Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Мырзакент кентіндегі Мақтаарал ауданының мәдениет, тілдерді дамыту,
дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Мырзакент спорт клубы» КММ-нің директоры
Жеңіске жетелейтін жол: төзім, тәртіп, талап
Күнгейдің аптабында көгалда жүгіріп жүрген балалардың арасынан жанарында от ойнаған жастарды қанаттандырып, қолына ысқырық ұстаса да, жүрегінде ұстаздық пен бапкерліктің ұлы миссиясын арқалаған, доптың соңындағы шаңмен емес, арман мен адал еңбектің іздерімен көмкеріліп келе жатқан талантты жаттықтырушылардың бірі Назарбеков Бекжан Амралиевич туралы қалам тербемекпіз.
Еңбек жолын ел спортына, әсіресе жас буынның бойындағы қабілетті ұштап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арнап, кәсіби бапкерлік пен басқарушылықты үйлестіре білген тәжірибелі маман, Мақтаарал ауданы, Мырзакент кентіндегі Мақтаарал ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Мырзакент спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Бекжан Амралиевич 1980 жылдың 14 қарашасында Шымкент облысы, Түркістан ауданы, Абай елді мекенінде дүниеге келді.
![]()
Өнер мен мәдениеттің рухани ордасына айналған өңірде бақытты балалығын өткізіп, 1985 жылы әке-анасының жұмыс бабы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Атакент кентіне қоныс аударған Бекжан Амралиевич 1987 жылы Атакент кентіндегі №2 Ильич атындағы жалпы орта мектебінің табалдырығын аттап, 1998 жылы бітіріп шығады. Мектеп қабырғасында жүріп те, қоғамдық істерге белсене араласып, белсенділігімен, спорттық іс-шаралардағы талантымен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсе білген жалынды жас 1999-2001 жылдары аралығында Мақтаарал ауданы, Атакент кентіндегі Мақтаарал экономикалық және агро-бизнес колледжінің «Салық салу және салық инспекторы» факультетіне оқуға түсіп, үздіктер қатарында бітіріп шығады.
Назарбеков Бекжан спорттағы еңбек жолын ОРДБЖСМ-де Мақтаарал аудандық филиалында футбол жаттықтырушы ретінде бастау алып, кейіннен Мақтарал ауданы Атакент кентіндегі Агро-бизнес колледжінде, «Мақтаарал» орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде жемісті еңбек етті. Ол тек сабақ беріп қана қоймай, әр шәкірттің спортқа деген қызығушылығын оятып, талантты жастарды жарыққа шығаруға жол ашты.
Еңбек ете жүріп, білім-біліктілігін көтере біліп, 2001-2003 жылдары Мақтаарал ауданы, Атакент кентіндегі Мақтаарал экономикалық және агро-бизнес колледжінің «Дене шынықтыру және спорт» факультетіне сырттай оқуға түсіп, оқуды үздікке бітіріп шыққан Бекжан
Амралиевич білімі мен білігі ұштасқан маман ретінде №2 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы, аға жаттықтырушы болып, ауданның жасөспірімдер, жастар және ересектер құрамасын тәрбиеледі. Оның жетекшілігімен талай спортшы аудан намысын абыроймен қорғап, жеңістер тұғырынан көрінді.
![]()
Бекжан Амралиевичтің еңбегі тек алаңда ғана емес, ұйымдастырушылық салада да көрінді. Білімі мен тәжірибесін ұштастыра отырып, спорт мектебінде әдіскерлік қызмет атқарып, жас мамандарға бағыт-бағдар берді. Бұл – оның ұстаздықтан ұйымдастырушылыққа бет алған жаңа кезеңі болатын. 2005-2008 жылдары Алматы қаласындағы Евразиялық техникалық университетінің «Құқық тану және экономика негіздері» факультетін және 2008-2011 жылдары Көкшетау қаласындағы «Көкше» академиясының «Дене шынықтыру және спорт» факультетіне сырттай бітіріп, жоғары білім алуы оны жас таланттардың бойындағы қабілетін ашып, үлкен спортқа қадам басуына алып келді.
2016 жылы Мақтаарал ауданының жасөспірімдер мен жастар, ересектер құрама командасының аға жаттықтырушысы, 2021 жылы Мақтаарал ауданы, Атакент кентіндегі Мақтаарал аудандық №2 БЖСМ-де әдіскері қызметінде болып, 2022 жылдан бастап Мақтаарал ауданы, Мырзакент кентіндегі Мақтаарал ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Мырзакент спорт клубы» КММ-нің директоры лауазымын абыроймен атқарып келе жатқан Бекжан Амралиевич өз кәсібін шын жүрегімен сүйіп, өмірлік мақсатына айналдырған нағыз спорт жанашыры.
![]()
Балалардың тек денесін шынықтырып қана қоймай, мінезін, жігерін, қайратын тәрбиелеген ол үшін әр шәкірт – жаңа мүмкіндіктің бастауы, ел болашағының тірегі еді. Бекжан Амралиевич баптауымен жас спортшылардың талайы облыс пен республика көлеміндегі додаларда топ жарып, туған топырақтың абыройын асқақтатты.
Баптаған шәкірттері қазіргі таңда Қазақстан Республикасының облыстарындағы футбол клубтарда ойнап жүр.
Атап айтқанда: - Абылайхан Рамазан – КФФ-ның OLIMBET кәсіпқой премьер лигасының «Ұлытау ФК» командасында жартылай қорғаушы;
- Серікбай Мейрамбек – КФФ-ның OLIMBET Бірінші лигасының «Каспий ФК» командасында жартылай қорғаушы;
- Арипов Диер – КФФ-ның OLIMBET Бірінші лигасының «Каспий ФК» командасында қорғаушы;
- Орынбасар Орал – КФФ-ның OLIMBET Бірінші лигасының «Жетісай ФК» командасында қорғаушы;
- Дандыбай Нұржан – КФФ-ның OLIMBET Бірінші лигасының «Жетісай ФК» командасында шабуылшы;
![]()
Шынтеміров Рауан, Давлятов Бақытжан, Асан Мырзабек – КФФ-ның OLIMBET Екінші лигасының «Мақтаарал ФК» командасының негізгі құрамында ойнауда.
2014 жылы Алматы қаласында «FIFA» және ҚР футбол федерациясының «Қақпашыларды даярлау» тақырыбында біліктілік арттыру курсына қатысып, футболдан «FIFA» «С» категориясын оқып, емтихан тапсырып, 2017 жылы Алматы қаласында «UEFA» және ҚР футбол федерациясының 1 жылдық біліктілік арттыру курсына қатысып, Футболдан «UEFA» «В» категориясын оқып, емтихан тапсырып қорғап шыққан Бекжан Амралиевич түрлі деңгейдегі жарыстарда жеңімпаз атанып, спортты дамытып, тарландарды даярлап шығарғаны үшін марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ:
• 2001 жылы Мақтаарал футбол клубының жасөспірімдер құрама командасымен ҚР Бірінші лига командалардың қосалқы 2001 жылы туылған жасөспірімдер арасында өткен ҚР Чемпионатында ІІ орын;
• 2005 жылы ОҚО Мақтаарал ауданының құрама командасы қатарында ойнап «Ақ бидай» ауыл ойындарының облыстық іріктеу жарысынан І орын;
![]()
• ОҚО құрама командасының сапына алынып, Көкшетау қаласында өткен финалдық ойындарда жеңімпаз атанды;
• 2012 жылы Мақтаарал ауданының «Мақтаарал футбол клубы» ашылып, 2012-2015 жылдары І және ІІ лига командаларының негізгі құрама сапында, абыроймен ойнап, қорғаушы позициясы аудан намысын қорғады;
• 2014 жылы ОҚО құрама командасының сапына алынып, финалдық ойындарға қатысып, «Ақ бидай» ауыл ойындарының облыстық іріктеу жарысында Мақтаарал ауданы құрама командасы сапында ойнап, ІІ орын иеленді;
• 2015 жылы Мақтаарал футбол клубының жасөспірімдер құрама командасымен ҚР Бірінші лига командалардың қосалқы 1999 жылы туылған жасөспірімдер арасында өткен ҚР Чемпионатында І орын;
• 2017 жылы Мақтаарал футбол клубының жасөспірімдер құрама командасымен ҚР Бірінші лига командалардың қосалқы 2004 жылы туылған жасөспірімдер арасында Тараз қаласында өткен ҚР Чемпионатында І орын;
![]()
• 2021 жылы Мақтаарал футбол клубының жасөспірімдер құрама командасымен ҚР Бірінші және Екінші лига командалардың қосалқы 2006 жылы туылған жасөспірімдер арасында Шымкент қаласында өткен ҚР Чемпионатында ІІІ орын;
• 2023 жылы Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай футболдан ересектер арасында өткен Түркістан облысының V Спартакиадасының жеңімпазы атанды.
Спорттағы жолын ғана емес, ұстаздық пен басшылықты, тәрбие мен тұлғалық кемелдікті қатар алып жүрген, әр қадамында – адалдық, төзім, және ең бастысы, елге, өскелең ұрпаққа деген шексіз махаббаты жатқан Бекжан Амралиевич – отбасында асыл жар, асқар тау әке. Мақтаарал ауыл шаруашылық колледжінде химия-биология кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс жасайтын жары Оразбаева Назира Барысбиевна екеуі Әмірәлі Диана Бекжанқызы, Әмірәлі Әсел Бекжанқызы, Әмірәлі Омар Бекжанұлы, Назарбек Қайсар Бекжанұлы есімді саналы ұл мен қыз өсіріп отырған бақытты әке-ана.
![]()
– Өзімнің отбасыма тоқталар болсам, әкем Раев Жүсіп Ілиясұлы – мәдениет саласының зейнеткері, анам Марқабаева Айша Оралбекқызы – Мақтаарал ауыл шаруашылық колледжінде директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары лауазымын атқарып, 2018 жылы зейнетке абыроймен шықты.
Менің отбасымның өзі барлығы спортқа жақын, артымнан ерген бауырым Ілиясов Азамат 2014-2017 жылдары аралығында КФФ-ның OLIMBET Бірінші және Екінші лигасының «Мақтаарал ФК» командасында негізгі құрамда өнер көрсетті. Қазіргі таңда өзінің жинаған білімі мен мол тәжірибесін Мақтаарал аудандық №2 БЖСМ-де футболдан жаттықтырушылық қызметін атқарып келуде. Ауданның жасөспірімдерін футбол спортына баулып үйретуде.
Қызым Әмірәлі Әсел Бекжанқызы Мақтаарал аудандық №2 БЖСМ-де волейбол спорт түрімен шұғылданады. Қызым 2024 жылдан бастап Түркістан облысының құрама командасы сапында ойнап жүр. Осы уақытқа дейін волейболдан ҚР чемпионатының күміс және қола жүлдегері атанып, облыстың намысын абыроймен қорғап жүр. Менің ізімді басып, спорттан жаттықтырушы лауазымын таңдауда, – дейді, отбасы туралы мақтанышпен айтып өткен Бекжан Амралиевич.
Уақыт шіркін бір орында тұрмайды. Бір кезде көк майсада балғын балалармен доп қуалап жүрген бозбала, бүгінде жүздеген шәкірттің бағын жаққан, аудан спортын өрге сүйреген ірі тұлғаға айналған, спорт алаңынан шыққан азамат ретінде басқару ісінде де шынайылық пен шеберлікті үндестіріп, аудан жастарына жаңа мүмкіндіктер ашып отырған көшбасшы Бекжан Амралиевич сол жылдардың шежіресін маңдай термен жазып келе жатқан ардақты ұстаз, білікті ұйымдастырушы, спорт саласының жанашыры. Мырзакент кентіндегі «Мырзакент спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры болу, жай ғана лауазым емес, жылдар бойғы жинақталған тәжірибенің, табандылықтың, төгілген маңдай тер мен жүректегі нағыз спортқа деген шынайы сүйіспеншіліктің биік белесі.
Жас мамандардың қолынан жетектеп, болашаққа бастай білетін ұстаз ғана емес, өмір мектебінен өткізетін ағалық тұлғасы басым Бекжан Амралиевич үшін әрбір бала – болашақ чемпион, әрбір шәкірт – сенім мен үміт. Оларды тек дене жаттығуларына баулып қана қоймай, үлкен өмірге дайындап, тәрбиелеп, намыс пен рухтың не екенін үйретіп, талай шәкірті облыс пен республика көлемінде аудан абыройын асқақтатып келе жатқан ұстаз.
Мансабы атақпен емес, адалдықпен биіктеген Бекжан Амралиевичтің деніне саулық, отбасына амандық, еңбегіне толағай тілейміз!
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()