Шын жүйрікке сын жоқ...
Қазіргі қазақ спортының дамуына халқымыздың асыл мұрасына айналған көкпар, қыз қуу, белбеу тартыс, арқан тартыс, күрес сынды ұлттық ойындар ықпал етті деп толықтай айта аламыз. Еліміздің көк байрағын желбіретіп, әнұранымызды өзге ұлт өкілдеріне тыңдатқан спортшыларымыздың есімдерін біліп, олардың аттарын келер ұрпаққа жеткізу әр азаматтың борышы деп санаймыз. Еліміз егемендігін алғаннан бері бұрынғы КСРО құрамында болған спорт саңлақтарын бүкіл ел тани бастады. Қазақ халқы: «Дені саудың жаны сау»,- деген мақалды тегін айтпаған. Жаугершілік кезінде ат үстінде жүріп ақ найзамен жерін, елін жаудан қорғаған, бейбіт кезде ат үстінде малын баққан, мерекеде неше түрлі спорттық ойындармен елінің көңілін көтерген қазақтың еңбектеген баладан еңкейген қариясына дейін спортпен айналысқан десек еш артық айтқан болмас еді. Өйткені, өнер мен спорт қазақтың өмірінің негізі. Жас ер бала дүниеге келісімен ол ертеңгі елінің қорғаны, ата-анасының иек артар тірегі екенін есте ұстаған. Əрбір ата-ана баласының үй шаруасына көмектесе жүріп шынығатынын, ерік жігері мықты, дені сау азамат болатындықтан жас кезінен еңбек етуге, ойынын ойнап, тойын тойлап еркін өсірген. Сондықтан, ауылдан шыққан балалар арасынан спорттың қай түрі болса да айналысса спорт шеберлері көптеп шығатынын өмір көрсетіп келеді. Сондай азаматтардың бірі де бірегейі біз əңгіме еткелі отырған Нұрбай Жалбақұлы. Нұрбай Жалбақұлы 1957 жылы Алматы облысының Қапал ауданына қарасты Зерносовхоз ауылында дүниеге келген.
![]()
Жамбыл қаласына 1971 жылы А.С. Макаренко атындағы мектеп-интернатқа келіп, оқып спортпен айналыса бастады. 1974 жылы орта мектепті тəмамдаған Нұрбай Жалбақұлы самбо күресімен 14 -15 жасынан бастап айналысқан. Алғашқы бапкері, КСРО және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Жақыт есімді білікті бапкер болатын.
Самбоның əдіс - тəсілін, əрбір адамның жеке ерекшелігін ескере білуді үйреткен бапкеріне ерекше алғыс білдіреді. Себебі, тынымсыз дайындықтың, үздіксіз жаттығудың арқасында 9 жыл бойы Қазақстан Республикасының самбодан құрама командасының мүшесі болды.Талай дүбірлі додаларда, бəсі биік сайыстарда бабы мен бағы қатар шауып, еңбегі жанып, елінің мақтанышына айналды. Нұрбай Жалбақұлы «Спорт шебері» атағын 1975 жылы орындады. Осылайша, спорт арқылы атағы шығып, республикаға танымал болып үлгірген бозбала, жас абитурент Нұрбай Жамбыл қаласындағы гидромелиоративті-құрылыс институтына құжаттарын тапсырып, оқуға түседі.
Студент кезінде білім мен спортты қатар алып жүрді. Облыс атынан спорттық сайыстарға қатысты. Əр жылдары сайыстарға үзбей қатысып, қарсылас шақ келтірмеген Нұрбай Жалбақұлы самбо күресінен республика бойынша жеті дүркін чемпион атанған сайыпқыран спорт саңлағы. Сондай - ақ, Бүкілодақтық студенттер және ауыл спортшыларының арасында өткізілген додада КСРО-ның бес дүркін чемпионы атанды. Нұрбай Жалбақұлы Кеңес Одағының атынан да шет мемлекеттерге барып, ел намысын қорғады.
![]()
Атап айтсақ, 1975 жылы Челябинск қаласында өткен жарыста КСРО кубогінің қола жүлдегері атанса, 1976 жылы Əзербайжан астанасы Баку қаласында самбодан өткізілген халықаралық сайыстың да «Қола медаліне» қол жеткізді. 1977 жылы Минскіде өткен жастар ойынының күміс жүлдегері атанды. Осылайша, тек білім алған оқу ордасын ғана емес, дүйім елді əлемге танытқан Нұрбай Жалбақұлы 1979 жылы институтты бітіріп, үлкен өмірге жолдама алды. Нұрбай Жалбақұлы алғашқы еңбек жолын 1976 жылы Жамбыл қаласындағы Балалар мен жасөспірімдерді даярлайтын спорт мектебінде самбо күресінен жаттықтырушы болып бастады. Арман алға жетелейді. Спортпен алғаш айналыса бастағандағы арманы қазақ халқының атын бүкіл əлемге таныту еді. Бұл мақсатына шəкірт тəрбиелеу арқылы жетуге болатынын 19 жастағы жас бапкер тереңнен түйсінді. Сөйтіп, шəкірт тəрбиелеуге қызу кірісті, күндіз-түні аянбай еңбек етті, аянбай тер төкті. Сондағы ойы «Өзім бағындыра алмаған олимпиада шыңын шəкірттерім бағындырса»,- деген арман болатын. Көп ұзамай арманы орындалып, шəкірттері нəтижеге жете бастады.
Адам өзі жеткен биігінде тоқтап қалмау керек. Үнемі биікке ұмтылып, алға жылжу керек екенін есте ұстаған бапкер студенттерге дəріс беріп, жаттықтырып, жастарды спортпен айналысуға тəрбиелеу мақсатында өзі оқып бітірген Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс инс-
титутында 1979 -1981 жылдары дене тəрбиесі пəнінің мұғалімі болып қызмет етті. 1981 жылы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы қызметіне қайта оралды. 1983 жылдан бастап Талдықорған қаласындағы облыстық спорт мектебінің БЖСМ-де самбо күресінен жаттықтырушы, аға жаттықтырушы болып, 1992 жылға дейін жемісті еңбек етті. Еткен еңбегі зая кетпей шəкірттері үнемі жеңіспен оралып жүрді. Осындай спорттағы елеулі еңбегі еленіп, 1982 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағын алды. 1993-2003 жылдары Талдықорған қаласындағы облыстық спорт басқармасының 1 ОРБЖМ-нің самбо, дзюдо спорт түрлерінен жаттықтырушысы, жаттықтырушы-оқытушы қызметтерін абыроймен атқарды. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға»,- деген халық даналығы Нұрбай Жалбақұлына арнап айтылғандай. Оған алғаш
![]()
қы еңбек қадамын жаттықтырушыдан бастаған Нұрбай Жалбақұлының талай шəкірттерінің жетістіктері куә.
Бала бойына білім нәрін себетін, адамгершілік дәнін егетін басты тұлға – ұстаз. Елбасымыз Н.Назарбаев: «Мемлекетіміздің ең басты дүниесі тек қана табиғи байлық емес, сонымен қатар, жасөспірім ұрпағы, өйткені олар – біздің ұлтымыздың болашақ айнасы», - деген. Олай болса, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін ұстаз – баға жетпес биік тұлға. Көптеген балғын шəкірттердің спорттағы алғашқы ұстазы атанды. 30 жылға жуық бапкерлікпен айналысқан бапкер самбодан «Əлем чемпионы» Нұрғали Оспановты, жиырмадан астам спорт шеберлерін даярлады. Бапкерді тəрбиелеген шəкірттерінің жетістіктерімен ғана бағалау дұрыс емес. Ең бірінші əрбір спортшыға өз елінің азаматы екенін, адамгершілікті бойына сіңіре білу керек екенін бапкер жақсы түсінген. Əр спортшыны өз баласындай жақсы көріп, қатаң талап қоя білу, шəкірт жанын ұғынып дер кезінде сырласып, сыйластықта болу бапкердің негізгі ұстанымы. Əр шəкіртін тұлға ретінде қарап, бағалап рухани, психологиялық көмек көрсетіп отырады. Ұстаздың үздік шəкірттерінің қатарында Бекетай Молдабаев, Алмас Баймұханбетов, Ержан Кенжебаев, Талғат Жұбанышбаев, Қайрат Жармұхамедов, Талғат Ұлықпанов, Марат Мұхамедиев сынды білікті азаматтар бар. Шəкірттері арасында Қазақстанның, Азияның, әлемнің, халықаралық, республикалық жарыстардың чемпиондары өте көптеп саналады. Мына жерде тағы бір нақты жазып, айрықша атап өтетін жағдай әке жолын қуып, қызығынан, қиыншылығы көп, үлкен қажыр мен шыдамдылықты қажет ететін бапкерліктің жолына түсіп, Жалбақұлы Нұрбайдың ұлы Қайрат Жармұхамедовтің те қол жеткізіп жүрген жетістіктерін көрсету. Қайрат баптап, даярлап шыққан шәкірттерінің бірі – Ахет Дамир, үлкен додада оза шауып, Азия кубогында бірінші орынды жеңіп алды.
Нұрбай Жалбақұлы 2003 жылдан бері олимпиадалық резервтегі «Мамандырылған балалар мен жасөспірімдердің жекпе-жек түрлері бойынша мектептің» директоры болып қызмет атқарып келеді. Өз білімі мен біліктілігін арттыру мақсатында бірнеше курстардан өтті. Атап айтсақ: 2006 жылы спорт жəне туризм жөніндегі мамандықты жоғарлату кадрлерін дайындау курсын, 2012 жылы «Дене шынықтыру жəне спорт» мамандығы бойынша Академиялық инновациялық университетті бітірді.
Нұрбай Жалбақұлы мектеп директоры болып жұмыс істегелі мектепте 2 Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері, 8 халықаралық дəрежедегі спорт шебері, 60 спорт шебері жəне 500-ден астам спорт шеберлігіне үміткерлер дайындалды.
2003 жылдан бері мектептің түлектері үлкен ареналарда табысты өнер көрсете бастады. ОРМБЖ жекпе-жек мектебінен еліміздің абыройын, атағын асқақтата көтерген, дүние жүзіне белгілі танымал, көптеген атақты спортшылар тәрбиеленіп шықты.
Солардың ең негізділеріне тоқталсақ:
- Георгий Цурцумиа, грек-рим күресінен Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері, Афины қаласында өткен XXVIII-ші Олимпада ойындарының күміс жүлдегері;
- Теңізбаев Нұрбақыт, грек-рим күресінен Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері, 2008 жылы Пекин қаласында өткен XXIX Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері;
- Баяхметов Дархан, грек-рим күресінен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2008 жылы Пекин қаласында өткен XXIX Олимпиада ойындарда 5-ші орынды алған.
Жетісу спортының, соның ішінде самбоның дамуына атсалысқан Нұрбай Жалбақұлының еліне еткен еңбегі еленді. Оған дəлел: «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы», «Құрметті спорт қайраткері» атақтарымен, ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігінің «Алғыс Хаттарымен», Алматы облысы əкімінің «Құрмет Грамоталарымен» марапатталды.
«Қазақстан Республикасының Тəуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медалімен, «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен наградталды. Жанұя – мемлекеттің іргетасы. Қоғамдағы əр отбасының босағасының берік болуы, мемлекеттің берік болуының алдыңғы шарты.
Əрбір ер азамат отбасын құрып бала тəрбиелеп, ағаш отырғызып, үй салуды өз міндеті санайды. Нұрбай Жалбақұлы осы қағиданы берік ұстаған жан. Жары мен қол ұстасып өмірдің ащы - тұщысын бірге көріп, өмір жолын бірге аттап, ұрпақтарын тəрбиелеп келе жатқан жанұялардың бірі. Өз балаларына білім мен тəрбие беріп əрқайсысын бір - бір жанұя етіп шығарып, енді солардан өрген немерелерін тəрбиелеп келеді. Спорт саңлағы атанған Нұрбай Жалбақұлы елімізде болып жатқан түрлі жаңалықтар мен өзгерістерге үнемі өз көзқарастарын білдіріп отырады. Өңірде орын алған жақсылықтардың жаршысы болып келеді. Спорт саласындағы сүбелі сөздерді, атақты спортшылардың əдіс-тəсілдерін өз шəкірттеріне өсиет етіп айтып жүреді. Нұрбай Жалбақұлы бүгінгі абыройға осы спортқа жанашырлық танытып демеу болған жайсаң жандардың, адал еңбек етіп тер төккен шəкірттерінің, өзінің спортқа деген сүйіспеншілігінің арқасында жеткенін айтудан жаңылмайды.
Ел намысын бəрінен биік қоя білген Нұрбай Жалбақұлының ел алдында жүзі жарқын, шəкірттерінің алдында мəртебесі биік ұстаз болып қала беретіні баршаға аян. Еңбегің жана берсін бапкер-ұстаз!