Қабдолда Қуат Солтанбекұлы

Рейтинг:

Білім беру саласының оқытушысы, Тарбағатай ауданының «Құрметті азаматы», «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің докторанты, ҚМДБ «Уақып» қоры директорының кеңесшісі

Имандылық пен ілім жолындағы ғұмыр

      Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтай отырып, діни танымды терең әрі дұрыс түсіндіру – аса маңызды міндеттердің бірі. Осындай жауапкершілікті арқалап, өмірін білім мен имандылық жолына арнаған жандардың тағдыры әрдайым құрметке лайық. Кейіпкеріміз исламтанушы, ұстаз, қоғам қайраткері Қабдолда Қуат Солтанбекұлының өмір жолы мен қызметі, ғылым мен ағартушылық жолындағы еңбегі, ел ішіндегі имамдық қызметі, жоғары білім беру саласындағы ұстаздық қыры, қайырымдылық және қоғамдық істерге қосқан үлесі көпке үлгі етерліктей. Себебі шынайы дін қызметкері тек уағыз айтушы емес, қоғаммен бірге тыныстап, заманауи мәселелерге байыппен жауап бере алатын парасат иесі. Иә, кейіпкердің ғұмыр жолы тынымсыз ізденістің, білімге деген адалдықтың, халықпен біте қайнасқан қызметтің көрінісі.
      Кей адамдардың өмір жолына қарасаң, бір ғана адамның тағдырын емес, тұтас бір қоғамның рухани ізденісін көргендей боласың. Ондай жандар өз заманының үнін жүрегімен тыңдап, халқының мұңын жанымен сезіп, білімін де, білігін де ел игілігіне арнаумен өтеді. Осындай тағылымды ғұмыр иелерінің бірі – Қабдолда Қуат Солтанбекұлы. Ол «Нұр-Мүбарак» университетінің докторанты, Тарбағатай ауданының құрметті азаматы. Бұл атақтар жай ғана лауазым емес, жылдар бойғы тынымсыз еңбектің, терең білімнің, ел сенімінің айғағы.
      Қуат Солтанбекұлы 1970 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келген. Тарбағатайдың қоңыр самалы, кең жазығы, қазыналы тарихы оның балалық шағына рухани нәр беріп, болашақта елге қызмет ететін азамат болып қалыптасуына негіз қалады.
      Әкесі – Солтанбек Қабдолдаұлы мен анасы – Нүрсила Түкібайқызы қарапайым әрі парасатты, елге сыйлы жандар болған. Ерінің жағасына кір келтірмей, балалары Гүлнар, Қайрат, Қуаттың тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, үй ішінің де, түз тіршілігінің де берекесін қатар ұстай білді. Қонақ келсе, қабағын шытпай қарсы алып, барын алдарына тосатын қазақы қонақжайлықтың үлгісін көрсететін.
      Есік алдында қаз-үйрегі қаңқылдап, қорасында малы жайылып жататын сол бір ауыл тіршілігі Қуаттың еңбекке жақын, қарапайым болмысын қалыптастырды. Анасының тынымсыз қимылы, отбасы үшін үнсіз атқарған қызметі – кейін оның әйел-ана қадірін терең түсінуіне, отбасы құндылығын бәрінен биік қоюына негіз болды.
      Өкінішке қарай, анасы өмірден ерте өтті. Бірақ оның мейірімі мен тәрбиесі балаларының бойында мәңгілік сақталып қалды. Қуат жастайынан имандылық пен ізгіліктің, еңбек пен жауапкершіліктің тәлімін бойына сіңіріп өсті. Қуат Солтанбекұлының имандылық жолына түсуі кездейсоқ таңдау емес, шаңырақтан басталған тағылымның заңды жалғасы еді. Оның ең алғашқы ұстазы – өз әкесі, марқұм Солтанбек Қабдолдаұлы болатын. Кеңес үкіметі тұсында дін атаулыға тыйым салынып, имандылықты ашық айтуға мүмкіндік болмаған кезеңде, әкесі балаларының жүрегіне сенім шырағын үнсіз жақты. Қуат пен ағасы Қайратты жанына отырғызып алып, білдіртпей ғана «Фатиха» сүресін үйрететін. Бұл жай ғана сүре жаттату емес, ұлттың үзілмей келе жатқан рухани жібін келесі буынға жалғау еді. Сол бір сыбырлап айтылған дұғалар, қарапайым ғана үй ішіндегі сабақтар Қуаттың жүрегінде өшпес із қалдырды.
      Сондай-ақ Қуаттың азамат болып қалыптасуына нағашы атасы Кәрім Түкібаев пен ол кісінің жұбайы Нүркамал Орынбасарқызының үлестері өте зор болды. зКимешегін киіп, совет өкіметі кезінде намазын қаза етпеген кіндік шешесі Рахима Дубайқызының ақ батасы да рухани жолға келуіне себеп болғаны анық.
      Мектепте оқып жүрген кезінде алғыр, талапты оқушы екенін көрсетіп, сынып жетекшісі Жаңылхан Исбаеваның пәні бойынша облыстық, республикалық олимпиадаларға барады.
      Әкесі Солтанбек қажы 2017 жылы мамыр айында 87 жасында Қуатқа, балаларына батасын беріп өмірден өтті.
      Қуат Солтанбекұлы рухани жолда тек отбасынан ғана емес, ел ішіндегі қадірлі жандардан да тәлім алды. Ол Кеңесхан Ноғайбаевты өзіне ұстаз санайды. Ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс – құр сөзбен емес, жүрекпен жалғасатын ерекше сабақтастық. Осындай адамдардың өнегесі оны тереңірек ізденуге, дінді тек білім ретінде емес, аманат ретінде қабылдауға жетеледі. Бүгінде дайындалып жатқан «Тарбағатай молдалары» атты еңбек те – сол өңірден шыққан діни қайраткерлердің, елге қызмет еткен имамдардың рухани шежіресін түгендеуге арналған игі бастама. Бұл жинақта Қуат Солтанбекұлының аты аталуы – оның осы сабақтастықтың лайықты жалғасы екенін білдіреді. Өйткені ол да өзіне дейінгілердің жолын жалғап, білгенін кейінгіге үйретіп келе жатқан тұлға. Осылайша, Қуаттың ғұмыр жолындағы имандылық дәні әке тәлімінен көктеп, ана мейірімімен нәр алып, ұстаздар өнегесімен биіктеп, елге қызмет еткен баянды бір арнаға айналды.
      1987 жылы Абай атындағы орта мектепті бітірген соң, азаматтық борышын өтеуге аттанып, 1988–1990 жылдар аралығында әскери қызмет атқарып қайтты. Әскер ер жігітті шыңдайтын үлкен мектеп десек, бұл кезең оның өмірге деген көзқарасын бекітіп, тәртіп пен табандылықты, жауапкершілік пен төзімділікті серік етуіне ықпал етті.
      Әскерден кейінгі өмір жолын ол рухани біліммен байланыстыруды таңдады. 
      1993–1994 жылдары Алматы қаласындағы ауған соғысы ардагері, философ, саясаткер Али қажы әл-Апшерони ашқан «Әл-Хабир» медресесін бітіріп, діни білімнің негізін терең игерді. 
      Медреседе белгілі ғұлама, Құран аудармашысы Халифа Алтай, Хайролла қажы ұстаз, Ертай қажы Балахметұлы, Талғат Қадырұлы, түркиялық ұстаздары ғалым Мехмедали Сула, Шыңғыс қажы Зуха батыр ұрпағы, Ахмет Йылмаз сынды ұстаздардан дәріс алды.
      Сол кездегі еліміздің ең алғашқы мүфтиі Ратбек қажы Нысанбайұлының алдында емтихан тапсырып, туған еліне имамдық қызметке тағайындалды.
      Марқұм Ратбек қажы: «Сен менің еліміздің шығысына еккен ең алғашқы бәйтерегімсің», – деп батасын берген еді.
      Расында да, сол бәйтерегіндей болып еліне, дініне адал қызмет етті.
      Ол оның имандылық жолындағы алғашқы іргелі баспалдағы еді. 1994–2001 жылдары Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында аудан имамы қызметін атқарды.
      Бұл жылдар ел ішіндегі рухани жұмыстың, халықпен етене араласудың, сенім мен жауапкершіліктің сыналар шағы болды. Дәл осы кезеңде ол ауыл, аудан халқымен бірлесе отырып «Байжігіт баба» мешітінің салынуына мұрындық болды. Тек ғимарат тұрғызу емес, елдің рухани ордасын қалыптастыру, жүректерге иман нұрын ұялату жолындағы өлшеусіз еңбек еді.
      Өмірінің ең сауапты да жауапты кездері Жұмаш Мамаев молда ата, Нұрмұхамбет Мамырбеков молда ата, Сләм Түсіпбекұлы ақын, молда аға, көмекші имамы Амангелді Жарасов, есепшісі Мәрия Құдайген қызымен бірлесе қызмет атқарғанын сағынышпен еске алады.
      1999 жылы «Байжігіт баба» мешіті ашылуында, сұңғылалықпен сөз сөйлеген қоғам қайраткері Қоғабаев Төлеухан ағамыз: «Қуат - ол тек ғана имам емес, ол діни қайраткер», – деп баға берген болатын.
      Жетпіс жылдан кейін тәуелсіздік алған кездері, үзіліп қалған қасиетті жолды жалғап, ең алғашқылардың бірі болып 1998 жылы Тойжан қажы Сүлейменқызы апасы екеуі үлкен қажылыққа барып қайтты.
      Тарбағатайда аудан имамы болып жүріп, Амангелді Жарасов, Болатбек Ноғайбаев, Талғат Нәбиев, Сәлімхан Асылғазин, Дәулет Қабидолдин, Ринат Назарбеков, Мирас Көкебаев сынды көптеген шәкірттерді оқып шығарды.
      Сондай-ақ, өзі күйеу болған отбасына рухани тәлім беріп, балдыздары марқұм Ержан имам Әметұлы мен Нұрболат Әметұлының дін жолына келулеріне себепші болды.
      Қазірде Нұрболат Мысырдағы әйгілі «Әл – Азхар» университетінің студенті.
      Білімге деген құштарлығы оны үлкен ғылым жолына бастады. 2001–2005 жылдары «Нұр-Мүбарак» университетінде бакалаврлық білім алып, діни ілімді академиялық деңгейде тереңдетті. 2005–2006 жылдары Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласындағы «Д.А.Қонаев» атындағы мешітте имамдық қызмет атқарып, түрлі ортадағы жамағатпен жұмыс істеудің тәжірибесін байытты.
      2007 жылы Каир қаласындағы «Нил» араб тілін үйрету орталығының толық курсын бітіріп, араб тілін кәсіби деңгейде меңгерді. Оның исламтану саласындағы ғылыми ізденістеріне кең жол ашқан маңызды кезең осы болды.
      2009–2011 жылдары «Нұр-Мүбарак» университетінің магистратура бөлімін бітіріп, білімін одан әрі тереңдетті. Ал 2011–2015 жылдар аралығында осы университеттің исламтану кафедрасында аға оқытушы қызметін атқарып, болашақ мамандарды тәрбиелеуге үлес қосты. Бұл кезеңде ол тек ұстаз ғана емес, рухани бағыт-бағдар беруші тәлімгер ретінде де танылды.
      Қуат Солтанбекұлы қоғамдық жұмыстардан да тыс қалған емес. 2007 жылы Алматы қаласында ашылған «Тарбағатай» имандылық қоры директорының орынбасары қызметін атқарып, ел игілігіне бағытталған рухани бастамаларға атсалысты. 2017 жылдан бастап «Харекет»  қайырымдылық қорының кеңесшісі ретінде әлеуметтік мәселелерге жанашырлық танытып келеді. Ал 2023 жылдан бастап ҚМДБ-ның «Уақып» қоры директорының кеңесшісі қызметін атқарып, уақып мәдениетін жаңғырту, қайырымдылық дәстүрін дамыту жолында еңбек етуде.
      Оның қызметі тек мешіт мінберімен немесе аудиториямен шектелмейді. 2016 жылы Шығыс Қазақстан облысы Дін істері бөлімінің тапсырысы бойынша экстремизмге қарсы жазылып, үлкен резонанс туғызған «Шырмауық» әлеуметтік спектакліне діни кеңесші болды. Ол жұмыс қоғамдағы күрделі мәселелерге дін тұрғысынан байыппен қараудың, ағартушылық жолмен алдын алудың жарқын мысалы.
      Қалам ұстау оның тағы бір қыры. Ол «Шариғат тағылымы туралы түсініктемелер» (1995), «Ежелгі және қазіргі Қазақстандағы уақыптар» (2006), «Қазақша мәуліт» (2016), «Даналық тамшысы» (2018) кітаптарының авторы. Бұл еңбектерінде ол дінді тек ғибадат шеңберінде емес, тарихпен, мәдениетпен, ұлттық дүниетаныммен сабақтастыра қарастырады.
      Сонымен қатар оның мақалалары әрдайым «Иман», «Шапағат» журналдарында, «Мұнара» газеттерінде, сондай-ақ «Muftiyat.kz», «Islam.kz», «Azan.kz», «Muslim.kz» сайттарында жарық көріп тұрады. Оның қоғаммен үздіксіз байланыста екенін, рухани-ағартушылық жұмысты ақпарат кеңістігінде де жүйелі жүргізіп келе жатқанын байқауға болады. 
      Қабдолда Қуат Солтанбекұлының ғұмыр жолы ілім мен имандылықтың, қызмет пен кісіліктің, сөз бен істің үйлесім тапқан өнегелі жолы. Ол мешіт мінберінде де, университет аудиториясында да, қоғамдық ортада да бір ғана мақсатқа қызмет етіп келе жатқан жан. Халықтың рухани санасын көтеру, дінді ізгілік пен парасаттың жолы ретінде түсіндіру.
      Мұндай азаматтардың еңбегі бір күннің, бір жылдың жемісі емес. Ол тұтас ғұмырдың, табанды ізденістің, шынайы ықыластың нәтижесі. Оның жүріп өткен жолы кейінгі буынға үлгі, елге қызмет етемін деген жас мамандарға бағдар.
      Имандылықтың нұрын жүрегіне ұялатқан, ілімнің шамын қолынан түсірмеген Қабдолда Қуат Солтанбекұлы бүгінгі қазақ қоғамындағы рухани тұғырын биік ұстап келе жатқан тұлғалардың бірі.
      Ғылыми еңбектері мен мақалалары арқылы ол діни білімді ана тілінде түсінікті жеткізуге күш салады. Яғни рухани мұраны сақтаудың ғана емес, оны замана талабына сай жаңғыртудың да маңызды қадамын көрсетіп отыр. Оның жазған дүниелері уақытша тақырыптарға емес, ұзақ мерзімдік рухани құндылықтарға негізделген.
      Өзінің елімізде ең алғашқы уақып саласында, отандық профессор Шамшадин Керім, мысырлық профессор, доктор Ато ас – Сынбати жетекшілері болып жазған еңбегі 2006 жылы «Ежелгі және қазіргі Қазақстандағы уақыптар» деген атпен кітапша болып шықты.
      Сол кітабында: «Содан бері уақып ісі – өмірімнің мақсатына айналды деп айтсам артық айтқаным болмас. Теориядан гөрі практикаға асырайық деп, тоқырау кезінде Алматыға көшкен жерлестермен бірлесе отырып «Тарбағатай» имандылық – қайырымдылық қорын ашып, біраз игі істерге де себепші болдық. Шариғатта уақып дегеніміз – белгілі бір мал-мүлікті көп мәрте  қайырымдылық жолында пайдалану үшін ұзақ мерзім жұмсамай ұстап тұру. Демек, ол – үзілмейтін садақа болып саналады. Қазіргі әлемде ислам уақып мал-мүліктері көптеген мұсылман мемлекеттерінде қоғамдық байлыққа айналып отыр.Қазақ жерінде де арғысы Ақсақ Темір «Уақыпнамасын» жазып қалдырған Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен бергісі мешіт-медреселеріміз болды.
      Құнанбай қажы бабамыздың Меккеде уақып етіп салған тәкиясы (қонақ үйі), барлығы да бұлтартпас дәлел бола алады. ҚМДБ жанынан ашылған «Уақып» қоры көптеген игі бастамаларға мұрындық болуда. Керек десеңіз уақыптың іргетасын қалап, ең алғашқы жұмыстарын жүргізуде. Дегенмен уақып пен зекеттің айырмашылығы бар екені белгілі. Өйткені зекет жылына бір рет жиналып, белгілі жерлерге таратылған соң, қызметі тоқтайды. Ал, уақып ол үздіксіз сауап пен жақсылықтың көзі», – дейді кейіпкеріміз.
      Осынау сан қырлы әрі жауапты қызметтердің бастауында кейіпкеріміздің кең пейілі мен үлкен жүрегі, сондай-ақ берік отбасылық тірегі тұрғаны ақиқат. Қуат Солтанбекұлы қиындығы мен қызығы қатар жүретін өмір жолында адал жары Айгүл Әметқызымен қол ұстасып, шаңырақтың берекесін кіргізіп келеді. Олар бүгінде ибалы екі қыз – Мәдина мен Фатиманы, еліне тұтқа болар екі ұл – Ғұбайдолла мен Мұстафаны қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай тәрбиелеп өсірді.
      Бүгінде ұл-қыздары – ата-ана үмітінің ақталған жемісі. Тұңғыштары Мәдина жары Алиханмен бірге шаңырақ көтеріп, бүлдіршін Алтынайды тәрбиелеп, әулеттің мерейін асыруда. Қызы Фатима ұстаздық жолды таңдап, ағылшын тілі маманы ретінде білім саласында қызмет етсе, ұлы Ғұбайдолла әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де білім алып, болашақ дизайнер ретінде өнер биігін бағындыруда. Ал кенже ұлы Мұстафа Алматыдағы Д.А. Қонаев атындағы заң колледжінде оқып, әділдік жолының іргетасын қалап жүр.
      Қуат Солтанбекұлы үшін отбасы – өміріндегі ең қасиетті, ең басты құндылық. Сыртқа имандылық пен ізгіліктің нәрін сепкен парасат иесі, өз шаңырағында да сол асыл тәрбиенің терең тамыр жаюына мұрындық болып отыр. Бұл – сөзі мен ісі үйлескен шынайы ұлтжанды азаматтың болмысын айқындайтын айна іспеттес.
      Отбасындағы тәрбиесі, қоғам алдындағы жауапкершілігі, ұстаздық жолы барлығы бір-бірімен үйлесім тапқан. Бұл үйлесім оның тұлғалық тұтастығын айқындайды. Осындай жандардың еңбегі арқылы рухани салада сабақтастық сақталып, сенім мен парасат қатар дамитыны ақиқат. Қай кезеңде болсын, ел ішінде сабырлы сөз айтып, сауатты бағыт көрсете алатын мамандарға сұраныс жоғары. Қабдолда Қуат Солтанбекұлы осы сенім үдесінен шығып жүрген азамат. Оның бүгінгі қалпы кейінгі толқынға тәжірибе, замандастарына серік боларлық өнеге.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

28 апреля 2026 06:55
Данияр
Есть дети Мадиниета? Свяжитесь пожалуйста 87085597802 я внук брата Кали....
13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...