Өнегелі өмір
Мал шаруашылығы адамзатпен бірге жасап келе жатқан өміршең сала. Осы бір мал шаруашылығының тамырына қан жүгіртіп, төрт мезгілмен алмасып келетін табиғаттың тың мінезінен тұяқтыларды аман алып қалып, көлденең кездесетін түрлі аурулардың алдын алу үшін профилактикалық жұмыстар жүргізіп, халық тұтынатын заттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бір сала ол – ветеринария саласы. «Медицина - адамды, ветеринария – адамзатты емдейді» деп, ұлылар айтпақшы, біздің бүгінгі кейіпкеріміз де осы бір мал дәрігерлік саласында еңбек етіп, жас мамандарды даярлап, тәжірибелерін ұштастырған оқытушы, білікті маман - Қожахметов Сабетбек Сейдахметұлы.
Сабетбек Сейдахметұлы 1955 жылдың 21 шілдесінде Талдықорған облысы, Ақсу ауданы, Қаракөз ауылында дүниеге келді. 1972 жылы Қаракөз ауылының Қызылорақ орта мектебін бітірген соң, сол жылы Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институтының ветеринария факультетіне түседі.
![]()
«Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, берекенің басы болып отырған төрт түліктің ортасында өскен жас үшін оның балалық арманы да осы мал шаруашылығымен ұласты. 1977 жылы «Мал дәрігері» мамандығы бойынша институтты бітіріп шыққан Сабетбек Сейдахметұлының алғашқы еңбек жолы Қарағанды облысындағы Қарқаралы зоотехникалық малдәрігерлік техникумында оқытушылықпен басталды.
1988-1991 жылдары Мәскеуде К.И.Скрябин атындағы ветеринария академиясында педагогика факультетін бітіріп, жоғарғы санатты оқытушы атанып, 1990-2001 жылдар аралығында Талдықорған облысындағы Талдықорған зоотехникалық малдәрігерлік техникумында (экономика – технологиялық колледжінде) мұғалім, ветеринария бөлімінің меңгерушісі қызметінде болды.
Көкірек көзбен қараған адамға мал шаруашылығы – әлі толық зерттеліп үлгермеген, қағаз бетіне түспеген, тұнып тұрған ғылым. Түз тағысымен таласып отардағы қойды жаю, байдың ерке қызының қылығындай құбыла жөнелетін табиғаттың ауа-райын бақылауда ұстау, жыл мезгілдеріне сай күтіп-баптау, жануардың денсаулығын үнемі қадағалап тұру – үлкен елгезектікті, жауапкершілікті, еңбекқорлық пен шаруашылыққа деген махаббатты талап етеді. Сондықтан, тіршілік тірегіне айналған шаруашылықты меңгеру - қолына қамшысын ұстаған әр шопанның міндеті.
Бойында тектілігінің арқасында қиындыққа мойымай, қайраттана, еңбекке белсене араласқан Сабетбек Сейдахметұлы 2001 жылдың шілде айынан 2009 жылға дейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Алматы облыстық аумақтық баскармасында (инспекциясында) ветеринария бөлімінің бас маманы, ветеринария бөлімінің бастығы, Алматы облысының Бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторы, 2011-2018 жылдар аралығында Алматы облыстық ветеринария басқармасының бөлім бастығы, Алматы облыстық басқарма басшысы қызметтерін атқарып, зейнеткерлікке шықты.
Ендігі сөз кезегін еңбек жолын оқытушылықтан бастап, қызмет сатысымен өрлеп, басшылық қызметке көтеріліп, ауданның мал шаруашылығының, ветеринария саласының даму тарихында азаматтық қолтаңбасын қалдыра білген Сабетбек Сейдахметұлының өз сөзіне кезек берсек: «-Кәсіби мамандығым ветеринария дәрігері болғандықтан, салада атқарылған шараларды Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» заңын және заңнамалық нормативтік құқықтық кесімдерін басшылыққа алып жүргіздім.
Қызметті атқару барысында тарих еншісіне кеткен жылдар ішінде елімізде нарық экономикасының қарқынды дамуына байланысты халық денсаулығын қорғау мен мал өнімдерін тұтынудың ветеринариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарының туындауы, ветеринария қызметі мен бақылауды жүзеге асыру жұйесіне нақты өзгерістер енгізуді талап етуіне байланысты, дәстүрлі, жылдар бойы қалыптасқан ветеринариялық қызмет көрсетулердің әдіс-тәсілдері мен нысандарына түпкілікті өзгерістер мен жаңалықтар енгізіліп, облысымызда ветеринариялық қызмет көрсетулердің заманауи, реформаланған жүйесі қалыптасуына бар ынта жігерімізді, біліміміз бен біліктілігімізді және еңбектегі тәжірибемізді пайдаланып, өз үлесімізді қостық.
Жүргізілген реформалар нәтижесінде, ветеринариялық препараттарды қолдану, тасымалдау, аудан, қала орталықтарында уақытша сақтау және ветеринариялық сараптама жүргізу істеріне қызмет көрсетулер бәсекелестік ортаға беріліп, ветеринариялық қызмет көрсетулердің кәсіпкерлік саласының дамуына қол жеткіздік.
Нарық экономикасының талаптарына сәйкес, меншік нысандарының өзгеруіне байланысты аса қауіпті індеттерге қарсы жүргізілетін алдын алу шаралары Республикалық бюджеттік бағдарлама аясында жүргізілді.
Ветеринариялық алдын алу шараларын жүргізу ісі Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық қауіпсіздік және мал шаруашылығын дамыту департаменті айқындаған ветеринария ісін жүргізу саясатын жүзеге асыру жөніндегі стратегиялық жоспарлары негізінде ұйымдастырып, жүргізіп отырдық.
Мысал ретінде атап айтар болсақ, аса қауіпті індеттерге қарсы бюджеттік бағдарламалар аясында жүргізілетін алдын алу шаралары бұрынғы жылдары 33 ауруға қарсы жүргізілсе, соңғы жылдары еліміздің бүкіл әлемдік сауда ұйымына мүше болып кіруге дайындықтар жүргізуіне байланысты, өркениетті дамыған елдердің тәжірибелеріне сүйеніп, жануарларды эпизоотиялық ахуалды есепке ала отырып, кейбір індеттерге қарсы вакцинациялаудан бас тартып, жануарлар ауруларын ерте кезеңде анықтайтын жаңа әдіс тәсілдері мен заманауи технологияларын пайдаланып, жүргізу саясатын қолданысқа енгізуге байланысты 11 ауруға қарсы алдын алу шаралары бюджеттік бағдарлама аясында жүргізілді.
Соңғы жылдары ветеринария саласының басым бағыты жануарлардың сарып (бруцеллез) ауруымен күресу жұмысын жүргізу болды. Бруцеллез ауруымен күрес жүргізу ережесіне сәйкес, ауру ошақтарында сауықтыру шаралары белсенді түрде жүргізіліп, қатаң бақылауға алынды.
Тексеру нәтижесі бойынша аурудан қолайсыз пунктерде оң нәтиже көрсеткен мүйізді ірі қара малдары арнайы анықталған «Талсай Ет» өндірістік мекемесіне тапсырылып, ал оң нәтиже көрсеткен ұсақ мүйізді малдар республикалық бюджет есебінен жойылды. Облыс аумағын жануарлардың сарып ауруынан тазарту мақсатында жүргізілетін шараларды, жергілікті атқарушы органдарымен үйлестіріп жүргізу бағытында бір шама іс-әрекеттер жасалды. Соның нәтижесінде облыстық бюджеттен сарып ауруымен ауырған малдардың иелеріне өтем ақы төлеуге қажетті көлемде қаржы төленіп отырды. Әрине, осының бәрі өздігінен келмейді, қажырлы еңбек етіп, тұрақты талап ету бағытында нәтижелі жүргізу арқасында болады.
Қызметтерді атқару барысында қоғамдық жұмыстардан да құр алақан болған жоқпын. Атай кетсем, Бастауыш партия ұйымының хатшысы, Кәсіподақ ұйымының төрағасы, Аудандық комсомол комитетінің оперативтік комсомол дружинасын басқару, Қалалық атқару комитетінің мүшесі сияқты қоғамдық жұмыстарды белсенді түрде атқардық», - дей келе Сабетбек Сейдахметұлы басшылық еткен жылдары атқарған ауқымды істерді де тілге тиек етті: «-Ветеринария саласында лауазымдық міндеттерді атқару барысында мына төмендегі келесі мәселелерді жүзеге асыруға бар мүмкіндігім мен тәжірибемді пайдаланып, еңбек еттім. Саланың қордаланып келе жатқан басты мәселесі - кадр жетіспеушілігі болған. Облыс аумағында орта буынды мамандар дайындайтын оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, кәсіптік бағдарлау жұмысын ұдайы ұйымдастырып отырдық.
Жас мамандардың қызығушылығын арттыру мақсатында өндіріске ғылым мен техниканың соңғы жаңалықтары мен жетістіктерін енгізумен шұғылдандық.
Аталған шараны жұзеге асыру мақсатында Ұлттық Аграрлық Университеттің ветеринария факультетімен, Қазақстанның ветеринариялық ғылыми зерттеу институтымен, «Антиген» ғылыми өндірістік орталығының ғылыми қызметкерлерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, ғылыми практикалық жиындар, семинарларды өткізуді әдетке айналдырдық. Нәтижесінде мамандардың қызығушылығы артып, біліктіліктерінің жоғарылауына қол жеткізді.
Сонымен қатар, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының мүмкіндіктерін кеңінен пайдаландық. Бағдарлама аясында бөлінген қаржыға баспаналы болып, жер алып, несие берілді.
Кәсіби орта буынды мамандар кезінде жағдайлары болмай, басқа кәсіппен шұғылданып жүргендер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардың өз мамандығына оралуына жағдай жасадық.
Мамандарды тұрақтандыру және еңбекте жоғары көрсеткішке қол жеткізуге әсер еткен - ветеринария саласы материалдық техникалық жағдайын жақсарту болды.
2013 жылы республикалық бюджет есебінен 259 ветеринариялық пункті, 19 «Ветеринарлық станция» кәсіпорындары Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен тізбеге сәйкес құрал жабдықтармен, автокөліктермен толық қамтылды.
Облыс бюджеті есебінен, 259 ветеринариялық пункт мекемесінің ғимаратының салынуы жоспарланып, жартысы пайдалануға берілді, қалғаны салыну үстінде. Барлық елді мекендер мал сою алаңдарымен қамтылды».
Талай жылдық еңбектің жемісі де Сабетбек Сейдахметұлы атағы мен абыройын асқақтата түскендей болды. Қарап отырсаңыз, балалық шағы қиыншылыққа толы болып, тұрмыстың ащы дәмі мен зарын тартса да, еш мойымастан алға жүріп, қайраттана түскен кейіпкеріміз өз еңбегімен осындай зор құрмет пен беделге ие болды.
Иә, әрбір адамзаттың арманы жақсы өмір сүру. Жақсы өмір сүру дегенімізді әркім әрқалай түсінеді. Алайда солардың ең бастысы – жақсы ілім-білім алып, өзінің сүйікті ісімен айналысып, отбасын құрып, ұрпақ тәрбиелеу. Ортасына сыйлы болып, абырой биігінен көріну. Бұлардың барлығынан сатылап өткен Сабетбек Сейдахметұлы нағыз бақытты азаматтың өзі.
Нағыз қазақи, еңбекқор, тынымсыз тіршіліктен бір сәтке де қол үзбейтін, айналасына мейірімді, ешкімді де алаламайтын мінезі кімді де болса баурап алады. Ол ортасына сыйлы болып, халықтың құрметіне өзінің адал қызметінің арқасында ие болған жан. Қызмет барысында өзін жан-жақты дамыта отырып, барлық істерде белсенділік танытып, абырой биігіне көтерілді. Өмірдің тынымсыз тіршілігі жолында талай жақсы мен жайсаңды жолықтырды, олармен ақыреттік дос-жар болды.
Сабетбек Сейдахметұлы еңбек еткен жылдары адал еңбегінің бағасы ретінде марапаттарға ие болды. Мерейін үстем еткен жетістіктерге көз жүгіртсек: Білім беру жүйесіне қосқан үлесі үшін «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі» атағы;
Еңбек ету барысында Қазақстан Республикасының конституциялық негіздерін дамыту мен қалыптастыруға қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан Конституциясының 20 жылдық мерекесіне орай» мерекелік медалі;
Қазақстан Республикасының мемлекеттілігін қалыптастыруға, егемендігін нығайтуға және әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан үшін «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі;
Бірнеше мәрте Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Алғыс хаттары мен Құрмет Грамоталары;
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық инспекция комитетінің Алғыс хаттары мен Құрмет Грамоталары;
Облыстық білім беру, ауыл шаруашылығы басқармаларының Алматы облысы әкімінің Алғыс хаттары мен Құрмет Грамоталарымен марапатталды.
Еңбегі елдің несібесін молайтып, есімі көпке танылған Сабетбек Сейдахметұлы отбасында бақытта жар, ардықты әке. Қарағанды облысы, Қарқаралы қаласының тумасы, халықтық бақылау комитетінің инспекторы, сонымен қатар халық шаруашылығының әртүрлі салаларында экономист болып абыройлы қызмет атқарған, қазіргі таңдағы құрметті зейнеткер жары Қожахметова Тұрсынгүл Хамитқызы екеуі Қаракөз және Мадияр есімді перзенттерін тәрбиелеп өсірді.
Қызы Қаракөз экономика және денсаулық сақтау менеджменті мамандықтары бойынша жоғары білім иегері, мамандығы бойынша басшылық қызметтер атқаруда, соның ішінде мемлекеттік қызметте. Күйеу баласы Әутен өз мамандығы бойынша қызмет етуде.
Ұлы Мадияр жоғары білімді экономист, келіні Гүлмира мамандығы бойынша жемісті еңбек етуде.
Немерелерінің үлкені Әнел мен Алихан «Алтын белгі» иегерлері, Республикалық және Халықаралық олимпиадалардың, жарыстар мен байқаулардың жеңімпаздары. Әнел – Қазақ сәулет құрылыс академиясының 4 курс студенті, Қазақстан Республикасы Президенті стипендиясының иегері. Алихан – С.Д.Асфендияров атындағы Ұлттық Медициналық Университетінің 3 курс студенті, болашақ нейрохирург-дәрігер. Алина Алматыдағы «Әділет» колледжінде маркетинг саласын игерсе, Адина мектеп жасында, кенже немересі Азиза балабақша тәрбиеленушісі.
Ер азаматты кесімді сөзі, уәдесіне беріктігі, байсалды да салмақты мінезі биіктете түсері сөзсіз. Әңгімемізге арқау болған, сондай турашыл азаматтың бірегейі Сабетбек Сейдахметұлы ақыл-парасатымен, көпті көрген көрегенділігімен жан-жағына жағымды да сыйлы азамат, табиғатынан жүрегі мейірімге толы, бауырмал, қамқор жан. Көппен тез тіл табыса білетін, қарапайым қазақы тәрбие алып, өзінің дара қасиеттерімен көпке үлгі болып жүрген азамат.
Дұрыс сала таңдай білу адам өмірінде маңызды болып табылады. Сол үшін оған күш те, уақыт та жұмсалуы керек. Алтын уақыты мен сарқылмас күшін тиімді орындай білген ағамыздың еңбегі таусылмайтын азыққа айналды. Жүріп өткен әр жолы риясыз құрметке лайық Қожахметов Сабетбек Сейдахметұлы ағамыздың деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!