Қиянов Жандос Қарақожаұлы

Рейтинг:

Талантты спортшы, білікті бапкер, әділ төреші

      Батыста Еділ мен Жайықтан бастау алып, шығыста Алтай тауына дейін созылып жатқан қазақ даласының атын шығарып, Көк Туымызды әлемдік аренада желбіретіп, жер-жаһан көз тіккен әлемдік додалар әнұранымызды асқақата шырқатып жүрген азаматтарымыз баршылық. Қараның емес халықтың қамын ойлап, ауыр болса да жалқының емес жалпының міндетін атқарып, ауданның емес, аймақтың, қазақ елінің мерейін үстем етіп жүрген ұл-қыздарымыздың еңбегін айтпай кету мүмкін емес. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған барлық жүйріктердің аламан жарысында, шын жүйрік атанып топ жарып келіп жүрген спортшыларымызға деген құрметіміз ерекше, оларға берілер орын әрқашан да дастархан төрі болмақ.
      Ауданның атын облыстық, республикалық, халықаралық спорттық жарыстарда шығарып жүрген, спортшы, жаттықтырушы – Қиянов Жандос Қарақожаұлы 1977 жылдың 8 желтоқсанында Атырау облысы, Жылыой ауданы, Шоқпартоғай ауылында дүниеге келді. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінен - ақ, бойындағы ерекше қабілетімен ұстазының көзіне түскен бала Жандос 1988 жылы жаттықтырушы – Раушанов Асан Сайынұлының қарамағында жүріп, самбо күресімен шұғылданды. Алдына қойған мақсатына жетпейінше тынбайтын жас, үздіксіз еңбегін, ұстазының тәлімін бойына жақсы сіңіріп, самбоның тактикалық әдістерін терең меңгергенінің арқасында, бірнеше мәрте жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының бірінішіліктерінде күміс және үш мәрте қола жүлдегер атанды. Сонымен қатар бірнеше мәрте халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанып үлгерді. 
      Жастайынан спортқа деген қызығушылығы басым болған Жандос өзі таңдаған мамандықтың соңына түсіп, 1994 жылы мектепті бітірген соң, Атырау қаласындағы Халел Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университетіне биология факультетінің дене тәрбиесі бөліміне сырттай оқуға түседі.Тоқырау дейтін асау жүгенді үзіп, ел ішінде жұмыссыздық жайлап, аласапыран болып жатқан кезде, алдында кездескен қиыншылықтарға қарамай, сырттай оқуға түскен соң «Бәйтерек» спорт клубына жаттықтырушы болып орналасады. Жас болса да талай істерде бас бола білген, оның үстіне кішкентайынан ұстаз алдын көріп, жаттықтырушысынан тәжірибе жинақтаған жас біліктілігін сала жұмыс істеп, 1996 жылы университеттің күндізгі бөліміне ауысып, білімін жалғастырады. Талапты жасқа тау да биік емес, білікті маманға қай жерде де орын бар. 2000 жылы университетті тәмамдап Атырау облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорттық мектебіне дзюдо бөліміне жаттықтырушы болып жұмысқа орналасады.
      Жанамын деген жүрекке от берген спорттық мектебінде жүріп, Жандос шапқанда шаң жұқтырмайтын жүйріктер дайындап шығарып, талшыбықтай болып табалдырық аттаған жас спортшыларды емендей етіп қатайтып, татами төрінде табандылық көрсететін қайратты да қайсар, жеңіске деген үміт оты ешқашан сөнбейтін спортшыларды даярлап шығарды.  Сол күннен бастап  осы күнге дейін дзюдо күресінен, греплинг және парадзюдодан  8 спорт шеберлерін және 8 халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерін дайындап, спорт аламанына қосты.Бірнеше ҚР чемпионатының, халықаралық турнирлердің, Азия чемпионатының, Әлем чемпионатының және Пара Азия ойындарының   чемпиондары мен жүлдегерлері Жандостың алдынан өтіп, біліктілігін арттырды.
      Айта кетсек, Есмағанбетов Мейрамбек - мектеп оқушылар спартакиадасының және жастар арасында ҚР чемпионатының чемпионы, Өтеген Қайрат - жастар және жасөспірімдер ҚР біріншіліктерінің бірнеше дүркін жүлдегері, греплингтен әлем чемпионатының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Кубашева Назгул - ҚР чемпионатының 4 дүркін чемпионы және ҚР спартакиадасының чемпионы, Қажи Әлібек - жасөспірімдер арасында ҚР чемпионатының жүлдегері Германия және Ұлыбританияда өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы, Жексенбаев Азамат - ҚР жасөспірімдер біріншілігінің бірнеше дүркін жүлдегері, Ашықбаев Райымбек - ҚР жасөспірімдер біріншілігінің 2 дүркін чемпионы, Еуразия жасөспірімдер ойындарының қола жүлдегері, 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы ҚР чемпионатының қола жүлдегері. Есқазиев Армат - ҚР жастар және жасөспірімдер арасындағы бірнеше дүркін жүлдегері, Қиямеденов Данияр - ҚР жасөспірімдер арасында қола жүлдегер, Берденов Даурен - ҚР жасөспірімдер арасындағы біріншіліктің қола жүлдегері, Өтегенов Болат - ҚР жастар және жасөспірімдер біріншіліктерінің бірнеше дүркін жүлдегері. Сайманұлы Қуаныш - Жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Азия балалар ойындарының қола жүлдегері,жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының бірнеше дүркін чемпионы, Сариев Ануар - жасөспірімде және жастар арасындағы самбодан ҚР біріншіліктерінің бірнеше дүркін жүлдегері, Парадзюдодан Әлем чемпионатының қола жүлдегері, 15-ші ПАРАЛИМПИАДАҒА қатысушысы халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Пара Азия ойындарының қола жүлдегері,әлем кубоктарының 2 дүркін қола жүлдегері. Дәулет Теміржан - парадзюдодан Азия ойындарының және Азия чемпинатының жеңімпазы.
      Шәкірттерін жеңіске ұмтылдыра білген Жандос өзі де түрлі деңгейдегі спорттық сайыстарда төрешілік атқарып келеді. Бұлшық еттері бұлқына, татами төрінде өнер көрсеткен, қалай да бір-бірінің қапысын тауып, айлаларын асырғысы келген спортшыларға төрелік ету де оңай іс емес. Төрешілікке де аяқ астынан шешім қабылдайтын тапқырлық, қиядағы қызылды көзі шалған қырандай қырағылық, спортшылардың белдесудегі тактикаларын қадағалап отыратындай шапшаңдық пен итжығыс түскен белдесулерде екі жақ риза болатындай шешім қабылдайтын әділдік керек. Төрешіліктің осы бір қатаң қағидаларына талапты болып, өз ісін әділетті орындай білген Жандос аудандық сайыстардан бастап, халықаралық деңгейлерге дейін төрелік етті. Ешкімнен қарсы сөз болмай, шыншылдығының арқасында қошемет пен марапаттарға ие болды.
      Білікті жаттықтырушы, әділ төреші ғана емес Жандос Қарақожаұлы парадзюдодан Атырау қаласында өткен Гран - При, әлем кубогі   және  Азия Чемпионатының  ұйымдастырушыларының бірі еді. Өз тарапынан спорт саласының дамуына да қосқан үлесі зор. Дзюдодан халықаралық дәрежедегі (ИНТЕРНЕЙШНЛ) төрешісі деген атағы да бар. 2018 жылы Индонезияның Джакарта қаласында  Азия және парАзия ойындарында, Одевилаш (Португалия) қаласында парадзюдодан әлем чемпионатында, 2019  жылы Форт-Уэйн (АҚШ) қаласында   әлем ойындарында, Генова (Италия) қаласында Еуропа чемпионатында  және  Алматы қаласында  дзюдодан өткізілген жасөспірімдер арасында әлем чемпионатында  төрелік жасады.
      Қай салаға барса да, қандай спорттық сайысқа барса да жарысқа екпін беріп, бойына қан жүгірткен Жандос өзгелерге үлгі боларлық істер атқарды. Қолымнан келмейді демеді, қолында барды қолданып шәкірттерін жеңіс тұғырына көтерді. Спортқа қызығушылық танытқан жастарға шектеу қоймай, жас айырмашылықтарына, бойындағы қабілеттеріне қарай әр спортшымен жұмыс жасап, ұмтылған жастың бетін қақпай, қайта алға ұмтылдырды. Адами қасиеттер бойынан көрініс тапқан төреші спортшының жасаған әр қимылында жеңістің сыры бұғып жатқанын байқап, белдесулерде әділдік танытты. Осы бір жүрегінің тазалығы, ақ пейілімен, еңбекқорлығымен ұжымдастары, шәкірттері арасында құрметке ие болды. Саналы ғұмырын спорт саласына арнап, оның дамуы үшін жұмыс жасап келе жатқан талантты спортшы, білікті бапкер, әділ төреші Жандос Қарақожаұлы 2018 жылдың қаңтар айынан бастап ҚР парадзюдо күресінен бас жаттықтырушысы қызметін абыройлы атқарып келеді. 
      Жетістіктері мен марапаттары:
      -  2015 жылы Сариев Ануар әлем ойындарында және әлем  чемпионатынан қола жүлдегер атанды;
      - 2016 жылы парадзюдодан өтетін  Паралимпиадаға Қазақстан атынан тарихи лицензияға қол жеткізді.
      - 2016  жылы Англияда өткен  Гран- При турнирінің қола жүлдегері, сол жылы Бразилияда Гран - При халықаралық турнирінің қола жүлдегері  атанды және Рио-Де-Жанейрода өткен 15 Паралимпиада ойындарында 7 орыннан  көрінді;
      - 2017 және 2019 жылдардың қорытындысы бойынша Атырау облысының «Үздік жаттықтырушысы» атанды;
      - 2017 жылы Ташкент (Өзбекістан) қаласында өткізілген Азия Чемпионатынан  66 кг салмақтаТұрымбетов Азамат  күміс, 73 кг салмақта Даулет Теміржан қола  және командалық жарыста Қазақстан Республикасының құрама командасы қола жүлдегер атанды.
      - 2017 жылы Атырау қаласында Гран- При халықаралық турнирінде  60 кг салмақта  Сариев Ануар алтын, 73 кг салмақта Даулет Теміржан күміс, 81кг салмақта Смағұл Ғалымжан   күміс, 60 кг салмақта Оразалы Олжас қола, 66 кг салмақта Тұрымбетов Азамат қола жүлдегері атанды.
      - 2017 жылы Ташкент (Өзбекістан) қаласында Гран-При халықаралық турнирінде 60кг салмақта Сариев Ануар  қола жүлдегері;
      - 2018 жылы Индонезияның Джакарта қаласында  параАзия ойындарында Тұрымбетов Азамат күміс жүлдегері, Даулет Теміржан қола жүлдегері   және  командалық жарыста  Қазақстан Республикасының құрама командасы параАзия  ойындарының қола жүлдегері;
      - 2018 жылы Атырау қаласында   өткен  әлем Кубогінен 73 кг салмақта Даулет Теміржан күміс, 66 кг салмақта Нокушев Азамат қола, 60 кг салмақта Оразалы Олжас қола жүлдегері;
      - 2018 жылдың аяғында өткен Одевилаш (Португалия) қаласында Парадзюдодан Әлем Чемпионатында 60 кг салмақта Оразалы Олжас чемпион атанды;
      - 2019 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық Олимпиадалық Комитеттің  ұйымдастыруымен өткен «Ұлттық Спорттық жүлде 2019» паралимпиадалық спорт түрлері бойынша «Үздік жаттықтырушы» номинациясының жеңімпазы;
      - 2019 жылы Баку (Әзербайжан) қаласында өткен  Гран - При жарысынан 60 кг салмақта Оразалы Олжас қола  жүлдегері;
      - 2019 жылы Ташкент (Өзбекстан) қаласында өткізілген Гран - При турнирінен 60 кг салмақта Сариев Ануар, Оразалы Олжас қола жүлдегері және +70 кг салмақта Байбатина Зарина күміс жүлдегері;
      - 2019 жылы Форт-Уэйн (АҚШ) қаласында өткізілген Әлем Ойындарынан 73 кг салмақта Даулет Теміржан күміс, 60 кг салмақта Оразалы Олжас күміс жүлдегері және  60 кг салмақта Сариев Ануар қола жүлдегері;
      - 2019 жылы Атырау қаласында өткізілген Азия чемпионатынан 73 кг салмақта Даулет Теміржан алтын, 60 кг салмақта Сариев Ануар күміс жүлдегері,60 кг салмақта Оразалы Олжас қола,66 кг салмақта Тұрымбетов Азамат қола,90 кг салмақта Аманжол Жанбота қола жүлдегері,әйелдер арасында 70 кг салмақта Байбатина Зарина  күміс жүлдегері атанды және командалық белдесуде   Қазақстан Республикасының құрама командасы  тарихи жеңіске жетіп, Азия  чемпионы атанды;
      - 2020 жылы Тбилиси (Грузия) қаласында өткізілген әлем Кубогінде  73 кг салмақта Даулет Теміржан  алтын, 93 кг салмақта Аманжол Жанбота  қола жүлдегері атанды.
      Саналы ғұмырын спорт саласына арнап, тағдырдан қағажу көрген жандардың кеуделеріне үміт ұялатып келе жатқұан азамат өмірлік жары - Иманғалиева Ләйла Қазыбекқызы екеуі екі қыз, екі ұл өсіріп, өмірге бейімдеп қанатын қатайтып келе жатқан абзал ата-ана. Шаңырақтың ішін шаттыққа бөлеп келген тұңғыш қызы – Қарақожа Айгерім биыл Орал қаласындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы университетпен қатар,  «Уфа» мұнай университетін тәмамдаған білікті маман. Екінші перзенті – Қарақожа Әмина биыл мектепті бітірген, Алматы энергетика және байланыс университетінің 1 курс студент. Әулеттің ізін жалғап, қамшы ұстар ұлдары – Қарақожа Әлмансұр 8 сыныпта білім алса, үйдің кенжесі - Қарақожа Әбубәкір 1 жасқа енді толады.  
      Спорт – салауатты өмір салты ғана емес, бұл елдің мерейін өсіріп, спортшының беделін көтеретін үлкен абырой. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамнан бөлшектемей, қайта қатарға тартып, жасын шектемей спортта жеңістерге жетуге, өмір сүруге құлшындырып жүрген Жандос Қарақожаұлының атқарған істері бағасыз, ел тарапынан құрмет көрсетуге лайықты тұлға. Бұл жетістіктердің барлығы, қай - қайсысы да тарих болып есептеледі. Өйткені, парадзюдо күресінің тарихы, күрестің жеңісті жолдары 2015 жылы Ануар Сариевпен басталып, жеткен жетістіктерінің барлығы тарих бетіне алтын әріппен жазылып қалады.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

31 марта 2025 16:26
Алмагуль
Бақытжан аға мен Бақыт апай менің үлгі ұстар ұстаздарым. Мен үшін бұл кісілердің еңбектері ерең, орындары бөлек....
30 марта 2025 19:53
Людмила.
Наши самые дорогие, родные!!! БАХЫТЖАН Рахимжановичь здоровья вам и вашей большой семье! Горжусь, что с вами работала,...
25 марта 2025 23:30
Гульнар
Бүгінгі күні Серікбек пен Гульмира білімділігі мен біліктілігінің арқасында көптеген адамдардың алғысына бөлініп...