![]()
Білікті бапкер
Қазақта: «Топырағын таппаған дән өнбейді», - деген мақал бар. Расында, дәннің өсіп өнуі, адамзат игіліне жарауы үшін құнарлы топырақ керек. Дүниеге келген адам да дән секілді, оның өсуіне қажетті жағдай, мол еңбек, өзі ұнататын іс керек. Егер адамның айналысатын ісі өзіне ұнаса, жұмыс істеуге құлшынысы арта бермек.
Өсіп-өнуі үшін топырағын дәл тапқан дән секілді тәжірибелі бапкер Дуанов Бақытбек Базарқатұлы да азаматтық тұлғасын қалыптастыруда ебі келетін істі дұрыс таңдаған тұлға. Бүгінде ол Қазақстанның спорт шебері ғана емес, талай шәкірт тәрбиелеген ардақты ұстаз.
Дуанов Бақытбек Базарқатұлы 1959 жылы 29 қарашада Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданы, Горное ауылында дүниеге келген. Отбасында бес ағайынды. Асқар таудай әкесі Базарқат Дуанұлы «Горный» совхозының жұмысшысы, табиғатынан қарулы, көп сөзге ілесе бермейтін, мінезі салмақты, әр нәрсеге сабырлылықпен қарайтын, сонысымен ел арасында өзіндік орны бар, абыройлы, сыйлы болған адам, ал анасы Дәметай Қисыққызы өзінің бар өмір жолын отбасымен қатар ағарту ісіне, бала бақытының шынайы бағбаны болуға арнаған, мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып, «Қазақстан Республикасының ағарту ісінің үздігі» атағының иегері атанған адам. Таңның атысы, кештің батысы екеуі де адал еңбек етіп, балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген жандар.
Халық даналары: «Тақыр жерге шөп шықпайды», - деп бекер айтпаған ғой. Бақытбектің арғы атасы Жайық баласы Қожамжар би елге сыйлы, сөзі өтімді, дәулетті кісі болыпты. Қожамжар би 1873 жылы 7 қаңтарда бір топ азаматтармен бірге Ресей патшасы ІІ Александрдың қабылдауында болған екен. Ал атасы Дуанның тау қопарардай қайраты туралы ел аузында бірталай әңгіме бар. Ол кісі Қытаймен екі арада сауда-саттықпен айналысыпты. Ептілігі мен қажыр-қайратының арқасында небір асау жылқыны бағындырып, мінген екен. Бұған қоса ол кісінің көзін көргендер сұмдық қамшыгер болған деседі. Бір жылы ауыл малына аю шауып, елдің берекесін қашырыпты. Ашынған жұрт аюды аңдып жүріп көлшікке түсіреді. Сонда Дуан дәу аюды мойнынан арқандап, жағаға сүйреп шығарады да, ауылдастар ұрып өлтіргенше ұстап тұрған екен.
Сонымен қатар, Бақытбек ағамызды бала кезден әкесі Базарқат шаруа қамымен атқа мінгестіріп, алып жүрген кезде істеген ісіне, айтқан сөзін екі етпейтін ширақтығына риза болып: «Осы баламнан бірдеме шығады! Осы Бақытбегімнен бірдеме шығады!», - деп баласына үлкен сенім артатын. Міне, осындай қажырлы, қайратты кісілер ұрпағынан, қазақ спортына өз үлесін қоса білген, жауырыны жер иіскемейтін балуан, бапкер шығуы да қанмен келген қасиет, - деп қабылдай білу қажет!
Оқушы кезінен күреспен айналысқан бала Бақытбек 1967-1977 жылдары Горный орта мектебінде оқыды. Мектеп табалдырығынан тарыдай боп аттап, таудай боп шыққан сол кездегі Бақытбек алғыр бала болды. Күресті тастамай жүріп, 1977-1978 жылдары орман техникумында оқыды. Кейіннен Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу мақсатында 1978-1980 жылдары аралығында Совет армиясының қатарында болды. Арнайы әскери форма киіп, солдат атанды. Әскери борышын аман-есен аяқтап, еліне оралғанда білім алуға, өзін шыңдауға бетбұрды. Ақырында осы ойы оны оқуға жетеледі. Өскемен қаласындағы педагогикалық институттың «Дене шынықтыру мәдениеті және спорт» факультетінде оқып, жоғары білімін жетілдірді. Институтқа түскенше Марқакөл ауданы, Бобровка ауылындағы Қаба совхозында қара жұмыс істеген Бақытбек еңбек майданында әбден ысылды.
1984 жылы институтты бітірген жас маман оқу орнының жолдамасымен, қазіргі Бозанбай ауылындағы «Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде» алғашқы еңбек жолын бастады.
«Менің жаттықтыруым арқылы ауылда 20 шақты спорт шебері дайындалды, сонымен қатар екі халықаралық дәрежедегі спорт шебері шықты. «Болашақ чемпиондар ауылда құм кешіп жүр», - деген Әмин Тұяқов ағамыздың сөзінің дәлелі ретінде, сол ауылдың спортшысы, оқушым Руслан Сейлханов Олимпиада жолдамасын ұтып алып, 1996 жылғы Америкада өткен Жазғы Атланта Олимпиадасының ойындарына қатысу мүмкіндігіне ие болуы. Бұның бір ерекшелігі сол, ауыл баласының ауылда жүріп жарысқа дайындалып, жолдаманы ұтып алып, Олимпиадаға баруында», - дейді Бақытбек ағамыз.
- Сонау жылдары бір ауылдың балаларымен біз Қазақстанда бүкіл облыстың командалар құрамасын ұйымдастыратынбыз. Бізді биікке көтерген негізінен ауылда еңбек еткен жылдарымыз. Бозанбай ауылында тұрып жатып 1993 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» деген атақпен марапатталдым, - дейді бапкер.
«Жас келсе, іске» демекші, бұл кезде тіршілігі ауыл тынысымен біте қайнасып кеткен Бақытбек Базарқатұлы мамандығы бойынша өнімді еңбек етті. Бақшадағы гүлді суарып баптаған бағбандай, шәкірт тәрбиеледі. Олардың спорттағы бағын да, бабын да жандыруға тырысты. Аудандық, қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарға балаларды дайындап, еңбегінің жемісін көре бастады. Төккен тері ақталып, үміт артқан шәкірттері бірінен соң бірі жарыстардан жүлделі орындар ала бастады.
Ауылдағы еңбегі еленіп, 1988-1997 жылдары «Никитинка атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде» аға бапкер болды. Осылайша, еңбегі еленіп, 1997 жылы Өскемендегі жоғары спорт шеберлігі мектебіне жұмысқа шақырту алды.
«Үйреткенімді бірден қағып алып, үмітімді ақтаған шәкірттеріммен мақтанамын. Айтпақшы, осы жетістіктің барлығына жетуіме себеп болған, өмірде үлгі болып, жол көрсеткен марқұм ағасы, КСРО спорт шебері Мұратбек Дуанов есімді ағам болатын. Спорт саласына еңбегі сіңген ағам Күршім ауданы бойынша Кеңес Одағының ең алғашқы спорт шебері болатын. Ол спортқа қызығушылығымды арттырып, спорттағы техникаларды үйретті. Мен одан үйрендім, менен шәкірттерім үйренді. Осылайша спортта ұрпақ сабақтастығын да жалғастырдық.
Команда болғаннан кейін, еңбек те, жеңіс те баршаға ортақ болмақ. «Ұстазы мықтының, ұстамы мықты» деген, менің де тәлім алған, үйренген ұстаздарым мықты бапкерлер еді. Атап айтар болсам аға бапкер болған Атаев Жанәділдің қасында 18 жылдан аса қасында еріп жүріп, көмектесіп, әсіресе сол кісінің тәлім-тәрбиесін көп алдым, одан кейін, атақты, азулы әрі тәжірибелі, қазақ спортына еңбегі сіңген Жамбыл облысынан Жақитов Марат, Павлодарда Мейрамғалиев Жұмабек, Семейде Серік Тоқтарғазин, Серік Қоржыкенов секілді жаттықтырушылардың жанында жүріп, бапкерліктің қыр-сырын үйрендім. Өскемен қаласының педагогикалық институтында бапкер болып жұмыс істеген, атақты жаттықтырушы болған, Бүкілодақтық санаттағы төреші, бірінші санаттағы жаттықтырушы Бердус Григорий Иванович, менің бапкерім болған. Бүгінде 86 жасқа толса да қайратты. Ресей Федерациясының Калуга қаласында тұрады. Әлі күнге дейін араласып, хал сұрасып, қоңырау шалып тұрамын», - дейді атақты бапкер.
Әр жеңіс сайын босаңсымай, қайта жауапкершілігі арта түсетін бапкер – 2002 жылдан бастап бүгінге дейін Шығыс Қазақстан облысында дзюдодан бас бапкер. Әлі де жоғары спорт шеберлігі мектебінде жұмыс істейді.
Осы жылдар ішінде оның бағындырған белестері көп. Қазақстанның спорт саласының дамуына қосқан өлшеусіз еңбегі үшін еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және қазіргі мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолына марапат алып, медаль тақты.
Тәжірибелі бапкердің атақтары мен марапаттарын жіпке тізсек:
✦ Cамбодан СССР-дің спорт шебері;
✦ Қазақ ССР-де қазақ күресінен спорт шебері;
✦ Самбодан Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы;
✦ Дзюдодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы;
✦ Қазақ күресінен ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы;
✦ ҚР білім беру саласының үздігі;
✦ ҚР білім беру саласының «Құрметті қызметкері»;
✦ Бірнеше рет ҚР-ның үздік жаттықтырушысы;
✦ ҚР тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан «Құрмет Грамота» және «Ерен еңбегі үшін» медалі;
✦ «ҚР Тәуелсіздігіне – 10, 20 жылдығына» орай мерекелік медалі;
✦ «Астананың 5, 10, 15 жылдығына» орай мерекелік медалі;
✦ «Дзюдо тарланы» орденінің иегері;
✦ Ұлттық олимпиадалық комитеттің атынан орден;
✦ ҚР-ның Спорт министрлігінің атынан «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медаль;
✦ «ҚР Конституциясына – 25 жыл» толуына орай мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың атынан медаль;
✦ ШҚО-ның әкімінен он шақты рет «Грамота»;
✦ «Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері» атағының иегері;
✦ Күршім ауданы және Глубокое ауданының «Құрметті азаматы»;
✦ «Ұлан ауданына сіңірген ерен еңбегі үшін» медаль иегері.
37 жылға жуық бапкерлік еңбек жолында Қазақстанға еңбек сіңірген екі спорт шеберін,
Халықаралық дәрежедегі 13 cпорт шеберін, 70-тен астам ҚР-ның спорт шеберін және спорттан халықаралық дәрежедегі 5 төрешіні дайындап, шығарды.
Бүгінде Бақытбек Базарқатұлына қайда барса да төрден орын беріледі. «Алты Алаштың басы қосылса, төр ұстаздікі», - дейтін шәкірттері ағайларының маңынан шықпайды. Алтын уақытын, күш-жігерін шәкірт тәрбиелеуге арнаған бапкердің ақылын тыңдайды. Әрбір ісінен өнеге
алады.
Қазірдің өзінде бапкердің есімі Қазақстанның спорт тарихына жазылды және қадірлі аты өшпейді.