілтеген...

      Спорт пен еңбекті өмірінің өзегіне айналдырған, жас ұрпақтың дені сау әрі жігерлі болып өсуіне бар күш-жігерін арнаған, спортшының табандылығы мен ұстаздың ме-йірімін, азаматтың парасаты мен басшының жауапкершілігін бойына тоғыстырған, тек жаттықтырушы емес, нағыз тәлімгер, ұлт рухын биіктетіп спорт жанашырына айналған, шәкірт тәрбиелеумен қатар, ел спортының дамуына үлес қосып жүрген, ардагерлер қозғалысының көшбасшысы, өмірін игілік пен ізгілікке арнаған тұлға – Шалбарбаев Амра Мұхатайұлы туралы айтып өтпекшіміз. 
      Педагогика ғылымдарының магистрі, Қазақстан ардагерлері волейбол федерациясының белсенді мүшесі, спортты өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған еңбекқор, қайратты азамат Шалбарбаев Амра Мұхатайұлы 1972 жылдың 3 наурызында Алматы облысы, Ұйғыр ауданының табиғаты көркем, тауы мен өзені үндескен Кетмен ауылында дүниеге келді. Амра Мұхатайұлының өміріндегі ең алғашқы ұстаздары мен рухани тіректері – асыл әкесі мен мейірімді анасы еді. Әкесі Шалбарбаев Мұхатай – бар өмірін колхоз ісіне арнап, адал еңбегімен елдің ырысын арттыруға үлес қосқан, маңдай термен мәртебе тапқан еңбек адамы. Қарапайым еңбектің қадірін білген ол балаларына әр істі жауапкершілікпен атқаруды, еңбекті сүйіп, адамдықты ту етуді үйретті.Анасы Азииева Тұрсынбибі – ауыл тіршілігінің ауыр жүгін көтеріп, отбасына мейірім мен жылулықтың шуағын сыйлаған аяулы жан. Ол бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнап, алты перзентін бағып-қағып, олардың бойына сабыр, ізгілік пен татулықтың қасиетін дарытты.
      Балалық шағын Кетменнің мөлдір бұлағы мен кең даласында өткізген Амра Мұхатайұлы ерте жастан спортқа бейім болып өсті. Дарын мен табандылықтың арқасында ол волейбол спортын өмірлік серігіне айналдырып, жылдар бойы спорт алаңында шыңдалып, жігері мен намысын ел намысына ұластырды. 
      1979 жылы Амра Мұхатайұлы туған ауылындағы Кетмен орта мектебінің табалдырығын аттап, білім әлеміне алғашқы қадамын жасады. Сол мектеп қабырғасында ізденістің, білім мен тәртіптің қадірін түсініп, ұстаздарының тәлімін бойына сіңірді. Мектеп тек оқу ордасы емес, өмірдің алғашқы мектебі, болашаққа бастайтын рухани баспалдақ болды.
      Оқуда да, қоғамдық істерде де белсенді болған Амра жасынан еңбекқорлығымен және жауапкершілігімен ерекшеленді. Мектепті тәмамдаған соң, 1989 жылы туған жері Кетмен ауылында еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастады. Сол кезден-ақ еңбектің қадірін жете ұғып, қандай істі қолға алса да, адалдық пен тиянақтылықты басты қағидасына айналдырды.
      1990–1992 жылдар аралығында Амра Мұхатайұлы азаматтық парызын абыроймен атқарып, Отан алдындағы борышын өтеу үшін Ресей Федерациясының Краснояр өлкесіндегі № 67/14 әскери бөлімінде қызмет етті. Қиындыққа мойымай, тәртіп пен төзімділіктің мектебінен өткен жас сарбаз әскери өмірдің жауапкершілігін, ерік-жігердің маңызын түсінді. 
      Сол жылдардағы тәжірибе оның болмысына қажыр-қайрат, сабыр мен табандылық дарытып, кейінгі өмірінде үлкен тірек болды. Әскер қатарынан елге оралған Амра Мұхатайұлы енді азамат ретінде туған жерінің дамуына өз үлесін қосуға дайын, өмірдің жаңа белесіне көтерілген еді.
      Әскер қатарынан оралған соң Амра Мұхатайұлы өз өмір жолын спортпен тығыз байланыстыруды мақсат етіп, 1995 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың дене тәрбиелеу және спорт мәдениеті институтына оқуға түседі. Бұл таңдау оның бала күнінен бойына сіңген еңбекқорлық пен спортқа деген сүйіспеншіліктің жалғасы еді.
      Институт қабырғасында жүріп спорттық дайындықтың теориясын, тәжірибесін терең меңгеріп, өз мамандығына зор жауапкершілікпен қарады. Әсіресе волейболға деген ерекше ынтасы мен талпынысы оны қатарластарының алды етіп, ұжым ішінде сыйлы студенттердің біріне айналдырды.
      1999 жылы оқу орнын «Волейболдан жаттықтырушы» мамандығы бойынша үздік нәтижемен тәмамдаған Амра Мұхатайұлы кәсібін ғана емес, өмірлік бағытын да анықтап, жинаған білімін ел спортының дамуына, жас буынды тәрбиелеуге бел буды. 
      2000 жылы жоғары оқу орнын аяқтаған Амра Мұхатайұлы ұстаздық жолға түсіп, өз өмірін жас ұрпақ тәрбиесіне арнауды мақсат қойып, Алматы қаласындағы №104 қазақ орта мектебіне дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып қабылданды. Мектеп қабырғасындағы алғашқы жылдардан-ақ оның ұстаздық қабілеті мен ұйымдастырушылық таланты айқын көрінді. Сабақ берумен қатар, оқушыларды спортқа баулып, мектепішілік және қалалық жарыстарға дайындап, жасөспірімдердің бойында салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен үлес қосты.
      2000–2004 жылдар аралығында шәкірттерімен бірге көптеген жарыстарда жүлделі орындарға қол жеткізіп, мектеп ұжымының алғысына бөленді. 
      2004 жылдан өзінің кәсіби және ғылыми жолын жоғары білім беру саласымен байланыстырып, бүгінде Алматы қаласындағы Нархоз университетінің аға оқытушысы қызметін абыроймен атқаруда. Ұлағатты ұстаз ретінде тек білім беріп қана қоймай, студенттердің бойына табандылық пен адамгершілікті, салауатты өмір салтын дәріптеу арқылы өмірлік ұстаным қалыптастырып келеді.
      Ғылым мен спортты ұштастыра білген Амра Мұхатайұлы уақыт өте келе білімін жетілдіріп, педагогика ғылымдарының магистрі ғылыми дәрежесін алды. Өз еңбегі мен кәсіби шеберлігінің арқасында спорт шеберіне кандидат атағына ие болып, отандық спорттың дамуына және жастардың физикалық тәрбиесіне үлкен үлес қосты.
      Тәжірибелі жаттықтырушы ғана емес, өз ісіне берілген педагог, волейбол спортының дамуына үлес қосып жүрген майталман маман Амра Мұхатайұлы осы жылдар ішінде өз өмірін шәкірт тәрбиесіне, спорттың дамуына арнады. Ұзақ жылдар бойы Нархоз университетінде жаттықтырушы әрі тәлімгер ретінде ол жүздеген студентті спортқа баулып, олардың бойына табандылық, еңбекқорлық және жеңіске деген жігер дарытты.
      Оның жетекшілігімен дайындалған студенттер қалалық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар мен турнирлерге қатысып, жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Амра Мұхатайұлының шәкірттері көптеген мәрте жүлделі орындарға ие болып, университеттің ғана емес, еліміздің де намысын қорғап жүр.
      Тәжірибелі ұстаз, спортшы талай жастың өмірлік жолына бағыт берген жан Амра Мұхатайұлы спорт саласындағы үздік жетістіктері мен сіңірген еңбегі ескеріліп, түрлі медальдар, құрмет ордендері, грамоталар және дипломдармен марапатталды.
      Атап айтар болсақ:      2015 жылы М.К.Есембаевты еске алуға арналған волейболдан ардагер командалар арасындағы Шығыс Қазақстан облысының ашық турнирінен І орын;
      «Қазақ Ұлттық аграрлық университетіне 85 жыл» мерекелік медалі;
      2016 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жылдығы және Алматы қаласының 1000 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған XI Спартакиадасынан волейбол спорты бойынша Диплом;
      Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы, ақын, саясат және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтың 80 жылдық мерейтойына арналған волейболдан ардагерлер арасындағы Х Халықаралық турнирінен ІІІ орын;
      2017 жылы волейболдан мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың құрметіне арналған ардагерлер командалары арасындағы VIII Халықаралық турнирден І орын;
      2019 жылы «Халықаралық Невада-Семей антиядролық қозғалысының 30 жылдығы» мерекелік медалі;
      «Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына 75 жыл» мерекелік төсбелгісі;
      2020 жылы «Қазақ Ұлттық аграрлық университетіне 90 жыл» мерекелік медалі;
      Алматы қаласы ЖОО-ның оқытушылары мен қызметкерлері арасында ҚРЕСЖ, профессор Б.Қ.Қаражановты еске алуға арналған волейбол турнирінен І орын;
      2023 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен волейболдан қыздар командалары арасындағы жарыста Қазақстан Республикасының «Студенттік спорт лигасына» қосқан үлесі, бұқаралық спорттың дамуына атсалысып, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттаудағы белсенді еңбегі үшін ректор Ж. Темірбековтің Алғыс хаты;
      2025 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің өнер факультеті және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория студенттері мен қызметкерлері арасында «Ұлы Абайдың 180 жылдығы», «Ұлы Жеңістің 80 жылдығы» және «Қазақстан Республикасы Ассамблеясының 30 жылдығы» мерекесіне арналған волейболдан өнер майталмандарының арасындағы жолдастық кездесуде үздік ойын көрсеткені үшін «Үздік шабуылшы» дипломымен марапатталды.
      2021 жылдың мамыр айынан бастап Әмра Мұхатайұлы өзінің спорттық және ұйымдастырушылық тәжірибесін жаңа бағытта жалғастырып, Алматы қаласындағы «Ардагерлер волейбол федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының директоры қызметін атқарып келеді. Бұл лауазым – оның ұзақ жылғы еңбегінің, спортқа деген адалдығы мен беделінің нәтижесі.
      Федерацияның басты мақсаты – волейбол спортын жоғары жастағы спортшылар арасында кеңінен насихаттау, олардың спортпен айналысуына мүмкіндік туғызу, сондай-ақ салауатты өмір салтын дәріптеу мен ардагерлердің достық қарым-қатынасын нығайту болып табылады.
      Амра Мұхатайұлының басшылығымен федерация Алматы қаласы мен еліміздің өзге өңірлерінде көптеген турнирлер мен жарыстар ұйымдастырып, ардагер спортшылардың белсенділігін арттыруға үлес қосып келеді. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен адамгершілік қасиеті арқасында бұл қауымдастық спорт пен достықтың алтын көпіріне айналды.
      Сонымен қатар, Бразилия, Ресей, Анапа және Өзбекстан, Қырғызстан сынды әлемнің түкпір-түкпіріндегі елдерге, Ресейдің мәдени астанасы Санкт-Петербургке барып, халықаралық волейбол турнирлерінде топ жарып, жүлделі орындарды иеленді.
      Амра Мұхатайұлының отбасы – білім мен парасат, сүйіспеншілік пен татулық үйлескен берекелі шаңырақ. Өмірлік серігі, жан жолдасы Алайдарқызы Қаламқас – ғылым жолында өз орнын тапқан, экономика ғылымдарының кандидаты, ұлағатты ұстаз, жоғары оқу орнында дәріс оқып, саналы ғұмырын жастарға тәлім мен тәрбие беруге арнап келеді. Қаламқас ханымның еңбекқорлығы мен сабырлылығы, парасаты мен мейірімі – отбасының жылылық пен тұрақтылық негізі.
      Бұл өнегелі шаңырақта үш ұл өсіп келеді. Тұңғышы – Айбек Амраұлы, Алматы қаласындағы «Qalam High School» жеке мектебінің 10-сынып оқушысы, ізденімпаз да зерек жас, ата-анасының үмітін ақтап келе жатқан талапты шәкірт.
      Ортаншы ұл Әлібек пен кенже ұл Алихан – Алматы қаласындағы №173 мектеп-лицейінде білім алуда. Әлібек – сегізінші сыныптың, ал Алихан – төртінші сыныптың оқушысы. Екеуі де зерек, тәрбиелі, спорт пен білімге бейім ұлдар.
      Өмірін спорт пен білімге арнап, жас ұрпақтың дені сау, рухы биік болып өсуіне үлес қосып келе жатқан Амра Мұхатайұлы – ел спорты мен педагогикасының өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген тұлға. Спортшы, ұстаз, ұйымдастырушы, тәлімгер ретінде өмір жолының әр кезеңінде табандылықтың, жауапкершілік пен іскерліктің биік үлгісін көрсетті.
      Жастайынан спортқа ден қойған ол, уақыт өте ұстаздық пен жаттықтырушылықты ұштастырып, мыңдаған студенттің бойына ерік-жігер мен жігерлі рух дарытты. Оның шәкірттері бүгінде еліміздің әр түкпірінде еңбек етіп, ұстазының сенімін ақтап келеді. Ал өзі – талай жастың арманына қанат бітірген, өмірін игілікке бағыттаған азамат.
      Волейбол спортының дамуына, жастар мен ардагерлердің спорттық өмірін өркендетуге айрықша еңбек сіңіріп келе жатқан нағыз спорт қайраткері, ел спортындағы рух пен табандылықтың үлігісі бола білген Амра Мұхатайұлының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

10 мая 2026 00:50
Санжар Косжанов
Вауу күшті шыққан. Үлкен естелік болатын болды....
10 мая 2026 00:27
Jazira
Менің атам бар жақсыға лайықтты. Рахмет сіздің арқаңыз өсіп өнгеніміз... ...
7 мая 2026 13:03
Айым
Сәлеметсіз бе сізге көрінейін деп едім ...