![]()
Ветеринария саласының үздігі
Көгендегі қозысын әдемі теңеуге алып, ойнақтаған лағын кенже қызының еркелігіне балап, жүйрік болар тұлпарын құлын күнінен құйрық-жалын шарт түйіп, мұрындықтағы аруанасынан береке іздеген аталарымыз шынайы әрі бақытты өмірдің болмысын, төрт түлігінсіз елестетпеген. Қаншама дәуір ауысып, жарықтың жылдамдығынан да тез хабар алып отырған бүгінгі таңда да осы бір Қамбар ата мен Шекшек атаның, Зеңгі баба мен Ойсыл қараның төлдері адамзаттың айнымас бөлігіне айналған. Десек те, шүйгінді жайылымның аясы тарылып, тұма бұлақтың көзіне «фильтр» орнатуға тура келген бүгінгі таңда төрт түлік те ерекше бапты, күтімді, уақытылы жем беру мен ветеринарлық инъекция, екпе салуды талап етеді.
![]()
«Мінсең – көлік, жесең – ас, кисең – киім». Осы бір сөздің астарында берекелі өмір менмұндалап жатыр. Ол – аталарымыздың негізгі тіршілік көзіне айналған, шұрайлы жайылым үшін төрт мезгіл көшіп-қонып жүрген – ұсақ мал мен мүйізді ірі-қарасы. Міне, осы бір жерде бізге көмекке келетін ол – ветеринарлық дәрігерлер. Адал ас, табиғи өнімді тұтынып, өз денсаулығымызға жақсы күтім беруді ойласақ, ветеринарларды да құрмет төріне көтере білуге тиіспіз. Сол кезде ғана елдің, халықтың, ертеңгі күні ұлттың денсаулығы мықты болмақ. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де мал дәрігері саласында қызмет етіп, ауыл шаруашылығының дамуына өзіндік үлесін қосқан абыройлы тұлға – Галиев Ибатолла Қуандықұлы.
Ибатолла Қуандықұлы 1954 жылдың 20 қыркүйегінде Атырау облысы (бұрынғы Гурьев облысы), Құрманғазы (Теңіз) ауданы, Мақаш (Мороской) ауылдық советіне қарасты ескі Көк –Арна елді мекенінде шаруа отбасында дүниеге келді. Шаңырақтың адалбақаны әкесі Қалиев Қуандық Қалиұлы мен мейірімінің жылуы оттан да ыстық анасы Қалиева Ақхана Баженқызы. Алдымен колхоздың малын, кейінен 1963 жылы құрылған «Коммунизм-жолы» совхозында сиыр малын бағып, малбегі атанған адамдар.
Көктемгі желмен жарысып ойнаған лақтан бастап, шудаларын шаң басқан ірі қарасының өркешіне дейін береке тұнған, ата кәсіптің айылы мен ноқтасы төл басынан түспеген берекелі мекенде балалығын өткізді.
![]()
Үйдің үлкені болғандықтан әке-шешесіне қолғабыс етіп, малдың қыр-сырын ерте жастан үйренген ол 1962-1972 жылдары К.Маркс атындағы қазақ орта мектебінде оқығанда, мектеп жанындағы жатақханада жүріп тәрбиеленді. Жүктің ауыры түйенің үлкеніне артылатыны секілді, отбасының ересегі болған соң ата-анасының жанында болумен қатар, көптеген жұмысты өзі істеуге тура келетін Ибатолла мектеп бітірісімен өндірісте қалып №2 трактор бригадасында тіркемеші болып еңбекке араласады. Бұлшық еті бұлтыл қағып ойнап тұрған, жанарындағы от жүректегі қайсарлығымен жалынға айналған жас тіршіліктің темір қамытын осылайша мойнына киіп кете барды. 1972 жылы күзде Атырау (Гурьев) қаласында Әскери комиссариат арқылы шоферлік курс бітіріп, ауылда жүргізуші болып орналасқан Ибатолла Қуандықұлы 1973-1975 жылдарда Кеңес Әскері қатарында Отан алдындағы борышын Свердовск облысында ішкі әскерде өтеп келіп, совхозда жүргізуші болып жұмысын жалғастырады. Жігіттік табаны өзге жердің шөбін басып, өмір тәжірибесіне өткен, оның үстіне өмірге деген көзқарасын тереңдете түсіп, қабілет-қарымын ұштаған жас алдына үлкен мақсаттар қойып, 1976 жылы Алматы қаласына барып АЗВИ институтының 9 айлық дайындық курсында оқып, 1982 жылы бітіріп шығады. Диплом алғаннан кейін жолдамамен Қарағанды облысына барып, Нұра ауданының Чкалов сиыр совхозында мал дәрігері болып орналасады.
![]()
«Малым – жанымның садағасы» деген қазақтың тұрмыс-тіршілігі төрт түлік малмен тікелей байланысты болғаны, дархан даланың төрінде қоралы қой, келелі түйе, үйір-үйір жылқы өргізіп, өнімдерін тұтынатын азық, киетін киім, мінетін көлік етіп пайдаланғаны белгілі. Сондықтан төрт түлік малдың қарасын көбейтуге барынша күш салды. Күтіп-баптауға, аман сақтауға асқан ұқыптылықпен, жоғары жауапкершілікпен қарады. Ең алдымен амандық-саулық сұрасқан атам қазақ «мал-жаның аман ба?» деп құшақ жайып көрісетінінен көп жайды аңғаруға болады. «Қарағай басын шортан шалған» зар замандарда, жұтқа ұрынған жылдарда да төрт түлік малдың тұяғын қайта тіктеп, тіршілік көзіне айналдырып отырды. «Қой ақсағымен мың» демекші, ауру-сырқау малға ем-дом жасауда да алдына жан салмаған, жетік білген. Міне, осындай төрт түліктің физиологиясын толық білген ветеринария саласы Ибатолла Қуандықұлының қолынан келген, еңбегінің еселеніп, құрмет төріне көтере білген мамандықтардың бірі болды.
1983 жылы отбасы жағдайына байланысты елге келіп Атырау (Гурьев) облысы, Құрманғазы (Теңіз) ауданында ветеринариялық станцияда мал дәрігері болып қызмет атқарып, 1984 жылы маусым айында Аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің жолдамасымен «Коммунизм жолы» совхозына ферма мал дәрігері болып ауысты. Міне, осы бір кездерде фермада 12 мың бас қой болды. Жылына 2 рет (күзгі, көктемгі) мал дәрігерлік сақтандыру жұмыстарын (вет.емдеу) бір өзі жасап, еңбек еткен кездері болды. Сол еңбегі бағаланып, 1985 жылы ауданда озат мал дәрігері атанды.
Кеңес үкіметі тұсында мал дәрігері деген мамандықтың айдарынан жел есіп тұрды. Республикамыздың мал шаруашылығына орасан зор шығын келтіріп, халқымыздың денсаулығына қауіп-қатер тигізіп отырған жұқпалы аурулар - бруцеллез және туберкулез. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында аталмыш аурулардан мал басы толығынан сауығуға жақындап қалғанда, кеңшарлардың ыдырап, ұсақ шаруашылықтардың пайда болуы мүмкін індеттердің алдын алу шараларын толыққанды түрде жүргізуге жол бермеді. Міне, сондай аласапыран уақытта осы саланың ығына жығылып, қиындықтарына қарсы тұрып, қиындықтан жеңілмеуге бел буған Ибатолла Қуандықұлы өзінің міндеттеріне адал қарап, ветеринарлық орталықтың үйлестірілген жұмысын ұйымдастыра білді.
![]()
Одан кейінгі 1992-2001 жылдарда совхозда жаңадан құрылған төртінші «Сардар баба» фермасының басқарушысы бола жүріп, 1995 жылы қозы алудан (әр 100 бас аналыққа 145 бас қозы) ауданда Озат ферма басқарушысы атағын жеңіп алды.
2001-2012 жылдарда жеке кәсіпкерлікпен айналыса бастаған Ибатолла Қуандықұлы 2012 жылдың наурыз айынан бастап күні бүгінге дейін «Коммунизм жолы» совхозының ізінде жаңаша құрылған «Мақаш» өндірістік кооперативіне мал шаруашылығы бөлімінің жетекшісі болып абыроймен қызмет атқарып, құрметті зейнет демалысына шықты.
Қазіргі күнде жұмыс жасап жүрсе де негізі зейнеткер. Ауылдың тыныс-тіршілігіне, қоғамдық жұмысына бір кісідей үлкені ретінде ат салысып келеді. Қазіргі күні ауылдың алқа биі, қоғамдық қауымдастық бірлестігінің төрағасы және 2014 жылдан бері ауылда кәсіпқой емес медиатор жұмыстарын қосып атқарып келе жатқан Ибатолла Қуандықұлының таңдаған мамандығы бойынша көп жылғы жасаған жұмысының жемісін көріп отырған жайы бар.
Еңбек еткен жылдары басшылық тарапынан көптеген алғыс хаттарға ие болып, дипломдармен марапатталды. Атап айтар болсақ: 2015 жылы «Ауданның озат мал дәрігері» атағы;
2016 жылы ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі;
2017-2018 жылдары Аудан әкімінің Алғыс хаты;
2019 жылы І дәрежелі «Еңбек даңқы » төсбелгісі;
2020 жылы Облыс әкімінің Алғыс хаты;
2021 жылы Облыс әкімінің Құрмет грамотасы.
Асылы, адам баласы екі нәрсеге: біріншісі – табиғатқа тартып туады, екіншісі – қоғамына тартып қалыптасады. Әрине, екеуінің де ұғымы кең, ұлағаты терең. Табиғат дегеніміз – әуелі адамның әке-шешесі, яғни өз жұрты мен нағашы жұрты содан соң туған жері, туған жыл, ай-күні, тіпті туған сағат-секунды. Ағайынды сегізді былай қойғанда, бірге туған егіздің өзінде едәуір айырма бар ғой. Біріншіден – туған әке-шеше, қос жұрт, туған жер, ауа-райы табиғатынан, жарық дүниеге келген уақыт айырмашылығынан. Екіншісі қоғамына қатысты дегеніміз – адамды отбасындағы таным-тәрбие, мектеп, ЖОО берген білім-білік, қоршаған ортадан көрген үлгі-өнеге, өсіріп-өндірген ел-жұрты, алған тәлім-тағылымы қалыптастырады.
![]()
Ибатолла Қуандықұлы өз саласының мықты маманы бола жүріп, отбасына да баса көңіл бөле білген азамат. Қайырымды, адамдармен қарым-қатынаста сыпайылықты сақтай білген ол ауылдастары мен жұмыстағы әріптестері арасында үлкен беделге ие. Ол ауылдастарына көмектесуден ешқашан бас тартқан емес. Қашанда көмек қажет ететін жандардың қолын бос қайтарған емес. Қолы қалт еткенде өзінің туған ауылын көркейтуге ат салысып, өлшеусіз үлес қосып, өзінің жанұясының да осындай жұмыстардың басы-қасында болуын қадағалайды.
Саналы ғұмырын ауыл шаруашылығының дамуы жолына арнаған айбарлы азамат, білікті мал дәрігері, құрметке лайықта тұлға Ибатолла Қуандықұлының жары Майдагүл Қабылқызы да 2013 жылы зейнеткерлікке шыққанша мал дәрігері болып жұмыс жасады. Бүгінгі таңда өсірген ұл-қыздары бір-бір отбасының бетке ұстар азаматтары.
- Үлкен ұлым Алмат орта білімді инженер техник мамандығын алған, одан Әлия атты немерем бар. Ал қызым Назым да жоғарғы білімді, финанс-есеп және аудит мамандығын алған. Кезінде облыстық кірістер департаментінде жұмыс жасады. Күйеу балам Әділбек екеуінен Мадияр, Рахим атты жиендерім бар. Ортаншы ұлым Ғазиз –жоғары білімді экология маманы. Келінім Зульфия – оқытушы. Екеуінен Нұрасыл, Әмина, Рауан, Раяна деген сүйкімді немерелерім бар.
![]()
Кіші ұлым Ербол – орта білімді, заңгер мамандығын алған. Келінім Гүлшархан балабақшада жұмыс жасайды. Екеуінен Гүлсезім, Нұрайым, Нұрдариям, Дінмұхамед атты тәтті немерелерім бар. Кіші ұлым Ерболмен бірге тұрамыз және ол әке жолын жалғастырып, «Галиев.Е.И» шаруа қожалығының жетекшісі атанып отыр, – деп алтын асықтай перзенттерін Жаратқанның сыйы деп білген Ибатолла Қуандықұлы әлі күнге де шаруашылықтан қолын үзген емес. Білгені мен тоқығанын өзінен кейінгі жас кәсіпкерлерге үйретіп келеді.
Мал шаруашылығы – қазақ елінің ата кәсібі. Міне, осы бір кәсіптің отын өшірмей, тоқырау жылдары кенжелеп қалған шаруашылықтың басын қайта қосып, олардың толыққанды өсіп жетіліп, адамзат игілігіне жарату жолында еңбек ете білген, зейнеткерліктің шапанын үстіне ілсе де, қариялықтың даналыққа толы ақылын жастардан аямаған Ибатолла Қуандықұлының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()
![]()