Барланов Дархан Мұратұлы

Рейтинг:

Жеке кәсіпкер, «HANBOL Invest Group» ЖШС құрылыс компаниясының және «Қорған СБ» ЖШС күзет компаниясының құрылтайшысы, композитор, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі

Адал еңбек – абырой биігі

      Қазақтың кең даласында, аспанмен тілдескен асқар таулар мен мөлдір бұлақтардың арасында бабалар даналығынан бастау алған еңбек пен өнердің сара жолы жатыр. Осы соқпақпен жүріп, ел іргесін бекемдеуге үлес қосқан, іскерлік пен шығармашылықты қатар ұштастырған азаматтарды халқымыз «хас шебер» деп ардақтайды. Солардың бірі – Барланов Дархан Мұратұлы.
      Ол – басқару саласының майталманы, бизнес әлемінің табысты тұлғасы әрі нәзік әуенімен жүректерді тербететін талантты композитор. Оның ғұмыры – жай ғана биікке ұмтылу емес, Абайдың «Еңбек етсең, емес пе?» деген қағидасы мен «Адам бол!» деген ұлы өсиетіне негізделген өнегелі белес.
      Әлемдік ойшылдардың тұжырымдары да бұл жолдың дұрыстығын растайды. Конфуций: «Адалдық – адамның ең биік қасиеті, ол мемлекетті де, жеке тұлғаны да құлдыратпайды», – десе, Аристотель: «Іскерлік – білім мен тәжірибенің үйлесімі», – деп түйіндеген. Дархан Мұратұлы осы екі құндылықтың тоғысында тұрғандай. Жауапты қызмет жолында ол қаржы мен құқықтың терең иірімдерін меңгеріп, елге қызмет етудің нақты үлгісін көрсетті. Өндірісте тек пайданы ғана көздемей, инфрақұрылымды дамытуға, туған өлкенің ажарын ашуға атсалысты. Ал музыка әлемінде «Ару Балқаш», «Жанұя», «Қазақ елі», «Айхай мектебім», «Сен» сынды туындылары арқылы ұлттық рух пен отансүйгіштік сезімді асқақтатты. Бұл – таза жүрек пен халқына деген шексіз махаббаттың жемісі.
      Әдебиет алыптары Мұхтар Әуезов, Мұқағали Мақатаев пен Қадыр Мырза Әлі жырлаған адамгершілік пен еңбекқорлық дәстүрін Дархан Мұратұлы лайықты жалғастырып келеді. Ол – құқық пен экономиканы ұштастырған маман, жобаларды сапалы жүзеге асыратын іскер басшы және ұлттық санаға үн қосатын өнер иесі. Оның өмір жолы – өскелең ұрпаққа «Білім мен қажырлы жұмыс биіктерге бастайды» деген айқын дәлел. Қарапайымдылықты сақтай отырып, ауқымды істерді атқаруы – әрбір азаматқа үлгі. Қоғамға пайда келтіру, ошақ берекесін сақтау және өнермен өрілу – кейіпкеріміздің болмысын айқындайтын негізгі бағыттар.
      Осы үш арнаның тоғысуы – заманауи Қазақстанның нағыз келбеті. Ел экономикасының өркендеуіне, мәдениеттің байытылуына қосқан үлесі орасан. Оның жетістіктері жеке басының ғана емес, тұтас мемлекеттің дамуына арналған. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген даналық оның өмірінен айқын көрінеді. Дархан Мұратұлы – еңбек пен өнердің жарқын символы. Оның жолы әлі де алда, ал өнегесі ұрпақтарға мұра болып қала бермек.
      Қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша адамның болмысы туған жерінің топырағынан, ата-анасының өнегесінен бастау алады. Сол сияқты, Барланов Дархан Мұратұлының өмірлік жолы да қарағандылық қара топырақтың құнарлылығымен, ұлы даланың кеңдігімен астасып жатыр. Ол 1976 жылы 13 ақпанда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Қызыларай ауылында дүниеге келді. Бұл ауыл – қазақтың қарапайым да қайсар тұрмысының, еңбекқорлығының символы секілді. Сол жердің аспаны ашық, жері құнарлы, адамдары адал болғандықтан, Дархан Мұратұлы да жастайынан сол қасиеттерді бойына сіңірді.
      Ол қарапайым ғана емес, тағдырдың талай сынынан өткен, тамыры терең, текті әулетте дүниеге келген еді. Бұл әулеттің әрбір буыны – бір-бір тарих, әрбір тағдыры – бір-бір дастан. Әңгіме арқауы – Барлан әулеті. Кезінде Барлан мен Ақтан атты екі ағайынды ел ішінде аты аңызға айналған жандар болған. Заманы тар, тұрмысы ауыр шақта олар байлардың малын айдап әкеліп, жоқ-жітікке таратып, бүтін бір ауылдың жанын сақтап қалған деседі. Ел аузында сақталған бір оқиғада, өздерінен қашып жүрген байлармен бетпе-бет келіп, оларды танымай, төрге шығарып, қымыз беріп, құрмет көрсеткені айтылады. Сонда әлгі адамдар: «Біз Барлан мен Ақтаннан қашып жүрміз» дегенде, өздері іздеп жүрген адамдардың дәл алдында отырғандарын сезбей қалған екен. Осындай қайсарлық пен кеңдік – сол әулеттің қанына сіңген қасиет еді. Ақтан ата соғысқа аттанып, сол кеткеннен оралмай, ел есінде мәңгілікке қалды. Ал Барланнан тараған ұрпақтың ішінде жалғыз ұл – Мұрат еді. Оның иығына әулеттің аманаты, ұрпақтың жалғасы жүктелді.
      Мұраттың балалық шағы соғыс жылдарының ең ауыр кезеңімен тұспа-тұс келді. Бар болғаны он үш-он төрт жасында таңғы алтыда тұрып, жалаң аяқ еңбекке кетіп, кешкі он бірге дейін тынбай жұмыс істейтін. Диірменде жүріп, табанына тікен кіріп, жейтін асы қара нан ғана болса да, мойыған емес. Кейін ол сол күндерді: «Бұл соғыстың өзінен де қиын еді» деп еске алатын. Тағдырдың ауыр жүгін ерте көтерген бала кейін елге сыйлы азаматқа айналды. Ол ұзақ жылдар бойы бас есепші қызметін атқарып, қырық бес жылға жуық халық шаруашылығы саласында адал еңбек етті. Ешқашан дүние қуып, байлық жинамаған. Оның байлығы – адал аты мен өсірген ұрпағы еді. Осынау өнегелі ғұмыр кешкен Мұрат әкей 2018 жылы 90-нан асқан шағында дүниеден озды.
      Жары Бикен Қалиева да осал жан емес еді. Қырық жыл бойы сауда-саттық саласында еңбек етіп, өз ісінің нағыз білгірі атанды. Іскерлігімен, ұқыптылығымен, адамға деген ықыласымен ел құрметіне бөленді. Ол – шаңырақтың берекесі, отбасының ұйытқысы болды. Бұл отбасының ең үлкен қазынасы – балалары еді. Жеті ұл, бір қыз өсіріп, бәрін қатарға қосқан ата-ана үшін дүниенің бар байлығы солар болатын. Бірде үйге келген қонақтар: 
      – Мұрат аға, сіз бас есепшісіз, Бикен апай сатушы, бірақ құлағында бриллиант жоқ, үйіңізде қымбат жиһаз жоқ екен, – дегенде, Мұрат ақсақал еш ойланбастан:
      – Менің байлығым да, бақытым да – балаларым, – деп жауап берген екен. Бұл сөз – оның өмірлік ұстанымы еді. Бүгінде аяулы ана, әулеттің алтын діңгегі Бикен апайдың жасы 90-нан асып, аман-есен ортамызда отыр. Перзенттік парыз бен анаға деген құрметтің айқын үлгісі ретінде, 2023 жылы кенже ұлы Арнұр анасын қасиетті Меккеге апарып, үлкен қажылық парызын өтетіп қайтты.
      Осы берекелі шаңырақта 1976 жылдың 13 ақпанында Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, табиғаты көркем Қызыларай ауылында Дархан Мұратұлы дүниеге келді. Халық «екінші Швейцария» деп сүйсінетін бұл өлкенің сұлу табиғаты оның балалық шағына ерекше өң бергендей. Дархан – сегіз баланың ішіндегі жетіншісі: Өмірсерік, Гүлбақша, Жәует, Дәулет, Дулат, Ерлат, Дархан, Арнұр. Әрқайсысы бір-бір тағдыр, бір-бір тірек.
      Оның есімі де қызық жағдайда қойылған. Туған кезінде ел ішінде съезд өтіп жатқандықтан, сәби бір ай бойы «Съезд» аталып жүріпті. Кейін әкесі достарымен ақылдасып, тымаққа бірнеше есімді жазып, жеребе тартқанда «Дархан» деген ат бұйырып, сол есіммен елге танылды. Алайда оның өмірінің алғашқы кезеңі оңай болмады. Жеті-сегіз айлығында қатты ауырып, ауруханада екі ай жатып, хәл үстінде үйге шығарылған. Дәрігерлердің өзі үміт аз деген сәтте, ауылдың үлкендері «көз тиген» деп, ем-дом жасап, баланы аман алып қалған. Бір жарым жасқа дейін әлсіз болып, кеш жүрсе де, уақыт өте келе аяққа тұрып, қатарға қосылды. Бұл оның өмірге деген қайсарлығының алғашқы белгісі еді.
      Әке тәрбиесі мен ана мейірімі Дарханның бойына еңбекқорлық, адалдық, қарапайымдылық сияқты асыл қасиеттерді сіңірді. Ол өскен ортада дүние емес, адамгершілік биік тұрды. 
      Байлық – малмен емес, ұрпақпен өлшенді. Туыстық тамыр да кең еді. Бекболаттан тараған жеті қыз, үш ұл – әулеттің тағы бір үлкен бұтағы. Осылайша бір әулеттен тараған ұрпақ үлкен бір қауымға айналып, ел ішінде өз орнын тапты. Дархан Мұратұлының өмір жолы – тек бір адамның тағдыры емес, тұтас бір әулеттің, бір дәуірдің, бір ұрпақтың айнасы іспетті. Оның бойындағы қайсарлық – атасынан, еңбекқорлық – әкесінен, іскерлік – анасынан дарыған қасиет.
      Осындай өнегелі отбасында тәрбиеленген ол жастайынан еңбекқор, жауапкершілігі мол, адалдықты ту еткен азамат болып қалыптасты. Қазақ халқының ұлы ақындары айтқандай, «Ата-ананың тәрбиесі – баланың болашағының кілті». Дархан Мұратұлы осы кілтті дұрыс пайдаланып, өмірдің барлық белестерінде ата-анасының атын ардақтады. Әкесінің ұзақ жылғы мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі оған қаржы мен есеп саласындағы негізді берсе, анасының саудадағы іскерлігі кейінгі кәсіпкерлік жолындағы ұйымдастырушылық қабілетін шыңдады.
      Туған жері Қызыларайдың табиғаты да оның рухын қалыптастырды. Қарағандының кең даласы, Балқаш көлінің маңы – бәрі оның жүрегінде мәңгі сақталды. Кейін ол осы сезімді «Ару Балқаш» әніне айналдырып, туған өлкесіне деген махаббатын әуен арқылы бүкіл елге жеткізді. Міне, осындай қарапайым да құнарлы отбасында, туған жердің топырағында өсіп-өнген Дархан Мұратұлы кейін мемлекеттік қызметтің, кәсіпкерліктің және өнердің үш биігін бірдей бағындырған жан-жақты тұлғаға айналды. Оның өмірі – қазақтың «Жақсының өнегесі – ұрпаққа мұра» деген сөзінің айқын дәлелі.
      Қазақ халқының даналығында «Білім – байлықтың кілті, еңбек – сол байлықтың -негізі» деген сөз бар. Осы ұлы өсиетті бойына сіңірген Барланов Дархан Мұратұлы білім жолын да қарапайымнан бастап, үздіксіз ізденіспен жалғастырды. Оның оқу өмірі – қазақтың кең даласындағы мектептерден бастап, жоғары оқу орнының биік деңгейіне дейінгі ұзақ та мағыналы сапар.
      Дархан Мұратұлының өмір жолы – қарапайым ауыл тіршілігінен басталып, үлкен өмірдің сан тарау белестерінен өткен тағдырлы жол. Ол 1982 жылы әкесінің қызметіне байланысты Нарманбет (Партсъезд) ауылындағы қазақ орта мектебінің 1-сыныбына небәрі алты жасында қабылданды. Ол кезеңде балалардың көбі 7–8 жастан мектепке баратын, сондықтан оның ерте баруының өзі ерекшелік еді. Бұл – қайта құру дәуірінің балалары, өз сөзімен айтқанда, «мы дети перестройки» аталған буынның қалыптасу кезеңі болатын. 1974–1975–1976 жылдары туған ұрпақ елдегі өзгерістерді, соның ішінде 1986 жылғы көтерілістің лебін бала жүрегімен сезініп өсті.
      1983 жылы әкесінің жұмысы ауысып, отбасы Балқаш қаласына қарасты Шашубай (Озерный) кентіне қоныс аударды. Бұл елді мекен 1995 жылға дейін аудан орталығы болған. Әкесі Набережный көшесі 83-үйден баспана сатып алып, отбасы осы жерде тұрақтады. Дархан Мұратұлы 2–3 сыныптарды мектеп-интернатта оқыды. Ал 4-сыныптан бастап орталықтағы №7 мектепте білімін жалғастырып, 1992 жылы осы мектепті тәмамдады. Мектебі орыс-қазақ аралас болғанымен, ол жерде ұлтқа бөліну деген болмаған. Қазақ пен орыс балалары бауыр басып, бірге өсіп, шынайы достық орнатты. Қазақтың ортасында тәрбиеленген орыс ұлтты достарының да адамгершілігін ерекше жоғары бағалайды. Сол достық бүгінге дейін сақталып, бір-бірімен туғандай амандасып жүреді.
      Дархан Мұратұлының әкесі Мәдениет үйінде, кейін жанар-жағармай базасында бас есепші қызметін атқарды. Ол өз заманында беделі өте жоғары тұлға болды. Әкесі жиі: «Главный бухгалтер – это маленькая вышка» деп айтатын. Себебі ол кезде әкім де, басшы да бас есепшіге бағынышты еді – жалақы да, жанар-жағармай да, іссапар да соның қолында болатын. Әкесі тек жұмыста емес, мектепке де көп көмектесті. Мұғалімдер одан жиі: «автобус, машина берші» деп сұрайтын. Мінезі қаталдау болғанымен, Дархан Мұратұлын ерекше еркелетті. Ағалары ерте үйленіп, оқуға, әскерге кетіп, ол үйде кенже болып қалды.
      Жастайынан еңбекке араласып, 14 жасында әкесі оған қой союды үйретті. Ағалары көлік жүргізуді үйретсе, анасы сиыр саууға баулыды. Анасына деген ерекше ықыласпен оны әлі күнге дейін «мама» демей, еркелетіп «Марио» деп атайды. Әкесінен қорқып, барлық жұмысты бұлжытпай істеп жүрсе де, жастықтың қызығынан да құр қалмады. Сыныптастары оның үйіне жиі келетін, себебі әкесі үйге балалардың, қонақтардың келгенін ерекше жақсы көретін. Мектеп қабырғасында ол өнерге жақын болды. Домбыра мен гитара тартуды Қасымжанов Еркебұлан Болатбекұлынан үйренді. Еркебұланның әкесі Болатбек аға Қарағанды облысына белгілі әнші-сазгер болғанымен, өмірден ерте өткен. Сол кезеңде Дархан, Еркебұлан және Нұрғали (ДЕН) үшеуі АБК тобына еліктеп, шығармашылыққа бет бұрды.
      11-сыныпта Дархан Мұратұлы фото-видео түсірумен айналысып, тойларда ерекше танылды. Ол кезде мұндай қызмет сирек болғандықтан, жұрт оны «Қазақстан телевидениесінен келді» деп ойлайтын. Кейде тіпті тамаданың өзінен де асып түсетін. Мектепті бітірген соң, әкесі оны Қарағанды қаласына апарып, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығына түсірді. Бұл жолда әпкесі Гүлбақшаның көмегі зор болды. Университетте оқи жүріп, ол сырттай бөлімге ауысып, еңбек жолын ерте бастады.
      Алғашқы кәсіпкерлік қадамын жеке меншік базарда дүкен ашудан бастады. 19 жасында досы Димамен бірге Новосибирск қаласына барып, тауар әкеліп, сол кезде сирек кездесетін «Фунай» түрлі-түсті теледидары мен видеомагнитофон жеткізді. 1995 жылы, 19 жасында, әкесінің көмегімен Приозерный аудандық әкімшілігінің қаржы бөліміне бас экономист болып жұмысқа орналасты. Оны жұмысқа орналастырған әкесінің досы – жасы үлкен кәріс ұлтының өкілі Ким болатын. Сол кезде басшысы: «Сізден туған бала Мұрат Барланович жақсы маман болады» деп қуанып қарсы алған.
      Дархан Мұратұлы алғашқы жұмысын ерекше жақсы көрді. Бірақ 1997 жылы аудан жабылып, оны Ақтоғай ауданына ауыстырды. Бұл шешім оған ұнамады. Себебі Приозерныйда балық зауыты, балықшылар дайындайтын оқу орны, кеме жөндейтін училище, көп қабатты үйлер болған, ал Ақтоғай қарапайым ауыл еді – бір мектеп қаңырап бос қалған. 1997 жылы университетті аяқтап, сол жылы Қарағандыда заңгерлік білімін жалғастырды. Экономика мен құқықты қатар меңгеру – оның болашақтағы табысының негізіне айналды. Кейін 2016 жылы Астана қаласындағы «Тұран» университетінде «Дизайн» мамандығын да игерді.
      Аудан жабылған соң, Балқаш қаласынан 8 шақырым жерде орналасқан «Гортепловодоканал» кәсіпорнының абоненттік бөлімінде бас маман болып жұмыс істеді. Бұл жерде ол өзінің іскерлігін толық көрсетті: 40 қыз қолмен есеп жүргізіп отырған кезде, ол компьютер алдыртып, бағдарлама орнатып, программист шақырып, жаңа жүйе енгізді. Осылайша ұжымның жұмысын жеңілдетіп, жетекші бухгалтер деңгейіне көтерілді. Қызметкерлер оның еңбегін бағалап, тіпті орындарынан тұрып қол соққан. Алайда бұл қызметте де кедергілер болды – беделді қызмет болғандықтан, артынан қудалау басталып, орнына өз туыстарын отырғызуға тырысқандар табылды. Сол кезде досы Ардақ оны салық инспекциясына шақырып: «Бізге кел, керексің» деп жұмысқа ауыстырды. Өз сөзімен айтқанда, «дос деген жақсы ғой – алда да достар көмектеседі».
      Салық органында аға инспектор болып жүргенде де оны көре алмай, газетке жамандап жазғандар болды. Бірақ ештеңе істей алмады. Басшысы өте түсінікті адам болып, «жаза берсін, сен жұмысыңды істей бер» деп қолдау көрсетті. Тіпті облысқа ауыстыруды да ұсынған. Осы кезде оның студенттік досы хабарласып, Астанаға шақырды. Дархан Мұратұлы барлық ой-күйін айтып, ақыры 1999 жылы жалғыз өзі елордаға аттанды. Алғашында досының бір бөлмелі пәтерінде үш адам болып тұрды. Жасы ол кезде 22–23 шамасында еді.
      Кейін Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасында заңгер болып қызмет атқарды. Сонымен қатар демалыс күндері Дулат ағасымен бірге тойларда фото-видео түсіріп, осы арқылы Мадина Сәдуақасова, Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев және АБК тобымен танысты. Сол кезеңде алғашқылардың бірі болып ипотеканың пилоттық жобасына қатысып, Астананың қақ ортасынан екі бөлмелі пәтер алды. Ата-анасы қарсы болғанымен, бұл шешім өте дұрыс болды – жарты жылдың ішінде үй бағасы он есе өсіп кетті.
      Кейін Дулат ағасының көмегімен жұбайы Салтанатты Балқаш қаласындағы салық органынан Астанаға ауыстырып, сол кездегі басшы Таурбеков Ораз Қайсайұлының қабылдауымен жұмысқа орналастырды. Артынша әпкесі Гүлбақша да Астанаға көшіп келіп, бүгінде отбасылы болып, немере сүйіп отыр. Дархан Мұратұлы оған стоматология ашып беріп, кәсібін дамытты. 2002 жылы Алматы қаласына қоныс аударып, БҰҰ-ның (ООН) СИММИТ жобасында қаржы директоры қызметін атқарды. Осы жерде болашақ жары Маржан Кәріпбайқызымен танысты. 2006 жылдан бастап құрылыс саласына бет бұрып, кәсіпкерлікпен айналысты. «HANBOL Invest Group» компаниясының құрылтайшысы ретінде Алматы және басқа өңірлерде ірі нысандардың құрылысына жетекшілік етті. Оның қатарында APPORT MALL, Sputnik, RAMSTOR, Coca-Cola, Efes, Danone жобалары бар. Сонымен қатар «Қорған СБ» күзет компаниясының (2008 жылдан) құрылтайшысы, Әл-Фараби мектебінің қамқоршылық кеңесінің төрағасы, Композиторлар одағының мүшесі, «Алмалыбақ» футбол клубының негізін қалаушы, «Алатау» клубының мүшесі.
      Өнерде де өзін танытып, «Ару Балқаш», «Жанұя», «Қазақ елі», «Сен» әндерінің авторы атанды. Саясаттану тақырыптарында мақалалар жазды. Еңбегі еленіп, көптеген марапаттар мен алғыс хаттарға ие болды. Дархан Мұратұлының өмір жолы – еңбек пен білімнің, табандылық пен достықтың, өнер мен кәсіптің тоғысқан тағылымды жолы Дархан Мұратұлы 2002 жылы болашақ жары Кәріпбаева Маржан Рысқалиқызымен шаңырақ көтеріп, берекелі әрі сыйластыққа толы отбасын құрды. Бұл одақ – екі жүректің ғана емес, екі жанның ортақ мақсаттары мен құндылықтарының тоғысуы еді. Маржан Рысқалиқызымен бірге олар өмірдің барлық қиындықтары мен қуаныштарын бірге көтеріп, бір-біріне тірек болды. Оның Алматыға қоныс аударып, БҰҰ кеңсесінде жұмыс істеген кезіндегі таныстықтары кейін берік некелік байланысқа айналды. Бұл отбасы – қазақтың дәстүрлі құндылықтарын сақтай отырып, заманауи өмірдің ырғағына сай өмір сүретін үлгілі шаңырақ.
      Дархан Мұратұлы мен Маржан Рысқалиқызы – шаңырағы шаттыққа, жүрегі мейірімге толы, өнегелі отбасының тірегі. Бүгінде олар бір қыз, үш ұл тәрбиелеп отырған ардақты ата-ана. Балаларының әр қадамын қадағалап, саналы тәрбие мен сапалы білім беруді өмірлік мұрат еткен бұл жанұя үшін ұрпақ болашағы – ең асыл құндылық. Олар ұл-қыздарының бойына отансүйгіштік рухты, адамгершілік қасиетті, еңбекқорлық пен білімге деген құштарлықты сіңіруді басты парыз санайды. Осындай ізгі тәрбиенің жемісі де айқын.
      Үлкен қыздары – Барланова Ақмарал – отбасының мақтанышы. Мектепті «Алтын белгімен» тәмамдап, сәулет өнеріне деген ерекше қабілетін дәлелдей білді. КазГАСА-да «Сәулетші» мамандығы бойынша білім алып, Жапонияда оқуын жалғастырып, қызыл дипломмен аяқтады. Қазір ол білім көкжиегін кеңейтіп, Италияның Турин қаласында магистратурада оқып жүр. Ақмаралдың табандылығы мен таланты – ата-анасының тәрбиесінің жарқын көрінісі.
      Ал ұлдары – Барланов Жәнібек те әке үмітін ақтаған жас дарын. Ол да мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, бүгінде Халықаралық қаржы мамандығы бойынша бірінші курс студенті. Сонымен қатар, кәсіби футболшы ретінде де өз жолын нық қалыптастырып келеді.
      Бұл отбасы тек білім мен ғылым саласында ғана емес, өнер мен спортта да биік белестерді бағындырған. Қазақстанның өнер жұлдыздарынан құралған «Алатау футбол» клубының құрамында өнер мен спортты қатар алып жүрген олардың жетістіктері де айрықша. Мәскеу қаласында өткен, әлемнің 16 елінен жиналған халықаралық додада 2016 жылы өнер сайысынан І орын, ал 2017 жылы футболдан І орын иеленіп, ел мерейін асқақтатты. 
      Бұл отбасының әрбір жетістігі – ата-ананың адал еңбегі мен мейірімді жүрегінің нәтижесі. Дархан Мұратұлы мен Маржан Рысқалиқызы тәрбиелеп отырған ұрпақ – ел ертеңінің сенімді тірегі, болашақтың жарқын үміті.
      Отбасылық өмірінде Дархан Мұратұлы қарапайымдылық пен жылылықты сақтайды. Қанша қарбалас жұмыс болса да, ол үйіне оралғанда әкелік міндетін, жұбайлық парызын ұмытпайды. «Жанұя» әнін жазуы да кездейсоқ емес – бұл оның отбасын, үйдің жылуын, шаңырақтың берекесін жүрегімен сезініп, әуенге айналдырғанының айғағы. Отбасы ол үшін тек жеке бақыты емес, қоғамның кішірейтілген үлгісі. Сол себепті ол балаларына «Адам бол, еңбек ет, Отаныңды сүй» деген ұлы өсиетті үнемі ескертеді.
      Дархан Мұратұлының отбасы – мемлекеттік қызметкердің, табысты кәсіпкердің және талантты композитордың үйлесімді өмір сүруінің жарқын үлгісі. Ол жұбайымен бірге балаларына үлгі бола отырып, қазақтың дәстүрлі отбасылық құндылықтарын заманауи өмірмен ұштастыра білді. Бұл шаңырақта еңбек, білім, өнер және адамгершілік бір-бірімен тығыз байланысты. Міне, осындай берекелі отбасының арқасында Дархан Мұратұлы мемлекеттік саланың хас шебері, кәсіпкерліктің іскер тұлғасы және өнердің нәзік шебері ретінде биікке көтеріле алды.
      Дархан Мұратұлының өмірі – қазақтың «Еңбек еткен ердің аты өшпейді» деген даналығының, Абайдың «Адам бол!» өсиетінің және Мұқағалидың өнерге толы жүрегінің үйлесімді жалғасы. Ол мемлекетке адал қызмет етіп, кәсіпкерлікте елдің инфрақұрылымын көркейтті, өнерімен ұлттық рухты әуенге айналдырды, отбасына береке сыйлады. Міне, осындай жан-жақты тұлға – бүгінгі Қазақстанның нағыз мақтанышы.
      Дархан Мұратұлына денсаулықтың тауындай мықтылығын, отбасына шексіз береке мен бақытты, алдағы барлық жобаларына мол табыс пен жеңісті тілейміз! Сіздің еңбегіңіз бен өнеріңіз елдің дамуына әлі де көп үлес қосады деп сенеміз. Қазақ елінің өркендеуі жолындағы хас шеберліктеріңіз мәңгі жарқырап тұрсын!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 мая 2026 21:11
зангар
Азиз , мы кстати родственники, я внук Мыханова Санибека Акмырзаева, ты наверно его знаешь да?...
10 мая 2026 00:50
Санжар Косжанов
Вауу күшті шыққан. Үлкен естелік болатын болды....
10 мая 2026 00:27
Jazira
Менің атам бар жақсыға лайықтты. Рахмет сіздің арқаңыз өсіп өнгеніміз... ...