Бисекенов Манарбек

Рейтинг:

Тұлпарларды тағалаған 
талантты бапкер

      Спорт – салауатты өмір салты. Спорт – ұлт немесе жүз, тіл немесе дін талғамайтын, үздіктердің үздігі ғана жеңіс тұғырына көтерілетін, жеңімпаздың мерейін үстем ететін, түрлі ұлт өкілдері мен халықтарды бірлікке, татулыққа, достыққа, бейбітшілікке шақыратын әлемдегі бірден-бір сала. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін теледидар алдына жинайтын, ауылдың, ауданның, облыс пен мемлекеттің намысы сынға түсетін дода. Қай ұлтта да спортта үздік шығып, ел туын көкке желбіреткендерді құрметке бөлеп, балаларына әрдайым үлгі етіп отырады. Бұл жағынан келгенде біз қазақ елі де өзгелерден көш ілгеріміз. Әлем көз тіккен олимпиада төрінде қайраттылық көрсетіп, қазақ деген ұлт барын паш еткен боксшыларымыз мен дзюдошыларымыз және өзге де спортшыларымызбен мақтана аламыз. Осындай ел мерейін үстем еткен спортшыларымызды дүниеге әкелген анасына, оны тәрбиелеп ұлт намысын көтеруге атсалысқан жаттықтырушыларына деген айтар алғысымыз шексіз.
      Бүгін біз айтатын кейіпкер, кезінде еліміздің байрақты бәсекелерінде көк туымызды желбіреткен майталман спортшы болып, бүгінгі таңда сәби санасына саңылау салып, іргелі білім ордасына басшылық етіп отырған білікті басшы. Ол өзінің білігі мен білімін ел спорты дамуына, білім саласына арнады. Ұзақ жылдар бойы Маңғыстау облысының спортшыларын даярлап шығаруда аянбай еңбек етіп келеді. Қаншама спорт саңлақтарын тәрбиелеп шығарды. Ол ата-анасының үкілеген үмітін ақтап, биік мақсаттарды өзіне бағындыра білген толағайдай саңлақ ұл бола білді. Атаның ғана емес, халықтың ұлы бола білген Бисекенов Манарбек Жұбатқанұлы 1979 жылы 8 қарашада Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шетпе ауылында дүниеге келді.
      Кішкентайынан спортқа бір табан жақын болып өскен Манарбек ауыл төріндегі мектепті бітірген соң, елдің мерейін үстем етіп, ердің бағын бес елі ететін спорт саласын таңдап, Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық спорт және туризм академиясының дене шынықтыру мамандығына оқуға түседі. Қандай істе де қағып алатын алғыр, зейіні мол шәкірт жоғарғы оқу орнында да өзінің ой ұшқырлығынан, ширақ қимылынан айныған жоқ. Осы бір ерекшеліктері мен жанындағы достарын бір іске үйіріп алып кететін ұйымдастырушылық қабілетін серік еткен жас 2010 жылы оқу орнын тәмамдайды. Жанарынан жалын атып, білек буындары бұлтылдап, шиыршық атып тұрған жас маманның алғашқы еңбек жолы Маңғыстау ауданы спорт клубында дзюдо және самбо күресінен бапкер болудан басталды.
      Спорт деген бір сиқыр. Бұл ғажайып әлемге бір қадам басқан адамның одан шығып кетуі нейғабыл. Оның жастар мен ересектерді үйіріп әкететін қасиеті бар. Спорттың қай түрі болсын, жақсы мінез қалыптастырып, әдеп пен мәдениетті бойға сіңіріп, сабырлы болуды үйретеді. Қысқасы, салауатты өмір салтына жетелейді. Спортты сүйген адам әлемді сүйеді, жақсы мен жаманды ажырата біледі, ешқашан дөрекілік пен балағаттың боданына тап болмайды. Өйткені, көне замандарда спорттық ойындар қырғи-қабақ соғыстарды да тоқтататын мәртебеге ие болған. Жалпы, спорт – өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін бірден-бір құрал. Ол сергітеді, шынықтырады, күш-қуат береді және болашаққа жолдама сыйлайды. Жас болса да талай істерде бас бола білген, оның үстіне кішкентайынан ұстаз алдын көріп, жаттықтырушысынан тәжірибе жинақтаған жас біліктілігін сала жұмыс істеп, өзін жақсы қырынан көрсете біліп осы қызметте жүріп сатылай өсті. Талапты жасқа тау да биік емес, білікті маманға қай жерде де орын бар. Осы бүгінгі құрмет төріне көтере білген еңбек жолының жалғасы 2007-2014 жылдары Маңғыстау аудандық спорт мектебінде дзюдо және самбо күресінен бапкер, ал 2014 жылдың қазан айынан бастап бүгінгі күнге дейін Маңғыстау облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі КММ басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді.
Қайнаудан шыққан құрыштай боз кілем төрінде ойнақшып, қарсыласынан әдіс-айласы басым түсіп, талай ел намысы сынға түскен спорттық додаларда топ жарған, спортының саңлағы Манарбек Жұбатқанұлы спорттағы жетістіктері мен ағалық болмысы, ұстаздық ұлағаты бір кітапқа аздық ететін, дара тұлға. Топырағы құнарлы болмаса, бәйтеректің діңі жуан, бұтақтары сая болмайтыны секілді, тәңірдің тарту еткен таланты мен дарынын, қабілетінің қаламымен ұштап, татами төрінде жеңіс тұғырына жиі көтерілген талантты спортшы, білікті басшы жұмысында тиянақты, жауапкершілігі мол қызметкер ретінде ғана емес, үздік жаттықтырушы. 2019 жылға дейін бірнеше самбо және дзюдо күресінен Әлем, Азия, Еуропа чемпиондарын дайындап шығарды.
      Бисекенов Манарбек басшылыққа келгелі «Жас батыр» мектебі 2017, 2018, 2019 жылдары Қазақстан Республикасының 3 жыл қатарынан үздік спорт мектебі атанып үлгерді. Жауапкершілік, белсенділік, жаңашылдыққа бейімділік, ұжымда және дербес жұмыс жасай білу, қарама-қайшылықтарды басқара білу, алдына қойылған талаптарға, мақсаттар мен жоспарларына қатаң сүйену қабілетіне ие кейіпкеріміз Қазақ күресінен ҚР Спорт шебері, ҚР Ұлттық Дәрежедегі төреші, дзюдо күресінің Ұлттық Дәрежедегі төреші дәрежелеріне ие. Самбо күресінен 
      Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 
      Бірнеше Қазақстан Республикасының Спорт министрлігінің, Маңғыстау облысының әкімінен, қала, аудан әкімдерінен алғыс хаттармен марапатталды. Жас батыр спорт мектебінде 8 спорт түрінен 1294 спортшы тәлім алып жатыр. Соның ішінде шалғай ауылдарда Маңғыстау ауданының Шебір, Ақшымырау, Жармыш, Онды, Жыңғылды, Ұштаған, Сайөтес ауылдарымен қоса Бейнеу ауданының Сарға, Боранқұл, Бейнеу ауылдарында және Жаңаөзен қаласында дзюдо, самбо күрес үйірмелерін ашып, басқа облыстардан бапкерлер алдырып жұмысты қарқынды жүргізіп, Маңғыстау облысының спортымен қоса бала тәрбиесінде өте үлкен үлес қосып келеді.
      Ережесі ешқандай спортқа ұқсамайтын нағыз ерлік пен намысты бір буында ұстап, тізесін жерге тигізбей әдіс қолдану арқылы, қарсыласының қабырғасын жерге тигізетін қазақ күресі, спорт саласында жүргеніне көп болған Манарбек Жұбатқанұлының оң жамбасына келетін спорт болды. Қазақ күресінің де өзіндік айла-тәсілі, шалу қимылдары мен тактикалары бар. Өзінің қарамағындағы жалынды оқушыларды жігерлендіріп, спортқа баулып қана қоймай жеңіске жетудің, алға ұмтылудың жолдарын көрсетті.
      Шәкірттерін жеңіске ұмтылдыра білген Манарбек Жұбатқанұлы өзі де түрлі деңгейдегі спорттық сайыстарда төрешілік атқарып келеді. Бұлшық еттері бұлқына, татами төрінде өнер көрсеткен, қалай да бір-бірінің қапысын тауып, айлаларын асырғысы келген спортшыларға төрелік ету де оңай іс емес. Төрешілікке де аяқ астынан шешім қабылдайтын тапқырлық, қиялдағы қызылды көзі шалған қырандай қырағылық, спортшылардың белдесудегі тактикаларын қадағалап отыратындай шапшаңдық пен итжығыс түскен белдесулерде екі жақ риза болатындай шешім қабылдайтын әділдік керек.
      Қай салаға барса да, қандай спорттық сайысқа барса да жарысқа екпін беріп, бойына қан жүгірткен ол өзгелерге үлгі боларлық істер атқарды. Қолымнан келмейді демеді, қолында барды қолданып шәкірттерін жеңіс тұғырына көтерді. Спортқа қызығушылық танытқан жастарға шектеу қоймай, жас айырмашылықтарына, бойындағы қабілеттеріне қарай әр спортшымен жұмыс жасап, ұмтылған жастың бетін қақпай, қайта алға ұмтылдырды. Ұстаз үміті жерде қалған жоқ, бақ салып барған сайыпқыран шәкірттері бабында болып, барған жарыстардан қоржын қалталары медальға толы оралды.
      Бисекенов Манарбек Маңғыстау облысының спорт саласының дамуына үлкен еңбек етіп, самбодан 5 әлем чемпионын дайындап шығарды. Көк байрағымызды әлемдік аренада желбіретіп, әнұранымызды асқақтата шығарған спортшылардың есімдерін атап айтар болсақ, Мамаев Рамазан, Төлегенов Дәурен, Қуанышұлы Нұрбек, Нұркен Домбаев, Альмуханбетова Гулдана. Сонымен қатар, 12 Әлем чемпионатының жүлдегері, 14 Азия чемпионы, 62 Қазақстан Республикасының Спорт шеберін дайындап шығарған кейіпкеріміз Манарбек Жұбатқанұлының да ерен еңбегі еленбей қалған жоқ. Бап салып барған тұлпарлары мәре сызығын бірінші болып кескен бапкер түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болып, жетістіктерге қол жеткізді. «Ер еңбегіне бір тойсын» деген, саналы ғұмырын спорт саласының дамуына арнаған Бисекенов Манарбектің жетістіктеріне көз жүгіртсек:
      ✦ Қазақ күресінен Қазақстан Республикасының «Спорт шебері»;
      ✦ Самбодан Қазақстан Республикасының Еңбегі сіңген жаттықтырушысы; 
      ✦ 2013 жылы Қазақстан Республикасының спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің «Қазақстан Республикасында дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісі;
      ✦ Қазақстан Республикасының Дзюдо федерациясының Қазақстан Республикасында дзюдоның дамуына көп үлес қосқаны үшін ІІІ дәрежелі «Дзюдо тарланы» ордені;
      ✦ 2016 жылы дзюдодан Қазақстан Республикасының ұлттық дәрежедегі спорт төрешісі;
      ✦ 2017 жылы Қазақстан Республикасында самбоның дамуына үлкен үлес қосқаны үшін 
      Қазақстан Республикасының Самбо федерациясының ордені;
      ✦ Қазақстан Республикасының «Қазбат» жауынгерлік іс-қимылдар және бітімгершілік операциялар ардагерлерінің одағы Республикалық қоғамдық бірлестігінің әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге белсене қатысқаны үшін «Қазақстан Патриоты» медалі;
      ✦ Спорт жұлдыздары республикалық ғылыми-әдістемелік патриоттық журналының «Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін» медалі;
      ✦ Қазақстан Республикасының Ұлттық дәрежедегі спорт төрешісі;
      ✦ «Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қызметкері» төс белгісі;
      ✦ 2018 жылы Маңғыстау ауданының «Жыл адамы» аталымының жеңімпазы;
      ✦ 2019 жылы «Самбо күресінің дамуына қосқан ерен еңбегі үшін» медалі;
      ✦ Қазақстан Республикасының «Біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы» куәлігі;
      ✦ Кипр мемлекетінің Лимасол қаласында өткен самбодан спорт шеберлері арасында «Әлем чемпионы»;
      ✦ Самбодан Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі Спорт шебері;
      ✦ Қазақ күрестен Қазақстан Республикасының ұлттық дәрежедегі төрешісі;
      ✦ Қазақстандық спорттық және жауынгерлік Самбо федерациясы Республикалық қоғамдық бірлестігінің «Самбо Саңлағы» төс белгісі;
      ✦ «Маңғыстау ауданының Құрметті азаматы».
      Отбасы – ұлттық құндылықтардың уық бойымен бір шаңыраққа құйылған, адалдық пен адамдықты ізгі ниет еткен, мәңгілік ел болуға ұмтылған халықтың, мемлекеттің бір бөлшегі. Өмір жолында өшпес із қалдыруды мақсат еткен адалдықты, ар-намыс пен адамгершілік қасиетті биік санайтын Манарбек Жұбатқанұлы жары Жанар екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Екі ұлы және қыздары Қазақстан Республикасының ұлттық құрама мүшелері, Әлемдік деңгейдегі спортшылар. 1998 жылы дүниеге келген үлкен ұлы Сұңғат Манарбекұлы дзюдо және самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдодан қара белбеуден 3 мәрте иегері. «Жас тұлпар – 2015» облыстық жастар премиясының «Үздік спортшы» номинациясының, Маңғыстау облысының «Үздік жыл спортшысы – 2016» номинациясы, Маңғыстау облысының «Жыл адамы – 2015» номинациясы және «Жыл үздігі – 2018 премиясының «Ерлер арасында үздік спортшы» номинациясының иегері, 2021 жылы жоғары санаттағы ұлттық төрешісі. Дзюдо күресінен 2012, 2013, 2014, 2015 жылдары Жасөспірімдер арасында ҚР Чемпионатының, 2016, 2017 жылдары жастар арасында Қазақстан Республикасы Чемпионатының, 2017 жылы 23 жасқа дейінгі ересектер арасында Қазақстан Республикасы Чемпионатының, 2018 жылы Жастар арасында ҚР Чемпионатының, 2019 жылы ҚР V-жазғы спартакиадасының, 2015 жылы Тайланд, 2016 жылы Индия, 2017 жылы Қырғызстанда өткен Азия Чемпионаттарының, 2015 жылы Венгрия, 2017 жылы Австрия, Испания, 2018 жылы Каунс, Берлин, Оренбург, 2019 жылы Польшада өткен Еуропа Кубогының, 2017 жылы Гонконг, 2018 жылы Гонконг, Тайпей, Алматы, Бішкек, Ақтау қалаларында өткен Азия кубогының, 2021 жылы Түркістан қаласында өткен Қазақстан Республикасы ХІ жазғы универсиадасының, Ақтау қаласында өткен А.Т.Жолдыбаев атындағы Азия Кубогының және 2019 жылы Павлодар қаласында өткен Б.Сейсенбаевты еске алуға арналған Халықаралық чемпионаттарының жеңімпазы. Сонымен қатар, әке ізін жалғаған талантты спортшы Сұңғат самбо күресінен 2012 жылы Байқоңыр, 2013 жылы Тараз, 2014 жылы Талдықорған, 2015 жылы Ақтау, 2016 жылы Петропавл қаласында өткен Қазақстан Республикасының Чемпионатында I орын, 2012 жылы Якутия елінде өткен Азия балалар ойындарының чемпионатынан I орын, 2012 жылы Ташкент, 2014 жылы Оңтүстік Кореяда I орын, 2015 жылы Атырау қаласында өткен Азия чемпионатынан II орын, Әлем чемпионатынан 2014 жылы Кипрда II, 2016 жылы Румынияда III орындарды жеңіп алып, ел мерейін үстем етті.
      «Ат тұяғын тай басар» деген Манарбек Жұбатқанұлының ізін басып, жеңісті жолын жалғастырып келе жатқан 2003 жылдың 6 сәуірінде дүниеге келген екінші ұлы Нұрсұлтан Манарбекұлы да талай белестерді бағындырған даранды жас. Ақтау қаласында орналасқан №28 жалпы орта білім беретін мектептен 9 сыныпты аяқтап, қазіргі таңда Нұрсұлтан «Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау Гуманитарлық колледжінің» МКҚК-ның «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша 3 курс студенті болған. Нұрсұлтан МО «Жас батыр» МБЖСМ-де 2014 жылдан бастап дзюдо және самбо күресімен айналысады. Спортқа деген қызығушылығымен осы жылдардан бастап үлкен спортқа бет бұрады. Халықаралық, республикалық жарыстарға қатысып жоғары нәтижелерге қол жеткізеді. Бүгінде Нұрсұлтан әлемдік ареналарда Қазақстан Республикасының көк байрағын биікке көтеріп, ел намысын қорғап жүр. Дзюдодан және самбо күресінен ҚР спорт шебері, дзюдодан қара белбеу иегері, «Жас тұлпар – 2019» облыстық жастар премиясының «Үздік Жас спортшы – 2019» номинациясымен марапатталған Нұрсұлтан Манарбекұлы жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Дзюдо күресінен 2017 жылы Ақтау қаласында Жасөспірімдер арасында өткен Ер Қосай Құдайкеұлының жүлдесіне арналған ХІ І орын, 2018 жылы Жасөспірімдер арасында өткен Иса Досан жүлдесіне арналған ХІ І орын, Павлодар қаласында өткізілген Жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионатынан ІІІ орын, Тараз қаласында өткен Жасөспірімдер арасында өткен Б.Ташметовты еске алуға арналған ХІ І орын, Жасөспірімдер арасындағы Азия Кубогынан 2018 жылы Гонконгта І орын, Грузияда І орын, Азия кубогында 2019 жылы Бішкекте І орын, Словенияда өткен Европа Кубогында І орын, Ақтау қаласында өткен Жасөспірімдер арасында өткен Ер Қосай Құдайкеұлының жүлдесіне арналған ХІ І орын, Бакуде өткен Жастар арасындағы кубок Баку ХІ І орын, 2020 жылы Қостанай қаласында өткен Жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасы чемпионатынан ІІІ орын, 2021 жылы Қызылорда қаласында өткен Жастар арасындағы Б.Сүлейменовты еске алуға арналған ХХ халықаралық турнирінен ІІ орын, 2022 Ақтау қаласында өткізілген жастар арасында ҚР Чемпионатында ІІ орын ал, Самбо күресінен 2018 жылы Орал, 2019 жылы Ақтау, 2021 жылы Семей қалаларында өткен Жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасы чемпионаттарынан І орын және 3 дүркін ел чемпионы.
      Теледидардан көргенімен, бейнеті мен берекеті, жанкүйерлердің артқан сенімі татами төріне шыққан әр спортшының арқасына артылған ауыр жүк еді. Ол жерде жеке бастың қадірі емес, команданың ары мен намысы, қолына таңбасын ұстап орнынан секіре ұмтылып отыр-
ған жанкүйерлердің үмітін ақтау қара нардың да белін қайыстыратын үлкен жүк. Жалындай жарқылдаған жасында қазақ күресі, самбо күресі, дзюдо күресі бойынша жеңімпаз атанған шәкірттерді додаға қосып келе жатқан жаттықтырушы Манарбек Жұбатқанұлының ел үмітін ақтау жолында абыройы асқақтай берсін деп тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

16 декабря 2024 23:39
Роза
Менің Әкем.❤️Аллаға шүкір.Ата анам жүз жасасын!...
6 декабря 2024 23:20
Лаззат
Александр Вилорьевич прекрасный доктор,спасибо❤️...
25 ноября 2024 00:32
Виктор Ример
Успехов тебе в работе Туребекулы и семейного благополучия!...