«Сапфир» - нәзік жандардың рухани ордасы
Бүгінде кәсіптің алуан түрі бар. Бастысы халыққа пайдалы болып, игілігіне жарауында. Нәзік әйел үшін қашанда сымбатты дене, сәнді әлем, жайлылық қажет-ақ. Қай жаста болмасын әйел заты үшін мінсіз мүсін, әдемі ажар бірінші орында тұрады. Шымкенттегі «Сапфир»
орталығы шаһардағы қыз-келіншектер арасында жоғары баға алып келеді. Фитнес орталығындағы жоғары сапалы қызмет яғни, тек аруларға ғана қызмет көрсетеді, әрі онда барлық ұсақ-түйекке дейін ойластырылған. Әйелдер клубына бару – өзін еркін сезінудің тамаша мүмкіндігі дейтін болсақ, орталықтың клубтық картасына спорт зал, хамам, бассейн және 30-дан астам топтық қызмет түрлері кіреді. Сондай-ақ, әйелдерге: валинг, имбилдинг, фитнес және уддияна сияқты арнайы сабақтары да жүргізіледі.
«Біздің залға 18 жастағы бойжеткендерден бастап егде жастағы әйелдер де келеді. Біреу өз сымбатын ретке келтіру үшін, ал біреулері ағзаны ширақ қалыпта, сергек ұстап тұруды көздейді», - дейді орталықтың негізін қалаушы Меруерт Ториева.
Меруерт Бекзатқызы Ториева 1984 жылдың 7 тамызында Шымкент қаласында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Әкесі – Ториев Бекзат Тоғатайұлы 1958 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Мыңбай ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Ұлы жүз. Дулаттың ішіндегі Шымыр бабамыздың Темір руының ұрпағынан. «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген құрылысшысы», «Конструктор – 80» жеке шаруа серіктестігінің басшысы, әрі зейнеткер. Анасы – Бектаева Бегзада Сулешқызы 1958 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Машат ауылында жұмысшылар отбасында туған. Ұлы жүз. Дулаттың ішіндегі Сиқымның Шуылдағы. Жеке кәсіпкер, әрі зейнеткер.
Меруерт 1991-2001 жылдар аралығында №7 Қ.Сыпатаев атындағы техникалық лицей мектебінде оқып, білім алды. Табанды, ізденгіш, алғыр жас 2001-2005 жылдар аралығында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің «Экономика және Қаржы»
факультетіне оқуға түсіп, «Бухгалтерлік есеп және аудит» кафедрасында дәріс алып, «Бухгалтер-экономист» мамандығын алып шықты. Бала кезінен еңбекқор, бастаған ісін аяқсыз қалдырмауға үйренген Меруерт студент кезінде де еңбектен қол үзген емес. Студент кезінде 2001-2003 жылдары «ЮМАКС» жеке шаруа серіктестігінде жергілікті радиода әуендік жүргізуші қызметін атқарды. Кейіннен мамандығының бағытына байланысты шығармашылық қызметтен кетіп, мамандығы бойынша қызмет атқарды.
2005 жылы облыс әкімі Б.Жылқышиевтың бұйрығымен жастарға қолдау жүргізіліп, «Алтын қор» атты мемлекеттік қызметкерлерді дайындау орталығының курсын бітіріп, мемлекеттік аттестациялаудан өтті. 2005-2016 жылдары Шымкент қалалық салық басқармасында жетекші маман болып, мемлекеттік қызмет атқарды. Жас та болса өз ісіне жауапкершілікпен қарай білген Меруерт ұжым арасында беделді, сыйлы қызметкер болды. Аға маман әріптестерінің ақыл-кеңесін алып, еңбек жолында мол тәжірибе жинақтады. Кейіннен бала күтімімен, үй шаруашылығымен айналысып, жолдасының кәсібіне көмек беріп жүрді. Әрдайым ой үстінде жүріп, қоғамдағы болып жатқан жаңалықтарды назарынан тыс қалдырмайтын Меруерт алдағы уақытта қандай іспен айналысу керектігі жайында ойлана келе жолдасымен ақылдасып, әйелдер денсаулығын нығайтатын фитнес орталығын ашуды көздеді. Өкінішке орай ол уақытта әйелдерге арналған заманауи орталықтар болмады. Жолдасы екеуі нарықта бұл кәсіптің жоқтығын әбден зерттеп, зерделеп әйелдерге арналған фитнес орталығын ашудың тиімділігінің жоғары болатынын бағамдады. Осылайша, 2020 жылдан бастап жеке кәсіпкер атанып, «Sapphire ladies fitness centr» әйелдерге арналған фитнес орталығының негізін қалады. Сол жылдың 20
желтоқсанында орталықтың тұсауын қос аналары және қазақ әйелдері арасында тұңғыш рет олимпиада жүлдегері және екі дүркін әлем чемпионатының күміс жүлдегері болған зілтемірші Жазира ханым қиған болатын. «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» демекші әрбір шаңырақтың қазынасы үлкендердің ақ батасымен ашылған орталықтың тыныс-тіршілігі берекелі. Меруерт те ең бірінші сенім артқан ата-анасы мен бауырларына алғысы шексіз.
- «Орталықтың атын қоюда көп ойланбадық. Себебі, әу бастан-ақ орталық нәзік жандыларға арналғандықтан, орталықтың атын қызымыз Сапфирдың атымен атауды дұрыс деп таптық. «Сапфир» сөзі шындықты, адалдықты және шынайылықты білдіреді. Сонымен бірге сапфир – әлемдегі ең маңызды төрт асыл тастардың бірі лағыл, гауһар және изумрудтың қасындағы ең әдемісі. Яғни, «Sapphire» - заттардың ең әдемісі деген мағынада. Оны көбіне даналықтың тасы деп әспеттейді. Сондықтан да мұнда келген әрбір қыз-келіншек өзін жан-жақты шыңдап, жарқырап тұратын асыл тастай болып шығуын, әрі сезімталдығымен қоса денсаулықтарын нығайта жүруін көздедік. Мұнымен шектеліп қалмадық. Ісімізді одан ары қарай дамытып, 2021 жылдан бастап «Sapphire Tours» туристік фирмасын құрдық. Мұнда мақсаттары айқын жандардың армандарының орындалуына жеке топтамалар дайындалады. «Sapphire» әйелдерге арналған фитнес орталығының басшысы Тажек Жанар ханым фитнес саласында тәжірибесі бар маман. Баскетболдан спорт шебері, таэквондодан қызыл белбеу иегері, жүзуден жедел құтқарушы және тағы да басқа көптеген жетістіктермен танылып жүрген жан. Сонымен қоса үлкен компанияларда ұжымдық ұйымдастыруымен ерекшеленіп, қазіргі уақытта сан мыңдаған қыздарды біріктіріп жүргізіп жатыр. Фитнес жаттықтырушылардың басқарушысы Кудерова Дана 20 жылдан астам тәжірибесі бар нағыз темір ханшайым десе болады. Оның
биден, топтық жаттығуларынан әрбір жан ләззат алып қана қоймайды, нәтижесінде қыз-келіншектер шымырланып шығады. Қызмет көрсету мен сату бөлімінің басқарушысы Тажиева Забира атқа мінуден спорт шебері. Әрі әрбір келген ханымдардың қажеттілігін ұйымдастырушы. Арнайы ақ халатты абзал жан дәрігерлеріміз де бар. Дұрыс тамақтану үрдісіне кеңес беріп, дәмді тамақтарын ұсынатын «Avocado» диетолог маманы, КМС қорғаған спорт шебері Подвербных Елизаветта өз кеңесін береді. Айта берсем орталықта қызмет етуші әрбір маман өз ісінің мықтысы, таңдаулысы. Орталықта бірде-бір ер азамат жоқ. Сенім артып жаныма жиналған ұжымдастарыммен бірге, идеямызды әрі қарай дамыта бермекпіз. «Шынықсаң шымыр боласың» деген ғой. Шаһарымыздағы «Sapphire» фитнес орталығында жаттығу жасап ғана қоймай, шығыс, латина, зумба, балет, әлеуметтік билер, йогамен қатар 30-дан астам арнайы бағдарламаларды таңдап қатысуға зор мүмкіндік бар. Әйелдің қылықтығын, нәзіктігін, әрі энергетикасын арттыратын ана мен бала, яғни, қыздарға арналған психологиялық сабақтар да қамтамасыз етілген.
Ашық айтып үйретпейтін имбилдинг секілді құпия дәрістерді ұсынамыз. Әйелдердің ыңғайы үшін орталықта сұлулық салоны мен бала күтушілер де бар. Денсаулыққа пайдалы массаж (уқалау) бен қоса шаш, тырнақ, косметологтар да қызметтерін көрсетеді. Көріктілікті ұйымдастырушы Буянова Вера осы орталықтың ашылуына бастан аяқ жүгіріп атсалысып, жанын аямаған жанашыр жан. Алда да көптеген жоспарларымызды жүзеге асырып кеңейтетінімізге кәміл сенемін. Әйел жастығын ұстап тұруға арналған бет яғни, «face фитнес» жаттығулары да тыс қалмаған. Иә, әйел нәзік әрі сұлу, іштей күшті, қылықты, сезімтал, сонымен бірге патриот, айналасын ақылымен және айласымен гүлдендіріп отыратын күшке ие. Әйел үнемі өзін дамытып отыруы керек. Егер оның ішкі рухы мықты, рухани бай болса одан тараған ұрпақ та мықты болады. Сондықтан әйел болу,
ана атану – нәзік жанның ең негізгі бақыты. Рас, әйелдің жауапкершілігі де, қиындығы да көп.
Ал басты міндеті өзінің отбасына бас-көз болу», - дейді кейіпкеріміз.
Әрбір әйел затының өмірлік миссиясы ана атану болса, Меруерт ханымның жетістігі ана атандырған асыл жандардың алғысы дер едік. Себебі, орталыққа көптен бері құрсақ көтере алмай жүрген ханымдар позитивті энергия мен жаттығулар арқылы құрсақ көтеріп, жандарына сенімділік ұялатып, Алланың қалауымен ата-ана атанды. Екі жаттықтырушымыз орталықта қызмет ете жүріп бірі Александр есімді ұлын, бірі София есімді қызын өмірге әкелді. 8 жыл бойы бала көтере алмаған жандар бала көтергені тіптен керемет жағдай.
Орталықтың ашылғанына бір жыл толуына орай шет елге жолдама ойнатып, көптеген бағалы сыйлықтар берілді. Жаттықтырушылардың бірін Мальдив аралдарына, бірін Сарыағаш шипажайына жіберіп, атқарған адал еңбектерінің нәтижесі ретінде сыйлықтар сыйлады.
- «Отбасында төрт ағайындымыз. Төртеу түгел болса төбедегі келеді демекші бауырларымызбен ауызбіршілігіміз мол. Бізді сүйіспеншілікпен тәрбиелеп, 4 қызды алақанына ұстаған ата-анамыз ханшайым етіп өсірді, өнегелі тәрбиелерін бергеніне алғысымыз шексіз. Қазіргі таңда 4 қыздан 8 немере сүйіп отыр. Өмірлік жолдасыммен 4 жыл бір партада отырып, студенттік өмірді бірге өткізгенбіз. Достықтан басталған махаббатымыз арқылы отбасын құрып, қазіргі таңда балаларымызды тәрбиелеп отырмыз. Жолдасым көпбалалы отбасынан шыққан, он бір ағайынды, үйінің кенжесі. Жолдасымның ата-анасы балаларына тамаша тәлім-тәрбие берген, ауыл-аймағына сыйлы жандар. Оларға айтар алғысым тіптен ерекше. Балаларынан тараған 38 немересі мен 11 шөбересінің қызығын көріп отырған, ұрпағымен өсіп-өнген асыл жандар», - дейді кейіпкеріміз. Үйінің берекесін келтіріп, ақ батасын алып отырған ата-апаларының амандығын тілеп, олардың барына қуанады, шын ризашылығын білдіреді.
Меруерттің өмірлік жары Сарынбетов Рахымжан Мыңтайұлы 1984 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Жігірген ауылы, Қызыл Дихан елді мекенінде мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Ұлы жүз. Сіргелінің ішіндегі Батыры. Меруерт Рахымжанмен 2006 жылы отау құрып, бүгінде мерейлі отбасында екі ұл мен бір қыздың ата-анасы атанып отыр. Үлкен ұлы Мейіржан 2007 жылы Шымкент қаласында дүниеге келіп, қазір №65 Ы.Алтынсарин атындағы гимназия мектебінің 9-сынып оқушысы. Қызы Сапфир 2010 жылы дүниеге келген. Жекеменшік «Арман» гимназиясының 6-сынып оқушысы. Кіші ұлы Ерасыл 2013 жылы өмірге келген. Қазіргі таңда әпшесімен бірге «Арман» гимназиясының 3-сыныбында оқып жүр.
Иә, әйел әлемнің ажырамас бөлігі. Әйел – адамзаттың анасы. Әйел – тіршіліктің бастау бұлағы. Әйел – отбасының өзегі. Әйел – шаңырақтың шамшырағы. Әйел – сұлулықтың символы. Әйел – әдеміліктің асыл тәжі. Әйел – нәзіктіктің хас үлгісі. Әйел – Алланың ұлы аманаты. Бұл тізімді жалғастыра берсек, сөз жетпейтіні анық. Әлем әйел арқылы әдемі. Сондықтан өмірге нәр беріп жүрген Меруерт Бекзатқызына әйел бақытын, ана бақытын тілейміз.