Өмірзақов Шамардан Сидағалиұлы

Рейтинг:

Ветеринария саласының ардагері, «Еңбек даңқы» және «Құрметті Ардагер» медальдарының иегері

Адал еңбек – ер мерейі

      «Ауыл үсті көк бұтақтаған, 
      Әрі таныс, әрі ыстық жақ маған. 
      Бейне бір мейірімді анаға ұқсас,
      Маңдайынан баласын бір қақпаған. 

      Құмартып биігінен күн қарайды, 
      Ескен жел мөлдір көлді бұралайды. 
      Осында ғой тірліктің думан-тойы, 
      Жер жаннаты дер едім бұл маңайды»
, - деп Марфуға Айтқожина жырламақшы, көшесінде балалығының ізі қалып, кіндік қаны тамған әрбір қазақтың бүйрегі бұрып тұратын киелі мекен ауыл ғой. Ырыс пен берекенің ұйытқысы, ынтымақ пен бірліктің бастауы да табыстың кілті де осы ауылда. Әрі ауылда бақыт пен береке, молшылық пен тоқшылық бар. Адамдардың кеңпейілділігі мен қонақжайлылығы, ауызбіршілігі мен ынтымағы да ауылдан табылады. Ұлттық құндылықтар дәріптелетін, салт-дәстүріміз сақталатын да осы ауыл деп білеміз. Сондықтан шаруашылықтың кең өріс алуы бүгінгі ауылда көрініс тауып отыр. Оған еңбекқор, ізденімпаз, ынталы тұрғындардың да септігі мол.
      Ауыл дегеніміз тек қана тіршілік көзі ғана емес, ол ұлтымыздың сан ғасырлық мәдениетінің сақталып қалатын бірден бір нүктесі де. Расында, ауыл дегеніміз ұлтымыздың бастау алар қайнар көзі. «Іс тетігін білікті маман шешеді» деген ұлағатты сөз бұрыннан бар. Бірақ, егіс алқабында таң атқаннан кеш батқанға дейін кім жұмыс істейді, төрт түлік малды кім бағады, техниканы кім жүргізеді?! Міне, ол – агроном, мал дәрігері, механизатор. Міне, біздің бүгінгі кейіпкеріміз туған өлкесінің тарихын да, халқының басынан өткерген қиын-қыстау кезеңдерін де жақсы білетін, Киров совхозының мал шаруашылығының өркендеуіне, өз үлесін қосқан, кісілік келбеті мен азаматтығы өз алдына бір бөлек әңгіме болатын Өмірзақов Шамардан Сидағалиұлы. 
      Шамардан Сидағалиұлы ауыл дегенде жаны бөлек азамат. Тіршіліктің басты көзі, ел экономикасының локомотиві болған ауыл өмірінен алыстап кетпей, еңбек етіп, елінің алғысын алып, абырой биігінен көріне білді. Өмірдің қандай сәтінде болмасын ол өзінің табиғи қалпын бұзбай, адамдық адалдық қасиеттерінен айнымай, уақыт талабымен қатарласып, ілесіп еңбек етумен келеді. Шамардан Сидағалиұлы өзінің үлкендік тағылымымен кішілерге үлгілі тұлға, ақыл-кеңесін, білгенімен бөлісетін парасатты азамат.
      Аталық сөзінде даналық тұнып тұрған Шамардан Сидағалиұлы 1957 жылдың 16 қарашасында бұрынғы Гурьев облысы, Теңіз ауданы, Кудряшов ауылында дүниеге келді. 
      Білім ордасының табалдырығын Зормата елді мекеніндегі Гвардеец бастауыш мектебінде аттаған Шамардан Сидағалиұлы өмірі өнегелі Салиев Қиса, Сисенов Мәулеш, Сағипа және Ұмсындық апайларынан тәлім алды. Ауыл шаруашылығы тіршілігінің тірегі болған сол жылдары кейіпкеріміз де ата-анасының қолғанаты бола жүріп, еңбек майданында адал жұмыстың кебісін киді. 
      Одан әрі білімін Сафон ауылындағы Ф.Энгельс мектебінде жалғастырған Шамардан Сидағалиұлы мектептен соң, Гурьев ауыл шаруашылық техникумына оқуға түсіп, «Техник-ветеринар» мамандығын алып шығады. Осылайша, ресми түрде өзінің алғашқы еңбек жолын Теңіз ауданының, Құрманғазы қой кеңшарында веттехник болып бастайды. 
      Тоқтаусыз жер жыртқан соқаның жүзі жайнап тұратыны секілді, адал еңбек ете білгеннің де мерейі үстем болатыны табиғатта талай мойындалған. Жас болса да қолынан іс келетін қабілетінің арқасында, мал дәрігерлік мамандығын еркіне көндіріп, алып кетті. Өзіне тапсырылған істі тек жұмыс деп қана қарап қоймай, үлкенді-кішілі болсын үлкен жауапкершілікпен атқаратын, әрдайым белсенді жүретін жас, «Киров» кеңшарына ауысып, ұзақ жылдар сол жерде мамандығы бойынша сиыр фермаларында еңбек етеді.
      2012 жылдан бастап Шамардан Сидағалиұлы аудандық ветстанция бөліміне жұмысқа ауысады. Осы жерде жүріп, аудан мал шаруашылығының өркендеуі, қиын жылдардағы мал басы санының кемуіне байланысты үздіксіз алдын алу шараларын жүргізе отырып, одан әрі сегіз жылдай Ақкөл ауылдық округінде ауылдың учаскелік мал дәрігері, әрі меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып, 2020 жылы құрмет демалысына шығады. 
      Қызмет барысында да адамдық қалпынан айнымай, жұмысшылармен «Сіз-біз» дескен, сыйластығы үзілмеген Шамардан Сидағалиұлы, қандай ортаға барса да еркін араласып кете береді, өзінің құрметі мен сыйластығының арқасында бүгінгі таңда барған жерден төр ұсынылады.
      Кейбір адам сөйлемесе де, жылы жүзі, мейірімділігі, ерекше көзқарасымен-ақ өзіне тартып, баурап, ерекше адалдықтың лебізін сездіріп тұрады. Шамардан Сидағалиұлы осындай адамдардың қатарына қоса аламыз. Әке тәрбиесі, ана тәлімімен бойына енген адал еңбек ету, кісінің ала жібін аттамау, ұжымдастарымен еркін араласып, олардың сөзі мен істеріне, таңдауларына құрметпен қарау, өзінің білгені мен түйгенін, тәжірибесін кейінгі жастарға үлгі етіп айту, бөлісу, оның ерекше ұмтылыспен атқаратын істерінің бірі. Балалығын соғыс ұрласа да қаймықпай, мерейін өсіретін еңбекке ерте араласып, ұжымдастары ортасында құрметке ие болған Шамардан Сидағалиұлы басынан небір ауыр кезеңдер өтсе де ол ешқашан қиындық атаулыға мойынсынған емес. Соның бәрі өзінің ақ адал еңбегінің арқасы деп біледі.
      Адал еңбек қашан да өз бағасын алады емес пе, мал шаруашылығының, оның ішінде ветеринарияның дамуына үлес қосқаны мен мінсіз қызметі үшін марапаттарға ие болды. Қызметтегі адалдығы үшін «Еңбек даңқы», «Құрметті Ардагер» және тағы басқа да мерекелік, мерейтойлық медальдарымен бірге, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы және Ауыл шаруашылығы министрлігі атынан Алғыс хаттары және Құрмет Грамоталырмен, ақшалай, бағалы сыйлықтармен бірнеше мәрте марапатталған. 
      Ағаш тамырымен берік болса, адам ұрпағымен мың жасайды. Еңбек ардагері Шамардан Сидағалиұлы, әулетінің әрін кіргізіп, шаңырағын шаттыққа бөлеген жары Сайфеденова Ләйла екеуі Есен, Бауыржан, Мейрамбек, Маржанкүл есімді ұл-қыз өсіріп, жетілдіріп, жоғарғы білім беріп, құтты орындарына қондырды. 
      Бүгінгі таңда Шамардан Сидағалиұлы жары Ләйла екеуі төрт әулеттің құда-құдағиы мен жеті немеренің, үш жиеннің ата-әжесі.
      Кім адал еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленсе, сол адамның өмірі ғибрат. Біз сөз еткен Шамардан Сидағалиұлы осындай абзал азамат. Ол кісі өзінің өнегеге толы ғұмырында тағдыр маңдайына жазған қиындықты да, бейнетті де бір кісідей кешудей-ақ кеше білді. Табиғат бойына дарытқан төзімділік пен қайсарлық арқасында шыңдалып, қиындықты жеңіп, алдына кесе көлденең тұрған бейнетті еңсеріпті.
      Ал, кімде-кім қиындықты жеңсе, бейнетті еңсерсе, ол адам өмірдің тәтті жемісін де татпақ. Тіпті, мұндай адамның өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі, ал күреске толы тағдыры болашаққа жазылған хаттай болмақшы.
      «Талбесік қалай тербелсе, талшыбық солай қиясаяды» деген, өзінің тағылым мен өнегеге толы өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалған, қиындық көрсе де табандылық таныта отырып жеңіп шығып, сабырлықты жанына серік еткен еңбек адамы Шамардан Сидағалиұлына ұзақ ғұмір тілеп, ұрпақтарының алдында, тура жолды көрсеткен тұсбағдар болып жүре беріңіз демекпіз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 января 2025 19:21
Баян
Роза - удивительная, позитивная, обоятельная женщина! По жизни ставит цель и смело идет к ней! Очень много мечтала...
18 января 2025 18:19
Жанболат
Анам туралы жазбаларыңа көп рахмет!!!...
16 декабря 2024 23:39
Роза
Менің Әкем.❤️Аллаға шүкір.Ата анам жүз жасасын!...