Әділдікті ту еткен
Қарлығаштың қанатынан суыл ескен қай дәуірде де бейбітшілік пен бірлікті бір тізгінде ұстап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, адамзаттың өмір сүруі үшін жағдай жасап отырған құқық қорғау қызметкерлері болған. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деп артына өшпес із қалдырып кеткен даңқты қолбасшы, батыр атамыз Бауыржан Момышұлының сөзі осыған дәлел болса керек. Қай заманда да адамның қауіпсіздігі, қоршаған ортаның қауіпсіздігі бірінші орында болған. Ат үстінде ауыздықпен алысып жүрсе де, ауыл ақсақалының бір ауыз сөзіне тоқтаған ерте кездегі дәстүр, уақыт өте келе сәл өзгеріп, ақсақалдардың орнын құқық қорғау қызметкерлері басты. Тасқа шапса да жүзі қайтпайтын алдаспандай, түрлі даулы мәселелерде қара қылды қақ жара әділдік айтқан, атқарған еңбектері көзге көріне бермей тасада қалатын, ел мүддесі үшін жанын қиюға да даяр азаматтар мен қауіпсіздік үшін жар құлағы жастыққа тимей жүрген ел ағаларының еңбектері өлшеусіз, құрметке лайық тұлғалар.
Тұма бұлақтар мен тау мұздықтарынан бастау алып, бірнеше тармаққа бөлініп кететін тау өзеніндей, «Құқық қорғау саласы» деп аталатын үлкен саланың ішінде елге қызмет етіп, көптің алғысына бөленіп жүрген атпал азаматтарымыздың бірі, прокурор Айымбетов Асқар Төлеуұлы. Атын естігенімен атқарылған істері мен қоғам тыныштығын сақтауда тас бүркеніп жатқан қылмыстың бетін ашу жолында өз өмірлерін қауіпке тіге отырып еңбек етіп келе жатқан Асқар Төлеуұлы 1961 жылдың 16 наурызында дүниеге келген.
Өмірге ұл келсе, ел қорғаны деп қуанған ел емеспіз бе, көпбалалы жанұяда дүниеге келген Асқардың парсатты тұлғалардың құшағында өсіп, қабілет пен дарындылыққа ие болмауы мүмкін емес еді. Жанын өткен жолаушыға жапырағы сая, діңі желден қорған болған алып бәйтеректің тамыры тереңде жатқаны секілді, бала Асқардың да шыққан тегі жай адамдардың сапынан емес еді. Тамырында адалдық пен әділеттік, парасаттылық пен ұлылық қан болып айналған аталарының жалғасы, асылдың сынығы еді.
Әкесі – Айымбетов Төлеу 1990 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін, Шардара ауданы, Октябрьдің 50 жылдығы атындағы совхозда бас бухгалтер қызметін атқарған еңбек адамы болды. Ұл баланың тәлімі мен адал еңбек етуі әкенің тәрбиесінде болатыны секілді, сол заманның көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарының бірі болған Төлеу ақсақал теледидар қарап, газет оқып, балаларын да жастайынан оқу-білім мен қатар көптеген тағылымы мен танымдылығы мол кітаптарды оқытуға бейімдеді. Ал, жаулығында аналық мейірімі жібектей суырылып түсіп, мейірімі күн нұрынан да жылы болған анасы – Айымбетова Сияш көкейінен бал тамған, шешендігімен «Акұдай апа» (айналайын апа) атымен елге танымал болған кісі. Ауыл ішіндегі дауды шешуде шыншылдықтың, әділдіктің туын желбіретіп, көпшіліктің алғысына бөленетін. Ұл-қыздарының да «Жесірдің көз жасына қалмауға», «Басқа
біреудің ала жібін аттамауға» деген тәлімді сөздермен тәрбиелей білді.
Міне, осындай тәрбие алу «Әділдігі қыл арқанды қақ бөлген би болуға» ұмтылу, тағдырды таңдауға басты себептердің бірі болған Асқар Төлеуұлы үшін жалған сөйлеу, сөзден таю, керағар қылық жасау жат еді. Балғын да бақытты балалығын ата-анасының қасында жүріп өткеріп, көргені мен түйгені мол жандардың өнегесін үлгі тұтып өскен ол мектеп табалдырығын аттаған кезде де алғырлығымен, таным тереңдігімен, ақылдылығымен, зеректігімен ұстаздарының көзіне түсіп, сыныптың қоғамдық өміріне белсене араласқан үлгілі оқушылардың бірі болды.
Қалыпқа құйылған әр кірпіштің үлкен бір ғимараттың бір кірпіші болып қалатыны секілді, өнегелі отбасынан тәлім алған Асқар Төлеуұлы да өзі таңдаған бір мамандықты игеруге мектеп қабырғасында жүріп-ақ бейімделе бастады. Жақсы адамның сөзі мен демеуі – бұлт арасынан шыққан күн болатыны секілді, өзі де ұстаздары мен ауыл арасындағы аузы дуалы аталардың ақ батасын жиі алуға ұмтылған қабілетті жас Октябрьдің 50 жылдығы атындағы мектепті бітірген соң 1978 жылы еңбек майданына араласып кетті. Ел шетіне жау келгенде қалқаны сөгілсе де қабырғасымен ел қорғаған батырлардың ұрпағы емеспіз бе, ел тыныштығын күзетіп, құқық қорғау саласында қызмет ету үшін ең алдымен, талапкерге заңдық білім керек. Бірақ, ел экономикасының негізгі тірегі болған сол жылдары мектеп бітірген түлегін шаруашылыққа салатын КСРО-ның саясатына сәйкес, азамат ретінда барлық белестерден өту керек болды. Бірақ, жанарында жалын ойнап тұрған жас шыңдалу мен тәжірибе жинау майданында қаймықпады. Ең бірінші азаматы үшін парыз болған Отан алдындағы борышын Кеңес Әскері қатарында өтеп келген соң, ауылдағы ұжымдаса еңбек еткен шаруашылықта қара жұмысшы болды.
Қандай ортаға барса да еркін араласып кете беретін, игі істерге бастамашы болып жүретін Асқар ауылда жастардан «Комсомолдық бригада» жұмысшылар тобын ұйымдастыра білді. Одан бөлек, шет елге баруға марапаттау есебінде туристік жолдамалар жеңіп алу, коммунистік партия қатарына қабылдану, университеттің дайындық бөлімінде оқу сияқты сатылардан өткен талапкер С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінің студенті болып шыға келді. Заң факультетінде білім бұлағынан сусындау кезінде де өз ұстанымынан бұрылмаған Асқар Төлеуұлы қоғамдық жұмыстарға-курстың партбюросының хатшысы, Алматы қаласы прокуратурасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушінің қоғамдық көмекшісі ретінде белсене араласып, спортты серік етті. 1989 жылы заң факультетін үздік бітірген соң орындарды бөліп, мамандықтар бойынша жолдау жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен Шымкент облысының прокуратура органдарында жұмыс жасауға жолдама берілді.
Шығамын деген талаптыға тау биік болып па, жұмыс барысында бойындағы ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсете білген жас маман уақыт өте келе, басшылықтың да көңілінен шығып, қызметінде өсу пайда болды. Еңбектің адал дәні қашан да берекелі болатыны бар емес пе, өзіне берілген тапсырманы уақытылы, тиянақты әрі асқан жауапкершілікпен орындаған Асқар Төлеуұлы Шымкент қаласы, Абай аудандық прокуратурасында тергеуші-тағылымгерден бастап, аға тергеуші лауазымына дейін көтерілді. Әр саланың өзіндік қиыншылықтары, ерекшеліктері мен тәжірибесі, ұстаз ақылын талап ететін кездері болады. Тергеу, прокурор жұмысын үйренуге, қыр-сырына қанығуға мектеп босағасында білімге деген еңбекті, адамдардың қадір-қасиетін, мінез-құлқын бағалай білуге құштарлықты оятқан ұстаздарға деген шексіз алғысын білдерген Асқар Айымбетов қылмыстық істерді ашу барысында қабілеттілік таныта білді. Қызмет барысында бірнеше қылмыстық істерді бітіріп, жас мамандардың арасында «Үздік тергеуші» атауын жеңіп алғандықтан, КСРО (Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы) бас прокурорының бұйрығымен кезектен тыс 3-сыныпты заңгер шенінің берілуі-прокурорлық қызметте алған алғашқы марапаты болды.
- «Жаны жайсаң, әрқашан білгенін үйретуге дайын тұратын, өз мамандықтарының майталмандары: Т.Асылбеков, Р.Шығанақова, Б.Бадрақов, В.Боробик, А.Мелдеханов, К.Алтаев сынды ұстаздардан білім бұлағынан сусындау-мақтануға тұрарлық.
Прокуратура органдарындағы еңбек жолым әрі қарай жалғасып, Төле би ауданаралық прокурорының орынбасары, Отырар, Арыс, Сайрам, Шымкент қаласы Абай аудандары, облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры, басқарма бастығының орынбасары, тергеу заңдылығын қадағалау, арнайы прокурорлар басқармаларының бастығы қызметтерін атқару барысында да басшылық жұмысты және ұйымдастыру қабілетті шыңдауға, прокурорлық қадағалауды іске асырып, заңдылықтың қалыптасуына септігін тигізуге өмірде серік болған спортта ықпал етті», - деп өзінің еңбек жолынын үзік жолдарды айтып өткен Асқар Төлеуұлы жар құлағы жастыққа тимей еңбек ету барысында, прокурорлық қызметпен біте қайнасып кетті.
Бір істі реттеп, игі іске адамдарды жұмылдыра білу де өнер, айрықша қабілеттілікті талап етеді. Қатардағы қызметкерден басшылыққа дейін көтерілген кейіпкеріміз бұл уақытта аға Асқарға айналған еді. Өзіне тән салмақтылығы мен сабырлылығы басымдық танытып, қызмет барысында кездескен түйінді мәселелерді асқан байыптылықпен қарап, әділ шешімін табуға тырысты. Әр істің, әр қағаздың артында адамның тағдыры тұрғанын адамдық болмысымен сезініп, алдына келгендерге аянбай көмектесті.
Қоғамдық жұмыстан қол үзбей, балаларды, жастарды есірткіден аулақ, отанының патриоты және оның сүйікті перзенті болуға тәрбиелеуді мақсат тұтып, облыстық қоян қолтық шайқас және шығыс жекпе-жегі федерациясының президенті ретінде олардың спортпен шұғылданып, Қазақстанның көк байрақ туын бүкіл әлемде желбіретуіне ықпал жасай білген Асқар Төлеуұлына Қазақстан Республикасының мемлекеттілігінің дамуы мен қалыптасуына және егемендігінің нығаюына қосқан үлестің белгісі ретінде ҚР Бас Прокурорының бұйрығымен «Прокуратураның құрметті қызметкері» төсбелгісі, ҚР туризм және спорт министрлігімен «Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері» атағы берілді. Міне, бұл тұрғындардың өміріне қауіп төндірген ұйымдар мен жекелеген адамдардың қылмысын әшкерелеп, оларды бейбіт өмірге бейімдеу жол
ында, халықтың мамыражай, қауіпсіз өмір сүруі жолында еткен еңбегінің бір көрінісі еді.
Бірақ, адам анадан туғанда батыр болып тумайтыны секілді, құқықтық саланың қызметкері болуды қаласа да, қоғамда кездесіп жатқан келеңсіз істердің алдын алып, жекелеген тұрғындарға кесірін тигізбеу жолында аянбай еңбек етіп, психологияны жақсы меңгерген қылмыскерлердің күре тамырын баса сөйлеудегі қабілеті мен дарыны, басшылық қызметтегі әділдігі пен адалдығы, сөзінің өткірлігі кейіпкеріміздің азаматтық болмысын аша түсті. Саналы ғұмырын ел қызметіне арнап, елеулі істер атқарған Асқар Төлеуұлы осы жылдар ішінде ауданның ғана емес, облыстың дамуына өзіндік үлесін қосты. Енді ғана тәуелсіздік алып, аяғын тәй басқан мемлекетке тоқырау жылдары құқық қорғау саласының қалыптасуына, жас ұрпаққа саналы тәрбие беруде аянбай еңбек етті.
2017 жылдың қыркүйегінде прокуратура органдарынан шектеу жасына толуына байланысты, зейнеткерлікке шыққан Асқар Төлеуұлы бүгінгі таңда да жастарды спортқа шақырып, қоғамдық тыныштықты бұзбауға тәрбиелеп келеді. Балаларды, жастарды спортқа баулып, Шымкент қаласы, Түркістан облысы бойынша жауынгерлік аралас жекпе-жек түрлері – панкратион мен грэпплинг федерациясының президенті болып сайланып, оның дамуына ат салысуды одан әрі жалғастырып, сонымен қатар, Шымкент қаласы адвокаттар алқасының адвокаты қызметін де атқарып келе жатқан арда азамат отбасында да арқа сүйер отағасы, асқар тау әке. Жұбайы екеуі 4 баланы тәрбиелеп, өсірді. Ұлы Ерболат әке жолымен жүріп келе жатса, қыздары Мөлдір, Аружан, Мерей ата-анасының сүйікті перзенттері, отанының сұлу да ақылды арулары.
Қара сөздің қадірін түсінген қазақта «Ат аунаған жерде түк қалар» деген әдемі сөз тіркесі бар. Әлем – жүрегінде имандылық нұры ұялаған, мейірімі мол, абырой мен намысты өлімнен биік қоятын, арда азаматтар мен жақсы жандармен бейбітшілікте өмір сүріп келеді. Өзгелерге үлгі боларлық өмір сүріп келе жатқан, қызметте әділдік пен адамдықты ту етіп ұстанған ел ағалары барында қазақ елінің болашағы жарқын, келешегі кемел бола бермек. Атқарған игі істерін қағаз бетіне жазып тауыса алмайтын Асқар Төлеуұлы секілді ардақты азаматтар аман болғай!