Теміржол саласының ардагері, «Құрметті теміржолшы» төсбелгісі
«Еңбек ардагері», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері
Үздік теміржолшы
Ұғыбаев Жұбандық Балсәбиұлы 1948 жылдың мамыр айының 15 жұлдызында Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз станциясында дүниеге келді. Руы - 12 ата Байұлы Шеркеш-Жауғашты-Батырқожадан тараған ұрпақтардың жалғасы.
Беткейі сұлу өлкеде бақытты балалығын өткізген кейіпкеріміз асқар тау әкесі, теміржолшы Ұғыбаев Балсәби мен пен мейірім тамшысы таңғы шықтан да мөлдір анасы Ұғыбаева Сагираның махаббатына бөленіп өсті.
![]()
Өткенге көз жүгіртсек елдің шетіне жау тұлпарын басқызбаған атақты, білекті де жүректі батырлары, өнер мен мәдениеттің алғашқы баспалдағы болған атақты әншілер мен ақындардың жазбасы тиген құтты мекенде дүниеге келген кейіпкеріміз бала кезінен-ақ өзінің ерекше қабілетімен көзге түсті. Үлкеннің айтқанын екі еткізбей орындайтын тілалғышты, бала болса да тапсырылған істі аяғына дейін жеткізетін тиянақтылығы мен жауапкершілігі, жанындағыларды үйіріп алып кететін ұйымдастырушылық қабілеті сол кездің өзінде-ақ болашағынан үлкен үміт күттіретін бала екенін білдірді.
Армандарға жөн сілтеп, азамат болып қалыптасу жолында серік болатын білім ордасының табалдырығын 1955 жылы Сағыз теміржол №490 орта мектебінде аттап, мектеп бағдарламасын меңгеруде қатарластырының алды болды.
Мектепті тәмамдап шыққан соң, Ташкент қаласының теміржол институтын
![]()
бітірген Ұғыбаев Жұбандық өзінің еңбек жолын 1971 жылы Сағыз стансасындағы вагондарды техникалық бақылау пунктінде (ТБП) вагон жөндеу ұстасы болып бастайды. Одан әрі сол мекемеде вагон қараушы, аға вагон қараушы, вагон шебері болып жұмыс істеп, сол жерден 2011 жылы зейнеткерлікке шығады.
Ұғыбаев Жұбандық өзі қызмет еткен саласының жан-жақты маманы, ұжымымен тіл табысып, қойған міндеттерін абыроймен атқарып жүрген білікті басшы ретінде өзін таныта білумен қатар, өзіне жүктелген тапсырмаларды үлкен жауапкершілікпен атқарып, қызмет барысында ұйымдастырушылық қабілеті жоғары екенін сан мәрте ісімен дәлелдеді.
Иә, әрбір адамның жеке өмір жолы оның жасаған жасымен ғана емес, оның ақыл-ой, пайым-парасатымен, еліне еткен еңселі еңбегімен де бағаланады. Ұғыбаев Жұбандық өзінің жанына жақын еңбектің ортасында салмағы басым, қадірлі жан. Оның жан сарайы бай, сөйлесе кетсең жақсы сырлас, пікірлес бола алады. Сыртқы тұлғасына көзің тояды, нағыз иманжүзді,
![]()
мейірбанның өзі. Мәдениеті жоғары, елгезек мінезі өзіне құп жараса қалған. Барынша кішіпейіл, барлығын өзіне жақын тұтып тұрады. Ең бастысы жауапкершіліктің ауыр жүгін мойымай көтере білетін, тыңғылықты ісімен ел құрметіне бөленіп жүрген қарапайым, таза ниетті жан.
Айта кету керек, Ұғыбаев Жұбандықтың бойында жақсы қасиеттер өте көп. Соның ішіндегі адамгершілік, адалдық, әділдік, қайырымдылық, мейірімділік. Сонымен бірге ол басқаларды өзіндей көре біледі. Басқаның жетістігіне шексіз қуана алады. Өзгені қолдап, демеп отырады. Адам бойындағы адалдық пен шыншылдықты қатты бағалайды. Сондықтан да болар, өзінің жанына ізгі жандарды ғана жинай білді. Жақсы мен жаманды бетке айтатын тік мінезі де бар. Өзінің қызметі үшін ешкімге жағымпазданбайды, тек адал еңбегімен қызмет баспалдақтарына өз күшімен көтерілген азамат екенін көпшілік те жақсы біледі.
Өзінің мамандығын адаспай тапқан Ұғыбаев Жұбандық темір жол
![]()
саласының қай сатысында болмасын жоғары деңгейден көрініп жүрді. Ал басшылық орны оған екі есе жауапкершілікті жүктегені рас. Ол оны жан жүрегімен сезініп, адал әрі әділ қызмет атқаруға жетелей берді. Өзінің маңдай тер еңбегінің нәтижесін де көрді. Адам неғұрлым көңілді жүрсе, соғұрлым өз ісіне тиянақты болатынын жиі айтып отырады. Өз ортасын бірлікте ұстап, жеткен жетістіктерді көппен бөлісетін көпшіл азамат, расында өз саласының мықты маманы. Оның осындай тындырымды, тиянақты ісіне бірге жүрген ұжымдастары да қызыға қарайды. Оның жаны осы саламен үндесіп жатқанын сөзсіз байқайсың. Себебі ел сенімінен шығып, көптің ықылас-пейіліне бөленіп келеді. Еңбек еткен жылдары жүк және жолаушылар тасымалына, қозғалыс қауіпсіздігіне тікелей араласып, тәуелсіз отанымыздың көркеюіне үлес қосқаны үшін Жұбандық Ұғыбаев 1986 жылы «Ерен еңбегі үшін (За трудовую доблесть)» медалі және 1995 жылы «Құрметті теміржолшы» атағын иеленіп, 1996 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Осындай биік белестерден көрінуіне сеп болып отырған – оның өмірлік жары, Темір жол институтын бітірген соң, темір жол саласында еңбек еткен
![]()
Балапашева Анапия. Анапия анамыз 1950 жылы 16 наурызда дүниеге келген. Руы - Адай-Байымбет-Сарболат, "Күміс алқа" иегері. Бүгінде жары екеуі ұл-қыз тәрбилеп өсірді. Төрт ұлы мен екі қызы да әке жолын қуып, темір жол саласында қызмет етуде.
Үлкен ұлы Ұғыбаев Бауыржан 1973 жылғы, отбасында жары Аманғалиева Арайлым екеуінің екі ұлы, бір қызы бар. Ұлдары - Сағытжан мен Шапағат, қызы - Әсемгүл.
Екінші перзенті Ұғыбаев Өміржан 1975 жылғы, отбасында жары Мұханова Рита екеуінің Диас, Дамир есімді екі перзенті бар.
Үшінші перзенті Ұғыбаев Нұрлан 1976 жылғы, отбасында жары Қайымағанбетова Айнұр екеуінің екі ұл мен екі қыздың ата-анасы. Ұлдары - Сейітжан мен Сабыржан, қыздары - Айгүл мен Аружан.
Ұғыбаева Жаншат 1978 жылғы, отбасында жолдасы Аязбаев Оспан екеуі екі ұл мен бір қыз өсіріп отыр. Ұлдары - Мұқасан, Марғылан, қызы - Айша.
Ұғыбаева Нұршат 1978 жылғы, отбасында жолдасы Ахметов Нұржан екеуі Есенкелді, Бексұлтан, Ибрагим есімді үш ұлын тәрбиелеп өсіріп отыр.
Ал, үйдің кенжесі Балсабиев Бақытжан 1986 жылғы, отбасында жары Оракова Мәрзия екеуі екі ұл мен екі қыз тәрбиелеп отыр. Ұлдары - Парасат, Қанағат, қыздары - Перизат, Мөлдір.
Жұбандық әкеміз бен Анамия анамыз төрт ұлдан 13 немере, 5 шөбере, қыздарынан 5 жиен, 1 жиеншар сүйіп отырған бақытты отбасы, ұрпақтарының ортасында жапырағын жайған мәуелі бәйтерек.
Ықыласында ыстық мейірім, шапағатында шуақты нұр, азаматтық айбыны аласармаған, құм астында жатса да шірімейтін қанжардай, уақыт өте келе манаураған Алатаудай ұшар шыңы биіктеп келе жатқан Ұғыбаев Жұбандық сынды өз саласының білікті мамандары бары көңіл қуантады. Алла ісіне береке беріп, кейіпкеріміздің өмірі салихалы, пейілі ақ, дені сау болғай!
![]()
![]()
![]()
![]()