Сапарғалиев Байғұтты Сапарғалиұлы

Рейтинг:

Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, 
Батыс Қазақстан облысының Бөкей Ордасы ауданының «Искра» кеңшарының негізін қалаған тарихи тұлға, 
ірі кеңшарлардың басшысы, «Құрмет белгісі» орденінің иегері

Дала төсіндегі даңқты еңбек

      Кең даланың тынысына адал еңбегімен жан бітіріп, ел шаруасының күре тамырын дәл басқан, жұрт жадында іскер басшы, көреген ұйымдастырушы, қарапайым қалпынан жаңылмаған арда азамат ретінде сақталған Байғұтты Сапарғалиұлының есімі Батыс Қазақстан облысының Казталов, Бөкей Ордасы аудандарында зор құрметпен аталады. Тыңнан қоныс көтеріп, тұралаған тірліктің тамырына қан жүгірткен қажырлы қызметі туған өлке шежіресіне алтын әріппен жазылды. Ол туған жердің өркендеуіне бар күш-жігерін арнап, күрмеуі қиын шаруаның түйінін ақылмен тарқатып, елдік мүддені жеке бастың қамынан биік қойған қайраткер еді.
      Қай қызметтің тізгінін ұстаса да, істің көзін тауып, адам көңілінің кілтін аша білген, көпшіліктің сеніміне адалдықпен жауап берген парасат иесі – Байғұтты Сапарғалиев Кіші жүздің он екі ата Байұлының Алаша руының Қоңырбөрік бөлімінен тарайды.
      Әкесі Құлетұлы Сапарғали елге сыйлы, сөзіне жұрт тоқтайтын, сұсты жүзді, мінезі қатал болғанымен, балаларына мейірбан, ағайынға қамқор, әділдігімен ерекшеленген. Балалары «Бапа» деп, ауыл адамдары үлкен-кішісі оның атын атамай, сыйлап, «Бапа ақа» деп кеткен. Бапа ақа діни парызын өмірінің соңына дейін берік ұстанып, қандай қиын кезеңде де құлшылығын үзбеген, адалдығы мен имандылығын бәрінен биік қойған жан ретінде ел жадында қалды. Ал анасы Нұрғаным Досанқызы мейірімі мен парасат-пайымымен, адамгершілігімен, кең пейілімен елге «Әже» болған аяулы жан еді. Қариялардың адамгершілік, адалдық қасиеттері ағайын арасында ғана емес, ауыл-аймаққа үлгі, жылағанды жұбатқан, сүрінгенді сүйеген, ел арасын біріктірген темірқазық еді. Ел басына түскен қилы заманның қиындығына қарамай, өздері жоқшылық көріп отырса да, ағайынның арасын біріктіріп, балаларын тәрбиелеп өсіріп, келген қонағын сыйлап күтіп, ауылдың жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған жандар. Осындай өнегелі шаңырақта аға-апа, бауырларымен бірге тәлім алған Байғұтты Сапарғалиұлы жастайынан үлкенді құрметтеуді, ағайынға жанашыр, еңбекке адал болуды, тәртіп пен жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырды.
      Сапарғалиев Байғұтты Сапарғалиұлы 1926 жылы Батыс Қазақстан облысы Казталовка ауданының Кошанкөл ауылында дүниеге келді. Қарапайым ауыл тіршілігінің ортасында ата-ана қамқорлығында өсіп, мектепте сабаққа алғыр оқушы болды. Осы тірлікті ел басына түскен қасірет – 1941–1945 жылдардағы ІІ дүниежүзілік соғыс бұзды. Ер азамат ел қорғауға аттанғанда, тылдағы тірлік шал-шауқан, әйел, бала-шағаға қалды. Ауылдағы жұмыс күші азайып, шаруашылық қағаздарын жүргізетін тәжірибелі қызметкерлер жетіспеді. Бейбіт күнде де кейбір қызметкерлер есептерін бала Байғұттыға қайта есептетіп, тиянақтап алатын әдеттері болатын. Сын сағатта есепке жүйрік бала Байғұттының алғырлығы мен тиянақтылығы колхоз басшылығының назарын аудартты. Оны кеңсеге шақырып, есеп-қисап жүргізуге бағыттады. Іс қағаздарымен таныстырып, оның жазу-сызуын көрсетті. Жас Байғұтты жауапкершіліктен жалтармай, есепшілікті мойнына алып, үйреніп кетті. 1942 жылы небәрі он алты жасында Казталовка ауданының «Көсем» атындағы ұжымдық шаруашылықта есепші болып еңбек жолы басталды. Арнайы білімі болмаса да, есеп жүргізуді, іс қағаздарын рәсімдеуді, шаруашылық құжаттарын реттеуді өз бетімен меңгеруге кірісті. Әрбір санның артында ұжымның еңбегі мен ел несібесі тұрғанын терең түсініп, қағаздағы мәліметтің дәлдігіне ерекше мән берді. Кіріс пен шығысты есептеу, еңбек күнін тіркеу, мүлік пен өнім көлемін қағазға түсіру секілді жауапты жұмыстарды ыждағатпен игерді.
      Жас қызметкердің зеректігі, ұқыптылығы мен есепке жүйріктігі көп ұзамай ауыл үлкендерінің назарын аударды. Қолына алған істі аяқсыз қалдырмай, тапсырылған міндетті уақытында орындап, сенім үдесінен шығуға тырысты. 1944 жылы 18 жасқа келгенде ел қорғауға шақырылғанда, жас болғанмен, атқарып отырған жұмысының жауапкершілігі зор екенін ескерген аудан әкімшілігі Б. Сапарғалиевті бронмен ауылдың қызметтік жұмысына қалдыртты. Күн-түн демей, колхоз қызметінің есебін шығарып, тексеріп, мәліметтер мен ақпарлардың мезгілінде ауданға берілуін қамтамасыз етті. Бұл жұмыстар қазіргі уақытта айтуға, жазуға оңай болғанмен, ол кездегі тәртіп саясатында талай адамның ғұмыры сәл ғана қателіктен, дүдәмәл жауаптан темір тордың арғы жағына кетіп қалып жатты. Қызмет есепшілікпен шектелмеді. Оған жастар ұйымына жетекшілік жасау қоғамдық ісі қоса жүктелді. Жастар арасында тәртіп пен ұйымшылдықты нығайтып, еңбекке белсенді араласуға үндеді. Мәдени шаралар өткізуге, патриоттық бастамаларды жүзеге асыруға қатысуы оның ұйымдастырушылық қабілетін, елмен тіл табысу қасиетін, жауапкершілігі мен табандылығын одан әрі шыңдай түсті.
      Жастайынан ел ісіне араласып, есеп пен құжат жүргізудің қыр-сырын өз бетімен меңгерген Байғұтты Сапарғалиұлы уақыт өте келе ауыл шаруашылығы саласындағы күрделі міндеттердің тізгінін ұстайтын іскер азамат ретінде танылды. 1949 жылы «Молотов» колхозының басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды. Жиырма үш жасар азаматтың иығына тұтас шаруашылықтың жауапкершілігі жүктеліп, еңбек ұжымының тұрмыс-тіршілігін реттеу, өндірістік жоспарларды орындау, мал және егін шаруашылығын ұйымдастыру міндеттері тұрды. Жастық жалынмен, сенім салмағынан именбеген ол белді бекем буып, шаруаға кірісті. Таңның атысынан күннің батысына дейін жалғасып жататын колхоз тіршілігінің қырдағы малы мен малшысының, егіні мен диқанының жағдайын көз алдында ұстады. Қызметін кеңседе емес, еңбек адамдарының арасында жүріп, іс барысын көзімен көріп, көңіліне түйіп, мәселелердің шешімін тарқатты. Жоспардың орындалуына ғана емес, қарапайым халықтың тұрмысына, жұмысшылардың жағдайына және ұжымдағы ауызбіршілікке мән берді.
      1950 жылы ауыл шаруашылығында ұсақ колхоздарды біріктіріп, ірілендіру негізінде елді мекендердің шаруашылық құрылымы қайта жасақталды. Осы өзгерістерге байланысты 
      Байғұтты Сапарғалиұлы 1950–1954 жылдар аралығында Казталов ауданының «Көсем», «Большевик», «К. Маркс» колхоздарына партия ұйымының жетекшісі етіп жіберілді. Жиырманың ішіндегі жас жігіт ауылдарда қоғамдық жұмыстардың өркендеуіне, еңбек қатынастарына, мамандардың жауапкершілігін күшейтуге, шаруашылық пен халық арасындағы байланысты нығайтуға ұйытқы болды. Көптің тілегіне құлақ асып, әр бастаманы ел игілігіне бағыттады. 
      Қызметте жиналған тәжірибесіне кәсіби білімнің қажеттігі айқындалғанда, 1954 жылы Орал қаласындағы колхоз басшыларын даярлайтын оқуға жіберіліп, ауыл шаруашылығы экономикасы, өндірісті жоспарлау, мал өсірудің ғылыми негіздері, есеп жүргізу, кадр саясаты және ұжымдық басқару тәсілдері бойынша терең білім алды. Тәжірибесін теориялық біліммен ұштастырып, әр дәрістен пайдалы қорытынды шығаруға ұмтылды, кәсіби көкжиегін кеңейтті.
      1956 жылы оқуын аяқтап, елге оралған Б. Сапарғалиев аудан басшылығының ұйғарымымен «К. Маркс», кейін (1959 ж.) «Богатырев» колхоздарында басқарма төрағасының орынбасары әрі зоотехник болды. Мал шаруашылығын ғылыми негізде дамытуға, тұқым сапасын жақсартуға, жем-шөп қорын тиімді пайдалануға, төл алу көрсеткішін арттыруға бағытталған жоспарлы жұмыстардың мезгілінде жүргізіліп, орындалуын назарды ұстады. Ресей жеріне қоныс аударған қазақтарды атамекенге қайтаруға күш салуы да оның елдік мұратқа адалдығын көрсетті. Шетте жүрген ағайынмен хабарласып, Қазақстанға көшіп келуін қолдап, ұжымдасып жатқан шаруашылықтарға орналасуға жағдай жасады. Ол адамдардың тілін тауып, жігерін жанып, қабілетіне қарай еңбекке жұмылдырды. Кімнің қандай іске икемі барын зерделеп, тәжірибелі маманға күрделі міндет жүктеп, жас жұмысшыға бағыт-бағдар беріп, әрқайсысының бойындағы мүмкіндікті орнымен пайдаланды. Туған топыраққа оралған әр отбасының қуанышын ортақ мерейге балап, жаңа ортаға бейімделуіне жан-жақты жәрдемдесті. Бұл қызметтер оның кәсіби білімін жетілдіруге ықпал етті. 1962 жылы Саратов ауыл шаруашылығы институтының сырттай бөліміне оқуға түсті. Орыс тілінде жүрген оқу процестері қиындық туғызса да, ерік-жігерінің алғырлығымен шаруашылық жұмысын атқара жүріп, ғылыми негіздегі еңбектер мен ауыл шаруашылығының озық әдістерін меңгерді.
      Сол жылы «Сексенбаев» атындағы фермаға меңгеруші болып тағайындалды. Ұжымды басқаруда талап пен қамқорлықты қатар ұстанумен, қызметкердің қабілет-қарымын зерделеп, бірін мал күтіміне, екіншісін есеп жүргізуге, енді бірін ұйымдастыру ісіне бейімдеп, орнымен жұмсай білді. Тұрмыстық қиындыққа ұшыраған жанға қолдау көрсетіп, жас маманға ақыл-кеңесін айтып, тәжірибелі еңбеккердің пікірін құрметтеді. Еңбек адамының ынтасын көтеруге ерекше көңіл бөлді. Кемшілікті, мәселенің түп негізін анықтап, ұжыммен ақылдаса отырып, шешімін тапты. Осындай байыпты басшылықтың нәтижесінде ферма алдыңғы қатарлы, озық шаруашылыққа айналды. Еңбек пен оқуды қатар алып жүрген ол Саратов ауыл шаруашылығы институтын үздік дипломмен тәмамдады. Байғұтты Сапарғалиұлының білімге деген құштарлығы, қажырлы ізденісі және алға қойған мақсатының беріктігі оның азаматтық келбетін айқындай түсті. Терең білім мен мол тәжірибе ендігі кезекте ауқымды шаруашылықтың тізгінін ұстауға жол ашты. 1967 жылы Қазақ КСР ауыл шаруашылығы министрінің үкімімен Казталов ауданының жаңадан құрылатын «Искра» (қазіргі Бөкей Ордасы ауданының «Ұялы» ауылдық округі) кеңшарының директоры болып тағайындалды. Дайын ұжымды басқарып сыналған Байғұтты Сапарғалиев қолындағы «Осы жерде кеңшар болады, соны құратын директор сен» деген шешім мен маң далада жалғыз ғана тұрған байланыс бөлімі (УС) будкасынан басқа көзге ілінер нәрсе жоқ боз жусанды далаға келді. Оған кеңшарға жер таңдау, су көзін табу, өндіріс бағытын белгілеу, маман жинау, қоныс салу, тұрғын халық әкелу, техника, малмен және қажетті құрал-жабдықпен қамту, олардың бағылатын орындарын белгілеу, құрылыстар жүргізу, мектеп, т. б. әлеуметтік нысандар салу секілді сан-салалы жұмыстар мойнына жүктелді.
      Байғұтты Сапарғалиұлы белді бекем буып, тыңнан түрен салған қайраткер ретінде кеңшардың негізін қалауға кірісті. Ауданның табиғи ерекшелігін, жайылым жағдайын, су көздерін және қатынас жолдарын мұқият зерттеп, шаруашылықтың келешек бағытын нақтылады. Әр қадамын есеппен жасап, уақытша табысты емес, ұзақ мерзімді нәтижені көздеді.
      Кадр таңдаудағы іскерлігі «Искра» кеңшарын қалыптастыру кезеңінде айқын көрінді. Білікті мамандарды іске тартуда, жас қызметкерлерді тәрбиелеуде қабілет-қарымына басымдық берді. Ұжымды бір мақсатқа жұмылдырып, жаңа қоныста берекелі тіршілік қалыптастыруға жігерлендірді.
      Шаруашылыққа көшіп келген отбасылардың тұрмысын реттеу, баспана мәселесін шешу, мектеп пен мәдениет ошағын ашу, медициналық қызметті ұйымдастыру, ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында қыруар жұмыс атқарылды. Байғұтты Сапарғалиұлы ауылдың өркендеуін тек мал басының немесе өнім көлемінің артуымен байланыстырмай, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуды басты міндеттердің бірі санады.
      1967–1972 жылдары «Искра» кеңшарын басқарған Байғұтты Сапарғалиұлы аз уақыттың ішінде шаруашылықтың іргесін бекемдеп, өндірістік әлеуетін арттырды. Бос жатқан кеңістікке тіршілік нәрін дарытып, еңбеккерлердің басын біріктіріп, жаңа елді мекеннің экономикалық әрі әлеуметтік негізін қалады. Оның сауатты басқару саясаты, есепке жүйріктігі және кадрмен тиімді жұмыс істей білуі кеңшардың аудан көлеміндегі беделінің артуына айрықша ықпал етті.
      1972 жылы 10 наурызда Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен он екі ауданның бірі болып, Орал (БҚО) облысының Орда (қазіргі Бөкей Ордасы) ауданы қайта құрылды. Қайта құрылған ауданның басшылары тағайындалғанда Байғұтты Сапарғалиұлы Орда аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып бекітіледі. Қайта құрылған Орда ауданы «М. Мәметова», «Орда», «Бисен» және Казталовтың «Искра», Жаңақаланың «Құрманғазы» кеңшарларынан тұрды. Ауданның ауыл шаруашылығы басқармасы территориясы нақтыланған шаруашылықтардың басшыларын, маман кадрларын, жұмысшы-қызметкерлерін тағайындап, мал, егін шаруашылықтары мен қызметтік міндеттерді, жүктемелерді үйлестірді. Әр шаруашылықтың табиғи мүмкіндігі мен ішкі ахуалы сараланып, жергілікті ерекшеліктерге сай ұсыныстар әзірледі. Мал басы, жем-шөп қоры жоспарлары мен ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтамасыз ету өзекті мәселелер болды. Осы істерді ұйымдастыруда Б. Сапарғалиев мәселені алыстан болжайтын стратег, жұмысты тиімді жүргізетін тактик, қаржы-қаражатты жүйелі жарата білген экономист болды. Аудандық деңгейдегі бұл жауапты қызмет оның басқарушылық тәжірибесін толықтырды.
      1975–1978 жылдары ауданның ең қашық шаруашылығы «Құрманғазы» кеңшарына директор етіп жіберілген Б. Сапарғалиев қалыптасқан шаруашылықтың ішкі мүмкіндіктерін қайта саралап, өндірістің әлсіз тұсын анықтап, мамандармен ашық пікірлесіп, кемшілікті жасырмай, игі бастамаларды қолдап, жауапты қызметкерлерге нақты міндеттер жүктеді. Қараусыз қалған істі жүйеге келтіріп, өндірістің тынысын ашып, берекесі қашқан ұжымның басын қайта қосты. Тозығы жеткен шаруашылықты тәртіпке келтіріп, әлеуметтің әлеуетін жақсартуды бірінші кезекке қойды. Іске берік, есепке нық, көпшілікпен жұмыс жасай білген қабілет даралығын танытты.
      1978 жылы ауданның ең үлкен, тарихи оқиғалардың бесігі болған «Орда» кеңшарының директоры болып тағайындалып, ғұмырының соңғы күндеріне дейін осы шаруашылыққа басшылық етті. «Орда» кеңшары КСРО Қорғаныс министрлігінің әскери ракеталарды сынақ аймағы – «Капустин Яр» полигонымен шектесіп жатқан алып шаруашылық болатын. Кезінде аудан орталығы болған, атақ-даңқы алысқа кеткен Орданы басқару, оның тарихи мәртебесін аласартпай, шаруашылығын өрістету тәжірибелі Байғұттыға үлкен сын болды. Шаруашылықтың дені құмды өлке, ашықтар мен сорлы жерлер, мал қыстақтары мен жайылымдар, бөлімше орталықтары барыс-келіске айналма, қашық орналасқан. Шаруашылықты аралап танысқан директор қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығында еңбек еткен жандардың бейнетін терең түсініп, олардың тұрмыстық жағдайын жақсартуда алдымен малшы-шопандарға, механизаторларға еңселі, шатырлы үй салуды бірінші кезекке қойды. Полигонға байланысты ұзақ жылдар жер тамда тұрып, шаруашылықтың малын баққан малшы-шопандар: «Байғұтты келіп, жер бетіне шықтық қой», – деп, әлі күнге Байғұтты Сапарғалиевтің атына алғыстарын айтады. Кеңшардың № 4 бөлімшесі орталығының құрылыс нысандарын салуда құрылыс жүргізетін жігіттермен бірге далалық палаткаларда түнеп, бірге өріп, жаңа орынның алғашқы қазығын қадалғанына бас-көз болды. Барлық бөлімшелерде механизаторларға тұрғын үй салғызды.
      Шаруашылық мал өсіру ғана емес, егін егумен, мал азығын дайындаумен де айналысты. 1978 жыл нұрлы жыл болды, кеңшар егіні мол өнім берді. Егінді жинауға көмекке көрші кеңшарлар мен аудандардан техникасымен механизаторлар, автокөлік жүргізушілері келді. Бұл күш жетіспеген соң, егінді мерзімінде шығынсыз жинау үшін директор іргедегі әскерилермен келіссөз жүргізіп, олардың көліктерімен қырмандағы дәнді аудандағы қабылдау орталығына тасуды, одан темір жол арқылы үкіметке тапсыру жұмыстарын мақсатты, сауатты ұйымдастыра білді. Кеңшар орталығындағы ауруханаға кеңшардың есебінен керует, төсек-орын, қызметтік стол-орындықтар, асханалық құрал-жабдықтар алып берсе, ұзақ жылдар бойы ауданның күн тәртібінен түспей жүрген Орда поселкесінің орталығындағы музейге қосымша құрылыс салу мәселесін шешіп, ауылдағы мекемелерге де қамқорлығын жасады.
      Байғұтты Сапарғалиұлы үшін басшылық атақ пен мансаптың емес, халық алдындағы аманаттың көрінісі еді. Қай кеңшарда еңбек етсе де, елдің тұрмысын жақсартуды, ауылдың болашағын нығайтуды басты міндет санады.
      Биік лауазым мен үлкен жауапкершілік Байғұтты Сапарғалиұлының қарапайым болмысын өзгерте алмады. Ел ішінде бауырмал аға, шаңырағында қамқор әке, немерелеріне мейірбан ата болып, айналасына әрдайым жылуын төкті. Көмек сұраған жанды қабақ шытпай қарсы алып, қиналған адамға қол ұшын созып, ағайынның ауыртпалығын бірге көтеруге дайын тұрды. Үлкенге ізет көрсетіп, кішінің талабын қолдап, адамдық абыройды қызметтен жоғары қойды.
      Қазақтың әні мен күйін, шешендік сөзін, ғибратты әңгімесін жүрегіне жақын тұтқан Байғұтты Сапарғалиұлы ұлттық руханияттың терең тамырын қадірлеген жан еді. Халық даналығын орынды қолдануы, есті әңгімені әсерлі жеткізуі, әзілді өз орнымен айтуы дастарқан басының ажарын кіргізетін. Елге келген тарихи тұлғаларға, ақын-жазушыларға, зерттеуші-ғалымдарға құрмет көрсетіп, елді-жерді таныстырды. Осындай тынымсыз еңбек, демалыссыз жүріс денсаулығына жеткілікті көңіл бөлуге мүмкіндік бермеді. 1981 жылы Сапарғалиев Байғұтты Сапарғалиұлының еңбекке толы ғұмыры аяқталды. Дүниеден ерте өтсе де, тыңнан құрған шаруашылықтары, елге оралған ағайынға жасаған қамқорлығы, өркендеткен кеңшарлары, тәрбиелеген мамандары мен халық игілігіне арналған адал қызметі ел жадында мәңгі сақталды. Оның есімі маңдай термен қалыптасқан ауылдарда, бірге еңбек еткен азаматтардың естеліктерінде, әке аманатын қастерлеген ұрпағының жүрегінде әрдайым құрметпен аталады. Қазақы мінезі, қонақжай табиғи болмысы, жүзінен нұр төгіліп, сөйлеген сөзінен парасат есіп тұратын арда азаматтың жанында отырған жұрттың көңілі жадырап, рухани серпіліп қайтатын. Домбыра шертіп, халық әндерін айтатын. Құс атып, аңға шыққанды ұнататын қасиеттері азаматтың қарапайым келбетін аша түсетін.
      Көзінің тірісінде елге сіңірген қажырлы еңбегі лайықты бағаланып, Байғұтты Сапарғалиұлы халық қалаулысы болды, «Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше медальмен марапатталды.
      Оның бастамасымен іргесі қаланған «Искра» ауылы Байғұтты Сапарғалиұлының іскерлігі мен елжандылығының жарқын айғағына айналды. Кейін ауыл көшелерінің біріне оның есімінің берілуі – халықтың ардақты перзентіне көрсеткен зор құрметі.
      Жақсы адам туралы айтылған естеліктер әрдайым жүрекке жылы тиеді. Сондықтан Байғұтты Сапарғалиұлы жайлы балаларының жүрекжарды естеліктеріне де кезек беруді жөн көрдік.
      – «Біз әкемізді бала күнімізден «көке» деп атадық. Бұл атаудың төркіні де тереңде жатыр. Ата-әжеміз кезінде балаға зар болып, дүниеге келген перзенттерін тіл-көзден сақтауды ойлаған. Сол себепті әкемізді өз атымен атамай, «көке» деп еркелеткен. Кейін бұл атау бүкіл әулетке ортақ болып кетті.
      Әкеміз өте сабырлы, мейірімді жан еді. Дауыс көтеріп сөйлегенін көрген емеспіз. Біз үшін оның бір ауыз сөзі үлкен тәрбие болатын. Өнерді ерекше қастерлейтін. Үйде домбыра болатын, әкеміз көңілі сергек кезінде домбыра шерткенде, анамыз екеуі қосылып, халық әндерін айтатын. Анамыз да кітап, газет-журнал оқығанды жақсы көретін. Үйде кітапқа толы үш кітап шкафы болды. Анамыз шешендік сөздер мен тағылымды әңгімелерді орынды жерлерінде айтып, ел жадына салып отыратын. Әкеміз ел ісімен түзде жүргендіктен, шаңырақтың бар жұмысы мен тіршілігіне анамыз жауапты еді. Үй ішінің берекесін сақтау, бала тәрбиесі, ағайын-туыспен сыйластықты жалғау, қонақ күту, шаңырақтың күнделікті тірлігі барлық әйел адамдар сияқты анамыздың мойнындағы жауапты міндет еді.
      Ата-анамыздың сыйластықты, түсіністікті, берекелі шаңырағы біздерді еңбекке, адамгершілікке тәрбиеледі. Анамыз ел ісінің ауыр жүгін арқалаған отағасының шаңырағының берекесін сақтап, перзент тәрбиесіне бар ғұмырын арнаған жары, сенімді тірегі бола білді. Анамыз: «Менің көп оқу-тоқуым жоқ. Маған өмірдің өзі үйретті. Анадан ерте қалған, әкеден соғыс айырып, жетімдікпен өскен мен ата-ана мейірімін, қамқорлығын осы шаңыраққа келгенде көрдім», – деп, ата-әжені жылап отырып еске алатын. Соғыс жылдары кешқұрым өзеннен қамыс шауып әкеліп, мектепте от жағушы болдым, өгіз жегіп шөп те шаптым, қарауылшық та болдым. Көшім каналын қазуға қатынастым, содан Оралда бухгалтерлік курста оқыдым. Тұрмыс құрған кезде де әкелеріңнің қызмет бабымен көшіп-қонып жүргенде пішеншілерге нан пісірдім, бірде сатушы, бірде кітапханашы болдым. Қызмет таңдамадым», – дейтін. Анамыз ісмер болды. Жүн түтіп, құрақ құрап, төсек-орынды өзі жасап алатын. Киіз басатын, арқан есетін. Істері мінсіз болатын. Үй-іші тірлігіне қоса, мал ұстау, бақша салу, тері илеу, аң терілерінен бөріктер тігу, тоқу анамыздың көп қырларының бірі еді. Ән айтып, қара өлеңге суырып салма еді. Әзіл-қалжыңымен отырған ортаның сәніне айналатын. Қандай ауыр еңбек атқарса да, ешқашан шағым айтып, тағдырға налымайтын. Керісінше, айналасына үнемі көтеріңкі көңіл күй сыйлап жүретін. Сөзге мән беретін. «Сөздеріңе мұқият болыңдар, орынсыз сөз, орынсыз күлкі ұятқа қалдырады», – деп отыратын. Сөзге шебер еді. Тауып сөйлейтін. Орынсыз мінез-құлық көрсеткенді уытты сөзімен бірден сабасына түсіретін мінезі болатын. Отырыстың сәні, ортаның адамы болды. Жоғары білімі болмаса да, өмір мектебінен көп тәлім алған, дүние танымы кең, көпшіл, қонақжай, қазан-ошағы оттан түспейтін еді. Ауыл адамдары: «Бұл кісінің шайы тез қайнайды», – деп, оның қонақжайлығы мен кеңпейілдігін әрдайым құрметпен еске алады», – дейді.
      Ата-анасы балаларының жақсы оқуын, өмірде білімді маман болуын қалады. Қазіргі таңда ұрпақтарының барлығы білім алып, әрқайсысы абыройлы еңбек еткен бір-бір шаңырақ иесі. Олар бүгінде үлкен әулетке айналып, немере мен шөбере сүйген ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келеді. Адалдық, еңбекқорлық, адамгершілік болмыстары бүгінгі ұрпағының өмірлік ұстанымына айналды.
      Байғұтты Сапарғалиұлының маңдай термен атқарған еңбегі, ел қамын жеген қайраткерлігі, адамға деген кең пейілі туған жердің рухани жадында мәңгілік сақталды. Адал еңбектің ақ туын биік ұстаған арда азаматтың есімі өзі іргесін қалаған, өркендеуіне үлес қосқан ауылдармен бірге жасай береді. Оның өнегелі ғұмыры кейінгі буынға елге қызмет етудің шынайы мәнін ұғындыратын тағылым болып қала бермек.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 июля 2026 13:54
Кульжами Есимхановна
Прочитала с большим уважением к человеку чье имя внесено в летопись золотой книги Казахстана, своему шефу, Кенжекыз...
12 июня 2026 14:28
Жаркын
Какая молодец, девушка из казахских степей Галина! Ее яркий творческий и целеустремленный, в то же время позитивный...
19 мая 2026 21:11
зангар
Азиз , мы кстати родственники, я внук Мыханова Санибека Акмырзаева, ты наверно его знаешь да?...