Намысты қолдан бермеген... Адамдық болмысы ізгілік пен мейірімділіктен, жомарттық пен адалдықтан өрілген, жасаған істері мен еткен еңбе
ктерінен ерекше бір жылулық есіп тұратын, есімі көптің аузында жүрген азаматтарды жазуға қалам өзі сұранып тұрады. Талай қиындықтарды жеңіп шығып, өмірде жүрген жолы, арқаландыратын жігерлі сөзімен өнегелі өмірдің сүлеуін сала білген азаматтар ел арасында көптеп кездеседі. Өзі таяққа сүйеніп тұрса да, өзгенің жүгіргеніне мәз болатын кең жүрек, патша көңіл, ашық мінезді, сабының қамшымен өлшенген өмірде із қалдырып, спортта жеңіс туын желбіреткен арда азаматтарымыздың бірі, самбо күресінен талай дүбірлі додада жүлде алған, Көкпекті аудандық «Қазақ күресі» федерациясының Президенті Тлебалдин Серікболсын Асырандинұлы.
Абай облысы, Көкпекті ауданы бойынша жүгіру жарысына, үстел теннисіне, шаңғы жарысына қатысып, бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттап, дені сау ұрпақ тәрбиелеуге зор үлесін қосып жүрген азамат Серікболсын Асырандинұлы 1951 жылдың 31 қазанында бұрынғы Семей (қазіргі Абай) облысы, Көкпекті ауданы, Долан-Қара ауылында дүниеге келді.
1965-1975 жылдары Долан-Қара ауылындағы орта мектепті бітіріп шыққан соң, ауыл тірлігіне араласып, Өскемен қаласындағы «ТМК» мекемесінде өзінің алғашқы еңбек жолын бастады. 1976-1978 жылдары Кеңес әскері сапында Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, 1978 жылы Қазақстан Республикасы ішкі істер саласына қызметке тұрды.
Құқық қорғау органдарында еңбек ете жүріп, 1980-1982 жылдары Өскемен қаласындағы педагогикалық училищеде білім алған Серікболсын Асырандинұлы 1997 жылы майор шенінде зейнеткерлікке шыққан соң, спорт саласына бет бұрды. 1998-2000 жылдары мектепте күрестен жаттықтырушы, 2001-2003 жылдары Көкпекті ауданының спорт бөлімінің басшысы, 2006-2008 жылдары «Зайсан-Иртышское межобластное бассейновое управление рыбного хозяйства» бас маман, 2009-2014 жылдары «Водно-спасательная служба ДЧС
ВКО МЧС РК» құтқарушы, 2016-2017 жылдары «Сокол» ЖШС күзеті қызметінде болып, қазіргі таңда Көкпекті аудандық «Қазақ күресі» федерациясының Президенті қызметін абыроймен атқарып келеді.
Адами қасиеттер бойынан көрініс тапқан төреші спортшының жасаған әр қимылында жеңістің сыры бұғып жатқанын байқап, белдесулерде әділдік танытты. Осы жүрегінің тазалығы, ақ пейілімен, еңбекқорлығымен ұжымдастары, шәкірттері арасында құрметке ие болды. Спорт саласының дамуы үшін жұмыс жасап келе жатқан талантты спортшы, білікті бапкер қызмет ету барысында, адал еңбегінің бағасы ретінде түрлі марапаттарға ие болды.
«Елдің атын ер, ердің атын ел шығарады» демекші, саналы ғұмырын арнаған спорт саласында еңбек еткен жылдары адал қызметінің бағасы ретінде сан мәрте Алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен және Грамоталармен марапатталды.
Кейіпкеріміздің мерейі үстем болсын деген ниетпен марапаттары мен спорт саласында жеткен жетістіктері мен жеңістері туралы айтып өтсек:
- 1980 жылы Рига қаласында өткен бүкілодақтық турнирінің Жүлдегері;
- 1981 жылы Орал қаласында өткен самбо күресінен Қазақстан кубогының жүлдегері;
- 1982 жылы Орал қаласы чемпионатының жүлдегері;
- Самбодан «Спорт шебері»;
- 1983 жылы «Дзюдо» күресінен Тула қаласының Чемпионы;
- «Самбо» күресінен Қазақстан Республикасының ішкі істер бөлімінің бірнеше дүркін Чемпионы;
- 2018 жылы 26 қазанда Марокко карольдігінің Касабланка қаласында Самбо күресінен спорт шеберлері арасында өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері;
- 2018 жылы «Шығыс Қазақстанның Құрметті спорт ардагері» төсбелгісі;
- 2019 жылы Түркістан қаласында өткен Самбо күресінен спорт шеберлері арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатынан І орын;
- «Қазақстанның спорттық және жауынгерлік Самбо Федерациясы» Республикалық қоғамдық бірлестігі «Самбо күресінің Құрметті ардагері» медалі;
- Астана қаласында өткен «Дзюдо» күресінен Қазақстан Республикасының чемпионатынан І орын;
- «Қазақстанның спорттық және жауынгерлік Самбо Федерациясы» Республикалық қоғамдық бірлестігі «Самбо саңлағы» төсбелгісі;
- 2020 жылы Шығыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысынан Мадақтама;
- 2021 жылы Түркістан қаласында өткен ҚР Чемпионатында Самбо күресінен ІІІ орын;
- 2022 жылы Жамбыл ауданында өткізілген ҚР шеберлер арасында Дзюдодан ІІІ орын;
- Өскемен қаласында, Спорт ардагерлері арасында өткізілген Қазақ күресінен Шығыс Қазақстан облыстық Чемпионатында ІІ орын;
- 25 қазанда Жетісу облысы, Көксу ауданында өткен Қазақстан Республикасы чемпионатынан І орын;
- «Қазақстанның спорттық және жауынгерлік Самбо Федерациясы» Республикалық қоғамдық бірлестігі «Самбо күресінің дамуына қосқан ерен еңбегі үшін» медалі;
- 2023 жылдың 13-16 мамыры аралығында Қарағанды қаласында өткізілген Қазақстан Республикасының чемпионатында М7 санаттағы шеберлер арасында 71 келі дәрежесінде І орын;
- Астана қаласында өткен «Самбо» күресінен шеберлер арасындағы Азия чемпионатының Күміс жүлдегері;
- Орал қаласында өткен «Самбо» күресінен шеберлер арасындағы Әлем чемпионатының Күміс жүлдегері;
- Абай ауданы, Көкпекті ауданы, Көкпекті ауылының «Толағай табыстары» медалі;
- Абай ауданы, Көкпекті аудан әкімдерінің бірнеше мәрте Құрмет Грамоталары мен Алғыс хаттары;
- Ішкі істер органдары мен ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталды.
Алдаспанның жүзіндей қылпылдаған бүгінгі заманда құйрық-жалын шарт түйген жүйріктей алға озған жаңа технологияның, ғылым мен білімнің жетістіктерін өз тәжірибесінде қолданып, спорттағы озық тәсілдерді қолданысқа енгізіп, дамыған озық елдің сапынан көрінуге сеп болатын алтын асықтай ұл-қыздарды тәрбиелеп келеді. Серікболсын Асырандинұлы салауаты өмір салтын ұстанудағы үлгілі істері мен қызметтегі басшылық біліктілігі өз алдына, қарапайым жан ретінде адами асыл қасиеттерді бойына сыйдырған атпал азамат, ұл-қыз тәрбиелеп, өмірге құлшындырып, жүректеріне адалдық пен әділдіктің ізгілік нұрын сепкен әке.
Мақаламыздың жалғасы ретінде Серікболсын Асырандинұлының жұбайы Саягүл Мағауияқызы Тлебалдина туралы қалам тартуды жөн көрдік. Ол сонау КСРО кезінен бастап, кейін еліміздің тәуелсіздік алған жылдарында ауданымыздың білім беру саласына елеулі үлесін қосып жүрген, 40 жыл бойы бір мектепте саналы ғұмырын сарп етіп, ұрпаққа сапалы білім беру саласында аянбай еңбек етіп жүрген үлкен жүректі, ізгі ниетті жан, Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектептің ұстазы. 1963 жылдың 25 ақпанда Марқакөл ауданында дүниеге келген. Әкесі Мағауия Жақаев совхоз кезінде бас есепші, пошташы қызметін атқарса, анасы Ками Мұстафина отбасындағы 6 баланы дүниеге әкеліп, бала тәрбиесімен айналысқан.
Отбасында зерек, оқуға алғыр болған Саягүл Мағауияқызы Марқакөл ауылындағы Қалжыр орта мектебін аяқтаған соң, арман қуып Өскемен қаласына барады. Өскемен қаласындағы педагогикалық колледжге оқуға түсіп, 1978-1982 жыл
ы «Сызу және технология» мамандығын алып шыққан соң, алғашқы еңбек жолы жолдамамен Көкпекті ауданы, Тассай ауылында басталды.
Мұғалім деген ардақты атты иеленіп, арқалап жүргеніне өзін шексіз бақытты санайтын Саягүл Мағауияқызы қиын да қызығы мол ұстаздық жолдағы мақсаты айқын, арманы асқақ жан. Білікті ұстаз үнемі ізденіс үстінде жүретін тынымсыз еңбегінің арқасында шәкірттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беруден жалыққан емес. Иә, ұстаз өз шәкіртінің бойына сапалы білім, саналы тәрбиемен қатар, адами құндылықтарды да сіңіреді.
1996 жылы Көкпекті ауылына көшіп келіп, ұстаздық қызметін аудан орталығындағы Жақия Шайжүнісов атындағы орта мектепке технология мұғалімі болып жалғастырған Саягүл Мағауияқызы өзінің еңбексүйгіштігі мен қоғамдық белсенділігімен ерекшеленіп, жай қатардағы мұғалімнен директордың тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі, одан соң оқу ісінің меңгерушісі қызметін адал атқарды.
Оқушының рухани өсуіне жағдай туғыза алатын, жаңалықтарды қабылдауға даяр, өз әрекетіне өзгеріс енгізе алатын педагогтар ғана бүгінгі қоғамның мүддесі мен талабын орындап келеді. Ойы жүйрік, ақылы жетік, бәсекеге қабілетті, өзгерістерге бейім жеке тұлғаны тек қана жаңа тұрпатты педагог қалыптастыра алады. Жаңа ғасыр бәсеке заманы, олай болса, кемелденген рухани-адамгершілікті тұлғалы шәкірттерді тәрбиелеп, білімі мен қажыр-қайратымен, үлгілі-өнегелі өмір жолымен «Ұстаз» деген атқа әбден лайықты қызмет етіп келе жатқан Саягүл Мағауияқызы жеткен жетістіктерінің өзі айтарлықтай.
Атап айтар болсақ:
- Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткен табыстары және оның гүлденуіне қосқан зор үлесі үшін Министр А.Аймағанбетовтен Құрмет Грамотасы;
- Білім басқармасының басшысы С.Жумадиловадан Алғыс хат;
- «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда және жас ұрпаққа саналы тәрбие беруде қосқан зор үлесі үшін аудандық Білім бөлімі басшысының Мадақтамасы;
- Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесіне орай Көкпекті аудандың ІІББ полиция подполковнигінің Алғыс хаты;
- Республикалық «Жылдың үздік 100 мұғалімі» жобасы бойынша Мадақтама;
- «Жылдың үздік мұғалімі» төсбелгісі
Осы бір жерден Саягүл Мағауияқызының шапағатын көріп, тәлімін алған шәкіртінің ыстық ықыласқа толы жазбасына кезек бергенді жөн көрдік:
«Жүрегі жып-жылы, жүзі жайдары ұстаз Саягүл Мағауияқызын ерекше құрмет тұтамын. Тумасы
нан дәл осынау ұстаздыққа жаратылған жан. Артық қимыл, іс-әрекет, сөзі жоқ. Сабақ беретін шәкірттерінің жан-жүрегін өзіне баурай жүреді. Кіммен қалай сөйлесу, әңгімеге тарту, білім әлеміне жетелеуді жақсы біледі. Сол үшін де Саягүлдей ұстазды барлық шәкірттері жақсы көреді. Лайықты құрметтейді. Кездесе қалса, жылы амандасып, жайын біліп тұрады. Бар мәнді ғұмырын ұстаздыққа ғана арнаған жанның мектеп қабырғасынан түлетіп ұшырған шәкірттері қаншама десеңізші?! Олардың бәрі Абай атамыз айтқандай: «Дүниеден кетігін тауып, қаланған бір-бір кірпіш» іспетті. Әр оқушыға ерекше көңіл бөліп, бар күшін терең білім беруге бағыттады. Қазіргі кезде шәкірттері қоғамның сан түрлі саласында еңбек етуде.
«Елдің дамуы оның білім беру жүйесі арқылы бағаланатын болады» деген Елбасының дана сөзі бар. Себебі әр мемлекеттің ең басты байлығы адам болса, сол адамды маман қылып шығаратын, шынықтыратын ол - мектеп. Сол себепті де Саягүл Мағауияқызына Қазақстанның болашағы үшін аянбай еңбек етіп, ел үмітін ақтайтын білікті, білімді жас маман дайындау жолында сіңірген еңбегі үшін алғысымыз шексіз. Осындай жандар еліміздің болашағына жарқын жол салып, келесі ұрпаққа өнеге болатынына кәміл сенемін.
Мамандық таңдау мен жар таңдаудан жаңылмаған Саягүл Мағауияқызы Тассайда өзінің өмірлік сыңарын да тапты. Ол 1982 жылдың тамыз айында Тассай ауылына беделді, тамырларын тереңге жайған Тлебалдиндер әулетіне келін болып түсті. Саягүл апайдың өмірлік жары Тлебалдин Серік Асырандыұлы туралы қысқаша тоқталып өтейін. Серік Асырандыұлы Көкпекті ауданы құқық саласының ардагері, зейнерткерлікке шықса да спортты жанына серік етіп келе жатқан азамат. Кө
кпекті ауданының спорт саласына қомақты үлес қосып, халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі «самбо» және «дзюдо» күресінің бірнеше дүркін жүлдегері. Қазіргі таңда Семей облысы, Көкпекті ауданы бойынша бильярд спортына, жүгіру жарысына, үстел теннисіне, шаңғы жарысына қатысып, бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттап, дені сау ұрпақ тәрбиелеуге зор үлесін қосып жүрген азамат.
Серіктей азаматымен отау құрған соң, өмірге 1983 жылы түңғыштары Құндыз дүниеге келді. Құндыздың соңынан дүниеге 1984 жылы Бұлбұл мен 1989 жылы Еркебұлан келіп, отбасылық өмірдің қызықты күндерін бастарынан кешті. Елге үлгі болған ерлі-зайыптылардың балалары да ата-анасының жолын қуып, өмірде өз жолдарын таба білді. 3 баладан немере сүйіп, бәйтеректей үлкен әулетке айналды. Өмірін ұстаздыққа арнаған жанның бар бақыты – шәкірттері, жылы ұясы - мектебі секілді. Әр күнгі жұмыс жанын жайландырып, көңілін өсіріп, арайлап атқан таңдарына жетелейтін тәрізді. Әсілі, ұстаз бақыты деген осы. Саягүл Мағауияқызы мектебінде жылы жүректі ұстаз, өз үйінде қолы шебер ана.
Үнемі айналасына шуақ шашып жүретін, жас ұрпаққа білім мен ізгіліктің дәнін сеуіп жүрген, ұстанымы бөлек, ұстаздық келбеті жарасқан Саягүл Мағауияқызын 60 жасқа толған мерейтойымен құттықтаймын. Өзіңіздің табандылығыңыздың, отансүйгіштігіңіздің, сауатыңыз бен жігеріңіздің арқасында талай биіктерді бағындырып келесіз, енді зейнет жасына ам
ан-есен жетуіңізге тілектеспін. Қуанышыңыз азаймасын қымбатты ұстаз дейміз шын көңілмен!» – дейді шәкірті Клара Қайыпжанқызы.
Иә, рухани-адамгершілік тәрбиедегі басты нысана. Себебі ұлттық құндылық адамды тәрбиелеудегі ең негізгі құрал болып саналады. Сондықтан да болар, бабаларымыз «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген. Яғни сол тәрбие арқылы оның болашағы биік болмақ. Ұрпақ жалғастығымен адамзат баласы мың жылдар жасап келеді, сәт сайын өзгеріп, өрлей дамыған саналы тірлік те үзілген емес. Адамзат еншісіне ғана тиісті сол тірлік дамуының бағбаншысы - жақсы тәрбие.
Бар саналы ғұмырын спортқа арнап, майталман шәкірттер дайындап жүрген Серікболсын Асырандинұлы мен өмірі өнегемен өрілген, нағыз құрметке лайық жан Саягүл Мағауияқының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!