Білікті бапкер Спорт – жас, жүз немесе тіл талғамайтын, бірлікке, елдікке, салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын бірден бір сала. Денсаулық – адамның ең басты және баға жетпес байлығы. Сен оны ешқандай ақшаға сатып ала алмайсың, сондықтан, оны нығайту үшін спортпен шұғылдану керек. «Шынықсаң – шымыр боласың»,- демекші дене жаттығуы адам баласына қашан да пайдалы. Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің де бір тәсілі – спорт. Ғалымдар зерттеуіне сүйенер болсақ, спорт адамды шат-шадыман өмір сүруге де жетелейді екен. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің “Қазақстан - 2030” стратегиялық бағдарламасында халықты салауатты өмір салтына ынталандыруды басым бағыттың бірі ретінде атап көрсетті. Расында да, бүгінгі таңда еліміздің ақсақалдарынан кішкентай баласына дейін дене тәрбиесіне ерекше мән беруде.
Осындай салауатты өмір салтын ұстанып қана қоймай, білекті де жүректі жастарды жаттықтырып, жарысқа салып тақымын қысқан, жүйріктері байрақты бәскелерде топ жарып, ел мерейін үстем етіп жүргені білікті де, талантты жаттықтырушылардың арқасы екенін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Біздің бүгінгі мақаламыз жаттықтырушы, талай тұлпарды тағалап, талай қыранның қанатын қомдаған Шоқпұтов Айбек Амангелдіұлына арналмақ. Төрт аяғын тең алған жүйріктері жарыстарда қара үзіп келіп жүрген
Айбек Амангелдіұлы 1963 жылдың 15 желтоқсанында Ақтөбе қаласында дүниеге келді. Тегеуріні темір құрсаулы патша әскерінің тірсегін дірілдеткен Есет батырдың жамбасы тиген қасиетті топырақта балалығын өткізіп, Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Ильинка орта білім ордасының табалдырығын аттаған Айбектің алғашқы еңбек жолы 1981 жылы Алға ауданының «Парижская комунна» колхозында автослесарь болудан басталды. Мектеп қабырғасында жүргенде бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей тынбайтын табандылығымен, тиянақтылығымен, жауапкершілігімен ұстаздарының алғысына бөленген Айбек қолы тиген істі жандандырып жі
беретін іскер, қандай іске де қолының ебі бар қайсар әрі еңбекқор болып өсті. Өз ісіне жауапкершілікпен қарауы слесарлық жұмысында да білікті жасты бедел биігіне көтерді. Ат жалын тартып мінер азаматтың өмірдегі, Отан алдындағы борыштарының бірі – азаматтық борышын өтеу. Адалдық пен ізгілік, әділдік пен ізеттілік, Отанға деген сүйіспеншілікті әке тәлімімен бойына сіңірген Айбек Амангелдіұлы 1982-1984 жылдары Кеңес әскері қатарында қызмет етті. «Армия – өмір мектебі» деген, екі жыл ыстық пен суықта пісіп, қайнаудан шыныққан болаттай болып келген қайратты жас өзі слесарлық жұмыс істеген «Парижская комунна» колхозында көлік жүргізушісі қызметіне кірісіп кете барды. Күннің шуағын сезінгісі келген адам жүзін бұратыны секілді, білікті бір мамандықтың иесі болуды алдына мақсат етіп қойған жалынды жас 1985 жылы Ақтөбе индустриалды-педагогикалық техникумына оқуға түсіп, «Өндіріс саласының шебері» мамандығын игеріп шығады.
Бала кезден спортқа бір табан жақын, бүлшық еті бұлтыл қағып тұрған Айбек өзінің оң жамбасына келетін салаға мойын бұрып, 1988 жылы каратэден жасөспірімдер клубында бапкер қызметіне орналасты. 1989 - 1999 жылдары Ақтөбе педагогикалық институын «Дене тәрбиесі» бойынша білім алды. Міне, талай жылдың жүзі өтсе де, бір орнында тамырын тереңге жіберіп жайқалған алып бәйтеректей, сол жасөспірімдер клубында қазіргі уақытқа дейін дене шынықтыру және спорт саласында түрлі қызметтерде жұмыс жасап келеді.
«Спорт сенің серігің – Жанға дауа, қолға күш. Сергітетін адамды – Қимыл менен қозғалыс»,- демекші спорт – адам өмірінің негізгі бөлігі, жақсы өмір сүруінің кепілі. А.Шоқпұтов өзі қызмет еткен уақытында Ақтөбе облысының спортын, оның ішінде каратэ, тхэквандо, қоян-қолтық ұрыс, ММА спорт түрінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Облыс жастарының дене тәрбиесімен айналысып, спорттың жауынгерлік түрлеріне тартылуы үшін еңбек етті. Түрлі жергілікті спорттық клубтарды ұйымдастырып, жүйелі түрде өткізілетін жарыстар күнтізбелерін құрастыруға атсалысты. Оның тәрбиесінде болған спортшылар еліміздің құрама командалары сапында әлемдік және халықаралық жарыстарда өнер көрсетіп, оның әрі қарай дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді. Сонымен қатар, тәжірибесі мол Айбек бірнеше ұрпақ бапкерлер мен төрешілер құрамын тәрбиелеп шығарды.
Спорт саласындағы болып жатқан өзгерістерге құлақ түріп, оқушыларды деңгейіне қарай жаттықтырып,
олардың бойындағы бұғып жатқан талантының көзін аша білген Айбек
Амангелдіұлы жоғары спорт жетістіктері резервінің қалыптасуы, жекпе-жек спорт түрлерінің дамуы жолында мол тәжірибесімен бөлісіп келеді. Замануи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген спорт залы бар «Еркін күш кәсіпқой-жауынгерлік клубы» ЖШС орталығының директоры да өзі Айбек Амангелдіұлы. Жыл өткен сайын өзгеріс тауып жатқан жаттығу құралдары мен дайындықтың әдіс-тәсілдерін меңгеріп, оны жаттығу барысында қолданып отыратын ол облыста кешенді спорттық фестивальдар, түрлі циклді жарыстардың ұйымдастырылып-өткізілуіне өз үлесін қосты. Атап айтар болсақ, 2010 жылы Ақтөбе өткен қоян-қолтық ұрысының Азия чемпионатында, 2017 жылы Астанада қаласында өткен ММА-дан Әлем чемпионатында Қазақстан Республикасының құрама командасының тиісті деңгейде өнер көрсетуіне тікелей жауапкершілік алып, басы-қасында болды. Спорт салаутты өмір салты ғана емес, елдің мерейін үстем ететін, әнұранымызды әлемдік деңгейде шырқатып, көк туымызды үлкен аренада желбіретуге сеп болатын ең негізгі сала. Өмірден көргені мен түйгені мол жаттықтырушының тәлімін көрген шәкірттері бүгінде ел мерейін үстем етіп, республикалық, халықаралық, әлемдік жарыстарда топ жарып келеді. Спорт саласындағы 30-дан астам жыл еңбегің нәтижесінде 21 халықаралық деңгейдегі спорт шеберін, 10 Әлем чемпионын, 40-қа жуық спорт шеберінт әрбиелеп дайындаған Айбек Амангелдіұлы тек Ақтөбе өңіріне ғана емес, республикалық деңгейдегі бапкер, төреші.
Аламанда сауырына қамшы сладырмай мәре сызығын бірінші болып кесіп өткен жүйріктерді баптаған азамат спортта көреген, тәжірибесі мол жаттықтырушы ғана емес, отбасында аяулы жар, арқа сүйер азамат, асқар тау әке, балдан да тәтті немересінің қызығына тоймай жүрген ата! Тегеуріні мықты талантты спортшылар мен белі кетсе де беделін жібермейтін спортшылардың тұсауын кескен Айбек Амангелдіұлы Ақтөбе облысының спорт саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған, тамырында тектілік пен талант бұлқынып жатқан, қайраты мен қабілеті бір арнаға тоғысқан арда тұлғалы азамат!