Мырза Қуаныш Қазтұрғанұлы

Рейтинг:

Спорт саңлағы

      Спорт – ел мен елді елдестіріп, бағы басым түскен дарынды спортшылары бар елдің мәртебесін көтеріп, абыройын асыратын, шекара талғамайтын бірден бір сала. Қазақ спортының, бұқаралық спорттың дамуы үшін біраз істер атқарып, даму жолында өзіндік үлесін қосып келе жатқан, Еркін күрес, грэпплинг және бразилиялық джиу-джитсу күресінен шебер-ардагерлер арасындағы тоғыз дүркін әлем чемпионы, Қазақстан Республикасының Халықаралық Дәрежедегі Спорт шебері, КСРО Спорт Шебері "Қос Аққу" Әлия-Мәншүк атындағы спорттық-патриоттық клубы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы - Қуаныш Қазтұрғанұлы 1969 жылдың 2 қаңтарында Қарағанды облысы, Егіндібұлақ ауылында дүниеге келді.      Әкесі Мурзин Қазтұрған Алдамбергенұлы автобус жүргізушісі болып еңбек етсе, мейірім нұры төгіліп тұратын анасы Мурзина (Таменова) Гүлзада Зейнуллақызы ұстаздық дейтін ұлы мамандықты таңдап, шәкірт тәрбиелеп, мектеп директоры қызметін атқарып, білім саласының дамуына өзіндік үлесін қосқан ұлағатты ұстаз. 
      Еркінкүш ауылындағы мектептің табалдырығын аттаған Қуаныш Қазтұрғанұлы бастауыш сыныптарда мектепішілік өткізілген іс-шаралар, спорттық сайыстарда көзге түсті. Бала болса да өзіне жүктелген іске байыптылықпен қарап, қандай күрделі тапсырмалар болса да тиянақты орындап, жауапкершілік танытып жүретін оқушы қай білім ордасында да мақтауға лайықты болатыны секілді, Қуаныш Қазтұрғанұлы да ұстаздарының алғысын ала білді. Ата-анасының айтқандарын ешқашан естен шығармай, ұстаздары мен үлкен кісілерден естігенін зерделеп, зейініне тоқып алатын шәкірт сабаққа үнемі үлкен дайындықпен келіп, «Балам болса осындай болсын» деп өзге ата-аналар қызығатындай үздіктердің сапында болды. Кейіпкеріміз күрес әліппесін ең алғаш 1977 жылы Ақтөбе облысының Алға балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде бірінші бапкері Егоров Николай Андреевичтен үйренген болатын.      1981-1985 жылдары Қарағанды қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы N3 спорттық бағыттағы мектеп-интернатында тәрбиеленген Қуаныш Қазтұрғанұлы 1985-1992 жылдары аралығында Ақтөбе педагогикалық институтында білім алып, «Дене тәрбиесі» факультетін бітіріп шығады. Ер азамат үшін Отанды қорғау бірінші орынды емес пе, дене тәрбиесінің қыр-сырын үйреніп, білікті маман болып шығу жолында ізденіп жүріп, 1987-1989 жылдары Кеңес Әскері сапында Ресей Федерациясының Чита облысында аға сержант шенінде қызмет етіп келеді.       Елге келген соң өзінің алғашқы еңбек жолын 1990 жылы Ақтөбе қаласындағы №4 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиада резерві мектебінде еркін күрес бөлімінің жаттықтырушысы болып бастаған Қуаныш Қазтұрғанұлы 2007 жылдан бастап "Қос Аққу" Әлия-Мәншүк атындағы спорттық-патриоттық клубы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы қызметін абыроймен атқарып келеді. 
      Жас жүректердің, елімнің туын желбіретемін деген жастардың үміт жібін жалғап, арман алауын желбіретіп, өмірге деген құлшынысын арттырып келе жатқан Қуаныш Қазтұрғанұлы №4 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиада резерві мектебінің еркін күрес бөлімінің жаттықтырушысы қызметінде. Бұл спорт клубы жастарды спорттың барлық түріне тартып, салауатты өмір салтын ұстанып, жеңіс биігіне көтерілуіне сеп болуда. Дайындаған шәкірттері түрлі спорттан, күрестен командалық құрамда республикалық деңгейде өткізілген спорттық жарыстарда тәуір нәтижелер көрсетіп, қоржын қалтасын жүлделермен толтырып оралуда.       Спорт – жас талағамайтын сала. ҚР Құрметті Азаматы, ҚР Құрметті Спорт Қызметкері, Қазақ Спорт және Туризм Академиясының Құрметті Профессоры, Халықаралық Спортшылар Одағының Мүшесі, Еркін күрестен шебер-ардагерлер арасында қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Қуаныш Қазтұрғанұлы жетекшілік ететін құрама команда аудандық, облыстық педагогтар арасында өткізілген спорттық сайыста үнемі жеңімпаз команда құрамынан көрініп, бақ салып барған, додалардан қоржыны бос қайтып көрген емес. Ол бастап барған ұландары да топ жарып, өзі де жеңіс тұғырына көтеріліп, мектеп мерейін үстем етіп келеді. 
      Еңбек еткен жылдары балалармен етене жұмыс істеумен қатар, бала тәрбиесіндегі білім ордасының игілігі үшін де жұмыстар атқарып, бала тәрбиесінде тиімді әдістерді қолданды. Педагогикалық ұжымды ортақ істерге жұмылдыруға, жасөспірімдердің спортпен шұғылдануы үшін жақсы жағдай жасауға, ата-аналар мен педагогтар арасында түсіністік орнатуға, бүлдіршіндердің қазіргі заман талабына сай білім мен тәрбие алуына бар мүмкіндігін салады. Қайта көзінде жалын оты тұтанған жастарды еңбекке үйретіп, бейіміне қарай бойындағы талантының көзін ашып, спорт саласында ерен еңбек етті.      Кейіпкеріміз отбасында да асқар тау әке, асыл жар. Ол жұбайымен бірге бес қыз тәрбиелеп өсірді. Қыздары: Жұлдыз, Жансая, Мөлдір, Назерке, Айша. Үлкен үшеуі тұрмыста. Жиен-немерелері: Азизхан, Сүлеймен, Амира, Амелия, Арлан.
      Спорт дейтін жүйріктің жалынан ұстап, тақымға басқан, кедергілері мен қиыншылығы көп өмірде қайсарлық пен қайраттылық көрсетіп, адамдықтың ауыздығымен алыса жүріп,жастарды өмірге ұмтылдырып, жеңіске жетелеген Қуаныш Қазтұрғанұлы қандай құрметке де лайықты азаматтар ел арасында көптеп табылып, аман-есен ел игілігіне қызмет етіп жүре бергей!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

16 декабря 2024 23:39
Роза
Менің Әкем.❤️Аллаға шүкір.Ата анам жүз жасасын!...
6 декабря 2024 23:20
Лаззат
Александр Вилорьевич прекрасный доктор,спасибо❤️...
25 ноября 2024 00:32
Виктор Ример
Успехов тебе в работе Туребекулы и семейного благополучия!...