Сыр еліне еңбегі сіңген спорт ардагері
Спорт – жүз немесе тіл, діл немесе дін, ұлт немесе жер талғамайтын, тек таланттылар ғана топ жарып шығатын, әлем халықтарын бір алаңға жинап, бейбітшілік пен татулыққа, бірлікке шақыратын ерекше бір сиқырлы әлем. Жүйріктердің жүйрігі, үздіктердің үздігі қатысқан халықаралық жарыстар мен олимпиада төрінде жеңіс тұғырына көтерілген спортшы бұл биікке өзі ғана көтерілмеді, елдің мерейін үстем еткен жүлденің артында елдің ықыласы мен тілегі және бәрінен де бұрын, барын салып баптай білген бапкердің, жаттықтырушының еңбегі тұрды. Бүгін біз айтатын кейіпкеріміз де кезінде еліміздің байрақты бәсекелерінде көк туымызды желбіреткен майталман спортшы болып, бүгінгі таңда сәби санасына саңылау салып, іргелі спорт саласына басшылық етіп отырған білікті басшы. Ол өзінің білігі мен білімін ел спортының дамуына және білім саласына арнады. Ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, қаншама спорт саңлақтарын тәрбиелеп шығарды. Ол ата-анасының үкілеген үмітін ақтап, биік мақсаттарды өзіне бағындыра білген толағайдай саңлақ ұл бола білді. Атаның ғана емес, адамзаттың ұлы.
Алаштың анасына айналған Сыр елінің рухымен қанаттанған Тулеков Бахытбек Қаппарұлы 1959 жылдың 21 наурызында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Қызылтам ауылында дүниеге келді. Әкесі – Тулеков Қаппар 1924 жылы дүниеге келген. Қармақшы совхозында қой және сиыр баққан еңбекқор кісі болған. Ал ақжаулықты анасы – Мағантаева Бибіхатша 1937 жылы дүниеге келген. Анасы қойшының көмекшісі ретінде және сауыншы болып жұмыс жасаған. Апасы – Мылтықбаева Бахыткүл Қаппарқызы 1952 жылы Қызылорда қаласының білім саласында бірнеше жыл абыройлы жұмыс жасап зейнетке шыққан.
Жөргегінде жатыр жыр лебізін аңқытқан дүлдүлдер мен қара сөздің майын тамыза жырлаған жыраулардың табаны тиген қасиетті топыраққа табан тиген бала Бахытбек кішкентайынан спортқа жақын болып өсті. Дүниеге келген әр пенденің маңдайына пешенесі жазылулы болатыны секілді, ойын баласы кезінен-ақ спортқа деген бейімін байқатқан жас 1966 жылы №26 Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің табалдырығын аттады. Берекесі жатқан Сырдарияның жағасындағы ауылдың топырағын шаңдатып өскен жас мектеп қабырғасында да өзінің ширақ қимылы, тиянақтылығы, қолына тиген іске жан бітіретін шаруаға икемділігімен көзге түсіп, мектеп бағдарламасын меңгеруде де ұстаздарының мақтауына ие болды.
Әрбір бала – бір әлем. Оның өзіндік ойы, мінез-құлқы, арман-мақсаты болады. Досына адал, сертке берік оқушы оқуын одан әрі №123 орта мектепте жалғастырып, өмірге жолдама алып берер білім ордасын 1976 жылы аяқтады. Қабілет пен қарым жаратқанның пейілімен берілетін болса, жетістік пен жеңіс әр талапкердің еңбегіне, ізденісі мен табандылығына қарай нәсіп етіледі. Қиыншылықтан қорықпайтын, тәлімінде адалдық пен адамдық, рухани жан дүниесінде өнегелі жыраулардың өлең сөздері маздап жатқан Бахытбек Қаппарұлының да алдына қойған мақсаты мен арманы бар еді. Бала кезгі спортқа деген жақындығы осылайша жас талапкерді спорт әлеміне сүйреп, 1976 жылы Қарағанды қаласындағы Қарағанды Педагогикалық Институтына «Дене тәрбиесі» мамандығы бойынша оқуға түсті.
Осылайша, 1980 жылы жоғарғы оқу орнын «Дене тәрбиесі» бойынша бітіріп шыққан Бахытбек Тулековтің алғашқы еңбек жолы 1980 жылы Ю.А.Гагарин атындағы №1 мектеп-интернатына дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болудан басталды. Ұстаздық ету абыройлы іс. Түрлі тәрбие көріп, түрлі отбасыдан өнеге алған оқушылардың да мінез-құлықтары әртүрлі болады. Міне, осындай оқушылармен жұмыс жасап, мектеп бағдарламасы бойынша қам жасау жас маманның мойнына түскен ауыр салмақ еді. Бірақ, мамандығын сүйген жанның ісіне де береке кірмек. Осылай оқушыларды салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, сабақ барысында бойында дарыны бар шәкірттерді танып, оларды қабілетіне қарай жарыстарға қатыстыру мақсатында арнайы дайындап, мектеп мерейін үстем етер спортшыларды дайындап шығару жолында аянбай еңбек етті.
Қамшы ұстарым дүниеге келді деп қуанған ата-ананың қуанышының астарында әулеттің ізін жалғау ғана емес, ел қорғаны болар азамат дүниеге келеді деген мағына жатыр еді. Барлық күш ауылшаруашылығы мен педагогикалық салаға жұмылдырылса да, қай саланың маманы болсаң да Отан алдындағы азаматтық борышыңды өтеп келу кейінгі күнге ысырылмайтын. Ұстаздық етіп жүріп әскерге аттанған Бахытбек Қаппарұлы 1982 жылы Кеңес әскері құрамында борышын өтеді. 1978 жылы студенттік құрылыс отрядында жақсы жұмыс жасағаны үшін Польша, Германияға жолдамамен тегін туристік сапарға барған кейіпкеріміз 1984 жылдың мамыр айынан бастап өзінің жұмысын жалғастырып кете барды.
Ұстаз тек білім саласында ғана емес, барлық салада да жоғары мәртебеге ие. Өйткені, ұстазсыз шәкірт тұл. Саласы спорт болған соң сабақ бере жүріп, бойындағы талант оты байқалған, отанды, елді сүюге деген ұшқыны бар жастарды таңдап алып, дайындықтан өткізіп, қабілет-қарымына қарай жарыстарға қосып отырды. Нәтижесі де жоқ емес, бұлшық еті шиыршық ата аттанып кеткен шәкірттерінің қоржын қалтасы бос қайтып көрген емес, өздеріне тиесілі жүлдесін алып келді. Одан кейінгі қызметінде Бахытбек Қаппарұлы 1985 жылдың тамызынан 1995 жылдың сәуірі аралығында Жалағаш аудандық спорт комитетінің төрағасы болып қызмет атқарды. Қайырылып келмейін десең де менмұндалап тұратын осы бір жылдардағы тоқырау ел ішінде суық желдей ескен кезең еді. Үлкен жеңісіміз Тәуелсіздік болғанымен, жас елдің стратегиялық бағдарламары да енді басталып жатқан кезеңде, халықтың тұрмыс арбасы кейін кетудің алдында болып, кенжелеп жатыр еді. Соған сәйкес білім ордалары мен медицинаның да жаны шықпа жаным шықпамен отырған кезде, өзінің мойнындағы жауапкершілік жүгін сезіне білген Бахытбек Қаппарұлы, қанша қиын болса да, алты айлап жалақы аламаса да, қызметін тастап кетпеді. Қайта, тапшылықтан көңілі құлазыған оқушылардың көңіл пердесін сілкіп тастап, оларды табандылыққа тәрбиелеумен қатар, әр шәкірттің ертеңгі күнге деген патриоттық сезімін ояту жолында жұмыс жасады. Міне, осындай адалдығының тиянақтылығының, жауапкершілігінің арқасында, көп педагог қол сілтеп базар жағалап кеткенде, тігерге тұяқ қалмаған шопандай болса да, спорт саласының басшылығын тастап кетпеді. Қайта, қолда барды базарлап, барына шүкір, жоққа қанағат етіп, қалайды спорт комитетінің жұмысына сызат түсірмеу мақсатында еңбек етті.
Одан кейінгі 1995-2012 жылдары Құмкөл-Сервис мекемесінде жұмыс жасап, қайтадан басшылықтың шақыртуымен 2012 жылдың сәуір айынан бастап Жалағаш аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Наркескен спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қызметке келген Бахытбек Қаппарұлы қазіргі таңға дейін директор болып жұмыс жасайды. Осылайша, атағы алысқа кеткен талай ұлы адамдар мен сахна дүлдүлдерінің, әлемге қазақ елін паш еткен спорт саңлақтарының бақ жұлдызы жанған өлкенің мәре сызығын бірінші кесетін қабілетті де дарынды жас спортшыларын тәрбиелеп шығаруда уақытпен санаспай еңбек етіп келеді.
Жалғыз өзінің емес, елдің күйін күйттеді. Ел үшін жан аямай қан мен терге малынып еңбек етті. Оның спорттық, қоғамдық өмірдегі жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Әртүрлі деңгейдегі спорттық байқауларға қатысу оның күнделікті өмір салтына айналды. Қай қырын алсаңыз да «сегіз қырлы, бір сырлы» деп айтарлықтай айбарлы азамат. Бір ерекше астын сызып тұрып атайтын жайт – оның спортқа деген махаббаты.
Саналы ғұмырының алғашқы баспалдақтарын дене тәрбиесінің мұғалімі болып бастаған Бахытбек Қаппарұлы бүгінде талай қырандардың қанатын қомдап, талай жүйріктерді тағалаған «Наркескен спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде басшылық қызмет жасап, көшін ілгері сүйреп келеді. Жанарынан от ұшқындап, боламын деген баланың белін буып, бағыт сілтеген азамат әлі күнге мектеп қабырғасында жасындай көрініп, ерекше қабілетін көрсеткен оқушыларға, Төлеген Айбергеновше айтсақ: «Шабамын деген жігітке ат, жанамын деген жүрекке от» берген азамат, қазақ елінің тізгінін ұстар тарландарды тәрбиелеп, қияға қанат қақтырып келеді.
«Елдің атын ер, Ердің атын ел шығарады» демекші, саналы ғұмырын арнаған спорт саласында еңбек еткен жылдары, адал қызметінің бағасы ретінде сан мәрте алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен және грамоталармен марапатталды. Кейіпкеріміздің мерейі үстем болсын деген ниетпен марапаттарын айтып өтсек:
✦ Құмкөлді игерудегі ерен еңбегі үшін «Құмкөлге 15 жыл» төсбелгісі, «Құрмет Грамотасы» және бірнеше бағалы, ақшалай сыйлықтар иегері;
✦ Жалағаш ауданы әкімінің «Алғыс хаты»;
✦ Облыс әкімінің «Алғыс хаты»;
✦ Облыстық кәсіподақ ұйымының «Құрмет Грамотасы»;
✦ Облыстық спорт комитетінің, Қызылорда облыстық спорт басқармасының бірнеше Грамоталары мен бағалы сыйлықтары;
✦ Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі және «Алғыс хаты»;
✦ 2018 жылы «Ел ардақтысы» медалі;
✦ «Қызылорда қаласына 200 жыл» медалі;
✦ 2019 жылы «Спорт ардагері» төсбелгісі;
✦ «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі;
✦ 2021 жылы «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері.
Әрбір мықты ер азаматтың артында ақылды әйел тұрады демекші, Бахытбек мырзаның өмірлік серігі Балибаева Жанат Смагуловна 1959 жылы дүниеге келген. «Электрсет» мекемесінде директордың орынбасары болып бірнеше жыл абыроймен қызмет атқарып, сол жерден зейнеткерлікке шыққан. Бүгінгі таңда Бахытбек мырзамен бірге балаларын тәрбиелеп, өсіріп, олардан тараған немерелердің қызығын көріп отырған бақытты ата мен әже. Алдаспанның жүзіндей қылпылдаған бүгінгі заманда құйрық-жалын шарт түйген жүйріктей алдыға озған жаңа технологияның, ғылым мен білімнің жетістіктерін өз тәжірибесінде қолданып, спорттағы озық тәсілдерді қолданысқа енгізіп, дамыған озық елдің сапынан көрінуге сеп болатын алтын асықтай ұл-қыздарды тәрбиелеп келеді. Бахытбек Қаппарұлы салауатты өмір салтын ұстанудағы үлгілі істері мен қызметтегі басшылық біліктілігі өз алдына, қарапайым жан ретінде адами асыл қасиеттерді бойына сыйдырған атпал азамат, ұл-қыз тәрбиелеп, өмірге құлшындырып, жүректеріне адалдық пен әділдіктің ізгілік нұрын сепкен асқар тау Әке!